Р.НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДРАМАТИЗМ
Көркем ойлау жүйесін қозғалысқа келтіріп, таным санасында екшеп, көркем туындыны дүниеге әкелетін заңдылықтың шешуші ұйытқысы ─ өнердегі драматизм. Әдебиеттану ғылымында драматизм категориясының жан-жақты зерттелуінің бастауында көрнекті ғалым Р.Нұрғалидың тұрғаны мәлім. Ғалым Р.Нұрғали әдеби – эстетикалық категория ─ драматизм туралы 1980-жылғы «Вопросы литературы» журналының № 7 санында жарияланған «Движение жанров» атты мақаласында «... Однако хочется особо подчеркнуть, что в нынешней казахской прозе все большую роль играет драматизм в широком смысле этого слова ─ я имею в виду не жанровую форму, а пристальное, заинтересованное видение казахскими прозаиками наиболее острых, драматичных явлений жизни» ─, деп аталмыш категория туралы өзіндік пікірін танытқан [1,104]. 1971 жылғы «Жұлдыз» журналында «Сөз ─ жанр жайлы» атты мақаласы жарияланды [2]. Ғалымның мақаладағы жанр категориясындағы өзара тоғысу, жанр табиғаты туралы көтерілген өзекті мәселелері прозадағы драматизм категориясының табиғатына арналып айтылған ой-пікірлерінің бастамасы еді. Ұшқындаған ой желісі ғалымның: «Драматизм эстетикалық категория ретінде өнердің барлық саласына, әдебиеттің күллі жанрларына қатысты жалпылық, жинақтаушылық сипаты бар ұғымдардың қатарына жатады.
Қазақ прозасының қалыптасуын, жеке қаламгердің шығармалары жөнінде жазылған белгілі еңбектерде тиянақталған тұжырымдарды бағалай отырып, зерттеудің жаңа объектілеріне ерекше көңіл бөлу шарт.
Осы тұрғыдан қарағанда прозадағы драматизм проблемасын зерттеу – жанрлардың өзара тоғысу, бірін-бірі байыту құбылыстарын, өнердің қазіргі тенденциясын ашып беруге мүмкіндік тудырады. Бүгінгі таңдағы әдебиетке қойылатын биік талаптардың бірі – драматизм » деген пікірінде өз арнасын тауып жатты [3,142]. Суреткер қандай да болмасын жанрдың талабын өз туындысында эстетикалық таным және драматизм табиғатына сай ұтымды пайдаланатыны заңды. Мәселе шеберлікте және дүниетанымның күрделі күрмеуін өнердің күретамыры саналатын драматизм элементтерімен өрнектей білуде.
1970-80 жылдар кезеңіндегі қазақ прозасында қоғамдағы терең қайшылықтар, рухани-психологиялық, адамгершілік мәселелері бейнеленді. Осындай іргелі мәселелер адамның жан дүниесіне анағұрлым тереңірек үңіліп, қоғамдық формациядағы қалыптасқан қатынастарға авторлық сыншылық позиция тұрғысынан елеп-екшеп қараудың нәтижесінде туды. Осы кезең әдебиетінен жаңаша көркемдік ізденістер байқалды. Сондай-ақ шығармаларынан драматизм ұғымына тән құбылыстар ерекше байқалатын Қ.Ысқақов, М.Мағауин, Ә.Тарази, М.Сүндетов, О.Бөкей, Д.Исабеков, С.Елубаев сынды қаламгерлердің шығармаларындағы драматизм табиғатын арнайы түрде қарастыру бүгінгі күннің талаптарын толық ескеру болып табылады.
Әдебиет – өнер. Өнер мұраты – адамзат болмысындағы сұлулыққа деген құштарлықты жандандыру. Әдебиет өнердің бір түрі ретінде үнемі динамикалық қозғалыста болып, даму, өсу, өркендеу үрдісін бастан кешетіні мәлім.
Басты мәселе мынада: аталмыш қаламгерлер қандай жанрда, қандай тақырыпта жазбасын, ең алдымен, адам болмысын, оның ішкі жан әлемінің бұлқынысынан туындайтын әдеби-эстетикалық категория – драматизмді, барша сезім- күйлерін тап басып, тамаша өрнектей білді және де жекелеген адам тағдыры, іс-әрекеті арқылы сол кейіпкер өмір сүріп отырған дәуірге тән сипатты ашып, ақ пен қараны ажырату жағын оқырманның өз үлесіне қалдырып отырғаны да мәлім. Сонымен бірге бұл романдарда адам мінездеріндегі қилы-қилы құбылыстар қоғамдық құбылыстың ішкі қайшылықтарынан туындап, дәуір тынысы анық бояуын тапқан.
Қандай кеңістікте болмасын, ауқымды, салмақты оқиға, құбылыстар ғана жанры жағынан мүмкіндігі мол романға арқау болатыны мәлім. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында әдеби процеске араласқан жоғарыда аттары аталған қаламгерлер қоғамда аз да болса туындаған «жылымық» сәтті терең түсіне білді дедік. Санада, яғни қаламгер санасында сілкініс пен серпіліс пайда болды.
Жалпы адамзат баласының санасы өмірдің аса іргелі категорияларына назар аудара бастады. Қаламгер де адам. Яғни өнер адамының санасындағы өзгерістер жалпы адамзаттық проблемалардан туындаған болатын. Ал өнерді жасаушы – адам. Өнер адамы. Ақын. Жазушы. Демек, соның санасындағы өзгеріс. Ол жасаған өнер туындысында драмалық коллизиялардың асқынған түрінің, көбірек бейнеленуіне алғышарттар жасады. Яғни қаламгердің авторлық концепциясы мен оның төл туындысындағы драматизм табиғатында белгілі бір дәрежеде заңдылық деген ұғымның бар екенін ерекше айтқан жөн. Бұл шығармаларда дәл солай болуының негізгі бастауы қоғамның шынайы келбетіне, саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайларға әр қаламгердің өз уақыты биігінен үңіліп, зерделеуінде, соның нәтижесінде қалыптасқан авторлық концепцияда жатыр дегеніміз жөн.
Ә.Таразидің «Кен» романындағы эпиграф ретінде алынған «Әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар», – деген қанатты сөзі романдағы авторлық концепцияны танытатынын зерделейміз [4,3]. Қараспановтар әулетінің ұрпақтары – әр түрлі тағдыр иелері. Өз пендешілік ұғымынан туған арман-мақсаттарының жетегіне еріп өмір кешіп, «өзіндік» философия қалыптастырып бейнеленуі ерекше. Суреткердің өмірдің қатал заңы бойынша, жақсылықтың өзегіне жамандықтың дәні түседі, ал кейде асқынып, бел алған жамандықтың терең тамырына жақсылық ұрық тастайды емес пе деген ойымен аяқталған роман өмірдің жалғаса беретіндігін меңзейді.
Драматизм категориясын қаламгер концепциясындағы өрілген оймен байланыстыру себебіміздің өзі, драматизмнің формалары (монологтық, диалогтық, интригалық т.б.) қаһарманның ішкі әлемінен хабар беретіндігінде. Демек, қаһармандағы ішкі бұлқыныс, сезім шырғалаңы, тұйыққа тірелу, ар азабын кешу сәттерін психологизмге тән десек те осының өзі драматизмнің көрінісі. Қаһармандағы рухани өзгерістердің автор үшін, әрине, идеялық мәні бар. Ал идея қалыптасқан қаламгердің концепциясынан бастау алатыны мәлім.
«Кен» романындағы драматизм формаларының авторлық концепция мен характер психологиясынан көрініс беруі әр түрлі сипатқа ие.
«Тұтқын» деп аталатын бөлімде фабулалық уақытты автор ұтымды пайдаланған. Қараспановтар әулетіне жау саналатын Қуышбек образы жамандық пен жақсылықтың мәңгі бітпес майданының куәсі сияқты...
«Аулада» – әулеттің басынан өтетін оқиғалар өріс алса, «Замандасым, Гүлзипа-ай» Ботабай сияқты мәңгүрт ұрпақтың өзіндік болмысын аша білген автор концепциясын даралайды. Аптаның әр күні өмірден өзіндік үлес алған Пірәли ұрпақтарының дүниетаным, мінез, болмыс қырларын таныта түсетін оқиғалардан өріле түсетін бөлімдерге жіктелген.
«Тауқозғалған» деп аталатын оқиға Кәкіштің озбыр характерін ашуда ұтымды суреттелген. Ал Стасик образы мәңгүрттік проблемасынан туындайды. Ананың өз баласын жек көруі, яғни Стасиктің анасынан мейірім шапағатын сезбеуі, жеке тұлғаның азу процесіне әкеп соққан. «Кен» романы туралы зерттеуші-ғалым Т.Жұртбай: «Жазушы қоғамдық өмірдегі құбылыстарды әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан барлауға көшкен. Әр кейіпкердің болмысбітімін, оқиғаны тап - тұйнақтай етіп, ешкінің асығындай ғып шақтап беретін жазушы жаңа шығармасында құлашты кеңге салады», − дейді [5,180].
Аталмыш кезеңнің біз қарастырып отырған романдарында ақиқаттың жасырын драматизмі кейіпкерлер арқылы оқырман санасында (танымында) жаңғырады. Бұл драматизм кейде ашық іс-әрекет пен қимыл барысында жүзеге аспайды, ол қаһарманның психологиялық көңіл-күйінде немесе автордың өзінің өмірлік-тірлік коллизиясын қабылдау мен бағалауда жүзеге асады, яғни драматизм романдағы әр образдың сомдалуындағы даралықты түсіндіруге жол ашады. Жалпы алғанда, қаламгер позициясы автордың әлем мен адам туралы концепциясының көркем түрде жүзеге асырылатынын дәлелдейді. «Суреткер – қоғам» жүйесінде жазушы концепциясы шешуші, ұтымды ой қозғайды. Онда әлем мен адамды көркемдік тану процесіндегі әлеуметтік жалпылық (объективтік) және шығармашылық жеке-өзіндік (субъективтік) ой бірігеді. «Кен» романындағы: «Көзі ілініп кеткен сияқты еді, енді соны анық білмей жатыр, түс пе, елес пе, қалай? Бұл осы диванда, осылай жатқан. Кенет басын көтерді, дарбазаны теуіп ашып анасы Ақлима кіріп келеді екен, ақ шаштары дудырап кеткен, еңіреп жылап келеді, қолында, екі алақанына салып алған, бала – қызыл шақа, жаңа туған нәресте, нәрестенің... бір қол, бір аяғы жоқ, молтақ болып біткен, бір көзінің орны теп-тегіс болмаса тыртық та емес.
...Химия заводының алты өңешінен күндіз-түні ақтарылған алты түйе жүн шуда бұл осы «Майқорыққа» директор болған алты жылдан бері жанын жеп, алқымын алып тұншықтырып бара жатқан жіңішке дерт еді, совхоз мекенін «сары шуда» жолынан аулақ қалдыруды талай-талай күрсіне ойлайтын, басшылардың алдына екі-үш рет қойып та көрген, «қой» деген де ешкім жоқ, құптаған да ешкім жоқ» [4,91], − деп келтірілген оқиғаның айтары көп. Себебі, романда сол уақыт кезіндегі экологиялық мәселені ашық айта алмаған. Суреткер Ә.Тарази ананың қолына мүгедек баланы ұстату арқылы адамзаттық мәселені көтерген. Ой полигонның болашақ ұрпаққа тигізер кері әсерінен сақтандыру мақсатынан туындаған.
Авторлық концепцияны жазушының қай шығармасында болмасын жоталы да өзекті мәселелер көтеруі, оны драматизм табиғатына орай шеберлікпен беруі назар аудартады. Бұл ретте «Қорқау жұлдыз» романындағы Арасанбай образы мәңгүрттік проблемасын терең пайымдаған суреткердің көркемдік шешімінде өз өрнегін тапқан. Ағайынды екі жігіттің іс-әрекетіндегі «ширақтықтан» безу қажет. Екеуі де мұғалім, бірақ рухани таяз, жан түршіктіретін адамдар. Автор қоғамдағы осындай типтердің бет-бейнесін интригалық драматизмге арқау еткен. Романдағы интригалық драматизмнің желісі Лиманың Сәрсенбайдың үйіне келуден басталады. Сәрсенбай мен Арасанбайдың киген киімі, сөйлеген сөзі, жалпы, іс-әрекетін баяндауда автор белгісіздік пен дүдәмалдылықты аңғартып өтеді. Авторлық концепцияда рухани-эстетикалық көзқарастардың жүйесі топтасады. Концепциялық көрініс беру формаларын зерттеу − романның идеялық - эстетикалық мазмұны, стилі, драматизмі мен конфликт арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Ал авторлық баяндаудан, сомдаудан тұратын концепцияны танып білуде Лиманың: «Көк жұлдыз... Көк аспан... Көп жұлдыз» деген сөздері ешқашан ойлана алмаған Арасанбайдың санасына жаңғырық әкелумен анықталады. Аула ортасына жеткенде тұра қалып аспанға қараған. Есінен адасқандай бей-жай халге келді. Түнгі аспан көкпеңбек екен. Тұңғиық терең екен. ...Арасанбай ойланып қалды. «Осыдан ғой, сен өліп кетсең... Сен аспанға кетесің, ақ жұлдыз болып кетесің... ал мен өлемін, мен де өлемін, сонда мен қандай жұлдыз боламын? Мен, әрине, қара жұлдыз боламын да», – деген толғанысы бұл жерде үлкен мәнге ие [6,158]. Автор, біріншіден, монологтағы драматизм арқылы қаһарманның рухани күйзелісін аша алған, екіншіден, авторлық концепцияны адами болмысы өзгеріске ұшыраған Арасанбай образы арқылы жеткізуге баса назар аударған. Және бір атап өтерлігі романда тоғышарлардың қоғамға әкелген зияны, білім беру жолындағы өрескел қателіктер бір ғана ауыл мектебіндегі оқиғаны баяндауда берілген. Мұның өзі шымыр өрілген өмір шындығының өнер шындығына қаншалықты үйлесе отырып, қоғамға тән қайшылықты ашуда маңызды екенін де саралауға мүмкіндік береді. «Көркемдік құпиясы» атты кітапта Ә.Тарази «Шығарманы неге «Қорқау жұлдыз» деп атадыңыз? Оның мәні бар ма? Романның эпиграфының қандай мәні бар? деген сұрақтарға: «...Қорқау жұлдыз – астрономиялық ұғым. Аспан әлемінде «черная дыра» деген түсінік бар, айналасындағы миллиондаған жұлдыздарды жұтатын түнекті осылай атайды. Жер планетасындағы әр адам қайталанбас жұлдыз. Өз адамын жұтқан кеңестік жүйе де сол әлгі астрономиядағы қорқау түпсіз жұлдыз тәрізденеді маған. Шығарманың атауының осындай мәні бар.
Біріншіден, Лиманың ішіндегі шер, екіншіден, Тұңғатардың ыза-кегі, үшіншіден, Үндемес кемпірдің кеудесіндегі «ат басындай» үнсіз шер.
Бұларға қоса, әрине, автордың ішіндегі қалың шер. Осы шығарманы жазбасам, өліп кететіндей болып, өміріме қауіп төнгендей болғандықтан, көкіректі жарып шыққандығын жоғарыда айттым», − деп жауап берген [7,61]. Қаламгер зертханасын ғылыми зерттеуге негізгі бағыт етіп ұстанудың өзіндік нәтижесі бар екенін осы бір мысалдан байқауға болады. Жазушының әр кейіпкері көтерген жүкте сол қоғамның қайшылығын тануымызға, үңілуімізге, ойлануымызға салмақ салады. Айтар ой санаға салмақ салады, танымыңды кеңейтеді және өзіңді де сол кейіпкерлермен бірге күйзеліске салады. Әсіресе Тұңғатардың «кішкентай адам» жайлы әңгімесі әр ғасырдың өзіне тән қоғамында осындай адамдардың болатынын шындықпен бейнелей түседі. Драматизм қоғамдық сипатқа ие. Себебі романдағы драматизм табиғаты қоғамдық індеттің жеке адам тағдырына салған салмағымен арналас. Әр қаламгердің әр туындысының әр кейіпкерінің де толғанысы сан алуан ойларымен, ұстанымымен дараланады. Мысалы, Омар (Ә.Тарази «Тасжарған») тоғышарлардың әрекеттеріне мойынұсынбайды, қайта өзін-өзі тануға ұмтылып, «басқа әлем» кешеді. Орманов болса ашық айқасқа түсті, ал Шеге (С. Елубаев«Ақ боз үй») тағдыр басқа салды, мен көндім деп сотталып кете береді. Бұл қоғамдық жағдайдың уақыт және кеңістік тұрғысынан әр сипатта болуымен байланысты. Алайда жеке тағдырлар характері, адами болмысы арқылы авторлық концепцияны тани аламыз. Ә.Таразидің: «Талант иесіне талайлы тағдыр керек. Талант иесі күнбе-күнгі тіршілігінде өзінің жан дүниесіне, өзінің сезім құбылыстарына үңіле білсін, қадағалай білсін. Талант иесі үшін өткінші жағдай жоқ. Өткінші кездерден де, кездейсоқ жәйттен де қорытынды шығара білуі керек. Талант иесінің сарқылмас байлығы бар, ол− өзінің жан-дүниесінде. Өз санасында бар білгенін, көргенін жинап отыратын көркемдік қордасы болуы керек, ол – оқиға, сюжеттер, тосын сөздер, мақал-мәтелдер, суреттер, адамдар т.б.», – деген өзекті пікірі талант табиғатын жан әлемі биігімен таразылауымен құнды. Бұл өз кезегінде шығарма арқауы шындық, арпалыс пен шиеленіске толы ақиқат дегенді ұқтыра түседі. Ал көркемдік ізденіс тың бағытқа, соны арнаға түсуді қалайды [7,9]. Сондықтан да қаламгер концепциясының шеңберін кеңейтуде қазіргі прозаға драматизм элементтерін енгізудің, көркем құрылымға аңыз, миф, фольклорлық образ бен желілерді енгізудің мәні ерекше. Ауыз әдебиетіндегі жырлар, ертегілер формасына қызығушылық пен ден қою адамның ішкі бостандықты алу мүмкіндігімен байланысты екендігі ақиқат. Көне дәуірге үңілу бүгінгінің мәңгілік мәселелерін көтеруде де өзінің өзектілігін жойған жоқ.
Сол себепті де «Халық әдебиеті үлгілері әдеби шығарма жүйесінде әр деңгейде қолданылады. Образ сомдауда, тақырып пен идея арнасында, тіл мен стиль тінінде. Олардың жанры да, әдеби шығарма жүйесінде атқаратын қызметі де түрліше. Халық әдебиеті үлгілерінің әдеби шығарма желісінде суреттеліп отырған болмыстың дерегі, оқиға өзегі ретінде атқаратын қызметі ерекше мәнді», – деген ғалым Ж.Дәдебаевтың пікірі қозғалған ой өзегін тереңдетеді [8,12].
Сонымен бірге суреткер кейіпкерлердің (Райгүл, Лима) ішкі жан арпалысын танытуда, біріншіден, бағзы дәуірден бүгінге дейін тылсым да шытырман сиқырлы күшке ие сандырақтау, елес, түс көру т.б. көркемдік тәсілдерді қолданған. Ал осы оқиғалардың ішкі мазмұнына драматизмнің тән екенін жоққа шығара алмаймыз. Себебі кейіпкерлердің тағдырындағы кереғар сезім қайшылықтарының драматизм табиғатына тән екені аян.
Екіншіден, романдағы Омардың қысылтаяң сәттерде (ұшақтың ішінде, мәдениет сарайында) «Ер Тарғын» жырының шумақтарын еске алып; «Ай батырым, батырым, сөз айтады алдыңа Сыпыра жырау пақырың, ханы, халқың жиналып, айт деп отыр біздерге, құлақ салып тыңдасаң, біз айталық сіздерге! Аруақты туған ер болсаң – неғыласың бір қызды!»− деуі, өз тұңғиығына, ауыз әдебиетіне үңіліп, тереңдіктен сабыр мен ақыл алу арқылы болашақ өмірдегі дұрыс жолды таңдауға себепкер етуде қаламгер концепциясы ұтымды роль атқарған [9,180].
Қаламгер санасы мен қаһарман санасы – эстетикалық өзара тығыз байланыста. Адам өмірінің мән-маңызы, оның рухани бастаулары туралы өзіндік концепциясын ұсынған қаламгер ойы, эстетикалық категория драматизммен жымдасып, көркемдік шеберлікпен таныла алған.
Қазақ романдары табиғатының өзіндік болмыс - бітімін айқындаудағы басты қадамы трагизмге толы ұлт тарихының шиеленісі кезеңдеріне үңілуі болды. Қаламгер С.Елубаевтың «Ақ боз үй» романы адамға, солардан тұратын қоғамға Уақыт пен Кеңістік категориялары тұрғысынан үңілуімен, қазақ халқының ұлттық болмысын жеке кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы шебер аша білгендігімен ерекшеленеді. Уақыт тұрғысынан екшесек, роман ХХ ғасырдың отызыншы жылдары болған тарихи оқиғаны арқау еткен. Автор сол кезеңдегі қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін, тағдыр тауқыметін характерді шебер сомдауы арқылы бейнелеген.
Пахраддин – ескіше сауатты, көкірек көзі ояу азамат. Ат жалын тартып мінгелі өз ортасына әділдігімен, шешендігімен танылған. Зұлмат басталғаннан-ақ замана сырын аңғарған-ды. Осы құбылмалы кезеңде: «Ескіліктің қалдығы деп ол жастар айқаспай жатқан дәстүр жоқ... Және асығыс, қолма-қол жаңаламақ», – деп ой кешкен мырза іштей қан жылап: «...Бұның соңы не болады? Өткенге түгел топырақ шашпаңыздаршы! Өткен деген әкең емес пе, өткен деген ақ басты анаң емес пе! Ата-анасын балағаттау арқылы, ата-анасын табалау арқылы өскен ұрпақ, өлген ұрпақ болады деп есітпедік, ағайын», – деп айғай салғысы келеді [10,153]. Романнан алынған үзінді сол тұстағы өмірдің текетірес (интрига) сәтінен хабар беріп тұр. Драматизм текетіресті өз өзегіне арқау еткен. Хансұлудың, Сырғаның, Пахраддиннің өзін қоршаған ортамен, қоғаммен кереғарлық қатынасы. Ұтымды қолданған драматизм тәсілі бір отбасының басындағы жайтты үлкен ауқымды, асқан әлеуметтік күш ретінде бейнелеуге мүмкіндік берген. Сол тәсілдің аясында аталмыш трагедия бүкіл ел трагедиясына айналған зұлмат екенін білдіре алған. Монологтағы драматизм арқылы автор кейіпкердің жан әлем тереңдігін аңғартқан.
Іштей бір зауалдың боларын сезгенмен, Пахраддин осы сәтте Сырға екеуінің айдалада көмусіз қаларын білді ме екен? Ол жалған дүниенің алдамшы екендігіне наразылық танытып, тұйыққа тіреліп, ақ боз үйге қарай әлсірегеніне қарамай жанталаса ұмтылады. Тұла бойындағы белгісіз бір күш алға қарай сүйресе де, жақындаған сәтте үй көзден ғайып болады. Елес болған ақ боз үйдің жоғалған сәті – романдағы жасырын драматизмнің көрінісі. Ақ боз үй – әділет пен шындық, жақсылық пен мейірім салтанат құрып тұрған өмірінің, сәулелі кезеңінің символы болғандықтан елестеді.
Құм арасында қалған қос кейіпкердің жан тазалығы, адам жүрегіне ізгілік нәрін сеуіп, санасына сәуле құярлық кең мінезі, нұрлы ақылы құмға көмілетіні көңілге сызат түсіреді. Себебі халықты аш бөрідей талаған Сұр Жекей, Жорға Күреңдер, Бұқарбайлардың тасы өрге домаласа, ақ жүрек екі жанның өмірі − өмірдегі жақсылық пен жамандықтың бітіспес «майданының» куәсі.
Драматизм қоғамдағы келеңсіз оқиғалардың қолжаулығына айналған адамдар тағдырына құрылған романның шындықпен өрілген көркемдік шешіміне куә етеді.
Романдағы Сырға образы жан дүниесінің нәзіктігімен, ақыл мен сұлулық жарасымын тапқан мінезімен ерекшеленеді. Нәзік лиризм мен юмор сыңарласқан оқиға қос кейіпкердің адами болмысын тануға жетелейді. «Асылы, осы жұрт та ақымақ. Пахраддиннің байлығы деп, күн құрғатпай өрістегі малын санайды, әй, қандай ессіздер-ей! Әй, Пахраддиннің байлығы үйінде емес пе? – деді. ...Бұныңды біреу естіп қалмасын. Онда бәйбішең де кетті дей бер, кәмпескеленіп», – деді Сырға [10,87].
Кейіпкердің ішкі әлеміндегі өзгеріс пен табиғат көрінісіндегі құбылыстарды автор шебер үндестіре алған. Едігені құм дауылында арпалысқа салса, Пахраддинді өз-өзімен іштей тілдестіріп, ішкі монолог арқылы кері кеткен заманның қайшылығын суреттейді. Пахраддиннің өлуге тақап, өлімсіреген шағын, дәрменсіздігін көрсетуде психологиялық параллелизмді қолданады. Пахраддин мен Сырға әлсіреген сайын, төңірек маңай да көлеңкелене бастайды.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» делінген саяси зобалаң арқау болған шығармаларды драматизм тұрғысынан қарастырғанымызда оларда шешуші факторлар тұрмыстық және психологиялық драматизм болып табылатынын көреміз. Бұл С.Елубаевтың «Ақ боз үй», О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романдарына тән.
Тұрақсыздық ұғымы сол тұстағы қоғам келбетіне, уақыт талабына, дәуір тынысына тән екенін байқаймыз. Нарбураның зары асқынған драматизмді ғана көрсетіп тұрған жоқ, киелі нәрсе бүгін зәбір көрсе, сол зәбірдің тек уақытша екенін, уақыт өте келе тарихта ізі қалса да қанды әрекетімен қалар оқиғаны ұтымды бейнелеп, астарлап жеткізіп тұр. Өзінің мінезінің қисықтығынан жануарға осынша зәбір көрсеткен Жақай, ақыры оны мерт етеді. Адамдардың осындай әумесер қылығына жануар көзімен қарап, баға беру романның мазмұнын айқындап, аша түскен.
Драматизм қаламгердің көркемдік ізденісінен соны серпінді талап етеді. Өмірдің ағымы, заманның тынысы уақыт көшінде өзіндік қат-қабат тартысқа толы. Сол себепті де әр роман жаңаша тәсілді, жаңаша ізденісті қажет етеді. Осындай талап үдесінен табылған жазушы С.Елубаев десек, «Жалған дүние» туындысы соның нақты дәлелі де. «Ақ боз үй», «Мінәжат» романдарының заңды жалғасы – «Жалған дүние» романы. Роман Хансұлудың монологымен басталады. Тағдырдың ащы таяғына төтеп беріп, бүгінде балаларының амандығына шүкіршілік еткен Хансұлу өзінің тіршілігіне тәуба айтуда. Өткен өмірінің жан жарасы балаларының бүгінгі бақытты ғұмыр кешіп жатқандығын ойлағанда, жазылып кеткен секілді болады. Бірақ шүкіршілік еткен өмірінің аз уақыттың ішінде өзгерістерге ұшырауы, о дүниеге барғанда Шегеге «не деп айтамын?» деген сұрақтың шырмауында қалуы, оқиғаны өрбіте түседі. Қаламгер Хансұлудың көрген түсінің мазмұнына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын арқау еткен. Ғазиз ананың Бөпенайды құтқармақ болып алға ұмтыла жығылуы, өлім сәтіндегі реніш табының кеудесінен жан шыққан сәттен кейін де қабағында қалуы, оны Едігенің аңғарып, шешімін таба алмауы, тұрақсыздықтың Едігенің жан әлеміне көшуі интригалық драматизмде көрініс табады.
Драматизм қаһарман санасындағы қайшылық пен қоршаған ортаны жатсынуда, тұйыққа тірелу формасының жақындағанын ситуация арнасында асқындыру сәтінде белең алған. Хансұлу жерленген зират басындағы балшық тамның есігін ашып қараған Едігенің санасына өзгеріс енеді. Осы өзгеріс Маусымжанмен екеуінің арасындағы диалогта, Жәкен молданың баласының үйлену тойындағы көріністерде асқына түскен. Едіге әр оқиғаның желісінде рухани күйреу өзгерістеріне бой алдырады. Сонымен бірге қаһарманның әр іс-әрекетінен коллизиялық тағдырдың тұйықталуының өрісі байқалады. Едігенің ішкі әлеміндегі өзгеріске түсінде көрген оқиғалары әсер етеді. Түсінде жаны масайрап, рахат күй кешіп жатқан ол ата-анасының бейнесінен ажырап қалады. Көңіл-күйі алаң-елең. Осы сәттегі алабұртқан көңілге ие бола алмай жатқан ол киіз үйлерге тап болады. Тобыр адамдар. Осы сәтте Нәзікенді көреді. Қолында ұл бала бар. Бала Едігеден көз алмай қарайды. Едігенің ішкі ой тұрақсыздығын осы көзқарас асқындыра түскен. Түс оқиғасындағы нәресте өмірге келмеген, себебі жарық дүниені көруге әкесі Едіге қарсы болған. Осы ішкі түйсіктен туған ой арпалысы Едігені құм дауылы мен ар дауылының арпалысына салады. Қаһарманын ситуациялы оқиға арқылы сомдау, таныта алу авторға драматизмді асқындыра түсуге жол ашқан.
Едігені өктем үнмен айтыстыру арқылы қаламгер драматизмді тереңдеткен. Сонымен қатар қаламгер қаһарманның ішкі құпиясына иелік еткен. Үкім айтушы ар-ожданды өктем үнге айналдыру арқылы таразыға салған. Роман соңында Едіге өмірден озады. Ішкі дауыспен айтысының трагизммен аяқталу сырын да автор «жалған дүние» деген сөздің мағынасымен үндестірген.
Осы шығармаларды стильдік ерекшелік даралағанымен, бәрінің ортақ желісі драматизмде және адами болмысты ашуға деген психологиялық тереңдікте. Әрине, бұл мәселеге әр жазушы өзіндік ұстаным тұрғысынан келеді.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Нургали Р. Движение жанров //Вопросы литературы, 1980, №7.
2. Нұрғали Р. Сөз – жанр жайлы //Жұлдыз, 1971, №1.
3. Нұрғали Р. Сырлы сөз, Әдеби сын зерттеу, Бір томдық, Алматы, 2000.
4. Тарази Ә. Кен, Роман, Алматы, 1986.
5. Жұртбай Т. Оқырманды алдамайық //Жұлдыз, 1987, № 5.
6. Тарази Ә. Қорқау жұлдыз, Роман мен повесть, Алматы, 1991.
7. Тарази Ә. Мұсалы Л. Көркемдік құпиясы, Алматы, 2000.
8. Дәдебаев Ж. Мұхтар Әуезов және халық әдебиеті //М.Әуезов және әлем әдебиеті: Халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар материалдары, Алматы, 2001.
9. Тарази Ә. Тасжарған, Роман, Алматы, 1980.
10. Елубаев С. Ақ боз үй, Роман, әңгімелер, Алматы, 1989.
Әдебиетте біреу жаза қалыптасады, жаза келісе толысады, енді біреу бірте-бірте танылып келетінін көріп жүрміз. Рымғали үлкен теориялық дайындықпен, табиғатынан біткен сыншылық талғампаздық дарынмен келді де бірден танылды.
Ә.Шәріпов
Қ.Қалыбекова
Достарыңызбен бөлісу: |