АТЛАНТА...
ЖОҚ, АМЕРИКА САПАРЫ
(Жанрсыз жазба)
Бұл өзі ойламаған жерден болды..
Қызметтен отырғанмын, телефон шырылдады, трубканы көтердім.
– Сәлематсыз ба? Бұл «Тарнсатлантикгруптан» Әбілеков Дархан деген балаңызбын. Сізге жолығайын деп едік, өзіңізде боласыз ба?
– Боламын.
– Қазір келеміз онда.
Дархан демде-ақ келді. Қасында қызметтес жігіті Талғат бар. Амандастық. Таныстық.
Дархан пысық жігіт болып шықты. Жымиып қойып қалжыңмен бастады сөзін:
– Сізді Атлантаға жіберейік деп едік.
– Иә...
– Әрине, тегін емес. Біз жолдама береміз, сіздер соның пұлына біздің жарнама, хабарландыруларымызды жариялайсыздар. Шартқа тұрамыз.
– Жарайды.
– Кім барады?
– Қайдам?
Дархан таңданды:
– О не дегеніңіз?! Өзіңіз барыңыз. Бұл – өмірде бір-ақ рет болатын мүмкіндік.
– Көрейік.
– Ойланыңыз. Біраздан соң келеміз, шартты толтырамыз.
Екі жігіт кетісімен, ұжымды жинап, естіген әңгімені айттым. Атлантаға кімнің баруы керектігін сарапқа салдым.
Редакция қызметкелері де Дарханның айтқанын айтты:
– Өзіңіз барып қайтыңыз.
– Жол – сіздікі.
Жасыратын не бар, баруды шеккі көрмегеніммен, жолдама ешкімге еншіленіп берілмегенін ескеріп бас салып «Барам-барамға» баспап едім, мұным жөн болды, жігіттер қос көрді.
Шарт жасалынды.
* * *
Жер – шалғай, жол – алыс.
Көңіл қобалжиды.
Естігеннің бәрі итермелейді, менің екі ойлы болғаныма кәдімгідей таңданады.
Америкаға барудың барлық жағы ойша таразыланып барып орнықты көңіл.
Жолға шығу тірлігі басталды. Бір жақсысы, бай болғыр Дархан мен Талғат бұл жұмысты тап-тұйнақтай етіп дереу атқарып шықты.
Маған әлем құлақ түріп, көз тігіп отырған Атлантаға аттанатын күнді – 28 шілдені күту ғана қалды.
Осы тұста бір кілтипан килікті. Дархан екеуміз жасаған шарт «Тансатлантикгрупп» вице-президенті В.Ким мырзаға ұнамапты.
– Онда қойдық.
Дархан көнбеді.
– Аға, ештеңе жоқ, бар болғаны сіздердің газеттің шаршы сантиметріне қанша ақша алатындарыңыз жөнінде анықтамаларыңыз ғана керек.
Анықтама бердік.
Шаруа бітті.
Жоқ, бітпепті.
24 шілде күні Талғат келіп тұр.
– Аға, сіз ертең сағат 9-да Алматыда болуыңыз керек. «Трансатлантикгрупп» қызметкерлері сізді сағат 10-да Америка консулына ертіп апарады. Сол кісі сізбен әңгімелесуі керек.
– Басқалар ше?
– Олар бармайды. Елшілік сізді шақыртыпты.
Тағы қобалжу. Мұнысы несі? Бұл, әрине, құрметтеп шақыру емес. Күдік пе, күмән бе, бір пәле. Қазір жеті ата, жетпіс жездеңді тексеру саябырсыған тәрізді еді, көріп-біліп жүрміз, бет алғанның бәрі барып, қайтып жатыр шетелге. Сонда қалай, мені, екі қолымен еңбек көсеп өткен, жұмысшы да, шаруа да блған Қалдыбайдың баласын, өз оқырманына адамгершілікті ғана үндеп келе жатқан жазушы-журналисті елден ерек шақырып, рұқсат беру-бермеуді таразы басына салмақ болғаны ма? Намысқа тиеді, әрине. Қитығып біраз отырдым. Шешінген судан тайынас, мейлі, мұнысын да көрейк деп түйдім.
Консулға бірнеше өткелектен (тексеруден) өтіп бардық. Соның өзінде ол әйнектің ар жағында, біз бер жағында тұрып тілдестік. Неге бұлай, консульға ғана белгілі. Маған салса, сонша оқшауланбай, үрікпей әңгімелескен жөн.
Консульдың маған қойған сұрақтары менің Америкаға бару-бармауыма анау айтқандай ықпал ететіндей емес.
– Жолдаманы өзіңіз іздеп таптыңыз ба?
– Жоқ, «Трансатлантикгрупп» жігіттерінің өздері іздеп тапты мені.
– Айлығыңыз осы-ақ па, бес мың бес жүз бе?
– Иә.
– Жекеменшік үйіңіз, басқа табыс көзі жоқ па?
– Жоқ.
Консул таңданды ма, аяды ма, белгісіз.
Шіркін-ай, десеңізші бір кезде кедейлігімізді кеудеміз аяқ қаптай болып мақтанышпен айтушы едік. Енді консулмен бірге өз күйімді өзім қомсындым.
– Виза алдыңыз, – деді консул.
– Рахмет! – дедім мен.
Америкаға баратындар қатарына біржола қосылдым.
* * *
Бәсе, елші күмін туғызарлықтай, оның талабынан шықпй қаларлықтай не бар менде?
Менің тегім капиталистік те, коммунистік те талапқа жарай береді. Атам Смағұл мен әкем Қалдыбай – пролетариат, ал, арғы атам Оразбай бай болған. Біздің ата қонысымыздағы Оразбай шеңгелі аталатын үлкен құдық осы беріге дейін Шу ауданындағы «Новотроицк», Абай атындағы кеңшарлардың құмдағы қойын суғаруға жарап келген. Атам мыңғыртып мал айдамаса, бай болмаса, құмнан шеңгелдетіп тұрып отар-отар қой, келе-келе түйе су ішкенде ортаймайтын орасан үлкен құдық қаздырар ма еді? Ал, нағашы атам Ыдырыстың әкесі Есболат – Шу сыйқымдарының кәмпескеге түскен атақты байларының бірі. Мен – солардың ұрпағымын.
Нағашы атам Ыдырысты аумалы-төкпелі кезеңде қара шекпенді атып кеткен.
Смағұл атам жерімізге алғаш орыстар келіп, қазақтармен қақтығысып, зеңбіректен, тағы басқа оқпандардан оқ бүріккенде егіз ұлы Қалдыбай мен Сәлімбайды жүйрік шабдар айғырына міңгестіре қашып, Шудан жалдап өтіп Пішпек барып паналаған. Атамның өзі де, екі ұлы да Пішпектің ғажап ұсталары болған. Қалдыбай жасаған кісенді ешқандай ұры аша алмайды екен. Әкем күзде тағалап берген атын иесі көктемде мініп келіп, тағасын шығартып әкететін көрінеді. Сонда алты ай қыста тағасы кішкентай бір босамайды екен.
Ал, өзім – кеңестік дәуірдің бел баласымын. Әкем Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарына ұста болып көшіп келген соң, яғни 1939 жылдың наурыз айында дүниеге келгенмін.
Ол кездегі Кербұлақтың басынан аяғына дейін өзенді жағалай отырған ел қазір жоқ, Кербұлақ – алыс қыстау. Тау елі 1949 жылы Шу бойына қоныс аударған. Менің де, мен сияқты талайдың да өкініші – кіндік қанымыз тамған үйлердің орны да қалмаған.
Ал, сол кездегі Кербұлақ ауылы – өлсем о дүниеге бірге ала кететін сұлу сурет. Менің балалығым өткен қырқыншы, елуінші жылдарғы Кербұлақ жері де, оның адамдары да сол күйі көз алдымда. Арқа еті – арша, борбай еті – борша болып жүріп шиеттей жан, шикі өкпе бізді асырап-сақтаған Қалдыбай әкем мен Айша апам (марқұмдар), Әміржан әкпем (шешем) және біз – сегіз ұл-қыз өміріміздің ең жақсы күндерін Кербұлақта қалдырдық. Жазушылық ғұмырымда мен Кербұлағымды жаңылмай, жалықпай жазып келемін. Қазір романымның да басты арқауы – өзім өмірге келген осы өлке, Кербұлақ балалары. Роман біте қалсын, шыға қойсын деп жүрген мен жоқ, асықпай жазып жүрген жай бар. Қаламақы қуып жазған, асыққан кез болған, мемлекеттік баспалар бірде-бір шығармамды шаң қаптырып көрген емес. Ал, қазіргі қолына қалам алған ағайын қалталы демеушіге жалтаң көз болған тұста жан баласына қол жайғым жоқ. Жазушының міндеті – жазу. Мен білетін бір шындық – жақсы дүние жазған екенсің, жерде қалмайды. Күн жақсарар, баспагерлер пейілденер, сол кезде көрерміз деп қол қусырып отырған қаламгер жоқ, әрине. Мен де соның бірімін.
Шынын айту керек, жұмыс істейтін жазушы ретінде менің бар уақыт, білім-білігім қызметіме жұмсалады. Коммунистік идеологияның, енді Қазақстанның мемлекеттік саясатының жауынгерімін.
Америка консулына бола ма, басқаға бола ма ұнайын-ұнамайын мен – қазақпын. Қазақ қазір жер шарының бәріне бара алады, ел қатарды алшаңдап жүре алады.
Бұл – бақыт!
* * *
Жамбылдықтардан шағын топ құрылдық.
Ақсақалымыз – облыс жұртшылығына жақсы танымал азамат Смағұл Әбілеков, тәжірибелі де іскер басшы Григорий Семенченко, сол басқаратын «Әулиеата» жабдықтау мекемесінің қызметкері Шәкір Махмудов, үш жас жігіт – Талғат Нұралиев, Қуан Құрманов, Көпбосын Қуанышбеков және мен.
Алда Америка.
Бірден айту керек, ол күндері Америкадан гөрі Атланта ауызға көп алынатын. Сонда бару, олимпиада ойындарын тамашалау қолымнан бірдеңе келеді дейтіндердің бәрінің көкейін тескен құрт еді.
Міне, осыны білген де атақты бокс бапкері Юрий Цхай бастаған бір тп іскерлер осы топты – «Транатлантгрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құраған. Сөйтіп олимпиадалық лотерея ойынын өткізген, Атлантаға үш дүркін туристік топ алып бармақ болған. Біз – соның үшіншісіміз. Әлбетте, бизнес болған соң, шығысты кіріс басуы керек. Дегенмен, жұрт қыруар ақшаға жолдама алған екен, сонысына лайық қызмет көрсетілуі тиіс. Көп болған соң әр түрлі мінез бар, соған артық-кем пікір болады. Меніңше, «Трансатлантгрупп» туристер сапарларын өте жақсы ұйымдастырды. Бірен-саранымыз болмаса, өңшең ағылшын тілін білмейтін «мақауларды» қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бастап барып, аман алып қайту аз машақат емес. Ол үшін орасан зор мұқият ойластырылған дайындық керек, белгіленген шараларды жүзеге асыратын әбжілдік қажет. Трансатлантик жігіттері бұл үдеден шықты. Бұл айтқаным алдағы әңгімелерде көрініс алар, әзірге өстіп бір түйіндеп қойған жөн болар.
* * *
Біздің сапарластарымызға олимпиадалық ойындардың финалдық бөлігін тамашалау бұйырған екен. Жұрт спорт бәсенелеріне ентелеп асықты ма, жоқ па, ол басқа әңгіме. Мейлі, сөйткен күннің өзінде күні бұрын жасалынған маршрут бар, одан ауытқуға жол жоқ. Ал, біздің маршрутымыз бір ғана спорт жарыстарын тамашалауға құрылмаған, әрі-бергі жолды алып тастағанда АҚШ-та болатын он күннің төртеуі ғана Атлантаға арналған, қалғаны туризмге берілген. Бұл дегеніңіз, ел, жер көру. Онда да Американы, Трансатлантгрупп» қызметкерлерінің көзімен көру, гидтердің айтқанын тыңдау жазылған пешенемізге.
Жазушы-журналист Америкаға барып қайтқан екен, жазуы керек деп ойлайды жұрт. «Жаз» – деп қолқа салғандар да, газетке көз салып жүргендер де бар.
* * *
Энциклопедия тілімен айтсақ, Америка – Батыс жарты шарының әлемнің екі құрлықтан тұратын бөлігі.
Солтүстік Американың солтүстік-шығыс жағалауы мен Гренландия аралын алғаш рет 900 жылдары шамасында нормандар ашқан. Оңтүстік Американың солтүстік жағалауының бір бөлігін, Солтүстік Американың Кариб теңізі жағалауының оңтүстік бөлігін 1492-1503 ж.ж. Христофор Колумб ашқан. Дүниенің бұл бөлігі Италия теңізшісі Америго Веспуччидің есімімен аталады. Ол Батыс жарты шардағы Христофор Колумб ақшан жерлер бұрын белгісіз болып келген дүниенің жаңа бөлігі екендігі туралы алғаш пікір айтқан.
Х. Колумб ашқанға дейін Американың байырғы халқы үндіс тайпалары мен эскимостар болған. Европалықтар келіп үстемдік жүргізгенде жергілікті халықты адам төзгісіз қуғындау, қанау тәртібін орнатқан. Мұнда отарлаушылармен бірге неше түрлі аурулар да келген, одан үндістер көп қырғынға ұшырап, күрт азайған, кейбір тайпалар мүлдем құрып кеткен. Олардың орнына Африкадан құлдар, яғни негрлер әкелінген. Американың қазіргі халқы бұрынғы европалықтар құл ретінде әкелген африкалықтар және жергілікті үндістер ұрпақтары. Олар тегіне қарап ұлтқа бөлмейді, қазір өздерін американдықпыз деп атайды.
Мұны жұрт Америкаға бармай-ақ біледі. Ал, барған-көрген екенсің, онда сөз басқа. Көргендер мен көңілге түйгендер дейтін әңгіме пайда болады.
Сонымен біздің барып қайтқанымыз Америка, дәлірек айтсақ, Америка Құрама Штаттары.
* * *
Әлемнің саяси, экономикалық қарым-қатынасында АҚШ атқарар роль ерекше. Мұны көзі қарақта жұрттың бәрі жақсы біледі. Соның бірі – менмін. Білеміз, ана бір жылдары төрткүл дүниенің қай түкпірінде болмасын, кішкентай бір толқу шықты екен, сол жерге дереу танкісін гүжілдетіп, ұшағын гүрілдетіп АҚШ пен КСРО жететін. Ерегіскен екі елдің бірін АҚШ, екіншісін КСРО қолдап шыға келетін. Бізге АҚШ зұлымдық зәрін шашушы, КСРО әділдік туын желбіретуші болып түсіндірілетін. Рас, Америка халқының өмір сүру деңгейі жоғары, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің мәдениеті, көрсеткіші әлде қайда озық екені айтылатын. Есесіне бізде АҚШ-ты қуып жетеміз, басып озамыз дейтін өрекпу сөздер желдей есіп, еңсемізді өсіретін, қарық қылатын. Ал қорғаныс қуаты жағынан біздің алдымызға түсерлік ел болмайтын.
Америка КСРО-дан, КСРО Америкадан қорқып, қаймығып отырған күн келмеске кетті. КСРО жойылды. Америка Россияға да, одан бөлініп шыққан мемлекеттердің ешқайсысына да қаруын ала жүгірген жоқ. КСРО-ның мұрагері – Россия да Американы ағаш атқа отырғызуын тоқтатқан. Еларалық қатынастар жақсы жағына қарай өріс алған. Америка – демократиялық ел. Россия да, одан бөлініп шыққан мемлекеттер де бұл жолға енді түсіп отыр. Американың бізге құбыжық қылып көрсеткендегідей емес екендігін қазір екінің бірі біледі.
Тегі қарапайым халық саясат деп аталатын шіркінді ешқашан толық түсініп болмайды. Саясат қай мемлекеттің болмасын ақылы асқан адамдары араласатын үстемдік, билік жүргізуге бағытталған өте күрделі тірлік. Ол – пышақтың жүзіндей қауіпті ойын, қулық-сұмдық, айла-шарғы шоғыры. Қалың бұқараға түсінікті болса, ол тылсым, ғажайып күшінен айырылар еді. Сондықтан саясатқа тартылғандар оны қиыр-шиыр етіп жүргізеді. Бізге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жетіп жататын «шындық» – идеологтар сөзі. Саясат тілінде тамыр жоқ, қалай тартса, солай созылады. Біз де саясатты, оның ішінде АҚШ жөніндегі саясатты тамырсыз тілден шыққан, тап мүддесін көздеп айтылған сөздер арқылы қабылдап өскен ұрпақтармыз.
Америка қайда деп асығарсыз, оқырман. Асықпаңыз, жолжазба осындай оны-мұныдан басталып барып өрістейді, нанбасаңыз Лениндік сыйлық алған Юхан Смуулдың «Мұз кітабын» оқып көріңіз, ол жолға қажеттіден қанша шұлывқ алғанына дейін тәптіштеп жазады. Мен де сол үрдіспен біраз жерге барсам болар еді, қазір – асығыс заман. Тез жүр, тез тұр, тез айт, тез жаз. Соған бейімделіп келе жатқан жай бар менде де.
Сонымен жердегі бықы-тықы тірлік жерде қалып, Америка аспанында қалықтап келеміз. Бықы-тықының көкесі мынау: қанша тәуелсіздік алдық дегенімізбен, Россия бізге өз өктемдігін қоймапты. Қазақстан туристке шетелге он мың доллар апаруға рұқсат етеді екен, ал, Россия белгілеген мөлшер – бір мың доллар. Маған, қарапайым журналистке мыңы да жетеді, соның өзін әрең тауып алып бара жатырмын. Ал, басқа, бизнес, коммерция деген тірліктің дәмін татып қалғандарға бұл – аз. Содан барып бұл қалай, Рессеймен кеден тұтастығы жөніндегі келісіміміз қайда дейтін сөз шықты. Мәскеу аэропортында декларациясында бір мыңнан астам доллар көрсетілген кейбір ағайындардың қойнына қол сұғылды. Таңданасың, апыр-ау бұл мәскеуліктердің бізде не шаруасы бар? Біз – Мәскеуге аялдамайтын, бар болғаны көлік ауыстыратын жолаушымыз. Мұның мәнісі – Ресей тәуелсіздік алған жас мемлекеттерді уысынан шығарғысы келмейді. Қыбын тауып әйтеуір бір өктемдігін көрсетеді. Әйтпесе, өзімізде барлық тексеруден өтіп жолға шыққан адамды басқа ел заңына теліп, пұшайман етудің қажеті қанша?!
Осында бір ой тоқтатарлық мәселе бар. Біз, туристер, Қазақстан байлығын шашуға кетіп бара жатырмыз. Былай қарасаң, туристер шетелге ел, жер көру үшін барған болады, шын мәнінде, магазиндер мен сауда орталықтарын сабылып аралап, апарған ақшасын қандай да бір тауарға айырбастап қайтады. Бұдан шығатын қорытынды – біздегі туризм Қазақстан экономикасын таратуға қызмет етеді. Меніңше, шетелге барушылардың қалтасына он мың доллар салып беріп, шолжаңдатудың қажеті жоқ. Кішкентай ғана есеп, «Трансатлантикгрупп» олимпиада күндері Америкаға үш дүркін туристер апарды. Әр жолы екі жүз адам барды десек, үш жолғы барғаны алты жүз адам. Солардың әрқайсысының апарған долларын орта есеппен үш мың доллар десек, барлығы 1 миллион 800 мың болады екен. Соншама ақшаға өз өніміміз өтсе, өндіріске де, тұтынушыға да жақсы болмас па еді. Жоқ, бізде өндіріс жоқ, өнім жоқ. Енді шұлыққа дейін шетелден долларға әкелінетін болды. Шетелге кеткен доллар соларға жұмыс істету. Ақшамыз өзімізде айналысқа түспей, өзгеге қызмет етеді. Мұны айтқанда мен бір жаңалық ашып отырғаным жоқ. Ел де, іс тұтқасын ұстағандарда мұны біледі, алайда жұмыс оңға басып тұрған жоқ. Мемлекет шетел инвестициясын тартып, ел экономикасын өркендету жөнінде көп әрекет жасап жатыр. Сөйтіп жүргенде қап-қап ақшамыз, қат-қат долларға айналып туристердің қойны-қонышының толтырып, ышқырына тығылып шетел асып кетіп жатыр. Аяғы неге апарып соғар екен?
* * *
– Қымбатты жолаушылар! Нью-Йоркке жақындап келеміз. Америка үкіметінің халқының денсаулығын қорғау, санитарлық тазалықты сақтау жөніндегі заңына сәйкес, бұл елге ешқандай піскен, шикі тамақ алып кіруге және шығаруға болмайды. Ондай тамақтарыңыз болса, өткізіңіздер.
Америка – Конституцияны, Заңды сыйлайтын мемлекет. Тағамдарыңызды дайындаңыздар, жинап аламыз.
Міне, Америка!
Борт серіктің осы қысқа сөзінің өзінде қаншама үлкен шындық, салмақты ой жатыр. Америка – құқықтық мемлекет. Оның халқы заң талабынан ауытқымайды. Америка жерін басқын, аспанында келе жатқын, оның заңы құрметтелуге тиіс.
«Ауру – астан». Атам қазақ жақсы біліп, әдейі айтқан мына мақалға бізде көңіл бөліп жатқан кім бар, ешкім жоқ. Американдықтар өзге елдің ұшағы экипажына өз талабын айтқызып, жолаушыларына орындатып қойған. Бізде қандай да бір мәселені үлкен-кіші деп жіктеу бар. Біздіңше, мынау кішіге емес, кішігірімге жатады. Біз үлкенді атқара алмаймыз, кішіні елемейміз. Біреудің дорбасындағы тамақ, оны жейтін де, уланып өлетін де өзі, жегізген адамы. Америкадағы қамқорлық – біздегі немқұрайдылық. Америка әр азаматының денсаулығын қастерлейді, күнілгері сақтандырады. Бізде ауырған соң айқайлайды, санэпидстанция індет ошағы белгілі болғанда барып дабыл қағады. Аурудың алдын алу шаралары ойластырылмайды. Американы қарашы, аспанда келе жатқан шетелдік жолаушының өзін елімізге кесел әкеліп жүрме деп ескертуін!
Бізге алматылық ретінде қосылған тегі өзіміздің жамбылдық, іскер азамат Мырзахан Жаңабергенов дорбасынан сала құлаш қазы суырып, ортамызға қойды.
– Қонақ үйде жерміз деп едім, американдықтар асықтырды.
«Ет дегенде бет бар ма». Біз – осы принципті ұстанған қазақпыз. Григорий Арсентьевич болса, Қазақстанда, Арал маңында туған, қазы-қарта, шұбат-қымызды ешқайсымыздан кем көрмейтін адам. Қазыны бұралап шайнап, қауқылдасып отырмыз.
Америкаға таңданамыз, риза боламыз.
Ас та адам сияқты, оның да өз отаны бар. Ол өзін сыйлайтын, сүйсініп жейтін, сіңімді жерінде қадірді.
Америка майлы қазыны мол асайтын ел емес екен. Нью-Йоркке таяғанда жеген қазы, онда сәл аялдап, Майамиге қарап ұшқанда жүрегімізге кілк ете қалды. Америка жері ыстық, ауасы қапырық. Ал, қазы – Қазақстанның кең даласы, салқын желі болмаса, тіліңді аузыңа сығызбайтын қуатты ас. Бір жақсысы, ұшақ ішінде сусын көп, стюардессалар қол қағуды білмейді.
* * *
Сонымен біз Алматыдан таңғы алты шамасында ұшып шығып, жолай Мәскеу, Нью-Йоркті басып өтіп, кешкі жеті шамасында Майами әуежайына келіп қондық. Жолда бір тәуліктен астам уақыт болдық. Сонда қалай? Ол, былай, Алматы мен Нью-Йорктің уақыт айырмасы он бір сағат екен. Алматыдан шыққан күнмен бірге аспанға көтерілген адам түнге ұрынбай күнді қуып отырып Америкаға ұшып жетеді.
Майами – Флорида штатының үлкен қалаларының бірі. Нью-Йорктегі Кеннеди әуежайында да, Майамиде де жолаушылар ұшақтың әуежай үйіне тіке шығады. Ұшақ баспалдағына дейін туннель істетті жабық жол салып қйоған. Ұшақ іші де, туннель де, әуежай үйі де сап-салқын. Кейін білдім, Америка – кондиционерлер елі екен. Мұнда даладан басқа жердің бәрінде кондиционер зырлап тұрады. Қайда кірмеңіз, салқын.
Туристер қайда бармасын, сол ел, жер, қала, қонақ үйі, мұхит, теңіз, өзен, т.б. жөнінде әңгіме аз айтылмайды, арнайы анықтама материалдар да жеткілікті. Кейбір жолжазба автрлары соларды аударып, жанынан бірдеңе қосып жазған болады. Бұл да бір әдіс шығар, мен басқаша, өзімше қалам тартуды жөн көрдім. Дегенде, «Трансатлантикгрупп» қызметкерлерінің Флорида штаты жөніндегі жазғандарынан ептеп келтірейін. Бұдан көзі қарақты оқырманның өзі де біраз нәрсе аңғарады.
Флорида – бұл АҚШ-тың оңтүстік-шығыс штаты. Штат аумағы – 151,9 мың шаршы километр жерді алып жатыр, 3 млн. 452 мың адам тұрады. Әкімшілік орталығы Таллахаси қаласы болып табылады. Ірі қалалары: Майами, Джексонвилл және Тампа.
Флорида жерін испан колонизаторлары ашқан. 1756-63 жылдарғы жетіжылдық соғыс нәтижесінде Флорида Англияға қараған. 1783 жылғы Версаль бейбітшілік бітімімен Флорида Испанияға қайтарылған. 1819 жылы, бұл кезде Флориданы басып алған АҚШ одан Испанияны ығыстырып жібереді. Флориданы мекен еткен үндістердің семинол тайпасы аяусыз қырып-жойылған, аман қалғандары резервацияларға қуып-тығылған. Флорида 1845 жылы АҚШ құрамына құл иелену штаты ретінде енді. 1861-65 жылдары АҚШ-тағы азамат соғысы кезінде Флорида оңтүстік шаттардың құл иелену конфедерациясы құрамына кірді.
Мұнда курорт ісі және цитрус ағаштарын өсіру өркендеген. Флорида қысқы көкөніс өндірумен де ерекшеленеді. Кейінгі кезде мал шаруашылығы өріс ала бастаған. Флорида халқының 12,2 пайызы ауыл шаруашылығында 11,2 пайызы өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек етеді, 27,6 пайызы саудамен, 12,1 пайызы жеке қызмет көрсетумен айналысады.
Фосфорит өндіру үлкен маңызға ие, өнімнің көбі экспортқа шығарылады. Балық шаруашылығы дамыған. Флорида арқылы халықаралық әуе жолдары өтеді.
Осы келтірілген мәліметтен не ұғуға болады? Америка жері түгелдей үндістер мен эскимостардан тартылып алынған. Бұл жерді алғаш тұтам-тұтам етіп европалықтар иемденген. Содан соң АҚШ деп аталатын алып мемлекет құрылып, испандықтарды да, англиялықтарды да, тағы басқаларын да қуып шыққан. Кейін демократиялық мемлекет құрылып, жердің негізгі иелері – қара нәсілділер резервациялардан шығарылған. Мұнда негрлер құл ретінде әкелінген. Қазір енді ақ, қара деп ауызекі айтылғаны болмаса, құықтық жағынан бәрі тең мемлекет құрылған. Ұлт мәселесі сөз болудан қалған. Тіптен, американдықтар негр деген сөзді ауызға алмайды екен. Американдық деген жалғыз ауыз сөз бұл елдің азаматының кеудесін кернеп, қуаныш сезімін шалқытады.
Америка жеріне аяқ басқан сәттен білінді бұл. Бізді алып жүрген автобустардың жүргізушілері негр жігіттері екен. Соларды негр деп айтамыз деп, ескерту естіп қалдық. Біз американ халқын, заңын сыйлауға кірістік.
Бір кездері ұлт теңдігі аяққа басылған Америка – қазір бір ұлтты екіншісі жәбірлеуді білмейтін, керемет құрметтейтін, тіптен өздерін бір-ақ халық, американдық деп атайтын мемлекет екен. Ақ та, қара да даму жолына түскен. Қара нәсілділер елдің эконмикалық, мәдени, саяси өмірінде ақ нәсілділерден бір мысқал да кем соқпайды. Көптің аты көп, қайта қара нәсілділер белең алып бара жатқанға ұқсайды. Алып капиталистер, әрине, ақ нәсілділер, орташа бизнесте қара нәсілділердің үлес салмағы артып барады десті білетіндер. Құл дегеніміз – қара түстілер шын мәнінде өркендеп, өсу жолына түсті деген сөз. Ал, өнерде, әсіресе, спортта терісі қаралар американың мақтанышына айналған. Оны осы өздерінде өткен мерекелік олимпиада да дәлелдеді. Қара нәсілді американдықтар спорттың бірде-бір түрінен медаль алмай қалған жоқ деуге боларлық нәтижеге жетті.
Осыншама өсіп-өркендеген елді жерден алып, жерге салып, соған селкеусіз сендіріп келген кеңестік идеологияның құдіретіне таңданбасқа шамаң қайсы?! Сонда, шіркін-ай, өзімізде бәрі оңды болып жатса ғой. Алғаш Ресей империясы, кейін қызыл империя жүргізген отарлау саясаты ешкімнің көсегесін көгертпегені қазір екінің біріне мәлім болды емес пе. КСРО деп аталатын алып елдің дамудың айқын жолына түсе алмағанының себептері көп, әрине. Біздіңше, бұл елдің билеп-төстеушісі Ресейдің өзі жеткілікті дамымаған еді. Өзі аш-жалаңаш Ресей ашкөздікпен көршілерін ұлан-ғайыр территориясымен түрлі жолмен басып алды, отары етті. Бірақ оларды алға алып барар қауқары жеткілікті болмады. Оның үстіне марксизм-ленинизм ойлап тапқан коммунизм елесі елді есінен айырды. Ешкім мазмұн-мақсатын түсініп болмаған коммунизм орнатылмады, алып ел быт-шыт болып, экономикалық, мәдени байланыстар үзілді, міне, енді елден қалған, көштен кейіндеген елдер өссек, өркендесек екен деп басын тауға да, тасқа да ұрып жатыр.
Соның бірі – бізбіз. Патшалық Ресей отаршылары, одан кейін Мәскеу сасатшылары жүргізген билеп-төстеу саясаты нәтижесінде Қазақстан өз жеріне, өз еліне иелік ететін дәрежеден айырылған болатын. Сан ғасыр жерін де, елін де ешкімге таптатпаған батыр халық көнбіс бодан халыққа айналды. Коммунистік мұрағаттарға керемет берілген, адал болдық. Осыдан үш ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ даласына орыстың аяғы тұрмақ исі де жеткен жоқ болатын. Орыстың да, одан кейін айдап әкелінген халықтардың да өздерінің тарихи отандары бар. Орыс та, жер аударылып келген басқа халықтар да қазақ құсап бұл сайын дала, асқар таулар үшін қанын төгіп, жанын пида еткен жоқ. Бәрі – піскен асқа тік қасық.
Енді келіп отарлап алған жерлерді «біздікі» – деп байбалам салмақ болады. Америка да, Англия да, Франция да Азия елдерін отарлаған, кейін олар отар елдерінің даму жолына түсіп, азаттық алу жөніндегі талабына қарсы келе алмай, мәдениетті түрде тастап кеткен, тарихи заңдылық талабына бағынған. Біздің отаршыларымыз – орыстар ше? Олар олай ете алмай отыр. Қазақ дейік, басқа дейік тәуелсіздік алған елдердің жеріне ендеп те, бойлап та еніп алған ұлы орыс халқының өкілдері енді қуатты Ресейді пана, мият тұтып аузына келгенді айтып, ойына келгенді істегісі келеді. Ресейде оларға дем берушілер де жоқ емес. Одақтас республикалардан, шын мәнінде, отарларынан айырылып қалған Ресей енді етек-жеңін жиып ұстауға бекінген тәрізді, ешкімді шашау шығармақ емес. Оның мысалы – Чешенстан. Көз көрерлік тарихи мерзімде жаулап алған бұл елді енді уысынан шығармау үшін батыр халықтың бас көтерерлерін қырып, халқын сергелдеңге салып отырғаны әмбеге аян. Ресейдің айтатыны – Чешенстан Россия субъектісі, Чешенстанның айтатыны – бөлінеміз, өз еркімізге өзіміз ие боламыз. Ресейдікі – зорлық, Чешенстандікі – елдік. Өз еркін екінші бір халыққа зорлап таңудың бұдан артық мысалы бола ма? Қайтерсің, зорлық деген зұлмат та, басқа да жақсылық, жамандық атаулы тәрізді мәңгі. Дүние – осы жақсылық пен жамандықтың күресі.
Достарыңызбен бөлісу: |