1.1Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігіне қысқашы сипаттама.
Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қуатты мемлекет қалыптастырудың, оның ұзақ мерзімді табысты дамуы мен экономикалық өсуінің басты шарттарының бірі болып табылады [4].
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азық-түлік қауіпсіздігінің қажеттілігі заңнамалық деңгейде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген [5].Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер Қазақстан Республикасы үшін ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері қатарында айқындалды.
Қазақтан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің 2013 жылғы 16 сәуірдегі отырысында Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің ең маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылатындығын және халық үшін тамақ өнімдеріне нақты және экономикалық қолжетімділікті арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екендігі туралы атап өтті. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Еуразиялық экономикалық одағында (бұдан әрі – ЕАЭО) және Дүниежүзілік сауда ұйымында (бұдан – әрі ДСҰ) ынтымақтасу процесі жағдайында, сондай-ақ Ресей Федерациясы және негізгі батыс елдерінің өзара экономикалық санкциялар жағдайында айрықша өзектілікке ие болып отыр [6].
Тамақ өнімдеріне зиян келтіретін қауіпті факторлар. Тамақ өнімдерінің әр түрлі вирус, паразиттермен залалдануы адам денсаулығына қауіп төндіруші негізгі факторлардың бірінен саналады. Соңғы кездері адамзатты алаңдатқан сиыр құтырығы, құс тұмауы, жануарлар мен құс еттерінде сальмонелл бактерияларының пайда болуы, өнімнің экологиялық залалдануы сияқты адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін көптеген қауіпті факторлар пайда болуда.[7]
Сонымен қатар, генетикалық өңдеу жолымен алынған белоктардың аллергиялық ауруларды қоздыру ықтималдығы басым болса, ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылатын химиялық заттар (пестицидтер, нитраттар, ауыр металдар, т.б.) өсімдік пен малдан алынатын тамақ өнімдерінде сақталу арқылы адам ағзасына тікелей қауіп төндіреді. Тамақ өнімдерінде химиялық зиянды заттардың (канцерогендер, аллергендер, т.б.) пайда болуына кейде өндірістік процестердің де әсері айтарлықтай болуы мүмкін [8].
Сонымен қатар, кейбір оңай олжа тапқысы келетін санасы төмен адамдардың заңсыз әрекетінен рынокта жалған өнімдердің пайда болуын да жоққа шығаруға болмайды. Жалған өнім жасаушылар тұтынушыларды алдап қана қоймайды, кейбір жағдайларда сол жалған өнімдерімен адам денсаулығына зиян келтіріп, өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Әсіресе, тамақ өнімдерінің белгілі бір құрамдарын арзан да сапасыз қоспалармен алмастыру арқылы олардың санын немесе салмағын молайту, өнімнің сыртқы орама, қапшығына оның құрамы мен тағамдық құндылығы туралы жалған ақпараттар беру (мысалы, табиғи емес өнімді табиғи етіп көрсету), т.с.с. тәсілдерді қолдана отырып тұтынушыны алдап, жаңылыстыратын әрекеттер жиі ұшырасады. Сондықтан мұндай әрекеттердің жолын кесу үшін Үкімет пен тұтынушы қауым күш қосып күресуі қажет [8].
Елімізде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Қазақстан Республикасының “Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы” (2004 ж.), “Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы” (1992 ж.), “Техникалық реттеу туралы” (2004 ж.), т.б. заң актілерінде қарастырылған. Осы заң актілерінде белгіленген талаптарды орындау, тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін әлемнің көптеген елдерінде НАССР (Hazand Analysіs and Crіtіcal Control Poіnts) жүйесі сәтті пайдаланылуда. Қазақша мағынасы тәуекелдерді талдау және сыни бақылау нүктелері немесе өнімнің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етуші қауіпті факторларды жүйелі түрде бірдейлендіру, бағалау және басқару тұжырымдамасы. НАССР жүйесі оны жүзеге асыруға қажетті ұйымдық құрылым, құжаттар мен өндірістік процестер және қорлардың жиынтығы болып табылады [8].
Достарыңызбен бөлісу: |