Солтиева Б.Ш. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ АСПАН ДЕНЕЛЕРІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Түйін. Бұл мақалада қазақ халқының астрономиялық білімдерінің ерекшеліктері баяндалады. Қазақ халқында есепшілер жұлдыздар арқылы ауа-райын болжай білген және малшаруашылығы мен егіншілікке де қатысты халықтық білімдерін жетілдірген. Мақалада сонымен қатар жұлдыздарға қатысты ырымдар келтірілген. Мұнда жұлдыздардың тууы мен батуы қазақ халқының өмірі мен тіршілігінде, шаруашылығы мен дүниетанымдық көзқарастарында ерекше орын алған. Аспан денелері халқымыздың өмір сүруінің факторы болып есептелген. Аспан әлеміндегі жұлдыздың қазақтар өміріндегі орнының ерекшелігі сондай, есепшілер өз жорамалдарын жұлдыздарға қарап болжағаны туралы да қарастырылған.
Кілт сөздер: дүниетаным, аспан құбылыстары, күнтізбе, күнтізбелік санаулар, тәңір, қазақ есепшілері.
Қазақ халқы ежелден-ақ күн, ай, жұлдыздар бойынша ауа райыны тәуелсіз астрономиялық негізі бар күнтізбе жасаған. Табиғат құбылысының тосын жағдайларынан халқымыздың өмір сүру тәсіліне, мал бағу кәсібі мен диханшылық өміріне байланыстыра отырып жинақталған білім жүйесінің негі- зінде күнтізбе жасап, оны ежелден пайдаланып келеген. Аспан құбылыстарының қайталану заңды- лықтарын бақылау нәтижесінде уақытты есептеудің әр түрлі жүйесін игерген. Дүние жүзіндегі халықтарда көптеген күнтізбелер бар. Календарь атауы – Ежелгі Римді мекен- деген латын халқының «календы» деген сөзінен шыққан. Оларды үлкен үш типке жинақтаған. Бірін- шісі Шәмсия типі, бұл «күнтізбесі» деп аталады, екіншісі Қамариа типі, яғни «Ай күнтізбесі». Мысалы, Хижра мұсылман күнтізбесі. Үшіншісі «Шәмсі қамариа» типі, бұл Күн мен Айдың біріккен күнтізбесі. Мысалы, қытай халқының күнтізбесі. Қазақ, монғол, тибет халқының ескіше күнтізбесі де осы типке жатады. Мұсылман күнтізбесі Хижра – Ай күнтізбесі (қамариа) типіне жатады [1, 51-52 бб.]
Қазақ халқында ежелден келе жатқан сенімдердің бірі – көкке сену. Көк ұғымы – «тәңірі (құ- дай)» ұғымымен пара-пар болған. Адамның басына қиын жағдай туғанда: «Е, тәңірім қолдай гөр!», «Тәңірім жарылқай гөр!» деген жалбарыну сөздері арналса, біреуге ризашылық «тәңірі жарыл- қасын», «тәңірі риза болсын» деген сөздермен берілген [2, 200-210 бб.]
Шамандық сенімде болған ата-бабаларымыз Күнге, айға, тылсым табиғаттың түсініксіз күште- ріне табынған. Негізінен қазақтар дүниетанымындағы шамандық көзқарас табиғатты құрметтеген- діктен пайда болған. Қазақтардың айды, жұлдыздарды құрметтеуі оларды Көк Тәңірінің ажырамас бөлшегі деп қабылдауынан туындаса керек. Халықтың аспан әлемі туралы танымында көкте 12 ай, оның қарсысында 12 жұлдыз орналасып, «Айдың Үркер ұлы, Шолпан қызы, Тауыс болмай қатпайды жердің мұзы» саналған. Жұлдыз ай – ай санаудың бұл жүйесі Күннің бір жылдық көрінерлік жолдың бойына орналасқан 12 зодиак (шоқжұлдыз) көмегіне сүйенген. Қазақтар әр адамның жұлдызы бар болатынына және адамның өмірінің ұзақтығы сол жұл- дызының аспанда тұруымен өлшенетініне сенген. Сондықтан жұлдыздың ағуын адамның өліміне әкелетін себепке теңестіріп, аққан жұлдызды көзі шалса, «жұлдызым жоғары» деп тәңірден өмір тілеген. Бақытты адамдарға «жұлдызы жанған», «жұлдызы жарық» адам деп сипаттаған, кей уақыт- тарда суға кетіп, өлу қаупіндегі жатқан адамды кешке дейін, яғни жұлдызын көргенге дейін ұстаған. Мұндай халде жатқан адамның жұлдызын көрген сәтте тіріліп кететініне сенгендіктен осындай рәсім жасаған болатын, яғни қазақтар жұлдыздарға табынып, қасиетті санаған [3]
Қазақ халқының өзіндік күнтізбелік санаулары болған. Қазақ күнтізбесінің негізгі аспандағы жұлдыздардың тууы мен бату қозғалыстарына орай қалыптасқан. Жұлдыздар тек уақытты белгі- леушілер ғана емес, сонымен қатар бағдаршы қызметін де атқарған. Қазақша жұлдыз атауларының ішінде көне түркі заманынан ұмытылмай, атын өшірмей сақталып келе жатқан Жетіқарақшы, Үркер, Сүмбіле, Темірқазық және Шолпан жұлдыздары. Қазақ ен далада жүргенде, табиғат белгілеріне қарап жолын бағдарлап отырған. Баратын жеріне, адаспай жетуіне жұлдыздардың көрсеткен жолы көмектескен. Ел аузында Темірқазық –қазақтардың құбылнамасы, бағзы заманнан бері осы жұлдызға қарап құбыланы табады, ен далада адаспай жүру үшін осы жұлдызды белгілеп жүретін болған. Темірқазық жұлдызы түнде жүрген жолаушыларға компас іспетті қызмет атқарған. Жолаушылар соған қарап жүрер жолын бағыттап отырған. Қыс болсын, жаз болсын ол бір орнынан қозғалмай, аспанның дәл ортасында тұратын, яғни айнымайтын жұлдыздың бірі. Басқа жұлдыздардың бәрі туады, батады, айналады, жерге түседі. Сондықтан оны халық темірдей қадалған мызғымас қазықтай етіп елестеткен. «Оның себебі қасындағы Ақбоз ат пен Көкбоз ат атты екі жұлдыздың жылқыға ұқсап, Темірқазықты айналып қозғалуында жатса керек» - дейді Шоқан Уәлиханов [4, 61-62 бб.]
Әр жұлдызға қатысты тарихы, аңызы халық арасында айтылатын болған. Айдан кейінгі елеулісі – Жетіқарақшы шоқжұлдызы. Жетіқарқшы көкжиекке батпайтын жұлдыз, ол тек бір тәулікте Темірқазықты бір айналып шығады. Ол жеті жұлдыздан тұрады. Сол жетеудің төртеуі ожаудың басы сияқтанып, ал қалған үшеуі оның сабы сияқты болып келеді. Ай көрінбес сағаттарда айрықша көзге түсіп, аз болса да, жарық беретін, жалғыз жүрген адамдарға ес, сүйеу болады. Ол күндіз де жүреді. Жетіқарақшы шоқжұлдызы бастапқыда жеті ұры болған екен. Күндіз ұрлық істеп, кешке күнәларын кешуді тәңірден сұрап жалбарынғандықтан жұлдыздарға айналған делінеді. Аңыз бойынша бұл жұл- дыз Жетіқарақшының рухы, олар өлген соң жеті жұлдызға айналған. Тағы бір аңызда Жетіқарақшы ұрлаған Үркердің қызы болғандықтан, Үркер Жетіқарақшыдан қызын ұрламаққа жақындайды. Жал- пы үркерге қарап халық түннің қайсысы уағы, қай жыл мезгілі екенін анықтай алатын болған. Сондықтан да халық арасында Жетіқарақшыны таныған жеті түнде адаспас дейді, яғни елді күзетіп, халықты жыртқыш аңдардан, жын-шайтандардан қорғап, қорып тұрады деп түсінген. Ертеректе шаруалар Жетіқарақшыға қарап, түн мезгілдерін де ажырататын болған [5, 78-80 бб.]
Жетіқарақшыға ұқсас кішірек тағы да бір «шөміш» бар. Ол жеті жұлдыздан құралған, көбінесе Кіші қарақшы деп аталады. Жеті қарақшы жұлдызы бойынша Кіші қарақшыны табу қиын емес, өйткені екеуі бір-біріне жақын орналасқан, яғни бірге туып, бірге батады. Жетіқарақшы жұлдызының басы оң жаққа, сабы сол жаққа қараған болса, Кішіқарақшы жұлдызының басы керсінше сол жаққа, сабы оң жаққа тұрады [6, 212 б.]
«Торпақ» шоқжұлдызының құрамындағы жыпырлап, бір-біріне өте жақын орналасқан бір топ жұлдызды «Үркер» дейді. Қазақтардағы едәуір танымал жұлдыздарының бірі. Қазақ есепшілері Үркердің тууы мен батуын үнемі қадағалап, бақылап отырған, шаруашылық маусымдары соған сәйкестендірілген. Үркердің өзіне тән ерекше қасиеті көкке жоғары өрлеген сайын күн суытып, ал төмендеген сайын жылына бастайды. Осындай ерекшеліктерін байқаған халық танымында «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген түсінік бар. Үркер жерге түскенде, яғни көктен мүлде көрінбейтін кезі жаз мезгілінің келгенін білдіреді. Бұл шақты халық «Үркер жерге түскен кез» деп атайды. Үркер жұлдызының бұлай аталу себебі, аңыз бойынша Жетіқарақшы шабуыл жасаған кезде үркіп кетіп, содан Үркер деп аталған екен. Халық түсінігі бойынша үркерге қарап, түннің қай уақыты екенін және жылдың қай мезгіл екенін де анықтап білуге болады. Үркерді ашық шаңырақтан көрсең, қыстың басы басталғанын, ал іңірде, «жамбаста» (жерге таяу-төмен) көрсе, жаз мезгілінің бастал- ғанын білуге болады. Халықтың «Үркерлі айдың бәрі қыс» дегені осыдан болса керек [7, 27 б.]
Маусым айының басында үркер мүлде көрiнбей кетедi. “Үркердiң батуы” деп осыны айтады. Осыдан кейiн 40 күн шiлде басталады. Халық жүлдызшылары мен есепшiлерi “Үркер жерге түспей жер қызбайды” - дейдi. Мамыр, маусым, шiлде айының басында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерге орай халық арасында “қырық күн шiлде” деп аталатын халықтық календарлық атау пайда болған. Үркердiң толғағы аталатын мал-жанға жайлы кезең шiлде айының орта кезiнде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. Жыл мезгілдеріндегі табиғи ерекшеліктерді Үркер жұлдызының қозғалысына қарап анықтаған. Үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, Үркер тасқа түссе, шіліңгір қатты ыстық болады, Үркер жерге түсерде қой қырқылады [8, с.19]
Сонымен байырғы есепшілер аспан аясында Аймен кездесетін жұлдызды тапқан. Ол – «Қамбар жұлдызы». Қазақтар сегіз жарық жұлдыздан тұратын «Қамбар» жұлдыз тобын өте жақсы білген. Бұл жұлдыз күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы көк жүзінде аймен бес рет кездеседі, яғни есепшінің тілімен айтқанда бес рет тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыс жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы (қазан) деп аталады. Одан кейін ай Қамбармен өзінің жеті жаңасында тоғысады. Бұл айды жетінің айы (қараша) деп аталады. Айдың Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысқан бірдің айы ақпан). Қамбар жұлдызы біреуге атылуға дайын тұрған арыстанның бейнесін көрсетеді [9, 14 б.]
Қазақтар «Орион» шоғыр жұлдыздарына ерекше көңіл бөліп, оны әр алуан «Арқар жұлдыз», «Үш арқар», «Таразы», «Шідер жұлдыз» деп те атаған. Бірақ бұл шоқжұлдызды қазақтардың көпші- лігі Таразы дейді, «Таразы» парсының «таразық» (өшеуіш) сөзінен шыққан. Таразыны Қазақстанның кейбір облыстары Шідер жұлдызы деп те атайды. Бұл шоқжұлдыз ромбы сияқты. Шідер Үркерден 20 күн бұрын батып, 20 күннен соң шығады, яғни әр жылы ол 80 күн көрінбейді. Шілде айының аяғына қарай Таразы жұлдызының тууы жаздың өтіп, қатты ыстықтың қайтқанын байқауға болады. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны бiлiне бастайды. Қазақ есепшілері бұл жұлдыздың шығуына қарап: «Таразы туса – таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдаған. Осы кезеңді таразының тууы деп атайды [2, 22-23 бб.]
Қазақ елі «Сириус» шоғыр жұлдыздарын «Сүмбіле» деп атайды. «Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер құнтыйып» деген мақалда Сүмбіле туған соң жаз айы аяқталып, мал тыныштығын алатын шыбын- шіркей жоғалады. Шөптер пісіп, құндылығы артып, мал семіріп, жүндері жылтырай түседі. «Сүмбіле туса су суыр» деген сөз егін орып, отын-су жинап, жылы үй дайындап, қыстың қамын ойластырған. Бұл Орионның көкжиектен шығуы, жаздың аяқталғанын көрсетеді, яғни таңертең күн салқындай бастайды, ал Сүмбіле туғанда түнге қарай су қатты салқындайды [8, с.17]
Қазақтардың айтуы бойынша, «Есек қырған» немесе Сары жұлдыз «Қыдырма жұлдыз» қатарына жатады. Есекқырған сарғыш түс беретін үлкен жарық жұлдыз, ол түннің кез келген уақытында, оң- түстіктен, батыстан және шығыстан көрінеді. Сондықтанда оны Шолпан жұлдызымен жиі шатас- тыратын болған. Осы жұлдыздарға байланысты айтылған аңыз бар. Жолаушылар кешке бір жерге 338 тынығып, сол жерге қонады. «Түннің бір уағында далаға шыққан қонақтардың біреуі аспаннан таң жұлдызындай жарқыраған жұлдызды көргенде, Шолпан жұлдызы туған екен деп жаңылып, серіктестерін ай-шайға қарамай ұйқыдан оятып, жолға шығып кетеді. Жаздың күніндей тамылжып тұрған ауа райы әп-сәтте бұзылып, алай да дүлей боран соғып, қар жауып сала береді. Жол таба алмай айдала түнімен адасқан керуеншілердің алдымен жүк артқан есектері, артынан өздері суықтан үсіп өліпті. Міне, содан бері сол түні туған жұлдыз – «Есекқырған», ал жыл мезгілі – «Бесқонақ» деп қайтыс болған бес адамның санымен аталып кеткен екен. Наурыз айының соңы мен сәуірде боран соғып, жаңбыр жауып ауа-райы құбылса “бесқонақ” басталды, - дейді. «Бесқонақ» деп сәуір айында түсетін жаңбырлы суық күндерді айтады, бес күнге созылады. Есекқырған жұлдызы бойынша қыс мезгілінде қазақтар ауа райын айта алатын болған. Егер шығыс жақтан Есекқырған жұлдызы жоғары көтерілсе, қазақтар аязды ауа райын күткен, ал егер төмен түссе, ауа райы жылы болады деп сенген [9, 15 б.]
Қазақтардың көшпелі шаруашылық өмірі Шолпан планетасының қозғалысына байланысы жыл- дың әр мезгілінде әр түрлі анықталған. Шолпанның жазғы кезеңде таң атарда Шығыстан көрінуіне «Таң шолпаны», «Таң жұлдызы» деп қуанатын болған. Шолпан жұлдызы – таңғы жұлдыз. Бұл жұлдыз күн шықпас бұрын малды жайылымға айдап кеткен кезде немесе малды жайылымнан айдап келген кезде күн батқанда көрінетін болған. Сондықтанда оны «Шолпан (немесе Шопан) жұлдызы – «Бақташы жұлдыз» деп аталған. Бақташы жұлдыз туғанда қазақ малшылары қойды түнемеге, қотанға айдап келген [8, с.15]
Құс жолы, жұлдыздардың бойымен жыл құстары көктемде ұшып келеді, күзде ұшып кетеді. Оңтүстік қазақтары Құс жолын «Сабан жолы» деп те атайды. Қазақ қауымы аспан әле- мін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпір қосақ» жайын- да жақсы білген. Қазақ есепшілері жылдың айларын дұрыс есептеу үшін айдың қозғалысын үнемі бақылап отыр- ған. Қазақтардың аспан денелеріне, табиғат күштеріне сенген және «От, Ай, жұлдыз» қазақтардың қасиет тұтатын болған. Қазақ халқының Айды қастерлеуіне мұсылман дінінің әсері де болған. Жаңа айды көрген қазақтар: «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке», - деп бата қылған және айға қарап иіліп сәлем берген. Ай – көне түркі дүнитанымында сұлулық, нәзіктік, арулық таңбасы. Ш.Ш.Уәлихановтың тұжы- рымдамасы бойынша, қазақтар Айды көктегі құдай ретінде санаған. Қазақтар Ай мен Күнді қосып тұрған сызықты адамдардың «қасиетті жолына» баламалаған. Қазақ халқы табиғаттың осы құбы- лыстарын байқап, сақтанып, тұрмыс-салтында соған орай түрлі ырым жасап отырған. Мысалы, «Ай- дың тік туғаны халыққа жайлы, шалқасынан туғаны өзіне жайлы», «Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла, Ал шалқасынан туса күрегіңді сайла», «Ай сәулесінің астында ұйықтама», «Жаңа туған айды саусағыңмен нұсқама» және т.б. ырымдар бар [9, 22 б.]
Жаңа Айға тағзым ету, әйел болса Айға қарап баласының бетінен сүйіп, екі қолын қуыстырып тағзым еткен, жалбарынып бата қылып ырымдарын әсіресе ұлғайған адамдар арасында көптеп кездесетін болған. Ай көрдік, аман көрдік, Ат басындай гауһар көрдік. Келер Ай, келер жылдан аман сақта, - деп қазақтар әрбір жаңа Айға бата қылып, бала-шаға- ларына, малына, халыққа амандық тілеген [5, 30 б.]
Ежелгі халықтардың қайсысы болса да астрономиялық білімдерін Күннен бастаған. Өйткені жердегі тіршілік күннен байланысты. Қазақ халқының қадір тұтып, қасиет санайтын жұлдыздарының арасында Күннің орны ерекше. Қазақтармен қанаттас өмір сүрген, шаруашылығы қазақтың шаруа- шылығына ұқсас қалмақтардың Күнге жасайтын батасы болған: «Күнді тапқан көкке рахмет, шөпті шығарған Күнге рахмет, төрт түлікке азық болған шөпке рахмет». Бұл түсінік бойынша қазақтардың «Көктен береді, жерден иеді» деген мақалы бар [2, 12 б.]
«Қазақта жолаушы елсіз далада қонуға мәжбүр болғанда, міндетті түрде түнеуге қоршалған орынды таңдайды, егер жақын жерде мұндай орын жоқ болса, онда ұйықтар алдында ол өзінің айналасын дөңгелетіп шеңбер сызып тастайды», - деп жазады Ә.Т. Төлеубаев [10, с.11]
Мұндағы күн формасындағы шеңберге жын мен шайтаннан, торуылдаған пері мен жайсыз күштерден қорғайтын магиялық қызмет артылатын болған. Қорыта келгенде, қазақтың этнографиялық мәдениетінің ең бір тылсымды, құпиясы көп саласының бірі – күнтізбесі аталған аспан денелері мәселесі. Қазақ халқы күн мен айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздарың туатын және бататын кездерін жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған.
1. Әбутәліп О.М. Мұсылман күнтізбесі // «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің көшбасшысы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. – Алматы, 2012. – 30 б.
2. Искаков М. Қазақтың байырғы календары. – Алматы,1960.
3. Егемен Қазақстан. – 2005. – 8 шілде.
4. Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы. – 4 т. – Алматы, 2010.
5. Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы, 2009.
6. Ысқақов Х. Халық календары. – Алматы,2009.
7. Қазақ мәдениеті тарихының очерктері. Оқу құралы. – Алматы, 2005.
8. Абишев Х.А. Элементы астрономи и погода в устном народном творчестве казахов. – Алма-Ата,1949.
9. Нұрғалымова Г.С. Қазақ халқының күнтізбесі. – Алматы, 2002.
10. Толеубаев А.Т. Реликты до исламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ – нач. ХХ вв.). – Алма-Ата, 1991.
Достарыңызбен бөлісу: |