Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысы Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін. 2. Орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын. 3. Жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына сәйкес ақпарат берсін. 4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлiгiне жүктелсiн. 5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А. Мамин
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы желтоқсандағы № 988 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ 1-бөлім. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама)
Әзірлеу үшін негіздеме
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы; "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауы; "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 21 қарашадағы "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жылғы 23 қаңтардағы Жастар жылының ашылуында және 2019 жылғы 27 ақпандағы "Nur Otan" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы; Қазақстан Республикасы Президентінің "Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" сайлауалды бағдарламасын және "Бірге" жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 27 Жарлығы; Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауы.
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі; Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі; Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі; Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі; Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі; Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі; Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі; Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі; Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі; Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі; Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі; Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі; Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі; Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі; Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері.
Бағдарламаның мақсаты
1. Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. 2. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру.
Міндеттері
1. Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту. 2. Қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің, оқу орындарының, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту. 3. Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету. 4. Үздік практикалар негізінде білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу. 5. Экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету. 6. Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету. 7. Білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру. 8. Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу. 9. Ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту. 10. Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру. 11. Ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін арттыру және әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануын қамтамасыз ету.
Іске асыру мерзімдері
2020 – 2025 жылдар
Нысаналы индикаторлар
1. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 85,3 %, 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 % қамту. 2. PISA (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) халықаралық зерттеуіндегі 15 жастағы қазақстандық оқушылардың нәтижелері – математика – 480 балл, оқу – 450 балл, ғылым және жаратылыстану – 490 балл. 3. Қазақстан Республикасындағы балалардың әл-ауқаты индексі – 0,73 балл. 4. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін (бұдан әрі – ТжКБ) оқу орындарын бітіргеннен кейін бірінші жылы жұмысқа орналастырылған бітірушілердің үлесі – 75 %. 5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары оқу орындарын (бұдан әрі – ЖОО) бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі –75 %. 6. Ғылымға ЖІӨ-ден жұмсалатын шығыстардың үлесі – 1 %. 7. Web of Science (Clarivate Analytics) және Scopus (Elsevier) платформасындағы ақпараттық ресурстардың деректері бойынша 2018 жылы (4873 бірлік) жарияланымдардың жалпы санынан рейтингтік басылымдардағы қазақстандық жарияланымдардың өсімі – 88 %. 8. Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы (Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (бұдан әрі – ДЭФ ЖБИ) – 63 орын.
Қаржыландыру көздері және көлемі
Бағдарламаны іске асыру үшін 2020 – 2025 жылдары 11 578 млрд. теңге (республикалық бюджет (бұдан әрі – РБ) – 9 565 млрд. теңге, (жергілікті бюджет (бұдан әрі – ЖБ) – 716 млрд. теңге, Дүниежүзілік банк (бұдан әрі – ДБ) – 13 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 1 284 млрд. теңге) мөлшерінде бюджет қаражаты жұмсалатын болады, оның ішінде: 2020 – 1 161 млрд. теңге 2021 – 1 336 млрд. теңге 2022 – 1 708 млрд. теңге 2023 – 2 311 млрд. теңге 2024 – 2 383 млрд. теңге 2025 – 2 679 млрд. теңге сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат.
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің, мемлекеттік жекешелік әріптестіктің мүмкіндігіне қарай және басқа да балама көздерді тарта отырып нақтыланатын болады. 2-бөлім. Кіріспе Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. 2015 жылы республика өзіне Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына, оның ішінде бәрін қамтитын және әділ сапалы білім беруді және баршаға арналған өмір бойы оқу мүмкіндігін ынталандыруды қамтамасыз етуді көздейтін 4-мақсатына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді қабылдады. Оған қол жеткізу үшін әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды: мектепалды даярлықты қамтамасыз ету, 12 жылдық мектеп білімінің моделі, оқушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын дамыту, арзан және сапалы ТжКБ мен жоғары білімге тең қол жеткізу. Аталған бағыттар қазақстандық білім беру жүйесі үшін де басым болып табылады. 2017 жылы Қазақстан ЭЫДҰ-ның екі бейінді комитеті – Білім беру саясаты комитеті мен Ғылыми және технологиялық саясат комитетінің қатысушысы болды, бұл қазақстандық білім жүйесі жетістіктерінің халықаралық танылғанын куәландырады. Алайда отандық білім және ғылым жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейін бағалау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалғанын куәландырады. ЭЫДҰ-ның ересектердің (16-65 жас) құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) нәтижелері бойынша Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Қазақстанның нәтижелері ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің және Ресей Федерациясының орташа көрсеткішінен (оқу бойынша 9-орын және математикалық сауаттылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл жағдай өзгермейтін болса, таяу перспективада ұлттық адами капитал одан әрі нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің төмендеуі орын алады. Үздік отандық және әлемдік практикаларға сәйкес білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту жөнінде шұғыл шаралар қажет. Мысалы, ЭЫДҰ-ға мүше елдер мен әріптестердің саясатына жасалған шолуға (Education Policy Outlook 2018) сәйкес білім берудегі мемлекеттік саясаттың басты назары алты салада шоғырланады: (1) теңдік және сапа, (2) білім алушыларды болашаққа дайындау, (3) білім беру ұйымдарын жақсарту, (4) бағалау жүйесі, (5) басқару және (6) қаржыландыру. Бұл ретте елдер ағымдағы даму деңгейіне және қолда бар мүмкіндіктерге байланысты өздерінің күш-жігерін аса маңызды міндеттерді шешуге бағыттайды. Көрсетілген салалар шеңберінде көптеген елдер мынадай басымдықтарды белгілейді: отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарамастан білім алушылардың мүмкіндіктерін теңестіру; түлектер дағдыларының экономика талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету; педагогтердің кәсіби дамуы және жоғары мәртебесі; жұмыс берушілерді кадрлар даярлауға тарту; білім беру жүйесін және білім беру ұйымдарын бағалау; басқарудың тиімді құрылымын құру; мүдделі тараптармен қарым-қатынас құру; қаржы ресурстарын тиімді пайдалану. ЭЫДҰ STIP Compass деректер базасына сәйкес ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы саясаттың негізгі мәселелері басқару, қаржыландыру, зерттеушілік мансап, PhD және постдокторантура бағдарламалары болып саналады. Халықаралық бағалар мен практикаларды, алынған міндеттемелер мен қол жеткізілген нәтижелерді ескере отырып, Қазақстан таяудағы 6 жылда білім және ғылым сапасын жақсарту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы қажет. Осыған байланысты Бағдарлама негізгі анықталған проблемаларды шешуге, білім және ғылым жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ЭЫДҰ елдерінің үздік практикаларына жақындау үшін оны дамытуға бағытталған. Білім және ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 % қамтуға, 3 ауысымда оқытуды жоюға, ауылдық жерлерде тірек мектептерді интернаттармен 100 % қамтамасыз етуге, 150 және одан да көп оқушы оқитын мектептерде дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін жағдай жасауға қол жеткізу күтіледі, кабинеттер мен мұғалімдер 100 % компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі, 180 тірек колледжін қазіргі заманғы жабдықтармен және бағдарламалармен 100 % қамтамасыз ету, жоғары білімді қаржыландыру 2 есеге, ғылымды қаржыландыру 7 есеге (43-тен 358 млрд. теңгеге дейін) ұлғаяды.
3-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарлама) қорытындылары қойылған мақсаттар мен міндеттердің 93,4 %-ға орындалғанын көрсетеді. Мысалы, 2019 жылға қарай 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаның 5 бағыты бойынша 8 нысаналы индикатор мен 52 көрсеткішке қол жеткізу, 170 іс-шараны орындау жоспарланды. Барлық 8 нысаналы индикаторға қол жеткізілді, оның ішінде 2-еуі асыра орындалды. Есепті кезеңге жоспарланған 50 көрсеткіштің 46-сына (92 %) жоспарлы түрде қол жеткізілді, 1-еуіне (6 %) қол жеткізілген жоқ, 3-еуі (2 %) ішінара орындалды.
2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарлама іске асырылған 3 жылда мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 1480 бірлікке (2016 жылы – 9 410, 2017 жылы – 9 828, 2018 жылы – 10 334) ұлғайды. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалардың 95,2 %-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылды (2016 жылы – 85,8 %, 2017 жылы – 90,5 %, 2018 жылы – 95,2 %). Орта білім беруде жаңартылған оқу мазмұнына көшу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. 372 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 437 мемлекеттік мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшті. Мемлекеттік тапсырысты 80 жекеменшік мектеп алды. "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы шеңберінде 94,8 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң қабылданды. 3 жылдың ішінде шетелдік студенттер саны 8,9 мың адамға артты (2016 жылы – 12 837 адам, 2017 жылы – 13 898 адам, 2018 жылы – 21 727 адам). Әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіндегі қазақстандық ЖОО саны 10-ға дейін өсті. Times Higher Education рейтингіне алғаш рет екі қазақстандық жоғары оқу орны кірді. Бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесі артты. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд. теңгені құрады. Білім және ғылым саласының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді ұсыну, ғылыми гранттарға өтінім беру және есептерді қабылдау бойынша бірқатар рәсімдер цифрландырылды. Бағдарламаны талдамалық және ақпараттық-медиалық сүйемелдеу. Халықтың және нысаналы аудиториялардың (ата-аналар, педагогтер, білім алушылар және т.б.) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты оң қабылдауы мен түсінуін қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы теріс және резонанстық тақырыптарға ақпараттық ден қоюы жөнінде шаралар қабылдау үшін 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны талдамалық және ақпараттық-медиалық сүйемелдеу бойынша жоба (бұдан әрі – PR-жоба) іске асырылды. PR-жобаның алдыңғы жылдары іске асырылуын талдау білім және ғылым саласындағы жаңалықтарға қоғамның теріс реакциясының алдын алу, жұртшылық тарапынан айтылатын сынға уақтылы ден қою және халықтың нысаналы топтары арасында Бағдарламаның идеяларын жалпы ілгерілету бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсетті. PR-жоба шеңберінде білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан саясатқа халықтың қанағаттану деңгейіне әлеуметтік сауалнама жүргізу көзделген. Нәтижелерге сәйкес сұралғандардың 22,3 %-ы толық қанағаттанғанын, жартысынан астамы (50,2 %) қанағаттануы мүмкін екенін айтқан. Алайда респонденттердің төрттен бір бөлігі теріс баға берген, оның ішінде 20,1 %-ы білім беру жүйесінің дамуымен қанағаттанбауы мүмкін екенін және 7,5 %-ы мүлдем қанағаттанбайтынын жеткізген. Мына мәселелер өзекті болып қалуда. Педагог кәсібінің мәртебесін көтеру және педагогикалық білім беруді жаңғырту 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру кезеңінде педагог кадрлардың саны жарты миллион адамнан асты. Бұл ретте жыл сайын білім беру саласындағы мамандардың жаппай даярланып шығарылуына қарамастан, педагог кадрларға деген қажеттілік әлі де сақталуда. Мектептерге, атап айтқанда, ауылдық жерлердегі мектептерге білікті мұғалімдерді тарту және ұстап қалу бойынша пәрменді тетіктер жоқ: жол және тұрғын үй субсидиялары, жеңілдіктер мен преференциялар және т.б. Педагогикалық мамандықтарға көбінесе Ұлттық бірыңғай тестілеуде (бұдан әрі – ҰБТ) төмен балл алған талапкерлер түседі. Білім беру жүйесі талантты мұғалімдерді ұстап қалуға ықпал етпейді. Педагогтердің 35 %-ы басқа салаларға кетеді. Ынталы үміткерлер үшін педагогикалық кәсіппен айналысудың балама тетіктері жоқ. Мұғалімнің мансаптық өсуінің жаңа жүйесін (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-мастер) енгізудің арқасында жалақы лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақыдан 200 % мөлшерінде қосымша ақы белгіленді. Алайда білім беру саласындағы жалақы экономика бойынша ең төменгілердің бірі болып қалуда (102 875 мың теңге, еліміз бойынша орташа еңбекақы 163 мың теңге), бұл білікті кадрлардың келуін тежейтін жағымсыз фактор болып табылады. ЭЫДҰ TALIS-2018 зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес қазақстандық мұғалімдердің 96 %-ы өздерінің жалақысын арттыру білім беру бюджетін ұлғайту кезінде ең басым міндет болуы тиіс деп есептейді. Мұғалімдерді оларға тән емес функциялардан босату бойынша шаралар қабылданды. 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей оқыту шеңберінде шағын аудандарда аулаларды аралау жойылды, пән мұғалімдері толтыруға жататын құжаттардың тізбесі бекітілді. Алайда мұғалімдерді оларға тән емес жұмысқа тарту жалғасуда. TALIS-2018 нәтижелері бойынша 48 қатысушы елдің ішінде қазақстандық мұғалімдер жүктемелері көптердің қатарына жатады (2-орын). Бұл ретте осы жүктеменің негізгі бөлігін (69 %) сабақтан тыс қызмет (ЭЫДҰ бойынша орташа алғанда – 47 %) құрайды. Қазақстандық мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі көп жағдайда жұмыс уақытын нақты нормалаудың болмауына байланысты. Мектепке дейінгі білім беруде педагог қызметкерлердің 41,8 %-ының "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" мамандығы бойынша білімі жоқ, 54 %-ының біліктілік санаты жоқ. Қосымша білім беретін 22 мың педагог үшін біліктілікті арттыру жүйесі қарастырылмаған. 4 жыл ішінде ТжКБ жүйесіндегі арнайы пәндер оқытушылары мен шеберлеріне деген қажеттілік 2,5 есеге өсті. Осылайша, педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіндегі оң өзгерістерге қарамастан, білікті педагог кадрларды тартуға және ұстауға кері әсер ететін бірқатар проблемалар сақталуда. Осыған байланысты Бағдарламада елдің педагогикалық әлеуетін дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды шешу жөнінде шаралар көзделген. Қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің, оқу орындарының, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту Халықаралық зерттеулерде мектепке дейінгі ұйымға бару және мектептегі білім жетістіктерінің нәтижелері арасындағы оң байланыс анықталды. PISA зерттеуі ЭЫДҰ елдерінде кемінде бір жыл балабақшаға барған бала мектепте өз құрдастарынан 1,5 жылға (PISA-2015: +50 балл) алда болатынын көрсетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш екі жарым есе төмен (+20 балл), бұл мектепке дейінгі білім беру сапасының төмендігін куәландырады. Мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасы да ата-аналар тарапынан көптеген шағымдар тудырады (ЭЫДҰ, 2018). ЭЫДҰ сарапшыларының ұсынымдарына сәйкес Қазақстан сәби жасындағы балаларға ерекше назар аударуы және 3 жасқа толмаған балаларға арналған мектепке дейінгі білім беруді белсенді түрде ілгерілетуі қажет. Сондықтан 1 жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын қамтамасыз ету талап етіледі. Халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері мектепте білім беру сапасында үлкен алшақтық сақталып отырғанын куәландырады. Мысалы, Қазақстан ЭЫДҰ-ның 15 жастағы білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA (2009, 2012, 2015, 2018) халықаралық бағдарламасына және білім беру сапасын бағалау жөніндегі IEA халықаралық қауымдастығының оқу, жаратылыстану және математикалық сауаттылық бойынша TIMSS (2007, 2011, 2015, 2019) зерттеуіне төрт рет қатысты. Зерттеу қорытындысы өңірлер, аумақтар (қала-ауыл), оқыту тілі мен отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бойынша үлгерімдерде айтарлықтай алшақтық бар екенін анықтады. Мысалы, өңірлер бөлінісінде PISA-ның ең төмен және жоғары көрсеткіштері арасындағы айырмашылық 3 оқу жылына сәйкес келеді. Унитарлық мемлекет үшін мұндай жағдайдың қалыптасуына жол берілмейді. Білім берудегі теңсіздік қазіргі әлемде рөлі артып келе жатқан қосымша және формальды емес білімге қол жеткізудегі теңсіздікпен күшейе түседі. Бүгінгі таңда жас адамның өмірінде оқытудың 70 %-ға жуығы формальды емес білім беру жағдайында: отбасында, құрдастар тобында, жастар ұйымдарында, үйірмелерде өтуде. ЭЫДҰ-ның 22 елінде және ЭЫДҰ-ға әріптес 14 елде сыныптан тыс ғылыми іс-шаралар көп өткізілетін мектеп оқушыларының осындай іс-шара аз өткізілетін мектептің оқушыларына қарағанда PISA-дағы жаратылыстану ғылыми сауаттылық деңгейі анағұрлым жоғары екенін көрсетті. ЭЫДҰ елдерінде орташа есеппен оқушылардың 56 %-ы ғылыми жарыстарға қатысады, оқушылардың 48 %-ы сыныптан тыс ғылыми жобаларға барады. Қазақстанда 2018 жылы 993 779 бала (2016 жылы – 651 409 адам, 2017 жылы – 947 327 адам) мектептен тыс қосымша білім беретін ұйымдарда білім алды және 1 645 295 бала (2016 жылы – 977 125, 2017 жылы – 1 417 639) мектеп үйірмелеріне барды. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі балаларды (35,5 %), аз қамтылған отбасылардағы балаларды (68,0 %), сондай-ақ ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларды (54,7 %) қосымша біліммен қамту төмен деңгейде сақталуда. Ақылы қосымша қызметтердің басым болуы қосымша білімнің қолжетімділігін шектейтін фактор болып табылады. Мектептен тыс ұйымдарда балалардың тек 22,5 %-ы ғана ақысыз негізде қосымша білім алады. Осыған байланысты қосымша білім беруде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу қажет. ТжКБ бағдарламаларына барынша кең қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін 2017 жылдан бастап "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар колледж студенттерінің жатақханаларға мұқтаждығы сақталуда. 2018 жылы жатақхананы қажет ететін студенттердің 26 %-ы қамтамасыз етілмеген. Жоғары білім алуға қол жеткізу соңғы жылдары айтарлықтай кеңейе түсті. Мемлекеттік білім беру гранттарының саны артуда. Алайда оларды бөлу кезінде талапкердің отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі ескерілмейді, ал талапкердің үлгерімі іс жүзінде жалғыз анықтаушы өлшемшарт болып табылады, ол әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан жастардың жоғары білім алуына қол жеткізуде теңсіздікті күшейтеді. Осыған байланысты барлық деңгейлерде білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту және оған қол жеткізу бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Балалардыңқауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту Балалардың, оның ішінде өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарының бұзылуына уақтылы ден қоюдың жеткілікті дамымаған жүйесі, білім беру ұйымдарының едәуір бөлігінде инклюзивті білім беру және қарапайым ыңғайлылық үшін жағдайлардың болмауы балалардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруіне қауіп төндіреді. ЮНИСЕФ-тің 2017 жылғы зерттеулерінің деректеріне сәйкес Қазақстанда мектеп оқушыларының үштен екісі оқушылар немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылықты бастан кешіреді немесе куәгерлер болып табылады. Жыл сайын ішкі істер органдарының есебінде тәуекел аймағында тұрған 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған, 10 мың тұрмысы қолайсыз отбасы тұр. 3 мыңнан астам бала қылмыс жасайды. 2018 жылы балаларға қатысты 2125 қылмыс жасалды, 2277 кәмелетке толмаған бала құрбан болды (2017 жылға қарағанда 5,5 %-ға жоғары). Балалар суицидінің өсуі сақталуда (2018 жылы балалар арасында жасалған өз-өзіне қол жұмсау саны 178 жағдайды құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,6 %-ға көп). Балабақшалардың тек 20 %-ы, мектептердің 60 %-ы, колледждердің 30 %-ы ғана инклюзивті білім беруге жағдай жасаған. Сапалы инклюзивті білім берумен мектепке дейінгі жастағы балалардың бар-жоғы 28,2 %-ы және ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар мектеп оқушыларының 46,5 %-ы қамтылған. Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін мамандардың тапшылығы 64 %-ды құрайды. 2018 жылдың деректері бойынша 2535 мектепте тек ауладағы дәретханалар бар, 1629 мектепте су тасымалданады, 1093 мектепте ыстық су жоқ, 1800 мектеп бейнекамерамен қамтылмаған. 2018 жылы халықаралық және қазақстандық тәжірибені ескере отырып, балалардың қауіпсіздігін, қолайлы жағдайлары мен әл-ауқатын жүйелі мониторингілеу, проблемаларды уақтылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін көрсеткіштер жүйесі мен Балалардың әл-ауқатының индексі әзірленді. Бұл индекс барлық өмірлік маңызды салаларды қамтиды: материалдық әл-ауқат, денсаулық, білім беру, қауіпсіздік және тәуекелдер, әлеуметтендіру. Жаһандық әл-ауқат индексі бойынша елдерді салыстыру үшін "0"-ден "1"-ге дейінгі шкала қолданылады, мұнда "1" – ең жоғары әл-ауқат деңгейі. 2017 жылдың нәтижелері бойынша елдердің рейтингінде Швейцария бірінші орынды иеленді, оның индексі 0,83 балды құрады. Соңғы орын 0,38 балмен Нигерияға тиесілі. Қазақстанда 2018 жылдың пилоттық жобасының қорытындысы бойынша Балалардың әл-ауқатының индексі 0,68 балды құрады. Сонымен қатар 2019 жылғы 10 айда балаларға қатысты салалардың көптеген бағыттары бойынша оң динамика және мемлекет қабылдаған шараларға байланысты өмір сүру сапасын жақсарту үрдісі байқалады. Осыған байланысты 2022 жылы индекстің бастапқы есебі 0,70 балл, 2025 жылға қарай 0,73 балл болады деп болжануда. Индексті енгізу Қазақстанға балалардың қаншалықты қолайлы жағдаймен қамтамасыз етілгенін анықтауға, балалардың түрлі салалардағы жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалауға, балалық шақ саласындағы халықаралық рейтингтерде барынша жоғары деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне ықпал ететін болады. Индексті кейіннен сынақтан өткізу және толық ауқымды енгізу қажет. Бұдан басқа балалар үшін қауіпсіз және жайлы орта құруға арналған мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру үшін үздік әлемдік практиканы пайдалану қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда балалық шақты қаржыландыру түрлі мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларымен жүзеге асырылады. Халықаралық практикада мемлекеттік бюджеттің атаулы шығысының тиімді құралы шоғырландырылған балалар бюджеті болып табылады. Мұндай бюджетті қалыптастыру әдістемесін әзірлеу және оның жыл сайынғы өсуін қарастыру қажет. Білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалау жүйесін жетілдіру Жаңартылған мазмұн шеңберінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың өлшемшарттық жүйесі енуде, ол өңірдің, мектептің орналасқан жеріне және оқыту тіліне қарамастан оқушылардың оқу жетістіктерін объективті және тең бағалауды қамтамасыз етеді. Орта білім беру сапасын бағалаудың тиімділігін арттыру үшін ҰБТ екі кезеңге бөлінді: мектептегі қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орнына түсу емтиханы. 2019 жылдан бастап ҰБТ ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін жылына 4 рет өткізіледі. Жоғары білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етудің балама тетігі ретінде негізгі немесе қайта тестілеу нәтижелері бойынша шекті деңгейден өтпеген талапкерлер үшін ЖОО-ға "шартты түрде қабылдау" жүйесі енгізілді. Бұл ретте білім алушыларды бағалау жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Атап айтқанда, PIRLS, PISA, ICILS халықаралық салыстырмалы зерттеулерінің құралдарына, сондай-ақ SAT тестілеріне ұқсас функционалдық сауаттылық пен құзыреттілікті өлшеуге бағытталған сұрақтарға қатысты ҰБТ, оқу жетістіктерін сырттай бағалау (бұдан әрі – ОЖСБ) мазмұнын қайта қарау қажет. 2018 жылдың мамыр айынан бастап қазақстандық педагогтер аттестаттаудың жаңа жүйесіне көшті. Жаңа жүйе бойынша педагог кадрлардың 42,5 %-ы аттестаттаудан өтті (14,1 % – педагог-зерттеуші және педагог-шебер санаты, 15,6 % – педагог-сарапшы санаты, 12,8 % – педагог-модератор санаты). Жинақталған тәжірибе мен халықаралық практиканы ескере отырып, педагог кадрларды аттестаттау жүйесін одан әрі жетілдіру талап етіледі. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісінің өсуін ынталандыру үшін 2011 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау тоқтатылды. Осы кезеңде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1,5 есе өсті, бұл ретте жекеменшік ұйымдар 7 еседен асты (2011 ж. – 449 бірлік, 2018 ж. – 3749 бірлік). Сонымен қатар жұртшылық тарапынан балабақшалардың материалдық-техникалық жабдықталуына және ондағы тәрбие процесінің сапасына қатысты сын айту жағдайлары жиілеп кетті. 2017 жылдың қаңтарынан бастап жоғары оқу орындарын мемлекеттік аттестаттау халықаралық аккредиттеумен алмастырылды, ал 2018 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептер мен колледждерді мемлекеттік аттестаттау профилактикалық-алдын алу сипатына қайта бағдарланды және одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қосымша білім беру ұйымдарын бағалау жүйесі және оның оқушылардың жетістіктеріне әсері жоқ. Осыған байланысты қосымша білім беру сапасына қол жеткізу факторлары мен шарттарын айқындау бойынша зерттеулер жүргізу қажет. Экономиканың және өңірлердің қажеттілігіне сәйкес білім беру мен кәсіби даярлықтың сабақтастығын, үздіксіздігін қамтамасыз ету Білім берудің әрбір деңгейіндегі оқыту мазмұны жалпы әдіснамалық шеңберге біріктірілмеген әртүрлі мақсаттар мен күтілетін нәтижелерге құрылады. Қажетті білім, дағды және құзыреттер жиынтығына ие Қазақстан азаматының моделін (бейнесін) айқындайтын өмір бойы оқытудың бірыңғай тұжырымдамасы жоқ. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны 5 білім беру саласы бойынша құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған: денсаулық, коммуникация, таным, шығармашылық және социум. Мектептер кезең-кезеңімен жаңартылған бағдарламаларға өтуде, ол кең спектрлі дағдыларға баса назар аударады: білімді функционалдық және шығармашылық тұрғыдан қолдану, сыни ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, АКТ пайдалану, коммуникацияның әртүрлі тәсілдерін қолдану, топта және жеке жұмыс істей білу, проблемаларды шешу және шешімдер қабылдау. Техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу кезінде студент оқытудың 5 нәтижесін көрсетуі тиіс: оқып жатқан саласындағы білім және түсінік; кәсіби деңгейде қолдану, дәлелдерді қалыптастыру және проблемаларды шешу; ақпаратты жинау мен түсіндіруді жүзеге асыру; ақпаратты, идеяларды, шешімдерді хабарлау; оқуды өз бетінше жалғастыру дағдысы. Осылайша білім берудің әртүрлі деңгейлерінде алынатын негізгі дағдылар мен құзыреттер жиынтығындағы айырмашылықтар мен келіспеушіліктер өмір бойы оқу (lifelong learning) жүйесін құруға кедергі жасайды. Мектепке дейінгі білімнен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет. Білім алушылардың кәсіби бағдарына бірыңғай көзқарастың болмауы білім берудің үздіксіздігі проблемаларын күшейте түседі. Қазіргі уақытта мектеп оқушылары арасындағы кәсіптік бағдар беру жұмыстары негізінен жарнама түрінде жүргізіледі, колледждер мен ЖОО-лар даярланатын мамандықтар туралы хабардар ету үшін мектептерге баруды ұйымдастырады. Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты контингентті тарту болып табылады. Қорытындысында 2016 жылғы "Болашақ – менің таңдауым" (Білім – Орталық Азия) әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша жоғары сынып оқушыларының 15 %-ы болашақ кәсіби қызметін анықтай алды. KASIPTEST кәсіптік диагностикасы 11-сынып оқушыларының 75 %-ы оқытудың бейіндік бағытын дұрыс таңдамағанын көрсетті. Кәсіптік бағдарлау жұмысының әлсіздігі жұмысшы кәсіптері беделінің төмендігімен қатар жастардың ТжКБ жүйесімен аз қамтылуына себеп болады, бұл, өз кезегінде, кадрларды даярлау сапасына кері әсер етеді. ДЭФ ЖБИ-2018 сәйкес жұмыс берушілер ТжКБ жүйесінің сапасын 3,7 балға (орташадан төмен) бағалайды. Нәтижесінде жұмыс берушілер болашақ кадрларды оқытуға инвестиция салуға мүдделі емес. 2018 жылы жұмыс берушілер есебінен білім алатын студенттердің үлесі білім алушылардың жалпы контингентінің бар-жоғы 0,2 %-ын құрады. Колледж студенттерін дуальды оқытумен қамту да жоғары емес – 8 %. Жоғары білім беру тиімділігі көрсеткіштерінің бірі оның интернационалдануы және жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтерден көрінуі болып табылады. 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру кезеңінде жоғары білім беру жүйесіндегі шетелдік студенттердің үлесі 4 %-ға дейін өсті. Қазақстандық жоғары оқу орындары алғаш рет Times Higher Education рейтингтік басылымы тарапынан танылды. QS WUR рейтингінде белгіленген қазақстандық ЖОО-лар саны 10-ға жетті. Алайда жоғары білім беруде ДЭФ ЖБИ-2019 "Түлектердің дағдылары" индикаторы бойынша Қазақстан 141 елдің ішінен 95-орында тұр. Әлеуметтік сауалнама жұмыс берушілердің 70 %-ы олардың дағдыларына қанағаттанбағанын көрсетті. Бұл ретте колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру мониторингі статистикалық деректер негізінде жүргізіледі және бітірушілердің кері байланысын көздемейді. Жоғары білім сапасы студент жастардың шетелдік жоғары оқу орындарына кетуіне әсер етеді. Қазақстанда соңғы 7 жылда шетелге шығатын студенттердің саны 2 есеге өсті. 100 мыңнан астам қазақстандық әлемнің 130 елінде жоғары білім алуда. Аталған проблемаларды шешу үшін кәсіптік бағдар беру қызметінің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу, мамандарды даярлау және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру процесіне жұмыс берушілерді тарту қажет. Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету Бәсекеге қабілетті тұлға мен маманды қалыптастырудың негізі отбасында, қоғамда және білім беру жүйесінде қалыптасатын құндылықтар болып табылады. Қазақстанда "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері бекітілді. "Туған жер", "Қазақстанның киелі географиясы", "Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет", "Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы", "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы, "Өзін-өзі тану" адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы іске асырылуда. "Жас қыран" (1-4-сыныптар), "Жас Ұлан" (5-10-сыныптар) балалар мен жасөспірімдер қозғалысы, "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық клубы (колледж, ЖОО) жұмыс істейді. Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының Қоғамдық саясат институтының зерттеу деректері бойынша патриотизм Қазақстан азаматтарының маңызсыз құндылықтарының бірі болып табылады. Сауалнамаға қатысқандардың 13 %-ы ғана патриотизмді маңызды құндылық ретінде атап өтті. ЭЫДҰ елдерінің негізгі орта білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларына енгізілген 39 құндылықтың ішінде Қазақстанда тек алтауы ғана енгізілген. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әлеуметтанушылық зерттеу деректері бойынша ата-аналардың 62 %-ы өз балаларына жеткілікті уақыт бөлмейді, 43 %-ы балаларының проблемаларына аз мән береді, 50 %-ы мектеп ортасына деструктивті діни ағымдарды енгізудің алдын алу мәселелері бойынша педагог-психологтың консультациясын қажет етеді, 70 %-ға дейіні балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша көмекті қажет етеді. Балалар мен жасөспірімдер қылмысының және жоғарыда көрсетілген суицид жағдайларының өсуі тәрбие жұмысын күшейтудің қажеттілігін растайды. Осыған байланысты білім беру процесі мен білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру қызметі барысында тәрбие жұмысын жоспарлау мен іске асырудың түбегейлі жаңа тәсілдері, оларды қолдану мен сақтаудың түсінікті тетіктері бар мінез-құлық стандарттарын әзірлеу талап етіледі. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту авариялық, үш ауысымды білім беру ұйымдарының санын қысқартуға, шағын жинақталған мектептер (бұдан әрі – ШЖМ) мәселелерін шешуге, студенттерді жатақханалармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ цифрландыруға бағытталған. 5 жылда авариялық жағдайдағы мектептердің саны 4 есеге қысқарды, алайда оларды толығымен жою мүмкін болмай отыр. Табиғи тозу салдарынан 2018 жылы 31 мектеп (2016 жылы – 64 бірлік, 2017 жылы – 45 бірлік) авариялық деп танылды. Күрделі жөндеуге жататын мектептер саны 2016 жылы 793-тен 2018 жылы 842-ге дейін көбейді. Оның ішінде мектептердің 8 %-ы (71 бірлік) ғана жөндеуден өткізілді. Мектеп ғимараттары мен құрылыстарына қызмет көрсетудің техникалық регламенттерін бұзу оларды авариялық жағдайға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар 13 қосымша білім беру ұйымы авариялық жағдайда, ал 198 ұйым күрделі жөндеуді талап етеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың өзекті міндеті білім беру ұйымдарының техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізу және олардың авариялығын болдырмау бойынша қажетті алдын алу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Соңғы үш жыл ішінде үш ауысымда сабақ жүргізетін мектептердің үлесі 1,8 % көлемінде өзгеріссіз қалып отыр, тиісінше, оқушы орындарының тапшылығы сақталуда. Үш ауысымды және авариялық мектептер, оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешу үшін шаралар кешенін, оның ішінде жаңа мектептер құрылысы үшін жеке инвесторларды тарту, білім берудің барлық деңгейлерін жан басына шаққандағы қаржыландыруды және қаржыландырудың ваучерлік жүйесін енгізу бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет. ШЖМ-ны инфрақұрылымдық дамыту үшін қазіргі уақытта 185 тірек мектеп (ресурстық орталық) жұмыс істейді. Оларға 605 магниттік ШЖМ бекітілген (барлық ШЖМ-ның 21 %-ы). Тек 70 тірек мектептің жанында мектеп жанындағы интернаттар жұмыс істейді. Барлық ШЖМ толық қамтылғанға дейін тірек мектептер мен мектеп жанындағы интернаттар желісін дамытуды жалғастыру қажет. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша студенттерге арналған жатақхана салу, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарымен салу басталды. 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың, 2025 жылға қарай 90 мың орындық студенттік жатақхананы пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет. Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып табылады. Бүгінде көптеген қазақстандық білім беру ұйымдары интернет жылдамдығының төмендігіне, цифрлық инфрақұрылымның жетіспеуіне немесе сәйкес келмеуіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың 60 %-ы, мектептердің 10 %-ы және колледждердің 18 %-ы әлі күнге дейін жылдамдығы 4 Мбит/с кем интернет желісіне қосылған. 2018 жылы мектептердің оқу процесінде 305 мың компьютер пайдаланылды, оның 30,3 %-ы ауыстырылуға жатады. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет. Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің транспаренттілігін және тиімділігін арттыру 2016 – 2019 жылдары білім беру ұйымдары қызметінің тиімділігі мен айқындылығын арттыру үшін алқалы басқару органдары: мемлекеттік жоғары оқу орындарында – байқау кеңестері, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде және колледждерде – қамқоршылық кеңестер құрылды. Жоғары білім беруде ректорларды сайлау қағидаты бойынша тағайындаудың жаңа қағидалары енгізілді. Жоғары оқу орындары академиялық, басқарушылық және кадрлық мәселелерде дербестікке көшті. 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру кезеңінде қаржыландыру жүйесінде бірқатар оң өзгерістер байқалды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктерін енгізу, сондай-ақ лицензиялауды жою жеке бизнесті мектепке дейінгі білім беруге айтарлықтай тартуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдар желісінің үштен бірінен астамы жекеменшік болып табылады. Сонымен қатар 1-3 жас аралығындағы балаларға жан басына шаққандағы қаржыландыруды тарата отырып және көрсетілетін қызметтердің сапасына байланыстыра отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың тиімділігі мәселесі пысықтауды талап етеді. Жан басына шаққандағы нормативке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, жалпы білім беретін сыныптардағы ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балалар үшін жан басына шаққандағы нормативтің жеке мөлшері айқындалды; айтарлықтай нақты контингенті бар, бала саны шамадан тыс көп мектептер үшін түзету (төмендету) коэффициенті енгізілді. Жаңадан пайдалануға енгізілетін жекеменшік мектептер үшін жан басына шаққандағы нормативтің мөлшері айқындалды. Нормативке жеке инвесторлардың жаңа оқушы орындарын енгізуі үшін ынталандырушы компонент енгізілді. Еліміздегі колледждер де жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшуде. ЖОО-лар қаржылық мәселелерде дербестік алды. Қосымша білім беруге жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу балаларды сабақтан тыс оқытумен және тәрбиелеумен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берер еді. Алайда Қазақстанда ЖІӨ-ден білім беруге арналған шығыстардың үлесі бұрынғыдай төмен күйінде қалып отыр – 3,3 %. Көрсеткіш серпіні 2012 жылдан бастап 3,5 %-дан аспай бір деңгейде сақталуда. Бұл ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткіш деңгейінен (5 %) және ЮНЕСКО ұсынған 4-6 % деңгейден төмен. Білім және ғылым, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жоспарлау және іске асыру қаржыландыруды ЖІӨ-нің 5 %-ына дейін ұлғайтуды және Білім және ғылым министрлігі, барлық деңгейдегі салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасында жүйелі өзара байланыс құруды талап етеді. Ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту Жыл сайын PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғаюда. 2018 жылы түлектердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 619-дан 721 адамға (+14 %) дейін жетті. "Болашақ" халықаралық стипендиясы ғылыми-зерттеу әлеуетін қалыптастыруға белсенді үлес қосуда: стипендиаттардың 93 %-ы магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқиды. 2018 жылы ғылыми зерттеулермен және әзірлемелермен 384 ұйым айналысты (2016 ж. – 383 бірлік, 2017 ж. – 386 бірлік). Оның 39 %-ы экономиканың кәсіпкерлік секторына, 27 %-ы мемлекеттік секторға, 25 %-ы жоғары білім беру ұйымдарына, 9 %-ы ғылымның коммерциялық емес секторына тиесілі болды. 2018 жылы ғылым саласына тартылған қызметкерлердің ішінде 55 жастан асқан зейнеткерлік алдындағы және зейнеткерлік жастағы мамандардың үлесіне жалпы контингенттің 30 %-ына дерлігі тиесілі. Жас ғалымдар контингенттің 35 %-ға жуығын құрады. Соңғы жылы 35-тен 54 жасқа дейінгі жас тобындағы ғалымдардың үлесі жалпы ғалымдар санының 40 %-ын құрады. Сонымен қатар талантты жастар мен жоғары білікті мамандарды ғылымға тарту және ұстап қалу проблемасы сақталуда. Ғылыми кадрлардың зерттеу дағдылары жеткіліксіз, ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен және технологиялық даму мен инновация саласындағы дағдылары әлсіз. Елімізде 1 млн. халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда (2852) 4,3 есе, Беларуське қарағанда (1805) 2,7 есе және АҚШ-қа қарағанда (4256) 6,4 есе аз. Бұдан басқа, қазіргі уақытта ғылым саласында ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеудің төмен деңгейі және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру тетіктерінің болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) нәтижелілігінің төмендігі және индустрия мен бизнес тарапынан ғылыми нәтижелердің талап етілмеуі; бизнестің инновациялық белсенділігі үлесінің төмен болуы; ғылыми саланың инвестициялық тартымдылығының аздығы және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мен қоса қаржыландырудың төмендігі сияқты проблемалар бар. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша орташа жалақы 287 мың теңгені, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 157 мың теңгені, базалық қаржыландыру бойынша 72 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы гранттық қаржыландыруда – 51 мың теңге. 2018 жылы ғылымның мемлекеттік секторындағы жалақы 119 мың теңгені құрады, бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіштен (163 мың теңге) төмен. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығыстар көлемі салыстырмалы түрде біршама аз болып қалуда. Қазақстанда 2015 жылдан бастап ҒЗТКЖ шығындары 2018 жылы ЖІӨ-нің 0,17 %-ынан 0,12 %-ына дейін қысқарды. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындарды қаржыландырудың ең көп бөлігі республикалық бюджет қаражатына тиесілі - 51,3 %, кәсіпорындардың меншікті қаражаты 40,9 %-ды және басқа да көздер 7,8 %-ды құрайды. Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және ғылымды цифрландыру ҒЗТКЖ-ны іске асыратын мемлекеттік жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының (бұдан әрі – ҒЗИ) ғылыми жабдықтары біртіндеп жаңартылуда (13 %). Жоғары білім беру ұйымдарында және ҒЗИ-да коммерцияландыру офистері, технопарктер, бизнес-инкубаторлар, енгізу бөлімшелері құрылды. Алайда ғылыми инфрақұрылым ғылыми зерттеулерді іске асырудың қазіргі талаптарына сәйкес келмейді. Ғылыми ұйымдардың бірыңғай деректер базасы жоқ. Ғылыми бағыттар мен ғылыми мектептер Қазақстан дамуының басым бағыттарына жеткіліксіз шоғырланған, сондай-ақ ғылымның зияткерлік әлеуеті мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келмейді. Ғылыми әзірлемелердің қажеттілігін арттыру және әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялау Ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған ғылымды дамытудың жеті басымдығы шеңберінде іске асырылады. Қазіргі уақытта 2018 – 2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша 1076 ғылыми жоба іске асырылуда. 2019 жылға қаржыландыру сомасы 9,5 млрд. теңгені құрайды. Еліміз бойынша 2018 – 2020 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде 144 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. 2019 жылға қаржыландырудың жалпы көлемі 23 млрд. теңгені құрайды. 2018 – 2020 жылдары 8 министрліктің 101 ұйымы қаржыландырылады. 2019 жылы базалық қаржыландыру көлемі 4,6 млрд. теңгені құрады. Қазіргі уақытта ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша гранттық қаржыландыруға өткізілген конкурстардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 38 млрд. теңгені құрайтын 153 жоба іске асырылуда, қоса қаржыландыру 5 млрд. теңгеден асты, яғни 14,5 %-ды құрайды (2017 жылы – 2,1 млрд. теңге, 2018 жылы – 2,3 млрд. теңге, 2019 жылы – 2,5 млрд. теңге). 2018 жылдың қорытындысы бойынша 25 жоба аяқталды. 36 жоба бойынша өндірістерді іске қосу ұйымдастырылды, одан түскен табыс 2019 жылдың бірінші тоқсанында "Ғылым қоры" АҚ-ның деректері бойынша шамамен 1 млрд. теңгені құрады. Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобалар мен бағдарламалардың нәтижелілігіне бағалау жүргізіледі. Ғылыми-практикалық нәтижелілік деңгейі жоғары және орташа ғылыми жобалар мен бағдарламалар саны 2016 жылы 64,9 %-дан 2018 жылы 72,4 %-ға дейін артты. Қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы санынан коммерцияланатын жобалардың үлесі үш жылда 6,8 %-ға өсті және 2018 жылы 23,5 %-ды құрады. 2016 жылдан бастап берілген қорғау құжаттарының саны 2,5 есеге артты. Бұл ретте ғылыми зерттеулер экономика мен қоғамның өзекті қажеттіліктеріне жеткілікті бағдарланбаған, бұл қоғамда ғылымға деген көзқарасқа кері әсер етеді, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру әлеуетін және бизнес тарапынан ғылыммен ынтымақтастыққа деген қызығушылықты төмендетеді. 11 ЖОО-ның инновациялық және ғылыми қызметтен түсетін табысының үлесі 9 %-дан 12,4 %-ға дейін өсті. Алайда жоғары оқу орындары, ҒЗИ, бизнес-қоғамдастық, мемлекет және басқа да мүдделі тараптар (делдал ұйымдар, азаматтық қоғамдастық және т.б.) арасындағы ынтымақтастықтың әлсіз екені байқалады. Білім мен ғылымды қаржыландыру көлемі жоғары деңгейдегі дағдыларды дамытуда, ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, ЭЫДҰ елдерінің қағидаттары мен стандарттарына сай келетін елдің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Бағдарламада білім мен ғылымға арналған жалпы шығыстарды ЖІӨ-ден 5 %-ға дейін ұлғайтуды қарастыруды тапсырды. Білім беру жүйесін SWOT-талдау 1. Күшті жақтары 1) педагог қызметкерлердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету; 2) білім беру мазмұнын жаңарту; 3) жан басына қаржыландыруды кезең-кезеңімен енгізу; 4) ТжКБ жүйесінде дуальды оқытуды енгізу; 5) "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасын іске асыру; 6) ЖОО-лардың академиялық еркіндігін кеңейту; 7) оқытушылық-профессорлық құрамның (бұдан әрі – ОПҚ) және ғалымдардың жарияланымдық белсенділігінің өсуі; 8) өсу нүктелерінің болуы – "Назарбаев Университеті" ДБҰ – әлемдік деңгейдегі университет, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДБҰ; 9) Болон процесіне мүшелік; 10) "Болашақ" бағдарламасы; 11) ашықтық; 12) халықаралық әріптестікке ұмтылу; 13) көптілді білім беру; 14) академиялық ұтқырлық және шетелдік топ-менеджерлер мен ғалымдарды тарту бағдарламасын мемлекеттің қаржыландыруы; 15) кадрларды даярлаудың үш деңгейлі жүйесі; 16) ЖОО-ларда қос дипломды білім беру бағдарламаларының болуы; 17) қабылданатын шешімдердің айқындылығы; 18) ғылыми деректер базаларына жазылудың болуы. 2. Әлсіз жақтары 1) дәрежелері бар кадрлардың қартаюы; 2) сенімді білім беру статистикасы жүйесінің болмауы; 3) білім беру жүйесін толық қаржыландырмау; 4) білім беруге жұмсалатын шығындар 3,8 %-ды құрайды, ал ЮНЕСКО-ның ұсынғаны 5-7 %; 5) білім беру гранттарының біркелкі бөлінбеуі; 6) өңірлік даму қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін көп бейінді университеттер санының артық болуы; 7) кадрлар даярлаудағы сәйкессіздік; 8) оқу орындарында ақпараттық жүйелердің жетілмегендігі; 9) оқытушылардың орташа жалақысы әлемдегі ең төменгі жалақылардың бірі болып табылады; 10) жоғары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы қатты ескірген; 11) білім беру бағдарламалары мазмұнының теңгерімсіздігі; 12) ғылым мен салалық ғылыми зерттеулерді бірыңғай орган үйлестірмейді; 13) ғылым, білім және өндірістің нашар байланысы; 14) педагогикалық білім сапасының төмендігі; 15) бітірушілер бейіні құзыреттерінің кәсіби қауымдастық талаптарына сәйкес келмеуі; 16) ішкі академиялық ұтқырлық кезіндегі кедергілер – оқу құнының әртүрлі болуы; 17) алдыңғы деңгейдегі оқыту нәтижелерін тану жүйесінің жетілмегендігі; 18) ҚР жоғары білім беру жүйесінде ғылыми қызметкерлерді еңбекке ынталандыру деңгейінің төмендігі; 19) біліктілікті арттырудың жоспарлы жүйесінің болмауы; 20) ОПҚ-ның шет тілдерін меңгеруінің нашар деңгейі; 21) ОПҚ-ның және зерттеушілердің ғылыми деректер базасын жеткіліксіз пайдалануы; 22) PhD бағдарламалары бойынша білім алушылар саны жоғары білім беру ұйымдарының және ҒЗИ-дың дәрежеленген кадрларға деген қажеттілігін өтемейді. 3. Мүмкіндіктері 1) білім беру жүйесіне мемлекеттің назары; 2) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (бұдан әрі – МЖӘ) дамыту; 3) халықаралық ұйымдар мен жұмыс берушілер тарапынан білім мен ғылымды инвестициялық қолдау; 4) халықаралық гранттар мен бағдарламалар бойынша оқыту; 5) жергілікті бюджет қаражатынан жоғары білімді қаржыландыру; 6) Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейту. 4. Қауіптер 1) бірқатар өңірлерде NEET жастарының жоғары үлесі; 2) таланттылардың елден кетуі; 3) білім берудің жаһандануы салдарынан бәсекелестіктің өсуі; 4) IT дамуына байланысты күндізгі оқыту қажеттілігін төмендету; 5) еңбек ресурстарының теңгерімсіздігі; 6) қоғамдық тетіктер мен азаматтық қоғам институттарының қалыптаспауы; 7) жоғары білім сапасын қамтамасыз етудегі стейкхолдерлердің пассивтілігі; 8) шетелдік студенттер үшін қазақстандық білім берудің тартымсыздығы; 9) кәсіптік қоғамдастықтың білім беру процесіне қатысуға және мамандарды сертификаттауға дайын болмауы; 10) ресейлік жоғары және орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындары және басқа бәсекелестер тарапынан белсенді бәсекелестік; 11) кадрлардың басқа салаларға кетуі. 4-бөлім. Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелерінің көрсеткіштері 1-мақсат: Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. Осы мақсатқа қол жеткізу мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады: