Қазақстан республикасының конституциялық кеңесі қазақСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ конституциялық кеңесі қаулыларының жинағы астана-2010



бет19/45
Дата29.01.2018
өлшемі7,99 Mb.
#35947
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   45

ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң 154-бабы бiрiншi тармағы 3) тармақшасының нормасы Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы емес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

Қарағанды облысы Балқаш қаласы сотының Қазақ

КСР-iнiң Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң

52-бабын және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымы туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2000 жылғы 6 желтоқсандағы N 20/2 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Кеңес Төрағасының мiндетiн атқарушы Н.I. Өкеев, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов,
Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасының әдiлет вице-министрi А.Н. Котловтың және Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк-құқық бөлiмiнiң консультанты Т.Е. Нұғмановтың қатысуымен өткен ашық отырысында Қарағанды облысы Балқаш қаласы сотының Қазақ КСР-iнiң Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 52-бабын және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымын қарады.

Қолдағы бар материалдарды, сарапшының - заң ғылымының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттiк университетiнiң Құқық институты қылмыстық құқық және процесс кафедрасының меңгерушiсi К.Ж. Балтабаевтың қорытындысын зерделеп шығып, баяндамашыны – Кеңес мүшесi А. Есенжановты, А.Н. Котлов пен Т.Е. Нұғмановтың сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны


АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қарағанды облысы Балқаш қаласы сотының "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне қылмысқа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2000 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын мынадай бөлiгiнде: Заңның 1-тармағында "52-бап мынадай редакцияда жазылсын..." деген сөздерден бастап "... Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген..." деген сөздерге дейiн және Заңның 3-тармағының 25) тармақшасында "Бөтен бiреудiң мүлкiн ұсақ-түйек ұрлау..." деген сөздерден бастап "...заңға сәйкес..." деген сөздерге дейiн конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы келiп түстi.

Ұсынымнан мәлiм болғанындай, Қарағанды облысы Балқаш қаласы сотының iс жүргiзуiнде, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң, ұрлық үшiн жауаптылықты көздейтiн 175-бабы екiншi бөлiгiнiң "б" тармағымен М.Т. Қалапбергеновке айып тағу жөнiндегi қылмыстық iс жатыр. М.Т. Қалапбергеновтi қылмыстық жауаптылыққа тарту, Қазақ КСР-i Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң (бұдан әрi – ҚазКСР-iнiң ӘҚБтК) 52-бабының алдыңғы редакциясын өзгерткен және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң (бұдан әрi - ҚР ҚК) 175-бабына ескертулердi 5-тармақпен толықтырған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне қылмысқа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңға сәйкес жүзеге асырылған.

Аталған Заңның нормаларында, ӘҚБтК-тiң 52-бабын жаңа редакцияда жазу және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердi жаңа
5-тармақпен толықтыру туралы сөз болып отырғандықтан, өтiнiш субъектiсi, ӘҚБтК-тiң 52-бабын және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағын конституциялық емес деп тануды сұрайтынын ескеру қажет.

Сот өзiнiң ұсынымын, ҚазКСР-i ӘҚБтК-iнiң 52-бабына және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағына сай, ұрланған мүлiктiң құны Республика заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен аспайтын кезде, мүлiктiң кiмге тиесiлiгiне байланысты, бiр жағдайларда әкiмшiлiк жауаптылық, ал өзге бiр жағдайларда қылмыстық жауаптылық туындайды деп дәлелдейдi. Соттың пiкiрi бойынша, ұрлық үшiн жауаптылығы жөнiндегi мәселенi заң арқылы бұлайша шешу, Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi және Конституцияның 6-бабы 1-тармағына, 14-бабы


2-тармағына қайшы келедi. Осы баяндалғанға байланысты, сот iс жүргiзудi тоқтата тұрған және ҚазКСР-i ӘҚБтК-iнiң 52-бабын және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағын конституциялық емес деп тануды өтiнiп, Конституциялық Кеңеске жүгiнген.

Балқаш қаласы сотының ұсынымын қарау кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.

ҚазКСР-i ӘҚБтК-iнiң 52-бабынан және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағынан, меншiк құқығында ұйымға тиесiлi немесе оның қарамағындағы мүлiктi ұсақ-түйек ұрлағаны үшiн, ұрланған мүлiктiң құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтындай жағдайда, әкiмшiлiк жауаптылық туындайтыны, ал азаматтарға тиесiлi мүлiктi ұрлағаны үшiн ұрланған мүлiктiң құнына қатыссыз қылмыстық жауаптылық туындайтыны келiп шығады.

Соттың пiкiрiнше, жоғарыда аталған нормалар, Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылатын және бiрдей қорғалатын Конституцияның 6-бабы 1-тармағына қайшы келедi. Олардың конституциялық еместiгiн негiздеу үшiн сот мынадай дәлелдер келтiредi: адамның құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде азаматтардың меншiк құқығы, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың құқықтарына қарағанда басымдығы бар деп танылмайды; Конституцияның 14-бабы


2-тармағының мағынасы бойынша және соған сәйкес, бөтен бiреудiң меншiгiне қарсы заңға терiс бiрдей әрекет жасағаны үшiн азаматтардың жауаптылығы туралы мәселенi шешу кезiнде, меншiктiң кiмге тиесiлi екенi дәлелге алынып, олардың кемсiтуге ұшырауына жол берiлмейдi.

Алайда, Конституцияның 6-бабы 1-тармағынан, бөтен бiреудiң меншiгiне қарсы заңға терiс бiрдей әрекет жасағаны үшiн бiрдей жауаптылық белгiлеу арқылы, мемлекет меншiктi бiрдей қорғау кепiлдiктерiн беретiнi келiп шықпайды. Конституцияның


6-бабы 2-тармағына сай, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi. Конституцияның 61-бабы 3-тармағының
1) тармақшасына сәйкес, заң шығарушы, құқық бұзушылықтың қоғамдық қауiптiлiгiн, құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастар үшiн нақты зиянын ескере отырып, жеке тұлғалардың жауаптылығына қатысты заңдар шығаруға хақылы. Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары, ұйымның да, азаматтардың да меншiк құқығының бiрдей қорғалуын қамтамасыз ете отырып, ұрланған мүлiктiң меншiк иесi үшiн маңыздылығын ескерiп, бiрдей құқық бұзушылық үшiн жауаптылықтың әртүрлi мөлшерiн белгiлейдi.

Бұл қаралып отырған жағдайда заң шығарушы, жеке тұлғалардың меншiгiне қарсы бағытталған заңға терiс әрекеттер үшiн, адамның және азаматтың меншiк құқығы қорғалуының қосымша кепiлдiгi болып табылатын, жауаптылықтың қатаңдау түрi – қылмыстық жауаптылықты белгiлеген. Сондай-ақ, қаралып отырған нормалар жауаптылықты меншiктiң нысанына қарай (мемлекеттiк немесе жеке) емес, меншiк иелерiне (азаматтар немесе ұйымдар) қарай саралайтынын ескерген жөн. Ұйымдар мемлекеттiк те, жеке меншiк те негiзiнде құрылуы мүмкiн. Демек, заң шығарушы мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк бiрдей қорғалады деген конституциялық принциптi бұзбаған.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының
1-тармағында берiлген "мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады" деген конституциялық принциптi, осы ұсынымға қатысты қолданыста олардың құқықтық жағынан қорғалуы мiндеттi деп түсiну ләзiм. Заңда бөтен бiреудiң мүлкiне қол сұғушылық үшiн әртүрлi жауаптылық мөлшерi белгiленедi.

Осылайша, ҚазКСР-i ӘҚБтК-iнiң 52-бабында және ҚР ҚК-iнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағында ұйымның құны айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен аспайтын мүлкiн ұсақ-түйек ұрлағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық, ал азаматтың мүлкiн ұрлағаны үшiн, ұрланған мүлiктiң мөлшерiне тәуелсiз, қылмыстық жауаптылық белгiлеу - Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiру болып табылмайды.

Соттың, бөтен бiреудiң меншiгiне қарсы заңға терiс бiрдей әрекет жасағаны үшiн азаматтардың жауаптылығы туралы мәселенi шешер кезде, меншiктiң кiмге тиесiлiгi дәлелге алынып, Конституцияның 14-бабы 2-тармағының мазмұны бойынша және соған сәйкес, оларды кемсiтуге болмайды деген дәлелi көңiлге қонымсыз. Балқаш қаласының соты өзiнiң ұсынымында, дауланып отырған заң нормалары бөтен бiреудiң мүлкiн ұрлаған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қалайынша және нақ қайсы бiрiне нұқсан келтiретiнiн, және де, сот сiлтеме жасап отырған кемсiтушiлiк неден байқалатынын көрсетпейдi. Оның орнына, сот, қаралып отырған нормалардың меншiк нысандары бiрдей қорғалады деген конституциялық принциптi бұзатындығы, олардың ұйымның меншiгiне қарағанда, жеке меншiктi қорғауға басымдық беретiндiгi туралы жазған.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37, 38 және 41-баптарын басшылыққа алып, Конституциялық Кеңес


ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақ КСР-iнiң Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 52-бабы және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына ескертулердiң 5-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабы


3-тармағының негiзiнде қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы

3-тармағын және 76-бабы 2-тармағын ресми түсiндiру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2000 жылғы 20 желтоқсандағы N 21/2 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төрағаның мiндетiн атқарушы Н.I. Өкеев, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов,
Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, мына өкiлдердiң:

өтiнiш субъектiсiнен – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты Б.Ғ. Жүсiповтiң,

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен – Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары К.А. Колпаковтың,

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiнен мемлекеттiк-құқық бөлiмiнiң аға референтi И.М. Ахметованың,

қатысуымен өткен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағын және
76-бабы 2-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашы – Кеңес мүшесi Қ.Ә. Омархановтың және отырыс қатысушыларының сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны


АНЫҚТАДЫ:
1. Республиканың Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы
5 желтоқсанда Республика Парламентiнiң 31 депутатының Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағына және 76-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiшi келiп түстi.

Республика Үкiметi, Республика Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi – Ұлттық Банк) ұсынысы бойынша, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" заң күшi бар Жарлығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде бастама жасаған заң жобасы өтiнiш беру үшiн себеп болды. Өтiнiштен келiп шығатыны, заң жобасы Ұлттық Банктiң екiншi деңгейдегi банктердiң акцияларын, кейiннен инвесторларға дереу сататын етiп, капиталдың терiс мөлшерi жағдайында мәжбүрлеп сатып алуы мәселелерiне қатысты. Депутаттар, акцияларды мәжбүрлеп сатып алудың қажет екендiгiне күмән келтiрмей отырып, ол Ұлттық Банктiң талап етуi бойынша сот тәртiбiмен ғана iске асырылуы тиiс деп есептейдi. Олардың пiкiрiнше, мұндай көзқарас Республика Конституциясының 26-бабы 3-тармағынан және


76-бабы 2-тармағынан туындайды.

Өтiнiш субъектiсi жоғарыда аталған конституциялық нормаларды түсiндiру кезiнде мынадай: Республика Конституциясына сәйкес, Азаматтық кодекстiң 86-бабының


6-тармағында көзделген жағдайда, екiншi деңгейдегi банктердiң акцияларын сот тәртiбiнен тыс мәжбүрлеп сатып алуға жол беруге бола ма; Ұлттық Банкке екiншi деңгейдегi банктердiң акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдау құқығын беру және осы акцияларды аталған шешiм негiзiнде сатып алу соттан тыс органға сот функциясын беру болып табылмай ма, – деген сұрақтарға жауап берудi өтiнедi.

2. Республика Конституциясының нормаларын және конституциялық iс жүргiзу материалдарын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.

Конституцияның 26-бабы 3-тармағы екi бөлiктен тұрады: бiрiншiсi – "соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды", екiншiсi – "заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн".

Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды деген конституциялық норма, меншiк құқығын қорғау кепiлдiгiн көздейтiн конституциялық ереже болып табылады. Алайда, аталған ереже абсолюттi болып табылмайды және мүлiктi иелiктен айыру кезiнде мiндеттi түрде алдын ала сот шешiмi болуын көзде тұтпайды. Конституциялық Кеңестiң мұндай құқықтық позициясы оның 2000 жылғы 16 маусымдағы N 6/2 қаулысында бiлдiрiлген. Меншiк иесiнiң мүлкiн иелiктен айыру, Конституцияның 26-бабы


3-тармағының екiншi бөлiгiнде аталған мынадай: заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн; құны тең бағамен өтелген кезде, – деген мiндеттi шарттар орындалғанда ғана мүмкiн болады. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясы, жоғарыда аталған конституциялық шарттар мiндеттi түрде орындалған кезде ғана, сот рәсiмдерiнiң шеңберiнен тыс меншiктен айыруға жол бередi.

Конституция "мемлекет мұқтажы", "ерекше жағдайлар", "құны тең бағамен өтелген кезде", - деген ұғымдарды анықтап отырмайды. Конституция бұл мiндеттi заңдарға жүктейдi. Бұл орайда шектеулердiң қойылар шегi, олардың сипаты заңдарда еркiн түрде емес, Республика Конституциясы 39-бабының талаптарына сәйкес айқындалады.

Меншiк иесiнiң ықтиярынсыз меншiк құқығы тоқтатылуының нақты негiздерi Республика Азаматтық кодексiнiң 249-бабы 2 және 4-тармақтарында, 86-бабының 5 және 6-тармақтарында белгiленген. Мынаны да ескерген жөн, мүлiктi мәжбүрлеп алып қою (сот тәртiбiмен немесе сот тәртiбiнен тыс), бұл негiздеме Азаматтық кодексте көзделгенде ғана мүмкiн болады (249-баптың
2-тармағының 7) тармақшасы). Бұл аталған ереже АК-тiң 3-бабында көзделген азаматтық заңдардың жалпы бастауларынан келiп туындайды.

26-баптың 3-тармағының "соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды", - деген конституциялық нормасы, әркiмнiң де өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына деген құқығын жүзеге асыруының кепiлдiгi болып табылады. Меншiк құқығын мәжбүрлеп тоқтату туралы шешiмдерге сотқа шағымдану мүмкiндiгi - бұл Республика Конституциясының


13-бабы 2-тармағынан туындайтын жалпы кепiлдiк. Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 10 шiлдедегi N 14/2 қаулысынан келiп шығатынындай, бұл конституциялық кепiлдiк заңмен белгiленген тәртiппен, сотқа жүгiну арқылы әркiмнiң де құқықтары мен бостандықтарының әртүрлi озбырлықтан қорғалуын көзде тұтады. Бұл орайда, Конституцияның 76-бабы 2-тармағына сәйкес, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен даулар соттарға ведомстволық қарасты болады.

Республика Конституциясының 6-бабы 2-тармағының "... Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi", – деген нормасының мағынасынан, меншiк құқығын қорғау және қамтамасыз ету мақсатында, меншiк иелерiнiң құқықтарын бұзған мемлекеттiк органның және лауазымды адамдардың шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдану тәртiбi заңмен көзделуi мүмкiн екендiгi келiп туындайды. Республиканың Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң (бұдан әрi - АIЖК) нормаларына сәйкес, азамат бұзылған немесе дауланып отырған конституциялық құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнуге хақылы.

АК-тiң 86-бабының 6-тармағы Ұлттық Банктiң екiншi деңгейдегi банктердiң акцияларын мәжбүрлеп сатып алуын көздейдi. Дау туындаған жағдайда акциялардың иесi АIЖК-iмен белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуi мүмкiн. Осы арқылы, мүлiктi иелiктен айырудың заңдылығы мен негiздiлiгiне мiндеттi түрде кейiнгi сот бақылауы (Республика Конституциясы 76-бабының 1 және 2-тармақтары), сондай-ақ, азаматтардың өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң сот арқылы қорғалуына деген конституциялық құқығын кез-келген жағдайда жүзеге асыруына кепiлдiк берiлген мүмкiндiк көзде тұтылады (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы).

3. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға, заңда белгiленген тәртiппен есептелген капиталдың терiс мөлшерi бар болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алу сияқты мүлiктi иелiктен айырудың мұндай негiздемесi АК-тiң 86-бабының 6-тармағымен көзделген.

Бұл аталған норманың конституциялылығы Конституциялық Кеңестiң 1996 жылғы 2 желтоқсандағы N 8 қаулысымен дәлелденген. Сонымен бiрге, бұл нормада акцияларды мәжбүрлеп сатып алуды жүзеге асырудың соттық немесе соттан тыс тәртiбi белгiленбейдi.

Меншiктi иелiктен айырудың нақты механизмiн құқықтық реттеу мүмкiндiгi, Республика Конституциясының 61-бабы


3-тармағына сәйкес, заңмен реттеу саласына қарайды, ал ол Республика Парламентiнiң құзырына жатады.

Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37 және 41-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi



ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы
3-тармағын, "соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды", – деген бөлiгiнде бұл ереже меншiк құқығын қорғау кепiлдiгiн көздейтiн конституциялық ереже болып табылады деп түсiнген ләзiм. Бұл бөлiк мүлiктi иелiктен айыру кезiнде алдын ала сот шешiмiнiң мiндеттiлiгiн белгiлемейдi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы


3-тармағын, "заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру, оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн", – деген бөлiгiнде, осы бөлiкте аталған шарттар орындалған кезде ғана, меншiк иесiнiң мүлкiн иелiктен бұлайша айыруға болады деп түсiну керек.

Меншiктi иелiктен айырудың нақты механизмiн құқықтық жолмен белгiлеу заңмен реттеу саласына қарайды, ал ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң құзырына жатады.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабы
2-тармағының "сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады", – деген нормасын, өтiнiштiң мән-жайына қатысты қолданыста, бұл конституциялық ереже меншiк құқығының даусыз тәртiппен тоқтатылуына жол бермейдi деп түсiну керек.

Алдын ала сот шешiмi негiзiнде де, меншiк иесi мемлекеттiк органның тиiстi шешiмiне заңмен белгiленген тәртiппен шағымданған жағдайда, меншiктi иелiктен айырудың заңдылығы мен негiздiлiгiне мiндеттi түрде кейiнгi сот бақылауы кезiнде де, заңға сәйкес мүлiктi иелiктен айыру мүмкiн.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы
3-тармағына сәйкес, қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi және шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



Қызылорда облыстық сотының «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігін, «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5 және 11-баптарын конституциялық емес деп тану

жөніндегі ұсынымы туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің

2001 жылғы 7 мамырдағы № 6/2 қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, құрамында Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев,
Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан өзінің ашық отырысында, мыналардың: өтініш субъектісі - Қызылорда облыстық сотының төрағасы Б.З. Сақаловтың;

Республика Бас прокурорының орынбасары


А.К. Дауылбаевтың, Республика Жоғарғы Сотының судьясы Б.Ж.Әбдірайымовтың, Республика Әділет министрлігінің халықаралық құқық департаменті директорының орынбасары
А.Е. Асылбековтың, Республика ІІМ арнаулы полициясы басқармасының бастығы А.М. Дайыровтың, Республика Сыртқы істер министрлігі халықаралық-құқық департаментінің халықаралық-құқык проблемалары бөлімінің бірінші хатшысы
А.Қ. Кинжебаеваның, Республика ІІМ арнаулы полициясы басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы
М.З. Ілиясовтың қатысуымен,

Қызылорда облыстық сотының «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағы екінші бөлігінің және «Байқоңыр» кешені аумағында қүқық тәртібін қамтамасыз етудегі құкық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің


5-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі жөніндегі ұсынымын қарады.

Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар – Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев пен Қ.Ә. Омархановтың хабарын және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны


АНЫҚТАДЫ:
Конституциялық Кеңеске 2001 жылғы 10 сәуірде Қызылорда облыстық сотының «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігін және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі қүқық қорғау органдарының өзара іс қимылы туралы келісімнің 5-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынымы келіп түсті.

Өтініш жасауға, А.Т. Қияшев пен А.К. Қоңырбаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарының бұзылғандығы туралы талап арыздары бойынша Қызылорда облыстық сотының іс жүргізуінде жатқан азаматтық іс себеп болған. Талап-арыздардың мағынасы бойынша, Қазақстан азаматтары бола тұрып және оның аумағында тұрып, «Байқоңыр» кешені аумағында құқық бүзушылық жасағаны үшін оларды ресейлік құқық қорғау және сот органдары қылмыстық қудалауға ұшыратып, Ресей Федерациясының заңдары


бойынша соттаған.

Ұсынымнан келіп шығатыны, А.Т. Қияшев жасаған құқық бұзушылық қылмыстық жазалауға жататын әрекет (бөтен біреудің мүлкін үрлау) ретінде сараланған, ал Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша ол бөтен біреудің мүлкін ұсақ-түйек ұрлағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек еді. Шет ел мемлекетінің сот үкімдеріне қылмыстық іс жүргізу тәртібімен Қазақстан соттарына шағымдануға құқықтық негіздемесі болмағандықтан, талапкерлер, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен, құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын пайдаланған.

Талап арызды қабылдап алып, Қызылорда облыстық соты іс жүргізудІ тоқтата тұрған, себебІ, оның пікірінше, «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігі және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабы соттың істі бұдан әрі қарауына тосқауыл жасайды. Шарт пен Келісімнің аталған нормаларынан, соттың өтінішінде көрсетілгеніндей, кейбір жағдайларда Қазақстан аумағында адамдардың белгілі бір санаттарына, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қатысты, Ресей Федерациясының юрисдикциясы тарайтындығы келіп шығады. Бұл орайда құқық бұзушылық туралы материалдарды ресейлік құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының заңдары бойынша қарайды.

Халықаралық құжаттардың бұл аталған нормаларынан Республика Конституциясының 11-бабы 1-тармағымен және


14-бабымен көзделген адам құқықтарын, сондай-ақ Республика Конституциясының 2-бабы 2-тармағының, 39-бабы 3-тармағының, 75 және 76-баптарының талаптарын бұзушылықты тауып, облыстық сот «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы
6.12-тармағының екінші бөлігін және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсыныммен Конституциялық Кеңеске жүгінген.

Одан тыс, өтініш субъектісі - Қызылорда облыстық сотының төрағасы Б.З. Сақалов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығының 21-бабы 3-тармағының


1) тармақшасына сәйкес, өтініштің көлемін ұлғайту – «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің сондай-ақ
11-бабында Республика Конституциясына сәйкес емес деп тану жөнінде өтініш жасаған.

Қызылорда облыстық сотының ұсынымында көрсетілген халықаралық актілер нормаларының конституциялылығын тексеру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны ескерді.

1. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері 1994 жылғы 10 желтоқсанда жасасып, тараптардың екеуі де бекіткен «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігі, мына жағдайларда Қазақстан аумағында Ресей Федерациясының юрисдикциясы жүзеге асырылуын көзде тұтады:

«Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері Ресей Федерациясына және оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде; әскери қылмыстар мен құқық бұзушылықтар әскери қызмет міндетін «Байқоңыр» кешенінен тыс жерлерде атқаруға байланысты жасалған кезде.

Ресей Федерациясы әскери жасақтарының әскери қызметшілері, ғарыш айлағы объектілерінде ғана емес, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Ленинск қаласының жүмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасаушы, кешенді қамтамасыз етуші объектілерде де тұрақты және уақытша негізде жұмыс істейтін азаматтық ортаның адамдары, Ресей және Қазақстанның кәсіпорындары, үйымдары, мекемелері, мемлекеттік билік және басқару органдары осы объектілерге іссапарға жіберген адамдар, сондай-ақ Ленинск қаласында, Төретам және Ақай ауылдарында тұрып жатқан ғарыш айлағы зейнеткерлері ғарыш айлағының қызметкерлері болып табылады. Ғарыш айлағы қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне олардың жұбайлары, балалары, ата-аналары және солармен бірге тұратын, солардың асырауындағы адамдар жатқызылған (Шарттың 1-бабының І.6 және 1.7-тармақтары).

Тараптар 1997 жылғы 4 қазанда қол қойған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабына сәйкес, «Байқоңыр» кешені аумағында жасалған құқық бұзушылықтар туралы істер мен материалдарды, «Байқоңыр» кешенінің аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасына, оның жеке және занды тұлғаларына қарсы жасаған қылмыстарды қоспағанда, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды. Бұл жағдайларда Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары күттірмейтін әрекеттер жүргізгеннен кейін материалдар мен тиісті адамдарды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына береді. Келісіммен ресейлік органдардың қарауына жатқызылған құқық бұзушылықтар туралы істер мен материалдар Ресей Федерациясының заңнамасы негізінде қаралады.

Аталған Шарт пен Келісімнің нормаларынан, Ресей юрисдикциясы оның азаматтарын да, басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның аза маттарын да қамтуы мүмкін екендігі келіп шығады. Ресей юрисдикциясының қолданылу ауқымы, өзі жалдап отырған «Байқоңыр» кешенінің аумағын ғана емес, белгілі бір жағдайларда Қазақстан Республикасының қалған аумағын да қамтиды. Бүл орайда Келісімнің 11-бабына сәйкес әкімшілік құқық бүзушылық жасағаны үшін жазаны өтеу Ресей заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, ал «Байқоңыр» кешені аумағында ресей соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамдар, олардың арасында Қазақстан Рсспубликасының азаматтары да болуы мүмкін, жазаны Ресей Федерациясының аумағында өтейді.

2. «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағы екінші бөлігінің және «Байқоңыр» кешені аумағында құқықтәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5 және 11-баптарының конституциялылығын тексеру үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының мына қағидаларын ескеру қажет.

Қазақстан азаматтары Республика Конституциясымен көзделген және кепілдік берілетін барлық құқықтар мен бостандықтарға ие (Конституцияның 12-бабы). Құқықтар мен бостандықтар тек заңмен ғана шектелуі мүмкін. Олардың кейбірі, атап айтқанда, Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында аталғандары ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс (Республика Конституциясының 39-бабы). Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруді қамтамасыз ету механизмі Республика Конституциясының норма-ларымен көзделген. Мемлекет бұл механизмді жүзеге асырушы негізгі субъект болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы


2-тармағына сәйкес, Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Бұл принцип Қазақстанның ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде тәуелсіздігі мен дербестігін, өзіне қарасты аумақ шегінде мемлекет пен оның билігінің жоғары тұруын білдіреді. Конституцияның 3-бабының 3-тармағынан, Республика Конституциясына негізделген билік заңды-құқықты болып табылатындығы келіп шығады.

Конституцияның 3-бабының 4-тармағында былай делінген: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну ... принципіне сәйкес жүзеге асырылады». Сот төрелігі мәселелері Қазақстан Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының (Конституцияның 75 және 76-баптары), ал қылмыстық қудалау мәселелері – Республиканың арнаулы органдары мен прокуратурасының ерекше құзыреті болып табылады. Прокуратура органдары сондай-ақ заңдардың дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалау функциясына ие (83 және


84-баптар). Конституцияның Республика азаматтарының шет мемлекетке берілмейтіндігі, Қазақстаннан тыс жерлерде жүрген азаматтарға қамқорлық жасалатындығы туралы 11-бабының талаптары, олардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін елеулі кепілдіктің бірі болып табылады.

Қолданылып жүрген құқық мемлекеттің және құқық қатынастарының басқа субъектілері қызметінің құқықтық негізі болып табылады. Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сай, Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық деп, Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік қүқықтық актілердің, Республиканың халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормаларын түсіну керек. Республиканың бүкіл аумағында ең жоғары заңдық күші бар Республика Конституциясы барлық құқық субъектілерінің іс-әрекетін регламенттеуші негізгі құқықтық құжат болып табылады (4-баптың 2-тармағы).

Жоғарыда аталған конституциялық қағидалардан, азамат өз Республикасының аумағында оның қолданылып жүрген құқығының субъектісі екендігі келіп шығады. Оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе ол құқыққа қайшы әрекет жасаған жағдайда оған Қазақстанның мемлекеттік билІгі юрисдикциясы тарайды, оны жүзеге асыру Республиканың тиісті мемлекеттік органдарына жүктелген.

3. Конституциялық іс жүргізу материалдарын талдау, Шарттың 6-бабының 6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары оған қатысушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етпейтіндігін, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғарыда аталған қағидаларымен үйлеспейтінін және Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретінін көрсетті.

Ресей Федерациясының юрисдикциясы Казақстанның аумағы мен оның азаматтарын қамтуы Республика Конституциясының
2-бабы 2-тармағының, 3-бабы 3 және 4-тармақтарының қағидаларын бұзады, өйткені Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіреді. Республика Конституциялық Кеңесі өзінің «Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 қаулысында, шарттың орындалу тәртібін белгілеу мемлекеттердің конституциялық және заң шығарушылық төтенше құзырына жатады және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей тән алынған принципі – мсмлекеттердің егемендік теңдігінен келіп шығады, деп түсіндірген болатын.

«Байқоңыр» кешені Қазақстан аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. Осы кешеннің аумағы мен одан тыс жерлерде Ресей Федерациясының заңнамасын орындамағаны немесе бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты қылмыстық қудалау мен сот төрелігін Ресейдің құқық қорғау және сот органдарының жүзеге асыруы, құқық бұзушылықтар туралы материалдарды қарауы Қазақстан соттарының, сондай-ақ арнаулы анықтама жүргізу мен тергеу органдарының және прокуратурасының конституциялық өкілеттіктерін кемітеді.

Қазақстан аумағында Ресей заңнамасын Республика азаматтарына қатысты қолдану Республика Конституциясы
4-бабының 1 және 2-тармақтарына қайшы келеді. Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6, 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3, 2000 жылғы 15 маусымдағы № 8/2 және 2000 жылғы
11 қазандагы № 18/2 қаулыларында Конституцияның Республика аумағында жоғары тұру принципі атап көрсетіліп, халықаралық шарттардың оған сәйкес болуының міндеттілігі айтылған. Одан тыс, Конституциялық Кеңестің 1998 жылғы 27 наурыздағы № 1/2 қаулысында, шетел құқығының нормалары Қазақстанның қолданылып жүрген құқығы жүйесіне кірмейді және оның аумағында оларды жария-құқықтық қатынастарда қолдану мемлекеттік егемендікке нұқсан келтіруге әкеп соқтырады делінген.

Шарттың 6-бабының 6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары Республика азаматтарының, Республика Конституциясының 10-18-баптарымен көзделген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді, ал Республика Конституциясының 39-бабына сәйкес оған жол берілмейді. Халықаралық құжаттардың аталған нормалары Қазақстан азаматтарын Республиканын мемлекеттік билік юрисдикциясынан шығарады, соған байланысты, құқықтары мен бостандықтарына конституциялық кепілдік беру оларды қамтымайды, оларды қорғаудың Қазақстан заңнамасында белгіленген механизмі әрекет ете алмайды. Соның салдарынан, Республика аумағында басқа мемлекет органдарының конституциялық емес қызметі үшін жағдай жасалады. Олардың қызметі, азаматтардың негізгі құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын, қылмыстық және әкімшілік сипаттағы мәжбүрлеу шаралары кешенін қолдануға байланысты (бұлтартпау шараларын қолдану, тінту, алу және өзге де тергеу іс-қимылдарын жүргізу, жаза тағайындау және


оны орындау).

Осылайша, Конституциялық Кеңес, Шарттың 6-бабының


6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары Қазақстан азаматтарының құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты бөлігінде Республика Конституциясына сәйкес емес, сол себептен Қазақстан аумағында қолдануға жатпайды деп есептейді. Аталған халықаралық құжаттардың нормалары қалған бөлігінде өзінің заңдық күшін сақтайды және орындалуға тиіс.

Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37 және 41-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет