6.2 Әлеуметтік арналымының бюджеттен тыс қорлары Мемлекеттік бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар сан алуан әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мақсатты ақшалай қаражаттарды қалыптастыруға және пайдалануға арналған. Олардың құрамы, бағыттылығы мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатымен, қоғам дамуының бұл кезеңіндегі оның мақсаттарымен, сонымен бірге экономиканың мүмкіндіктерімен анықталады.
Қазақстанда қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың бұл нысанын қолданудың тәжірибесі жинақталған. 1995-1998 жылдар ішінде мына әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар жұмыс істеді:
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры;
Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры;
Міндетті медициналық сақтандыру қоры;
Жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қоры.
1998 жылдан бастап зейнетақы реформасын жүргізумен байланысты бұрынғы Зейнетақы қорының – Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қалыптасу және пайдалану тәртібі өзгерді. Осы кезеңнен бастап Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорымен қатар, жеке зейнетақы қорлары қызмет ете бастады.
Міндетті зейнетақы жарналары кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңи және жеке тұлғалардан (жұмыс берушілерден) табысты төлеу көзінен ұсталынды және өнімді, жұмыстарды, қызметтерді өндірудің шығындарына жатқызылды. Жарналардың мөлшерлемесі еңбекке ақы төлеу қорының 15%-ы мөлшерінде белгіленді.
Міндетті зейнетақы жарналарынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары бұл қорларға еңбекке ақы төлеу қорының 10%-ы мөлшерінде қосымша зейнетақы жарналарын аударып отырды. Сөйтіп, жаңа зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңінде жарналардың жалпы нормативі еңбекке ақы төлеу қорының 25%-ын құрады.
2013 жылдан бастап Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде Бірегей жинақтаушы зейнетақы қоры құрылып, барлық жеке зейнетақы қорларының қаражаттары бір қорға біріктірілді.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры еңбекке ақы төлеу қорының 2% мөлшерінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жалақы қоры бөлігінде шетелдің қатысуымен және шетелдік заңи өкілдікті қоса, жұмыс берушілердің міндетті сақтық жарналары есебінен қалыптасты. Бірқатар ұйымдар үшін жеңілдіктер қарастырылды.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды, жұмыссыздарды қайта даярлауды және қайта оқытуды, мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қаржыландырды.
Әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша, жүкті болғанда және босанғанда берілетін жәрдемақыларды төлеуді, бала туғанда және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыларды, сауықтыру сипатындағы қызметтерге ақы төлеуді қаржыландырды.
Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаттары есебінен медициналық ұйымдардың немесе жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдардың, келісімшарттардың шарттарына сәйкес сақтандырылушыларға медициналық қызметтер көрсету жөніндегі шығыстар өтеп отырылды. Қор міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасының шеңберінде медициналық ұйымдарда немесе медициналық қызметтер көрсету жөнінде Қормен келісімшарттар жасаспаған, жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдарда медициналық қызметтер алған жағдайда сақтандырушылардың шығыстарын өтеп отырды.
Міндетті әлеуметтік аударымдар алымын жинауды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушысынан айырылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлемақылар төлеуді жүргізуді заңи тұлға ретіндегі Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры (Қор) жүзеге асырады. Қор – акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым, оның бірден-бір құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылады. Ол азаматтардың еңбек ету қабілетінен, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуына әкеліп соқтыратын жағдайлар туындағанда, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында құрылған.