5.1.5. Экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету 1. Өмір бойы білім алу қағидаты негізінде мектепке дейінгі білім беруден жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейінгі білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету. Білім беру деңгейлері арасындағы мазмұнның сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында бүкіл білім беру траекториясы бойы жинақталатын өтпелі негізгі құзыреттер айқындалатын болады. Бұл құзыреттер білім берудің барлық деңгейлеріндегі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының құндылығы мен мазмұндылығын, білім беру саласындағы басқа да негіздемелік құжаттарды (салалық біліктілік шеңбері, кәсіби стандарттар) айқындау үшін негіз болады. Негізгі құзыреттілік ретінде үш тілде білім алушылардың коммуникативтік дағдылары дамитын болады. Мектептерде педагог кадрлардың дайындығына қарай және оқушылар мен ата-аналардың қалауын ескере отырып, жекелеген пәндерді үш тілде оқытуға біртіндеп көшу қамтамасыз етіледі. "Ағылшын тілі" пәні бойынша мектепте әрбір оқу жылынан кейін тілді меңгеру деңгейіне, оқыту әдістеріне қатысты өзгерістер енгізілетін болады. Мемлекеттік тілді басым дамыту білім беруді әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту есебінен күшейтілетін болады. Ол үшін гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектептер мен мектеп-интернаттарының желісі құрылатын болады. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі бойынша әрбір оқу жылынан кейін тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптар айқындалатын болады. Сабақтастықты қамтамасыз ету үшін формальды және формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін танудың интеграцияланған жүйесі құрылатын болады. Цифрлық білім беру ресурстарын, бұқаралық ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын (MOOCs) дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Ересектерге кәсіптік дамуға бағытталған "өмір бойы білім алу" қағидаты бойынша білім беру үшін жоғары оқу орындарының базасында "күміс университеттердің" жұмыс істеу тетіктері пысықталатын болады. Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жанынан балаларға Soft Skills және World Skills дағдыларын үйрету үшін үйірмелер, студиялар, шеберханалар, зертханалар ашу мәселесі пысықталатын болады. Әрбір студенттің онлайн-курстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарын "Қазақстанның ашық университеті" платформасына қосу жұмысы жандандырылатын болады. Олардың сапасын қамтамасыз ету бойынша тетіктерді әзірлей отырып, прокторинг және қашықтық технологиялар элементтерімен онлайн оқытуды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты күшейту шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралады және жазғы айларда мектепалды даярлық күшейтілетін болады. Жазғы айларда мектепалды даярлық мазмұнында сауатты және математикаға оқыту қарастырылады. Орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуі аяқталғаннан кейін 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңімен көшу басталады. 12 жылдық мектептің жоғарғы сатысы болашақ кәсіпті таңдау үшін элективті пәндерге бейінделеді. Оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жаңартылады. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестердің жұмыс істеуіне қойылатын талаптар жетілдірілетін болады. Білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету шеңберінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірлеудің, сараптаудың және басып шығарудың жаңа жүйесі енгізілетін болады. Қазіргі заманғы оқулықтың тұжырымдамалық моделі әзірленеді, сарапшылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады, құпиялылықты сақтай отырып, оқытылған және сертификатталған сарапшылар қатарынан сарапшылар базасы қалыптастырылады. Оқулықтарды әзірлеу, талқылау және сараптау және оларды білім беру ұйымдарына онлайн-режимде жеткізуді бақылау үшін цифрлық платформа құрылатын болады. Қолданыстағы оқулықтарды кезең-кезеңімен қайта басып шығару көзделеді. Барлық оқулықтар цифрланып, ашық платформаларда орналастырылады. Қағаз оқулықтарды пайдаланумен қатар электрондық оқулықтарға біртіндеп көшу жүзеге асырылатын болады. "Әліппе" пәні Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде 1-сыныпта латын графикасы негізінде оқытылады. Латын графикасына көшу жоспарлы тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Білім берудің жаңартылған мазмұнын бекіту және одан әрі жетілдіру мақсатында жетекші ғалымдарды, сарапшыларды және практиктерді тарта отырып, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, мониторинг, талдау және бағалау қамтамасыз етілетін болады. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарымен және басқа да даму институттарымен, педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ұзақ мерзімді қолданбалы зерттеулер жүргізу және Қазақстанның орта білім беру жүйесін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу үшін күш біріктіретін тораптық орталық құрады. Білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуге ауқымды зерттеу жүргізілетін болады. Бірыңғай білім беру траекториясы шеңберінде колледждердегі жалпы білім беретін пәндердің мазмұны жалпы орта білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес қайта қаралатын болады. ТжКБ ұйымдарының түлектерін оқыту нәтижелері жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған кезде ескерілетін болады. Бұл үшін жоғары білімнің 1-2-курсының бағдарламаларымен интеграцияланған орта білімнен кейінгі білім беру (қолданбалы бакалавриат) бағдарламаларын енгізу жұмысы жалғасатын болады. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары мен біліктілігінің сыныптауышы Білім беру халықаралық стандарттар жүктемесі мен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышын ескере отырып өзектендіріледі. Оқыту нәтижелері бойынша сынақ бірліктерінің еуропалық жүйесінің (ECVET) әдіснамасын бейімдеу негізінде білім беру бағдарламаларының тізілімі және оқу нәтижелерін бағалау, тану, жинақтау және аудару ұлттық жүйесі құрылатын болады. WorldSkills халықаралық талаптарын ескеретін модульдік-құзыреттілік тәсілге негізделген бағдарламаларды енгізу жалғастырылады. Аталған бағдарламалар студентке әр біліктілікті алғаннан кейін еңбек нарығына шығу мүмкіндігімен бір оқу мерзімі шеңберінде бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттің біліктілік деңгейін арттыру үшін оқуын жалғастыру мүмкіндігі болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жаңғырту ХХІ ғасырдың жаһандық және пәнаралық құзыреттері (оның ішінде волонтерлік, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, көшбасшылық, коммуникативтік, зерттеу дағдылары, іскерлік және т.б.) және орта білім берудің жаңартылған мазмұны контекстінде жүзеге асырылады. Жаңа білім беру бағдарламалары өмір бойы оқытуды болжайтын, тез өзгермелі VUCA әлемінде қажетті икемді және кәсіби дағдыларды (soft skills, hard skills) қалыптастыруға бағдарланатын болады. Жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберін өзектілендіру және оны Еуропалық жоғары білім кеңістігінің (бұдан әрі – ЕЖБК) қазақстандық академиялық дәрежелер мен біліктіліктерді тануға бағытталған ЕЖБК біліктілік шеңберіне (Ұлттық біліктілік шеңберінде өзін-өзі сертификаттау) сәйкес келтіру жоспарланып отыр. Реттелетін кәсіптер бойынша сертификаттау жүйесін енгізу шеңберінде біліктілікті және оқыту нәтижелерін растауға бағытталған Ұлттық біліктілік тестін тапсыру әдіснамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Бұл ретте педагогтердің біліктілігін арттыру және тәуелсіз сертификаттау жүйесі еңбек нарығының қажеттіліктеріне және ел педагогтерінің жеке кәсіби қажеттіліктеріне сай келетін болады. 2021 жылдан бастап ЖОО түлектеріне жеке үлгідегі диплом беріледі. Диплом беру тәртібі өзгереді. Білім беру саясатын уақтылы түзету және ұлттық деңгейде оқуды аяқтағаннан кейін түлектердің жұмыспен қамтылуын арттыру үшін 2020 жылдан бастап ЖОО түлектерін даярлау сапасына қанағаттануға баға берілетін болады. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалдық қайта құру шеңберінде заңтану саласында кадрлар даярлаудың сапасын күшейту шаралары қабылданатын болады. Елімізде заңдық білімді жаңғырту үшін заңдық білім беру стандарттары жетілдірілетін болады.