Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУДАҒЫ



бет13/17
Дата23.10.2016
өлшемі2,39 Mb.
#87
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУДАҒЫ РОЛІ (М. ШОҚАЙ,

М. ТЫНЫШПАЕВ, Т. РЫСҚҰЛОВ, Т. БОКИН, Н. НҰРМАҚОВ,

А. АЙТИЕВ, О. ЖАНДОСОВ, А. РОЗЫБАКИЕВ, С. АСФЕНДИЯРОВ)
Қазақстан тәуелсіздігі – мемлекет пен ұлт, қазақ халқының даңқты жылнама тарихында ерекше бет. Тәуелсіздік зор, ең алдымен көз көрмеген мүмкіндіктер берді, бүгінгі таңда қазақстандықтар өз тағдырының иесі болып табылады. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» Стратегиясында өзінің мемлекетті елестетуін береді: «Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елестетемін? Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады» [1]. Бұл шындығында осылай. Тәуелсіздік жылдары ішінде тәуелсіз Қазақстанда тәрбие алған патриоттардың жаңа буыны өсті. Нақ жастар Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050 Стратегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында қойған міндеттерін шешеді [2].

Қоғамда ұлттық сәйкестік пен руханилықты дамыту факторларының бірі болып табылатын өз тарихына қызығушылық артты. Біздің егеменді даму құндылығымыз бен оның мағынасын ойластыру өз Отанының тарихын терең білуге сүйенуі керек, ол ХХ ғасыр бойы халықтың өзінің тіршілігі туралы мәселені қоюға шақ қалатындай күйзелістен өтті.

Мемлекеттік егемендікті алу – бұл алдыңғы буын күресінің, ұмтылысының және мүддесінің қорытындысы. Қазақ хандығының көп ғасырлық тарихын сызып тастауға болмайды. Қазақтарда ұлы билеушілер – хандар, батырлар – азаттық күрескерлері болды.

Тәуелсіздік жағдайында біз ұлт тарихын жаңғыртамыз, Отанның еркіндігі мен дамуын көксеген, халық игілігі үшін өз өмірлерін қиған қазақ зиялыларының игілікті және өшпейтін естелігіне бас иеміз, олардың есімдерін қайта жаңғыртамыз.

Тәуелсіздік үшін күрес тарихы өткен өмірдің батырлық, сондай-ақ трагедиялық: жаппай саяси жазалауға, аштыққа және коллективтендіруге байланысты беттерін де өзіне қамтиды. Кеңес үкіметі қазақ зиялыларының бетке ұстарларын жазалауға ұйғарды: бұл Алаш орда қайраткерлерінің жарқын саңлақтарының тобы – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов; көрнекті мемлекеттік қайраткерлер - Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Тоқаш Бокин, Абдрахман Айтиев, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев және т.б. Түркістан ұлттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқай эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Олардың бәрі түрлі әлеуметтік топтардан шыққан, революция дауылы дәуірінде қоғамдық-саяси таңдаудың түрлі нұсқаларының өкілдері болды, бірақ олардың бәрі туған елінің түбегейлі мүддесіне қызмет етуді өздерінің міндеті санады.

Тек тәуелсіздікке жеткеннен кейін ғана тарихтың «ақ таңбасын», алаш қозғалысы көшбасшыларының және ұлттық қайраткерлердің тағдырларын зерделеу мүмкін болды. Жақын арада Әлихан Бөкейхановтың, Тұрар Рысқұловтың, Назира Тореқұлованың, Сұлтанбек Қожановтың, Нығмет Нұрмақовтың зираттары табылды, оларға естелік қабір үсті плиталары орнатылды, Смағұл Садуақасовтың мәйіті отанына қайтарылды.

Олардың бәрінің өмірі күрес, халыққа шынайы қызмет ету және өзін-өзі құрбан ету болды.

Кеңес үкіметінің жеңісі қалыптасқан жағдайларда оны қабылдауға мәжбүрлі және мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу туралы ұсыныстарын қабылдаған «Алаш орданың» бұрынғы қайраткерлері кеңестік үкіметке ұлттық мағына беруге, түпкілікті халықтың мүддесіне жуықтатуға, халықты прогреске қатыстыруға ұмтылды. Ұлттық қайраткерлер социалистік түрлендірулердің ауқымдары мен қарқындарының арту шамасына қарай шыққан коллизиялар мен проблемаларды анағұрлым айқын және сезімталдықпен қабылдады.

Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған «Яш Түркістан» журналындағы материалдар соның айғағы [3].

Жалпы Мұстафа Шоқай 20 жылдық эмиграциялық қызметінде елдегі жағдайға қатысты материалдарды егжей-тегжейлі қарастырып, талдап отырғаны белгілі. Оның қаламы ашаршылық тақырыбын айналып өтпеген. Бұл жөнінде мынадай мәліметтерге назар аударалық: 1918-22 жылдардағы «Новый мир» журналында жарияланған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынов емес. Оның мақаласын советтік цензураның 99 пайызға өзгертіп жібергені аңғарылып тұр. Өйткені, А. Байтұрсынов ешқашан айқын фактілерге қарама-қайшы келмейді» - деп аяқтаған өз мақаласын Мұстафа Шоқай [4].

1932-33 жылдары Ұлы Даланы шарпыған ашаршылық туралы, оның себептері мен салдары, экономикалық және демографиялық зардаптары туралы Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсiрепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев және т.б. қазақ зиялылары Мәскеу (И.В. Сталин) мен Қызылордаға (Ф.И. Голощекин) ресми хаттар жібергені белгілі. Бұл түпнұсқалық деректер тарихымызға «Сталинге хат», «Бесеудiң хаты» деген атаулармен енді [5].

Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды [6].

Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі «басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару» үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп: «Желтоқсанның 5-нен 13-іне шейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария әнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды» талап етті [7].

Өкінішке орай Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы кереғар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта «қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу» жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті [8].

Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады [9]. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату.

Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін «Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.

Қоғам мен өркениет түпнұсқалы ойлауға және өзгеше әрекет етуге қабілетті көшбасшыларды қажет етеді. Олардың ұмтылыс ырғағы: жаңалықтан артта қалмау және қоғамдық даму жолының алдын орау.

Жаңашылдық жаңашыл идеяларды және көзқарас бағдарларын қажет етеді. Бүгінгі күні тарихта белгілі өткен ғасырдың 20-30 жж. зиялылар буынының ар-намысы мен ерлігі қажет. Зиялы қауымның идеялары, нормалары мен құндылықтары қоғамда мойындалуы тиіс.

ХХ ғ. басындағы қазақ зиялы қауымының алға жылжытқан идеялары мен идеалдары, ережелері мен принциптері өзінің мәнін сақтайды және қазір де қажет етіледі. Бұл экономиканы түрлендіру, демократиялық, құқықтық мемлекет, тең құқылық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік, ұлттың мәдени прогресі, элитаны ғана емес, кең бұқараны мемлекетті басқару ісіне шақыру.

Қазіргі кезде Тәуелсіздік жағдайында біз өткен ғасырдың алғашқы қазақ интеллектуалдарының идеялары мен жаңа заман арасында өзара сабақтас байланысты байқаймыз. Сонымен 1990 жж. басынан бастап Орталық Азия одағын құру идеясын ұсынған егеменді Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Орталық Аазия мемлекеттері бірлігінің идеясын алғаш рет Мұстафа Шоқай алға қойғанын еске салды [10]. Сондай-ақ өз уақытында «түрік жобасы», түрік партияларын біріктіру идеясын Тұрар Рысқұлов ұсынғаны белгілі.

Әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасы патриотизм күшімен, өзінің идеалдары мен принциптеріне адалдығымен бізді таң қалдыруын жалғастырып келеді. Шоқайдың аппарат қызметкері, шенеулік туралы ойлары қазір де маңыздылығын жоғалтқан жоқ: «Ұлттық кадр» біз үшін – бұл, ең алдымен, өзінің ұлттық парызын кімнің болмасын бұйрығымен істесе де, ар-ұят парызы бойынша орындайтын ұлт қызметшісі» [7].

Уақыт өтеді, жаңа ұрпақ өмірге келеді, бірақ ХХ ғасырдың басында қалыптасқан парасаты мен рухы жоғары адамдардың қоғамдық ойлары мен рухани тәжірибесінің қасиетті мұрасы кейінгі он жылдық, жүз жылдық та да осы жерге, оның халқына қызмет етеді, оның болашақ тарихын қолдайды.


Әдебиеттер тізімі
1. Стратегия «Казахстан - 2030» // http://www.akorda.kz.

2. Стратегия «Казахстан – 2050» // http://www.akorda.kz.

3. Рыскулов Т.Собрание сочинений в трех томах. Том 3. – Алматы: Қазақстан, 1998. – С. 306-310.

4. Великие мысли великих людей: Антология афоризма: В 3-х томах. Том 3: XIX-XX вв. / Сост. И.И. Комарова, А.П. Кондрашов. – М.: РИПОЛ классик, 2004. – 340 с.

5. Лебон Гюстав. Психология толп. – М.: Институт психологии РАН, Изд-во «КСП+», 1998. – С. 123, 125.

6. Специальный государственный архив Комитета национальной безопасности Республики Казахстан. Ф. 9. Оп. 87. Арх. № 3. Л. 32.

7. Шоқай М. Таңдамалы. - Т. 1. – Алматы: Кайнар, 1998. –  187 с.

8. Ильин И.А. Основная задача грядущей России 1950 г. // Наши задачи. Статьи 1948-1954 гг.: в 2 т. Т. 1. – М.: Айрис-пресс, 2008. – 296 с.

9. Ильин И.А. О воспитании в грядущей России // Наши задачи. Статьи 1948-1954 гг.: в 2 т. Т. 2. – М.: Айрис-пресс, 2008. – 180 с.

10. Новый Казахстан. Разговор о стране. Интервью Главы государства Нурсултана Назарбаева ведущим авторских программ республиканских каналов // Казахстанская правда, 2007, 10 апреля.



М.Ж. Сүлейменова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

«Қазақстан тарихы» кафедрасының

доценті, т.ғ.к.

е-mail: smj_46@mail.ru



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет