285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi
1. Инвестициялық преференцияларды алу үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы
инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм
және өтiнiм берушiнiң осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын
құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жiбередi.
2. Инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен
инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арасында
жасалған инвестициялық келiсiмшарт негiзiнде берiледi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық басым жобаны iске
асыратын инвесторларға «бiр терезе» қағидаты бойынша инвестициялық преференциялар беру
қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Инвестициялық стратегиялық жобалар үшін көзделген корпоративтік табыс салығы
жөніндегі инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен 2015
жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша шарт жасау арқылы
беріледі.