Қазақстандағы жоғары білім


Елбасы айтқан елдік пәні – «Қазақ елі» пәнінің қажеттігі



бет2/8
Дата04.11.2016
өлшемі4,13 Mb.
#197
1   2   3   4   5   6   7   8

Елбасы айтқан елдік пәні – «Қазақ елі» пәнінің қажеттігі
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 3 жұлдызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының №64 мектеп-лицейінде өткізген патриотизм сабағында мектептерге «Қазақ елі» пәнін енгізу қажеттілігін атап көрсетті. Осы пәннің маңыздылығына көңіл бөле отырып Елбасы: «Туған жеріңнің, өз халқыңның тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес... Патриот – өз елін сүйетін және өзге мемлекеттерге құрметпен қарайтын адам» («Егемен Қазақстан», 4 қыркүйек 2013ж.), – деді.

Елбасы көтерген осынау өзекті мәселенің бір кілті бүгінгі жастарымыздың бойына отаншылдық сезімін құйып, оларды патриотизмге тәрбиелеуде деп түсінеміз. Мәңгілік ел болуды көздеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызы өте терең бастамасын көкірек көзі ояу жанның бәрі қолдауға тиіс. Енді жоғалтқанымыздың бәрін тауып, айтуға болмай қалғанның бәрін қамтып, жинап алуымыз керек. Өзінің өткенін ұмытатын халықты болашақ та ұмытатынын естен шығармағанымыз жөн.

Қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы ұзақ тарихи даму дәуірлерін басынан кешіргенін, әсіресе, бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Ежелгі түркі, қытай, парсы және грек жазба деректеріне қарағанда, біздің дәуірімізден бұрынғы ІV-VІІ ғасырларда Орта Азия өңірін скиф, сақ тайпалары мекен еткен.

Біз «Қазақ елі» дегенде ең алдымен, тарихи деректерді жас ұрпақтың санасына сіңіруді ескеруіміз керек. Өйткені, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз өздігінен орнай қалған жоқ. Тарих – үлкен тағылым көзі. «Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз» деп Елбасы айтқандай, жас ұрпаққа мемлекетшілдік дүниетанымның жаңа моделін жасап, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу міндеті бізге жүктелген.

Міне, жалпы орта білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына «Қазақ елі» пәнін енгізу мақсаты – туған жеріңнің, өскен еліңнің тарихын білу, қазақ ұлты, Қазақ елі қалай қалыптасты дегенді біліп алу маңызды деген ұстанымды көздейді. Өйткені, онсыз нағыз азамат болу екіталай. Президент Н.Назарбаевтың көтеріп отырған мәселесінің құндылығы да осында жатыр.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы күшті және қуатты Қазақстан мемлекетін құрудағы басшылыққа алатын алты негізгі бағыттарды атап көрсеткен болатын. Біріншісі, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Яғни қазақстандық патриотизм қоғамды, этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс. Екінші, барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі. Біз бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерге иеміз, тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Үшінші, қазақ тілінің дамуы және тілдердің үштұғырлылығы. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтының ең басты бірлікті нығайтушы факторларының бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Төртінші, мәдениет, дәстүр және даралық. Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Бесінші, ұлттық интеллигенцияның рөлін көтеру. Алдыңғы қатарлы күшке айналдыру. Алтыншы, біздің мемлекет келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілікті мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына жүктей келе, Президент тек ұлттық мәдени кодты (негізді) сақтай отырып қана (тіл, руханият, салт-дәстүрлер) уақыттың сын-қатерлеріне жауап қайтара алатынымызға баса назар аударды. «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды... Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – деген Елбасының бұл құнды пікірі ата салтымызды сақтауға, туған жер мен ел алдындағы перзенттік парызымызды ақтауға шақырады.

Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, өз халқының мәдениетін, оның өткені мен бүгінін білмеу, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен уақыт байланысының бұзылуына әкеліп соғады. Осыған орай, қазіргі жас ұрпақтың басым көпшілігінің ұлттық сана-сезімдерін дамыту және жаңғырту қажеттілігі сезіледі. Әсіресе, бұл жайт қазақ жастарының өз ана тілін ғана емес, сонымен қатар, өз ұлтының тарихын, салт-дәстүрлерін, ата дінін білмейтін бөлігінен қатты байқалуда. Сондықтан Президенттің жалпы білім беретін орта мектептердің оқу үрдісіне «Қазақ елі» пәнін енгізу қажеттілігі туралы ұсынысын қолдай отырып, бүгінгі күні мұндай пәнді Қазақстанның жоғары және арнаулы кәсіптік оқу орындарына да енгізу артық болмас еді. Міндетті пән ретінде енгізудің аса маңыздылығы мен көкейкестілігі еліміздегі қарқынды түрде өтіп жатқан жаһандану және дүниежүзілік білім беру кеңістігіне қосылу үдерісі тұсында да ерекше маңызға ие болмақ. Бұл ұлт ұл-қыздарының өзге мәдениет өкілдерімен сапалы диалог құруына, жаңа буын мамандарды тәрбиелеп шығаруға ерекше септігін тигізері сөзсіз деп білемін.

Елбасы рухани бірлік пен ұрпақтар арасындағы сабақтастық, ұлттық сана-сезім мен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін өзектендіре отырып, мұның бәрі жақын болашақта күшті және қуатты Қазақ мемлекетін өркениетті жолмен өрістетудің қажетті шарты екеніне баса назар аударып келеді. Біз де бұл келелі мәселені шешуде мектептермен қатар арнаулы кәсіптік және жоғары оқу орындарында «Қазақ елі» пәнін міндетті пән ретінде енгізуді бірте-бірте қарастырудамыз. «Қазақ елі» пәні, біздіңше, метапәндік сипатта болуы керек. Бұл пән Қазақстан мектептерінде енгізілетін пәннің логикалық жалғасы ретінде студент жастардың ұлттық сана-сезімдерін үздіксіз дамытуды қамтамасыз етіп, олардың Қазақ елінің болашағына сенімін нығайтар еді. Мұндай тұрғыдағы метапәндер, метасабақтар, метадәрістер оқыту тәжірибесінде баяғыдан бар. Бұл секілді оқытудың пәндік негіздері шәкірттердің білім нәріне кешенді көзқарасын қалыптастырып, оқу мазмұнындағы танымдық ойларды жинақтауына, ойлау қабілетін одан әрі дамытуына мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ елі» пәнінің негізгі міндеті қазақ халқының қалыптасу және даму тарихы жайлы мектептегі білімдерін жүйелеу ғана емес, сонымен қатар, болашақ мамандардың ұлттық сана-сезімдерін қазақстандық патриотизмді жоғары деңгейде дамыту бойынша білімдерін одан әрі кеңейте түседі. Атап айтсақ, кәсіби деңгейде өзін-өзі тану және кәсіби тұрғыда өзін-өзі бағалау дәрежесіне жеткізеді. Әрине, кез келген жаңалық өмірге өздігінен ене салмайтыны белгілі. Қиындықтары да көп болады. Оны еңсеру үшін өткен-кеткен тәжірибелерді қайта зерделеп, аса маңыздыларын елеп-екшеп алуымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанда Елбасы ұсынған «Қазақ елі» пәнін оқу үрдісіне енгізу, оны оқытудың алғашқы тәжірибелері қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде басталғанын атап өткен орынды. Білім ордасы осы пәннің бір құрамдас бөлігі ретінде 2009-2010 оқу жылынан бері «Ұлттық тәрбие» пәнін оқытып келеді. Осыған байланысты «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылды. «Ұлттық тәрбие» атты республикалық ғылыми-теориялық журнал шығады. Студенттерге арналған «Ұлттық тәрбие» пәнінің тұжырымдамасы жасалып, оның типтік оқу бағдарламасы, дәрістер курсы, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары дайындалып, жарық көрді.

«Ұлттық тәрбие» пәнінің басты мақсаты – ұлттық сана-сезімі, мәдениеті жоғары деңгейде дамыған, өз ұлтын сүйетін, оның салт-дәстүрін, тілін, ділін, дінін, мәдениетін қастерлейтін, еліміздің қазіргі мәдени-әлеуметтік жағдайында жоғары сұранысқа ие болатын нағыз ұлтын қадірлейтін мамандар даярлау. Өйткені, халқымыздың ежелден қалыптасқан адамгершілігімен, үлкенге деген құрметімен, кішіге – ізетімен, қонақжайлылығымен, ақыл-парасатымен, көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, өзгеге деген сыйластығымен ерекшеленетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, мол мәдени-рухани мұраларын сақтап, оны жастарға ұғындыра алатындай білім беру қажеттігі күннен-күнге айқын сезіле түсуде. Жаһандану кезеңінде халқымыздың осындай асыл қасиеттерін білім беру үрдісіне енгізу арқылы жастардың ұлттық қасиетін, ұлттық дүниетанымын сақтап қаларымыз анық. «Ұлттық тәрбие» пәнін оқу үдерісіне енгізу арқылы біз ұлттық құндылықтарды, мәдениетіміз бен тарихымызды, дәстүрлерімізді бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, қазақ елінің болашақ жастарын жаңаша тәрбиелеуді бастадық.

Ұлттық тәрбие

Асылы, ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Ұлттық тәрбие қайнарынан қанып сусындаған ұрпақ дені сау, ақылды, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, кішіпейіл болып өседі. Халықтың өмір тәжірибесінен, рухынан, өнерінен, ділі мен тілінен, ұлттық мінезінен туатын ішкі заңдылықтарды дұрыс түсіндіре білу – жастарымыздың тәрбиесіне оң әсерін тигізбек. Ұлттық үлгідегі аса көңіл бөліп отырған мәселеміз – мемлекетшілдік нышандарды дамыту, оны ұрпақ тәрбиесімен ұштастыру және осы арқылы жастардың отаншылдық рухын ояту. Олай болса, елдің, ұлттың мәңгілік болуы оның уақытқа бағынбайтындығында, халқын, елін, жерін шексіз сүйетін азаматтарды қалыптастырып, тәрбиелеуде жатқаны айқын.

«Ұлттық тәрбие» пәнін оқыту барысында біз студенттерге халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен діл, дін негіздерін, ұлттық мәдениет, сыйластық, кішіпейілділік, отаншылдық мәселелерін тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлеміз.

Мен мұны неге айтып отырмын? Біздіңше, оқу үдерісіне «Қазақ елі» пәнін енгізу жөніндегі оқу бағдарламасын жасағанда осы мәселелер ескерілгені жөн. Әрине, пәннің ауқымы кең, қамтитын мәселелері де әр алуан. Жас ұрпаққа өзіміздің нағыз қазақ елі екенімізді ұқтыру, түсіндіру, оны олардың санасына терең сіңіру үшін мәселеге әр қырынан келуіміз қажет. Жалпы, жас ұрпаққа қазақ елінің қандай ел болғанын, алдағы уақытта қалай болуы керектігін жүрегіне жеткізе ұғындыру үшін оның (қазақтың) салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, мәдениетін, адамгершілік, кісілік келбетін, қарым-қатынас әдебін ғана үйретіп қою жеткіліксіз.

Қазақ елінің қандай ел болуы керек екенін жастардың санасына жеткізу үшін біз, жоғарыда атағанымыздай, төл тарихымызды терең меңгертуіміз абзал. Өйткені, тарихын білмеген азамат болашақта ұлт жанашыры, ел қамқоры болады деуге мен өз басым күдікпен қараймын. Әрине, мектепте де, жоғары оқу орындарында да «Қазақстан тарихы» біршама жүйелі оқытылып жатқаны баршамызға белгілі. Алайда, оны бірізді бағдарламамен оқытып шыққаннан гөрі сол жүйелі құрылымды сақтай отырып, жүрек тебірентер шынайы сезіммен, оқушының рухын көтерер биік леппен, халықтық рухта оқыту әлдеқайда тиімді болар ма еді деп ойлаймын. Мәселен, Ресейдің көп мектептерінде сабақ бүгінде «Орыстар – қаһарман ел, орыстар ешқашан жеңілмейді!» деген асқақ ұрандармен басталады екен. Міне, жастардың рухын көтеру үшін бізге осындай қадамдар да керек.

Бүгінде тәуелсіз қазақ елі үшін жер тұтастығынан асқан тәуелсіздік те, бақыт та болмақ емес. Сондықтан «Қазақ елі» пәнінің құрамына география жөнінде арнаулы бөлім енгізілгені жөн деп ойлаймын. Мысалға, Қытай мектептерінде «Біздің жеріміз ұлан-байтақ...» т.т. деген секілді мәліметтермен оқытатын көрінеді. Бұл ел ұрпақтарының келешекте осылайша ойлауына әсер етпей қоймайды. Сондықтан біз ежелден қазақ халқы қай аймақтарды мекендеді, сол жерді қорғау үшін қалай қан төкті, сол географиялық аймақтар елдің тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етті, алпауыт мемлекеттерге бодан болған кездерімізде қанша жерлерімізден қалайша айырылдық – міне, мұның бәрі тарихымыз бен жер тұтастығымызға қалай әсер еткенін жас ұрпақтарымыз білгені жөн. Біз Елбасы айтқандай, жастарымызды: «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының – ұлымыз. Бәріміздің туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деп үйретуіміз керек.

Тіл – тірек

«Қазақ елі» пәнін оқыту барысында халқымыздың бай фольклоры мен әдебиетін тереңдете оқыту арқылы тарихи және географиялық тұтастығымыздың сырларына жастарымызды терең үңілтуге мүмкіндік аламыз. Халқымыздың фольклоры мен әсіресе, ауыз әдебиеті тарихынан да, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен де терең мағлұмат беретін жауһар дүниелер. Осы арада тіл мәселесі пәннің өзекті бөлімі, арнаулы тарауларының бірі болуға тиіс. Өйткені, біз фольклорымыздың алтын сандығындағы шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар арқылы тілдік қорымыздың байлығын паш етіп, жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметі мен мақтаныш сезімін оятамыз. Ал халықтың ежелгі салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ырымдары мен тыйымдары арқылы қазақтың елдік мәдениеті мен адамгершілік, ізгілік қасиеттерінен, халықтық үлгісінен терең мағлұмат алуға болады. Ана тілімізді ұлықтау, сүю, қадірлеу, оның болашағы үшін толғану, күресу мемлекет құрушы халық ретінде біздің елімізді танытатын айғақты фактор. Мұндайда «Тіл тұғырлы болмай – ел тұғырлы болмайды» деген қағиданы әсте естен шығаруға болмайды. «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз, – деді Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында. – Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз...».

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге, сол тіл тірегі саналатын ұлтқа, халыққа деген көзқарас екені даусыз. «Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы» (Ш.Айтматов). Сондықтан оған бейжай қарамаған жөн. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз. Мұны Елбасы қадап айтып келеді. Шынында да қазақ елі болу үшін біз мемлекеттік тіл – қазақ тілін айрықша құрметтеп, оның қадір-қасиетіне ерекше ден қоюымыз керек екенін «Қазақ елі» сабағында ұстаздар жастар санасына ерекше сіңіруі тиіс. Өйткені, қазақ тілі – ұлан-байтақ жерді мекендеген ел бірлігінің, ынтымағының, туысқандығының тілі ретінде, халықтар достығының дәнекері тұрғысынан қарастырылуы керек.

Патриотизм пәрмені

Міне, осы айтылғандай, ұлтын сүю, тілін, ділін, салт-дәстүрін қастерлеуден келіп патриотизм мәселесі туындайды. Осы арада мен тағы да Елбасы Н.Назарбаевтың мына тұжырымдамасына сүйену артық болмас деп ойлаймын: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек, – дейді «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында. – Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады... Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс».

«Қазақ елі» пәнінің негізгі тармақтарының бірі – діни мағлұматтар беру, яғни ата-бабадан мұра болып келе жатқан дәстүрлі ұлттық дін жайлы білім берілуі керек. Біз бәріміз ислам дінін ұстанатынымыз анық. Бұл жерде «ұлттық дін» дегеніміздің үлкен мәні бар. Қазақ халқы исламды тұтынғанымен, ілгеріден оны өзіндік ұлттық сипатпен қабылдағаны белгілі. Былайша айтқанда, өзіндік діни салт-дәстүрлеріміз бар. Ол ғасырлар сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Сондықтан бүгінгі ұрпақ осы мәселелерді жақсы білуге тиіс. Мұнда жастарымыз басқа діни ағымдардың ықпалына түсіп кетпес үшін қазақы нұсқадағы ислам (Әбу Ханифа мазһабын) жолын ажырата білуі керек.

Сонымен бірге, «Этнопедагогика» ілімі де аталған пәннің құрамдас бөлігі болып табылады. Жалпы, этнопедагогика – халық педагогикасы мен ұлттық педагогикалық ойлар туралы ғылым, ол халық педагогикасынан, ұлттың педагогикалық ойлар тарихынан бастау алады. Сондықтан, әрбір жастың этнопедагогикадан тиісті мағлұматы болғаны жөн.

Рәміз рухы

Жастардың отаншылдық рухын оятуда мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің орны бөлекше болатындығы даусыз. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызды қастерлеуді үйрету арқылы біз оларды өз елінің ұлтжанды, мемлекетшіл азаматы етіп тәрбиелеуге қол жеткізбекпіз.

Сонау бір кеңестік қызыл идеологияның қылышынан қаны тамып тұрған кезінде, өз еліңді менің елім, өз ұлтыңды менің ұлтым деп айта алмайтын қызыл тілге саясаттан шынжыр салынған кезде, қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын» деген биік пафосты, асқақ үнді, өршіл поэма жазып, иісі қазақты бір көтеріп тастағаны әлі жадымызда.

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген...

... Мен қазақпын, мен енді байтақ елмін,

Айта бергім келеді, айта бергім», –

деп ақын өзінің қазақ екенін байтақ елге, қала берді бүкіл әлемге жар сала, мақтанышпен үн қатқан еді. Бүгін, міне, құдайға шүкір, тәуелсіз елміз, «Мен – қазақпын» деп қалай мақтансақ та, өзіміздің қазақ елі екенімізді қалай паш етсек те ешкім тілімізге тұсау салып жатқан жоқ. Тек батыстан соққан дүлей дауылдай шапшаң жылжып келе жатқан жаһандану үрдісі тәрбиеміздің, мінез-құлқымыздың бағыт-бағдарын өзгертіп, ұлттық санамызға әсер етіп жатқаны алаңдатады. Сондықтан да «Қазақ елі» пәнін енгізудегі мақсат – жас ұрпақты рухсыздықтан сақтап, елін, жерін, отанын сүйетін ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру екенін әсте ұмытпағанымыз мақұл. Әрбір азамат «Менің елім», «Менің Қазақстаным» деген мақтанышпен кеуде көтеріп, елі үшін бәйгеге бас тігетін өз мемлекетінің шынайы патриоты дәрежесіне көтерілген кезге жеткенде ғана біз нағыз Қазақ елі – мәңгілік ел болып бой көтереміз.


//Егемен Қазақстан.-2013.-19 қараша.- 3 б.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА,

ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫҢ МАҢЫЗЫ

Аптаның жұма күні Студенттер сарайында облыс әкімі, саяси ғылымдарының докторы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы Президенттік инстиуттың рөлі мен маңызы» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Жиынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының докторы, профессор Қамал Бұрханов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Аманкелді Қашқынбаев, Украинаның Қырым инженерлік-педагогикалық институтының доценті, педагогика ғылымдарының докторы Ремзи Девлетов, Корей Республикасы Кангнам университеті Қазақстантану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Фил Ким, Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Бауыржан Қасымбергенбаев және жергілікті ғалымдар мен студенттер қатысты.



– Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, оны жер-жаһанға танытуда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алатын орны ерекше,– деді халықаралық конференцияда алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. – Президенттік басқару негізінен саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында енгізіледі. Ол саяси күштердің ашық қақтығыстарын тоқтатуға, азаматтық соғыстың алдын алуға немесе тоқтатуға қолданылады. Он бес одақтас республиканың бөлек-бөлек мемлекет болып бөлінген кезінің қандай қиын кезеңге тап келгенін бәріміз де білеміз. Өз алдына ел болған әр мемлекет дамудың түрлі сатыларынан өтті. Тәуелсіздігін енді ғана қолға алған, жүзден астам ұлттың басын қосып, тиісінше соншалықты салт-дәстүр, мәдениет, тіл мен дін шоғырланған мультиқоғамда жаңаша өмір сүрудің өзі оңай емес-ті. Үш ғасырға жуық алып империяның құрсауында болған, бар болмыс-бітімін, рухани құндылығын, ұлттық сезімін жоғалта бастаған Қазақстанның алдында қиын кезең тұрды. Бір сөзбен айтқанда, осынау қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, асыл мұраттарға жетелейтін тұлғаға тарихи сұраныс пайда болды. Қазақстан халқы алғашқы Президент сайлауында өз таңдауын жасады. Қателеспеді. Елдің Тәуелсіздік алуы халықты ғасырлар бойы аңсаған арманына жеткізсе де ел алдында, Елбасы алдында күрделі міндеттер тұр еді. Тұңғыш Президенттің батылдығы мен көрегендігі, халықтың тәуекелшіл қайсарлығының арқасында еліміз көптеген даму сатыларынан өтті. Бір ғана мысал ретінде аздаған жылдар ішінде бой көтерген Астананың бүгінде жаңаруымыздың символы, бүкіл елдің ең үлкен мақтанышына айналғанын келтіруге болады. Қазақстан Республикасының Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығын сәтті өткізу арқылы күллі әлемге Астананың осындай келелі әрі ауқымды істерді атқара алатындығын паш етті. Өйткені, қазір Қазақстан ТМД мен Орта Азияның көшбасшысы саналып, ЕуроОдақтың аймақтағы негізгі әріптесі болып табылады. Тәуелсіздік туының желбірегеніне биыл – 22 жыл. Өткен жылдан бері тойланып келе жатқан Тұңғыш Президент мерекесі негізінен Қазақстанның саяси жетістіктері күні ретінде тойлануы керек. Бұл өз кезегінде Елбасының жетекшілігімен еліміздің жинаған саяси беделі, қол жеткізген табыстарын тағы бір мәрте тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. Жаңа ғасыр Қазақ халқының алтын ғасыры болсын. Бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік бар. Өйткені, бізді Бір – Ел, Бір –Тағдыр, Бірінші Елбасы біріктірді! Халықаралық конференцияға қатысқан шетелдік және қазақстандық ғалымдар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, Елбасы көшбасшылығының феномені, Президенттік басқарудың ұстаным-қырларындағы әмбебап адами құндылықтар, Елбасының Арал өңірінің әлеуметтік-экологиялық мәселелерін шешудегі рөлі және басқа мәселелер төңірегінде баяндамалар жасады және оған қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Конференцияда Елбасы жайындағы кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, концерт қойылды.Мұндай игі шараның Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен оның қоғамдағы рөлін ашып көрсету бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруде маңызы ерекше.
//Сыр бойы.-2013.-23 қараша.- 2 б.

Уәлихан БИШІМБАЕВ,академик, Парламент Мәжілісінің депутаты.

Халықты біріктірген Доктрина

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев – үшінші мыңжылдықта жаңа қарқынмен алға басқан мемлекетімізді, қоғамымызды бір шаңырақ астына топтастырушы басты тұлға. Әлемде орын алып жатқан әртүрлі жаһандық қауіп-қатерлерден біздің Қазақстан Елбасының ұстанған сындарлы саясатының арқасында аман-есен өтіп келеді.

«Нұр Отан» партиясы көшбасшы партия ретінде мемлекетіміздің даму жолында Қазақстан Президентінің стратегиялық баста­маларының негізгі тірегіне айналды. Біздің партияластар ел алдындағы жауапты қызметтерін абыроймен атқарып, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігінде белсенділік танытуда.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруда «Нұр Отан» партиясының рөлі айрықша. Осы орайда, біздің партия ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін келешектегі бағыт-бағдарын, атқаратын міндеттерін айқындап отыр. Елбасының стратегиялық бастамасын іске асыру жолында жаңа саяси доктрина қабылданды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда ауқымды саяси доктрина ұсынған саяси партия болған емес. Мұндай Доктрина тарихта болмаған, бірінші рет қабылданып отыр.

Жалпы, осы Доктринаның басты мақсаты мен негізгі миссиясы қандай десек, ол осы құжатта «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси идеологиялық бағыт-бағдары көрініс тапқанын айтар едім. Осыған байланысты, партия Төрағасының бастамасымен әзірленген Доктринада атап көрсетілген біздің ең басты, негізгі байлығымыз ол – Тәуелсіздігіміз! Осы тәуелсіздікті әрі қарай қорғау, мемлекетті жаңа сипатта дамыту – елдік мүддеміз! «Нұр Отан» партиясының XV съезінде Елбасы 2050 Стратегиясын жүзеге асыра отырып, біздің еліміз түбегейлі жақсаруға тиіс екенін, ол өзгерістер бәрін де қамтитынын айтты. «Осындай аса ауқымды жұмыстың басында да «Нұр Отан» партиясы тұруға тиіс! Бұл съездің түйінді міндеті – XХІ ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындау», деді Ел Президенті.

Партия съезінде қабылданған бұл маңызды құжат тәуелсіз еліміздің даму жолына, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған мемлекет болып нығая түсуіне ерекше үлес қосады деп есептеймін. Әсіресе, әділетті қоғам құру қағидаттарын іске асыруға ұмтылу жолындағы басты мақсаттар мен құндылықтарымыз көрініс тапқан міндеттерді шешуде оң ықпал етеді деген сенімдемін. Болашақта партияның бағдарламалары, нақты жұмыс жоспарлары осы Доктринаның негізінде жасалады деп ойлаймын.

Жаңа Доктрина – іргелі құжат, онда тек қана «Нұр Отан» партиясының ғана емес, бүкіл ел дамуының негізгі мақсаттары мен міндеттері, қол жеткізетін жетістіктері мен табыстары қамтылған. Бұл құжат азаматтарымыздың абыройы мен еркіндігін, елдің бірлігі мен ынтымағын, заңның әділ орындалуын, халқымыздың мәдениеті мен ізгі салт-дәстүрлерінің сақталуын, отбасы құндылықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтар болсақ, Доктринада айқындалған мақсаттар мыналар:

– елдің экономикалық өсіп-өркендеуіне бағыт алу; – тұрақты әлеуметтік кепілдіктер; – бәсекеге қабілетті және әлеуметтік бағытталған мемлекет орнату.

Доктринаның атауы «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталады. «Нұрлы болашақ жолында» дегеніміз – адам капиталы негізгі рөлге ие болатын әлеуметтік игіліктерді алу үшін болашақта басымдықтар мен әділеттілікті көздейтін даму саласы. Оның жинақталуы адамның өзін де, қоғамның құрылымдарын да өзгерістерге бейімдей отырып, түптеп келгенде, әлеуметтік саясатты жан-жақты жаңғырту үшін сенімді тұғырды қалыптастыратын болады. Біздің партия бірлікке, іскерлікке, жайлы өмір сүруге шақырады. Қазір «Біреу маған бәрін жасап береді» деген ұғымнан арылатын кез келді. Немесе Үкіметке алақан жаятын уақыт та келмеске кетті. Бүгінгі нарық заманында ешкім басқа біреудің жұмысын істеп бермейді. Әркім өз тірлігін жасай білгені жөн. Ауылдық не қалалық жерде тұрса да, еңбектің көзін табуы керек. Сонда ғана бізде ілгерілеу үдерістер жүзеге асады. «Іздеген жетер – мұратқа» деген халқымыз.

Отанға деген патриоттық сезім, ұлттық құндылықтарды құрметтеу қасиеттері адамға тәлім-тәрбиемен беріледі. Біздің әрбір азаматымыздың жүрегінде менің мемлекетім, елімнің жетістіктері, менің халқымның мәдениеті мен өнері және әдет-ғұрыптары – басты байлығымыз деген ұғым болуы керек. Тәуелсіздікті құрметтеудің бәрі Отанды сүюден басталады. Ата-ана баласына қалай тәрбие берсе, ол азаматтың өмір жолы сол бағытта қалыптасады. Адамның ең үлкен парызы өз балаларына дұрыс тәрбие беруі керек екені Құранда да жазылған. Елбасы өз сөзінде жастарға патриоттық тәрбие беру, өз Отанын сүйетін азаматтарды тәрбиелеп шығару мәселесін жиі көтереді. Адамгершілік қасиеттер, саламатты өмір салтын ұстану, өз ісінің нақты маманы болуға бейімделу – бәрі де берілген тәрбиемен тығыз байланысты.

Отбасының қоғамдағы рөлі «Нұр Отан» партиясының Доктринасында ерекше айтылған. Осы Доктринада: «Отбасы – біздің қоғ­амымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық дәл отбасында қалыптасады. Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек», деп атап өтілген. Елбасы ұстанған бағытты және партияның осы ұстанымын әр отбасына жеткізу – партияның әр мүшесінің алдына қойылып отырған міндет. Келешек ұрпақ алдындағы әр ата-ананың жауапкершілігі.

Мемлекет үшін де, халық үшін де ең басты құндылық – Тәуелсіздік. Елбасымыз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған ар­манға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек екенін, ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуел­сіз мемлекеттің шежіресі болып жазылып жатқанын атап өтті. «Еліміз осы жылдарда ерлік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келгенін, оны ұстап қалу оңай емес екендігін халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын», деді шынайы ризашылығын жеткізіп. Біздің алдымыздағы міндет – ұлттық және мемлекеттік мүддені жоғары қоятын іскер азаматтарымызды партияның төңіре­гіне біріктіру. Барша халықты «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға жұмылдыру, барлық күшті бір арнаға бағыттау. Осы орайда, партияның әр мүшесі уақытпен санаспай жүріп, Доктрина мақсатын халыққа түсіндіру, оларды өз ортасына тарту бағытында жұмыс істеуі керек. Мысалы, қазір бізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға өте көп мүмкіндіктер жасал­ған. Заңмен қарастырылған жеңілдіктер бар. Сала-сала бойынша жеңілдікпен берілетін несиелер бар. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамда іскерлік, қайраткерлік, төзімділік қасиеттері болғаны жөн. Берекелі байлық оңайлықпен келмейтіні анық. Елбасы партия съезінде елімізде шағын және орта бизнестің өнімі 20 пайыз көлемінде екенін айтты. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Біз орта және шағын бизнесті қолдап, дамытып, оның үлесін 50 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Сонда ғана дамыған 30 елдің қатарына кіреміз.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сондықтан ұлтаралық мәселеге де терең мән беріп қарауымыз қажет. Доктринада Қазақстан­ның табысты дамуының сенімді іргетасы – халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім екені анық жазылған. Қазіргі біздің қоғамы­мызда келісім мен тұрақтылықты сақтаудың тұжырымдамалық жаңа механизмін қалыптастыру керек. Өйткені, Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісі, діндер үнқатысуының әлемдік орталығы болып табылады. Доктринада біздің қоғамдағы келісімді қалыптастырудың жаңа, заманауи формаларын пайдалану керек, келісімді күштеп емес, адамдардың саяси мәдениетін қалыптастыру арқылы қамтамасыз ету керек деген тезистер бар. Доктринада «Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады», деп атап көрсетілген. Партия съезінде Елбасы біздің ұранымыз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» екенін, бұл біздің нақты өмірде дәйектілікпен жүзеге асырып келе жатқан аса маңызды қағидатымыз болып отырғанын айрықша айтып өтті. Біздің халық өз жанына өзге ұлттарды топтастырып, елді біріктіруде негізгі ұйытқы болады.

Доктринада көрсетілген тағы да бір құндылық – заңның үстемдігі. Бұл – мемлекетіміз үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Құжат­та атап көрсетілгендей, заң қандай да бір адамның мәртебесіне және әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, мүлтіксіз орындалуы керек деп нақты жазылған. Доктринада: «Заңның үстемдігі әділ қоғам құруға, баршаның мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге жағдай туғызады», деп жазылған. Сондықтан демократиялық жолды таңдаған Қазақстанның болашағы заңның үстемдігіне тікелей байланысты. Осы жолда, біздерге – Парламент депутаттарына да үлкен міндеттер жүктеліп отыр. 2 қыркүйек күні үшінші сессияның ашылуында Мемлекет басшысы заң шығару ісіндегі негізгі бағыттарды айқындап берді. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінде заң жобаларымен жұмыс жасау өте қарқынды жүргізілуде. Жаңа заң жобалары комитет пен жұмыс топтарының отырыстарында талқыланып жатыр. Біздің мақсат – қоғамға қажетті сапалы заңдар шығару.

«Нұр Отан» партиясы халықты бір мақсат жолына біріктірудің үйлестірушісі болуы керек. Біздің партия еліміздің жетекші саяси күші ретінде, ең алдымен, әрбір аймақ, тұрғылықты жер тұрғындарымен ынтымақтаса жұмыс істейтін жергілікті ұйым­дары мен бөлімшелеріне сүйенеді. Сондықтан біздің бірінші мақсатымыз – барлық саяси құрылымдардың жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтеру. Бүгінде жергілікті және аймақтық филиалдарды нығайту мақсатында барлық жағдайлар жасалуда. Әрине, халықпен жұмыс жасаудың, насихат жүргізудің, елді бір мақсат жолына біріктірудің негізгі салмағы өңірлердегі партия­ластарымыздың иығына жүктелетіні анық. Сондықтан жаңа Саяси доктринада айқындалған «Нұр Отан» партиясының идеялары мен құндылықтарын қоғамда жүзеге асырудың басты жауапкершілігі партия мүшелеріне жүктеліп отыр.

Біздің партиямыздың жаңа Саяси доктринасының негізінде қазақстандықтың өз армандары мен идеялары жатыр. Біздің қоғамдағы әрбір адамның жетістігі – елдің жетістігі. Сондықтан мемлекет деңгейінде адамға өз мүмкіндігін ашуға, өзінің отбасы үшін қызмет атқаруға және әл-ауқатын арттыруға барлық жағдайлар жасалған. Біздің мақсатымыз – қоғамымыздың әрбір мүшесіне, өз мүмкіндіктерін аша отырып, жетістікке жетуіне бағыт-бағдар беру.

Партияға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасы «Нұр Отан» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы қажет екенін айтты. Өйткені, партия үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен, басқа да саяси, мәдени ұйымдармен тығыз әріптестік байланыс орнатып, олардың пікіріне де назар аударып, ұтымды ұсыныстарға сараптама жасап, барлық күшті бір ортаға біріктіруі қажет. Елбасының айтуынша, бұл жұмысты босаңсытуға болмайды, өйткені, біздің партия елдің болашаққа қадам басуының ядросы болып табылады.Мемлекет басшысы: «Партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі – экономикалық және әлеуметтік иннова­циялардың жалпыұлттық эпицентрі болу. Біздің партиямыз қоғам мен мемлекетті дамудың батыл, инновациялық идеяларымен нәрлендіруі тиіс», деп атап өтті.

Қазір іске асып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің бүкіл экономикасын дамытудың локо­мотиві болуы қажет. Экономика жетістіктері инновациялар және ғылыми жаңалықтар негізінде алға басатыны анық. «ХХІ ғасырда табыстың маңызды шарты креативтілік болып табылатынын атап көрсетемін. Сондықтан «Нұр Отан» креативті партия болуы тиіс. Шығармашыл интеллигенциямен жұмысты айтарлықтай күшейту керек», деген Елбасы зиялы қауымға үлкен сенім артып отыр. Интеллигенция – қоғамдағы үлкен күш. «Нұр Отан» партиясы саяси-насихат ісінде зиялы қауыммен тығыз жұмыс істеп, халық үшін жүзеге асырып жатқан оң бастамаларын елге жеткізе білуі керек. Осы орайда, Ел Президенті біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік, әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды, деді. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн.

Қазір бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда: Бизнес жол картасы-2020, Жұмыспен қамту-2020, Өнім­ділік-2020. Біздің азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін қолдаудың 100-ден астам тетіктері жұмыс жасайды. Мұның барлығын біз қоғамға жеткізуіміз қажет. Партияның ендігі шешімдері осы Доктринаға сүйеніп қабылдануы керек. Біз халыққа қандай жетістікке жеткенімізді, қандай кедергілер болуы мүмкін екенін, қандай бағытты ұстанамыз, қандай мәселелер шешуді қажет ететінін ашық айтуымыз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге тиіспіз. Халықты сыбайлас жемқорлықтан қорғау қажет. Мемлекеттік қазынадан бір теңге де басқа жаққа кетпеуі керек. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы өз сөзінде біздің партия мемлекетіміздің басты сыртқы саяси құндылықтарын белсенді жақтап және алға бастыруы керек екенін айтты. Әрине, әлемдік қоғамдастыққа мүше болып отырған Қазақстан халықаралық мәселеде үлкен беделге ие. Сауда-экономикалық байланыста тиімді жағын анық біліп отыруымыз керек. Сыртқы саясатта ынтымақтастық негіздерін берік ұстанып, мәдени-рухани байлығымызды, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытуымыз қажет. «Нұр Отан» партиясы осы іске де атсалысып, өзінің саяси қарым-қатынастағы шеберлігін көрсете білгені жөн.Біздің Доктрина – Қазақстан-2050 Стратегиясын қолдаудың жалпыұлттық жобасы. Доктринада «Нұр Отан» партиясының басты саяси күш ретінде рөлінің артуы, ол Елбасының саяси бағытын қолдаудың негізі болатындығы айқындалған. Осы Доктрина қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға жұмыс істейді деген сенімдеміз. Екіншіден, осы Доктрина «Нұр Отанның» жұмысын жүйелі, толыққанды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ортақ құндылықтарды анықтап алу арқылы партияның ішіндегі бірлікті, тұтастықты қамтамасыз етуге жұмыс істейді деп сенеміз. Біздің партия Елбасы ұстанған бағыт-бағдардың төңірегіне ынтымақтасуға, бірігуге үндейді. Біз Елбасының саяси бағытының сабақтастығы мен тұрақтылығын қолдаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Партия қашанда жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы тиіс. Біріншіден, «Нұр Отан» – халықты топтастырушы партия», деді. Сондықтан партияның көшбасшылық қабілетін оның әрбір мүшесі өз ортасында таныта білуі керек және соған орай жауапкершілікке де ие болады.

Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған кемел саясатының нәтижесінде тәуелсіз еліміз өз тарихында болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Ал Доктринаның міндеті – елдің табысын одан әрі арттырып, биік белестерді бағындыру. Бұл құжатта көзделген мақсатқа қол жеткізетіндер – жастар. Ел азаматтарына жаңа стратегиялық бағыт бойынша қарқынды жұмыс істейтін мүмкіндік туып тұр. Оны ұйымдастыру «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған жауапты міндет, мүдделі мақсат!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет