Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (5 наурыз1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі - 27 қыркүйек1937, Мәскеу) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Алаш Орда басшылары
Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын.
Алашорда үкіметіне сайланғандарға жеке-жеке тоқталғанда алдымен ауызға алынатындардың арасында, әрине, сиез сайлаған оның төрағасы – Әлихан Бөкейханов болып табылады. Замандастары мен халқы қадірлеп «Әлекең» деп атап кеткен Әлихан Бөкейханов – бүкіл саналы өмірін қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігі үшін арнаған аяулы ұлы тұлғамыз. Ата тегі жағынан төрелер тұқымынан екені мәлім.
«Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бірі – Дала өлкесіне «земство», яғни жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаппай енгізу. Земство енгізілген жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күшейіп, белгілі бір аумақта жиналған салықты мектеп, аурухана, жол және тағы да басқа маңызды әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге, яғни жергілікті инфрақұрылымды салып, дамыту мүмкіндігі болатын еді.
Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі.