1579 жылы өзбек ханы Абдаллах хан көп әскер жинап, Баба сұлтанға қарсы екінші жорығын бастады. Қазақ ханы Хақназар Абдаллах ханның Баба сұлтанға қарсы бағытталған күресін қолдады. Қолдау жасап, көмек бергені үшін Абдаллах хан Түркістан аймағындағы бірнеше қаланы Қазақ ханына сыйға береді. Баба сұлтан да Қазақ хандығына Түркістан, Сауран қалаларын сыйға беріп, қазақ сұлтандарының бетін өзіне қаратқандай болды. Алайда 1579 жылы ІІ жартысында қазақ сұлтандарының Абдаллах ханды жақтамақ болған әрекетін Баба сұлтан сезіп қалып, қазақ сұлтаны Жалымды, оның екі ұлын, Хақназар ханның екі ұлын өлтіреді. Ал, 1580 жылы оның астыртын жіберген адамдары Хақназар ханның ауылына келіп, Хақназар ханды және оның туыстарын тегіс өлтірді.
Тәуекел хан. Хақназар хан қайтыс болған соң, хан тағына Жәнібек ханның немере інісі, сексенге келген Шығай хан (1580-1582 ж.) отырды. Шығай хан билікті қолға алған соң, Ташкент билеушісі Баба сұлтанның қазақ ханы Хақназар мен Жалым сұлтанды өлтіргеніне өшігіп, Бұхар ханы Абдаллахпен бірлесіп, Баба сұлтанның көзін жоюға кірісті. Баба сұлтанға қарсы күресте Шығай ханның баласы Тәуекел сұлтан да тартылды. Абдаллах ханның Сайрам, Сауран, Түркістан бекіністерін қоршаған даңқты жорығына қатысты. Бұл жорықта қажырлы қайрат көрсеткен Шығай хан мен Тәуекел сұлтанға Абдаллах хан мейлінше ырза болып, Ходжент деген жерді сыйға тартты. 1582 жылы Абдаллах хан қазақтың хан-сұлтандарымен бірлесіп, Баба сұлтанға қарсы бірлескен жорық жасауға шешім қабылдады. Нәтижесінде Баба сұлтан жеңіліс тауып, Дешті Қыпшақ даласына қашты. Өзбек пен қазақ әскерлері Баба сұлтанды өкшелей қуып, Сарысу мен Ұлытаудан әрі асырды. Осы жорықта Шығай хан қайтыс болды.
Достарыңызбен бөлісу: |