«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейін еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі» – делінген.
Бұл колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Бірақ та оның жүзеге асу жолы аса қиын әрі қанды қыспаққа толы болды. Сонымен қатар осы декларацияның мазмұны мен құқықтық нормаларын нақтылай түсу мақсатында және Түркістан мен Қазақстандағы, Кавказдағы ұлттардың бөлініп кету мүмкіндігі молайып, империяның құлау қаупін тудыратынына көзі жеткенде, кеңес өкіметі асығыс түрде 1917 жылы 20 қарашада «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеу жариялады. Екеуіне де Ленин мен Сталин қол қойды. Екінші үндеуде: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар» – деп жар шашты.
Нағында бұл кеңес өкіметін нығайтып алғанша алдарқата тұратын «бір жапырақ қағаз ғана» (Ленин) болатын. Бұл үндеулер сол кезде Ресей империясына қарайтын аса үлкен территорияны алып жатқан аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызатын тәсіл еді. Екіншіден бұл – бір ұлтты қанаушы және езілген тап деп екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын. Соны пайдалана отырып 1917 жылы 29-қарашада – Башқұрстан тәуелсіз мемлекеті, 5-желтоқсанда «Алашорда» автономиясы үкіметі жарияланды.
Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен «... жоғарыда аты аталған қазақ көсемдерімен ақылдаса келіп (Башқұртстан автономиясы жарияланбастан бұрын) қарашаның басында үш нұсқа жағырапиялық картаның: 1) Үлкен Башкирияның, 2) Кіші Башкирияның 3) Шығыс Россиядағы мұсылман обылыстарының еркін Федерациясының картасын жасатты. Бұл картаны Башқұртстан автономиясының Декларациясы жарияланған кезде таратты. ... 1918 жылы Самара қаласында Башқұртстан мен Қазақстан үкіметі өкілдерінің келісімімен қайталап басылды».
Бұл – бодан елдің өз бостандығын мұқым дүниеге жария етуге ұмтылған амалы әрі тарихи айғақ еді. Сондай-ақ ол «Алашорда» үкіметінің де тарихи тағдырын қамтиды. Әрі екі үкіметтің қайраткерлерінің ынтымақтаса азаттық үшін күрескенін:
«1917 жылы 20 желтоқсанда Башқұртстанның үшініші құрылтайында тәуелсіз республика ретінде ресми заңмен бекітілді. Қазақтардың құрылтайы сәл ерте өткенімен әлі де тарқап үлгермеген болатын. Біздің құрылтайға бақылаушы есебінде Сеидазым Қадырбаев пен Мұстафа Шоқаев қатысты. Он күннен кейін Қоқанда құрылған Түркістан тәуелсіз үкіметінің сыртқы істер министрі болып сайланды. Мен де екі рет қазақтардың құрылтайына бақылаушы ретінде қатыстым. Екі құрылтай да бір-бірін құттықтады» – деген (218-бет) З.Валидовтің естелігі дәлелдейді.
Тәуелсіздік жарияланысымен башқұрттар шұғыл түрде ұлттық әскер жасақтады. Алайда бір айдай уақыт өткенде, яғни, 1918 жылдың 3 ақпанда Башқұрт үкіметінің мүшелері жаппай тұтқынға алынады. Оларды уақыт өткізбей башқұрт әскері түрмеден босатады. Астыртын жағдайда 15 мамыр күні «Алашорда» өкілдерімен келісе отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізуге уағдаласады. Онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көздейді. Алайда 27 мамыр күні чехословак корпусы Челябі-Омбы арасындағы темір жол желісін басып алып, кеңес өкіметіне қарсы шығуы башқұрттарға дем беріп, 7 маусым күні ұлыттық үкіметін құрылды. З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті» (246-бет). 18-21 шілде аралығындағы Колчактың Сібір үкіметі құрылтайының құзырына ұсынылуға тиісті Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын мемлекеттік құрылымының жобасы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты. Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» - деген айып тағуға мүмкіндік бергендігінде. Оған басты айғақ мынау:
«Содан кейін екі жылдан соң (1920) астраханьдық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім» - дейді (249-бет). З.Валидов
Бұл дерек «Алашорда ісі» кезінде тергеу айналымына түсе қоймаған. Алайда отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол «үкімді» заңдастыруға, «жапонияның шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.
Башқұрт ұлттық әскері – Ақтөбе, Орал және Оңтүстік Урал бағытындағы іс-әрекетке көшеді. Соның ішінде З.Валидовтің естелігінде «Алашорда» әскерінің жасағына қатысты өте бір қызықты дерек бар: «Самар өкіметімен, оралдық казактармен, қазақстандық жасақпен жүргізген барлау жұмысымыз өте сәтті болды. Орал (Теке) – Ханордасы – Астрахань губерниясы – Гурьев (Үйшік), Омбы-Батыс тобы құрылды. Башқұрттың ұлттық ақыны Сеитгерей Мағаз, Шайхзада Бабич, өзбек ақыны Әбілхамид Сүлеймен (Шолпан), қазақтың жас журналисі Бірімжанов және тағы бір оқыған айтыскер ақын қазақ қызы қалаларда жасырын ұйым құрып, Орынбордағы орталықты құнды деректермен қамтамасыз етіп отырды. Қазақтың ақын қызы мен ақын Шайхзада Бабичтің басынан кешкен оқиғаларының қиын да, қызықты екені сондай, ол туралы роман жазуға болар еді. Мысалы: Қазақстанда кеңес өкіметін орнату тапсырылған Жанкелдиннің ол қызға сенгені сондай, Москвадағы істің барысын толық баяндап отырды. ... Соның нәтижесінде Ашхабадтағы 11 шілде күнгі әскерлердің көтерілісі, ағылшын әскерінің Түркіменстан мен Бакуге басып кіруі, тіпті ағылшын барлау топтарының Александров портына келуін, түрік армиясының Әзірбайжанға басып кіруін, Бөкей ордасындағы, Орал мен Гурьевтегі, Хива мен Бұқарадағы оқиғаларды қазақтың зерек қызы арқылы біліп отырдық» – дейді башқұрттың әскери министрі (253-254 беттер).
Бұл - өте қызықты әрі тағдырлы оқиға. «Айтыскер, ержүрек қыз кім, оның тағдыры қалай қалыптасты. Мысалы, алаш қозғалысы тұсында жауынгерлік тапсырмалар орындаған, өмірден ерте өткен Аққағыт (Аққағаз-? – Т.Ж.) Доспанова кім еді? Ұлтымыздың тәуелсіздігі жолында күрескен «Алаштың» батыр арулары да ұмытылмауы тиіс. Тарихи шындық сонда ғана қалпына келеді. Өкінішке орай батыр қыздар туралы деректер мәңгілікке із-түссіз сіңіп кетті ме деген қауіп бар. Мүмкін Ә.Жангелдиннің «қызыл керуеніне» қатысты құжаттарда аты аталып қалуы ғажап емес.
Сонымен, «төрт құбыладан» қадалған дұшпан қысымынан құтылудың жолдары талқыланған әскери кеңесте (оған «Алашорданың» атыннан Сеидазым Қадырбаев қатысқан) мынадай халықаралық саяси оқиғалар анықталады: Бакудегі түрік әскері Ашхабадқа бет алды, ал ондағы ағылшын әскері Ауғанстанға шегінбек; Ауғандықтар ағылшындармен соғысу үшін кеңес өкіметінен қару-жарақ алмақ. Егер оқиға осылай дамыса: онда кеңес өкіметіне қарсы соғысу – Түркиямен, Ауғанстанмен, Үндістанмен соғысу, Ресейдің жауы ағылшындармен одақтасу - деген сөз. Ал ол Ресей жағдайында мүмкін емес. Сондықтан да еріксіз кеңес өкіметін мойындаудан басқа амал қалмайды. Екінші себеп: Сібірдегі Колчак өкіметі де, Самарадағы Құрылтай кеңесі үкіметі де: Башқұртсан мен «Алашорда» әскерін күшпен таратып, олардың жетекшілерін ату жазасына кесу, сөйтіп олардың Түркістанға қосылып, Түркия мен Германияның әскери көмегіне қол артуына мүмкіндік жасамау туралы бұйрық шығаруы еді. Үшінші себеп «Қатирада»:
«Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары. Олардың қатарында Ғазымбек Бірімжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов болды. Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты. Кейіннен Ғазымбек Германияға келіп, сонда білім алды, ал отанына қайтып оралғаннан кейін зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнекті кеңес жазушысы болды, алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтті, Қазақстан ғылым академиясының академиктігіне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты» – деп (277-бет) деп көрсетілген.
Мұхтар Әуезовтің өміріндегі бір құпия оқиға осы. «Алашорданың» атынан кеңес үкіметі жағына шығу туралы өкілдікке баруы Заки Валидовтың «Қатираларыннан» басқа құжаттарда расталмайды. Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында қалып, бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын. Бұл оқиғалар «Алашорданың» шығыс бөлімінің төрағасы ХалелҒаббасовтың, Әлімхан Ермековтің көрсетінділерінде қамтылған. Мұхтар Әуезовтің Колчак пен қызыл әскердің жазалауынан бой тасалап елге шығып кеткені туралы досы Балтақай Толғанбаевтың естелігі бар. Ал оның Башқұрт үкіметінің бас штабы орналасқан Ермолаевка селосына құпия баруы алашордашыл жастардың Омбыдағы жиналысына қатысқан тұстарындағы жанама мәліметтермен ғана қосымша расталады. («Талқыда» бар) Егерде әскери жағдай кезінде жол жүрудің өзі өте қауіпті екенін ескерсек, М.Әуезовтің қандай қатерге бас тіккені өз-өзінен түсінікті.
Сонымен:«Қазақстанның өкілдері қатысқан құпия келіссөзде кеңестер жағына шығудың шарттары тиянақты түрде талқыланды және ортақ мәмілеген келдік. Егерде Орынбор қызылдардың қолына көшсе, қазақ үкіметінің мүшелері қалада қалады, содан кейін бізбен бірге Москваға баратын болып шешілді. «Алашордалықтарға» біз Юрматы кантонының (ауданының – Т.Ж.) төрағасы Ғабдолла Ильясты жібердік. Біздің жоспарымызды Түркістарндық ұйымдарға жеткізу үшін Ташкентке өзіміздің құпия өкіліміз Әбділхамит Ариповты жібердік. Кейіннен ол Бұқара үкіметінің әскери министрі болды. 15 желтоқсан күні Уфадағы кеңес мекемесіне үкімет мүшесі Маулен Халықов пен Хайредтин Сейітовты аттандырдық. Кеңес армиясының қолбасылары біздің өкілдерімізбен келіссөз жүргізуге асықпады. 1919 жылғы 23-қаңтардағы хабар бойынша ... Түркия кеңес үкіметін мойындап, большевиктердің ішкі ісіне араласпайтындығын, 15 ақпаннан Стамболдың маңындағы Ханзада аралында келіссөз бастауға дайын екенін жариялапты. Уфа кеңесінің төрағысы Эльцин біздің шартымызды қабылдамады. Онда Башқұртстан: «... ішкі және экономикалық мәселелерді толық тәуелсіз шешеді, башқұрт әскері тек кеңес командованиесіне ғана бағынады, ішкі өмір сүру амалын өзі таңдайды, республикада коммунизм құрлысын орнату міндетті емес» - делінген. Алайда Ленин мен Сталин башқұрт армиясынан сескенгені сондай Келіссөздің аталған шарттарына қол қою туралы телефон арқылы бұйрық берді» –деп (278-79 бет) жазды.
Келісім уақыты 2 айға созылған. Осы арада З.Валидов тағы да бір тосын дерек келтіреді:
«1919 жылыдың ақпан айының басында Құлғын ауылына Қазақстанның екі өкілі, аттарын ұмытып қаладым, келді. Жаңылмасам, оның біреуі Мағжан ақын болуы керек., ол мұнда бұрын да келген. Тек оның «Урал» атты өлеңінде башқұрттардың орыс шапқыншыларына қарсы күресі баяндалғаны есімде. Ол екеуі Торғайдағы Ахмет Байтұрсыноавтан хат әкелді. Онда: кеңес үкіметі жағына шығуымыздың қалай жүріп жатқанын сұрапты және олардың пікірінше: тек үкіметтің батыс бөлімінің ғана кеңес үкіметі жағына шығатынын, ал Шығыс Қазақстан бөлімі Колчак армиясының генералы Беловтың қармағында қалуға мәжбүр болып отырғандығын жазыпты. Мен Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жаздым. Мазмұнын өзім де ұмытып қалған бұл хат «Алашорданың» архивінде сақталып қалыпты, кейін қызылдар оны жариялады... Сөйтіп біздің қызылдар жағына шығуымыз қазақтармен келісілді. Бұл қазақтар үшін де өте маңызды болатын: өйткені әскердің кеңес жағына өтуі нашар ұйымдастырылса, онда олардың қырылып қалу қаупі бар еді. Сонымен қатар, егерде Москваға қазақтар мен бірге барсақ, біздің позицияларымызда мықты әрі келіссөздің табысты өтуіне де ықпал жасайтын» - деп (279,81 беттер) жазды.
«Алашорда» үкіметінің кеңес өкіметімен келіссөзге барып, оны мойындауы туралы құжаттар біршама бар және онда үш үкіметтің де (Кеңес, Колчак, Алашорда) көзқарасы қамтылады. Ол туралы Әліби Жанкелдин: «...» - деп жазды. Сондай-ақ оның себептері А.Байтұрсыновтың ашық хатында барынша қамтылды. М.Дулатов пен М.Испуловтың, Ғ.Бірімжановтың түрмедегі жауаптарында да бұл оқиғалар нақтылы сыпат алады. Өзінің «Қатираларында» Зәки Валидов «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің тарихындағы белгісіз, бірақ 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Тергеу барысында осы партия төңірегінде сұрақ қойылады. Алайда ол оқиғадан хабары бар Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтан басқа адамдар жауап қайыра алмайды. Және Ташкенттік ұйым бұл саяси партияны кеңес өкіметі саяси көзқарасқа еркіндік берген жағдайда ғана ұйымдастыру ниеті болғанын айтады. Ал оның алғашқы негізі, З.Валидовтің естелігі бойынша, 1918-19 жылдары қаланған екен:
«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордан шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...» (282 бет) – дейді З.Валидов.
Демек, кеңес өкіметінде саяси еркіндік берген жағдайда онда ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған екен. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы тергеудегілердің алдынан шыққан. Голщекиннің: «Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Валидов пен большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр» – деуіне себепкерлік еткен. Иә, астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді.
Ал «Алашорда» жасағының Орынбор мен Ор өңірінен шегінуі жөніндегі құжаттар ғылыми айналымда бар. Тек олардың барлығына бір бағытта ғана, тек кеңестік идеология тұрғысынан түсінік беріліп келді. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары бұған тереңдеп бара алған жоқ. Соның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларға өзгеше көзқараспен баға беруге негіз қалайды. Біздің де барынша іріктей отырып, тергеу ісіне сыналай кіргізуіміздің басты мақсаты – сол тылсымның орнын толтыру. 1919 жылы 18 ақпан күні таңғы сағат 10-да башқұрт әскері майдан шебін қарусыз аттап, «өз еркімен» беріліп, соңғы рет әскери шерумен қызыл командирлердің алдынан өтті. 20-ақпан күні қызыл жұлдыз қадап, бірден майданға аттанды. Ұлты үшін басын шаһиттікке атаған ұландар енді «коммунизм үшін» өлімге бет бұрды. Ал бұл кезде «Алашорда» жасағы алғы шепте соғысып жатыр еді...
Байтұсынов пен Қаралдин Орынборда Бірінші армияның командармы Гайдың алдында Заки Валидовпен жолығыды. Москвада Сталинмен күнбе-күн кездесіп, ең соңында Лениннің қабылдауына пұрсат беріледі. Алған әсері: «Ленин – диктотар еді, бірақ тиран емес» екен. ВЦИК пен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан Түркістан комиссиясы құрылды. Радио арқылы үндеу жолданып, қазақ Тұрар Рысқұловты, өзбек Низам Қожаевті, татар Мирсаит Сұлтанғалиевті қызметке тартуға үндейді. Лениннің ол ұсынысын жергілікті орысшыл большевиктер барынша аяқасты етіп, соңында сес көрсеткен жеделхат жолдауымен аяқталды. Бұған Лениннің өзі:
«Міне, радиобұйрықты орындауға түрлі кедергілер пайда болды. Бұл бұйрық сіздің ықпалыңызбен жазылып еді, бірақ та жергілікті жерде оны жүзеге асыратын қабілетті адам табылмады. Орыс империализмін орыстардың өзінің қолымен де, олардың еркінен тыс мұсылмандардың қарулы күшімен де жою мүмкін емес. Тоболин жолдас коммунизм идеясын Түркістанда таратып жүрген біздің достарымыздың бірі. Біздің мемлекеттегі – орыс колонизаторларының күшіне сүйенбей Кеңес өкіметін орнатуға ұмтылуымызды Тоболин де түсінбейді, өзгелер де түсінбейді. Енді бізде «Түрккомиссия» бар. Қандай да болмасын, түбінде бұл іс те бірте-бірте жүзеге асады» - дейді (300-бет).
Мұның астарында Смағұл Сәдуақасов сол жылдары, яғни, 1921 жылғы өлкелік кеңесте дәл тауып айтқан «коммунистік - колонизаторлық» жатқан еді. Міне, осы көзқарас алшақтығы барған сайын ушыға берді. Алғашында бейтараптық танытқан қоныс аударушыларды кеңес өкіметі бірте-бірте қаруландырды. Сөйтіп, оларды бодан ұлттардың ішіндегі «төртінші колоннаға», яғни, бейресми армияға айналдырды. Ешқандай шығынсыз, «қаражүзді ұлтшылдықпен, отаршыл өктемдікпен, жергілікті халыққа деген жеккөрінішпен қаруланған бұл күш қандай да болсын мемлекетті ойран-топыр ете алатын. Сол күшті Ленин де екіжүзділікпен пайдаланды». Ал түркі тектес халықтардың автономиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Түрккомиссия», керісінше, жоспарлы түрде оларды бөлшектеуге кірісті. Саяси ойдың орталығы болып табылатын Орынбор қаласы Башқұрт-қазақ автономиясының астанасы мәртебесінен алынып, қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, қырым ноғайлары сияқты тұтасып жатқан, бір-бірімен іргелес бауыр ұлттардың бауырын тіліп, Орынбор өлкесі Ресейдің құрамына енгізілді. Кремльде құрылған «Башқұрт-қазақ комиссиясы» Еділ мен Жайық бойындағы елді ұлы Түркістаннан бөліп тастады. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын жария етті.
Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі қозғалысқа қосылу туралы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қанын төккен башқұрт боздақтарын Түркістан майданына жіберуге күш салып, Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:
«Валидовтің Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр» – деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.
Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсаты-мүддесіне қайшы шара болатын. Заки Валидовтің «Естеліктеріндегі» ой жүйесі мен оқиға желісіне қарасақ, ол саяси әрі ғылыми іс-әрекеттерінің барлығында да эмиграцияға кетуге деген жасырын дайындық байқалады. Катановтың кітапханасын Түркияға өткізіп жіберуінен бастап, өзі жиған сирек қолжазбалар мен мұрағат құжаттарын Еуразия кеңістігіндегі реті келген шекара кедендерінен шетке жолдап отыруы сондай ойға жетелейді. Мұнда аумалы-төкпелі замандағы құжаттар мен қолжазбаларды сақтауға деген құндылық та бар. Сондай-ақ ертеңгі күннің қам-харакеті де жоқ емес. «Қызылдардың қайраткері» ретінде Заки Валидов уақытша Башқұртстанға жіберіледі.
«Сол аралықта «Алашорданың» Семейдегі күншығыс бөлімі де таратылады. Оның екі мүшесі Мырзағазы (Сеидазым-?- Т.Ж.) Қадырбаев пен Мұхтар Әуезов март айында Башқұртстанға келді. Кейіннен профессор және Қазақстан ғылым академиясының мүшесі (1961 жылы 27 шілде күні дүниеден қайтты) болған (Мұхтар Әуезов – Т.Ж.) бұдан бұрын, 1918 жылы да Башқұртстанға келген болатын. Бұл жолы оның көңіл-күйі өте түсіңкі екен. Мен оған өзімнің кейбір ойларымды айттым. Иркабаевтің Қиыр Шығысқа баратынын жеткіздім. Өзінің сабырлы және қоңыржай (пассивный) табиғатына қарамастан Әуезов күрестің Түркістанда жалғасын табатынын қызу қолдады, тек қана: «Мұнда сіздерде барлық жағдай бар екен, жақсы қамтамасыз етіліпсіздер. Мұны қалай қиып тастап кетесіздер?» - деп абыржушылық білдірді. 1959 жылы кеңес өкілдерінің құрамында Нью-Иоркке келген кезінде оған жолыққан қазақ эмигрантының біреуіне: «Сол кездегі қапаспен салыстырғанда Башқұртстан бізге солтүстік шұғыласындай болып көрінді»-(345 бет)-депті.»
Бұл –1920 жылдың көктемінде, М.Әуезов Семей губкомының бұратана ұлт (қазақ) тұрғындарымен жұмыс істейтін бөлімнің меңгерушісі боп тағайындалғанына үш-ақ ай болған кезде өткен оқиға. Сол тұста жазушы қоғамдық өмірге белсене араласты, оның ұлттың өзегін өртеген мәселелер туралы публицистикалық мақалалары «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінде үзбей жарияланып тұрды. Осы сапарында ол Омбыдағы жастардың Жалпықазақтық жиналысына қатысып, сөз сөйледі. Жиналыс мамыр айында өтті. Демек М.Әуезов Семейден бірден Уфаға барып, қайтар жолда Омбыға аялдаған. Қандай мақсатпен, тапсырмамен барды? Бұл З.Валидовтің «Естелігінде» де, С.Қадырбаевтің де, өзінің де көрсетінділерінде айтылмаған. Әрине, бұл кездесулерді жасырын ұстағаны түсінікті. Керісінше: басмашылармен және Заки Валидовпен ешқандай байланыс жасамағанын, ол адаммен мүлдем бейтаныс екенін мәлімдеген.
Башқұрттардың қару –жарағы сайлы, қаржылық мүмкіндігі қамтамасыз етілген ұлттық армиясының болуы және олардың майдандағы жауынгерлігі кеңес өкіметі көсемдерін олардың пікірімен санасуға мәжбүр еткен.. Мысалы:
«1919 жылдың алғашқы төрт айында, әсіресе Башқұртстанның орталық және оңтүстік аудандарын аяусыз қарақшылықпен тонаған қызыл армияның келтірген зиянын Башқұрт үкіметі тізімдеп: мәлімет бойынша 5377 үйдің өртелгенін, азық-түлігін қызыл армия тартып алғандықтан 50 мың адамның аштыққа ұшырағанын, 13354 ат, 6242 сиыр, 20 000 мың қой, 100 000 пұт астық, 20 000 пұт ет пен май, 400 000 пұт жем мен тұқымдық бидай, бұдан басқа да киім-кешек, алаша, кілем, аяқ киім, әйелдердің қымбат әшекейлері тартып алынғанын-хаттап-шоттап Лениннің тікелей өз қолына тапсырады. Соның нәтижесінде «Қызылгвардияшылардан зардап шеккен Башқұрттарға көмек көрсету комиссиясы құрылып, 150 миллион сом қаржы бөледі» (250-бет).
Ал ақ пен қызылдың, атамандар мен қазақ ақжүректерінің жолына қасап пен һасам болып төселген қазақ даласындағы 1917-1922 жылдар аралығындағы ойран мен талан-таражға өтем төлемек түгілі, қызыл әскерді кәдімгі әскери тәртіпке шақыру ешкімнің қаперіне келмеді. 1921-1922 жылы Қазақстанда тура сондай жағдайда ашаршылыққа ұшырап, 2,5 миллион адам аштан өлгенде, «еурополық коммунист-колонизаторларды» былай қойып, С.Меңдешев бастаған большевик қазақтардың өздері: «Ашаршылық жоқ» – деп жасырып, оған тиісті шара қолдануға қарсы болған. Тек «Алашорда» үкіметінің бұрынғы мүшелері жанталаса күресіп, үкіметтің емес, халықтың атынан қаржы, мал жиған. Сол үшінде «буржуазияшыл-ұлтшыл» атанып жауапқа тартылған. З.Валидовтің «Қатираларында» қамтылған тарихи қиын жағдай туралы Т.Рысқұлов «Түркістан республикасының өкілетті өкілдерінің В.И.Ленинге баянхатында» барынша тиянақты және ашына отырып жазған. «Алашорда» қайраткерлерінің жаны күйген жайларды большевиктік көзқараспен баяндалған пікір арқылы нақты түсіне аламыз. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Х.Досмұхамедов «қызыл тонаушылар, қызыл қарақшылар» деп атаған қызыл армияның жергілікті жерлердегі әскерлері:
Достарыңызбен бөлісу: |