Пайдаланатын әдебиеттер:
1.Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1998.
2. Қайдаров Ә. Этнолингвистика // Білім және еңбек. –1985. – №10. Б. 12.
3. Манкеева Ж. А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы, 1997.
4.Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка. – Алматы, 1989. –288б
5. Жалпы тіл білімі. – Алматы, 1983.
6.Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, 1998
7. Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы,1995
№7
Тақырыбы Этнолингвистикалық этюдтер
Дәрістің мақсаты: Қазақ этнолингвистикасындағы этюдтерді саралау
Негізгі ұғымдар: этнолингвистика, қазақ этнолингвистикасы, этнолингвистика ғылымы, этнолингвистикалық этюд
Қаралатын мәселелер:
1. Этнолингвистикалық этюд туралы түсінік
2. Этнолингвистикалық этюдтердің теориялық және практикалық маңызы
Этнолингвистикалық этюдтер — этнос болмысын танып-білу максаты мен «тіл әлемін» түбегейлі зерттеудің нәтижесінде әрбір негізгі мағыналық бірлікті және оған қатысты этнолингвистикалық арналарға деректерді жоғарыда айтылған сатылы қатыстық тәртібімен (негізгі — туынды — қатысты атаулар: баламалар, тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ауыз әдебиеті үлгілері) берілетін түсініктемелер, анықтамалар, мағлұматтар, топшылаулар. Олар этнолингвистикалық жұмыстың түрі мен мақсатына (монография, сөздік мақала т. б.), әр түрлі бұлақтардан жиналған информацияның мазмұнына қарай қысқа да, көлемді де болуы мүмкін.
Енді жеке мақала ретінде берілген этнолингвистикалық этюдтің үлгі-жобасы ретінде 1—2 мысал келтіріп өтейік.
Мысалы: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «итсигек» сөзіне: «буын тәрізді бұтақтары бар, биіктігі 30—100 см жапырақсыз жартылай бұта» [7] деген анықтама беріліп, этнограф
X.Арғынбаев еңбегінен «халық қыршаңқы болған жылқыны итсигек, қарандыз сияқты улы өсімдіктердің қайнатындысымен бірнеше рет жуады» деген дерек келтірілген. Демек, лингвистикалык және этнографиялық деректердің «итсигек» туралы беретін мағлұматы осымен шектеледі. Алайда «итсигек» шөбінің дәрілік қасиетін, жинап алу, қолдану тәсілін, пайдаланатын ауру түрлерін т. б. ерекшеліктерін танып-білу үшін бұл деректер жеткіліксіз, әрі тым жұпыны сияқты. Шөп табиғатына қатысты бұлақтарды қарастырғанымызда этнолингвист ғалым А. Сейдімбековтың «итсигек» шөбі туралы арнайы жазғанэтнолингвистикалық этюдін кездестірдік. Оны өз сөзімізбен баяндағанда былай болады: «Итсигектің уын жинау, әдетте, ел жайлауға көшіп қонған, төлдің піскен кезінде басталады. Бұл кезде ол басқа шөптердей емес, көпке дейін күннің шыжыған ыстығы мен жаңбырдың суынан өзгермей, қан-сөлсіз куарып, сарғыш тартып, бунақ-бунақ болып, жер бетінде ербиіп, қабық-жапырақсыз қу бұта қалпында тұрып алатын көрінеді. Осылай мамыр, маусым өтіп, шілдеайы туғанда оған жан бітіп, бұтақтарында көк түйіндер пайда болып, олар бара-бара жапырақсыз көк бұтақшаларға айналады. Шілде ортадан ауғанда бұл бұтақтар қауызын ашып, түсі жуған шүберектей бес тілді гүл жарады. Міне, осы кезде ауыл жастары бойы аласа,гүлін көп салған итсигек бұталарын таңдап жүріп, үстіне шойынқазандарды төңкеріп жауып, ернеуін айналдыра сары топырақпен көміп тастайды. Осылай төңкеріліп, тұмшаланған қара қазандардың астында калған итсигек бұталары шілде мен тамыз ыстығында бусанып, қыркүйек туып, ел күзеуге жылысқанға дейін жата. береді. Содан соң баяғы ауыл жігіттері уланып қалмау үшін жел жағынан келіп, төңкерулі қазандарды аударып, казанның қабырғасы жабысқан көк шұбар түсті итсигек уын кырғышпен қырып, кепсермен шыны ыдысқа салып алады. Miнe, осылай алынған итсигек уын малшы қауымы малды ауылды қыстай мазалайтын ит-құсқа қарсы күресу үшін пайдаланады: у сеуіп тастаған өлексе жеген жабайылар сеспей қататынын олар жақсы біледі. Итсигек уы малдың қышыма ауруына да мың да бір ем» [8, 155-156]
Этнолингвистикалық этюдтердің мақала түрі, міне, осылай берілуі мүмкін. Ескеретін бір жағдай: этнолингвистикалық этюдтерде келтірілетін осы тәрізді мағлұмат-информациялар ғылыми тұрғыдан дәл де, дәлелді бола бермеуі мүмкін. Ол, әрине, екінші мәселе. Қалай болғанда да, этнолингвистиканың мұндай деректерге ерекше мән беруінің себебі: олар біреудің өз тұсынан ойлап тапқаны емес, этностың өз өмірінен туындап, өзіндік дүниетанымы таразысына тартылып, ғасырлар бойы сыналып, қалыптасқан тәжірибесінің нәтижесі болып саналады. Тағы бір мысал.
Күшала— иран сөзі; «ыстық жақта өсетін улы дәнді, емдік касиеті бар өсімдік» [7] ұл тәрізді жалпылама анықтамадан да «күшаланың» табиғатын толық тану, әрине, мүмкін емес.
Күшала туралы әр түрлі бұлақтардан біздің жинақтаған этнолингвистикалық мағлұматтарымыз мыналар: 1) күшала — көп жылдық шөп тектес «бәйшешек» атты гүлді өсімдіктің түйнек тәрізді жұмыр тамыры; 2) тамырындағы улы затқа бола оны халық дәрі ретінде (жабайы аңды, итті уландыру үшін, қымыз бен бозаға қосу үшін т. б.) қолданып келетіндігі; 3) күшаланы, әдетте, бәйшешек гүлдегенде оның әрбірінің түбіне шыбық шаншып, қар кетіп, жер қарайғанда қазып алып, дорбаға салып кептіріп алады. Күшала қосып ашытқан қымыз бен айран адамды мас қылады. Күшаланы өкпе қабынуына, түберкулезге қарсы пайдаланады. Күшаланың әсеріне байланысты тілімізде: «күшала жеген иттей», «көп жортқан uт күшалаға жолығар» деген тіркестер (қаңғыбас, бұралқы иттерді жою үшін күшала қосып берген тамақты жеген ит қисалаңдап, сілекейі ағып, басын көтере алмай, ақыры өліп тынады) о баста итке қатысты айтылғанымен, айналып келіп, адамнын іс-әрекетімен салыстырылады. Мәселен, кейінгі мақал «ит сияқты көп жортқан адам қаңғырып жүріп, ақыры бір бәлеге ұшырайды» дегенді аңғартады.
Мінеки, «күшала» төңірегіндегі бұл әңгімелер қазақ этносының, біріншіден, табиғи танымын танытса, екіншіден, табиғат пен адам арасындағы жіті байланысты көрсетеді. Тілдегі әрбір сөзге қатысты және содан туындаған тұрақты тіркестердің о бастағы қолданыс себептері мен дами келе, адамға ауысу мотивтерін айқындап, түсіндіру этнолингвистикалық этюдтерде өз өрнегін табуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |