Атырау Болашақ көпсалалы колледжі Мамандығы: «Қазақ тілі мен әдебиеті» 4 курс
Т.А.Ә. Мұхамбетжан А.Е.
_______________________________________________________________________________________________________
Кіріспе
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі студентке арнаулы мамандық беретін профильдік пәндердің қатарына жатады. Ол ғылыми пән ретінде Қазақстанда мұғалімдік және педагогикалық институттар мен университетте қазақ тілі мен әдебиет факультеттері ашылуымен байланысты оқыла бастады. Демек, оның дербес пән ретінде оқу жоспарына енгізіліп оқыла бастауы 1930 жылдардан есептеледі. Міне сол кезден бері қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі жоғары оқу орындарында өтілетін негізгі пәндердің қатарында оқылып келеді.
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі - педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның қамтитын объектісі, қарастыратын мәселелері педагогикалық процесс, яғни мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбиелік процестегі өзара қарым-қатынасы болып табылады. Демек, әдебиеттік материалдарды оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім мен тәрбие беру жөніндегі туатын заңдылықтарды қарастырады. Бұл мақсат-міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруда, сөз жоқ, педагогика ғылымының, оның теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді. Бірақ қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін өз шеңберінде ғана алып баяндайды.
Мектепте көркем әдебиетті оқып үйренуге байланысты оқушыларға берілетін білім мен тәрбие жұмыстарының формалары мен мазмұны сыныпта өтілетін әдебиеттік материалға тәуелді. Өйткені әрбір сыныпқа арналған әдебиет бағдарламасына түрлі ақын-жазушылардың өмірбаяны мен творчестволық жолдары, көркем шығармалары енгізілген. Бұл шығармалар өздерінің қамтитын тақырыбы мен идеясы, жанры, кейіпкерлері, көркемдік өзгешіліктері, тағы басқалары жөнінен алуан түрлі болып келеді. Сондықтан әдебиет сабақтарындағы педагогикалық процесте оқушыларға әдеби білімнің негізін меңгерту және тәрбие беру ісі осы мәселелерді маркстік-лениндік ілім тұрғысынан шешкенде ғана жүзеге асырылып отырылады.
Әрине, оқушыларға әдеби білім және соның негізінде тәрбие беру ісі сынып жағдайында әдебиетті оқып үйренумен шектелмейді. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің бұл жөнінде көмекке келетін тағы бір маңызды объектісі-құралы бар, ол әдебиетке байланысты жүргізілетін сыныптан, мектептен тыс жұмыстар (сыныптан тыс оқу, түрлі әдебиет, драмалық үйірмелер, әдеби кештер, экскурсиялар т.б.)
Сөйтіп, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі дегеніміз-нақты оқу-педагогикалық процесте оқушыларға әдеби білім мен тәрбие берудің ғылыми және тиімді жолдарын үйрететін оқу пәні. Бұл міндетті мүлтіксіз орындап шығуда, бір жағынан, маркстік-лениндік әдебиеттану мен педагогика ғылымдарының табыстарына сүйенсе, екінші жағынан, мектепте қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің теориялық қағида-ережелеріне және озат тәжірибеден қорытылып жинақталған практикалық маңызы бар әдіс-амалдарға сүйенеді.
Сайып келгенде, осылардың бәріне арқау, тірек болатын негізгі материал-көркем әдебиет. Тек осымен байланысты әдебиет сабақтарындағы және одан тыс уақыттағы оқу-тәрбиелік процесс жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |