Қазақстандағы жоғары білім


«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы



бет5/8
Дата04.11.2016
өлшемі4,13 Mb.
#197
1   2   3   4   5   6   7   8

«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы
Нұрсұлтан Назарбаев:

«Болашақ» – біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз
Кеше Астанада «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 20 жылдығына арналған форум өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған «Болашақ» стипендиаттары мен түлектерінің форумы болып өтті. Оған аймақтардан 1500-ге жуық «Болашақ» түлектері, Президент Әкімшілігінің, сондай-ақ, ел Үкіметінің өкілдері мен Парламент депутаттары, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, оқу орындарының, ғылыми орталықтардың жетекшілері қатысты. Мерейтойлық жиынға қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын міндеттерді әңгіме арқауына айналдырып, өткен 20 жылдың қоры­тындыларын тілге тиек етті, осы орайда алда атқарылар істердің көкжиегін айқындады.



Форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде форумға қатысушыларды «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады және оның егемен Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылатын беттердің бірі екенін атап өтті.

Бұдан 20 жыл бұрын, тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен мамандар болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді. Біз мұны, міне, 20 жылдан бері басшылыққа алып келеміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті республикамыз 15 жыл ішінде «Қазақстан-2030» Стратегиясын табысты іске асыра отырып, таңданарлықтай нәтижелерге жеткенін, енді ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын алға қойып отырғанын айтты.

Осы жылдар ішінде тақыр жерден серпінді даму баспалдағына түскен шағын және орта бизнеске негізделген тиімді экономиканың негізі қаланды, деп жалғастырды сөзін Елбасы. Әлеуметтік салада да үлкен өзгерістер орын алды. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі бірнеше есе артты. Ғылым және білім беру саласында халықаралық стандарттарды енгізе отырып, түбегейлі өзгерту мәселесі ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің, ұлттық және жекеменшік компаниялардың топ менеджерлерінің кәсіби буыны қалыптасты. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына кірді. Бұл міндетті мен 2005 жылы қойған болатынмын. Осыдан бір жыл бұрын, «2030-Стратегиясының» орындалуына байланысты мен Қазақстанның 2050 жылдарға дейінгі Даму стратегиясын алға қойдым. Бұл мемлекет өзінің алдына осындай ұзақ мерзімге арналған мақсат қойып, өз қызметінің болашақ векторын айқындайтын әлемдегі ең озық мысалдардың бірі болса керек. Біздің алдымызда жаңа мақсаттар тұр. 2050-Стратегиялық бағдарламасындағы басты міндет – еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі болып табылады.

Бұл үдеріс жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы өсімін ғана қарастырып қоймайды. Бұл – өмір сүру сапасын арттыруды, адам капиталын дамытуды қоса түгел қамтитын бағдарлама. Біздің экономикамыз инновациялық индустрияландыру жолына түсті. Бұл – тарихи жетістік. Мұнда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің лайықты үлесі бар, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасының алғашқы 187 стипендиаты шетелге білім алуға кетер алдында оларға өзінің сәттілік тілегенін айтты.

Бүгінде бағдарламаға қатысушылар қатары 10 мың адамнан асты. «Болашақ» бағдарламасы еліміздің дамуында зор рөл атқарды. Ең алдымен, олар – экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет пен өнер салалары үшін жаңа кадрлар. Бағдарлама түлектерінің әрбір екіншісі бүгінде жекеменшік және мемлекеттік сектордағы Қазақстан компанияларында жұмыс істейді. 19 пайызы – ұлттық компаниялар менеджерлері. 4 пайызға жуығы – халықаралық ұйымдарда, сондай-ақ, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарында еңбек етеді. Жалпы, түлектердің төрттен үші экономиканың нақты секторында және азаматтық қоғам институттарында қызмет атқарады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» 25 пайызға жуығы еңбек етуде. Соның ішінде, мемлекеттік басқару жүйесінде жүргендері – барлық түлектердің 19 пайызы. Бүгінде «Болашақ» бойынша 2 мыңға жуық инженер-техник мамандар даярланды. Олар – инновациялық жобалар мен технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика салаларының қызметкерлері. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру – Қазақстанды шикізаттық тәуелділіктен алып шығатын мүлде жаңа кәсіпорындарды құру. Жалпы, гуманитарлық және инженерлік-техникалық мамандықтардың теңгеріміне қол жеткізілді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бағдарлама стипендиаттарының үштен екісі дерлік мемлекеттік емес құрылымдар жұмыскерлерінің, зейнеткерлердің балалары екеніне назар аударды. Қатысушылардың 8 пайызының ата-аналары стипендияға ие болу кезеңінде мүлде жұмыссыз болғандар, ал 200-ден астам стипендиат – ата-анасыз қалған талантты жастар.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев республиканың барлық өңірі үшін кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Бұдан бес жыл бұрын, бағдарламаның 15 жылдығына арналған форумда мен өңірлерде тұратын жастар үшін стипендияға қолжетімділікті арттыру мақсатында оған түзетулер енгізу міндетін қойдым. Бүгінде, міне, барлық қатысушының тең жартысы – Қазақстанның облыстары тұрғындары. Оқуларын аяқтаған соң олар негізінен туған қалаларында жұмысқа орналасады. Бұл өте маңызды. «Болашақ» стипендиаттарының барлығы «Шанхай рейтингінің» ондығына кіретін әлемнің жетекші университеттерінде білім алуда. Мұның бәрі «Болашақ» бағдарламасының жоғары нәтижелілігін білдіреді. Соның арқасында Қазақстанның талантты жастары үшін «әлеуметтік лифт» жасалды. Әлемдік ғылым-білім орталықтарында оқу арқасында елімізде жас ғалымдардың, педагогтардың, менеджерлердің жаңашыл ортасы өсіп-жетілуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасы білім беру жүйесінің локомотивіне айналғанын ерекше атап өтті.

Бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технологиялар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінде қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі. 2010 жылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев Университетінің ашылуы Қазақстанның дүниежүзілік білім экспорттаушысына айналуының басы болды. Бүгінде Назарбаев Университетінде 200-ден астам «Болашақ» түлегі жұмыс істейді. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы белсенді қызмет жасауда. Бүгінде бүкіл әлемнің дамуы контексінде, біздің «Қазақстан-2050» Стратегиямыздың контексінде халқымыздың алдына қойылып отырған жаңа міндеттерді көре білу маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіздердің бұл бағдарламаны білетіндіктеріңізге, онда қойылған барлық міндеттермен жан-жақты танысқандарыңызға мен сенімдімін. Өзімнің дәстүрлі, жыл басындағы Жолдауымды мен осы бағдарламаны қалай іс жүзіне асыратындығымызға, ол үшін не істейтіндігімізге, қандай ресурстарды пайдаланатынымызға арнайтын боламын. Мен бүгін сіздердің сөйлеген сөздеріңізден ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді естуге, біздің Отанымыздың болашағы үшін, барлық қазақстандықтардың гүлденуі үшін осы бағдарламаны іс жүзіне асыру жолында менің ең басты қолдаушыларым болатындықтарыңызға сенімдімін.

Елбасның кіріспе сөзінен кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Болашақ» халықаралық стипендиясы қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек сөз алды.

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті форумға қатысушылар, қадірлі достар, осы залда жастардың үш буыны отыр. Олардың алдыңғы толқыны қамал алар қырыққа келсе, кейінгі толқыны – орда бұзар отызда. Және жиырмаға енді келгендері де бар. Сондықтан, осынау үш буынның басын қосқан «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын, деді. Бұдан бөлек, осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайға тоқталған қауымдастық төрағасы, болашаққа бағдарланған осы ауқымды бағдарламаны жүзеге асырудағы Елбасының еңбегіне тоқталды.

Жүйесі әлі қалыптасып бекімеген мемлекетті құру үшін ескінің шылауындағы психологияға қарамастан, елдің сабырына, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйендіңіз. Үйрете жүріп, үйрендіңіз, үйрене жүріп үйреттіңіз. Сөйтіп, ұлттың ұстазына, алаштың ақылманына айналдыңыз. Шетелдің ең үздік оқу орындарына жастарды жіберу туралы бастама көтердіңіз. Бір үзім нанға зар болып жүрген 1993 жылы: «Бұл қалай?» деушілер болды. Ал Сіздің көкейіңіздегі арман – жарқын болашақ еді. Ендеше, болашақтың кілті жастар екенін Сіз таныдыңыз, деген Б.Байбек, бұл бағдарламаға күмән келтіргендер аз болмағанын да алға тартты. Десек те, тәуекел ақталды. Оған бүгін баршамыз куәміз, деп бір қайырды.

Бір жыл бұрын Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясын халыққа жарияладыңыз. Әлемдегі ең үздік 30 елдің санатына кіру ме­жесін белгіледіңіз. Біз әлемнің сол озық елдеріндегі ең үздік университеттерінде оқыдық. Олардың алдыңғы қатарлы жаста­рымен жарыстық, қалысқан жоқпыз. Көрдік. Таныдық. Олар да өзіміздей екенін білдік. Сөйтіп, олармен бәсекелесуге болатынын ұғындық. Ендеше, «Қазақстан-2050» Стратегиясы міндетін орындау бүгінгі қыран жастарымыздың шыға алатын шыңы. Бұл – өмір шындығы, деді «Болашақ» халықаралық стипендиясы қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Форумға шетелдік қонақтар да шақырылған екен. Солардың бірі – Ұлыбритания Жоғары білім және ғылым министрі Дэвид Виллетс: «Аса қадірлі Президент мырза, Сізді 20 жыл бұрынғы қабылдаған дана шешіміңіздің жемісін көре бастағандарыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, аяғын тәй-тәй басқан елге «Болашақ» бағдарламасы сынды ауқымды іске тәуекел ету оңайға соқпағанын білеміз. Десек те, Сіз еліңіздің жарқын болашағы үшін ғылыми даму жолын дұрыс бағытқа бастап, орынды шешімді орайлы сәтінде қабылдадыңыз. Айтқандай, мен өзіммен бірге Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронның құттықтау сөзін әкелдім», – деп сөзін одан әрі жалғастырды. Менің Қазақстанға баратынымды естігенде премьер-министр қуанып қалды. Сөйтіп, ол жаз айында Қазақстанға жасаған іс-сапары жөнінде әңгімелеп, Сізге Президент мырза, өзінің ыстық сәлемі мен ең жақсы тілектерін жолдады. Ол Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамып жатқан ел деп біледі. Сіздердің жетістіктеріңізді қолдай отырып, 50 дамыған елдің қатарына қосылғандарыңызды айрықша атап өтті. Сіздің 20 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасына салған инвестицияңыз еліңізге өз пайдасын әкеле де бастады. Сондықтан, осы ісіңізді өз кезеңінде ең ақылды әрі көрегендікпен жасалған шара деп білеміз. Бұйыртса, «Болашақ» бағдарламасы арқылы жаңа білім мен әлемдегі үздік үрдістерді меңгеріп келген жастарыңыз, алға қойған стратегиялық мақсаттарыңызға жетуге жақсы көмекші болары хақ. Сөз соңында айтарым, Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым алмасу ынтымақтастығы бұдан әрі жалғаса берсін, деді.

Форумның күн тәртібінде Вашингтон, Лондон және Шанхай қалаларымен тікелей телекөпір ұйымдастырылды. Алғашқы болып, телекөпірге шыққан Әсел Сәрсенбаева қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сөйтіп, әлемнің ең таңдаулы оқу орындарында білім алу үшін жастарға бар мүмкіндікті жасап берген Елбасына алғысын айтты. «Біз, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқып жатқан қазақ студенттері Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында еліміздің бейбітшілік пен бірліктің бесігіне айналғанын мақтаныш етеміз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы біздің еліміздің ХХІ ғасырдағы өсіп-өркендеуінің кепілі болатынын да жақсы білеміз. Сіз әрбір қазақстандықтың дербес дамуына мүмкіндік жасадыңыз! Ағылшындарда «home is where the heart is» деген мақал бар. Оны қазақшаласақ: «Жүрегің қай жерде болса, шаңырағың сол жерде» дегенге келеді. Демек, біз қай елде білім алып, қай жерде жүрсек те айналып табар темірқазығымыз біреу ғана. Ол – туған еліміз Қазақстан!», деп сөзін аяқтады Ә.Сәрсенбаева.

Еліміздің даңқты спортшысы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те қазіргі күнде Ұлыбритания астанасында спорт менеджменті мамандығы бойынша білім алуда. Телекөпірге қатысқан ол: «Аса құрметті Елбасы, Сіз маған, өмірге екі үлкен жолдама бердіңіз. Біріншісі – Сіздің рухтандырып, қолдауыңыздың арқасында Лондон Олимпиадасында жарқын жеңіске жеттім. Екіншісі – білім олимпиадасына қатысып жатырмын. Егер мен спортта чемпион болсам, оқуда «Болашақтың» спорт менеджменті бойынша магистрантымын. Осының бәріне қол жеткізуге мүмкіндік жасағаныңыз үшін Сізге шынайы алғысымды айтқым келеді», деді Олимпиада чемпионы.

Келесі сөз кезегін «Болашақ» бағдарламасының 1998 жылғы түлегі Дмитрий Горбунов алды. Ол Германияда кардиохирургия мамандығы бойынша оқыған екен. «Құрметті Президент, қадірлі форумға қатысушылар, мен осыдан 5 жыл бұрын бағдарлама­ның 15 жылдығына арналған жиынға да қатысып, онда балалар кардиохирургиясы бойынша баяндама жасаған едім. Енді содан бергі 5 жылда медицина саласында қандай жетістік болғанын айтқым келіп тұр. Құрметті Елбасы, 2011 жылы Сіздің бастамаңызбен Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық ашылды. Бүгінде сол ғылыми орталықта «Болашақтың» 13 түлегі қызмет етіп жатыр. Оның бесеуі кардиохирург дәрігерлер. Нәтижесінде, қазіргі күнде Қазақстанда кардиохирургия саласы дамып, ол тек Астана мен Алматыда ғана емес, бүкіл облыс орталықтарында қолжетімді болып отыр. Еліміздің саламатты өмір сүруіне барлық жағдайды қарастырып отырған Елбасы, Сізге айрықша құрметімді білдіргім келеді. Осындай ізгілікке толы игі істеріңізде біз үнемі жақсы жәрдемші болуға дайынбыз», деді Д.Горбунов.

Мемлекет басшысы, аталған орталықты және оның қызметін жоғары бағалайтынын айтты. «Науқас балаларға ота жасап, оларға саламатты өмір сыйлау, дүниедегі ең ізгі іс», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сөз кезегі келгенде осылай болашақтық жастар елге, Елбасына деген жылы ілтипаттарын, шынайы алғыс-сезімдерін білдіріп жатты. Солардың бірі – Дәуіржан Ауғамбай. «Ұлыбританияда оқыдым, мамандығым – инвестицияларды басқару. «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған әрбір түлек өз замандастарына шетелдерде алған білімдерін трансферттейтін арна іспетті. «Қазақстан-2050» Стратегиясында басты басымдықтардың бірі – бизнесті дамыту мен экономиканы әртараптандыру. Мен соңғы 4 жылда елдегі көптеген университеттердің студенттерімен, жас кәсіпкерлермен жұмыс істеп келемін. Аталмыш тетік болашақта шағын және орта бизнесті дамытуға жастарды көптеп тартуға жол ашады. Қазір «ҚазСервис» атты сервистік компаниялар одағын басқарамын, оны біз болашақтық досым екеуміз екі жыл бұрын құрғанбыз. Бүгінгі таңда осы одаққа Қазақстанның алты облысында жұмыс істейтін 80 орта және ірі мұнай сервисі компаниялары кіреді. Біз жұмысымызға елімізде жұмыс істегісі келетін шетелдік компанияларды тартамыз. Олар бізбен жаңа технологиялары мен инновацияларын бөліседі. Жаңа өндірістер ашады.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз мыңдаған жас азаматтарға шетелдерде үздік білім алуға мүмкіндік бердіңіз. Сондай-ақ, біздің әлеуетімізді жүзеге асырып, алған білімімізді Қазақстанда, өз еліміздің игілігіне жаратуға ынталандырдыңыз. Сізге шексіз рахмет! деп аяқтады сөзін ол.

Менің есімім Қанат Дүкенбаев, деп бастады сөзін келесі форум қатысушысы. «Болашақ» бойынша 2011 жылы Щвейцарияда «Физика және биофизика» саласындағы PhD докторы атандым. Қазір Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкерімін. Расын айтқанда, биофизика – ғылымның күрделі бағыты. Біз бүгінде қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін анықтайтын және емдейтін технологияны Кембридж университетінің ғалымдарымен бірлесіп зерттеп жатырмыз. Рак дертін бір-екі сағат ішінде анықтап беретін бұл технология Қазақстанда алғаш рет қолға алынуда.

Назарбаев Университеті қазірдің өзінде әлемге танымал ғылым мен білім ордасына айналды. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін, деп сөзін түйді жас ғалым.

Алқалы жиында мұхиттың арғы бетіндегі Вашингтоннан тікелей байланысқа шыққан Диас Жорабеков Елбасына ата-салтымызбен сәлем беріп: «Американың ең қадірлі тұлғасы – тұңғыш президенті Вашингтон десек, қала сол кісінің атымен аталады. Сіз де Қазақстан үшін зор еңбек сіңіріп келесіз. Мәңгілік елдің іргетасын қалап, Отанымызды дамудың даңғылына бастадыңыз. Әсем Астананы салдыңыз. Бізге жарқын болашақ сыйладыңыз.

Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылға дейін шикiзаттық емес экспорттың көлемiн 2 есеге, 2040-қа дейiн 3 есеге арттыру туралы міндет қойдыңыз. Бұл мақсаттарға жетудің ең төте жолы ғылымды өндіріспен ұштастыру екенін айттыңыз. Біз өзімізге жүктелген жауапкершілік пен міндетті сезінеміз, Сіз артқан сенімді ақтаймыз деп уәде береміз», десе, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Францияда геология-минералогия ғылымы докторы дәрежесіне ие болған, бүгінгі таңда Назарбаев Университетіндегі геология кластерін құру жобасының жетекшісі Асқар Мұнара: «Соңғы уақытта геология саласында болып жатқан өзгерістер, атап айтқанда: «Ұлттық барлау компаниясының құрылуы, Қашаған сияқты алып кен орындарының іске қосылуы Сіздің тікелей бастамаңыз. Геолог мамандар атынан өзіңізге үлкен алғысымды білдіргім келеді», деп ағынан жарылды.

Ал кәсіпкер Рүстем Қарымов 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алғанын алға тартып: Елбасының елдік тұғырымызды бекіту жолындағы көрегенді ісі «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелді. Бұл жастар үшін ерекше үрдіс болды. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, осылайша біздің шетелде білім алуымызға үлкен мүмкіндік жасадыңыз. Мен Ұлыбританияда электроника мамандығын игердім. Ол кезде бұл мамандық көп жұртқа белгісіздеу еді. Отаныма оралғаннан кейін қазір жұртшылықтың үлкен ілтипатына бөленген интернет арқылы үйде, не жұмыста отырып ұшаққа билет алуды қолданысқа енгіздім. Осы қадам толыққанды жүзеге асқаннан соң интернет дүкен аштым. Бұл да халықтың сұранысына ие болды. Менің кейбір замандастарым кәсіппен айналысу жайын сұрайды. Оларға берер жауабым: «Біздің елімізде бұл іс өз шешімін тапқан. Заңдылықты сақтасаң, уақтылы салықты төлеп отырсаң болғаны деймін», деп сөзін түйіндеді.

АҚШ-тың Пенсильвания университетінің түлегі, қазір Назарбаев Университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығында зерттеушілік қызмет атқаратын Айқын Асқапұлы өзінің 2004 жылы Қытайдан келгенін айтып, Елбасының қамқорлығына ризашылығын білдіріп: «Қазақстанның тәуелсіздігін шеттегі 5 миллион қазақ та өздерінің орындалған арманы санайды. Сіз азаттық алған күннен бастап шеттегі барша қазақты елге шақырдыңыз. Сөйтіп, қазақтың ұлы көшін бастадыңыз. Сізге әлем қазақтарының атынан шексіз алғысымды білдіремін!» деді.

Осыдан кейін «Болашақ» бағдарламасының тағы бір түлегі Шухрат Садыров сөз алып, Елбасына шетелде алған білімінің арқасында банк жүйесінде табысты еңбек етіп жүргенін, бұл жұмысты бірнеше жылдан бері істеп келе жатқанын, қазіргі кезде Қазақстанның банк жүйесі шетелдің дамыған елдерімен иық теңестіріп бәсекелесе алатынын айтты. Сонымен бірге, ол еліміздің жетекші компанияларына, банктеріне Еуразиялық экономикалық кеңістікте жұмыс істеудің маңыздылығына тоқ­талды. «Біздің елге бұл кеңістікте жұмыс істеу аса маңызды. Бүгінде ЕурАзЭҚ құрылғалы бері Қазақстанның кәсіпорындарына Ресей мен Беларусь сияқты елдердің нарығына дендеп енуге жол ашылып отыр. Бізге тек осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Әрине, Ресейдің жері де, халқы да көп. Беларусь еліне келсек, бұл елде де өндіріс жақсы дамыған. Дегенмен, бүкіл әлемде бәсекелестіктің арқасында барлық елдер бір-бірінен артта қалмау үшін аянбай жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бізге де еліміз үшін аянбай еңбек етіп, шетелде алған біліміміздің көмегімен көршілес елдермен ғана емес, барлық елдермен иық түйістіріп бәсекелесуіміз керек», деді ол.

Осы орайда ол бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдайдың жасалғанын, мысалы, «Жол картасы» немесе агробизнесті қолдауға арналған субсидияның өзі Ресей мен Беларусьте жоқ екенін, сондықтан біздің кәсіпкерлердің көрші елдердің нарығын тартынбай батыл түрде игеруді үйренулері керектігін айтты. Сөзінің соңында Ш.Садыров жас буынға жасап отырған әкелік қамқорлығы үшін Елбасына алғысын білдірді.

Келесі кезекте Қытайдың Шанхай қаласынан Тілектес Адамбаев деген «Болашақ» бағдарламасының стипендианты тікелей байланысқа шығып, өзі оқып жатқан елдегі білімнің деңгейі, Президенттің бастамасымен өмірге келген осынау бағдарламаның маңыздылығы туралы айта келіп, ол да Нұрсұлтан Әбішұлына оқуға түсіп, білімін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығын білдіріп, алғыс сезімін жеткізді.

«Қазір мен жаңа технология және телекоммуникация саласында білім алып жүрмін. Сіз ел тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап жас Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін көре білдіңіз. Сол мүмкіндіктерді іске асырдыңыз. Ендеше, еліміздің бүгінгі келбеті тұтасымен сіздің инновацияңыз! Біз сізбен әрдайым біргеміз. Елге оралып, ерен істерге өз үлесімізді қосуға асығамыз», деді ол.

«Болашақ» бағдарламасының түлектерінің бірі, жас кәсіпкер Данат Жұмин АҚШ-та алған білімінің арқасында кәсіпкерлікпен айналысып жатқанын, өткен жылдары оның компаниясының республикалық бюджетке 150 млн. теңге салық төлегенін айтып, алдағы кезде еліміздің дамуына, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясының іске асуына барынша атсалысатынын атап өтті. Сонымен бірге, ол «Болашақ» сияқты тарихи маңызды бағдарламаны жасап, мыңдаған жастарды бір мақсатқа ұйыстыра білген Елбасының үлкен көрегендігін баса айтты.

Форумда Қарағанды облысынан келген «Болашақтың» тағы бір түлегі мемлекеттік қызметші мектебінің жетекшісі Біржан Әлімжан сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті. Ол өзінің Отанымыз үшін тарихи маңызы зор кезеңде өмір сүріп жатқанын әрі осы ұлы іске өз үлесін қосып жүргенін мақтаныш ететінін жеткізді. «Армандар – мақсаттарға, ал мақсаттар – нақты істерге айналуы тиіс. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясы әрбір жас азаматтың өмірлік жол картасына айналады. Мен барша жастарды мақсатшыл болуға шақырамын!» деді ол.

Ұлттық еріктілер желісінің Қостанай облысы бойынша өкілі Жансая Қожахметова «Болашақ» бағдарламасының мән-маңызы мен соның аясында жастар жасап жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ол өзінің ауылдан шыққанын, ауылдағы құрбы-құрдастарының болашаққа сенімдері мен елдік істерге деген жауапкершіліктерін арттырып, өмірге белсене араласып жатқанын айтты. «Біздің басты бағытымыз – алтын бесік ауыл. Біз ауылдар мен аудандарда «Ақ тілек» орталығын ұйымдастырдық. Сондықтан осы залда отырған барша жастар «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосуға дайын», деді ол. Сондай-ақ, Ж.Қожахметова жақында Президенттің өмірбаяны туралы фильмдер желісін қарағанын, ондағы туындыларды ол жоғары бағалайтынын жеткізді. Бұл фильм қарапайым ғана ауыл баласының қайнаған өмірде қалай шыңдалып, әлемдік тұлғаға қалай айналғанын көрсетеді, деп түйді өз ойын.

Жиында жастардың сөздері арасында Мемлекет басшысы «Болашақтың» 10 000-шы стипендианты атанған Әзімхан Қожахметовке стипендиант куәлігін тапсырды. Осы жерде Елбасының қолынан куәлік алған талапкер: «Бүгін – менің өмірімдегі ең басты күн! Сіздің қолыңыздан ғылым әлеміне жолдама алу мен үшін шексіз бақыт. Сіз артқан зор сенімді мен біліміммен, еңбегіммен ақтаймын. «Болашақ» арқылы шыңдалып жатқан, одан түлеп ұшқан жас зияткерлердің атынан Сізге шексіз ризашылығымды білдіремін», деді.

Форум соңында Қазақстан Президенті қорытынды сөз сөйледі. Елбасы осы сөзінің алдында өзінің атына айтылған жылы лебіздері үшін жастарға алғысын білдірді.

Сіздермен осы кездесу барысында мен екі мәселеге көңіл бөлдім. Біріншісі – Теміртауда металлург болып жүрген 20 жастағы кезімде комсомолдың съезіне делегат болып қатысқандығым есіме түсті. Ол съезд Алматыдағы Опера және балет театрында өткен еді. Залда отырған орнымнан тұрып, мінберге қалай көтерілгенім және сөз сөйлегенім есімде қалмапты. Өйткені, сондағы жағдай маған қатты әсер еткен еді. Ал сендер болсаңдар шешен сөйледіңдер. Ешқандай бір абыржу білінген жоқ. Осыған қарап, қуандым. Екіншісі – жаңа ғана Ұлыбритания министрі сөз алғанда, сендердің ешқайсыларың ілеспе аударманың құлаққабын құлақтарыңа ілген жоқсыңдар. Бір залда бәрі бірдей ағылшын тілін еркін түсініп, жақсы білетін мұншама адам біздің Қазақстанда болған емес. Осыны көріп мен тағы да қуанышқа бөлендім, деді Елбасы.

Мұнан әрі Президент қазіргі күні біздің елімізде де университеттер өздерінің білім беру сапасын арттыруда екендігін еске алып өтті. Қазіргі заманда адамға оқу керек, білім керек. Жеңіске жету қабілеті көп жағдайда адамның жас кезіндегі жігеріне байланысты қалыптасады. Осы жағдайды атап көрсеткен Нұрсұлтан Әбішұлы жастардың шетелден білім алу жолында қиындыққа шыдай білгендіктерін айтып өтіп, олардың алдағы жұмыстарына табыс тіледі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу бітіріп келген жастар күні ертең істе ысыла отырып, бірте-бірте билік басына келе бастайды. Сол кезде ата-баба арманымен, көптеген қиындықтармен келген тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз екендігі ешуақытта естен шықпауы керек. Тәуелсіздікті қорғап, алға жылжыту бағытында үлкен істер тындырылуы тиіс. Әлемде ең көп жұмыс істейтіндер оңтүстік кореялықтар болса, ең аз жұмыс істеп келгендер гректер екен. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады.

Елбасы осы ретте шетелдік жоғары оқу орындарында болашақтықтардан тыс, ата-аналарының қамқорлығымен оқып жатқан 65 мың түлектің барлығын еске салып өтті. Бұл еліміздің жағдайының жақсарғандығын білдіретін көрсеткіш. Ел – болашақ дамуына қосылатын серпінді күш.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы, бұл – жүзеге аспайтын арман емес. Өйткені, еліміздің қолында тәуелсіздік бар. Осы тәуелсіздік біздің ата-бабаларымызға қолға ұстатпайтын армандай көрініп еді. Ақыры оған қол жеткіздік. Сондықтан, өзіміздің осы уақытқа дейін еңсерген істерімізге қарап, мен «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асатындығына сенемін. Біз осы тәуелсіздік жылдарында экономикамыздың көлемін 16 есе арттырдық. 2015-2016 жылдары ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы үлесі 20 мың долларға дейін жетіп қалады. 100 миллиард АҚШ долларын құрайтын алтын-валюта қорымыз бар. Ендеше, біз өз болашағымызға сеніммен қарауымыз керек, – деді Президент.

Елбасы қазіргі әлемдік дағдарыстарға тек қуатты индустриялық базасы бар елдер ғана төтеп беретінін атап айтты.

Сондықтан да біз елімізді индустрияландыруға кірістік. Дамудың шешуші факторына айналған білім экономикасының уақыты келді. Әсіресе, жаратылыстану ғылымдарын: физика, биология, химия, математиканы дамыту маңызды. Оларда инновация үшін сарқылмайтын әлеует бар. Елдің дамуына жаңашыл серпін беру маңызды. Сол себепті біз бүгін ғылымға бұрынғыдан да көп инвестиция салудамыз. Ең заманауи жабдықтары бар зертханалар құрылуда, басқару мен қаржыландырудың жаңа жүйесі жұмыс істейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнан кейін Мемлекет басшысы әлем халықтары үшінші индустриялық революцияның қарсаңында тұрғандығын, оны жүзеге асыру үшін, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу үшін білім керек екендігін тағы бір еске салып өтті. Сарапшылардың пікірінше, бізге әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі 60 мың доллардан айналуы тиіс екен. Әрине, бізде шикізат көздері, минералдық табиғат байлықтарымыз жеткілікті. Бірақ, біз енді басқа экономиканы орнатуымыз керек. Осы жолда үлкен білім керек. Дамыған елдердің қай-қайсысы болсын халыққа сапалы білім беруді алдыңғы қатарға шығарып отыр. Мәселен, Финляндияда мектеп бітірген түлектердің ең үздік деген 10 пайызы мұғалімдік, оқытушылық бағытқа икемделеді екен. Сингапурда мұғалімдер әр жыл сайын 100 сағаттық білім жетілдіру курстарынан өтеді. Өйткені, білікті кадрлар қай елде көп қалыптасса, сол елдің экономикасы үздік болып алға шығады. Сондықтан Германиядағы дуалды оқу жүйесін біз де өзімізде толық қолдануымыз керек, деген Елбасы Қазақстанда білім мен ғылымды одан әрі дамыту мақсатында «Болашақ» түлектерінің 20 пайызы ғылымға қарай бет бұруда екендігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы елімізде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу «жасыл» экономикаға өтудің бастапқы сатысы болатынын сеніммен мәлімдеді.

Қазақстан Президенті ғылымның үлесі басым экономика құру үшін ауыл шаруашылығы, медицина, аэроғарыштық индустрия, көлік саласындағы жаңа технологиялар секілді бағыттар перспективалы екенін атап өтті.

Әлемде ғарыш айлағына ие бес ел бар, соның бірі – Қазақстан. Уақыт пен кеңістікте ғарыш саласының әлеуеті шын мәнінде шексіз. Бірақ, ғарыштың қиянына көз сала отырып, біздер бәрібір дәстүрлі ұлттық көлік жүйесін дамытуға тиіспіз. XXI ғасыр – жерүсті, жерасты және жердегі ұшқыр көліктер дәуірі. Әлемде көліктің үздік зертханалар айналысып жатқан инновациялық түрлері табылатын болады. Бізге де сондайды жасау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан энергетикалық ресурстардың барлық түрінің бай қорына ие екендігін, бірақ солай болса да, жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту қажеттігін айтты.

Таяудағы онжылдықта көмірсутектер мен бейбіт атомға сұраныс болады. Мамандардың бағалауынша, көмірсутек дәуірі әлі кемінде 50 жыл сақталады. Бірақ мұның бәрі энергияның бізге мәлім ашық түрлері. Көкжиектен арғыны көре білу керек. Мысалы, басқарылатын термоядролық синтез және сутегілік энергетика. Оның тиімділігі бізге белгілі энергия көздеріне қарағанда 40 есе артық. Бұл – қазірдің өзінде бірқатар елдерде енгізіле бастаған жасанды фотосинтез, шоғырландырылған күн энергиясы. Осындай әзірлемелермен отандық ғалымдарымыздың да айналысқанын қалаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Болашақ» стипендиаттары мен түлектеріне келешекке негіз қалай отырып, перспективалы технологияларды әзірлеу мен енгізу жұмыстарына араласу қажеттігін атап көрсетті.

Алдарыңа үлкен міндеттер қойыңдар. Сендер өз еңбектеріңнің жемісін жейтін боласыңдар. «Болашақ» бағдарламасы – сендерге мемлекет берген сенім несиесі. Мен сендерді, бағдарлама түлектері мен стипендиаттарын менің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы идеямның белсенді жақтаушылары ретінде қарастырамын. Естеріңде болсын, кім жұмыс істейді, сол ешқашан жастығын жоғалтпайды. Кім жұмыс істеуді қойса, ол отызында-ақ қартаяды. Біз барлық нәрседе үлгі болуға тиіспіз. «Қазақстан-2050» – біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. «Болашақтың» негізінде «Қазақстан-2050» қозғалысын құруды ұсынамын. Жаңа қозғалыс адамдарға еліміздің негізгі міндеттерін түсіндіруі керек. Әрбір азамат Стратегияны, оның міндеттері мен мақсаттарын түсінуге тиіс. Барша қазақстандықтарға бірлік, топтасу және мақсатқа беріктік қажет. Соның барлығын жүзеге сендер асыруға тиіссіңдер. Біздің күшіміз – бірлікте, деген Мемлекет басшысы жалпыұлттық қозғалыс бүкіл қазақстандықтарды бір мақсат жолында жұмылдыру қажет екендігін, міне, сол үшін де халықтың «Қазақстан-2050» Стратегиясын не үшін жүзеге асыратындығымызды айқын түсіну қажеттігін атап өтті.

Бұл Стратегия халықтың мызғымас бірлігі мен зор жауапкершілігін талап ететін үлкен емтихан. Сіздер жассыздар, біз өз ұлтымызды сыйлаймыз, ұлттық құндылықтарымызды құрметтейміз, бізге ең бастысы бірлік керек. Сіздердің және сіздердің ұрпақтарыңыздың бірлігі керек. Біздің буын өзінің мойнына түскен ауыр жүкті тік көтеріп, тәуелсіздікті орнатты. Болашақта оны алып жүру сіздердің еншілеріңізге бұйырады. Осы сәтте еліміздің көпұлтты екендігін, бұл жағдайға ешкімнің де кінәлі еместігін естен шығармау керек. Ол үшін біз кеңдік көрсете білуіміз керек, деген Елбасы алдағы уақыттарда да ел босағасы берік, қуатты болу үшін үштілділіктің негізгі шарттардың бірі болып табылатындығын айтып өтті. Мемлекеттік тілдің да­мытылатындығын, орыс тілі арқылы көп нәрсеге қол жеткізгендігімізді, қазір әлемде шығарылатын әр кітаптың 85 пайызы ағылшын тілінде екендігін еске салды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы жөніндегі ұлттық қозғалыс күллі халқымызды келелі істерге жұмылдыратын қуатты тетікке айналуы қажеттігін, әркім өз саласында нақты жұмыс істейтін болса, сонда жалпы еңбек бірге келіп ел көлемінде үлкен нәтиже беретіндігін ғибраттады.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне дайын болу қажеттігін атап өтті.

Еліміздің табысты болуы әрқайсымызға байланысты, сендер де оның болашағының бір бөлшегісіңдер. Баршаңызды алдағы мемлекеттік мерекемен – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Бұл – халқымыздың жаппай бірлесуі күні. Мен әрқашан осылай болады деп кәміл сенемін. Біз өз топырағымызда 130 ұлттың өмір сүріп жатқанын мақтаныш етеміз. Халқымыздың ішкі бірлігі арқасында біз барлық осынау көрсеткіштерге қол жеткіздік. Барлық құндылықтарымызды сақтай отырып, біз әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің отыздығы қатарына кіруге тиіспіз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы міндеттерін жүзеге асыра жүріп, біз өзіміздің ұлттық арманымызды орындаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті баршаға амандық, бақ-береке және өз Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Форум аяқтала бере Әлімжан Мәліков, Наргиз Сагинова, Әділхан Елеусізов, Дәурен Есалиев, Айсал Ысқақова, Нұржан Оспанов, Салтанат Тұманбаева мен Мақсат Ысқақов секілді «Болашақтың» түлектері де сөз алып, білім мен ғылым, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы ойларымен бөлісті. Онда жастар осынау маңызды стратегиялық бағдарламаның рухани тірегі – жаңа қазақстандық патриотизм болып саналатынын, осы жолда әрбір замандасымыздың жүрегінен нық орын алу үшін тер төгетіндерін айтты. Мысалы, Салтанат Тұманбаева тәуелсіздігімізді баянды етіп, мәңгілік елге айналу үшін аянбай жұмыс істеп, Елбасының сенімін ақтауға барша жастардың атынан уәде беретінін жеткізсе, Мақсат Ысқақов бір сөзінде бабамыздың табаны тимеген жерге енді баланың табаны тиіп жатқанын, Келдібектің ұлы Қаз дауысты Қазыбектің Кембридж университетінде оқымаса да елімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін, сондықтан қазақтай дарынды, талантты халықтың баласы қай жерде жүрсе де әрдайым елдің алды болуы керектігін, біздің елді ақыл мен парасат, адал еңбек пен білім, деніміздің саулығы ғана алып шығатынын атап көрсетті. Кездесуде оның сөзі Елбасының көңілінен шығып, одан: «Қай жерде жұмыс істейсің?» деп сұрағанда Мақсат Ысқақов: «Тіл комитетінің төрағасымын», деп жауап берді. Президент те оған: «Дәл баратын жеріңе барыпсың», деп «Болашақтың» түлегіне ризашылығын білдірді.

//Егемен Қазақстан.-2013.-30 қараша.-1,2 б.



Каталог: ntb -> doc
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> Ғылыми техникалық кітапхана анықтама библиографиялық және Әдістемелік бөлім білім және ғылым
doc -> Қазақ поэзиясының дүлділі
doc -> ҚОРҚыт ата атындағы
doc -> Қалыптасқан қазақстан 2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы нұрлан темірбеков, Д. Серікбаев атындағы ШҚмту ректоры, профессор. Айқын да жарқын бағдарлама
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет