Лекция мақсаты: Ел қорғау басқыншыларға қарсы күресу кезінде көрсеткен батырлардың ерліктері, эпостық шығармалар және ғашықтық жырлар туралы
түсініктерін кеңейту.
Лекция мәтіні(қысқаша): Қазақ халық педагогикасындағы аса бай мұра – батырлық жырлар. Батырлық жырларда ел қорғау, басқыншыларға қарсы күресу кезінде көрсеткен батырлардың ерліктері жырланады, батырлардың от басына, еліне,Отанына деген сүйіспеншілігі - шынайы патриоттығы дәріптеледі.
Батырлық жырлардың дүниетанымдық және тєрбиелік мєні.
Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті - халықтың ой-санасы мен мінез – құлқын қалыптастыратын тарихи мектебі. Батырлық жырлар – сол мектептің маңызды құралы.
Батырлық жырлар эмоциялық әсермен тыңдаушының ынтасын арттырып, көріктілігімен көкейге қонады: ол шаттандырады, ондағы трагедиялық және қуанышты жайларды тыңдаушы өміріне, тебірене сезініп, ыстық жаспен, ынталы ықыласпен қабылдайды. Сондықтан ақын болмаса да, асыл жырларды жаттап алушылар көп болған. Жаттампаздық құрғақ жаттау емес, жадына жақсыны сақап, өнегелі өмірге пайдалана білуді халық әрқашан да мақсат еткен. Ел Ер Тарғындай ер болуды, Қобыландыдай батыр болуды, Қамбардай қамқоршы болуды ұрпақтарына үлгі еткен.
Қара түнекті, қайғылы, қасіретті заманда эпостық шығармалар халықтың көңілін сергітті , ерлікке құлшындырды, ойын өрістетті , келешекке сенімін арттырып, намысын қозғады. Жарқын жырлардағы парасатты ой сәулелері жалпы жұрттың жанын жадыратты. Ондай шығармаларды жұрт жалықпай тыңдап, жан азығы етті.
“ Сөз сүйектен өтеді ” деген халық, сөз өнерін тәрбиенің күшті қаруы етіп, өмірге пайдалана білді. Өмірдің өзі түсіндіретін халық философиясы ауыз әдебиеті болды.
“Қара қылды қақ жаратын ” әділдік, арды, намысты аяққа басқан зұлымдық, ел сүйіндірген ерлік, дарқан ойлы даналық, қояннан жаман қорқақтық эпостық жырларда айқын сарапталып, ақылмен екшеленіп, ерекше әсерлерімен тыңдаушыларын баурап отырды.
Қаршадайынан халықтың ауыз әдебиетін сүйе тыңдап өскен әрбір қоғам мүшесі еліне пайда тигізетін ер болуды армандады. Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға эпостық жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті.
Тәрбие мүддесіне сай, халық эпостық шығармаларға тыңдаушы сезінетіндей етіп, эмоциялық әсері күшті сюжеттер ендірді, мінездеу мен кульминация неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды.