Атай мен Матай



Дата27.03.2018
өлшемі72,79 Kb.
#39659
Атай мен Матай

Атай мен Матай


( Журналист Матай Айнабеков туралы бір үзік сыр)
Ақ бұлттар армандарға жетелеп,
Талпынамын биіктерге жетем деп.
Ой-санамды мазалайды сан сұрақ,
Бұл өмірден не тындырып өтем деп.
Осылайша ақын Матай Айнабеков өмір туралы өз ойларын ойып тұрып өлең жолдарына түсірген еді. Бұл 80-ші жылдардың бас кезі болатын. Мен Мәкеңмен біраз жыл облыстық радиода редактор болып бірге қызмет атқардым. Бір күні бөлмеме келіп:
– Әли, сен де ақынсың ғой, мына бір дүниені түнде қағазға түсіріп едім, қандай алып-қосарың бар?– дегені әлі есімде. Жазған туындысы жақсы екен, маған ұнады. Бір-екі жеріне бірлесе түзету енгіз­геннен кейін жоғарыдағы өлең шумақ­тары былайша аяқталды:
Жомарт көңіл дарқандығын қалаймын,
Адал өмір сұлулық деп санаймын.
Жарқын ашық аспаныма өмірдің,
Қанат қағып қиялыммен қараймын.
Иә, ол өмірге осылайша ақын көзімен қарай білді. Жаны таза, ары пәк, қарымды қаламгер, белгілі журналист Матай Айнабеков келер күндерге ерекше құштар еді. Өкінішке қарай, ол өмірден ертерек кетіп қалды. Бірақ, бірге жұмыс істеген әріптестері мен қызметтес жолдастары оны еш ұмытпақ емес.
Бұқар жырау ауданындағы алақандай Ақжар аулында 1937 жылы дүниеге келген Мәкеңді жерлестері сүйіп, ерекше құреттейтін. Оған дәлел 2010 жылдың 19 қыркүйек күні Керней елді мекенінде «Майдақоңыр Матай ақын» деп аталатын Айнабековті еске алу кешінің өтуі. Сол күні мәдени шараға халық көп жиналды. Алдымен Керней орта мектебінің акт залында «Ақ мылтық журналист, сатирик, ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ағамыздың өлеңдері мен қолжазбалары, әр жылдарда түскен суреттері көрнекті жерлерге ілініпті. Көзі тірісінде жарық көрмеген «Шоңқиған шолжың» кітабы да келушілердің назарына бірден ілікті.
Екі сағатқа созылған әдеби кеште ауыл әкімі Назар Мағзұмов, «Ақжар» аулының тумасы, зейнеткер Ақтай Бейсенбеков, ағамыздың шәкірті Мақсұтхан Ақышев, өмірде бірге жүрген қимас досы Пасеп Аринов, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Тілеуқабыл Байтұрсынов, Мәкеңнің жұбайы Қаршыға Айнабекова және осы жолдардың авторы жиналғандар алдында ардақты аға­мыз жайлы тебірене тіл қатып, өткен күн­дерден қызықты естеліктер айтты. Оның азаматтығы мен парасаттылығына, шығар­машылық ізденістері мен қарымды қаламгерлігіне жан-жақты тоқталып өтті.
Матай Айнабеков – ұзақ жылдар бас­пасөз саласында жемісті еңбек етіп, журналистика саласының барлық жанрын терең меңгерен жан. Ол тек лирик ақын, тілінің шымшымасы бар сықақшы, межелі ойымен мертіктіретін фельетоншы ғана емес, тамаша аудармашы да болды. Орыс, эстон, украин, белорус ақындарының көптеген өлеңдерін қазақшаға аударған еді. Сол күнгі кеште мектеп оқушылары М.Тілеубаева, Ж.Қалтаева, А.Бейсенбекова, Е.Мұқанов К.Дүкенбаевалар Мәкеңнің өлеңдері мен аудармаларын нақышына келтіре оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Матай ағамызды алғаш рет мен 1977 жылы көрдім. Ол кезде облыстық мәдениет басқармасында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратынмын. Бір күні ол әкесі Сәбит ақсақалды ертіп, бөлмеме келді. Бұйымтайы сол – анасы Дина апайдың сырмағын іздеп жүрген көрінеді. Анасы он саусағынан өнер тамған, керемет ісмер, қазақи ою-өрнек оюдың қас шебері екен.Мән-жайды білген соң, бастыққа барып «Атай мен Матай» келді дегенім бар.
Сол жылы Дина апайдың қолдан сыр­­­ған сырмағы Алматыда өткен республика­лық, іле-шала Москвада өткен қол өнер ше­берлерінің Бүкіл одақтық байқауларына Қа­рағанды облысы атынан жіберілген екен. Нәтижесінде сарапшылардың назарына бірден ілігіп, екі бірдей байқауға бірнеше елден келген дүниелерді шаң қаптырып, жүлделі бірінші орындарды жеңіп алыпты. Соңында, әлгі көздің жауын алатын Дина апайдың сырмағын москвалықтар Қарағанды облыстық мә­дениет басқармасына хабарламастан, бір­ден Финляндияда өтетін қолөнер ше­бер­лерінің Дүниежүзілік байқауына қа­тыссын деп ұйғарым жасапты. Осылайша, қадірменді қарияның қолынан шыққан, ұлттық өнеріміздің жауһар дүниесін жал­пақ жұртқа жария еткен сырмақ КСРО-ның намысын қорғап, Еуропа төрінен бірақ шығыпты. Осы аралықта апталап айлар өткен. Сырмағынан көзжазып қалған ауылдағы анамыз оны тоса-тоса тағаты әбден таусылған ғой!
– Алып кеткендеріне көп уақыт өтті, маған медальдарың да, жүлделерің де көк тиынға керегі жоқ, көзмайымды тауысып, күні-түні тіккен сырмағымды тауып әкеліңдер! – депті бір күні Дина апай баласы мен әкесіне қатты ашуланып. Содан анамыздың аманатын орындау үшін олардың облыстық мәдениет басқармасына жоқ іздеп келген беті екен.
Жағдайдың мән-жайын түсіндірдік. Атай болса айтқанымызға көнер емес. Матай болса басын изеп, келіскен болды. Қанша айтқанмен өмірден түсінігі бар, көкірегі ояу, көзі ашық азамат емес пе!
– Жоғалған жоқ, келеді. Апаға апарып береміз,– дедік. Ондайда уақыт өте қоя ма?! Әр күнің бір жылдай көрінеді. Ақыры араға алты ай салып, әрең дегенде Еуропаны кезіп жүрген «сырмаққа» қолымыз жетті-ау! Ол жақтан олжалы оралып, Финляндия­да өткен Дүниежүзілік өнер байқауының «алтын» медалін еншілепті. Бұл дегеніңіз тамаша жетістік қой! Қазақтың ауылдағы қарапайым қариясының қолынан шыққан дүние әлем халқын осылайша қатты таң­дандырыпты!
Осынау тамаша жетістікке облыстық Мәдениет басқармасының бастығы, парасаты да пайымды, ұлтжанды азамат Мақат аға Рымжанов балаша қуанды. Ол кісінің арнайы тапсырмасымен Алтын медальға қосымша басқарма тарапынан бір дорба тарту-таралғымызды жасап, оны облыстық Халық творчествосы үйінің сол кездегі директоры Зейіт Қапжаппаров екеуміз анамызға арнайы апарып бергеніміз бар. Шешей туралы кезінде 1979 жылы белгілі журналист А.Жанғожин плакат шығарып, «Қазақстан әйелдері» журналына да жазған.
Матай ағамыз облыстық радиода біраз жыл редактор болып жұмыс істеді. Көбіне өнеркәсіп саласындағы «Өндірісті өлке» бағдарламасын жүргізді. Ара-тұра басқа да хабарларды дайындайтын еді. Қай тақырыпқа қалам тартса да қамшы салдырмайтын, тілі жатық, сөзге шешен нағыз ақмылтық журналист болатын. Әсіресе, очерк, суреттеме, радиорепортаж жазған­да ирімдерін иіп әкеліп, тыңдарманын тәнті ететін. Материалдардың мәтіндерін күн ілгері үйде немесе кабинетінде жазып келмей, бірден «диктовка» жасайды. Машинисткалар Алтын Мұстафина мен Өкила Серікова Мәкеңнің баппен айтып отырған сөздерін рахаттана басатын. Бұл кез-келген журналистің қолынан келе бермейтін, нағыз қас талантқа тән қасиет еді.
Ағамыз жаратылысынан ақ көңіл, өтірік айтуды білмейтін, бала мінезді, аңғал болатын. Көмек сұрап келген кісілердің кө­ңілін қалдырмай, ұдайы қамқорлық жасап жүретінін талай рет көрдік. Достары көп болды. Жасыратыны жоқ, кейде темекісін тартып жүріп, жұмысқа іздеп келіп, ризалық танытқан жігіттермен ара-тұра «жүз грамдатып» қоятыны да бар еді. Бір күні Мәкең:
– Әлеке, Қарқарлы ауданына іс-са­пар­ға барып қайтайыншы. Ауыл шаруа­шылығының өзекті мәселелері мені қатты толғандырып жүр,– деді. Ол кезде облыстық радиода Бас редактордың орынбасары қызметін атқаратынмын.
– Барсаңыз-барып келіңіз. Бағдар­ламаға тұздық болар біраз материалдар әкелесіз ғой! Әрі ақын жанды азаматсыз, қасиетті Қарқаралыдан қанаттанап, шабыттанып қайтқаныңыз жөн!,– деп әзілдедім де, өтініш құжаттарына іркілместен қол қойып бердім.
Сол жолы ұмытпасам, Матай ағамыз Қарқаралы ауданында екі күн болды. Біраз шаруашылықтардың қордаланып қалған проблемаларын көтеріп, ауыл өңірінен радиорепортаждар топтамасын дайындап, қалаға кеш қайтыпты.
Ол кезде халықтың журналистерге деген ықыласы тіпті ерекше еді. Содан болар қонақжай қарқаралылықтар коман­дировкаға келген қарағандылық журналис­ті «жақсылап» күтіп, тоя тамақтандырып, түн­делетіп шығарып салған ғой!
Далада күн болса суық. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы бет қариды. Жолда келе жатқанда қызметке жаңадан тұрған Керім деген шопыр жігіт Ботақара кентінен өте бере Мәкеңнен қайда тұратынын сұрап, үйіне жеткізіп салмақ болады. Сағат түнгі 12-нің шамасы болса керек, манадан бері маужырап, ұйқылы-ояу отырған Матай ағамыз «..Юго... Востокта тұрамын»,- депті. Әлгі шопыр бала «Юго ...Восток» дегенді «Восток» деп ұғыпты да, сол жерден кері бұрылып, Қарқаралы ауданының жолда қалған «Восток» совхозына бірақ тартыпты.
– Аға, ертерек айтпайсыз ба? Қанша жерге келгенімізді білесіз бе?!– деп қатты ашуланыпты. Тізгіншінің сөзіне онша мән бермеген Мәкең басын бір изеп, жайлы орында жайғасып отыра беріпті. Со­дан түннің бір уақытында шамамен сағат сол екі - үштерде «Восток» совхозына келіп, Стройтельный көшесін іздесін-ай! Ауылда ондай көше қайдан келсін! Ана үйдің, мына үйдің шарбағынан секіріп, енді бірінің есігін қағып, қайсы бірінің итіне таланып, әбден шаршаған шопыр жігіт машинасына келсе, Мәкең сыртқа шығып, темекісін тартып тұр дейді.
– Әй, бауырым-ау! Қайда жүрсің, не із­деп жүрсің?– депті.
– Не іздеуші едім, сіз тұратын көшені, көп қабатты үйді іздеп жүрген жоқпын ба! –деп алақанын жайып, ашуланыпты.
– Е..е..солай де.!. Ендеше, ашуланба бауырым! Ағаңнан бір әбестік кеткен шығар, мен тұратын көшені даладан емес, енді қаладан іздейік,– деп еріксіз езу тартыпты Мәкең.
Жолда келе жатып жүргізуші жігіт Матай ағамыздың «Юго-Востоктағы» мекен-жайын жаңсақ естігеніне қатты өкініпті. Өзі сәл Қожанасырлау болатын. Әйтеуір, аман-есен таң ата қалаға жетіп, Қарағандыдағы Мәкең тұратын құтты шаңырақтың құлпын ашқан көрінеді.
Осы бір қызықты сәт есіме оралып, Керней аулындағы кездесуге жиналған жұртшылық алдында өткен күндерден біраз сыр шерткенім бар.
Сол күні ән мен күйге бөленген әдемі кештің соңында ауыл тұрғындары ақын, журналист, сатирик Матай Айнабековтің аруағына құран бағыштап, балалары дүр­кіретіп ас берді. Мәкеңе арналған осы күнгі мәдени шара бейне таспаға тү­сіріліп, қысқартылған нұсқасы қазақ және орыс тілдерінде 2010 жылдың 22-ші қарашасында Қарағанды облыстық те­леарнасының «Жаңалықтар» бағдарла­масынан көрсетілді. Немерелері атасының кім болғанын біліп жүрсін деп, келесі күні көшірмесін жеңгемізге сыйладық.
Қарағандыға қайтып келе жатып, жол үстінде Тілеш екеуміз Мәкеңнің магнитофон жоғалтқанын сағынып еске алдық. Өзіміз куә болған бұл оқиға жетпісінші жылдардың соңында болған еді. Ағамыз ол кезде облыстық радиода редактор болып қызмет атқаратын.
Кеңес Одағы кезінде 7-қараша күні ерекше тойланатын. Айтулы шараға ар­налған мерекелік жиындар алдын ала жер-жерлерде жиі өткізіледі. Сондай кезекті бір басқосу Қазақстан Магниткасында болды. Атағы айдай әлемге танымал Теміртау металлургтерінің тіршілік-тынысынан арнайы репортаж жазу үшін Мәкең жолға шықты. От жалынға оранған болат балқытушылармен кезде­сіп, металлургтердің сыр-сұхбатын үн­таспаға жазып алыпты. Олардың арасында Социалистік Еңбек Ері металлург Төлеген Адам-Юсупов, қазіргі зейнеткер, Қазақстанның Еңбек Ері, атақты болат балқытушы Арғын Жүнісов те бар болатын.
Шаруаларын бітіргеннен кейін Матай ағамыз кештетіп Теміртау-Қарағанды ба­ғы­тындағы №107 автобусқа мініп, оның соңғы орындығына жайғасқан ғой. Ол кез­де ауа-райы қазіргідей жылы емес, қараша айында 30-40 градус аяз болатын. Күні бойы жаяу жүріп шаршаған, әрі қатты тоңған Мәкең автобус моторының жанындағы жылы орындықта отырып, жолда мызғып кетіпті. Қарағандының қақ ортасына келгенде көзін ашса, қасындағы орындыққа қойған радиомагнитофон жоқ. Әлдебіреулер жымқырып кетсе керек. Кондуктордан сұраса, ол білмеймін депті. Амал жоқ, салы суға кетіп, басын шайқап үйіне қайтыпты.
Таңертең жұмысқа келіп, «үнтаспа-қобдишаны» жоғалтып алдым деп екі қолын жайып, күліп тұр. Жарықтық, бала мінезді, ақ көңіл, аңғал еді. Ол уақытта радиомагнитофон дегеніңіз қасқалдақтың қанындай қат болатын. Әйтеуір, Тілеуқа­был Байтұрсынов бас болып, Бас редактор Федор Кузовков қолдап-қуаттап, ол «ескірген, пайдалану мерзімі өтелген» деп жүріп бастапқы бағасы бас айналдыратын үнтаспаны «списать» етті-ау! Бірақ, бәрібір алты айға дейін ағамыз айлығынан шамалы ақша төлеп тұрды. Шіркін, қызыққа толы сол күндер-ай десеңізші!
Біреуге аға, енді біреуге әріптес болған, белгілі журналист, қарымды қаламгер, ақын-сатирик, жерлесіміз Матай Айнабеков өмірінің соңына дейін 80 жылдық тарихы бар «Орталық Қазақстан» газетінде жемісті еңбек етті. Оның облыс өңірінен жазған мақалалар топтамасын оқырмандар әлі ұмыта қойған жоқ. Осындай асыл азаматтан айырылып қалғанымызға да 15 жыл болыпты-ау!
Әли ТОЙЖІГІТОВ,
тележурналист, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Орталық Қазақстан.-2011.-1 қыркүйек(№142/143).-4б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет