﴿ وَلا تَكُونُوا مِنَ الْمُشْرِكِينَ (31) مِنَ الَّذِينَ فَرَّقُوا دِينَهُمْ وَكَانُوا شِيَعًا كُلُّ حِزْبٍ بِمَا لَدَيْهِمْ فَرِحُونَ ﴾
«Серік қосушы (мүшриктерден) болмаңдар. Олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі қолындағысына мәз болғандар» («әр-Рум» сүресі, 31-32 аяттар).
Ибн Кәсир (бұл аят туралы) былай деп айтты: “Бұл үммет те көптеген топтарға бөлінді. Олардың барлығы адасқан болып табылады, тек біреуінен басқасын санамағанда! Бұл – әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а! Олар Аллаһтың Кітабын және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін ұстанады. Олар сахабалардан болған алғашқы ұрпақ, олардың ізбасарлары және мұсылмандардың ерте және қазіргі замандағы имамдары ұстанғанды ұстанады. Әл-Хаким өзінің «Мустадрак» атты кітабында жеткізгендей, (бірде) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құтылған топ (фирқату-н-нәжийя) туралы сұрақ қойылды, сонда ол: «Олар – бүгінде мен және менің сахабаларым нені ұстансақ, соны ұстанушылар», - деп жауап берді” (Қз.: Ибн Кәсир «Тафсир», 3/572).
Әл-Хариса әл-Әш‘аридің (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Мен сендерге Аллаһ маған бұйырған бес нәрсені бұйырамын! Олар – (елбасшыға) құлақ асу және мойынсұну, жиһад, хижра (Аллаһ жолында қоныс аудару) және әл-жама`а. Ал кім әл-жама`адан (біртұтас үмметтен) бір қарыс болса да ауытқыса, сол өз мойнынан Исламның байлауын лақтырып тастағандай болады, тек кері қайтпаса ғана. Ал кім жәхилиет ұрандарымен үндеу салатын болса, сол Тозақта тізе бүгілген күйінде болады!» Сонда бір кісі: «Уа, Аллаһтың елшісі, тіпті ол намаз оқыған және ораза ұстаған болса да ма?!», - деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тіпті ол намаз оқыған және ораза ұстаған болса да! Сондықтан да сендерді мұсылмандар, мүминдер, Аллаһтың құлдары деп атаған Аллаһтың ұрандарымен үндеу салыңдар!», - деп жауап берді (Ахмад, 4/130, 202; әт-Тирмизи, 2864).
Бірде Ибн ‘Аббасқа (Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын): «Сен ‘Алидің дініндесің бе, әлде ‘Усманның ба?», - деп сұрақ қойылғанда, ол: «Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дініндемін», - деп жауап берді (әл-Ләләкаи «Шарх Усул әл-И‘тиқадта», 132-133; Абу Ну‘айм «әл-Хильйада», 1/298-299; Ибн Хазм «әл-Ихкамда», 4/328 жеткізген).
Ибн ул-Қаййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: “Жер қараңғылыққа түскеннен кейін және адамдар мен пайғамбарлық нұрдың арасында уақыт өткеннен кейін, адамдар өтірікті (ұстанып) топтар мен партияларға бөлінгенін біліңіз. Бұл топтарды оларды Жаратқаннан өзге ешкім жинақтап, санай алмайды! Адамдар пайғамбарлық нұрдан айырылып қалды да, өздерінің ақылын басшылыққа ала бастады. Әрі олар Аллаһ Тағала қудси хадисте олар туралы былай деп айтқан (адамдар) тәрізді: «Ақиқатында, мен құлдарымды (пенделерімді) бірқұдайшыл (ханиф) етіп жараттым, бірақ оларды діннен бұрып алып кету үшін оларға шайтандар келді. Мен оларға хәлал еткен нәрселерімді олар харам дей бастады және Мен ол туралы ешқандай дәлел түсірмеген нәрселерді Маған серік қосуды бұйырды». Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, Аллаһ жер тұрғындарының барлығына қарады да, Кітап иелерінен болған кейбір адамдардан басқаларын: арабтарды да, араб еместерді де жек көрді» (Муслим, 2865). Демек, бұдан Аллаһ Тағала өз ақылдарының жетегінде жүретіндердің барлығын жек көретіні, ал Оның жек көруінен тек уахиді ұстануды жалғастыратындар ғана құтылғаны келіп шығады. Олардың ақылдары (оларға) ешқандай пайда бермеді, өйткені олар пайғамбарлық нұрды жоғалтып, пұттарға, кресттерге, отқа, жұлдыз-ғаламшарларға, күнге және айға құлшылық ете бастады. Олар тек әбігер мен күмәндарға, сиқыршылыққа, Жаратушыны теріске шығаруға, күпірлікке т.с.с. нәрселерге ғана ие болды. Соның нәтижесі Раббының оларды жек көруі және олардан теріс бұрылуы болды. Ал содан соң Аллаһ Тағала елшіліктің күнін қайта сыйлап, оны осы қара түнектегі шам-шырақ етті! Бұл Аллаһ Тағаланың адамдардың ақылдарына, олардың жүректеріне, олардың осы өмірдегі әрі мәңгі (өмірдегі) тіршілігіне деген мәрхаметі. Адамдар ешқашан Оған осы мәрхаметі үшін лайықты шүкіршілік (алғыс) жасай алмайды. Міне, сол кезде адамдар пайғамбарлықтың нұры арқылы өз ақылдарымен көре алмаған нәрселерін көрді. Олар елшілік нұрының (жарығымен) өз пікірлері арқылы көре алмаған нәрселерге көз жеткізді. Аллаһ Тағала бұл туралы былай деді: «Аллаһ – иман келтіргендердің Қамқоршысы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа (нұрға) шығарады» («әл-Бақара» сүресі, 257-аят). (Ол) сондай-ақ (былай деп айтты): «Бұл (Құран) - адамдарды Аллаһтың рұқсатымен қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ Үстем әрі Мақтауға лайық (Аллаһтың) жолына шығаруың үшін, Біз саған түсірген бір Кітап» («Ибраһим» сүресі, 1-аят). Сондай-ақ (былай деп те): «Саған осылайша әмірімізден бір рух (Құран) уахи еттік. Сен Кітап не, Иман не екенін білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр етіп, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз» («әш-Шура» сүресі, 52-аят). Әрі (былай деп): «Өлі біреуді тірілтіп, оған адамдардың ішінде онымен жүретін жарық берсек, ол қараңғылықтарда қалып, одан шыға алмайтын біреуге тең болады ма?» («әл-Әнғам» сүресі, 122-аят).
Алғашқы буын нұрдың жарығымен жүрді әрі осы жарықты әуестік-құмарлықтардың желдері өшіре алмайтын. Жеке пікірлердің қараңғылықтары осы жарықты бұлдырата алмады. Олар келесі ұрпақтарға осы нұрдан ажырамауды өсиет етті. Оларға өздерінің жолынан ауытқымауды өсиет етті. Әрі сахабалардың өмір сүру кезеңінің соңында-ақ осы жарықтан бөлініп шыққан бидғатшылар (хауариждер, қадарилер, муржилер) пайда болды. Олар одан толық бөлініп кеткен жоқ, олар бұрынғыдай шариғи мәтіндерді ұлықтайтын, оларды дәлел ретінде алатын, олар өздерінің ақылдарын осы мәтіндерден жоғары қоймайтын. Алайда олар осы мәтіндерді түсінуде қателесті. Олар егер сахабалардың түсінуіне ілессек, соқыр ілесушілер (муқаллидтер) боламыз деп қорықты. Әрі осы бір заманды көріп үлгерген сахабалар оларды ашық айыптады, олардан бас тартты, олардың жолдарына (ілесуден) қатаң түрде ескертті. Сахабалар оларға сәлем бермейтін әрі олармен бірге жиналыстарда бас қосып отырмайтын. Бұл сахабалардың сөздері белгілі әрі Сүннет туралы кітаптарда келтіріледі. Олардың көптігі сонша – олардың барлығын осы жерде атап кету мүмкін емес.
Кейін, табиғиндер заманының соңында, жәһмилердің саны көбейе түсті, әрі солар уахиға өз пікірлерін қарсы қоюшылардың алғашқылары болды. Бірақ олар өте аз еді, олар қорланған болатын, әрі оларды ғалымдар сөгетін. Олардың алғашқы шейхы Маруан ибн Мухаммадқа ұстаздық етіп, адамдар арасында азғантай атаққа ие болған әл-Жә‘д ибн Дирхам еді. Сондықтан да Маруанды Маруан әл-Жә‘ди деп атайтын. Дәл соның себебімен Аллаһ Тағала Умайя әулетінен билік пен басқаруды алып қойып, оларды әртүрлі елдердерге шашып тастады. Әрі осының барлығы Аллаһ Тағаланың сипаттарын теріске шығарған осы «шейхтың» себебінен еді. Осы сенімдер танымал болған кезде Ирактың билеушісі Халид ибн ‘Абдуллаһ әл-Қасри әл-Жә‘д ибн Дирхамды өзіне алып келуді бұйырды да, оны ұстап алды. Сөйтіп, Құрбан Айт күні адамдарға құтпа айтып жатып, оны: «Уа, адамдар! Құрбандықтарыңды шала беріңдер, Аллаһ оларды қабыл етсін! Ал маған келер болсақ, мен әл-Жә‘д ибн Дирхамды құрбан шаламын! Өйткені ол: «Аллаһ Мусамен сөйлеспеді және Ибраһимді Өзінің сүйіктісі (халилі) етіп алмады», - деп айтты. Аллаһ Тағала әл-Жә‘д айтатын нәрселерден жоғары», - деген сөздермен аяқтады. Кейін ол мінберден түсіп, әл-Жә‘дты бауыздап тастады.
Артынша, көп ұзамай, бұл бидғат басылды да, (керексіз) лақтырылған тастар сияқты болып қалды. Адамдар біртұтас жамағатқа айналды. Барлығы Аллаһ Тағала көктердің үстінде, Өзінің Аршысының үстінде, Өз жаратылыстарынан бөлек деп айтып жүрді. Ол кемелдік және ұлылық сипаттарымен сипатталған дейтін. Барша: «Ол Өзінің құлы Мусамен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сөйлесті және тауға Өзін көрсетті, содан соң сол тау тозаңға айналды», - деп айтып жүрді.
Осылайша (хижраның) үшінші ғасырының басына дейін жалғасты, содан соң халифалыққа ‘Абдуллаһ әл-Ма’мун отырды. Ол түрлі ғылымдарды жақсы көретін, ал оның жиналыстары түрлі пәлсапалық көзқарастардың өкілдеріне толы болатын. Оны рационализмге, яғни ақылдың үстемдігіне деген махаббат билеп алды. Ол грек кітаптарын араб тіліне аударуды бұйырды. Оған әртүрлі елдерден аудармашылар келіп, сол кітаптарды араб тіліне аудара бастады. Адамдар осы кітаптармен қатты қызығып кетті, әсіресе, бұл (қызығушылық) осы билеушіге (ерекше) тән еді. Оның әкесі (Харун әр-Рашид) жәһмилерді қудалағанына, түрмелерге отырғызып, өлім жазасымен жазалағанына қарамастан, Ма’мунның мәжілістерінде жәһмилердің өкілдері басым болатын. Жәһмилер оның құлақтары мен жүрегін өздерінің бидғатымен толтыра бастады, ал ол солардың бидғаттарын керемет санап, қабылдап алды. Ол адамдарды осыған шақыра бастады, әрі (осыда) өзіне мойынсүнбағандарды жазалап отырды. Бірақ Ма’мун көп өмір сүрмеді, одан кейін халифа әл-Му‘тасым болды. Дәл сол имам Ахмад ибн Хәнбалді ұру туралы бұйрықтар беретін. Ма’муннан кейін осы бидғатты насихаттауды әл-Му‘тасым жалғастырды. Ал жәһмилер оны ол Раббыны ұқсатудан (тамсилден, ташбихтен, тажсимнен) пәктеумен айналысып жатқандығына сендірді. Олар оның мәжілістерінде басым болатын, солардың ішінен әртүрлі аймақтарда қазылар мен әкімдер тағайындалатын. Бірақ тіпті солардың өздері де шариғат мәтіндерінің күшін жоюға және ақылдың дәйектерін ең жоғарыға қоюға батылмайтын. Өйткені Исламда ол кезде әлі күш болатын, «хадис» ғылымы кең тараған еді, жер бетінде Сүннет имамдары басқаратын. (Бірақ) жәһмилер осыған жақындай бастады, әрі осы туралы сөз қозғайтын болды. Олар адамдарды қорқыту немесе марапаттау арқылы өз жағына тартып алатын. Адамдардың арасында олардың дағуатына соқыр түрде ілесіп кеткендері де болды. Сондай-ақ мойынсұнуға мәжбүр етілгендер де бар еді, алайда олардың жүректері иманда шайқалмастан тұрды.
Бірақ Аллаһ Тағала Оның дініне қолдау жасайтын адамдардың жүректерін нығайтты. Олардың жүректері жартастардан да берік және темірден де мықты болып шықты! Олар дінді қолдау үшін көтерілді, әрі Аллаһ Тағала оларды іздерінен мүминдер ілескен имамдардан етті. Олар сабыр етті және Аллаһ Тағаланың аяттарына кәміл сенді. Әрі дәл сабыр мен кәміл сенім арқылы адам діндегі имам болады. Аллаһ Тағала былай деді: «Әрі олар сабыр етіп, аяттарымызға нық сенген кезде, араларынан бұйрығымызбен тура жол көрсететін бастықтар жасадық» («әс-Сәжда» сүресі, 24-аят). Олар жәһмилердің қатты жәбірлеулеріне сабыр етті, бірақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін тастамады.
Кейін Аллаһ Тағала Өзінің мейірімімен осы бүлікті өшірді, ал жәһмилердің дағуаты сөнді. Аллаһ Тағала Сүннетке ұлы көмекпен көмектесті, әрі Сүннеттің жақтаушыларына жеңіс берді. Сүннетке шақыру тағы да мінберлерге көтерілді. Сүннетке барлық қалалар мен елді-мекендерде шақыратын болды. Сол кезде Сүннет туралы сансыз кітаптар жазылды, әрі олардың санын тек Аллаһ біледі.
Сосын бұл кезең (де) бітіп, оның өкілдері кетті. Олар Аллаһтың Кітабына және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне білімнің негізінде шақыратын ұрпақтар қалдырды. Қарсы тұруға күш болмаған (қауым) келгенше осылайша жалғасып тұрды. Ол қауым өздерінің ақылдары мен пікірлерін елшілер алып келген (уахиға) қарсы қойған нағыз Ібілістің әскерлері болатын. Олар – үстемдікті ақылға беруге шақыратын қарамилер, батынилер және атеисттер еді. Олар елшілердің ісі ақылға қайшы келеді деп айтатын болды! Олар осы көзқарастарын сөздерімен және істерімен тарататын болды. Олар ислам мен оның жақтаушыларына өте үлкен зиян тигізетін, халифтың әскерлерін талқандайтын, қажылық жасаушыларды өлтіретін, әрі тіпті Меккеге де жетіп үлгерді. Олар тіпті Қара тасты (хажару-л-әсуадты) орнынан алып тастады. Олардың жолының негізі – «Елшілер хабарлаған нәрселер ақылға қайшы келеді!», - деп айтуы еді! Ал егер ақыл (шариғи) мәтіндерге қайшы келсе, онда, олардың пікіріне сәйкес, басымдықты ақылға беру керек болады.
Дәл солардың кезінде кәпірлер шығыс пен батыстағы көптеген ислам елдерін басып алды. Әрі егер Аллаһ Тағаланың Ол жерді және оның бетіндегілерді мирас етіп алмайынша бұл дінді сақтайтындығы туралы уәдесі болмағанда, діннің діңгегі шайқалуға жетіп қалған еді. Артынша бұл ақылға сүйенушілердің дағуаты шығыста басылып қалды да, батыста күшейе түсті. Олар халифаттың батысындағы елдердің көбін басып алды, тіпті Мысырды басып алып, Каирде орнықты. Олар өздерінің дағуатын ашық түрде ешкімнен қорықпастан жария етті. Олардың замананында «Ихуану-с-Суфа», «әл-Ишарат», «әш-Шәфа» сияқты жолдаулар, Ибн Синаның (Авиценнаның) кітаптары жазылды.
Сүннет, ол туралы кітаптар, асарлар тәрк етілді. Адамдар Сүннетті тек жасырын түрде ғана ұстанатын. Сүннетті оқитын, оны есте сақтап алған, ол туралы жазатын адамдар өте үлкен қауіп-қатерде өмір сүрді, өйткені адасушылардың идеологиясының мәні олар ақылды уахидан абзал көргендігінде еді. Олар халифаттың батысындағы жерлерді, Мысырды, Шамды, Хижазды иеленіп алды, аз уақытқа Иракқа иелік етті. Әһлю-с-Сунна олардың арасында кәпірлер (зиммийлер) мұсылмандардың арасында өмір сүретініндей өмір сүрді. Мұның үстіне кәпірлерде (зиммийлерде) қауіпсіздік бар еді және оларға ешкім тиіспейтін. Әһлю-с-Сунна кәпірлердің ислам мемлекетіндегі кұқықтары туралы тіпті армандамайтын. Бұл адасқандар қаншама ғалымдардың басын шапты! Пайғамбарлардың қаншама мирасқорлары түрмелерде қаза тапты! Олар қанша Сүннетті жойып-құртты! Қаншама бидғаттарды таратты! Аллаһ Тағала Өз дінін Нуру-д-Дин және оның немере інісі Саләху-д-Дин арқылы құтқарғанға дейін осылайша жалғасып жатты. Ислам үмметі ауырған науқас-дертінен емделіп шықты. Аллаһ Тағала Өзінің құлдарынының және Өзінің әскерлерінің көмегімен Бәйт ул-Мақдисті крест тағушылардан құтқарды. Аллаһтың және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көмекшілері дінге көмектесе бастады. Исламның сөзі қайтадын үстем болды, ал шақырушы: «Уа, Аллаһтың көмекшілері, жиһадтан жалтарып қашпаңдар, өйткені ол Қиямет Күніне әзірленген үлкен азық қой», - деп жариялады.
Қараңғылық халифаттың шығысын қаптағанға дейін адамдар осы игілікте біраз уақыт өмір сүрді. Бұл қараңғылық пайғамбарлықтың нұры мен уахидің жарығын жаба бастады. Адамдар өз ақылдарына және өз пікірлеріне абзалдық бере бастады. Пәлсапа, логика және солармен байланысты нәрселер пайда болды. Сол кезде Аллаһ Тағала Өзінің ұлы күшке ие құлдарын жіберді де, олар елдерді жаншып өтіп, қалалар мен ауылдарда жүгенсіз бұзақылық жасады, әрі Ислам жойылуға шақ қалған болатын.
Осы (пәлсапашылар) тобының көшбасшысы, әрі өздері жүгінетін, және шейхтардың шейхы деп санайтын ғалымы күпірлік пен ширктің көмекшісі әт-Туси болатын. Оның кезінде ол сияқты өз ақылын уахиға қарсы қоятын ешкім жоқ еді. Ол уахи туралы ғылымды түгелімен жоюға ұмтылатын және пәлсапашылардың дағуатын жариялады. Ол пәлсапа қағидаларын сүрелер мен аяттардың орнына қойды.
Ол ислам ғалымдарын, Құран мен Сүннеттің адамдарын қылышпен жазалады. Ислам дағуатын жоюға үміттеніп, олардың азғантай бөлігінен басқа ешқайсысына рахымшылдық етпеді. Ол ислам оқу орындарын сиқыршыларға, астрологтарға, пәлсапашыларға, атеисттерге берді. Ол азанды жойып, мұсылмандарды солтүстік полюске қарай намаз оқытқысы келді. Әрі оған дінді қорғауды Өзіне жүктеген Аллаһ Тағала ғана кедергі жасады.
Дүниедегі кез-келген қасіреттің негізі, бұл туралы Мухаммад әш-Шахристани айтқанындай, ақылды уахиға қарсы қоюдан келіп шығады. Қасіреттің негізі өз көңіл қалауыңды шариғаттан абзал көруде. Әрі адамдар бұл қарсы қоюдың кесірлі жемістерін тіпті осы күнге дейін орып келуде. Әрі біз тек Аллаһқа ғана мұң-шерімізді айтып жүгінеміз және тек Одан ғана көмек сұраймыз!
Кейін Аллаһ Өзінің құлдарына қарады да, осы пәлсапашыларға қылыш пен найза арқылы шабуыл жасаған бірінші әскерін және білім мен дәлел арқылы шабуылдаған екінші әскерін жіберіп, Өзінің Кітабы мен дініне көмек көрсетті. Олардың ең көрнектілері хижраның сегізінші ғасырында алға шықты. Аллаһ Тағала Өзінің дініне көмек ретінде шейхул-Ислам Абул-‘Аббас ибн Тәймийяны берді (Аллаһ оның рухын сый-құрметке бөлесін). Ол өмір бойы қолымен, жүрегімен және тілімен соларға қарсы күресті. Ол адамдарға олардың адасушылықтарын әшкерелеп берді, адамдарға олардың өтіріктерін түсіндіріп берді, оларға сау ақылдың дәйектері мен шариғаттың сахих дәлелдерін қарсы қойды. Ол оларға олардың сөздері іс жүзінде ақылға қайшы келетінін нұсқады. Оларда уахи да, ақыл да жоқ еді. Ол олардың көзін өздерінің інінде құртты, ол бұл адамдарды олардың өздерінің оқ-жебелерімен атқылады. Ол оларға ақылдың дәйектері іс жүзінде Пайғамбарлар айтқан нәрселерді растайтынын түсіндірді. Бұл туралы оның кітаптарынан оқуға болады!” (Қз.: «әс-Сауа‘иқ әл-Мурсалә», 3/1068).
Ал хижраның XII ғасыры келгенде, Аллаһ Тағала бұл үмметке Пайғамбарлар шақырған нәрсеге шақыратын әл-мужадид болған имам Мухаммад ибн ‘Абд ул-Уаһһаб әт-Тамимиді жіберді. Ол, әсіресе, келесі мәселелерге жұмылды:
Біріншіден, Аллаһ Тағалаға құлшылық етуде Оны жалғыздау (таухид әл-улуһийя). Ол осы тақырып бойынша көптеген жолдаулар мен кітаптар жазды. Оның балалары, немерелері, шәкірттері осы шақырудың өрісін кеңейте түсті. Олардың кейбіреулері шейхтың бірқұдайшылық мәселелеріндегі кітаптарына түсіндірмелер (шархтар) жазды;
Екіншіден, ол шариғатта заңды етіп бекітілген тәуассул түрлерін растап, ойдан шығарылған тәуассул түрлеріне тыйым салды;
Үшіншіден, ол Аллаһқа құлшылық ету үшін үш мешіттен өзге қандай жерге болса да сапарға шығуға тыйым салатын. Әрине, бұл тыйымға білім талап ету үшін, сауда жасау үшін, тірі адамдарды зиярат ету үшін жасалатын сапарлар жатпайды;
Төртіншіден, ол қабірлерге құрылыстар соғуға, оларға шырақ қоюға, олардың басына жиналуға тыйым салатын. Әрі осының барлығына бізге сахих Сүннет пен мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарынан жеткен асарлар нұсқайды;
Бесіншіден, ол, бұл туралы аяттар мен хадистерде айтылатындай, Аллаһты Оның есімдері мен сипаттарына иман келтіру арқылы кемшіліктерден пәктеуге шақыратын. Ол (Аллаһтың) есімдері мен сипаттарын ұқсатпастан (тәшбих және тәмсил) және жоққа шығармастан (тә‘тыль) растауға шақыратын;
Алтыншыдан, ол құлшылық-ғибадаттағы, мәнһаждағы және дағуаттағы бидғаттарды айыптайтын;
Жетіншіден, ол ілім-білімді адамдарға қарай жақындатуға тырысатын. Ол адамдарды оқытатын, қарапайым халыққа арналған жолдаулар жазатын, оларға таухид пен ширкті түсіндіретін. Ол таухидке қайшы келетіндердің адасушылықтарын әшкерелейтін. Оның дағуаты тек таңдаулы адамдарға ғана арналмаған еді. Ол (Аллаһ оны рахым етсін) қарапайым адамдардың да имамы еді.
Аллаһ Тағала оған әмір Мухаммад ибн Са‘уд (Аллаһ оны рахым етсін) арқылы қолдау жасады, ол осы дағуатқа жауап берді және шейхты жақсы көріп қалды. Шейх үмметтің жағдайын түзеп, өз ісін жалғастыра берді, ал Мухаммад ибн Са‘уд ақиқатқа қарсы шыққандарға бағытталған қылышын алып жүрді. Шейхтың ісі жеңіске жетіп, дағуаты тарады. Оның дағуатының жемісі араб түбегінің орталығында ислам, мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарының жолын ұстанатын мемлекетінің пайда болуы болды. Бұл мемлекет жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаратын болды. Аллаһ Тағаланың шариғатының негізінде басқару (билік құру) қайта жанданды. Қазіргі заманда дүние жүзі бойынша тура осы мәнһажбен жүретін өзге бірде-бір ислам мемлекеті жоқ. Егер Аллаһ Тағаланың қалауы, содан соң осы осы мемлекет болмағанда, таухидтің көптеген жақтары мұсылмандардың жерлерінен жоқ болып кетер еді.
Шейх Салих ибн Фаузан (Аллаһ оған есендік берсін) былай деді:
─ Бұл ереже оған дейінгі ережені растайды. Бұл ереже мұсылмандар бір болу керек екендігі жайында. Мұсылмандардың діні тек олардың тұтастығының және бірлігінің үстінде құрыла алады.
Бұл ереже бөлінушілік пен біртұтас үметтен ауытқу тек жамандық әкелетініне және мұсылмандардың қатарын бұзатынына нұсқайды. Мұсылман адам өзінің жеке пікірін айтып, өз жолы мен мәнһажын жасап, біртұтас жама`адан ауытқымауы керек. Оның мәнһажы мұсылмандардың жама`асының мәнһажына сәйкес келуі қажет. Егер тіпті сізде қандай да бір пікір болса да, оны ішіңізде ұстаңыз әрі адамдарға айтпаңыз. Өзіңіздің жеке пікіріңізді тастап, мұсылмандардың біртұтас жамағаты ұстанған нәрсеге қайтыңыз.
Сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) тіпті өздерінің жеке пікірлері Құран мен Сүннетке негізделсе де, бірақ егер олар мұсылмандардың бөлінуіне алып келуі мүмкін болса, өздерінің жеке пікірлерін тастайтын. Мысалы, ұлы сахаба ‘Абдуллаһ ибн Мәс‘уд (Аллаһ оған разы болсын) Минаға Усманға (Аллаһ оған разы болсын) келген кезінде, ол намазды төрт ракағат етіп оқыды, ал Ибн Мәс‘уд сапарда намазды екі ракағатқа қысқарту керек деп санайтын. Бірақ Усманға ұйып намаз оқыған кезінде Ибн Мәс‘уд ол сияқты төрт ракағат орындайтын. Ал одан осындай іс-әрекетінің себебі туралы сұрағанда, ол: «Ақиқатында, келіспеушілік жамандық болып табылады!», - деп жауап берді (Абу Дауд, 1962). Ол Минада тек екі ракағат оқу керек деп есептесе де, Усманға ұйып төрт ракағат оқыды. Абдуллаһ Ибн Мәс‘уд бірлік бұзылмауы үшін өзінің жеке пікірін тастап, Усманға ілесті. Әрі (оның) бұл іс-әрекеті діннің екі куәліктен кейінгі басты тірегі болып табылатын намаз мәселесіне қатысты еді. Ендеше, қазіргі замандағы ижтихад мәселелері туралы не айтуға болады?! Мұсылмандар мұсылмандардың біртұтастығын сақтап, осы жайтты ескеруі қажет. Кейде егер абзалырақ болмаған нәрсе ауызбіршіліктің нығаюына ықпал етсе, онда абзалырағы қалдырылып, абзал емесі алынады. Біз өз пікірін абзалырақ санаса да, бірақ одан бас тартқан Ибн Мәс‘удты (Аллаһ оған разы болсын) мысалға келтіріп кеткеніміздей. Бірақ мұның барлығы тек дінді бұзбаған жағдайда ғана дұрыс болады!
Сондықтан да білім талап етушілер, өздерін білімге телитін кісілер, осы ережені (амал ету үшін) алуға тиісті. Мен адамдардың арасында бөлінушілік туындататын кейбір білім талап етушілерді көремін. Олар: «Сен мына нәрсе туралы не айтасың?! Пәлен болса былай дейді, ал түген басқаша айтады», - деп жатады (шейх әл-Фаузанның сөздерінің соңы).
Он екінші ереже:
«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а шариғи ант тек мұсылмандардың имамына ғана ықпал мен билік иелері тарапынан берілетініне, ал қалған адамдар оларға ілесетініне мығым сенеді»
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللَّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُولِي الأَمْرِ مِنكُم ﴾
«Әй, иман келтіргендер, Аллаһқа бойсұныңдар, Елшіге бойсұныңдар, әрі өздеріңнен болған ықпал иелеріне де» («ән-Ниса» сүресі, 59-аят).
Әнастың (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Тыңдаңдар әрі мойынсұныңдар, тіпті сендерге басы жүзімдей эфиопиялық құл әмір етіп қойылса да. Әрі ол Аллаһтың Кітабын ұстанғанға дейін осылай (болсын)» (Ахмад, 3/114; әл-Бухари, 693; Ибн Мәжаһ, 2860. Сондай-ақ «Сахих әл-жәми’ті» қараңыз, 985).
Абу Хурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) бірде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Бұрын исраилдіктерге пайғамбарлар билік ететін, әрі бір пайғамбар қайтыс болса, оның орның басқасы алатын. Ал мен туралы айтар болсақ, онда, ақиқатында, менен кейін пайғамбарлар болмайды, бірақ көп халифалар болады». (Сонда) адамдар: «Ендеше (олай болса), сіз бізге нені бұйырасыз?», - деп сұрады. Ол: «Олардың сендер ант берген әрбір алғашқысына сенімді (адал) болыңдар, әрі құқықтарын орындаңдар, ал Аллаһ оларға берген барлық нәрселері үшін олардан сұрақ алады» (әл-Бухари, 3455; Муслим, 1842).
‘Ади ибн Хатимнің сөздерінен бірде сахабалар (Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)): «Уа, Аллаһтың елшісі, біз сізден тақуаларға мойынсұну туралы сұрап тұрған жоқпыз. Алайда пәлен және пәлен нәрселерді істеген (әмір) туралы сұрап тұрмыз», - деп, кейбір жаман қылықтарды атап көрсетіп, сұрағаны туралы баяндалады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтан қорқыңдар, тыңдаңдар және мойынсұныңдар!», - деп жауап берді (Ибн Аби ‘Асым «Китабу-с-Суннада», 2/508 жеткізген. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген. Қз.: «Зыләлю-л-Жәнна фи тахрижи-с-Сунна», 2/254).
‘Умар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Кім Жәннаттың дәл ортасын қаласа, жамағаттан (біртұтас үметтен) ұстансын! Ақиқатында, шайтан жалғызбен бірге болады, ал екеуден ол алшақ» (әт-Тирмизи, 2165; Ибн Хиббан, 7254. Қз.: «Силсилә әс-Сахиха», 430).
‘Абдуллаһ ибн ‘Умардың (оған және оның әкесіне Аллаһ разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мұсылман адам әмірге (елбасшыға) өзіне ұнайтын нәрселер де, ұнамайтын нәрселерде де құлақ асуға және мойынсұнуға міндетті, тек егер әмір (елбасшы) Аллаһқа мойынсынбауды бұйырмаса ғана! Егер әмір (елбасшы) Аллаһқа мойынсынбауды бұйыратын болса, онда (оны) тыңдау да, (оған) бағыну да жоқ» (әл-Бухари, 7144).
Ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген екен: «Билік құру дегенде билік пен күштің бар болуы меңзеледі! Билік пен күші бар адамға ант берілгенде, ол билеуші (әмір) болады.Сондықтан да мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарынан болған имамадар: «Күш-құдіреті бар, әрі сол арқылы билік құратын адам - міне, сол Аллаһ Тағала оған бағынуды бұйырған адамның дәл өзі, тек егер ол мойынсұнбаушылықтарды бұйырмаса ғана», - деген. Әмір (билеуші) – бұл билікке ие (адам!) Ал билік онымен бір, екі немесе төрт (адамның) келісуімен (ғана) білік болмайды, тек бұл адамдардың келісімі басқалалардың барлығының келісімін білдірмесе ғана» (Қз.: «Минһажу-с-Сунна ән-Нәбауийа», 1/527).
Шейх Салих ибн Фаузан (Аллаһ оған есендік берсін) былай деді:
─ Бұл ереже билік иелерін тыңдауға және оларға мойынсұнуға қатысты. Бұл әһлю-с-Сунна уәл-жәма’аның негіздерінің негізі! Ол туралы тіпті ақида бойынша кітаптарда жазылады. Бұл негіз оларды (әһли-с-Сунна уәл-жама`аны) хауариждерден, му‘тазилилерден және басқа да бидғатшылардан ерекшелейді. Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а мұсылмандар арасындағы билік иелеріне бағыну қажет деп мәлімдейді. Тіпті егер әмір (елбасшы) әділетсіз әрі күнәхар болса да, олар оған бағынудан шығып кетпейді. Ол күпірлік істемейінше осылай (жалғасады). Өйткені тыңдап мойынсұнуда, езгіге сабыр етуде үлкен пайда бар. Бұл мұсылмандардың бірігуіне ықпал етеді, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сақталуына алып келеді, ал бұл әмірлерге (билеушілерге) қарсы шығуға қарағанда жақсырақ. Ақиқатында, билік иелеріне қарсы шығу, бұл үшінші ізгі халифа ‘Усманның (Аллаһ оған разы болсын) кезінде орын алғанындай, ұлы зиянға және үлкен кесірге әкеп соғады.
Бүлікшілер ‘Усманға (Аллаһ оған разы болсын) қарсы көтеріліп, оны өлтірген кезде, біздің кезімізге дейін жойылмаған бүлік туындады. Сахабалардан болған ғалымдар мұндайға тыйым салатын. Олар бүлікшілерге осы мәселені түсіндіріп берген еді, оларға ықыласты насихаттар айтты, бірақ болар іс болып, мұсылмандарға ғибрат болды. Адамдар әмірге (елбасшыға) қарсы көтеріліп, әрі осы (көтеріліс) бүлік пен жамандыққа ұласпаған кез ешқашан болмаған.
Пайда мен зиянды өлшеп, амалға қарау керек, әрі егер пайдаға қарағанда зиян басым болса, онда амалды (істемей) тастау керек. Тіпті егер әмірлер әділетсіз болса да, сабырлық таныту қажет және мойынсұну керек. Қысым мен езгі зиян екенініне, Аллаһқа мойынсұнбау күнә екеніне күмән жоқ, бірақ әмірлерге қарсы шығуда олардан да үлкен зиян бар. Ал екі зиянды нәрседен зиянсыздауын таңдау қажет.
Әділетсіз және бұзақы әмірлер туралы сөз болғанда осылай істелуге тиіс болса, онда әділетті, ақиқатты жақтайтын, қателіктеріне қарағанда жасап жатқан жақсылықтары көбірек болған әмірлер туралы не айтуға болмақ?! Бұдан тыс, әмірдің (билеушінің) қателігі мен күнәсы оның өзіне ғана тиесілі. Ал әмірге (елбасшыға) қарсы шығуға қатысты айтар болсақ, онда осыдан келетін кесір барлық жерге тарап кетеді. Адам өлтірулер, толқулар, әділетсіздіктер пайда болады, әрі мұның барлығы өте үлкен ауқымда орын алады. Дәл сондықтан да әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а осы маңызды негізді ұстанады. Олар әмірлер (билеушілер) бұзақы болса да, олардың артынан ұйып намаз оқиды.
Білік құру үш жолмен орнатылады:
1 – Ықпал мен билікке ие адамдардың (әһлю-л-хали уәл-‘ақд) ант беруі.
Елдің бір тұрғынына дейін барлығы (жаппай түрде) белгілі біреуге ол елбасшы болуы үшін ант беруі керек деген шарт жоқ. Ықпал мен билікке ие адамдамдардың (әһлю-л-хали уәл-‘ақд), мысалы, ғалымдардың ант беруінің өзі жеткілікті болады. Егер осы адамдар әлдебіреуге (әмір ретінде) ант берсе, онда қалған мұсылмандар әмірге (елбасшыға) бағынуға міндетті, өйткені мұсылмандар біртұтас дене болып табылады. Кейбір надан адамдар әрбір адам әмірге жеке ант беруі керек деп есептейді, әрі осы сенім әһлю-с-Сунна уәл-жәма’аның мәзһабына қайшы келеді.
Сахабалар ант берген Абу Бакр әс-Сыддық та (Аллаһ оған разы болсын) тура осы (тәсілмен) халифа болды. Алайда кейбір ғалымдар Абу Бакр (Аллаһ оған разы болсын) (халифа) болуына қатысты шариғи мәтіндер мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нұсқаулары болғандықтан, ол (мұсылмандардың) әмірі болды деп есептейтінін ескертіп кету қажет. Мысалы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі ауырып қалған кезінде Абу Бакрды намазда имамдыққа тағайындады. Сол күні (адамдар) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Намазды ‘Умар басқарсын да, өйткені Абу Бакр оны жүргізіп тұрғанда жылайды», - деп айтады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұған ренжуін білдірді де, бұйрығын қайталады. Сондықтан да сахабалар Абу Бакрді таңдап: «Егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Бакрге дін мәселелерінде разы болған болса, онда біз қалайша оған дүние мәселелерінде разы болмаймыз?», - деді.
Сондай-ақ Жубайр ибн Му‘тимнің (Аллаһ оған разы болсын) былай дегені жеткізіледі: “Бірде Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір әйел келеді, әрі ол оған кейінірек тағы да келуді бұйырады. Ол (әйел Пайғамбардың қайтыс болуын меңзегендей болып): «Ал егер мен келгенде, сізді таппасам, не істеуім керек екенін айтасыз ба?», - деп сұрақ қояды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер мені таппасаң, Абу Бакрге жолық», - дейді” (әл-Бухари, 3659).
Бұдан тыс, Абу Бакр сахабалардың ішіндегі ең жақсысы болып табылады! Ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) миссиясының ең басынан бастап оның қайтыс болуына дейін оған көмектесіп және онымен бірге соғысып, онымен бірге жүрді;
2 – Мирасқор тағайындау.
Сөз елбасшының өзінен соң (елге билік ететін) мирасқор тағайындауы туралы болуда. Мысалы, Абу Бакр (Аллаһ оған разы болсын) өзінің мирасқоры етіп сахабалардың ішіндегі Абу Бакрдің өзінен кейінгі ең жақсысы болған ‘Умар ибн әл-Хаттабты (Аллаһ оған разы болсын) тағайындады. Мирасқорға ант беру міндетті болып табылады;
3 – Билікті күшпен алу.
Егер әлдебір адам билікті күшпен алса, онда жамандықты болдырмау үшін, оған бағыну керек. Мысалы, ‘Абдул-Малик ибн Маруан билікті күшпен алды әрі мұсылмандар оған бағынды.
Әмірге (елбасшыға) тіпті оның тарапынан әділетсіздік пен езгі байқалса да, тіпті егер ол күпірлік деңгейіне дейін жетпейтін кейбір күнәларды жасап жатса да, бағыну керек. Бірақ егер ол Аллаһ Тағалаға мойынсұнбауды бұйырса, оған бағыну жоқ. Бұл «егер әмір (елбасшы) Аллаһқа мойынсұнбауды бұйырса, оған толығымен мойынсұнудан шығу керек» дегенді білдірмейді. Жоқ, бұл жерде оған тек Аллаһқа мойынсұнбаушылық болып табылатын мәселеде ғана бағынуға болмайды деген меңзелуде. Бірақ қалған басқа мәселелердің барлығында оған бағыну күшінде қалады. Оған берілген антты бұзуға болмайды.
Бұл – осы аса маңызды мәселенің қысқаша мазмұндамасы! Бұл мәселе әһлю-с-Сунна уәл-жәма’аның негіздеріне жатады. Осы түбейгейлі қағиданы орындаудың нәтижесінде біз үлкен пайдаға қол жеткіземіз, әрі түрлі күмәндарды жоямыз. Осыған әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а бірауызды келіскен! Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’адан ешкім осы қағидаға қайшы келмейді. Оған тек мүминдердің әмірі ‘Али ибн Аби Талибке (Аллаһ оған разы болсын) қарсы шыққан хауариждер сияқты бидғатшылар ғана қарсы келеді. Немесе өздерінің негіздерінің бірін «Жақсылықты бұйыру және жамандықтан қайтару» деп атаған му`тәзилилер. Бірақ (олардың) осы (негізінің) астарында Аллаһ заңды етіп бекіткен (ереже) меңзелмеді. Олар осынысымен әмірге (билеушіге) қарсы шығуды меңзеді, тіпті әмірге қарсы шығу өздігінше айыпталатын іс болса да. Аллаһ бізді (мұндайдан) сақтасын! Бұл нәрселер Құранға, Сүннетке және ғалымдардың бірауызды келісіміне (ижма`) қайшы келеді (шейх әл-Фаузанның сөздерінің соңы).
Кейін мен шейх Фаузанға мынындай сұрақ қойдым: «Осы сіз атаған үш тәсілмен билікті алмаған әлдебіреуге ант беруге болады ма? Өйткені бүгінгі жамағаттар өздерінің ілесушілерін ант беруге мәжбүрлейтіні сыр емес қой».
Шейх Салих ибн Фаузан (Аллаһ оған есендік берсін) былай деп жауап берді:
─ Жоқ, бұл – адасушылық (батыль), бұл — адасушылық (батыль)! Мұндай нәрсе Исламда жоқ! Дінде мұның растауы жоқ. Тек жолаушылар жолға жиналып жатқанда әмір тағайындауы керек деген хабарланады. Бірақ бұл әмір билік иесі деп аталмайды және оған ант берілмейді! Ол жай ғана сапардың ұйымдастырылуына жауап береді. Ол шариғи жазаларды іске асыра алмайды, оған бұл тыйым салынған. Оның (қолында) әмірдің (билеушінің) құзыреті жоқ. Ол тек сапарға ғана жауап береді. Бұдан қалса, оның өзі де әмірдің (елбасшының) қоластында бағынышты болады. Сондықтан да бұл жамағаттардың ешқандай дәлелі жоқ! Мұның үстіне, олардың істеп жатқан нәрселері бидғат болып табылады.
Сондай-ақ әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а әмірді (елбасшыны) құлатқысы келгенге қарсы соғысатыны да әһлю-с-Сунна уәл-жәма’аның негіздеріне жатады. Егер әлдебіреу әмірді (елбасшыны) құлатқысы келсе, онда мұсылмандардан жамандықты тойтару үшін, оны өлім жазасымен жазалау керек. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер сендер бір әмірдің (билеушінің) қоластында болған кездеріңде, сендердің жамағаттарыңды бөлу ниетімен біреу келсе, онда (осындай ниетпен) келгенді өлтіріңдер» (Қз.: «Сахих әл-Жәми‘» 5944). Ал Аллаһ Тағала былай деді: «Егер мүминдердің екі тобы бір-бірімен соғысып жатса, оларды өзара жарастырыңдар. Ал егер олардың біреуі екіншісіне қастандық жасап жатса, онда қастандық жасап жатқанына қарсы, ол Аллаһтың әміріне қайта оралмайынша, соғысыңдар!» («әл-Хужурат» сүресі, 9-аят).
Сондықтан да әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а жамандыққа тойтарыс жасау үшін, адамдарды әмірдің (елбасшының) жағына тұрып, бүлікшілерге қарсы соғысуға міндеттейді. Бұл – шейхул-Ислам Ибн Таймийяның «Минһажу-с-Сунна» кітабында айтқан сөздері (шейх әл-Фаузанның сөздерінің соңы).
Кейін мен шейх Фаузаннан былай деп сұрадым: «Ал егер әмір (елбасшы) Аллаһтың түсірген (шариғатымен) үкім етпесе, бұған қоса, бізге оның кәпір екені айқын түрде белгілі болған болса, бірақ біз оған қарсы шығу өте үлкен зиянға әкеп соқтырады деп ойласақ ше? Осындай әмірге қарсы шығуға болады ма?!»
Шейх Салих ибн Фаузан (Аллаһ оған есендік берсін) былай деп жауап берді:
─ Жоқ, егер әмір кәпір болса, бірақ мұсылмандарда оны ауыстыруға және істерді түзету үшін жеткілікті күштері болмаса, онда олар сабырлық танытулары керек, өйткені оларда ақталатын уәж бар. Аллаһ Тағала: «Мүмкіндіктерің жеткенше Аллаһтан қорқыңдар» («әт-Тағабун» сүресі, 16-аят), - деп айтады. Ол сондай-ақ: «Өздеріңді өлтірмеңдер» («әл-Бақара» сүресі, 195-аят), - дейді. Оларға қарсы шығу ешқандай пайда келтірмейтін таза жамандық болады. Бұл қақтығыстарды, осы лаңкестік актілерді Ислам құптамайды. Олар мұсылмандарды мықты билікпен қамтамасыз ете алғандарына дейін сабырлық танытулары қажет. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары да хижраға дейін кәпір әмірлердің билігінің астында еді, алайда олар соларға қарсы соғыспады, өйткені мұндай жағдайда соғыс болжалды пайдаға қарағанда едәуір үлкен зиянға әкелетін еді. Сондықтан да Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде соғысу тыйым салынған еді. Аллаһ Тағала оларға сабырлық жасауды бұйырды. Ол былай деді: «Қолдарыңды тыйыңдар (соғысуға талпынбаңдар), намазды орындаңдар және зекет беріңдер» («ән-Ниса» сүресі, 77-аят). Ол хижраға дейін оларға жиһадқа тыйым салды. Жиһад ансарлар (көмекшілер) пайда болып, мемлекет құрылған кезде заңды етіп бекітілді. Бірақ Меккеде оларға соғысуға тыйым салынып, тек дінге шақырумен айналысу бұйырылған еді. Бұл мұсылмандар әлсіз болғанда Аллаһ оларға жеңілдік бергенге дейін кәпір әмірге сабыр ету керек екендігіне нұсқайды (шейх әл-Фаузанның сөздерінің соңы).
Он үшінші ереже:
Достарыңызбен бөлісу: |