Дәрістің мақсаты: Этнолингвистиканы зерттеудің ғылыми негіздерін саралау
Негізгі ұғымдар: этнолингвистика, қазақ этнолингвистикасы, этнолингвистика ғылымы, этнолингвистикалық бағыт
Қаралатын мәселелер:
1.Тіл , мәдениет және ұлт пен өркениет сабақтастастығы
2.Этнос болмысына қатысты мағлұматтар мен деректерді саралаудың ғылыми негізі
Тіл , мәдениет және ұлт пен өркениет өзара сабақтас, әрі үйлесімділікте өмір сүріп келе жатқан құбылыстар. Ал кез-келген тілдің бірліктері сол халықтың, ұлттың дүниетанымы қоршаған әлемді қабылдау ерекшелігі, рухани және материалдық мәдениеті жөнінде мол мағұлмат береді.
ХХ ғасырдың соңына қарай тіл әлемінің өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық та жан - жақты зерттеу мақсатында тіл білімінің ішінен жіктеліп жаңа салалар – әлеуметтік лингвистика , психолингвистика, статолингвистика, паралингвистика, прагмалингвистика, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика іспеттес ғылымдар қалыптасып дами бастады. Әр саланың дербес мақсат-міндеті, өз зерттеу нысаны бар. Осыған орай, этнолингвистика-этнос болмысын оның тілі арқылы танып - білу мақсатынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес бір саласы деп айтуға болады [1, 28].
Этнолингвистика «этнос», «этнос болмысы», «этнос тілі», «тіл әлемі» деген ұғым түсініктерге ерекше мән береді. Этнолингвистика - халықтың этногенезін тұрмыс салты мен әдет-ғұрпын, мекен-жайын, басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін тіл білімінің жаңа саласы.
Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан – жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отырғанын көреміз. Оны академик Ә. Қайдардың «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» деген еңбегінен білеміз. Бұл еңбекте қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен оның бағыт – бағдары, өзіндік үрдісі, зерттеу объектілері мен әдіс – тәсілдері кеңінен сөз болады [1,32].
Ә.Қайдардың анықтамасы бойынша, этнолингвистиканың зерттеу объектісі – этнос тілі болса, мақсаты – осынау бай тіл қазынасын этнос болмысы тұрғысынан толық меңгеру, оның бейне бір тұңғиық теңіздей терең мағына – мазмұнына бойлай еніп, оны игеріп, танып – білу, жүйелей түсіп, жан – жақты зерттеу, яғни сол тіл арқылы этнос болмысын танып – білу.
Этнолингвистика қазақ тілінің лексикалық байлығын мүмкін болғанша түгел қамтып, індете зерттеуді мақсат етеді. Қазақ этнолингвистикасының тағы бір ерекшелігі – лексикалық байлықтың мазмұны мен мән – мағынасын этностық таным тұрғысынан толық ашу, этнос болмысына қатысты бағалы мағлұматтар мен құнды деректерді түгел сөйлету, тілдің өзіне тән бояу – нақышымен бейнелі де көркем түрде суреттеу, сондай – ақ, жүйелілікті сақтау болып табылады [2,25].
Қазақ тілінің байлығын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындайды. Сонда ғана тіл әлеміне тән лексикалық байлықты тұтас та түбегейлі меңгеру, мән – жайын, мағына – мазмұнын түсіндіру арқылы этностың болмысын терең түсіне аламыз. Ол үшін қазақ этносын жалпы түркі тіл әлемі арқылы ғана емес, өз тілінің мүмкіншілігі мен өзіндік табиғи ерекшелігі арқылы ғана танып – біліп, этностың тіл әлемін түбегейлі игеру керек. Бұл – этнолингвистикалық зерттеудің қиын да күрделі мәселелерінің бірі десек те болады. Себебі, қазақ тілінің лексикалық байлығын тек сан жағынан ғана емес, сонымен қатар оны сапа жағынан да саралап шығу, яғни сөз маржанының түбіне бойлап, сан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан сырын ашу – оңай шаруа емес екендігі белгілі. Сөз құпиясына үңілу кез – келген зерттеушінің қолынан келе бермейді.
Этнос туралы небір құнды дерек – мағлұматтармен толықтырып, мазмұн, тақырып ауқымын кеңейтіп, мән – мағынасын тереңдете түсетін тілдің негізгі көздері бар. Ғалымдар оларды «этнолингвистикалық арналар» деп атайды.
Олар мыналар: баламалар, тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал – мәтелдер, жұмбақтар, ауыз әдебиеті үлгілері.
Ұлттың рухани дүниесінің жаңғыруы, сонымен сабақтас материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, ол - халықтың әлеуметтік - психологиялық, мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс [2,40].
Тіл мәселелерін мәдениетпен халық әдет-ғұрпымен, салт-санамен байланыстыра зерттеу ХХ ғасырдың 20-70 жылдарында орын ала бастады. Тіл білімінде қалыптасқан екі түрлі бағыт бар. Олар негізінен Америка мен ФРГ- да дүниеге келген. Алғашқы этнолингвистикалық зерттеулер ретінде мына еңбектерді атауға болады. Эдуард Сепирдің 1921 жылы шыққан «Тіл», 1929 жылы шыққан «Лингвистиканың жайы», Б.Уорфтың «Тіл, ойлау және шындық»(1959) жинақтары. Э.Сепир индеецтердің көптеген тайпаларының тілдерін зерттесе, неміс лингвисі Л.Вейсберг «Неміс тілінің күші» туралы төрт томдық еңбек жазды. Сонымен қатар, М. Қашқари еңбегіндегі этнолингвистикалық материалды талдаудан бастап, бергі дәуірдегі В.Гумбольд, Э. Сепир, А.А.Потебня, қазіргі заманғы Н.И.Толстой, В.В.Иванов, В.Н.Топаров т.б ғалымдардың бұл саладағы ізденістерінен кеңінен тоқталатынын байқаймыз. Осындай ізденістер нәтижесінде «Этнолингвистика » терминінің Б. М. Уорфқа тиесілі екенін анықтайды. Жалпы тіл біліміндегі этнолингвистиканың даму барысына шолу жасап, жеке сала ретіндегі негіздерін анықтауға арналған еңбектерінде профессор М.М. Копыленко, қазақ тіл біліміндегі академик Ә. Т. Қайдаров бастаған этнолингвистикалық мектепті қазіргі этнолингвистикадағы жаңа бағыт деп бағалап, оның негізгі ерекшелігін былай деп көрсетеді: «Это направление изучает этнос в зеркале языка. В нем нет сембиоза дисциплин, поскольку язык представляется главным и непосредственным предметом анализе; этнология, история, культурология и прочие нелингвистические дисциплины привлекаются как вспомогательные» . Демек, негізгі зерттеу лингвистикаға жүктеледі. Оның себебі мен мәнін нақты түсіну үшін академик Ә.Т.Қайдардың төменгі пікірін келтірейік: « Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әр-түрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана» [5,87].
Бұл бағытта Р. Шойбеков, Ә. Ахметов, Ж. Манкеева, Р. Б. Иманалиева, А. Ж. Мұқатаева, С. Сәтенова, А. Жылқыбаева, Қ.Аронов, Б.Уызбаева, Қ. Ғабитханұлы, М. Мұсабаева, М. Атабаевалардың еңбектерінде жан-жақты сөз болады. Этнолингвистика туралы ғалымдардың пікірлерін келтіретін болсақ, «ұлт- тіл-мәдениет» контексіне байланысты ойлардың сабақтастығын байқаймыз. Ғалым Е. Жанпейісов: « Этнолингвистикаға өзінің бітім- болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін ғана емес, көбінесе өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді», - дейді [4,22]. Ғалым Ә. Қайдар этнолингвистика туралы: « Ол – этностың нысандық һәм дүнияуи табиғатын тереңнен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тән ғажайып мүмкіншіліктерімен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым» деген анықтама береді [1,45]. Фердинанд де Соссюр этнолингвистиканы этнос тарихы мен этнос тілі тарихынан өзара әсерін зерттейтін ғылым ретінде танып,өз ойын «халықтың салт - дәстүрі оның тілінде көрінсе, тіл, керісінше, сол халықтың өзін қалыптастырады», -деп тұжырымдады [5,17]
Этнолингвистика ұлттың болмыс - бітімін, тұтас мәдени жүйе ретінде өз бойында сақтаған құнды этномәдени деректерді қарастыра отырып, « ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес жинақтап, жүйелеп талдайды. Этнолингвистикалық материалдардан ұлттың танымын, болмысын айқындайтын рухани және материалдық мәдениеттің қолданысынан көре аламыз. Қазіргі әлемдік өркениет кеңістігі тіл біліміндегі зерттеулер бағытының кешенді және интеграциялық сипатына қарай тіл мен мәдениеттің сабақтастығын анықтаудың, зерттеп - зерделеудің қажеттілігін көрсетеді. Ұлт тіліндегі этномәдени лексика ұрпақтан- ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, рухани - материалдық байлықтың барлығын түгелдей қамтып, этнолингвистиканың негізгі ақпарат көзі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |