38. Сенімхат ұғымын түсіндіріңіз. 167-бап. Сенiмхат
1. Бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады.
2. Мүлiкке билiк жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiлелер жасауға берiлетiн сенiмхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Нотариат куәландырған сенiмхаттарға:
1) Госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлердiң және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған сенiмхаттар;
2) Мемлекеттiк нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлiмдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегi осы бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған әскери қызметшiлердiң сенiмхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерi мен әскери қызметшiлер отбасы мүшелерiнiң сенiмхаттары;
3) Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенiмхаттары;
4) Халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiндегi кәмелетке толған әрекет қабiлеттiгi бар азаматтардың осы мекеменiң немесе тиiстi халықты әлеуметтiк қорғау органдарының басшысы куәландырған сенiмхаттары;
5) Тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары теңестіріледі.
4. Хат-хабар, соның iшiнде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенiмхатты сенiм бiлдiрушi тұратын республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері, ол жұмыс iстейтiн немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделiп жатқан тұрақты емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi, сондай-ақ әскери қызметшiлерге сенiмхат берiлгенде тиiстi әскери бөлiмдердiң командованиесi куәландыруы мүмкiн. Құжат жiберудi байланыс қызметкерi жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлерi арқылы жiберiлетiн сенiмхатты байланыс органдары куәландырады.
5. Үшiншi жақтар сенiм бiлдiрiлген адамға сенiм бiлдiрушi факсимилелiк және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздерiне қатысты әрекеттер жасау үшiн берiлген сенiмхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
6. Заңды тұлға атынан сенiмхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген өзге де адамның қолы қойылып берiледi және егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған тұлғаның мөрі болуға тиіс болса, осы ұйымның мөрiмен бекемделедi.
7. Ақша және басқа бағалы мүлiктi алуға немесе беруге мемлекеттiк органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берiлетiн сенiмхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтерi де қол қоюға тиiс.
8. Банкiде операциялар жасауға берiлетiн сенiмхатты және сауда саласында мәмiле жасауға берiлетiн сенiмхатты беру тәртiбi мен нысаны арнайы ережелермен белгiленуi мүмкiн.