Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық



бет31/47
Дата22.05.2018
өлшемі9,62 Mb.
#40597
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   47

Мыңбай Рәштің сатиралық туындылары қазір де дүркін-дүркін баспасөз беттерінде жарық көріп тұрады. Алпысыншы жылдарда Сәбит Мұқанов туралы жазған пародиясын сатира зерттеушісі Темірбек Қожакеев қатты сынаған екен. Қазір жазылған шығармаларының көбісі сыни тұрғыдан жазылғандай болады да тұрады.

Соңғы кездері неше түрлі театрлар, шоулар қаптап кетті. Бірінің күлкісінің сәні болса, бірінде мән жоқ. Бұл турасында да көптеген сындар айтылып жүр. Орындалған әзіл, сықақтар өте мәнсіз, мағынасыз болып та жататын тұстары жоқ емес.Осы турасында Мыңбай Рәштің «Күлкі кімнің мүлкі?» [1, 12 б.]. деген туындысы жарық көрді.

Кейінгі кездері

Пәлен шоу, түген шоу

Батпақтағы бақалардай

Быжынап кетті – деп келеді де, ондағы күлкі туралы, адамдардың қалай-қалай күлетіндігі туралы, қазіргі күлкіге жаны аши отырып, үлкен мәселені қозғап отыр. Астарында күлкінің мән-мағынасы кетіп бара жатқанын, кім болса сол арзан күлкіні пайдаланып халықты күлдіріп жатқанын, халық та таразыламай, не болса соған күле беретінін, күлкі тек күлдіріп қана қоймай, тыңдаушысы мен көрерменіне астарлы ой, салмақты пікір тастауы керектігін, әркім тек қана күліп қоймай, ойланып қоюы керектігін айтады.

Күлкінің де түр-түрі барын, арнайы сықақшы болмағандықтан оны ажыратып жатпағандығын сынға алғандығын байқауға болады.

Қайран күлкі…

Кім көрінгеннің болды-ау мүлкі.

Бірі – жырқы,

Бірі – түрпі,

Сорлы күлкі!

Сөзінің аяғын былайша топшылайды:

Күлкі – мисызға түрпі

Милының мүлкі!

Қазақтың жарқыраған сатириктерінің бірі Сейіт Кенжеахметов. Сейіт Кенжахметовтың сатирасы өткір, тиген жерін опырып жібереді. «Менің гүлім ашылған», «Итке азан шақырып ат қою», «Тараздың әкімі келді», «Мені ауру деді» т.б. сатиралық туындылары бар. Аталған туындалырының бәрі де жастардың кемшілігі мен астарлы қазақ сөзін түсінбегендіктен туындаған оспадарсыз әрекеттерін сынап көрсетуімен ерекшеленеді. Орысша тәрбиеленген қазақ қызына «он екіде бір гүлің ашылмаған екенсің» десе «менің гүлім ашылған» деп ренжіп жауап беру арқылы ұятты әрекетке барып тұрғанын білдіреді. Бұл да қазіргі жастарымыздың мәні мен мағынасы терең қазақ халқымыздың сөздерін түсінбеуден туындаған әрекеті екенін көрсетіп отыр.

«Тараздың әкімі келді» туындысы да адамға күлкі туығызады. Бастықтың алдына келген Әкім Тарази ағамыз хатшы қызға «Шырағым, анау бастығыңа айтшы, мен Әкім Тарази деген жазушымын» деген ғой. Әлгі қыз бастығына кіріп «сізге Тараздың әкімі келіп отыр» депті. Бұл дегеніміз қазіргі жастарымыздың ұлт зиялысын танымағандығын белгісі. Бір ғана қазақ қызының емес, ұлт жастарында бар кемшілік.

С.Кенжахметов ағамыздың астарлы сындары жүзімізге күлкі үйіре отырып, жүректі шымырлатады. Бұл бір ғана адамның емес, қоғамның мәселесі десек қателеспейміз. Қазіргі қазақ тілі мен қоғамдағы танымы мешел жастардың мүшкіл халін айтып, бәрімізге ой тастап отыр.



Қажытай Ілиясұлының «Жетім шумақтарында» бір шумақтан тұратын төрт сықақ өлеңі бар.

«Махаббат маңынан» да:

Алды-артына қарамай қашып, пысып,

«Екі ғашық» ауылдан кетіп еді.

Күйеуінен әйелі асып түсіп,

Некесіне жыл жетпей өкінеді,- деп бүгінгі жалған махаббатты сын садағымен түйреп өтеді. Қазір ерте үйленгісі келетін жастар көп. Үйленіп отау құрған соң, өмірдің қиыншылығынан безініп отбасылық өмірдің артар жүгіне шыдас бермей шаңырағының ойранын шығаратын жастар жетіп артылады. Ілиясұлының сатирасы осы келеңсіздіктерді нысанаға алуымен қадірлі.

Осы жоғарыда айтылған аға буын сатирасының саңлақтарының ізінен басып келе жатқан орта буын: Толымбек Әлімбек, Ермахан Шайхыұлы, Берік Садыр, Жеңіс Шыныбек, Еркін Жаппасұлы, Кәдірбек Құныпияұлы, Алпысбай Боранбайұлдарын жатқызамыз.

Күліп айтса да біліп айтатын Толымбек Әлімбек ағамыздың қазақ сатирасына қосқан үлесі – өлеңмен жазылған сықақтарынан болса керек.

Қоғамның дамуы барысында, қоғам мен адамның кемшілігін сынау сатираның маңдайына жазылған. Сондықтан Толымбек Әлімбеков сатираны әдебиеттегі оппозиция жанры деп атайды.

Өмірде үндемей ішінен тынып жүретін, бірақ сатирасында кейіпкерлері күліп жүретін Ермахан Шайхыұлының есімі күлкі сүйер көпшілікке кеңінен таныс.

«Ауыз тие отырыңыз», «Бір түрлі кітап», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Мынауың жынды екен», «Жатыпатар» атты кітаптардың авторы.

Ермахан сатирасын өлеңмен де, прозалық тілмен бірге жазатын адам. Сатиралық өлеңі мен прозасын таразының екі басына теңдей қояр болсақ, прозалық сипаттағы сатирасы басым түсер еді. Сөзімізге сүйеу болсын, мысал келтірейік:

«Ет аса білесіз бе?» сатиралық туындысы қазақ халқына ең жақын тағам ет асуға қатысты. Ет пен ет асудың қыр-сырын әбден меңгерген қазақ үшін ет асуды үйрету керек еместігін айтады. «Әрбір әзілдің түп төркінінде шындық жататынын ескерсек, еттің етке, сорпаның бетке құйылатыны рас» деп қояды. «Оңтүстікқазақстандықтар бір қойдың етін соғым етіп, қыс бойы жапырақтап жеп шығады. Сондықтан да болар, Оңтүстік Қазақстанда туған экономистер көп» оңтүстіктің үнемшілдігін де сынға алып қояды. Яғни, білдірмей отырып, сын айтылады. Тоқ етері «қазаққа ет асуды үйрету де жұмыртқаның тауыққа ақыл айтуымен бірдей» деп қазақтан артық ет асуды меңгерген ешкім жоқ екендігін растайды.

Қазіргі таңдағы танымал пародистердің бірі Кәдірбек Құныпияұлы. Оның бірнеше өлеңдерімен қоса пародиялары бар. Пародияларының көбісін жас ақындардың өлеңдеріне жазады. Бұл бір шетінен жас ақындарға, інілерге айтқан ақыл кеңесі, кем-кетік тұсын пародия арқылы тұспалдап көрсету болар деп ұғамыз. Алдарыңызда бірнеше пародияларын талдап көргелі отырмыз.

К.Құныпияұлы Аманхан Әлімұлының «Кетіп барады» деген өлеңіне [2,120 б.] пародия жазған.



Қас пен көздің, бауырым, арасында,

Асқақ кеуде соңына қарасын ба?

Басым кетіп барады білегінде,

Санам кетіп барады санасында.

...Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын жүрегінде. – деген өлең жолдарына


“Қас пен көздің, бауырым, арасында”,

Жазып шықтым бір өлең, нанасың ба?

Басым кетті бір қызбен басыбүтін,

“Санам кетіп барады санасында”.

Көңілім кетіп барады көңілінде,

“Ернім кетіп барады ерінінде”.

...Көзім, өзім сол қызға ерген кезде,

Өлең кетіп қалыпты өзге жаққа – деп жырлайды.



Жас ақын Аманханның өлеңін ары қарай дамытып, таратып отырып жазылған. Қызға деген жігіттің ғашықтығын аша түскен, ынтықтығын керемет сүреттеп бере білген. Жастық сезім ғана емес, үлкеннің өнегелі ойымен жігіт ынтықтығын бүге-шігесіне дейін сипаттап көрсеткен.

Бұдан кейін Болат Жетекбайдың «Ылығу мен былығу» өлеңіне [3,119 б.] де пародия жазған.



Ырықсыз келгенім, кетерім,

Ылығып әрнеге нетемін?

Алланың дидарын аңсамай,

Не мұрат, мақсатқа жетемін!

...Өзің деп кеудемді өр еттім,

Онан соң, көңілді шер еттім...

Қара жер, Көк аспан, жауап бер,

Мен кімге керекпін? – деген ақынның философиялық ойына


Кей кезде делеңдеп етегім,

Аузыма келгенді нетемін.

Ондай сәт ойламай Алланы,

“Ылығып” әрнеге кетемін.

Артымда із қалар дерекпін,

Сақ жүрген саяқ бір серекпін.

Ырықсыз болса егер жазғаным,

“Ылығып” мен кімге керекпін? – деген автор ойымен астасып жатқан өз ойын ұштастыра білген.



Талантты жас ақын Ақберен Елгезектің «Маска» өлеңіне [4,7б.]

Саусағыммен түртіп қалдым аспанды,

Отын жақты, жасқанды...

Шешіп қойып жатыр едім маскамды,

Бетім жатты тастанды...

...Айды түрттім құламады еш төмен,

Білмейді екем ештеңе.

Біреу көкте жазып отыр бір өлең

Кроссвордтағы кестеге...

Қаламыммен түртіп қалдым қағазды,

Бір жаңылтпаш жазылды.

Нөлдер қосып жыпырлаттым саны азды,

Қыс жасадым жазыңды.

«Саусағыммен түртіп қалдым аспанды»

Қара бұлттан сөз жауды.

Түртіп қап ем ұйықтап жатқан мастарды,

Өлең айтып қозғалды.

Түртпек едім,

Айға қолым жетпеді,

Арыстандай мерт болдым.

Тұтқынына айналыппын көктегі

Милау кроссвордтардың.

Жыр әлемге байланғаным бекер-ді,

Тұңғиығын кешпеппін.

Саусағыммен түртпек едім шекемді,

Маскамды әлі шешпеппін.




Ермахан Әбдіраман «Кәукен Кенжетаевқа», «Кім айтты», «Кім қалай сүйеді?», «Комерсанттың үш жұрты», «Коммерциялық кеңес», «Қотыр», «Құтханның құттықтауы», «Мағынасы майысқан мақалдар», «Маскүнем болып», «Мұхтар Мағауинге», «Мұхтар Шахановқа», «Мынау жынды екен», «Не қызық», «Пародиялар», «Партияның арқасы», «Тұрмыстық породия», «Ұлы адам болғың келсе», «Шойын», «Шыңғысхан», «Эпиграмма», «Алқаштың ақылы» деген туындылары бар.

Туындарының ішінде сатира да, юмор да, пародия да жетерлік.

Өзінше орны бөлек пародиялары. Мысалы: «Мұхтар Мағауинге», «Мұхтар Шахановқа», «Тұрмыстық породия», «Кәукен Кенжетаевқа», «Пародиялар» деген туындылары таза пародиялар. Жеке тұлғаларға жазған пародиялар бір төбе. Мұхтар Мағауин ағамызға жазған пародиясы:

Атым менің «Мен» дейді,

Затым менің «Мен» дейді.

«Соңғы жазған шығармам,

Құй сен, сенбе «Мен» дейді

Шақырсаңыз келмейді,

Жел сөзіңе ермейді.

Газет пенен журналға,

Сыр-сұхбатын бермейді – деген өлең жолдары арқылы М. Мағауиннің «Мен» деген романы бар екендігін, ол кісінің қырсықтау мінезін, өсек сөзге ермейтін, бет алды мазасын алғанды ұнатпайтын мінезі бар екендігін танып отырмыз. Былай өмірде ол кісіні тек қана қоғам қайраткері, жазушы, зиялы ретінде танысақ бұл пародия арқылы ол кісінің мінезін, адами қасиеттерін танып отырмыз. Бұдан ары оқып отырып, ол кісінің еңбекқорлығын, ешкімге дес бермейтіндігін, халқының тілі мен ділін қорғау жолында жанталасып жүрген азамат екендігін тани түсеміз, таныған сайын жақсы көре береміз.

М.Шаханов ағамызға жазылған шығармасы арқылы оқып отырып, тура бір Мұхтар ағамызды көріп отырғандай сөзінесің. Ол ксінің тұла бойындағы қасиетін сипаттап бере білген.

Желтоқсанның ызғарынан қаймықпай,

Қазақ жұртын ақтап алған Шаханов.

Өзге елді елсінбеген Шаханов,

Өзге жерді жерсінбеген Шаханов.

Ел тағдыры шешілгелі тұрғанда,

Бас хатшыны менсінбеген Шаханов – дегенде ел үшін туған азаматтың бейнесі көз алдымызға келеді. Ары қарай «тіл дауында атып тұрған», «діл жауын да атып ұрған», «Шыңғысханды ар сотына берген де» Шаханов екенін біле түсеміз.

Бұдан басқа да 15-16 ғасырларда өмір сүрген Ақтамберді жыраудың ізімен жазылған тұрмыстық пародиясы бар. Туынды 1997 жылы жазылған екен.


Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе таусылмас

Көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз – деген жырының сарынымен Ермахан Әбдіраман

Доллар үшін қыз-қырқын,

Тәнін сатпас деймісің.

Өтірікші, залымдар,

Жанын сатпас деймісің.

Сауда жасап бұл халық,

Қарық болар деймісің.

Білім қумай — болашақ,

Жарық болар деймісің.



Осы жылдары жазылған тағы бір туындысы – «Нарық келді дегенше» (Тұманбай Молдағалиевше) 1997 жылы жазылған. Туындысы арқылы сол кезеңдагы халықтың жағдайын, тұрмыс-тіршілігін көруге болады. Елде қысыл-таяң кезең, жарық жоқ, бәрі де шаммен отыратын кезең. Міне, осы сәттерді суреттеп көрсете білген.

Нарық келді дегенше,

«Жарық» өлді дегейсің.

Әрбір үйде, ендеше,

«Жарықтық» шам көбейсін.

Нарық келді дегенше,

Жалқау «өлді» дегейсің.

Еті тірі, ендеше,

Қазақтарым көбейсін!- деп отыр.

Қиындыққа мойымай, бұдан да тиімді жағын қарастырып, пысық болсақ осы қияндықтан шығамыз дегенді меңзеп отыр. Кім біледі сол кезеңде бұл шығарма да көптеген адамдардың ой-санасына әсер еткен шығар.

Ең алғашқы жазған туындыларының бірі Мұқағали Мақатевтың «Не етер едің?» туындысы негізінде жазылған шығармасы. Бұл да өз кезеңінің ауыртпалығын, өзекті мәселесін сөз қылуда.

— Арақ атым жоғалса, не етер едің?

— Мәңгілік сені іздеумен өтер едім.

— Нарқымды қымбат етсе, не етер едің?

— Ас ішпей түбі саған жетер едім.

— Отбасы шырқын бұзсам не етер едің?

— Ажырасып, қол сілтеп кетер едім.

— «Самопалмен» табыстырсам не етер едің?

— Сен тұрғанда ол пәледен безер едім.

— Бас жазарда табылмасам не етер едің?

— Су көрмеген қос еріндей кезеремін.

— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

— Не етер едім, амал жоқ көтеремін – деу арқылы, араққа салынған адамның ойын, түсінік, танымын керемет суреттей білген. Оның арақ үшін өзін де, отбасын да құрбан ететіндігін беру арқылы «арақтан жиренту, сақтандыру, оның тек жамандық әкелетіндігін» астарлы әжуа арқылы суреттей білген.

Е.Әбдрамановтың «Шыңғыс хан» деген кішігірім сатирасы бар. Онда сатирик «Шыңғыс хан» атты темекі туралы жазады. Шылымды шеккен адам айналасындағы жандарды жайпап кетеді, қырып-жойып әуре салсаңға салады. Бірақ, темекіні тартқаннан тартпаған жақсы деп ой қорытындылайды. Бас аяғы шап-шағын осы бір шығарма әуелі күлкіге шақырып алып, содан соң ойдың шыңырауына бірақ батырады. Темекінің зиянын соны ізденіспен бере білген.

Енді жастар арасында сатирамен алысып жүргендер аз. Ең жас буын өкілдері Қанат Ескендір, Қанағат Әбілқайыр, Үміт Зұлхарова, Асқат Қылышбектер сынды азаматтарды атауға болады. Олар шамалары келгенше жастар сатирасына аз да болса олжа салып жүрген талантты азаматтар. Баспасөз беттерінен көп көрінбесе де сатира сапында жүргендіктерін аракідік жазғандарынан байқатып қояды.



Қанат Ескендіровтің 2008 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Менің ертегім» атты кітабы оқырманға жол тартты. Кітап есімі сатиралық сипатта болмаса да ішінде әжептәуір шығармалар көзге шалынады. Айтар болсақ, «Менің қағазстаным!», «Шалқан», «Есек іздеп жүрмін» әңгімелері Ескендіровтің сатирасында ескере жүретін дүниелері — қоғамның бүгінгі бет-бейнесі. Ол осы күннің жүрісін аңдайды. Қоғамның иесі – Адамдардың тұлғасын жазады. Жазғанында мін жоқ, зілдің салмағы бар. Сипай қамшылайды да, мақтамен бауыздайды.

Негізі Чехов шығармаларынан алынған «Шалқан» туындысы бүгінгі қазақ азаматының бейнесі, қазақ өмірінің боямасыз суретін көрсетіп берді. Онда кейіпкерлер орны озгеріске ұшыраған. Мәселен, Шал, Кемпір, Бала, Мысық, Тышқанның орнын  Прокурор, Құда, Декан алмастырып тұр. Қанат шығармаларында қиял ұшқырлығы басым. Сосын сатираның түрлі жанрларына қалам тартпайды. Қанатта көңіл қуантарлық еңбектер көп.



Үміт Зұлхарова. Бұл сатираға келмес бұрын, кейбір қаламгерлердің еңбегіне рецензия жазып жүрді. Қазір сатиралық «Ара» журналында қызмет жасайды. Үміт көбінесе фельетон жанрында қалам тербейді. Арасында пародия да жазып жүр. Сатирамызға қандай леп әкелді дегенге келер болсақ, ол саяси сатираға ден қойып жүр. Содан да болар, жазған туындылары күлкіден алшақ, саяси әңгімеге жақын, сатиралық уыты бар екенін де айта кеткен жөн. Эстрада әншісі Қ.Нұртас орындайтын «Арман» әніне жазған пародиясында:

«Арман адастырмай мені қоя тұр,

Жалған құшағыңды маған жая тұр» дегенді Зұлхарова былайша пародиялайды.

«Ақша адастырмай мені қоя тұр,

Банк құшағыңды маған жая тұр».



Мұнысында бүгінгі нарықтық өмірдің бетпердесін аша түскендей болады. Үміттің сатирасы — саяси сатираға деген бетбұрыстан туып отырғандай сезіледі бізге.

Алдыңғы аталған жас сатириктер баспасөз бетінде ара-тұра көрініп жүр. Осылардың ішінде оқшауланып, сырт қалып қойып жүрген бір жас сатирик бар. Ол — Асқат Қылышбек. Оның «Асқат пен Женнифер Лопестің айтысы», ақын Бекжан Әшірбаевтің «Көршінің қызы» өлеңіне жазған пародиясы, «Бейімбет Майлиннен Үмбетбай Уайдинге дейін» және т.б. еңбектері баспасөзде жарияланды. Қылышбеков сатира жанрларының ішінде пародияны жазуға өте шебер. Оған дәлел, тағы да Бекжан Әшірбаевтің «Ақын тағдыры» өлеңі.



Мысал:

«Тотыдай тілді киіндіріпті ой,

Байқатса нәтін найқала нарлар.

Ақын тағдыры қиын трюк қой,

Үй жағдайында қайталамаңдар!»


Бұл өлеңге Асқат былайша пародия келтіреді:

Тыртитпай қызды киіндіріп қой,

Бұзып кетеді байқамағандар.

Қатын тағдыры қиын трюк қой,

Үй жағдайында қайталамаңдар.


Өлең буынын сақтай отырып жазылған пародия оқырманын бірден күлкіге душар етеді, душар етеді бүгінгі қазақ қыздарының тағдырына алаңдайды. Асқаттың сатиралары жеңіл, жеңіл де болса уытты. Ол бірақ сатираны өнер ретінде қарастырмайтынға ұқсайды. Қол босағанда жазатын хобби ретінде көреді. Міне, сатирадағы қасірет – осы.

Қандай өнер болса да, халыққа қажетті болғаны жөн. Сатириктер бұл жазған шығармалары арқылы билікке соққы берді. Халықтың кемшілігін жоюға жол көрсетеді. Бірақ, билік есеңгіремеді, халық менсінбеді ме? Өйткені, сатираға деген мемлекеттің, халықтың зәрулігі жоқ болып отырғандай. Сықақшыларымыз еңбек етіп отыр, бірақ оны бағалап отырған ешкім жоқ-ау.



Әдебиет:

1.Ана тілі. - 2012.- № 13 (1114). – 29 наурыз, 12 бет

2.Аманхан Әлімұлы, “Ай нұры алақанымда” – Алматы, 2003. – 120 б.

3.Болат Жетекбай, “Аян”. - Алматы, 2010. - 120 б.

4.Ақберен Елгезек, «Кроссворд», «Жас Алаш», №104, 29.12.2011.

Резюме

В этой статье написано про казахский юмор. С давних времен казахский народ в речи широко использовал юмор, но при этом под юмором кроются философские мысли. В этой статье рассматриваются произведения сатириков, и эти произведения делятся на несколько групп.



Summary

This article tells us about Kazakh humor. For a long time Kazakh people have widely used humor in speech, but at the same time there are philosophical ideas in humor. This article considers works of satirists, and these works are divided into several groups.


ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ

Л.М. Әділбекова,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

ҚазМемҚызПУ. Алматы, Қазақстан,

Ислам, дін, әйел мәселесі «Қазақстан 2050» Стратегиясында ұлтымызға қатысты лайықты бағасын алды. Жолдаудың «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» туралы негізгі үшінші тармағында көрсетілген «Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық. Баланы қорғау» тарауларында әйел-ана мәселесіне кеңінен тоқталады. Ел Президенті «Қазақстан 2050» Стратегиясында: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары... Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар» - деп атап көрсетті. Мемлекеттік бағдарламада, сонымен қатар, отбасы құндылықтары, ажырасудың қасіреті баса айтылды. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі алдындағы ана мен әкенің бірдей жауапкершілігі мен міндеттілігі көрсетілді. Және бұл үрдісте халықтың жүз пайызға жуық сауаттылығы мен білімділігін ескере отырып, қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасаудағы интеллигенцияның алдыңғы қатарлы күш болу қажеттілігі де арнайы айтылды. Бұл туралы Стратегияда: «Интеллигенция... Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс», - деп көрсетілген. Бағдарламада дін мәселесі арнайы көтерілген. «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» атты алтыншы бөлімге келсек, соңғы жиырма жыл ішінде өтпелі кезеңнің өтін пайдаланып, сыналай енген, біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесінің өткірлігі ашық көрсетілген. Жастарымыздың, және тек қана жастар емес, діни сауатсыздығы, әлсіздігі, олардың кейбір бөлігінің біздің өмірімізге жат діни көзқарасты көзсіз қабылдауына әкеліп соқты, қоғамымыздың кейбір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіздігін көрсетті. «Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты. Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек. Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек... Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз» - деген сөздерді әрбір қазақстандық ойымен өлшеп, бойына сіңіруге тиісті.

Қазақ халқы ата салтымызда қыз баласын құрметтеп, асылын кигізіп, дәмдісін алдына қойып, «қыз бала – қонақ, ертеңгі ел анасы» екенін есте ұстаған елміз. Сонымен қатар, «тар қолтықтан оқ тисе, суырып алар қарындас» та намысты қазақ қыздарының болмысы. Халықтық салт-дәстүрдің мөлдір бастауы – қазақ ауыз әдебиеті екенін ескерсек, эпостық жырларда да, лиро-эпостық жырларда да қазақ қыздарының қашан да ақыл мен қайратты қатар ұстаған, ауыл-аймақ пен рудың, ұлт пен ұлыстың бірлігі мен өсіп-өнуінің ұйытқысы болып отырғанына көз жеткізесіз. Еш уақыт қыз баланың бетін бүркемей, төрге отырғызып, өрелі іске үйреткен ұлт тәрбиесінде халықтың дана философиясы жатқандығы анық. Бір ғана «Қыз Жібек» жырынан халқымыздың қызға деген құрметін көріп таңғаласың да, тамсанасың да. Жібекті іздеген Қаршыға мен Төлегеннің алдынан ақылы мен көркі бірінен бірі асқан он үш бойжеткен кездеседі. Әрбірінің сымбаты мен сәулетіне сүйсінгеннен, таңдай қағып қана отырасыз. Жырда Жібектің анасының бейнесі қандай десеңізші. Төлегеннің Қыз Жібекті бірінші көргендегі әсерін еске түсірейік:

Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулеті.

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында,

Өзі он төрт жасында.

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау-шашында.

Қыз Жібектің дидары –

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң:

Сегіз бейіш ішінде

Хорлардың жаққан шырағы.

Дүр жауһардан сырғасын

Көтере алмай тұр құлағы.

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы

Айбалтаның сабындай.

Оймақ ауыз, күлім көз,

Іздеген ерге табылды-ай!

Өткірлігін байқасаң,

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Бір ауыз сөз сөйлесең,

Мұратына жеткендей.

Ұлттық құндылық түсінігінің бастауы – ана тілімізбен, ана сүтімен бойға даритын салт-дәстүрімізде екендігі ақиқат. Бала санасына ғаламтордан ағылған жат мәдениет пен жат тілдің, жалған дәстүр мен жасанды бейнелердің ықпалы мол екендігін байқап жүрміз. Ана тілінде ұлтымыздың қанға сіңген қарапайым бір ертегісін айтып бере алмайтын, бесік жырын білмейтін аналардан «ана тілдің уызын қанып ішкен жас ұрпақ» қайдан болар? Ботақан мен қошақанның, құлыншақ пен лақтың орнына тегі де, түрі де жоқ, жат тілдік спанчбобтар мен түрлі гогтардан көзін ашқан бала, ертеңі күні ата-анасы түгіл, ана тіл, туған ел сынды түсініктерден мақұрым болатынын жас ата-аналар түсінсе керек, ұрпақ пен ұлт алдындағы ұлы жауапкершілікті мансап, билік, қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық сынды уақытша тоғышарлықпен айырбастамаса керек. Ұлттық құндылық от басы, ошақ қасынан басталатынын ескерсе керек. Бұл олқылықтың орнын толтыруда «Балапан» арнасының жетістіктері баршылық. Бірақ ел боп, жұрт боп ақыл қоспаған жағдайда, ел игілігіне басталған іс ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде қалып, қоғамға кесірі тиіп, кеселі жұға бастайтыны анық. Өкінішке орай, ұжымдық бейғамдық пен қоғамдық бейғамдықтан, кеңестік санадан қалған «өкімет өзі реттер» түсінігінен арыла қойған жоқпыз. Бұл ретте ұлттық интеллигенцияға түскен салмақтың сұрауы болары анық. Елбасы айтқандай, ХХІ ғасыр – «білектің емес, білімнің ғасыры». Әрбір жолын алтыннан соғып, жібектен өруге тұратын қазақ халқының бай тарихынан нәр алып, қаруланған және оны бүгінгі заманауи ғылымдармен толықтырған жас қазақстандық азамат қана Қазақстанын өркениетті елдер көшіне қосып, «ХХІ ғасыр – Қазақстанның алтын ғасыры» болуына өз үлесін қосары анық.



Ата тарихымызда ұлттың нөмірі бірінші белгісі тіл болса, оны «ана тілі» деп, алыптары болса «анадан туды» деп, қызы болса «ана көрген тон пішер» деп, қыз намысы мен ел намысын қатар ұстаған елміз. Қанға тоймаған Кир патшаның басын алып, кенер қаптағы қанға батырған сақ патшасы Тұмарды (Томирис, Гүләйім), жел өппеген білегіне қолы тиген алғашқы ер деп Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан, аса діндар әрі дана Домалақ анамызды (Нүрилә ана, Дихнат мама), алты бала тапса да, қалың елдің бостандығы жолында «майдан қайдасың?» деп, алты ұлын ала тартып отырған Кенесарының қарындасы батыр Бопайды, сал Біржанды жеңген ақын Сараны, қала берді кешегі өткен сұрапыл соғыста шығыстың үш жұлдызын Совет Одағының Батырлары Әлия, Мәншүк, Хиуазды қатар берген ұлтпыз. Қашан да ең үлкен құрметті алыпты туған анаға көрсеткен елміз. Аналары ұл туған сайын нұрланып, қыз туған сайын көркейген, көгерген, өрісі кеңейген елміз. Ұлтымызды әлемге танытқан шығармалардың бірі М.Әуезовтің «Абай жолынан» алсақ, аспанда құдай, жерде азуы алты қарыс Құнанбай анасы Зереден қаймыққан, «үмітім сенің балаң Абай ғой», - деп төрт әйелінің ішінде ақылды ұлдарының анасы Ұлжанның қабағына қарап, айтқанымен санасқан. Журналист С.Ақтаев 2001 жылы жарық көрген «Қазақ ханымдары» аталатын кітабында қазақ арулары туралы былайша төгілген екен: «Қыр қызының тағдыры қызық қой. Көшпелі тұрмыс салтына сәйкес қаршадайынан ат жалын тартып мініп, ер азаматтарымен әмәнда үзеңгілес жүруіне тура келеді. Үзеңгілес жүрген соң әлбетте жігіт білетін өнердің бәрін ол да меңгеруі керек. Алдына ондай талап қойған қыздардың ынта-ықыласына жалпы әйел затына тән алғырлық пен алымдылық, қажырлық пен қарымдылық, табандылық пен тағандылық қосылғанда көп жағдайда олар ерлердің алдын орап кетіп отырады. Сондықтан сайыс пен жарыста, күресте жігіт-желеңге есе жібермей, жеңіп кетіп жүретін қыздардың қазақ қырында аз болмағаны белгілі. Құдыққа құлаған атан түйені екі өркешінен ұстап суырып алатын, құрық тимеген шу асауды құлағынан басып шөкесінен отырғыза қоятын, құнан өгізді бір өзі көтеріп кететін, көкжал қасқырды тобылғы сапты дырау қамшымен-ақ соғып ала беретін апаларымызды ел әлі күнге аңыз етіп айтпай ма. Ал таңдайынан шаң шыққан талай шешендерді шоңқитып, айтыста небір ақындардың аузын аштырмай қоятын жез көмей ділмар да айтқыр шайыр қыздар өз алдына бір төбе». Батыр қыздың мына суретінен қуат алмау мүмкін емес. «Бопай жақ тартқанда да адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, жебесін көз жетпейтін жерге түсіретін қарулы садақкер әрі құралайды көзге атқан мерген. Жиын-тойларда жамбы атып та талай жүлде алған...Алты бала тапса да артық еті жоқ құлын мүшелі ханшайым қырыққа таяп қалса да талайлардың көмейіне құрт түсіріп, көзінің жауын алатын-ды. Оның жанында жүретін «жұртым үшін жан пида» деп атқа мінген арғын қызы Алтыншаш пен табын қызы Ақбөкен де өзі сияқты ерге ердей, серіге серідей жолдас бола білетін қайратты да айбатты қыздар еді» - деп жазады тарихта хан Кененің қасында жүріп, ақылына ақыл қосып, алты жүз адамдық ерекше топты басқарған батыр Бопай туралы.

Қыздарымыздың осындай өрлігі мен өжеттігі жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік идеологиямен келген урбанизация процесінде, кей жағдайларда сүр бойдақтардың санын көбейткені де рас (бүгінгі күннің тек 40-тан жоғарыларын ғана айтсақ). Бұл жерде айта кететін жайт – біз ешкімге сын айтудан аулақпыз. Бір кездері Ұлыбританияны Европадағы ең қуатты мемлекетке айналдырған королева Елизаветаның тұрмыс құрмағандығы белгілі, ал ол әйелді лордтар палатасы жауапқа шақырғанда «Менің күйеуім –Англия» деп құтылғандығы да ақиқат. Өмірін ғылымы, лауазымды қызметтері, өнері арқылы халқына қызмет етуге арнаған аяулы қыздарымыз да бар екенін ескерейік. Кім де болса жеке басына жаулық тілемейді ғой. Өмірдің біз білетін, білмейтін мың да бір себебі әйел тағдырына үстемдік ететіні ақиқат. Әйтсе де мына бір себепке келісерсіздер. Қалалық жерге келіп тұрақтау арқылы «цивилизацияға» жақын болып, жұмыс жасаймын, оқу бітірем, ауылға көмектесем, үй жасаймын, іні-сіңлілерімді оқытам, қорғап алам, ешкімге салмақ салмаймын, көмектеспесем алмаймын тағы басқа тоқсан себеппен тұрмыс құрмағандар саны арнайы зерттелетіндей болса, ұлтқа шаққандағы алатын пайызы жөнінен әлемде елудің де, отыздың да емес, алғашқы ондықтан бірақ шығамыз ба деп кейде ойланам. Өткен ғасырда ұлтымыз жүз пайыз дерлік тамыры ауылдан болды десем аса көп қателеспеспін. Ел иесі, жер иесі бола тұра, қалаға ағылған қазақтар үшін бұл ескерілген жоқ, ешбір жеңілдік жасалған жоқ, тосқауылдың тоқсан түрі ойлап табылды. Қарапайым қазақ түгілі, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің небір бал-қаймақтары қалаға келгенде, асхана мен баспананы басып қалғандардың күркесіне телміріп, отымен кіріп, күлімен шықты. Далада көшкен қазақ, қалаға келіп, жетім бұрыштар арқылы жетімнің күйін кеше тағы да амалсыз «көшумен» болды. Әлі де қазақ баласының тамыры көбіне ауылдан келетіндіктен, қалаға келіп тұрақтағандардың тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекет тарапынан оңтайлы жобалар болмай, бұл процесті тоқтату қиындау болары анық. Мемлекетіміз тарапынан қолға алынып жатқан «қолжетімді баспана» сынды, тағы басқа осы бағыттағы тың жобалар билік тарапынан қашан да кең қолдауға ие болуы тиіс. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді халық даналығы, баспана болмай қара домалақтар мен қоңыр қозылардың да күйзелетінін, жастарымыздың тұрмыс құру мәселесінде қиналатынын ұмытпайық.

Бүгінгі жас ұрпақ – басты байлығымыз, ұлттық құндылығымыздың құнын түсінетін, болашаққа шашпай, төкпей жеткізетін, біз білмегенді біліп, көрмегенді көріп, ұлт қуатын, мемлекет мәртебесін көтеретіндер де солар. Бұл ретте көреген Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы арқылы мыңдаған жастарымыздың жер шарындағы ең өскен, ең жеткен деген мемлекеттердің басты-басты оқу орындарында білім алып, Отанына білгенін құйып жатқаны әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш. Білгір Басшың үшін де, білімпаз халқың үшін де жаратқанға тәубе дейсің.

Қорыта айтқанда, қойнауда жатқан құндылықтарымыз, ұрпақтың ұранына айналар ұлағатты ұл-қыздарымыз жетерлік. Оларды тарих қойнауынан шығарып, әлемдік руханиятқа қосу, қосу арқылы өсу, жаһандану үрдісінің жарамдысы мен залалдысын дер уақытында таразылап, мемлекет қауіпсіздігі, ел бірлігі, тәуелсіздігіміздің нығаюы жолында іске асыру бүгінгі егемен еліміздің әрбір азаматына сын, тарих жүктеген міндет деп ойлаймын.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет