3. 1992 жылы қыркүйек-қазан айларында Алматыда дүниежүзі
қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Әлемнің 13 елінен келген
отандастарымыз қатарында үлкен қазақ диаспорасы бар Өзбекстан (870 мың)
мен Ресейден (660 мың) келушілер көп болды. Барлық қатысушылар саны
800 адам болды. Құрылтайда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 26
маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы» Заң негізінде
қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік жасалғаны айтылды. Дүниежүзі
қазақтарының құрылтайына қатысушылардың Қазақ халқына Үндеуі
жарияланды. Онда: 30 қыркүйек – Ұлттық бірлік күні деп аталды. Бүкіл
әлемдегі отандастарымызды Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік,
мәдени-интеллектуалдық мүмкіншілігін молайтуға, бар қабілеті мен еңбегін
туған ел игілігіне жұмсауға шақырды.
1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақтардың дүниежүзілік
қауымдастығының тұсаукесер салтанаты болды. Сол жылдың өзінде-ақ
Қазақстанға Монғолиядан, Түркиядан, Ираннан және ТМД елдерінен 7,5 мың
қазақ отбасы көшіп келді.
1992 жылғы 14 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының
тұңғыш форумы өткізілді. Форумда негізінен мынадай мәселелер қаралды:
1. Жаңа көзқарас тұрғысынан интернационализм мен тату көршілік
қатынас жағдайлары талқыланды.
2. Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы алғаш рет
академик М. Сүлейменовке, халық жазушысы Д. Снегинге, жазушы,
аудармашы Г. Бельгерге тапсырылды.
Қазақстанның егемендік алуы, КСРО диктатурасының құлауы қоғамдық
дамудың табиғи атрибуты боп саналатын көппартиялықтың өрістеуіне жол
ашты.
1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар –
Социалистік партия, Қазақстанның республикалық партиясы, «Қазақстанның
халық Конгресі» және Коммунистік партия. Қоғамдық қозғалыстардан –
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей», азаматтық «Азат» және
«Қазақстанның халық бірлігі» одағы, 11 республикалық ұлттық мәдени
топтар тіркелді. Сондай-ақ, республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси
ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркеуге алынды. 1993 жылдың соңына қарай
қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды.
1994 жылғы желтоқсанда «Қазақстанның халықтық-кооперативтік
партиясы», 1995 жылғы қаңтарда «Қазақстанның өрлеу партиясы», 1995
жылдың басында «Қазақстанның аграрлық партиясы», 1995 жылғы жазда
«Қазақстанның демократиялық партиясы» құрылды. 1998 жылғы қарашада
«Ақ жол» қоғамдық қозғалысы құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин.
Мақсаты: Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау. «Қазақстан-
2030» стратегиясын жүзеге асыру. Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау. 1999
жылғы қаңтарда «Отан» партиясы құрылды. Төрағасы – Т. Терещенко. Бұл
партия Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық
штабы негізінде құрылды. 1999 жылғы 14 қаңтарда «Қазақстанның
отаншылар» партиясы құрылды. Жалпы 1999 жылы республикада барлығы
14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер
құрылды. 2001 жылғы қарашада «Қазақстанның демократиялық таңдауы»
атты қоғамдық-саяси бірлестік құрылды. 2000 жылы республикадағы ресми
тіркелген партиялар саны – 15. Елімізде саяси партиялардың және партиялық
жүйелердің орнығуына, тәуелсіз баспасөздің дамуына көп көңіл бөлінді. Бұл
жағдай республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына,
реформаның тереңдеуіне, экономиканың және халықтың тұрмыс-тіршілігінің
жақсаруына ықпал етті.
1991 жылдан кейін Қазақстанда тұрғындардың саны күрт төмендей
бастады. Бұл жағдай эмиграциялық қарқынның жоғары болуымен
байланысты болды. Мысалы, 1992 жылы Қазақстандықтардың саны –16 млн.
985 мың адам болса, 1993 жылы – 16 млн. 942 мың, ал 1995 жылы – 16 млн.
590 мың адам болды. 1999 жылғы халық санағы Қазақстан тұрғындарының
саны азайып, 15 млн.-ға жетер-жетпес адам қалғанын көрсетті. 1995 жылдың
тек 9 айдың ішінде республикадан басқа жаққа 198,6 мың адам көшіп кетті.
Табиғи өсім азайып, тұрғындардың арасында өлім өсіп кетті. Дегенмен де,
1991-1997 жылдар аралығында Қазақстанға шетелден 164 мыңдай адам
көшіп келді.
Белгілі дәрежеде республиканың ұлттық құрамы өзгеріп, кейбір
облыстар негізінен қазақтар тұратын өлкеге айналды. Мысалы, Қызылорда
облысында қазақтар - 93%-ы, Атырауда - 88%-ы, Маңғыстауда - 74%-ы,
Ақтөбеде - 69%-ы, Оңтүстік Қазақстанда және Батыс Қазақстанда - 66%-ы
қазақтар болды.
Осы жылдары ауыл тұрғындарының қалаға кету үрдісі (урбанизация)
күшейді. 1995 жылдары халықтың 56%-ы қалаларда тұрды, ал қазіргі кезде
бұл үрдіс бұрынғыдан да өсуде. Тұтастай алғанда, қоғамда болып жатқан
өзгерістер (процестер) өтпелі кезеңге тән процестер деп қарауға болады.
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
1991 жылдан кейін оқу жүйесі белгілі мөлшерде дағдарысқа ұшырады.
1993 жылдың басында (1 қаңтар) Қазақстанда 154 мыңдық орны бар 303 бала
бақшасы жабылды, орта мектептер саны азайды. Екінші жағынан
мемлекеттік емес мекемелерінің, мектептер және жоғары оқу орындарының
пайда болу процесі басталды.
1989 жылғы Тіл туралы Заңның және Конституция негізінде ұлттық
білімнің жандануына мүмкіндік туды. Еліміздің көп ұлтты мәдениетін
дамытуда 40 ұлттық мәдени орталықтар мен Қазақстан халықтарының
біріккен Ассамблеясы жұмыстар атқаруда.
1997 жылы Қазақстанда 53 мемлекеттік, 40-тан астам коммерциялық
жоғары оқу орындары болған болса, 2000 жылдың басында 51 мемлекеттік,
100-ден астам коммерциялық жоғары оқу орындар болды. Қазақстанның
барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында қазақ тілінде оқу
бөлімдері ашылды. Соңғы жылдары 300-ден астам жалпы орта білім беретін
қазақ мектептері ашылып, олардың саны– 3,3 мыңға жетті. Республикада 17
ұлт тілінде жүздеген мектеп бар. 12 тілде газеттер мен журналдар шығып
тұрады, 11 және 6 тілде хабар жүргізетін теле-радио қызмет етеді.
1999 жылғы 11 маусымда – Қазақстан Республикасының «Білім туралы»
Заңы жарияланды. 2006 жылдың басында республика бойынша 252800 ұстаз
еңбек етуде.
Қазақстан тәуелсіздік алуымен байланысты халыққа білім беру
жүйесінің халықаралық байланысы кеңейді. Білімді мамандарды көбейту
мақсатында жастарды шетелдердің беделді оқу орындарына жіберу өзекті
сипат ала бастады. 1993 жылғы 5 қарашада Президенттің «Болашақ» атты
250 халықаралық стипендиясы белгіленді. Қазақстан халықтарының
мәдениетін бүкіл әлемге таныту мақсатында ЮНЕСКО ауқымында Қазақстан
Республикасының мерекелері аталып өтуде. 1997 жылы ұлттық татулық және
саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы. 1930-1932 жылдардағы ұлы
қасіреттің 65 жылдығы және сталиндік қуғын-сүргінге түскен ұлттық
зиялылар қасіретінің 60 жылдығы атап өтілді. 1997 жылы 13 желтоқсанда
Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен
ашылды.
1998 жыл - халық билігі мен ұлттық тарих жылы. Бұл жылы 23 ірі
Ғылыми форумдар өткізіледі. Республиканың барлық облыстарына 24
ғылыми экспедициялар аттандырылып, 74 ауданды аралады. Тараз қаласына
таяу жерде архитектуралық ғимарат-Ақыртас кешені ашылып зерттелді.
Мантуя (Италия) қаласында «Алтын адам. Қазақстан далалары - қола
дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейін» атты көрме өткізілді.
1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып табылады.
Осыған орай атқарылған жұмыстар: 6 томдық «Қазақстан ұлттық
энциклопедиясының» І-ші томы, М. Шоқай шығармаларының екі томдығы
шықты. Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітап жарық
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
көрді. «Алпамыс батыр» жырының 100 жылдығына арналған ғылыми-
теориялық конференция өтті.
М. Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой өткізіліп,
«Тарих-и-Рашиди» еңбегі қазақ тілінде шығарылды. Сонымен қатар, бұл
жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасты.
Нәтижесінде 19144 адам толықтай ақталды.
2001 жылы 18 маусымда Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астанаға
әкелінді. 2001 жылы 5 маусымда Қазақстанда Ресей Федерациясы
мәдениетінің күндері басталды. 2003 жылы Астанада дүниежүзілік және
дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі болып өтті.
Осындай мәдени іс-шаралардың өткізілуімен қоса, әлеуметтік
қайшылықтардың артуына, экономикалық жағдайдың нашарлауына, өмір
сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты халықтың рухани жағдайы өте
күрделі болды.
1999 жылы Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі
жарыққа шықты. Бұл еңбектің «Тарихтың шеңберлі және ұлттық зерде»
бөлімінде ел тарихын автор 12 кезеңге бөледі. Еңбектің маңызы: Тарих
қойнауын зерделей отырып, ұлттық қасиетті сақтауға тәрбиелеу қажеттігі
баса айтылды.
15-тақырып. ҚР сыртқы саясаты (1 сағат)
1. Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа енуі. Қазақстан және
халықаралық ұйымдар. (ООН, ОБСЕ, НАТО, ШОС, ОДКБ т.б.).
2. Жаңа уақыттағы Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қарым
қатынастары.
3. ҚР мәдени қарым-қатынасы.
СӨЖ тапсырмалары:
1. Дүниежүзі кауымдастығының толық құқықты мүшесі ретінде
Қазақстанның рөлін айқындаңыз.
2. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы
бағытының ерекшеліктерін көрсету.
1. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы Декларация
жариялады, сөйтіп дүниежүзілік қоғамдастыққа енуге мүмкіндік алды. 1992
жылы қаңтардан 9 шет мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты.
Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекеттерінің арасында бірінші болып
бауырлас Түрік Республикасы таныды. 1992 жылдың ортасына қарай
Республика тәуелсіздігін жер шарының 30-дан астам елі мойындады: АҚШ,
Қытай, Иран, Пакистан, Канада, Швейцария т.б.
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
Қазахстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін, егемен мемлекет ретінде
халықаралық байланыс жасауға, өзінің сыртқы саясатына айрықша көңіл
бөледі, әсіресе, басты үш мәселеге ерекше назар аударады. Біріншіден, басқа
елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия,
Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және Америка Құрама
Штаттармен халықаралық байланыста өркендету. Екіншіден, шет елдермен
тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар олармен
мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы
өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның
қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты болғызбау, ядролық қаруды
қолдануды болдырмау.
Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударып отыратын
мәселе, ол - өзінің ең жақын және ірі көрші мемлекеттерімен, соның ішінде
солтүстікте Ресейдей, ал шығыста Қытай Халық Республикасымен
ойдағыдай қарым- қатынас орнату. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан
Республикасының егемен ел ретіндегі алдағы болашағы да байланысты.
Сондықтан қалай дегенде де солтүстігімізді жайлаған ұлы елмен әрқашан
жақын болу керек.
Қазақстан мен Ресей 1991 ж. КСРО тарап, тәуелсіздікке қол жеткеннен
кейін өздерінің сыртқы саясатында халықаралық құқық принциптері
негізінде бір-бірімен стратегиялық байланыс, достық, тату-тәтті көршілік
және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарды дамытуға айрықша көңіл
аударды.
Бауырлас халықтардың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда 1996
ж. 27-ші сәуірде Федерацияның Президенті Б. Ельцин мен Қазақстан
Президенті Н.Ә. Назарбаев Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей
бірлескен Декларациясына қол қоюының маңызы оте зор болды. Онда
Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен
саяси - экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін
үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекеттің басшылары бұдан
былайда екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу, аумақтық
тұтастық пен бір - бірінің ішкі істеріне араласпау принциптерін сақтау
негізінде дами беретінін қуаттады.
Ал 2002 ж. желтоқсан айында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
Мәскеуге ресми сапары барысында Қазақстан мен Ресей арасында
қалыптасқан достық байланыстарды барынша тереңдетуге күш салынатыны
баса айтылды. Олардың ішінде Байқоңыр Ғарыш кешенін одан әрі бірлесіп
пайдалану мәселесі тағыда сөз болды. Сондай - ақ, аймақтар және
халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір
алмасылды. Екі жақты деңгейдегі ТМД, ЕурАзӘҚ, ұжымдық қауіпсіздік,
ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық қарым-қатынастар аймақтағы елдер
қауіпсіздігінің, интеграциялануының басты кепілі болып табылатыны атап
көрсетілді.
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
Қазақстан үшін оңтүстік – шығыстағы үлкен көрші - Қытайсыз әлдебір
үлкен саясат жүргізу қиын екенін ерекше атап айту керек. Сондықтан
тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен бері Республиканың сыртқы саясатында
темірқазыққа айналған бағдарлама – Қытай Халық Республикасымен қарым –
қатынастарды айқындау. Міне, осы бағытта Қазақстан бірқатар шараларды
іске асырып, Қытаймен достық байланысты орнатуда едәуір табыстарға қол
жетті. Алғашқы кездегі басты міндет – жан-жақты экономикалық
байланыстарды дамытып, шекарадағы шиеленістерді тоқтату еді. Оның
үстіне, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытай арқылы дүниежүзіне
шығудың және бір жаңа жолын ашу. Өйткені Қазақстан өзінің тәуелсіздігін
алғанға дейін, шет елдермен экономикалық және саяси байланыстарды тек
Орталық, яғни Ресей арқылы жасап келген болатын. Енді Қытаймен қарым -
қатынасты қалыпты жағдайға келтірумен байланысты елімізге сыртқы
рынокқа шығудың қосымша жолдарына түсу мүмкіндігі туды.
1999 жылдың басына қарай дүниежүзінің 150 мемлекеті танып, 106
мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазіргі Қазақстан шет
елдерде 30-дан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашты.
Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік және халықаралық,
ұлтаралық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді. Республикамыздың
сыртқы саясат ведомствосы ұлттық мүддемен жалпы адамзаттық мүдделерді
үйлестіріп жүргізетін дипломатиялық саясатқа кірісті.
1992 жылы наурыздың 3-інде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар
Ұйымының (БҰҰ) мүшесі болып қабылданды. Осы жылы өткен БҰҰ Бас
Ассамблеясының 47-сессиясының трибунасынан ОБСЕ сияқты ұйымның
Азияда да құрылуы туралы Н.Ә. Назарбаев өз ойын айтқан болатын. Бірақ, ол
кезде оның бұл сөзіне онша сене қоймаған еді. Міне, арада 10 жыл өткеннен
кейін 2002 жылғы маусымда Алматыда сенім әрекеттестік шаралары туралы
саммит өтті. Саммит жұмысына 16 мемлекет басшылары қатысты. Оның
ішінде 7 ірі державалар - Қытай, Индия, Ресей, Иран, Түркия болды.
Маңызы: Бұл елдердің экономикалық потенциалы өте зор, олардың
территориясының жалпы көлемі 38,8 млн.кв.км., немесе Евразия материгінің
89%-ын құрайды. Бұл елдердің территориясында 2.8 млрд. адам тұрады, яғни
жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайды.
2. Қазақстан сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар
аударады:
1. ТМД, Азия, Еуропа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы
елдерімен халықаралық байланысты өркендету.
2. Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы
қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.
3. Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мәселе – ең
жақын және ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста –
Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында достық,
ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасалды. 1995 жылғы
20 қаңтарда – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту туралы
Декларация жариялады, ал 1996 жылғы 27 сәуірде Алматыда екі елдік
бірлескен Декларациясына қол қойылды. Декларацияның маңызы:
1. Екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу.
2. Аумақтық тұтастық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау
ұстанымдарын сақтау.
1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеуде ІІІ ғасырға бағдарланған «Мәңгі
достық пен ынтымақтастық туралы» Декларация жарияланды. Нәтижелері:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасын шешуді алға
жылжытты.
2. Қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеуді шешті.
3. Байқоңыр ғарыш орталығын бірлесіп пайдалану мәселесі
қарастырылды.
1992 жылғы тамызда Қазақстан Президентінің Қытай Халық
Республикасына алғаш сапары болды, нәтижесінде барлық байланыс
жолдары ашылды. 1994 жылы сәуір айында Қазақстан мен Қытай арасында
шекара аумағын заңдастырып белгілеу (делимитация) жөніндегі келісімге
қол қойылды (1718 шақырымдық).
1996 жылғы сәуір айында алғашқы Шанхай келісімі жүргізілді. Бұл
келісім барысына Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысты.
Мұнда негізінен - шекараларды бұзбау, бейтарап аймақтық қашықтықты 100
шақырымға дейін жеткізу сияқты мәселелер қаралды. 1997 жылғы 25
қыркүйекте Алматыда болған келіссөздің нәтижесінде – Батыс Қазақстан мен
Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырын жүргізу жөніндегі шартқа
қол қойылды. Қытай үкіметі бұл жұмысқа 9,5 млрд. доллар жұмсауға келісті.
1998-1999 жылдары Қазақстан-Қытай арасында келісімдер нәтижесінде,
шекараны нақтылау негізінен аяқталды. Қазақстанның сыртқы саясатында
АҚШ-пен қарым-қатынастың маңызы өте зор. 1991 жылғы 25 желтоқсанда
АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. Қазіргі
кезде АҚШ - Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы. 1997 жылы
Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарламасы
жасалды.
Екі ел арасында Қарашығанақ кеніші жөнінде және Каспий қайранын
бөлісу жөнінде келісімдерге қол қойылды. 1999 жылғы желтоқсанда
Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімде – екі ел арасындағы серіктестікті
одан ары дамыту, АҚШ-тың Қазақстанға демократиялық, экономикалық
өркендеуде қолдау көрсету, аймақтық, ғаламдық негізде тұрақтылықты
қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді
пайдалану сияқты мәселелер қаралды.
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында үлкен қолдау
көрсетуде «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде қазақстандық студенттер
АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқиды.
Қазақстан және ТМД елдерімен тығыз өзара байланыста болу – біздің ел
үшін өте қажет. 1994 жылы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығы
құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, кейін Тәжікстан).
Қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласындағы
дағдарыс ТМД басшыларын интеграциялық жаңа жолдарын іздеуге
итермеледі.
КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде
шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар. АҚШ, Ресей, Қытай,
Ұлыбритания, Франция.
1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев Лиссабон хаттамасына қол қойды.
Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болып жарияланды. Соғыс өнімдерін
шығаратын кәсіпорындарды бейбіт заттар өнімдеріне айналдыру –
(конверсия) жүзеге асырыла бастады.
1996 жылғы 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында
ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.
Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа
маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық «Бейбітшілік үшін әріптестік»
бағдарламасы негізінде жүзеге асуда. 1997 жылғы 15-21 қыркүйекте
Шымкент (Қазақстан) және Шыршық (Өзбекстан) жерінде НАТО әскери
бөлімдерінің қатысуымен әскери жаттығу өткізілді.
2001 жылғы 29 тамызда Алматыда «ІІІ ғасыр ядролық қарудан тазарған
дүниені қалайды» атты халықаралық конференция ашылды.
Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге
республикаға жол ашылды. 1997 жылдың басына қарай Қазақстан 60-тан
астам халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Соның бірі ЮНЕСКО – ірі
халықаралық ұйым. Ол – Білім, Ғылым және Мәдениет, «Адам және
биосфера», «Адам табиғи ортада» және басқада бағдарламалар негізінде
жұмыс жасайды.
ЮНЕСКО – Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында
елдің ерекше қорғалатын табиғи аймақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік
табиғи және мәдени мұрасы және «Адам мен биосфера» бағдарламасы
шеңберіндегі аймақтар тізіміне кіргізу туралы шараларды іске асыруда,
бірлесіп жұмыс атқаруда.
Мұнымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйым ЮНИСЕФ – Біріккен
Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры. ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы
өзінің жұмысын 1992 жылы бастады, негізінен, денсаулық сақтау саласында
шұғыл жәрдем көрсетуді насихаттайды.
ЮНИСЕФ-тің Арал аймағының халқын сауықтыру жөніндегі
бағдарламасы - әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, білім беру,
балалардың тамағын жақсарту, сумен қамтамасыз ету, санитарлық қызметті
Қазақстан тарихы (он бес дәріс)
жақсарту жөніндегі нақты шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен
бірге, Қазақстан 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-
шарттарға қол қойды.__
Достарыңызбен бөлісу: |