10.3. Жеке тұлғаны қалыптастырып дамытуда өзін - өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеудің маңызы
Педагогикалық әдебиеттерде және мектеп тәжірибелерінде «тәрбие» ұғымымен бірге «өзін –өзі тәрбиелеу», «қайта тәрбиелеу» түсініктері де қолданылады.
Өзін – өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеудің кейбір теориялық және практикалық мәселелері Л.И.Рувинский, А.Н.Кочетов, И.А.Невский, Г.А.Уманов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Өзін – өзі тәрбиелеудің маңызы адамның мінез – құлқындағы адамгершілік қасиеттерді тани біліп, оны одан әрі дамыту, жағымсыз қылықтарды жене білуге әдеттендіру сияқты сапалы әдет – дағдылардың қалыптасуын көздейді.
Өзін – өзі тәрбиелеу – адамның өз мінез – құлқына өзі баға бере алуы, жеке басын жетілдіру бағытында жақсы қасиеттерді қабылдауы мен жағымсыз қылықтарды жоюға бағытталған саналы және мақсатты іс – әрекеті. Бұл жерде адам өзін – өзі тәрбиелеуші субъект, өз бақытын өзі жасаушы ретінде көрінеді.
Өзін – өзі тәрбиелеудің шарттары мен жолдары:
Тұлғаның өзін – өзі сендіруі ;
Тұлғаның өзін – өзі бақылауы;
Өзін – өзі сынауы.
Психологиялық – педагогикалық әдебиеттерге көз жіберетін болсақ, тәрбиелеудің негізі екі арнадан тұратынын көреміз. Біріншісі – бала көзін жеткізуі, екіншісі –жақсы әдет – ғұрыпқа дағдыландыру. Осы екі жолды қатар бір – біріне ажыратпай байланыстыра жүргізсе, бала мінезі, жалпы тәрбиесі саналылық жолға бағытталады. Оқушының мінез – құлқының ерекшеліктерін анықтау үшін төмендегі тәсілдерді ұсынуға болады:
1. Оқушының тәртібін сабақ үстінде және сабақтан тыс кезеңде бақылау.
2.Оның қызметін талдау (әр пән бойынша дәптерлерін, бақылау жұмыстары, шығармалары,т.б.);
3. Оқушылардың қызығушылықтары және жақсы көретін сабақтары жөнінде әңгімелесу;
4. Достары жөнінде әңгіме жүргізу;
5. Оқушы жөнінде достарымен, ата – анасымен әңгіме жүргізу.
Әрбір сынып жетекші немесе педагог– психолог маман оқу жылы соңында «Мен қандай оқушымын» деген тақырыпта тәрбие сағатын өткізіп, жазылған психологиялық күнделікпен оқушыны таныстыру ерекше мәнге ие болады. Сол үшін сені бәрі ұнатады, сенің бойыңда мынадай жағымсыз қасиеттер бар деп, оның зиянды екенін түсіндіріп отыру қажет, сынып жетекшісі әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оқитын, тұратын жерін және қарым – қатынас жасайтын жақтарын білу қажет. Ол үшін әр түрлі әдіс – тәсілдер арқылы ата – аналармен тығыз байланыста болуы керек : әңгімелесу, ата–аналар жиналысы, сауалнамалық сұрақтар қою, ата – аналардың психологиялық педагогикалық білімдерінің деңгейімен танысу. Оқушының ары қарай жетілуінің бағдарламасын құрмастан бұрын, мұғалім оған әр түрлі әдіс– тәсілдер арқылы өзіндік бақылау және талдау жасауға көмектеседі. Бұл мақсаттарда мына тақырыптарда әңгіме жүргізуге болады. «Сіз қарым – қатынас жасай аласыз ба? », «Жалқаулықпен қалай күресуге болады?», өнегелік тақырыптағы пікірталастар: «Мен кіммін?», «Мен қандаймын?», «Мені түсіну үшін не істеу керек?», «Өзіңді таны және жетілдір!» , т.б.
Мінез - құлқы, тәрбиесі қиын балалардың жеке басының дамуында өзіндік бағалау үлкен рөль атқарады. Осыған байланысты оқушылардың өзіндік бағалауы қандай екнін анықтау үшін А.И.Липкинаның «Үш баға» әдісін қолдануға болады. Әдісті жүргізу үшін оқушыларға: «Жалқаулықпен қалай күресуге болады?» деген тақырыпта шығарма жазып келу тапсырылады. Шығарманы мұғалімдермен бірге отырып бағалайды. Әр мұғалім өз бағасын қояды. Шығарманы таратып берер алдында, оқушыларға «Сендердің жұмыстарыңды үш мұғалім тексерді, әрқайсысы өз бағасын қойды, ал енді сендер өздеріңе ұнаған бағаны белгілеңдер» – делінеді. Сосын оқушыларға келесі сұрақтар қойылады:
1 Сен өзіңді қандай оқушымын деп санайсың ? Орта, нашар немесе үздік.
2 Сені қандай бағалар қуантады ? Қандай бағалар ренжітеді ?
3 Сенің жазған жұмысың «3» – ке бағаланады, ал мұғалім саған «5» қойды. Сен оған қуанасың ба ?
Сонымен оқушылардың өзіндік бағалауы қандай деңгейде екендігін анықтауға болады.
Сапалы және мақсатты түрде өзін – өзі тәрбиелеу әдетте жеткіншектік жасынан басталады, өйткені бұл кезеңде өзіндік қимыл әрекеттер жасап, өз қылықтарын талдап, өзін – өзі бақылай алуға мүмкіндік алады. Сонда да болса, өздерін үлкендер қатарына санап, соларға ұқсап бағуға ұмтылыс жасап, қолдан келмейтін істер, әрекеттер жасауға талпынады. Осы шақта өзін – өзі тәрбиелеуде өз бетімен табиғат, қоғам, адамның ақыл- ой парасаты жайлы білімдер алып, жалпы танымдық қызығушылықтарын арттырады. Ал, жоғары сыныптарға көшкен сайын, өз іс – әрекеттеріне, қылықтарына сын көзбен қарап, кемшіліктері болса, оны жоюдың жолын қарастырады. Жеткен жетістіктерін өмір сүріп отырған қоғамдық орта талабына сай жоспарлы және жүйелі түрде дамытудың жоспарын жасап, кезең –кезеңдерге бөліп өзін–өздері тәрбиелейді.
Демек, оқушылардың рухани – адамгершілік дамуының деңгейі жоғарылаған сайын, олар өз мінез–құлықтарын тиянақты бақылауға алып қадағалайды. Өзін – өзі тәрбиелеу В.А.Сухомлинский: «Бала өзін – өзі жетілдіруге икемделмесе, оны жүз мұғалім де тәрбиелей алмайды», – дейді. Оқушы жастарды тәрбиелеу өзін–өзі тәрбиелеу процесіне оқушылардың өздері бар жан – тәнімен қатыспаса ешуақытта тәрбиенің мақсатына жету мүмкін емес.
Өзін – өзі тәрбиелеуде орыс педагогы К.Д.Ушинский мынадай талаптарды қойған:
1 . Асқан сабырлылық, ең болмағанда сырт көзге.
2. Сөз бен істегі турашылдық.
3. Әрекетті жан – жақты ұйымдастыру.
4. Батылдық.
5. Ешбір қажетсіз өз жөнінде бір ауыз сөз айтпау.
6. Уақытты текке өткізбеу, ретсіз емес көңіліндегі іспен айналысу.
7. Өз ісіне әр күн сайын адал есеп беру.
8. Болашағыңа да , барына да, болатынына да ешқашан мақтанбау.
Мұғалімдер қиын балаларды қайта тәрбиелеуде өзін – өзі тәрбиелеу әдісіндегі талаптарды міндеттеме етіп қоя отырып, оны терең ұғынуына көмектесуі қажет. Бұл жағдайда қиын балалар бойындағы жаман қасиеттерден арылуға, яки болдырмауға әрекет жасайды.
Қайта тәрбиелеу – адамдардың қате көзқарастарын , пікірлерін, бағаларын қайта құруға, жеке тұлғаны қалыптастыру процесін күрделендіретін мінез – құлықтың теріс жақтарын қайта жасауға бағытталады. Бұл істі шаруашылық, әкімшілік, ішкі істер органдары, қоғамдық ұйымдар, мектептер, отбасылардың бірлесе атқаруы көзделеді.
Әлеуметтану мен заң ғылымдарында, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде кәмелетке жасы толмаған құқық тәртібін бұзушылар, педагогикалық тәртібі нашар оқушылар, «қиын» балалар сияқты терминдік ұғымдар кездеседі.
Біріншісіне кәмелетке жасы толмаған құқық тәртібін бұзатындар, небір жағымсыз жағдайларға байланысты дау жанжал шығаратын, арақ шарап ішіп, жеке меншік пен қоғамдық мүліктерге қол сұғатындар жатады. Олардың мінез – құлықтарында, жүріс – тұрыстарында жалқаулық, қатыгездік, бастаған ісін аяғына дейін атқармау, әртүрлі ұрлықтар жасау, т.б. қылықтар кездесіп отырады.
Ал педагогикалық тәртібі нашар балаларға айналасымен қарым – қатынастарда жоғарыда айтылғандай жағымсыз қылықтар мен әдет – дағдылар көрсеткенімен, мұндай ерекшеліктер мінез – құлықтарында тиянақты қалыптаспағандар жатады.
Қиын балалар қатарына психологиялық дамуы уақытша баяулаған , тез ашуланшақ, уайымшыл, өзін төмен санайтын, мінез – құлқында психопатиялық формалар кездесетін, кейде ашулары «қайнағанда» дәрі дәрмек беру арқылы қозу күшін тежейтін балалар жатады.
Қазіргі заманғы ғылыми – теориялық әдебиеттерді (С.А.Бадмаев , В.Г.Степанов, Е.И.Рогов, С.В.Кудрина,т.б.) талдаудың негізінде «қиын балалар» ұғымының мазмұнын ашатын үш белгіні бөліп көрсетуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |