Азат елдің ономастикасы – мемлекетіміздің рухани қазынасы атты ғылыми-тәжірибелік конферецияның материалдары


жердің тархы мен әр пұшпағына қойылған атауларды естеріне сақтаған шежірелі аға



Pdf көрінісі
бет2/22
Дата11.11.2019
өлшемі2,08 Mb.
#51559
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
19 Асанбаева
SBORNIK-80-leti-Nez-RK-16

жердің тархы мен әр пұшпағына қойылған атауларды естеріне сақтаған шежірелі аға 
буын  азаматтарымыз  көп.  Конференцияны  ұйымдастырушылар  оларды  арнайы 
шақыртқан  екен.  Ақсақал  жасына  маңайлаған  ағаларымыздың  шежірелі  әңгімелері 
конференцияға  жиналған  көпшілік  пен  Ы.Алтынсарин  атындағы  Арқалық 
мемлекеттік  педагогикалық  институтының  студенттерін  сол  жолы  түрлі  ойларға 
жетелеген еді. Сонымен қатар атаулар мәселесіне бей-жай қарамайтын, қызығушылық 
танытып  жүрген  басқа  мамандар  да  өз  ойларын  ортаға  салған.  Осы  өңірдегі  қазақ 
ономастикасына  арналған  конференция  болғандықтан  және  бұнда  атауларды 
жаңғырту  «рухани  жаңғырудың»  бір  тетігі  ретінде  алынып  жатқандықтан,  ресми 
жиындар  арысындағы  сабақтастың  маңызын  ескеріп,  жинаққа  арнайы  ұсынып 
отырмыз. 
 
Топонимия – жер-су атауының жинағы ғана емес, ұлттың тарихы мен дүниетанымдық 
әлемі  туралы  деректер  сақталған  рухани  қор.  Халықтың  туған  жерінің  атын  аялап, 
отаршылдардың оны өшіруге тырысатын себебі де сол – ол аман тұрғанда халық – тәуелсіз, 
отаршылдың билігі – баянсыз. Тек бұл әрекеттерін әуелгісі өзіне белгісіз бір күштің ықпалы, 
жүректің әмірімен, ал кейінгісін саналы түрде жүзеге асырады...  


 
Тәуелсіздікті қорғау – ұлы міндет, ол үшін қолға қару алудан да маңызды міндеттер тұр 
алдымызда.  Атау  беру  десе  атамыздың  атын  ала  жүгіруді  әдетке  айналдырып  барамыз, 
бұның  орындалар  ұлы  істердің  аяғына  тұсау  болғаннан  басқа  берері  жоқ  кертартпалық 
екенін  ұғынуға  тиіспіз.  Балбал  тасқа  жазылып,  бабалардан  қалған  «Мәңгілік  ел»  идеясын 
қайта  жаңғыртып  жатқан  қазіргі  уақытта,  тарихқа  мыңжылдықтардың  биігінен  көз  салып, 
өзіміз  ұсынып  жүрген  тұлғалардың  дәрежесін  іштей  бағамдасақ  керек  еді.  Атын  көпшілік 
біле бермейтін батыр-бағландар мен кешегі жетпіс жылдың айналасындағы қайраткерлер сол 
аталған мыңжылдықтарға өлшем бола алар ма екен?! Барша жұрттың аузында қалған қадау-
қадау санаулы ғана тұлғалар болмаса, тарихтың ақ-қарасын әлі өзіміз де танып болған жоқ 
емеспіз  бе?  Тұлғатану  немесе  оны  марапаттау  тарихтанудан  бұрын  тұра  алмайды  ғой. 
Егемендікті бұлай қорғамас болар...  
Қостанай  облысы  әкімдігі  тілдерді  дамыту  орталығының  ұйымдастырумен 
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Торғай 
өңірінің тарихи топонимдері»  атты ғылыми-практикалық  конференцияда айтылған пікірлер 
мен  онда  жасалған  баяндамалардан  түйген  ой-тұжырым  осындай  болды.  Конференцияны 
жүргізуші  институт  ректоры  Сейітбек  Бекенұлы  Қуанышбаев  сөз  бастап,  бүгінгі  күні 
алдымызда  тұрған  үлкен  міндеттерге  тоқталды.  Торғай  өңірінің  қойнауы  тұнған  тарих,  сол 
тарихтың ақтаңдақтары іспетті мыңжылдықтардың ар жағынан жеткен топонимдеріміз бар. 
Олардың  ішіне  бүккен  терең  cырларды  топонимтанушы  лингвист,  жер  қыртысын  танушы 
географ,  ұлт  болмысын,  салты  мен  дәстүрін  жан-жақты  зерделей  алатын  тарихшы 
ғалымдардың бірлескен зерттеулері ғана аша алмақ. Арқалық жеріндегі тарихи топонимдер 
шын  мәніндегі  осындай  кешенді  зерттеулерге  зәру.  Сондықтан,  сала  мамандары  арнайы 
шақырылып  отыр  –  тың  пікірлер  мен  жаңа  ұсыныстар  күтеміз.  Құрметті  әріптестер,  осы 
конференцияда  айтылатын  ойлар  мен  қабылданатын  шешімдер  Торғай  өңірінің  тарихи 
топонимдерін түгендеуге арналған алдағы жұмыстарымыз үшін аса маңызды, сол себепті ой 
шашыраңқылығына  жол  берілмес  үшін,  негізгі  тақырыптың  аясынан  ауытқымай,  өз 
ұсыныстарыңызды ортаға салсаңыздар! – деп сөзін тұжырымдады.    
Конференцияда  Қостанай  облысы  әкімдігі  тілдерді  дамыту  басқармасының  басшысы 
Жанболат  Жұмабайұлы  Үмбетов  пен  Арқалық  қаласының  әкімі  Ғазиз  Ерболатұлы 
Бекмұхамбетовтер сөз алды.  
Бізге кезек келгенде осы өңірдің тарихи топонимдері туралы айта келіп, оның біртұтас 
қазақ  ономаситкасының  құрамды  бөлігі  екеніне  тоқталған  едік.  Алдағы  тұрған  міндет  – 
оларды  толық  жинап  алу,  дегенмен  толық  жинап  алумен  де  іс  бітпейтін  секілді.  «Бүгінгі 
күннің  қажетіне  қалай  жаратамыз?»  –  дейтін    сұрақ  тұр  алдымызда.  Туған  елдің  тарихын 
түгендеу,  келесі  ұрпақтың  зердесіне  қонымды,  ақ-қарасын  айқындай  отырып  аманаттау 
келелі істің бастауында жүрген бүгінгі буын өкілдерінің парызы. «Өтпелі кезеңде өмір сүріп 
жатырмыз,  қоғамдық  дамудың  бір  сатысынан  екіншісіне  өтер  тұс»  -  дейтіндер  табылар, 
дегенмен  өткелден  өту  қанша  сындарлы  болғанмен,  жүйесін  тауып  дұрыс  зерделей  алсақ, 
көп  мәселенің  түйінін  шешуде  жаңалық  ойлап  табудың  қажеті  жоқ  секілді.  Бізге  дейін  де 
тарих,  қоғам  және  онда  өмір  өзі  қалыптастырған  сан  салалы  дәстүрлі  құндылықтарымыз 
болған.  Соның  бірі  нысанға  ат  беру  дәстүрі  еді.  Сол  дәстүрден  аттамай,  бүгінгі  күннің 
қажетіне жарата алсақ дейміз.  
Тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарында,  әсіресе  ауыл,  елді-мекен  атауларын  жаппай 
қазақшаласақ, тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап ауыл қалаға қарай үдере көшкенде 
солардың  біразы  жұртта  қалды.  Тек  ауылдың  ғана  емес,  еш  жерде  тіркелмей,  сол  өңір 
тұрғындарының ғана аузында сақталып келген көптеген жер-су атауларын  да көңілден жат 
қылдық. Ізденіс барысында көп топонимнің қасынан «ауыл орны» деген анықтаманы көріп, 
елсізде елеусіз қалғанына қынжылғанымызды несін жасырамыз. Олай қалдыруға болмайды, 
кешегінің  көзі  ретінде  бұл  атаулар  мәдени  өміріміздің  бір  тарауына  айналуы  тиіс. 
Сондықтан, қала көшелерінен түрлі нысандардан, сән салоны, тағамхана, шаштараз, тұрғын 
үй кешені т.б. атауына айналдырсақ дейміз, сонда әр аймақтың қазағы еліміздің кез келген 
қаласынан өзінің ауылын, қыстағын, тауы мен сай-саласын көретін болады. Мысалы, Торғай 

10 
 
өңіріндегі Көкпекті, Көктал, Жиделі, Қоғалы, Талдыкөл, Қызбел, Айдарлы, Ақбұлақ, Ақкөл, 
Аралтөбе,  Мұқыр,  Саумалкөл,  Жалғызағаш,  Үштөбе,  Қызылжар,  Сарыбел,  Сарыөзек  т.б. 
секілді  көптеген  атауларды  Қазақстанның  төрт  тарабынан  да  кездестіруге  болады. 
Топонимдердің  ұлттық  дүниетанымымен  сабақтасатығын  ескерсек,  бұл  қазақ  табиғаттану 
әлімінің  біртұтастығын  көрсетеді.  Демек,  қазір  айтып  жүрген  «ел  болу,  ұлт  болып  ұйысу» 
дейтін көптеген маңызды мәселелердің шешімі осында тұр – бұрынғы өткен бабалар бізден 
бұрын да осы тақырыпқа барып, тиімді тетігін ойластырып қойған секілді. 
 
Біз  сөз  етіп  отырған  мәселе,  тәжірибемізде  бар.  Мемлекеттік  ономастика 
комиссиясының  шешімімен,  көптеген  тарихи  атаулар  қала  көшелерінен  орын  алды.  Қазіргі 
Астанадағы  Аңырақай,  Арқалық,  Балқантау,  Орынбор,  Сауран,  Сығанақ,  Тараз,  Торғай, 
Түркістан  т.б.  туған  тарихымыздың  әр  тұсынан  хабар  беріп,  қаламыздың  көркіне  айналып 
отыр.  Өкінішке  қарай,  бұл  тек  Елордада  ғана  жүзеге  асып  жатқан  келелі  іс.  Қайырымен 
басталған мұндай жұмыстар өзге аймақтарда да жалғасын тапса дейміз. Тек тарихи мәртебесі 
айқын ірі қалалар ғана емес, халық аузында сақталған түрлі мағыналық сипаттағы атаулар да 
ретімен жаңа ғасырда жұртшылық назарына ұсынылуы шарт.   
«Мәңгілік ел» идеясының өлшемімен алсақ, біз әлі «балалық шақтан» алыс кете қойған 
жоқпыз  –  жаңа  заман  талаптарын  терең  барлап  үлгермеген  кезіміз.  Өткенімізден  алыстап 
қалып,  оған  тосырқай  қарап  тұрған  тұсымыз.  Сондықтан,  кейінгілер  бағасын  бермеген,  
уақыт сынан өтпеген ұсыныстарды стратегиялық маңызы зор салаларға тықпалай беруіміздің 
қаншалықты  дұрыс  болатынын  біз  әлі  білмейміз.  Мұндайда  жаңаша  бір  шешім 
қабылдағаннан гөрі, дәстүрлі жүйеміздің тәжірибелеріне сүйенген абзал. Қазақтың жер-суға 
атау  беруде  ұстанған  қағидаларының  нәтижесінде  «атау  беру  дәстүрі»  және  «дәстүрлі 
атаулар»  орнықты.  Дәстүрлі  атауларымыз  –  әр  аймақта  қолданылатын  мол  санды  біртұтас 
топонимдеріміз. Олардың тарихи, мәдени, саяси, тілдік-теориялық және тілдік-қолданбалық 
сипаты туралы қысқаша осылай тұжырымдауға болады. 
«Жалпы Торғай тарихы шетсіз де, шексіз»  - деп бастады сөзін Ақтөбе және Қостанай 
мемлекеттік  педагогикалық  институттарының  құрметті  профессоры  Қуанышбай  Орманов
«Əттең  олар  дер  кезінде  зерттелмеді.  Талай  дүние  уақыттың  желімен  ұшып,  біразы  Торғай 
құмының  астында  қалды.  Мына  залда  отырғандардың  дені  «Торғай»  дегенде  өздері  туып 
өскен шағын ғана Торғай жерін еске алады. Дұрысында олай емес, Торғай дегеніміз  – Орал 
тауы  мен  Көкше  тауының  болмаса  Жайық  өзені  мен  Есіл  өзенінің  арасын  алып  жатқан, 
солтүстіктегі Үй – Тобыл өзендерімен, оңтүстігі Торғай өзенімен шектесіп жатқан шетсіз де, 
шексіз дала. 
Біздің облысты оңтүстіктен солтүстікке қарай қақ бөліп жатқан Обаған бойы ғылымда 
–  «Торғай  қақпасы»  делінсе,  сол  Торғай  қақпасының  екі  жақ  бетін  алып  жатқан  жерлерді 
«Торғай қыраттары» дейді. Торғай жерінің негізі бұрынғы Николаев (Қостанай) уезінде. Ал 
Торғай қыраты болса ежелден Тұрлардың мекені болғанын біз жақсы білеміз. 
Тарихтан  тағы  да  білетініміз,  ежелден  бұл  жерлерді  тұрлар,  дайлар,  хьондар, 
исседондар  мекен  еткен.  Сол  тарихи  халықтардың  атаулары  –  Есет,  Дай,  Тұран  т.б.  болып 
бүгінге  жетіп  отыр.  Мысалы,  дай  халқының  атауы  –  дай  суында,  ол  бүгінгі  Жайық  өзені, 
Исседон  халқының  атауы  –  Иссет  өзенінде,  Тұр  халқының  атауы  –  Тұран  мен  Торғайдың 
атауларында  сақталған.  Олай  болса,  «торғай»  сөзінің  бірінші  буыны  –  тұр  (тұр  халқы) 
атауымен  байланысты.  Ең  алғаш  бұл  өңірді  мекендеген  индо-арий,  индо-иран  халықтары 
жан жаққа көшіп кеткеннен кейін бұл жерлерді тұрлар мен дайлар, исседондар мекен еткені 
белгілі. Оладан кейін бұл  маң сақ-сарматтардың мекені  болып қалды. Ал сарматтар тілінің 
элемнеттері ең көп сақталған – украин тілі. Сол украин тілінде «гай» дегеніміз бүгінге дейін 
ойдым-ойдым  орманды  алқапты  білдіреді.  Енді  Тұрғайдағы  (Торғайдағы)  тұр  мен  гайды 
қосып  оқысақ,  «Тұрлардың  орманды  даласы»  деген  ұғым  шығады.  Біздің  Торғай  жерінде 
бұрын орман болғанын талай ғалымдар дәлелдеп берген. Міне, біздің болжамымыз бойынша
Торғай  атауының  шығу  тарихы  осындай.  Басқа  дәлел  болса,  оған  қарсылық  жоқ»  -  деп  бір 
тыныстаған Қуанышбай Орманов мұнан өзге Амантоғай, Қарынсалды, Қостанай, Шортанды, 

11 
 
Шұбалаң,  Тоғызақ,  Тосын,  Шұбалаң  топонимдерінің  шығу  тарихына  тоқталып,  олардың 
геологиялық сипатын жан жақты талдап берді.    
А.Байтұрсынов  атындағы  Қостанай  мемлекеттік  университетінің  профессоры  Жақып 
Қалқаман Хасенұлы «Тіл қандай көне қоғамдық санаға жатса, атамекен, жер-су атаулары да 
сондай  есте  жоқ  ескі  замандар  қатпарында  жатқан,  мәңгілікке  сақталған  тарихи  сана. 
Орыстың көрнекі жазушысы К.Г.Паустовский  «Жер атаулары дегеніміз  – халықтың өз елін 
ақындық тілімен бедерлеуі. Бұл халықтың мінез-құлқы, тарихы, ой-аңсары мен тұрмыс-салт 
ерекшеліктері  туралы  сыр  шертеді»  –  деген  екен.  Олай  болса,  тарихи  сана  үзілген  жерде 
рухани  тіршілік  те  үзіледі  дегені  емес  пе?!  Осыны  үнемі  есте  ұстайық.  Ел  мен  жер  атауы 
кездейсоқ нәрселер емес, олардың да өмірге келуінің объективтік заңдылықтары бар. Қандай 
мемлекет,  қандай  ұлтта  болсын  олар  екі  шартты  алға  салып  келеді:  себептілік  пен 
тұрақтылық.  Және  географиялық  сипаттау  мен  тарихи  оқиғаларға  негізделеді.  Қаражар, 
Шиелі,  Сұлуағаш,  Қызбел,  Бестөбе,  Қамыстыкөл,  Тайсойған,  Найзакескен,  Қалмаққырған 
т.с.с.  атаулар  мен  олардың  ғасырлар  бойы  өзгеріссіз  тұрақты  сақталып  келе  жатуы  осы 
сөзімізге мысал болар еді. 
Топонимдеріміз  ғылыми  әдебиеттерде  халықтық,  отаршылдық,  әміршілдік  негізінде 
пайда болған  атаулар деп топтастырылып, нақты ұғымдар қалыптасу үстінде. Қай жер, қай 
халықты алып қарасақ та, өзі ұзақ уақыттар мекендеген жеріне ат беріп отырған. Осы атауға 
әуелі  географиялық  нысанның ерекше қасиеті негіз болады да,  соны дәл беретін сөзді  атау 
ретінде  телиді.  Келе-келе  ол  атау  сол  өңірдің  немесе  жеке  нысанның  барша  болмысын 
сипаттаушы таңбаға айналады. Ілгеріде аталған топтардың ішінде біздер халықтық атау  деп 
соларды  түсінеміз.  Мысалы,  облысымыздың  Қарабұлақ  ауданындағы  біршама  атаулар 
бұрынғы  идеология  бойынша  өзгертілген  болатын,  алайда  төл  перзенті  секілді  атауларын 
халық  өз  жадында  сақтап  қалды.  Мысалы,  Гурьяновка  –  Арық,  Веселый  Кут  –  Алдияр, 
Ельшанка – Шолан, Котлованный – Еңбек, Белоглинка – Мыңбай, Научный – Қыпшақ жері, 
Святославка  –  Еркіншілдік,  Дальный  –  Сүлікті,  Подгородка  –  Сомжүрек,  Новотроицк  – 
Шаған,  Борисовка  –  Ақтасты,  Огнеупорный  –  Иманбай,  Победа  –  Бірлік,  Лесной  –  Қызыл 
шырпы, Славянский – Қарағайлы, Рыбкино – Жадыра. Мұндай атаулар мен жағдай еліміздің 
әр  аймағында  бар  деп  ойлаймын.  Біздіңше  бәрі  қайтарылуы  тиіс,  бірақ  оны  қалай  жүзеге 
асыруға  болады?  Қазірге  бәрін  бірдей  өзгерту  қиындық  тудыруы  мүмкін,  сондықтан  сол 
аймақтардың  әкімшілік  мекемелерінде  қай  атаудың  қалай  өзгертілетіні  туралы  шешім 
қабылданып,  хаттамасы  жасалып,  бектіліп  қойса,  уақыты  келгенде  бірден  ұсына  қоюға 
болады.  Ал  енді  халық  жадында  сақталған  белгілі  атауды  дауысқа  салуды  дауға  салу  дер 
едім. Егер, жаңа нысанға атау беріп жатса қарысылық жоқ, ал тарихи атауларды қайтаруға 
келгенде  жалғыз  жол  осы  болса  керек.  Өзінің  өткенін  ұмытқан  халықты  болашақ  та 
ұмытатынын естен шығармаған жөн.  
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми 
жұмыс  және  халықаралық  бірлестікті  ұйымдастыру  бөлімінің  маманы  Шөптібай 
Байділдин:  Бүгін  сөз  етіп  отырған  Торғай  аймағы  киелі  жер.  Екінің  бірі  Торғай  сөзін  көп 
қолданады.  Себеп  Торғай  губериясы,  Торғай  үйезі,  Торғай  облысы,  Торғай  қаласы,  Торғай 
ауданы,  Торғай  аймағы,  Торғай  өлкесі,  Торғай  даласы,  Торғай  өзені  болып  көптен  бері 
айтылып  келеді.  Осы  өңірге  ерте  заманда  Ұлы  қаған  Шыңғыс  хан,  баласы  Жошы  хан, 
Тоқтамыс  хан,  Алаша  хан,  Қайып  хан,  Кенесары  хан,  Əмір  Əбдіғапар,  Тоқтамыс,  Басалқа 
сұлтандар, Амангелді, Кейкі батыр, Əліби, Ахмет, Міржақыптар мен көптеген ишан, байлар, 
бектер,  қажылар  әулеттері  тұрақтап  өмір  сүрген,  ұрпақ  өсірген.  Бастауын  Ұлытаудың 
басынан  алатын  Дулығалы,  Терісбұтақ  шығысқа  қарай  ойысып  барып,  доғаланып,  ашасы 
тарыла келе Ұлы Жыланшыққа жалғасады, арасында Шығырлы аталатын бөліктері және бар. 
Ұлы  Жыланшықтың  Жалаулы,  Ержылан,  Кезауыз,  Ойғы  Əділ,  Қонжартұма,  Сауранбай, 
Қызылшатқал,  Ақшатау,  Сәкеннің  қасқасы,  Сарбұлақ,  Қарагер  аттың  жырасы,  Бозатан, 
Талдықара,  Зілқара,  Көшек  т.б.  қосымша  суы  мол  салалары  бар.  Жыланшықтың  солтүстік 
беті ойлы-қырлы бедерлі, оңтүстік беті көбіне тегіс болып келеді.  

12 
 
Суы  мол  салалардың  бәрі  қысы-жазы  ел  мекендеген  қыс  қыстаған,  жаз  жайлаған. 
Жыланшық  өзенінің  екі  бетінде  аң,  құс,  балығы  мол,  суы  тұщы  Көшкенбай,  Тұңғышбай, 
Тәуке,  Мұстапа,  Жиде,  Қияөткел,  Қабанбай,  Бекі,  Зорман,  Асат,  Бегжан,  Тоңаша,  Балпан, 
Жәкен, Жалаулы атты қарасулары бар. 
Осы  өңірде  аса  үлкен  Жорғакөл,  Алакөл,  Үдербай,  Бегімбет  алакөлі,  Көгөлең,  Боқай, 
Жарбидайық,  Зәуре,  Кезауыз,  Жарыпшыққан,  Арыстан,  Қарақалпақ,  Қырғы  әділ, 
Жайықбайдың обалысы, Оннан, Кіндікті, Жарық, Бірәлінің сасығы, Түкібай, Ақкөң, Бисары, 
Дәнен,  Бозшакөл,  Сазанбай,  Дәнсары,  Көшек,  Шиқамыс,  Өгізкөк,  Алабидайық,  Қаратай, 
Байтума,  Бозатан,  Ендігіой,  Талғұй,  Тезек,  Доңыз,  Алабұталы,  Айбалта,  Үшбала,  жетіқыз, 
сарықыз,  Қойсалған  атты  сулы,  қамыс-қопалы  көлдері  бар.  Кейбір  көлдердің  аумағы  он 
шақырымнан  асады.  Осы  көлдерді  құстың  көптеген  түрі  мен  қасқыр,  қабан,  қарсақ,  түлкі, 
борсық  т.б. аң түрлері  көптеп мекен етеді. Су аз түскен жылдары көлдердің жағалай жиегі 
шабындық  болатын.  Өсімдіктің  алуан  түрлері  өсетін  бұл  аймақта  жылқы  малын  байлар 
ертеде көп өсірген. 1913 жылғы санақта 25 мың жылқы малы болды деген дерек бар. Тек осы 
өңірде өте майлы, құнарлы, малға жұғымды шайыр өсімдігі өседі. Алабұталарының биіктігі 
екі метрге, көкпектерінің биіктігі метрге жетеді. 
Торғай даласында әлі сыры ашылмаған, аттары анықталмаған, ерекше қала орындары, 
қорғандар,  кесенелер,  жер-су  аттары  бар.  Осы  аймақтағы  Бүйректал,  Үштаған  сыры  толық 
ашылмаған  сырлы  там.  Сырлы  тамға  Шыңғыс  ханның  әйелі  Күлән  жерленгенін  академик 
Əлкей  Марғұлан  осы  жерге  жазба  жұмыстарын  жүргізгенін  білеміз.  Табылған  құпия 
Мәскеуге кеткен, Қазақстанда тіркелмеген. Осы жерде қала орны болуы мүмкін. 
Құмкешуден төрт-бес мың жыл бұрын жерленген үш адам сүйегі 2006 жылы табылса, 
әріректе Айтпай елді мекенінен мың жылдық тарихы бар аты мен құралымен жерленген адам 
сүйектері  табылды.  Соңғы  екі  жылда  Қарасу  ауылынан  алтын  теңге,  әртүрлі  қару  ұштары 
табылса,  Жыланшық,  Жалаулы,  Хантөбе,  Қараоба,  ақоба,  сарторғай,  Торғай  аймағы  әлі 
толық зерттелмеген, тарихы жазылмаған жер-су аттары тіркелмеген.  
Торғай аймағының жер-су атаулары өте көп, олар үнемі зерттеуді, ізденісті талап етеді. 
Осы  конференция  ұмыт  болып  бара  жатқан  келелі  мәселелерді  қозғады.  Бұл  алдағы 
атқарылар  істің  басы  болсын,  істеріңізге  сәттілік  тілеймін,  Торғай  топырағына  қош 
келдіңіздер!   
Л.Н.Гумилев  атындағы  Еуразия  ұлттық  университетінің  докторанты  Айгүл 
Есенғалиқызы  Егінбаева:  Сарыарқа  жері  сөз  болса  көз  алдымызға  мидай  дала,  төбелі 
шоқылары,  аласа  тауларымен  ерекшеленген  шежірелі  Ұлытау,  Қарқаралы,  табиғаты 
өлеңдерде  жырланған  Көкшетау,  Баянаула  елестейді.  Павлодар  облысының  оңтүстік-батыс 
бөлігі  аласа  таулы,  ұсақ  шоқылы  төбелермен  ажыратылатын  Баянаула,  Қызылтау  таулары 
Қазақстанның  ең  ірі  орографиялық  нысаны  Сарыарқаға  сұғына  еніп  жатыр.  Арқаның 
шығыстағы  шекарасы  Балқаш  көлінің  солтүстік-шығыс  бетінен  Шаған,  Аягөз  өзендерінің 
және Ханшыңғыс, Шыңғыстау жоталарына дейін, батыстан шығысқа қарай 1200 шақырымға 
созылып жатыр. Ені батысында 900 шақырым, шығысында 400 шақырым. Ауданы бір млн. 
шақырымға  жуық.  Қарағанды,  Ақмола  облыстарымен  бірге  Павлодар,  Шығыс  Қазақстан 
облыстарының  аздаған  бөлігін  қамтиды.  Ұлан-байтақ  қыратты  жазық  дала  мағынасына 
саяды. 
Сарарқаның көне, яғни орта ғасырлық формасы Арқа екенін тарихи деректер дәлелдеп 
отыр.  Сарыарқа  даласы  ежелден  мал  шаруашылығымен  айналысуға  қолайлы,  құтты  жер 
болған.  
Арқа сөзі орографиялық термин ретінде, онан кейін топоним ретінде өте ертеде пайда 
болған.  Ү  ғасырда  парсы  тілінде  жазылған  «Түркілер  шежіресі»  еңбегінде  «Арқа  Дешті 
Қыпшақ елінде» деген сөздер кездеседі. Қазақтың көне Арқасы шығыста Тарбағатай, Алтай 
сілемдерінен  бастап,  батыстағы  Орал  тауы,  Ор  өзені,  Мұғалжар  жотасына  дейінгі, 
Құрбанғали  Халид  «Тараурих  Хамсасының»  сөзімен  айтсақ,  ұзындығы  2500  шақырымнан 
астам ұланғайыр аймақты құрайды және Оңтүстік Арқа, Солтүстік Арқа, сонымен қатар олар 
тау  елі  және  ой  елі  деп  те  аталады.  Кейбір  деректерде  тіпті  көне  Арқа  Жайық  пен  Еділ 

13 
 
атыраптарына  жеткен  дейді.  Бірақ  бұл  кейінірек  қолданылған  жалпылама  ұғымға  саяды. 
Құрбанғали Халидтың еңбегінде Ор Арқаның ең батыстағы өзені деп көрсетіледі. Сонымен 
қатар, үлкен Арқаның өзі «Оң арқа», «Сол Арқа» деген пікірлер де тарихи деректерде көрініс 
тапқан.  Кейде  «Арқа»  атауы  тарихи  жағынан  –  «артымыздағы  ел,  арт  жақта  орналасқан 
жұрт»  мағынасын  білдіреді.  «Арқа»  тұлғасы  түркі-моңғол,  тұңғыс-мәнжүр  тобындағы 
тілдерде солтүстік, батыс ұғымын қалыптастырады. 
Геолог Г.Ц.Медоев «Арқа» атауы «тау, жота» деген түсініктен шыққан деп пайымдап, 
бұған  қазақтың  қатпарлы  өлкесімен  шектелген  аласа  таулы  аймақты  (Орталық  Қазақстан 
бөлігі)  жатқызады.  Және  оған  Бетпақдала,  Солтүстіктегі  орманды  далалы  өлкелер  (Батыс 
Сібір ойпаты) мен Торғай өңірі (Торғай қыраты) кірмейді деп қорытындыға келеді. Бұл өте 
қате 
пікір 
еді. 
А.Н.Кононов, 
Ғ.Қоңқашбаев, 
Н.Баяндин, 
Е.Қойшыбаев, 
А.С. 
Омарбекованының пікірлеріне сүйенсек Арқаның алып жатқан аймағы орасан үлкен.  
Біз  өз  зертеулерімізде  Сарыарқаның  Қазақстанның  шығыс,  солтүстік-шығыс 
өңірлеріндегі  бөлігінің  оронимиясын,  яғни  таулар  топонимиясына  назар  аударып  жүрміз. 
Табиғи  жағдайы  алуан  түрлілігімен  ерекшеленетін  Арқа  топонимдерінің  таралу  кеңістігіне 
тән өзіндік заңдылықтары бар, осына анықтауға күш салудамыз. Физикалық-географиялық, 
этнографиялық,  лингвистикалық  ақпарларға  толы  топонимдер  жүйесінің  жер  бедерінің 
сипатын  ландшафт  ерекшеліктерін нақты  бейнелейтіндігі  еріксіз  таңдандырады.  Болашақта 
Қазақстанның  үлкен  аумағын  алып  жатқан  Сарыарқа  топнимясын  бірізділікке  келтіріп, 
терминдер  жүйесінің  классификациясын  жасап,  географиялық  атауларын  қалпына  келтіру 
мәселелерін  жүзеге  асыру  және  жан  жақты  зерттеулер  жүргізу  алдымызда  тұрған 
міндеттердің бірі болып табылады. 
Ілгерідегі  аты  аталған  ғалымдар  мен  зертеушелірден  басқа  баяндама  жасап,  өз 
пікірлерін бөлісті. Түрлі сұрақтар қойып, толғандырып жүрген мәселелердің шешімін іздеді.   
Конференцияда  сырттан  келген  ономастика  мамандарымен  қатар,  негізінен  Торғай 
өңірінің  тарихын,  жер-су  атауларын  зерттеп  жүрген  ғалымдар,  зерделі  ізденушілер  өз 
пікірлерін  ортаға  салды.  Балалық  шағынан  туған  топырақты  жалаң  аяқ  кешіп,  оның  қыр-
сырын  терең  танып  өскендіктен  айтылған  ой  да,  ұсыныстар  да  Торғай  тарихи 
топонимдерінің  «әттең-ай!»  тұстарын  дәл  тауып  жатты.  Ойы  айқын,  мазмұны  терең,  елдің 
ертеңі  үшін  аса  маңызды  баяндамалар  үшін  институт  ректоры  Сейітбек  Бекенұлы 
Қуанышбаев,  сөз  арасында,  өз  ризашылығын  білдірді:  «Біздің  студенттеріміз  туған  жер 
тарихы мен жер-су атауларына қатысты бұрын айтылмаған мұндай тың деректерден міндетті 
түрде  хабардан  болуы  тиіс,  сондықтан  оқу  жылы  ішінде  ілгеріде  аталған  профессорларды 
арнайы дәріс оқуға шақырамын» - деп әрі ұсынысын әрі ғалымдарға деген құрметін жеткізді 
қысқа ғана. 
Ұйымдастырушылар және сала мамандары мен пікір  айтушы барша  жұртшылық бір 
байламға  келіп,  теориялық  зерттеулермен  қатар,  қолданбалы  бағыттағы  төмендегідей 
шешімдерді қабылдады:   
-  Қолданыста  бар  атаулар  мен  аймақтарда  белгісіз  жатқан  топонимдерді  жинақтап, 
Торғай өңірінің біртұтас топонимиялық базасы жасалсын. 
-  Ресми  тіркелген  кеңестік  идеологиялық  атаулардың  халық  аузындағы  тарихи 
нұсқаларын  жинап,  ауыстырылуының  негіздемесі  дайындалып  тіркелсін  және  жергілікті 
өкілетті мекемелерде хаттаманың сақталуы қамтамасыз етілсін.  

Əр атаудың тарихы, шығу  уәжі және жергілікті  аймақ тұрғындарының аузындағы 
оған  қатысты  аңыздар  жиналып,  қағазға  түсірілсін  және  баспасөздерде  осыған  қатысты 
мақалалар  жариялансын.  Оқытушы-ғалымдардың  жетекшілігімен  студенттердің  жазғы  оқу 
практикасы Торғай өңірі топонимиясы бойынша материалдар жинауға бағытталсын.  
-  Қостанай  облысы  әкімдігінің  тілдерді  дамыту  басқармасы  мен  сала  мамандары, 
зерттеуші  ғалымдардың  бірлескен  кеңесінің  шешімімен  қала,  аудан  орталықтары, 
ауылдардағы  көше  т.б.  нысандарға  адам  аттарымен  қатар,  тарихи  топонимдерді  де  берудің 
жүйелі тетігі қарастырылсын.  

14 
 
-  Осы жұмыстарды қолданбалы бағытта, тұрақты түрде, алға жыжытып отыру үшін 
келер  жылдан  бастап  Ы.Алтынсарин  атындағы  Арқалық  мемлекеттік  педагогикалық 
институтындағы  кей  мамандықтардың  оқу  бағдарламасына  «Қазақ  ономастикасы»  пәні 
арнайы курс ретінде енгізілсін.  
Осылайша  конференция  жұмысы  әкімшілік  жауапкершілігіндегі  міндеттердің 
аясынан  шығып,  қазіргі  өзекті  мәселелерді  ғылым-біліммен  ұштастыра  отырып  шешуді 
қолға  алды.  Бұл  қазіргі  Елбасы  ұсынған  теория  мен  практиканың  сабақтастығы  идеясын 
жүзеге  асырудың  да  тамаша  көрсеткіші  болып  табылады.  Ұйымдастырушы  топ  осы 
жиындағы    мүмкіндікті  кең  көлемде,  өте  тиімді  пайдалана  білді.  Конференцияда  айтылған 
пікірлер мен ой-тұжырымдар алдымызда атқарылатын қыруар жұмыстың тұрғанын көрсетті. 
Сондықтан, тек «арнайы мекемелердің міндеті» деп қарап отырмай, көзі қарақты, көңілі ояу 
осы  өңірдің  әр  азаматын  ел  ертеңі  үшін  тарихи-мәдени,  тілдік-қолданбалылық  әрі  саяси 
маңызы зор осы бір игілікті істі жүзеге асыруға шақырар едік. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет