Дәріс бойынша қарастырылатын мәселелер Жоспары:
Әліппенің құрылысы мен мазмұны
Даярлық кезеңіндегі оқу материалдарының жоспарлану үлгісі.
Әліппенің кезеңдері, мақсат-міндеттері
1. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға арналған
«Әліппе» оқулығы бойынша сауат ашу дәстүрлі үш кезеңге бөлініп, жүзеге асырылады.
Әліппеге дейінгі кезең.
Әліппе кезеңі.
Әліппеден кейінгі кезең.
Әліппеде берілген оқу материалдары сауат ашудың осы үш кезеңінің ерекшеліктеріне қарай орналасқан.
Әліппеге дейінгі кезең.
Әліппеге дейінгі кезеңнің мақсаты – оқушыларды сауат ашуға даярлау. Сондықтан да оны «даярлық кезеңі» деп те атайды. Жалпы сауат ашудың нәтижелі болуы даярлық кезеңінде жүргізілетін жұмыстардың мейлінше сапалы болуына байланысты. Демек, сауат ашуға даярлық жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, ұқыпты жүргізуге баса назар аударылады. Республика мектептерінде жүргізілетін эксперимент нәтижелері балаларды оқу жұмысына төселдіру мен машықтандырудың ең бір қиын тұсы – сауат ашудың даярлық кезеңі екенін көрсетеді.
Мұның өзі мұғалімнен үлкен педагогтік шеберлік пен ұстаздық ұстамдылықты талап етеді.
Сауат ашудың даярлық кезеңіне оқу бағдарламасы бойынша екі апта (14 сағат) бөлінеді. Аталған мерзім ішінде сауат ашудың кезеңінде орындалуға тиісті міндеттер түгел жүзеге асырылуға тиіс. Мұның ең алғашқысы – 1-сыныпқа оқуға келген балаларды мектеппен таныстырып шығу. Ол мынадай тәртіппен жүргізіледі: а) мектеп үйін, ондағы сынып бөлмелерін, оқушыларға арналған ойыншықтар бөлмесін, спорт залын, шеберхана, кітапхана, асхана, мектеп ауласы т. б. осы сияқты орындарды
көрсетіп, олардың өтейтін қызметін айту;
ә) Мектептегі оқушыларға қойылатын талаптар мен ережелерді, күн режимін түсіндіріп, оларды бұлжытпай орындауға баулу; мектеп мүлкін ұқыпты және таза ұстау туралы алғашқы түсініктер беру; мұғалімдер мен мектептің басқа да қызметкерлерін құрметтеу, оларға сәлем беру, ізеттілік пен сыпайылық көрсету дәстүрлерін сақтауға үйрету;
б) оқу бөлмесі – сыныппен таныстыру; сынып мүліктері: парта, үстел, тақта, орындық, шкаф, көрнекі құралдар мен дидактикалық материалдар, техникалық құралдар, оларды күтіп ұстау, сақтау;
в) оқу құралдарымен таныстыру: «Әліппе» оқулығымен таныстырып, оқушылардың алғашқы кітабы – Әліппе екендігі туралы айтып, оны жыртпай, кірлетпей күтіп ұстау жайында түсінік беру; дәптер, қалам, қарындаш т. б. оқу құралдарымен таныстыру;
г) сабақ туралы түсінік: мұғалім және оқушылар; олардың өзара қарым-қатынастары; сәлемдесу, қоштасу тәртібі; сабақта мұғалім берген сұрақтарға анық, естілетін дауыспен жауап беру; қол көтеріп, мұғалімнің рұқсатымен сөйлеу; берілген тапсырмаларды ұқыпты орындау; сабаққа белсенді қатысу; мұғалім сөзін көңіл қойып тыңдау;
ғ) партада дұрыс отыру, дәптер мен қалам, қарындашты дұрыс пайдалану ережелерімен таныстыру; оқушылардың саусақтарын жазуға даярлау жаттығуларын жүргізу;
д) мектептегі тазалық гигиенасын сақтауға үйрету;
е) сыныптағы, мектептегі оқушылар ұжымы туралы алғашқы мағлұматтар беру;
ж) оқушылардың физиологиялық-психологиялық ерек- шеліктері мен сауат ашуға дайындық дәрежесін есепке алу.
Сауат ашудың даярлық кезеңінде қойылатын негізгі бағдарламалық талап оқушылардың тілі мен жалпы ой өрісін дамыту арқылы оларды сөзге дыбыстық талдау – жинақтау жасау жұмысына, яғни сауат ашуға даярлау, іс жүзінде баланы оқу жұмысына баулу міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.
Бұл міндеттер оқушыларды ауызша сөйлеуге үйрету барысында «сөйлем», «сөз», «буын», «дыбыс» деген ұғымдарды нақты мысал арқылы практикалық жолмен түсіндіру негізінде орындалады.
«Сөйлем» деген ұғымды оқушыларға түсіндіріп, саналы
түрде меңгертудің өте қиын мәселе екендігі белгілі. Алайда, онсыз болмайды. Өйткені сауат ашуға даярлық мектеп табалдырығын алғаш аттаған баланы ауызша сөйлеуге үйретуден басталады. Ондай білім – мұғалім мен оқушының тілдік қатынасының құралы. Ал «сөйлемді» сапалы меңгермейінше, ауызша сөйлей білу де мүмкін емес - сөйлеу өзара байланысты сөйлемдерден тізіледі. Сауат ашу кезінде, әсіресе оның даярлық кезеңінде, оқушыларға мейлінше оңай, аз сөзді сөйлем құрылымдары үйретілуі тиіс. Басқаша айтқанда, сөйлемді түсіндіру «жеңілден ауырға қарай» деген дидактикалық принцип негізінде жүргізіледі. Осыған орай, алдымен – екі сөзді сөйлемдер, одан әрі үш, төрт...
сөзді сөйлемдер үйретіледі.
«Сөйлемді» практикалық жақтан үйретудің тиімді тәсілдері көп. Ондай тәсілдердің аса ұтымды түрлері ретінде төмендегілерді ұсынуға болады:
Балаға таныс үй жануарларының, құстардың т.б. дыбыстау ерекшеліктерін білдіретін, бастауышы – зат есімнен, баяндауышы етістіктен жасалған екі сөзді сөйлемдерді құрастырып, айтқызып үйрету.
Қой маңырайды. Жылқы кісінейді. Сиыр мөңірейді. Түйе боздайды. Ит үреді. Мысық мияулайды. Қасқыр ұлиды. Қарға қарқылдайды. Қаз қаңқылдайды. Тышқан шиқылдайды.
Аталған сөйлемдерді тиянақты меңгерту үшін негізінен сұрақ-жауап (диалог арқылы әңгімелесу) әдісін қолданған жөн:
қой қалай дыбыстайды?
қой маңырайды.
ит қалай дыбыстайды?
ит үреді.
Қарамен жазылған сөйлемдер хормен жеке-жеке қайталанып айтылады. Дәл осы тұста мұғалім «сөйлем» деген терминді қолданады. «Қой маңырайды» деген – сөйлем, «Ит үреді» деген де – сөйлем екенін айтады. Бұдан кейін балаларға осы үлгі бойынша сиыр, жылқы, қасқыр т.б. туралы өздігінен сөйлем құрастыру тапсырылады.
Мұндай жұмыс түрлері орындалғаннан кейін, оқушылар
«сөйлем» деген ұғымды түсініп, одан әрі пайдалана бастайды. Сөйлемдерді түсіндіру барысында сұрақ қою мәселесіне мұқият қарау керек болады. Бұл жерде «Не істеді?», «Не не істеді?», «Не не қылды?», «Не қайтті?» сияқты грамматикалық
сұрақтарды қоюға болмайтыны ескерілуге тиіс.
Бұл сөйлемдерді үйрету оңай деп, сабақта көрнекі құралдарды пайдаланбау дұрыс болмайды. Дәл бұл тұста көрнекілік баланың бұрыннан қабылдаған заттық, құбылыстық түсінігін нақтылап, жаңғыртып елестетеді. Ал мұның өзі оқушыны жаңа білім алуға итермелейді. Сондықтан сөйлем жасау барысында оған тікелей қатысты көрнекілік құралдарының (дыбыс шығарған жануарлардың суреттері, ойыншықтар т.б.) көрсетіліп отырғаны жөн.
Берілген сөйлем құрылымдарын оқушылар толық меңгерген соң, солар типтес мынадай екі сөзді сөйлем түрлерін үйретуге болады.
Алма пісті. Су тасыды. От жанды. Машина жүрді. Марат оқыды. Жапырақ сарғайды. Жаңбыр жауды. Лақ секірді. Ат шапты.
Бұларды үйрету арқылы өтілген сөйлем үлгісін тиянақты бекітуге ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жаңа сөздерді білуіне де назар аударылады.
Бастауышы – жіктеу есімдігінен, баяндауышы – зат есімнен жасалған екі сөзді сөйлемдерді үйрету.
Бұл – кітап. Ол – доп.
Бұл – дәптер. Ол – қуыршақ.
Бұл – Марат. Ол – бала.
Бұл – Айжан. Ол – Қайрат.
Мынау – бор. Анау – қозы.
Мынау – қалам. Анау – Сәуле.
Сөйлемдер «Бұл не? Бұл кім? Ол не? Ол кім? Мынау кім? Мынау не? Анау не? Анау кім?» деген сұраулар (сұраулы сөйлемдер) арқылы әңгіме ретінде өткізіледі.
Сұрақ-жауап үлгілері:
Бұл не? - Мынау не?
Бұл – кітап. - Бұл – бор.
Бұл кім? - Анау кім?
Бұл – Асқар. - Ол – Сәуле.
Мұндай сөйлемдердегі бастауыш пен баяндауыш арасына белгілі дауыс кідірісін жасап айтуға, оған оқушыларды жаттықтыруға арнайы көңіл бөлінеді. Сондай-ақ бұл типтес сөйлемдерді үйрету үшін сабақта ( экскурсияда ) нақты заттарды пайдаланған жөн.
Бұл жерде «сөз» деген терминді де түсіндіріп кетуге болады. Ол үшін «Бұл не?», «Бұл кім?» деген сұрақтар арқылы заттардың аттары тізбектеліп аталады да, «мұны не дейміз?», «Оны сөз дейміз» тәрізді түсініктер беріледі.
Бастауышы – зат есімнен, баяндауышы – сын есімнен жасалған екі сөзді сөйлем түрлерін үйрету.
Қар ақ. Қант тәтті. Сынып таза. Шөп жасыл. Күн жылы.
Тау биік. Қуыршақ әдемі. Болат тәртіпті. Айгүл жақсы.
Бұл тәрізді сөйлемдерді үйретуде салыстыру тәсілін қолдану өнімді. Ол үшін мынадай үлгіде қарсы мәндес сөйлемдер жасатуға болады.
Қар ақ. Көмір қара.
Түйе үлкен. Бота кішкентай.
Сабақта қолданылатын сұрақ-жауап түрлері:
қандай? - қуыршақ қандай?
көк. – қуыршақ әдемі.
Баяндауышы жатыс септігіндегі зат есімнен жасалған бастауыштар тауып, екі сөзді сөйлемдер құрастырып айтуға үйрету.
Құс ұшты.
|
Қой маңырады.
|
Алма пісті.
|
Ұшақ ұшты.
|
Қозы маңырады.
|
Жүзім пісті.
|
Қарға ұшты.
|
Ешкі маңырады.
|
Өрік пісті.
|
Торғай ұшты.
|
Лақ маңырады.
|
Қауын пісті.
|
Үй таза. Атам үйде.
Бөлме таза. Әжем үйде.
Еден таза. Қуат үйде.
Мектепке алғаш келген балалардың жетекші іс-әрекеті – ойын. Сондықтан баланың ойынға деген қажетін ескермей, оны
бірден ой еңбегіне көшіруге болмайды. Демек, мектепте, әсіресе сауат ашу кезеңінде, оқу мен ойын ажырамас бірлікте жүргізуді керек етеді. Алайда, ойын түрін сабақ тақырыбының мазмұнына лайықтау керек. Мысалы, осындағы «ұшты» деген баяндауышы бар сөйлемдерді үйрету үстінде «Ұшты-ұшты» деген сөздеріне белгілі ойынды ойнатқан жөн. Бұл ойын оқушыларды сергітумен қатар, сөйлем мағынасын жете түсінуге көмектесіп, олардың ойлау қабілетін жетілдіре түседі.
Әліппеде екі сөзді сөйлемдер жасауға арнайы материалдар беріледі. Мысалы, Қаз жүзді, Үйрек жүзді, Әтеш шақырды, Қой жайылды, Жылқы өрісте сияқты екі сөзді сөйлемдер жасап айтуға болады.
Сөйтіп, екі сөзді (жалаң) сөйлемдер құрастырып айтуға төселген оқушыда «сөйлем» туралы біршама ұғым қалыптасады. Бұл кезде өзі үш, төрт сөзді сөйлемдерді сөйлеу тәжірибесінде ажырата білуге мүмкіндік жасайтын болады.
Үш, төрт... сөзді сөйлемдермен оқушылар «Әліппе» материалдары бойынша әңгіме өткізу барысында танысады. Бұл кезде жетекші сұрақ-тапсырмалардың көмегімен сурет бойынша сөйлемдер құрастырады.
Құрамындағы сөздің саны екіден көп сөйлемдер көбінесе
«Әліппеде» берілген сюжетті суреттер бойынша қарастырылады. Мысалы, «Айжан ыдыс жуды» сияқты үш-төрт сөзді сөйлемдер құрастырып, оқушыларды байланыстырып сөйлеуге даярлауға болады.
Келесі сабақтарда оқушылар «сөз» деген ұғыммен арнайы таныстырылады. Жоғарыда айтылғандай, «сөз» деген ұғыммен оқушылар «сөйлем» құрастырып, сөйлеуге үйрену барысында таныса бастайды. Өйткені бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыратып түсіндіру мүмкін емес (сөйлем сөздерден жасалады).
«Сөз» деген ұғым оқушыларға практикалық жолмен түсіндіріледі. Практикалық жолмен үйрету дегеніміз – ережесіз, баланың өз тәжірибесінде қабылданған білім негіздеріне сүйене отырып, нақты заттар мен суреттерді көрсету арқылы әңгімелесіп түсіндіру. Бұл тәсілмен түсіндірілетін нәрсенің мазмұны – оқушыға бұрыннан-ақ таныс дүние. Мұғалім оны тек жаңғыртыр, айқындап, қорытып береді. сол арқылы жаңа білімге жетектейді.
«Әліппеде» берілген суреттердің астына сөйлем мен ондағы
сөздерді бейнелейтін арнайы схемалар орналасқан. Әр сөз ұзынша тік төрт бұрышпен белгіленген. Мысалы, сөйлемде үш сөз болса, оның схемасы үш рет ұзынша тік төрт бұрышпен беріледі.
Оқушылар «сөйлем», «сөз» туралы алғашқы мағлұматтар алған соң, «буын», «дыбыс» деген ұғымдар түсіндіріледі.
Сөзде неше буын болса, оны сонша рет қана бөліп айтуға болады. Демек, буын деген ұғымды түсіндірудің тиімді тәсілі
сөзді практика жүзінде буындап айтуға төселдіру. Ол үшін мұғалімнің өзі алдымен сөзді буынға бөліп айтады (мысалы, ба-ла). Сөздің буынға бөлінген әрбір бөлігін айқындау үшін мұғалімге қосылып бүкіл сынып ол буындарды хормен айту керек.
«Сөзді» бөліп-бөліп айтуға болады. Сөздің әр бөлігін бұдан былай «Буын» деп атайтын боламыз. Осылайша, буын деген термин енгізіледі.
«Дыбыс» деген ұғымды түсіндіруде сөзден жеке дыбыстарды бөліп алып талдаудың мәні зор. Ол үшін мынадай практикалық тәсілдерді қолдануға болады.
Сөзден жеке дауысты дыбысты бөліп алып айту. Ол үшін бірінші буыны жеке дауыстыдан жасалған сөздер алынады.
А-та, а-ра, а-ла, ә-ке, ә-же, ә-теш, е-тік, е-рін.
Екі дыбыстан құралған ашық буынды сөздегі дауыссыз дыбысты табу.
Бұл салада екі түрлі жұмыс жүргізіледі:
дауыссыз дыбысты әр сөздегі бір буынды қайталап беру: ба-ла, да-ла, қа-ла.
дауыссыз дыбысты сөздегі әр буында әртүрлі қайталап беру: ша-на, ба-қа, ке-ме, та-ға, да-ла.
Екі дыбыстан құралған сөздегі дауыссыз дыбысты табу. Мұнда да екі түрлі жаттығу жүргізуге болады.
сөзді бір дауыссызға аяқтайтын етіп беру арқылы: ат, от, ет; ор, өр, ұр; ал, ол, ел, іл, ұл, ас, ес, іс, ыс...,
сөздің дауыссыз дыбысын әр үрлі» етіп беру арқылы : ат, ер, ақ, әк, ас.
Бұл кезеңде оқушыларды жазу жұмысына даярлауға жете мән беріледі. Ондай жұмыстың түрлері:
әртүрлі еркін сызықтар мен өрнектер сыздыру;
негізгі әріп элементтерін сызуға жаттықтыру;
баспа әріптерін кубиктермен таныстыру; баспа әріптер мен оңай әріптерді, сөздерді жаздыру.
Сабақ мазмұны: сабақта балаларды оқуға даярлау жұмыстары: мектеп, сынып, Әліппе, басқа оқу құралдарымен таныстыру; дұрыс отыру, қалам, дәптерді пайдалану ережелерін меңгерту; саусақтарын жазуға даярлау жаттығуларын жүргізу.
«Сөз» деген ұғымды практикалық жолмен түсіндіру; қолды жазуға даярлау жаттығуларын жүргізу.
«Буын» деген ұғымды практикалық жолмен түсіндіру; қолды жазуға даярлау жаттығуларын жүргізу.
Әртүрлі буынды сөздерді буынға бөліп айтуға жаттықтыру; қолды жазуға даярлау жаттығуларын жүргізу.
«Дыбыс» деген ұғымды практикалық жолмен түсіндіру; Сөзді – буынға, буынды – дыбысқа талдауға жаттықтыру.
«Сөйлем», «сөз», «буын», «дыбыс»; А, Т әріптері бар кубиктерді көрсету; бұл дыбыстарды баспа әріптермен жазуға үйрету; А-ТА сөзін буынға бөлдіріп, баспа әріптермен жаздыру.
«Сөйлем», «сөз», «буын», «дыбыс»; У, Л әріптері бар кубиктерді көрсету, бұл әріптерді жазуға үйрету, әріптер өтілген кубиктерден сөз құрату; А-УА, А-ЛА сөздерін буындап жаздыру.
«Сөйлем», «сөз», «буын», «дыбыс»; Қ, Б, Д әріптері бар кубиктермен таныстыру; әріптері өтілген кубиктермен сөз құрату: ҚА-ЛА, БА-ЛА, ДА-ЛА сөздерін баспа әріптермен жаздыру.
«Сөйлем», «сөз», «буын», «дыбыс»; әріптері өтілген кубиктерден сөз құрату, сөздерді баспа әріптермен жаздыру.
Әріптері өтілген кубиктерден 3-5 сөз құрату; ол сөздерді оқыту, жаздыру, оқушылардың оқу, жазу машығын байқау.
Сауат ашу жұмысы балалардың өздігінен орындайтын жұмыстары заттық, сюжеттік суреттермен сөз, сөйлем құрату, дыбыстық талдау жасату, моделдеу, айнала қоршаған өмірмен байланыстыру, компьютерді қолдану, ой еңбегін жандандыруға бағытталып, таңдап алған тапсырмаларын орындауда, өздігінен ізденіп шешімін табуы көзделеді. Балабақшада жазу жұмысы арнайы жеке жүргізілмейді. Балаларға баспа түрінде әріп элементтерінен жеңіл сөз, сөйлем құрату, жазу не сурет салу кезінде дұрыс отыру, қаламды дұрыс ұстауға үйрету көзделеді. Дәптердің қажеттігі, оның беттері, дәптер жолы, оң жақ, сол жақ шеті, төмен жағы, ортасы деген ұғымдарды игерту де осы кезеңде іске асырылады. Кесінді әліппеден тапқан дыбыстарды дәптер жолына орналастыра білуге жаттықтырады.
Өтілген дыбысқа орай балаларға тәрбиешінің айтуы бойынша
қара қарындашпен (дұрысы сурет контурын салу) суреттің астына сөздің дыбыстық құрамын белгілермен белгілету.
Балалардың қолын жаттықтыру үшін тақтаға түрлі-түсті бормен жаздырып дағдыландыру қажет. Балалардың саусақтары тез шаршайды, сондықтан, саусақ бұлшық еттерін жетілдіру үшін арнайы жаттығулар жасалады. Ол үшін тақтаға бормен түрлі ирек, ілмек, сопақша, ұшбұрыш, тік төртбұрыш сияқты ырғақтық өрнектерді жазу игеріледі. Балалар баспа әріптерді жасағанда кейбір элементтерінің, бөлшектерінің қай жаққа қарай өзгеретінін сызықтың бағыты бойынша айтып беруге тиіс.
Сауат ашу кезеңінде балалардың психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерімен тікелей санасқан жөн. Осыған орай, тәрбиеші-әдіскерлер сауат ашу жұмыстарын түрлендіріп, мақсатты ойындар мен ырғақты қимыл-қозғалыстар, бейнелеу өнері, математика, айналамен таныстыру, әсіресе, балалардың тілін дамыту, пәнаралық байланыстардың негіздерін қолдана отырып, бағдарлама мақсатын шығармашылықпен жүзеге асыруға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |