Алғашқы кезеңнің басты міндеті- оқушыларды сөз тіркесін оқыту арқылы ізденімдік- зерттеу оқу қызметіне баулу және біртіндеп дайын білімді игеруші обьектілерден өздері танып-білу дағдылары қалыптасқан ізденімпаз субьектілерге айналдыру.Мұндай үлкен міндет мұғалімнен оқушыда білім алудың жаңа жолдарын реттейтін жаңа психологиялық механизмдер қалыптастыруды талап етеді.Алғашқы кезде ондай психологиялық механизмдер интерпсихикалық түрде яғни бірлесе жасаған қызмет аясындағы қарым- қатынас механизмдер түрінде ғана қалыптасады.В.В.Давыдов (14), Д.Б.Эльконин (15), В.В.Репкин (16) т.б. ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, мұндай механизмдер сөз тіркесі синтаксисі туралы білім алудың алғашқы 4-5 жылдары бойында қалыптасады, ол механизмдер сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқытудың бастауыш кезенінің (1-4 сыныптар) хронологиялық шегін анықтап отыр.
Екінші кезеңде алғашқы кезеңдегі қалыптастырылған психикалық механизмдерге негіз ретінде сүйене отырып, оқушыларды сөз тіркесі синтаксисін оқу қызметі механизмдерін енді интериоризациялаудың шарттарын жасаумен байланысты неғұрлым күрделі міндеттерді шешу мүмкіндіктері таныла бастайды.Атап айтқанда, бұл кезеңде сөз тіркесі синтаксисін оқу қызметі механизмдерін оқу әрекетінің индивидуалдық формасының интрапсихологиялық механизмдеріне (17) айналдырумен байланысты күрделі де маңызды міндеті шешіледі.Ал оқушылар болса, сөз тіркесі синтаксисі туралы оқу, білім алудың және соның негізінде өзін- өзі өзгерту, дамытуға қатысатын ерекше жеке тұлға, жеке субьектіге айналады. Бұл процесс- сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқытудың екінші кезеңінің мазмұнын анықтайды және жасөспірімдік жастағы оқушылар сыныптарын қамтиды(5-9 сыныптар).
Орта мектепте сөз тіркесін дамыта оқытудың қорытынды кезеңінің (10-11 сыныптар) басты міндеті-әрбір сынып оқушысының өзін оқыту қызметінің толыққанды субьектісі ретінде тануына жағдайлар жасау деп анықталды.Осылай ұйымдастырылған оқу процесінде сөз тіркесін дамыта оқыту арқылы оқушыда өзін- өзі тек жақсы білім алу арқылы және білімді жақсы алу арқылы ғана дамыту, жақсыға қарай өзгерту қажеттігі тұрақты түрде қалыптасады, ал өзін- өзі жақсы білім алу жолына бұра алу- Абайайтқан «толық адам» (18) дәрежесіне жетуге бет бұрған жеке тұлғаның болмысын танытады.
Сөз тіркесін қазақ мектебінде дамыта оқыту технология үш кезеңге бөлгенде, біз оқушының білім алу процесінде қалыптасу және даму жолының обьективті логикасын тірек еттік, сондықтан да сөз тіркесін дамыта оқыту мақсаттарының жүзеге асырылуы әрбір кезеңге лайық және дұрыс қойылған , оқушының оқу қызметінің оны дамытуға бағытталған міндеттерінің қойылымы мен шешіліміне байланысты .Әрине, бастауыш білім беру жүйесінде әлі де болса, оқу әрекеттерінің қалыптастыруы тікелей міндет қатарына қойылмай отырғаны белгілі.Бірақ, синтаксисті оқыту барысында синтаксистік байланыстар мен синтаксистік қатынастардың оқытылуы барысында оқушының ойлауы мен сөйлеуі дамуы мақсат етіліп қойылған зерттеу жұмысында арнайы бағдарлама жасалды.
Болашақта бастауышта білім беру- бастауыш сынып оқушысын дамыту жолы деп танылып, сол негізде мақсат- міндеттер даму принциптеріне сәйкес құрылады деп ойлаймыз.Әрине бастауышта білім беру – оқушының теориялық ойлауы мен сөйлеуін дамытуды ғана негізгі міндет етпейтіні белгілі.Бірақ, дамыта оқыту мақсаттарының ғана оқытудың барлық компоненттерін жүйе түрінде ұйымдастыру ерекшеліктері мол.Орта сыныптарда оқыту барысы туралы да осыны айта аламыз.Атап кеткеніміздей, сөз тіркесін оқыту технологиясы мазмұнының басты компоненті- сөз тіркесі синтаксисі туралы ғылыми ұғымдар.Ол ұғымдар сөз тіркесі синтаксисінің бойындағы, қызметіндегі, дамуындағы толған мүмкіншіліктер мен қасиеттері обьективті түрде тану арқылы анқталады.Бұл айтылғандар бойынша мынадай түйін жасаймыз: сөз тіркесін 1-11 сыныптарда дамыта оқыту технологиясын жүзеге асыруда сөз тіркесі синтаксисі туралы меңгерілетін ғылыми ұғымдар жүйесін өз ойымызша, қалай болса солай іріктей салуға болмайды. Сөз тіркесін дамыта оқыту барысында оқушылар меңгеруі тиіс деп саналатын ғылыми ұғымдар жүйесі – осы сөз тіркесі синтаксисін оқып- білуі арқылы оқушы игеруі қажет машық- дағдылар рақылы анықталады.Ал сондай машық- дағдылар жүйесі де еркін түрде алына салынбайды,олардың прагматикалық тұрғыдағы құндылықтары болғанымен, оқушылардың ол құбылыстардың обьективтік негіздемелерін тану, анықтау, саналылықпен меңгере алу мүмкіндіктері ескеріледі.
Қазақ мектебіндегі қазақ тілін ана тілі ретінде оқып- үйреніп жатқан оқушылар оқу машық- дағдыларының екі типін меңгеруі керек: олардың біріншісі- қойылған мақсат пен міндеттерге сай келетін ауызекі сөйлеу машық- дағдылары, екіншісі- жазба тілдің нормативтік –сауаттылығын қалыптастыратынорфографиялық және пунктуациялық машықтар. Осыдан келіп, бастауыш сыныптарда (1-4 сыныптар) сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясы негізіне не ауызекі сөйлеу тілі теориясы, не жазу теориясы , алыну қажеттігі туындайды. Прагматикалық тұрғыдан алғанда, әрине, бастауыш сыныптарда сөйлеу тілін дамыту мәселесі маңызды орын алатыны белгілі. Бірақ, дамыта оқыту технологиясының негізгі бағыты- теориялық ұғымдар болғандықтан, сөйлеу тілінің ұғымдарын бастауыш сынып оқушыларына ұғындырудың белгілі бір қиындығы бар. Өйткені, бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілін дамыту әдістемесі көп жағдайда жазба жұмыстарға сүйеніп келген. Ал ауызекі сөйлеу тілінің заңдылықтары мен терминдерін, ғылыми ұғымдарын меңгерту тек жазба тілді үйреткен соң ғана жолға қойылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту С.Р.Рахметованың докторлық диссертациясында көрсетілгеніндей,негізінен, жазба жұмыстар арқылы жүзеге асырған С.Рахметова еңбегінде бастауыш сынып оқушыларына сөйлеу терминдерін, ұғымдарын меңгерту көрсетілмейді, жазба жұмыстардың маңызды орнына баса назар аударылады (19).
Сөз тіркесін бастауыш сыныптарда дамыта оқыту технологиясының міндеттерді шешуге тиімді болатыны, сонда, технологияның негізіне жазу теориясы алынумен байланысты деп анықталды.Жазудың өзі тілдің таңбалық болмысын түсіндіруде тірек болады. Сөз тіркесі синтаксисі туралы қажетті лингвистикалық ұғымдар жүйесін іріктеп, бастауыш сынып оқушыларына қазақ жазу принциптерін анықтау, сөздің сөз тіркесі құру процесі, сөз тіркесі мүшелерінің жазылуы, айтылуы туралы ережелерді үйрету арқылы дамыта оқыту қызметін ұйымдастыру көзделді. Қазақ жазуының теориялық концепциясына сүйеніп, бастауыш сыныпта «тізбек», «тізбектелу», «дыбыстар тізбегі», «буындар тізбегі», «түбір мен қосымшалар тізбегі» сияқты ұғымдарды енгізіп, олардың лингвистикалық түсініктерін меңгерту арқылы ғана тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы түсінік қалыптастырады.Бір сөздің орфографиялық түрін талдату арқылы тіл жүйесіндегі тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы жалпы ұғым жасату керек. Одан кейін оқушылар өз бетімен сөздер құрамындағы дыбыстардың тіркесімділік қабілеті мен тіркесімділік талғамы, тіркесім талаптары туралы түсінік беріліп, тапсырмалар орындатылып, қорытынды тұсында тіркесім туралы ұғым жасатылады.Тіл бірліктерінің, дыбыстың түбірдің, қосымшаның, жеке сөздің құрамын талдау арқылы оқушы әр біліктіңмағынасын ашады,соның негізінде әрбір тіл бірлігінің қызметі- өз тектес бірлікпен тіркесіп, өзінен жоғары деңгейдегі жаңа тіл бірлігін жасау екендігіне біртіндеп көзі жетеді. Осы тәріздес жұмыстар арқылы ғана бастауыш сынып оқушыларының ізденімдік- зерттеушілік қызметін ұйымдастыру тиімді болады.Сөйтіп, оқу қызметін оқушы теориялық ойлауы мен тілін дамыту бағытында құруды көздей отырып, сөз тіркесі синтаксисін бастауыш сыныптарда оқытуды жазба тілдің принциптерін меңгертумен байланыстыруды жөн деп қабылдадық. Әрине, бұл дегеніміз- бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуды тек орфографиялық принциптерге негіздеуді ұсыну емес.Бастауыш сыныптарда қазақ тілін дамыта оқыту барысында жазу принциптерін тірек етудің мүмкіндігін анықтаудың өзі және оны болашақта нақтылай зерттеу қажеттілігін көрсетудің өзі- бастауыш сынып оқушыларына фонетикалық және морфологиялық , синтаксистік ұғымдар аясын кеңейте меңгерту проблемасын көрсетеді.
5-9 сыныптарда сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясындағы сөз тіркесінен берілетін білім мазмұнын іріктеуде бұл сынып оқушыларының орфографиялық машық- дағдылары белгілі бір дәрежеде қалыптасқаны назарда ұсталынады.Сондықтан да орфографиялық принциптер бұл сынып оқушылары үшін ғылыми жаңа мәлімет болуы көрінбеуі ықтимал.Осындай мәселе біздің алдымызға 5-9 сынып оқушылары үшін сөз тіркесін дамыта оқытуда негізгі теориялық тірек іздеу керектігін танытты.Ондай теориялық тірек ретінде біз мынадай жолды таңдадық:
Сөз тіркесін оқытуда логика элементтерін қолдану және оқушыларға логика элементтерін тілмен байланыстар отырып меңгерту;
Сөз тіркесін лексикамен, морфологиямен байланыстыра оқыту;
жаңа синтаксистік ұғымдардың енгізілуі;
қазақ тілінің жүйелі ғылыми курсы салалы фонетика, лексика, морфологияның синтаксистік негізде оқытылуы;
сөздің синтаксистік қызметіне сөз тіркесін құруға қатысуын да енгізу;
сөйлем құрылуындағы сөзбен қатар сөз тіркесінің қызметін де алдыңғы қатарға шығару;
сөз тіркесі мен сөйлем (жай сөйлем, құрмалас сөйлем) жасалуындағы синтаксистік байланыстар мен синтаксистік қатынастар табиғатына терең синтаксистік талдаулар жасату;
орфоэпия заңдылықтарының жаңа ұғымдарын енгізу;
пунктуация теориясының ұғымдарын меңгерту;
сөз тіркесінің текст құраушылық қызметіне байланысты ұғымдар жүесін енгізу.
Жаңа ғылыми ұғымдарды сөз тіркесін оқытумен байланысты енгізудің өзінде оқушының белгілі бір дәрежедегі даярлығы болуы керектігі естен шығарылмайды.Жаңа лингвистикалық ұғымдар енгізілгенде, оқушының олармен қалай танысатыны, қандай оқу мақсаттарын қоятыны, қандай міндеттерді шешу арқылы жаңа мазмұндық топтастыпулар жасауға жете алатыны анықталады.Мұндай мәселе оқушыны орындайтын оқу әрекеттерінің барынша нақтылауын, жүйеленуін міндеттейді. Оқушы теориялық ұғымды анықтауға, талдауға кіріспес бұрын, мұғалім негізгі танытатын обьект- сөз тіркесінің табиғаты туралы білім мазмұнын есіне түсіріп, оқушының сөз тіркесі туралы білетін білімдік мазмұнын жаңа аспектіден қарауына басшылық етіп, өз ойында ол білімін жүйелеп алуына көмектеседі. Осы ретте оқушының теориялық ойлауын дамыту мақсатымен бірге оқушының тілін дамыту мақсаты да бірігіп, сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясының толыққандығы айқындала бастайды.Яғни оқушының теориялық ойлауын дамыту міндеті оқушының тілін дамыту міндетімен біріктіріліп, оқушының жан- жақты дамуына жаңа, үлкен арна жасалады.Бұл жерде сөз тіркесінің өзі тектес басқа тіркес түрлерімен салыстыруы, құрмалас сөйлеммен салыстыруы, сөйлем мүшелері мен сөз тіркесінің байланыстығы, текст туралы ұғымдар берілуі туралы айтып отырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы, түптеп келгенде, негізгі обьект- сөз тіркесі синтаксисінің табиғатын неғұрлым терең, неғұрлым айқын таныту мақсатына қарай бағытталады.
Сөз тіркесін дамыта оқытуда эмпирикалық және теориялық таным деңгейлерінің ерекшеліктері осы 5-9 сыныпта аса ескеріліп, эмпирикалық және теориялық деңгейлерде берілетін білім мазмұндары іріктеледі. Өйткені алдымызға қойылған мақсат- оқушылар сөз тіркесін эмпирикалық және теориялық деңгейлерде бірізділікпен талдай отырып, осы тіл бірлігінің грамматикалық тіл бірлігін айқындауға, тіркес түрлерін ажырата тануға, жай және күрделі сөз тіркестерін тануға, сөздердің байланысу тәсілдеріне, байланыс түрлеріне, құрамына, түрлеріне және синтаксистік байланыстармен синтаксистік қатынастар табиғатына терең назар салуға қалыптасуы керек. Сөз тіркесін тілдің барлық ішкі жүйелерімен (фонетика, лексика, морфология, сөйлем, текст) байланыстара оқыту арқылы пунктуациялық, орфоэпиялық талдаулар жасату арқылы мұғалім оқушыда сөз тіркесінің жүйелік- құрылымдық табиғатына мазмұндық талдау жасау дағдыларын қалыптастырады.
5-сыныптан бастап, оқушылардың синтаксистік ұғымдарды терең тануы мен синтаксистік ұғымдарды жүйелеуге дағдылануы дамыта оқыту технологиясының міндеті болып саналады.Өйткені, 5-сыныптан бастап оқушылар қазақ тілінің жүйелі курсын оқып- үйрене бастайды.Енді оқушы тілдің ерекше қызметіне ден қойып, бастауыш сыныптарда меңгерген жазудың заңдылықтары мен тілдің заңдылықтарына теориялық тұрғыдан қарауды үйренеді. «Дыбыс және оның мағынасы», «Сөз және оның мағынасы», «Сөз тіркесі және оның мағынасы», «Сөйлем, сөйлем түрлері, олардың мағыналары» деген тақырыптар енді оқушыға тіл бірліктерінің семантикалық тұрғыдан танылуы қажеттігін айқын көрсетеді.5-сыныпта фонетиканы оқытудағы басты мақсат- фонеманың сөзбен морфемнің мағынасын ажырататын қызметін таныту. Фонема туралы ұғым қалыптасқан оқушыда жазудың фонематикалық, морфологиялық принциптері туралы түсінік қалыптасуға дайын болады.Жазба жұмыстар мен синтаксистік талдауларды дәстүрлі әдістемеден басқаша етіп түрлендіру және мол ету арқылы оқушыларда жаңа, бұрынғы оқытуда айтылмайтын, тіл жүйесіндегі барлық дерлік бірліктердің, фонемадан бастап, морфема,сөз, сөз тіркесіне шейінгі тіл бірліктерінің, түпкі қызметі- сөйлем құрылымына қатысу екендігі туралы ұғым қалыптасады. Сөйтіп, «Тіл- жүйелердің жүйесі» (20) екендігіне ғылыми талдаулар арқылы көз жеткізеді.Мұндай ұғым жасауда оқушылар жаңа біліміне бұрынғы эмпирикалық білімін тірек етуі үйретіледі.
5-сыныпта фонетика, лексика жүйелерінің сөз тіркесімен байланыстырыла оқытылуына қажетті лингвистикалық және практикалық материалдар дидактикалық қажеттілікпен іріктелінеді.Фонетика тақырыптарын сөз тіркесімен байланыстыруда, дыбыстардың бірізділікпен орналасу арқылы сөз, сөз тіркесі, сөйлем құралуы туралы теориялық топтастырылған ұғымдар жасалуымен бірге, орфоэпиялық нормалардың үйретілуі де дамыта оқытуда үлкен тірек бола алатын жол деп саналады.Лексиканы оқытуда сөз тіркесін байланыстырудың тиімді жолы ретінде біз лексиканың «Сөз мағынасы», «Синонимдер», «Терминдер», «Көп мағыналы сөздер», «Тұрақты тіркестер» тақырыптарына (21) баса назар аудардық. Осы бағытта жасалған жұмыстардың көлемі, негізінен, синонимдерге байланысты болды. Себебі, синоним сөздердің мағыналарының түрлі реңктері, экспрессивтік- эмоционалдық бояулары сан қырлы болып оқушылардың теориялық ұғымдар жасауы мен тіл дамуына мүмкіндіктерді мол бере алады.
6-сыныпта морфология жүйесі оқылады (22). Бұл сыныпта сөз тіркесін морфологиямен байланыстыра оқытуға лингвистикалық материалдар бай әрі жеткілікті. Морфологияны сөз тіркесімен байланыстырыла оқытудың лингвистикалық негіздемесі сөз тіркесінің морфологияға тым жақын екендігі туралы қағидаға сүйенеді, өйткені, сөз тіркесінің жасалуының өзі сөз таптарының синтагмалық қасиеттеріне байланысты. Зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, одағай, шылау, еліктеу сөздердің барлығы бір- бірімен тіркесімдік қабілеттері жағынан, синтаксистік қызметтері болуы жағынан сөз тіркесін оқытуға үлкен тірек болады. Сөз тіркесін дамыта оқытуды морфологиямен байланыстыруда оқушылардың дәстүрлі білім алу барысына өзгерістер енгізілді.Ол өзгерістер мынадай: дәстүрлі бағдарламада сөз таптарының синтаксистік қызметі тақырыптардың соңғы жағында ғана, сөйлем мүшесі болуы туралы анықтама және мысалдармен беріледі. Ал сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясы жалпы сөз таптарының белгілері туралы жалпы анықтама беруді ұсынып, сол маңызды белгілердің бірі- сөз табының синтаксистік қызметі екндігіне назар аударылады. Сөздің лексикалық, морфологиялық табиғаты лингвистиканың ортақ мәселесі екні белгілі, ал сөзді синтаксема деп танушыларға (23) сүйенетін болсақ, сөздің белгілі бір сөз табына жатқызылуының өзінде оның (сөздің) синтаксистік табиғаты басты орын алып тұрғанына назар аударылмайды. Мысалы, зат есім болса, оның сыны, саны, сапасы болады. Дерексіз зат есімдер мен сын есімдердің (батыр, қорқақ т.б), тұйық етіс пен зат есімдердің (жүгіру, айту т.б) айырмашылықтары зат есімнің сын есім арқылы анықталатын синтаксистік қасиетіне сүйене отырып танытылды. Мұның өзі оқушылардың дәстүрлі жүйедегідей, морфология мен синтаксисті айырып танудан сақтандырып, тіл жүйесінің тұтастығын тануға жетелейтін жол деп санады. Зат есімнің ішкі семантикалық түрлерінің өзі олардың түрлі тіркесімдік мүмкіндіктері арқылы тануды қажет етеді (ұл бала, қыз бала т.б)
Ал сөздердің тіркесімі арқылы ғана сын есімнің , сан есімнің табиғаты танытылатыны бағдарлама мен оқулықта айтылмайды (қызыл көйлек, жеті күн т.б). Сөз таптарының синтаксис болмысы олардың сөз табы болу мүмкіншіліктерін айқындайтын маңызды факторлардың бірі екендігі сөз тіркесін дамыта оқыту бағдарламасында алдыңғы орынға қойылды.Сын есімдердің синкреттік ерекшеліктері, сан есімдердің сөз табы екендігі не еместігі туралы ғылыми көз қарастар оқушыларға ауызша материал түрінде таныстырылуы қажет деп танылды. Есімдіктің тек орынбасар сөз ғана еместігі де, есімдік тек белгілі бір есім сөзді ауыстырушы емес, тұтас абзацтарды да ауыстырып тұратыны тексті оқытумен байланысты түсіндірілді.Етістік сөз табының мүмкіншіліктері мен олардың сөз тіркесін жасау ерекшеліктері зерттеудің лингвистикалық бөлімінде кең талданды. Сол материалдардың дені сөз тіркесін дамыта оқытуда қолданылды.
Сөз тіркесінің синонимиясына үлкен назар аударылып, сөз тіркесінің трансформациялық мүмкіншіліктерін талдау арқылы да оқушылардың теориялық ұғымдар жасау дағдыларын қалыптастыруға көп материал жинақтады.Оқушыға септік жалғауларын оқыта отырып, олардың синтаксистік синоним жасаудағы қызметі де бірге түсіндіріледі. Мысалы, ананы сағыну- анаға деген сағыныш т.б. Сөз тіркесін дамыта оқытуда абстракты грамматикалық септіктерді байланыстурдың пайдасы мол.Өйткені, оқушылар нақты мысалды бақылайды, оны септік жалғауы арқылы өзгертіп, нақтылықтан абстрактылық деңгейге өтеді, бұл- эмпирикалық деңгейдің қол жеткізген жақсы жемісі. Енді оқушы грамматиканы ғылыми тұрғыдан танудың деңгейіне яғни дерексіз ұғымдар жасау деңгейіне өтті. Сөз тіркесі синонимдеріне бақылау жасау нәтижесінде оқушы табыс септігі мен барыс септігінің синонимдес сөз тіркесін құрауға қатысуынан осы септіктердің бойындағы түрлі мағыналық болмысты тану мүмкіндігін көре алды. М.Балақаев кітабында (24) берген мысалды біз оқушыларға өзгертуді тапсырдық: қамыс қора, сағат қалта, қалта сағат. Оқушылар бұл сөз тіркестерін «қамыстан салынған қора», «сағат салатын қалта», «қалтаға салып жүретін сағат» деп өзгертті.Енді жаңа теориялық мәліметтер қажет болды.Неге бұл сөздер толық айтылмайды? Мқғалім оқушыларға қажеттілктен туындап отырған теориялық мәліметтер беруді жөн көреді.Осыдан келіп, «универбизация», «тіл экономикасы», «элипсис сөйлем» т.б ұғымдар туралы қысқаша түсініктер берілді. Жалпы, сөз таптарын оқыту барысында сөз тіркесін дамыта оқытудың лингводидактикалық және психологиялық негіздемелері мол екендігі дәлелденді. Оқушылардың танымдық қызығушылығын теориялық білім арқылы туғызу- сол танымдық қызметтің енді белсенді болуына, белсенділік мұғалім емес, оқушы тарапынан туындауына сенімді тірек табу деп бағаланады.
Сөз тіркесі синтаксисі қазақ тілінің жүйелік курсында 7-8 сыныптарда оқылуына байланысты, мұнда сөз тіркесімен синтаксиске байланысты теориялық білім мазмұны мен теориялық ұғымдар жүйесінің кеңейтілуі, толықтырылуы, өзгеруі мен жаңартылуы-негізгі нысана болып саналды. Мұндай әрекеттердің қамдастырылуы яғни оқушыларға үйретілетін ғылыми ұғымдар жүйесінің және олардың білімдік мазмұндарының тереңдетілуі ізденімдік- зерттеушілік типтегі оқу қызметін ұйымдастыру міндетін шешуге байланысты жүргізілді. Ондай жұмыс жасалмаған болса,дәстүрлі оқыту жүйесі әдістері, білім мазмұны, бағдарламасы мен оқулықтары- сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясын жасауға негіз бола да алмас еді, дамыта оқытудың мақсаты да шешілмес еді.
Сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясында өзекті орын 7-8 сыныптарға берілді. Сөз тіркесі туралы теориялық материалдар ОМЛС тұрғысынан талданып, соның негізінде теориялық танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлері танылды. Сол деңгейлерде оқыту ерекшеліктері анықталып, әр деңгейдің табиғатына сай сөз тіркесі туралы теориялық ұғымдар жүйесі меңгертілуі және оған қажетті әдістер жүйесі сараланды. Енді сөз тіркесін дамыта оқытудың ішкі деңгейлеріне- эмпирикалық және теориялық деңгейлеріне арнайы тоқталайық. Эмпирикалық деңгейдің негізгі мақсаты- сөз тіркесі туралы сыртқы белгілерді, аз мөлшерде ғана ішкі синтаксистік байланыстар мен қатынастар туралы білім беру. Теориялық танымның осы алғашқы сатысында мұғалім оқушының таным қызметі арқылы сөз тіркесінің жеке, дара қасиетін анықтауына сай әрекет етуі міндетті болады. Оқушының сөз тіркесін меңгеруіндегі эмпирикалық деңгейге тоқырап қалмай, сөз тіркесінің тілдік құбылыс ретіндегі табиғатынан қарама- қайшылық құбылыстарды анықтап, олады тілдік тәжірибелер арқылы шешуге қажетті жаңа әдістерді үйренуге құлшысын дамыту арқылы ғана теориялық ойлау мен сана қалыптастыру мақсатына қарай бет бұруға болады. Эмпирикалық кезеңде сөз тіркесі тақырыптары мынадай желі бойынша оқытылады:
Достарыңызбен бөлісу: |