...Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз. Білендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз, Ақыл сенбей, сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз... Ақынның қай өлеңін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән асыл қасиеттерді ар, ұят, намыс, иман, ақыл, білім, ғылым және т.б. бойына дарыта алмаған ел-жұртын сынаған немесе адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды оқып білеміз.
Абайдың әр туындысы, мейлі көңіл мен жүрек лүпілінен шыққан өлең болсын, өмірлік пайымдаудан, көргенін-білгенін саралаудан жжинақталған. Ғұлама ақын аса қиын болмыстық мәселелерді шешуге бара отырып, қазақ даласының бар этнографиялық, әлеуметттік әрі рухани ерекшелігін, халықтығын танытар өзгешелігін ескереді. Абай даналығы - қазақ халқының даралығын ескере отырып, барлық адамзатқа ектән өркениетті, мәнді мәселелерді қозғайды.
Абай – ең алдымен өз ортасының, өз заманындағы қоғамдық, ұлттық, халықтық, одан әрі ірі-ірі адамзаттық мәселелерді сөз етеді.
Абайдың ұлылығы сонда, қомақты өмір қайшылықтарын, кеңістік пен уақыт алдында өзгермейтін азаматтық құндылықтарды, адами қасиеттерді талап етіп, сынға алатындығында жатыр.
Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, Қаракет қылсаң, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек. Абай осы өлеңнің екінші шумағында әр заманның өз ереже-тәртібі, қағидалары болатындығын айтады. Дегенмен, әр заманның тәлкегіне түспейтін, адамзат санасында бекіген заңдылықтар мен азаматтық құндылықтар барын да жоққа шығармайды.
...Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі, - деген өлең жолдары әр кез құндылығын жоғалтпайтын адамдық қасиеттерді жырлайды. Рух, жан мәселесіне тоқталған ақын адам санасынан жоғары тұрған құдіретті күштерді, сыры терең тылсым құпияларды шешуге, түсінуге, ашуға тырысады. Сол себепті Абай мұралары-рухани дүние. Абай оның кілті есебінде Ислам әлемін, ондағы адамгершілік, азаматтық құндылықтар мен рухани биік талғамын таңдаған.
Ұлт болашағы үшін, өркениетті елдер қатарына жету үшін білім алу, ұрпаққа жасынан оқу оқыту, ғылымды игерту, имандылыққа, адамдыққа, өнерлі болуға тәрбилеуде Абай мұралары мәдени құндылықтарымыздың биік тұғырында қала берері хақ.