1510 жылдың қысында Шайбани хан Мерв түбінде Иран шахы І Исмаилмен шайқаста қаза тапты. Осы жағдайды пайдаланған Қасым ханшабуылға шығып, Сайрамды өзіне қаратты. Осыдан соң Ташкентті билеп тұрған Шайбани ұрпағы Сүйінішқожаға қарсы аттанды. Ташкент қаласының түбіндегі ұрыс сәтсіз болып, Қасым хан Сайрамға оралды.
Қасым хан Мұхаммед Хайдардың деректеріне қарағанда, 1518 жылы қайтыс болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде Орта Азия мен Шығыс Еуропаға белгілі болды.
Хақназар хан. Қасым хан қайтыс болған соң, Қазақ хандығында болған саяси дағдарыс ұзақ жылға созылды. Ішкі талас-тартыстар мен сыртқы феодалдық соғыстардың ауыртпалығы Қазақ хандығын біршама әлсіретті. Осындай саяси жағынан ыдырай бастаған қазақ хандықтарын біріктіріп, оларды аймақтық жағынан ұлғайтуға, Қазақ хандығының халықаралық жағдайын нығайтуға Қасым ханның баласы Хақназар хан зор үлес қосты. Хақназар хан (1538-1580 ж.) хан тағына отырысымен көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты күшейтіп, өз хандығының саяси белсенділігін арттыруға көп күш жұмсады.
Хақназар хан тұсында Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болды. Ресей мемлекеті шығысқа қарай ірггесін кеңейтті. Ресей патшасы 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылыАстрахань хандығын, Қырым хандығын өзіне қаратты. Бұл тарихи саяси оқиға Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай Ордасын ыдырата бастады. Ноғай Ордасында қырқысқан екі топ пайда болды. Бір тобы Мәскеу кінязіне қосылуды жақтаса, екінші тобы Қазақ хандығына қосылуды жақтады. Бұл бір сәтті жағдайды тиімді пайдаланған Хақназар хан Ноғай Ордасының көптеген ұлысын өзіне қосып алды.
Моғолстан ханы Абд ар-Рашид Жетісу мен Ыстықкөлдің маңындағы жерлерді басып алу ниетімен XVI ғ. 50-60 жылдары Қазақ хандығына қарсы үлкен соғыс бастады. Бұған қарсы күреске Хақназар хан қазақ-қырғыз одағының әскерлерін пайдаланды. Бұл шайқастардың бірінде Абд ар-Рашидтің баласы қаза тапты. Бұған жауап ретінде Абд ар-Рашид өршелене шабуыл жасап, қазақ-қырғыз одағының әскерін жеңіліске ұшыратты.
XVI ғ. орта шенінде Қазақ хандығымен көршілес отырған Сібір ханы Моғолстан билеушілерінің қазақтарға қарсы шапқыншылық жорықтары жиелеп кетті. Бұл тарихи-саяси жағдайды дұрыс түсінген Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Ертеден жауласып келе жатқан Шайбани хан әулетімен қатынас орнатуға ұмтылды. Сөйтіп Бұхар ханы ІІ Абдаллах пен қазақ ханы Хақназар хан «Қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде «ант беріскен шарт» жасасты.
Ташкент маңын билеушісі Баба сұлтан Бұхар ханы Абдаллахқа бағынбай, қарсы шығып, соғыс ашты. Мақсаты Бұхар хандығынан бөлініп шығып, тәуелсіз билік құру болды. Қазақ ханы Хақназар Өзбек хандығын билеушілердің әрекетін сырттай бақылап, кейде араласып, бірде Абдаллах ханды, бірде Баба сұлтанды қолдап екеуін де әлсіретуге ұмтылыс жасады.