Қазақстан археологиясы


Қалалар мен ауылдық қоныстар. VІ-ІХ ғасыр алғашқы жартысы



бет24/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28
Қалалар мен ауылдық қоныстар. VІ-ІХ ғасыр алғашқы жартысы

Қалалық және отырықшылық тұрмыс географиясы. Қазақстанның кең байтақ аумағында ежелден отырықшылықпен, орта ғасырларда қалалық өмір сүру салтымен сипатталатын ірі тарихи-мәдени өңірлер болды. Солардың бірі Оңтүсті Қазақтан мен Жетісу еді. Оңтүстік Қазақстан немесе географиялық атаумен айтсақ Сырдария маңы географиялық провинциясы солтүстікте Орталық Қазақстан далаларымен, оңтүстікте Талас Алатауымен, шығыста Жуалы қырқасымен, батыста Қызылқұм құмдарымен шектеседі.

Оңтүстік Қазақстанда әсіресе Сырдария алабы ерекше орын алды. Сырдарияның гректер атаған көне атауы VІІ ғасырға дейін сақталды. Одан кейін ол Сейхун, Қанғар, Гюль-Зарриун, Инчу-Огуз деп аталынды, тек ХVІ ғасырда ғана алғашқы «Сыр» атауын қайтадан алған еді.

Жетісуда Шу мен Талас өзендері алабын өзіне біріктіретін оңтүстік-батыс Жетісу мен негізгі су артериясы Іле өзені болған солтүстік-шығыс Жетісу секілді екі тарихи-мәдени өңірлер ерекшеленді. Алғашқы өңірдің солтүстік шекарасы Мойынқұм құмдары, шығыстағы шекаралары Шу-Іле таулары, ал батыста ол Жуалы үстірті арқылы өтті. Талас алабы үш жағынан Талас, Қырғыз және Қаратау секілді тау жоталарымен қоршалған. Талас алабы таулы және жазықтық бөліктерге бөлінеді. Шу алқабынң солтүстік жағалауы егін егуге өте қолайлы, оны Қырғыз жотасынан ағып келетін көптеген өзендер кесіп өтеді.

Солтүстік шығыс Жетісу оңтүстікте және оңтүстік-шығыста Іле мен Жоңғар Алатауымен, солтүстікте Балқаш жағалауымен шектесетін алып жалпақ ыдыс секілді. Мұнда тау беткейіндегі көптеген өзендер және бұлақтармен суғарылатын Шу алқабы, сондай-ақ Іле, Қаратал, Лепсі алабтары егіншілік үшін ең құнарлы да қолайлы жерлер еді.

Егіншіліктің дамуы отырықшылық өмір үшін қолайлы аудандар Қазақстанның басқа өңірлерінде де болды. Мысалы, Ертіс алабы, Тарбағатай беткейлері, Ұлытау, Орталық және Батыс Қазақстан жерлері, бірақ егіншілік пен қалалық тұрмыс Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда кеңінен дамыған еді.

Қала мен дала. Отырықшы және көшпелі халықтардың өзара байланысы ғылымдағы күрделі теориялық проблемалардың бірі болып табылады. Егіншілікпен айналысатын облыстар, қала мәдениеті тағдыры үшін көшпелілердің теріс, қиратушы рөлі туралы пікір бар. Мәселен, көшпелілердің ерекше «психологиялық қоймасы» оларды үнемі егіншілерге шабуылдауға, қалаларды қиратуға мәжбүрлеп отырды-мыс. Мұндай көзқарасты жақтаушылар өз еңбектерінде көшпелілердің жауларына деген қатыгездігін, сыйлыққа деген ашкөздігі мен бопсалаушылығын бөліп көрсетті, ал ежелгі аңыз-әпсаналар далалықтармен фантастикалық адам-жылқы кентавр сынды кейіпкерлерді тығыз байланыстырды. Жабайы көшпендінің, варвардың бұл бейнесі өркениетті қоныстар мен қалалықтарға қарсы қойылды.

Зертеушілердің көпшілігі бұл көзқарасқа қарама-қарсы пікірді ұстанады, көшпенділерді аздап ұлықтап, олардың жосын-жоралғыларын, үлкендерге деген құрметін, қонақжайлығын, ағайынгершілігін, еркіндік сүйгіштігін баса көрсетеді. Олар тіпті ұлы дала хандарын халық сыйлаған, құрылтайларды тек ауқатты ру өкілдері мен тайпа ақсүйектері ғана емес, қарапайым сарбаздар, батырлар маңызды рөл атқарғандығын қайран қала сипаттап жазады.

Бірақ-та «көшпелі әлемді» онымен көршілес отырықшы және қала мәдениетінен бөліп қараған дұрыс емес. Олардың арасында экономикалық және мәдени байланыстар сан ғасырлар бойы қалыптасып, тығыз дамып отырды. Сауда, мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс мал шаруашылығының дамуына әсер еткен маңызды факторлар болған еді.

Саудаға, қолөнер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге қала мен дала тұрғындары өзара мүдделі болған.

Әлбетте, көшпенділер мен жер өңдеушілер қатынасы үнемі бейбіт түрде бола қойған жоқ. Көшпенділердің жойқын шапқыншылықтары мен шабуылдары туралы көптеген тарихи дерек көздері сақталған, бірақ отырықшы халықтардың билеушілері де далалықтарға қарсы олардан кем емес қатал жорыққа шыққандығы жөнінде мәліметтер де бар.

Тарихта көшпенділер мен отырықшы халық бірлесіп сыртқы жауларға қарсы күрескендігі жайлы мысалдар да жеткілікті. Айталық, VІІІ ғ. бас кезінде түріктермен бірлескен Соғды, Шаш және Ферғана тұрғындарының коалициясы Орта Азияға басып кірген араб экспансиясына қарсы тұрды. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Орта Азияның отырықшы облыстарының дала көшпенділерімен тарихи заңдылықтағы қарым-қатынастарының дамуы тығыз экономикалық байланыстармен анықталды. Бейбіт қарым-қатынастар көбіне бір мемлекет, бір экономикалық құрылымдағы олардың қарқынды дамуына жағдай жасады.

Ежелгі және ортағасырлық тарихта түрлі факторлар әсерінен көшпенділердің отырқшылық пен қалалық тұрмысқа өтуі жиі болып тұрды.

Түрік-соғды синтезі.

Жетісу қалаларын алғаш рет сипаттаған кісі, осы арадан 630 ж. жүріп өткен, будда қажысы Сюань Цзянь екен. Ол былай деп жазады: «Тұнық көлден солтүстік-батысқа қарай 500 лиден аса жер жүргесін, Сүй-е өзені бойындағы (Суап, Суяб) бір қалаға келдік. Бұл қаланы айнала өлшегенде 6-7 ли. Онда әртүрлі елдерден келген саудагерлер және хусцылар аралас тұрады. Сүйеден батысқа қарай тіке жүргенде жеке-жеке тұрған ондаған қала кездеседі, олардың әрқайсысының өз бастығы бар. Олар бір-біріне қанша тәуелді болмаса да, бәрі де түгелдей тудзюююге (қағанға) бағынады. Сүй-е қаласынан Гешуанға (Кушанияға) дейінгі ел Сули деп аталады, оның халқы да осылай аталады... Жер өңдейтіндер мен бас пайдасын көздейтіндер – тепе-тең екен».

Жазба дерек көздеріне сүеніп В.В.Бартольд Жетісу аумағындағы егіншілік мәдениеті соғдылықтардың отарлауы арқасында пайда болды деген пікірге келген. А.Н.Бернштам Жетісудағы отырықшы мәдениет ескеркіштерін соғдылықтарға, ал көшпелі мәдениет ескерткіштерін түріктерге жатқызады. С.Г.Кляшторный Жетісудағы соғды қалаларының федерациясы жайлы жазып, олардың саяси және экономикалық дербестігіне ерекше көңіл аударды.

Жетісудағы қала мәдениетінің шығуы туралы миграциялық тұжырымдамадан басқа оған қарама-қарсы автохтондық тұжырымдама да бар. Г.И.Агееваның пікірінше Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірі «Соғды мен Хорземнің отарлық нысаны болған жоқ, олар Орта Азия халықтарының тарихи және экономикалық өмір-тіршілігінде маңызды рөл атқарған ерекше экономикасы мен мәдениеті дамыған дербес өңірлер болған». Т.Н.Сенигованың пікірінше, Тараз тұрғындары мен оның округындағы қалалар түрік-қарлұқ тайпаларынан құралды.

Бір-біріне қарама-қарсы бұл көзқарастар Жетісудағы ерте ортағасырлық қала мәдениетінің қалптасуын тек этно-генетикалық тұрғыдан шешуге болмайтындығын, бұл үшін мәдениеттанулық талдау қажет екендігін көрсетеді.

Соғдының мәдени кешені түсінігінен қаланың қолөнер, сауда және ауылшаруашылығының орталығы ретіндегі қызметі айқын көрінеді. Қала тұрмысының құрылуы да қызық, археологиялық материалдардан ол тұрғын үйлер архитектурасының тұрақты конодары – терракота, керамикалық заттар жиынтығы, ондағы жазулар, қорымдық құрылыстар, жерлеу әдет-ғұрыптары арқылы айқындалады. Соғды мәдени кешенінің Жетісуға таралуы ішінара соғдылардың осы аймаққа тікелей көшіп келуіне байланысты жүзеге асқан. Джамуқат, Бунджикат қалаларының негізін салған да соғдылар. Екінші жағынан алғанда оны мәдени бірлесу-сіңісу процесінің көрінісі деп түсіндіруге болады.

Соғды мәдени кешенімен қатар бір мезгілде Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігіне, Мауренахрға түрік мәдени кешені де тарала бастайды, археологиялық материалдар ішінен ол металдан істелінген аяқ-табақтар мен қару-жарақтың, руникалық жазулары бар заттардың мол табылған олжаларынан байқалады. Осының нәтижесінде VІ ғ. – ІХ ғ. бірінші жартысында Жетісу мен Орта Азияда өзгеше бір мәдени кешен құрылып қалыптасады, оны түрік-соғды кешені деп атауға болады.

Бұл қалыптасудың айқын белгілерінің бірі - Соғды, Мауренахр мен Жетісу қала мәдениеттерінің біртұтастығы еді.

В.М.Массон Сюань-Цзянның Су-ли (Соғды) елі Шудан Басұн тауларына дейін созылып жатқандығы саяси-географиялық немесе этникалық шекараны білдірмейді, онда соғды-түрік эталоны айрықша рөл атқарған мәдени-тарихи облысы айтылады деп әділ көрсетеді.

Пәрменді мәдени синтез этногенетикалық процестер аясында өтіп жатады. Сонымен ертеректегі орта ғасырлар кезеңінде Қазақстанның оңтүстігінде өз бойына Соғдының мәдени кешенін сіңіріп қорытқан ерекше мәдениет қалыптасады. Бұл бірлесудің жарқын көрінісі қала мәдениетінен байқалады.



Қалалардың қалыптасуы. Қала мәдеиеті дамыған Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісу сынды екі өңірді атауға болады. Жазба дерке көздеріне қарағанда Оңтүстік Қазақстанда VІ-ІХ ғасырларда алты қала болған – олар «Ақ өзендегі қала» Испиджап, Шарап, Будухкент, Усбаникент, Отырар мен Шауғар. Бірақ-та археологиялық мәліметтер бойынша олардың саны 30 шақты.

Дерек көздерінде Оңтүстік-Батыс Жетісудағы 21 қала аталады, олардың арасындағы ең ірілері Тараз, Жамуқат, Атлах, Құлан, Мерке, Аспара, Суяб, Навакет еді. Қалаларға археологтар мәдени қабаты VІ-ІХ ғасырларды қамтитын және қаланың белгілері бар (топографиялық ерекшелік, көлемі, археологиялық олжалар, географиялық орналасу жағдайы) ескерткіштерді жатқызады. Қалаларға тән нақты геометриялық жоспар әуелден-ақ құрылыстың орталықтана бастауын көрсетеді. Қазба кезінде мәнет, шеттен әкелінген заттардың, қолөнер өнімдерінің кездесуі де қалаларға тән нәрсе. Әдетте, қалалар сауда және стратегиялық жағынан қолайлы жерлерде немесе шағын аудандар мен облыстар орталығында орналасты. Сонымен қатар, аталған белгілеріне қарай қалалар классификациясын жүргізуге және оларды астаналық ірі қала деп, орташа, шағын деп бөлуге болады. Айталық, Оңтүстік Қазақстанда астаналық қалалар – Испиджаб, (Сайрам қала-жұрты), Отырар (Отырартөбе қала жұрты), ал Оңтүстік-Батыс Жетісуда – Тараз, Навакент (Қызыл өзен), Суяб (Ақбешім қала жұрты).

Қала мәдениеті орталықтарының бірі болған Оңтүстік Қазақстанда отырықшылық пен егіншілік дәстүрі сақ және қауыншы, отырар-қаратау мен жетіасар археологиялық мәдениеттерін қалдырған қаңлылар дәуірінен бастау алады. Оларға егін және мал шаруашылықтары, ақша айналымының шектеулігі тән еді. Бұл мәдениеттердің ерте қоныстары Отырартөбе, Оқсыз, Бұзық, Марданкүйік, Құйрықтөбе және т.б. Оңтүстік Қазақстан ортағасырлық қала ескерткіштеріне негіз болды. Бұл мәдениеттердің үй құрылысы, қыш ыдыстарын жасау, тұрғындардың рухани дүниетанымдық дәстүрі ерте феодализм кезеңінде де сақталды.

Әрине, қала мәдениетіндегі дәстүрмен қатар жаңа инновациялық элементтерде байқалады, нәтижесінде Оңтүстік Қазақстанда қала мен қалалық мәдениет қалыптасады.

Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың қалыптасуы біршама басқа жолда дамыды. Мұнда Оңтүстік Қазақстандағыдай отырықшылық пен егіншілік дәстүрлер дами қойған жоқ. Бұл шаруашылығындағы мал өсіру басым болған сырдариялық мәдениеттің ең шеткі аймақтары еді.

Қалалар мен қалалық мәдениеттің дамуында Жібек жолы арқылы жасалынған сауда маңызды рөл атқарды. Қалалар сауда жолдарының бойларында орналасқан. Бірақ, сауда қала дамуындағы маңызды фактор болғанымен, қалалардың әкімшілік билік, қолөнер мен рухани мәдениет орталығы секілді функция атқарғанын жоққа шығара алмаймыз.

Қазақстанның ерте феодалдық қалаларын Орта Азия қалаларымен салыстырғанда, алғашқыларының ауыл шаруашлығымен өте жоғары дәрежеде байланысты болғандығын аңғарасыз, бұл көшпелі рыноктың бидай мен егіншілік өнімдеріне деген сұранысынан тундаған еді.
Қалалардың топографиясы мен типологиясы
Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар ортаазиялық қалаларға ұқсас – бекініспен қоршалған немесе бекініссіз цитадель, шахристан мен рабадтан тұрады. Көп жағдайда олар жоспары бойынша дөңгелек. Тау беткейіндегі белдем мен Сырдарияның төменгі ағысында тік бұрышты жоспарда салынғандары басым.

Оңтүстік-Батыс Жетісу қалаларына орталық цитадель (орталықта орналасуы сирек) төбесі мен тік бұрышты, бес бұрышты, трапеция, көп бұрышты жоспардағы шахристан қалдықтары да анық байқалады. Қалаға кіретін қақпа бірден төртке дейін. Рабадтар ауылдық округтерге қосылып кеткен, сол себепті екі құрылыс арасындағы нақты шекараны табу өте қиын. Орталық қирандыларға ұзындығы үштен ондаған шақырымға жететін «ұзын қабырғамен (дуалмен)» қоршалған территория жалғасады.



Қалалар құрылымы. Цитадель – қалада кездесетін міндетті бөлшек болып табылады. Ол қаланың бекініспен мейлінше күшейтілген бөлігі еді. Мысалы, Құйрықтөбенің VІІ-VІІІ ғасырлардағы цитаделі биіктігі 10 метрге жететін пахсалық платформадағы замок түріндегі құрылыс еді. Ортада солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 15 метрге созылған зал орналасты, оның ені 10,5 м-ді, ал жалпы алаңы 57,5 шаршы м-ді құрады. Салтанат залы мен оған жапсарластырыла солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыстан салынған бөлмелер арқылы есігі шахристанға шығатын айналмалы дәліз болған. Ол арқылы салтанат залына, солтүстік-шығыстағы бөлмелерге баруға болатын еді. Гелереяның батыс бөлігі де осы ұзын дәліз арқылы залмен жалғасты. Қораптық жиынтықпен жабылған бұл дәлізде сарайдың шатырына апаратын тепкішек орналасты.

Салтанат залының болуы, ағашқа ойып салынған суреттердің табылуы құрылыстың репрезентативті мәнін көрсетеді, мұнда негізінен қала билеушісі орналасса керек.

Баба-Ата қаласы орнының қамалын қазған кезде мұнда VІ-VІІІ ғасырларда көлемі 240 шаршы метр болатын екі қабатты құрылыс болғаны анықталды. Бірінші, төменгі қабатында диаметрі 5,8 м болатын, күмбездеп жабылған салтанат залы болған. Екінші қабатына қорап сияқты етіп жабылған алты бөлме салынған. VІ ғасыр мен VІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Ақтөбе-1 қаласының ішкі қамалының орнынан саз қабатынан үш метр етіп тұрғызылған биік тұғыр үстіне орнатылған екі қабатты замок табылды.

Луговое цитаделіндегі қазба жұмыстары мұнда да VІІ-VІІІ ғасырлардағы замок түріндегі құрылыс орнының ішінара аршылуына мүмкіндік берді.



Қала махалласы және тұрғын үй. Қалалардың шахристандары махаллаларға топтастырылып, үйлер тығыз салынған. Қалалардың махаллаларға бөлінуі феодалдық қоғам үшін заңды көрініс болатын. Ол туыстық дәнекерлікпен, ортақ кәсіппен, діни көзқарастармен топтасқан адамдардың сол қоғамға тән топ болып тұйықталуымен байланысты болған еді.

Оңтүстік Қазақстан қалаларының жұртына кеңінен жүргізілген қазба жұмыстары жеке махаллаларды, олардың шекараларын бөліп көрсетуге және мынадай анықтама ұсынуға мүмкіндік берді: «махалла дегеніміз қала құрылысының ішіндегі көшелер немесе үлкен көшенің бір бөлігін біріктіретін бірнеше үйлерден тұратын шағын алабы. Махалланың сыртқы беті жабық болады, көрші махаллалармен шекарасы барлық үйлердің сыртқы қабырғалары мен шеткі үйлердің бүйірдегі қабырғаларын бойлай өтеді» /32/

VІ-VІІ ғасырдың бірінші жартысындағы махаллалар Отырар алқабындағы Көк-Мардан қаласының жұртын қазған кезде аршылды. Үйлердің үш тобын махаллалар деп санауға болады. Олардың әрқайсысы үлкен «солтүстік» көшеден тарап, бекініс дуалына барып тірелетін тұйық көшемен біріккен. Тұйық көшелердің ұзындығы - 15, 12, 10 м, махаллалардың көлемі – 370, 350 және 300 шаршы метр. «А» махалласында бес үй бар, біреуі діни үй, «Б» және «В» махаллаларының әрқайсысы 4 үйден тұрады.

Әзірге жекелеген махаллалар тұрғындарының қоғамдық жағдайы жөнінде пайымдау жасауға қолдағы мәліметтер жеткіліксіз, тек қазба жүргізілген махаллаларға әлеуметтік теңдік тән екендігін айта кетуге болады.



Ғибадатханалар, храмдар. Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда түрлі діни қауымдардың ғибадатханалары мен храмдары болған Көкмарданнан жоспары шаршы тәріздес, ауданы 4,4 м бір бөлмелі ғибадатхана аршылған. Кірер есікке қарама-қарсы орталық қабырғада еденнен 0,5 м биіктікте қой мүйізі түрінде ойылған тікбұрышты қуыс орналасқан. Оның астында күлдің қалың қабаты бар тұғыр орнатылған. Ғибадатханаға тікелей ұқсас құрылыстар жоқ, бірақ кушан уақытымен мерзімделінген Хорезмдегі Гуяр қаласындағы құрылыс залымен кейбір ұқсастықтар бар.

Оңтүстік-Батыс Жетісу қалаларындағы буддизмнің рөлі айқынырақ байқалады. Кезінде Ақбешім қаласынан екі, Қызылөзен қаласынан да екі будда діни ғимараттары аршылған болатын. Алғашқысы целла (ғибадатхана), оңтүстік-шығысқа ашылған айналма дәліз бен залдан тұрады. Қабырғасынан жазу іздері анықталған. Ақбешім қаласындағы екінші будда діни топографиясы жағынан біріншісіне жақын. Қазба жұмыстары оған ерте кездегі құрылыс орны платформа ретінде пайдаланылғанын көрсетіп берді. Діни ғимарат VІІ-VІІІ ғасырларда бірнеше рет қайта салынып пайдаланылды. Оның целласы аумағы 6х6 м шаршы жоспарлы құрылыс. Ұзын шикі кірпіштен көтерілген ғибадатхана қабырғасының қалыңдығы 2,6 м. Төбесі күмбезделіп жабылған. Целлаға шығыстан кірген. Кіретін есік алдына кіреберіс далда соғылған. Целланы оңтүстіктен, батыс пен солтүстіктен галереялар қоршап тұрды. Кейіннен пилон-контрфорс, кірер есігіне текпішек салынған. Қабырғасын екі рет сылаған, ганчпен сылап, жазу жазған. Жазулар көк, қара, қызыл, жасыл түстермен түсірілген. Тамбур мен ғибадатханаға кірер тұстан табылған мүсін фрагменттері ол қайта салынған уақытқа жатады. Олар қол, жамбас, аяқ, бет-пішін мен бас фрагменттерінен, киімге жабыстырылған көптеген әшекейлерден, бас киім бөлшектерінен тұрады.

Діни ғимаратты қазу басталғанда-ақ галереяның батыс айналма жолынан басы солтүстікке бағытталған нирванадағы Будданың үлкен мүсіні табылды. Мүсін ішінара сақталған, басы мен денесінің жоғарғы бөліктері ілкі замандарда қиратылған. Мүсіннің сақталған ұзындығы 8 м. Мүсін мен ол жатқан постамент қызыл түске боялған. Түргеш мәнеттері олжаларына сай діни ғимарат VІІІ-ІХ ғасырлармен мерзімделінеді.

Ақбешім қаласынан V-VІ ғасырларға жататын христиан шіркеуі табылған. Бұл құрылыстың үлкен бөлігін аула құрайды, ал шіркеу оның шығыс жағында орналасты, ол аумағы 5,3х4,2 м құрылыс.



Бекініс құрылыстары. Өңірдегі ерте ортағасырлық қалалардың қорғаныс құрылыстары әзірге аз зертелген, бірақ қазір оларда бекініс кеңінен пайдаланылғанын қорытындылауға болады. Қала бекінісі құрамына цитадель мен мұнаралы қорғаныс қабырғалары (дуалдары) кірді.

Ерте орта ғасырлардағы қала қабырғаларының ішкі жағынан ататын галереялар мен соғысатын орындары жоқ монолитті сазбалшық құрылыстары болды, оны қабырға үстіндегі тісті жақтаумен жабылған алаңқай алмастырды. Құйрықтөбе цитаделіндегі бекініс қабарғасында жүргізілген зерттеулер іргетасқа қаланған қабырға пахса блоктарынан қаланып, табанындағы ені 2,7 м болғандығын көрсетті. Оның бұрыштарына ішкі жағында шағын орындары бар жартылай дөңгелендіріліп мұнаралар салынды.

Талас алабындағы Тараз қаласы биіктігі 15-20 метрге жететін күшті дуалмен қоршалған еді. Оның қабырғасы малтатас қабатымен кезекпен өрілген пахса блоктарынан тұрғызылды.

Қаланы айналдыра қоршап тұрған ұзын дуалдар ленталы техникамен қам кірпішті, малта тас пен ұсақ тас қабаттарын пайдаланылып салынғаны қиынды түсірген кезде белгілі болды. Дуал параметрі әр-қилы - ені 2-ден 5 метрге дейін, ал сақталған биіктігі 5 метрге дейін жетеді.



Қалалық тұрғын үй мен демографиялық сауалдар. Алғаш рет кең ауқымдағы қазба жұмыстары нәтижесінде Оңтүстік Қазақстанның ерте ортағасырлық қалалық тұрғын үйлері жөнінде түсінік алынды.

VІ-VІІ ғасырдың бірінші жартысына үйлердің екі үлгісі тән. Бірінші үлгідегі үй – бір бөлмелі, тік бұрышты жоспармен салынған. Осындай көлемі 43 шаршы метр болатын үйлердің бірінде ұзындығы 4 метрлік иілген дәліз бар. Кіреберісі тамбур пішіндес. Батыс және солтүстік қабырғаларын бойлай ортасына қарай шығыңқы келген сөрелі сәкілер орнатылған. Сәкілердің ені 1 м, шығыңқы жері – 1,2 м, биіктігі 40-45 см. Кіреберістің қарсы алдынан ортаға ернеулері балшықпен сыланған көлемі 1х1,5 м болатын тік бұрышты жерошақ қазылған. Кіреберістің қарсы алдынан ортаға ернеулері балшықпен сыланған көлемі 1х1,5 болатын тік бұрышты жерошақ қазалған. Кіреберістің қарсы алдынан ортаға ернеулері балшықпен сыланған көлемі 0,2х0,2 м болатын екі камин (қабырғадағы ошақ) орналасқан. Оңтүстік-шығыс бұрышы саз қалқаман бөлінген, бұл шаруашылық бөлімі, өзінше бір алаң. Жайдың еденінен тік бұрышты төрт шұңқыр – тіреуіш бағаналардың орны тазартылды. Төбесінен, сірә, жарық түсетін әрі түтін шығатын тесік жасалған болса керек. Сонымен бірге түтін есіктен де шыққан, сондықтан да ошақ пен каминдер есікке жақын тұр.

Үйлерде диірмендерге арналған тумба тәрізді тұғырлар бар. Хумдар, азық-түліктің өнімдерін сақтауға арналған ыдыстар бұрышта, сыпада орналасады. Күйдірілген саз балшақтан жасалынған бөшке тәрізді және астау секілді ыдыстар да дақылдарды сақтау үшін пайдаланылды.

Жекелеген үйлердің аумағы өзгеріп отырды. Ең үлкен үйлер – 35-45 шаршы м, ал аса үлкен еместер – 12-20 шаршы м аралығында. Үлкен үйлерде шатыр төрт жерінен тірелді, ал орташа деңгейдегі үйлерде бір ағашқа немесе қиюластырылған екі бөрене бір бағана-тіреуге бекітілді. Шағын үйлердің шатырлары тек қана қабырғаға бекітіліп тұрды.

Екінші үлгідегі үйлерге екі бөлмелі үйлер жатады. Екінші бөлме – қойма – бастапқы бөлмеден мықты қабырға арқылы бөлінген.

Оңтүстік-Батыс Жетісудың ерте ортағасырлық қала үйлері жеткілікті дәрежеде зерттелмеген. Ол туралы Қызылөзен, Луговое, т.б. ескерткіштерде қала сыртындағы ҮІІ-ҮІІІ ғасырларға жататын жұмыстар түсінік бере алады.

Замоктардың тұрғын бөлмелері ашық үлгідегі ошақтармен жылытылды. Сондай-ақ, қабырғалық және сына шетіндегі ошақтар да кездеседі.

Орта Азия мен Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тұрғындар санының өсуін анықтау нақты сандық мәліметтер жоқтығынан едәуір қиындықтар туғызады. Жазба дерек көздеріндегі тұрғындар саны өте мардымсыз, мұндай мағлұмат бола қалғанның өзінде көбіне ақиқатқа қайшы келеді. Сәл де болса нақты ақпараттар археологиялық мағлұматтарға негізделеді.

Демографиялық ахуалды анықтау әдісі әлі де жетіле қойған жоқ, бірақ демографиялық қаламалар ескерткіш алаңын толығымен тазалауы ұлғайғанда, оның махаллалық құрылыстары мен баспаналар сипатына қарап есептегенде сәл де болса шындыққа жақындай түседі.

Орталық төбе сыртындағы тұрғындарды есептегенде Көкмарданда 1625-1950 адам өмір сүргендігі айқындалған. Бір гектар жердегі халық тығыздығы 560-650 адамды құрады. Салыстыра айта кетсек, ортағасырлық Пенджикентте 230 адам тұрды. Мұндай жағдайды тек қаладағы тұрмыс-тіршілік салтымен түсіндіруге болады. Қала тұрғындары жаздыгүні қала сыртына, бау-бақшаға, жайылымға көшті. Оңтүстік Қазақстан қалаларына тән бұл өзгешелік соңғы уақыттарға дейін сақталды. Баспана мен демографиялық қаламалар сипатына қатысты жүргізілген археологиялық зерттеулер, жекелей алғанда бір гектардағы құрылыстардың тығыздығы Оңтүстік Қазақстан халқында аталған тұрмыс-тіршілік салты кем дегенде ҮІ ғасырдан бастап таралғандығын айғақтайды.



Қалалар функциясы. Сауда-қолөнер орталығы ретінде қалалардың дамуы қолөнердің ауыл шаруашылығынан бөліну үрдісімен үстем тапқа негізінен қызмет көрсетуші қолөнер өндірісінің мейлінше дамуымен тікелей байланысты болды.

Әзірге ғалымдардың қолында ерте ортағасырлық қалада қолөнердің дамуы туралы мәлімет аз, ең алдымен ол бізге жеткен - қыш ыдыстар, металл, сүйек пен тас бұйымдар секілді дайын өнімдер арқылы ғана белгілі. Тоқымашылық, тері, жүн, киіз өндіру ісі жайлы мәліметтер одан да мардымсыз. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларындағы қолөнердің бұл салалары жайлы жазба дерек көздерінде айтылғанымен, олар біршама кейінгі уақыттарға жатады.

Қыш ыдыстарды өндіру қолөнердің басты бағыттарының бірі болды. Көкмардан қазбасынан, Құйрықтөбе мен Отырардың VІІ-VІІІ ғасырлардағы мәдени қабаттарынан шот, пышақ, орақ жинастырылған, табылған темір крицалар оның осы жерде өндірілгендігін айғақтайды. Мыс өндірісі де осы жерде өндірілгендігін дәлелдейді. Мыс өндірісі Жетіасар қаласының жоғарғы мәдени қабаттарынан табылған мыс тоғалар мен белбеу айылбастары арқылы да белгілі. Зергерлік өнер шыңын киім киген еркек пен әйелдің бейнесі, табаны көтерілген түйе мүсіндері бедерлі алтынмен апталғын нәзік қола тоғалар, сырға, білезік бойынша да пішіп-кесуге болады.

Сүйектен жасалынған жебе қапсыры, жанурлар сүйегінен дайындалған тұмар, кесілген марал мүйізі табылды. Тас қашаушы шеберлер диірмен, дәнүккіш жасады.



Сауда мен ақша айналымы қалалар дамуындағы аса маңызды факторлардың бірі болды. Қала материалдық игілікті өндіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге сауда да жасады, бұл орайда оның екінші міндетін сол заман үшін ең маңызды деп санауға болады. Қалалар тауар айырбасының негізгі үш бағыты: елдер арасындағы, қала мен оның төңірегі арасындағы және қала мен көшпелі дала арасындағы бағыттары осында тоғысып жатты. Сол кездегі халықаралық керуен жолымен сауда жасау кеңінен өріс алды, оның дамуында соғдылар мен түріктер маңызды рөл атқарған болатын. Ұлы жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу арқылы өткен. Оның Суяб, Тараз және Испиджаб қалалары арқылы өтетін телімдерінің көп рет суреттелгені мәлім. Испиджабта одан солтүстік-батыс жақтағы Фарабқа, Шауғарға және одан әрі Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстан даласына кететін тармақтары шыққан.

Сауда түрік ақсүйектеріне едәуір пайда келтірді және де нақты атап айтқанда, қолға түсірілген олжаны сатуға мүмкіндік берді. Сол себепті де 567 жылдың өзінде-ақ Иштеми-қағанның сауда ісін жолға қою үшін Иранға екі рет елші жібергені кездейсоқ емес еді. Елшілік табыс әкелмеді. Сонда қаған Византияға да елші жіберді, бұл жолы елшілік сапар сәтті аяқталып, екі мемлекет арасында сауда-саттық қатынас жолға қойылды.

Қытайдан жібек, қағаз, айналар әкелінді. Орта және Таяу Шығыстан, Византиядан Қытайға опа-далап, бабылдық кілемдер, асыл тастар, інжу-маржандар, шыны, маталар жеткізіліп отырды.

Соғдылықтар күміс бұйымдар, түрлі-түсті шынылар, дәрі-дәрмек және бояу заттарын, кілемдер шығарып, сатумен айналысты. Византиядан, Соғдыдан, Қытайдан және басқа елдерден шыққан әсемдік заттарының бір бөлігі түрік шонжарларының ордаларында, қала тұрғындарының үйлерінде қалып отыратын.

Жетісудағы археологиялық олжалар арасынан византиялық таңбалар басылған күміс құмыраларды, византиялық және оларға еліктеп жасалынған алтын мәнеттер, қытай айналарын ерекше бөліп көрсетуге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет