Алынған нәтижелер мен талдаулар. Вакциндеуге дейін және одан кейінгі 3, 7, 14, 21 және 30 күндері тәжірибелік қояндардан гемотологиялық және биохимиялық зерттеуге қан сынамасы алынды, ал қан сынамасын серологиялық зерттеу жұмыстары 90 күнге дейін созылды. Иммундеуден кейінгі 30-шы күні қояндарға тәжірибе жүзінде ауру жұқтырылды.
Вакциндеуден кейінгі дене температурасы қалыптағыдан 1,0 °C-қа артып, қысқа уақытқа күйзеледі. Кей кездері азықтан бас тартып, вакцина егілген орында ауырсынатын тығыз ісік байқалды.
Эмульгирленген вакцинаның иммунделген қояндар қанының морфологиялық құрамына әсерін анықтау үшін гемотологиялық көрсеткіштері зерттелді.
Зерттеу нәтижелеріне келетін болсақ: вакциндеуден кейін эритроцит мөлшері өзгеріссіз қалып, гемоглобин иммундегеннен кейінгі 7 күннен бастап 3 %-ды, максимальды көтерілуі 14 күні 7,2 %-ды, ал 21-30 күндері гемоглобин көлемі 3,4 %-3,1 % болды.
Лейкоцит мөлшері вакцинациядан кейінгі 3-күні 16,8 %-ға көтерілді. Лейкоцитоз 7, 14, 21 күндері 21,9 %-ды, 25,3 %-ды және 23,6 %-ды құрап, ал 30 күні 4,7 %-ға төмендеді.
Лейкоцитарлық формулада таяқшаядролы нейтрофилдердің төмендеуі салдарынан лимфоциттердің, сегменттіядролы нейтрофильдердің, моноциттердің мөлшері артатыны байқалды. 7-ші күндері – 14,8 %-ға, 14-ші күндері – 11,8 %-ға сегменттіядролы нейтрофильдің мөлшері артып, таяқшаядролы клеткалардың мөлшері 3,7 % және 5,6 %-ға төмендеді.
7, 14, 21-ші күндері моноцит мөлшері артып 14,3 %, 20,2 %, 12,5 %-ды құрады. 7-14 күндері вакцинделген жануарларда лимфоцитоз 12,2 %-ды және 15,9 %-ды құрады.
Алынған деректерді талдай келе, иммунделгеннен кейінгі 7-ші күні егілген вакцина әсерінен жалпы белок құрамы 8,7 %-ға артып, 21-ші күндері де сақталатындығы, ал 30-шы күндері жалпы белок деңгейінің физиологиялық қалыпта, болатыны дәлелденді.
Иммундеуден кейінгі 7-ші күні тәжірибелік қояндарда альбуминдердің 12,4 %-ға төмендегені байқалса, сәйкесінше 14-ші және 21-ші күндері альбуминдердің 15,1 % және 3,7 %-ға төмендегенін ескеру керек. 30-ші күндері альбумин мөлшері физиологиялық қалыпта болды.
Мұнда, γ-глобулин деңгейі 7-ші күні 11,1 %-ға, 14-ші күні 12,4 %, 21-ші күні ол одан да жоғарылап 20,3%-ға дейін жетті. 30-шы күндері иммунделген қояндардың қан сарысуы құрамындағы γ-глобулин деңгейі бастапқы деңгеймен шамаласты.
γ- және β-глобулиндері мөлшері вакцинделген қояндардың қан сарысуын зерттеу барысында аздаған ауытқулар ұшырасады.
Ауыл шаруашылық малдарының пастереллезіне қарсы эмульгирленген вакцинамен егілген қояндардың антидене түзуін зерттеу, жалпы ақуыз және оның фракцияларының өзгерістері мен қанның морфологиялық құрамына вакцинаның әсерін анықтаумен қатар жүргізілді.
Пастереллездік гемагглютининдердің орташа геометриялық титрінің динамикасы тәжірибелік қояндарда 7 күннен бастап артып, 1:175 ± 0,18 құрайтынын көрсетті.
Бұдан кейінгі антидене титрінің өсуі 14-ші күні 1: 269 ± 0,15, 21-ші күні 1:372 ± 0,17 болып, ал 30-ші күні пастереллездік гемагглютиндердің титрі 1:110 ± 0,21 төмендеді. 60-90-шы күндері антидене титрі 1:18 ± 0,23 және 1:8 ± 0,20 құрады. Вакциндеуден кейінгі 14-21 күндеріндегі тәжірибелік қояндардан алынған қан сарысуы P. multocida 90 штаммының уытты өскінімен енжар егілгеннен кейінгі залалданған ақ тышқандарды 75 %-80 % қорғайды және ауыл шаруашылық малдарының пастереллезіне қарсы эмульгирленген вакцина иммунделген тәжірибелік қояндарда қажетті деңгейде күшті иммунитет қалыптастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |