Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,


РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ДРАМА ЗЕРТТЕУШІСІ



бет19/22
Дата23.10.2016
өлшемі5,95 Mb.
#69
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ДРАМА ЗЕРТТЕУШІСІ


Академик Рымғали Нұрғали – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар көрнекті тұлға. Ғалымның кез-келген еңбегін, мақаласын оқыған кезде терең білімділікті аңғарамыз. Р.Нұрғалидан студент ретінде білім алып, оның ұлағатты әңгімелерін, жаныңа жылылық пен білім нәрін құяр мазмұнды да мағыналы дәрістерін тыңдап, ғалымның жетекшілігімен әдебиеттану ғылымының табалдырығын аттау мен үшін тағдырдың берген сыйы деп есептеймін. Ұстаз туралы ой толғағанда адам жанын сабырлылыққа баурайтын дархан даланың самал желі ескендей болады. Оның бойынан табылар талант қырларымен бірге адамға рухани жігер беретін парасаттылық қасиеті де қатар тұрады.

Бүкіл өмірін ғылым жолына, әдебиетке арнап келе жатқан белгілі ғалым, әдебиет зерттеушісі, ұлағатты ұстаз, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиұлының сан қырлы талантына байланысты қазақ халқының даналыққа толы “Сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөз тіркесін қолдансақ қателеспейміз.

Ғалым қазақ драматургиясын, драмалық туындыларды зерттеу саласында драма өнерінің жанрлық қалыптасу кезеңдерін саралап, драматургтер шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерделеп, қаһармандардың түрлі іс-әрекетінің психологиялық болмысын эстетикалық кең ауқымда, ғылыми тұрғыда талдап көрсетеді. Драматург шеберлігі, көркемдік ойлау жүйесі тәрізді мәселелерді жан-жақты саралайды.

Драма жанрының табиғатын типологиялық тұрғыдан талдай отырып, қазіргі әдеби үрдістің болашағына бағдар береді. “Драма өнері” атты іргелі монографиялық зерттеу еңбегінде трагедия, комедия, драманың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтарын, іштей жіктелу деңгейін жан-жақты саралап, драма жанрының поэтикасын айқындайды. Қазақ драматургиясының жанрын жүйелі түрде зерттеп, идеялық-эстетикалық еркешеліктерін айқындап, қазіргі жанрлық дамудың тенденцияларын ашып көрсетуді негізгі нысанасына алады.



Әр әдеби тұлғаның қандай жолды таңдағаны туралы біршама зерттеулер бар, бірақ әлі де ғылыми тұрғыдан анықталмаған мәселелер баршылық. Соның бірі – кеңестік жүйенің алғашқы кезеңіндегі әдебиеттегі ұлт-азаттық идеясының көрінуі, оны бейнелеудегі автор қолданған түрлі амал-тәсілдердің табиғатын зерделеу. Осы тұрғыдан қарағанда Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды, бірақ әлі күнге дейін терең зерттеле қоймаған, жұртшылыққа бейтаныс сыры мен қыры жетерлік. Ол – қаламгердің еркіндік пен егемендікті аңсаған қазақ зиялыларының қатарында Алаш қозғалысының идеясынан нәр алған шығармашылық жолы.

Қазіргі кезде М.Әуезовтің бүкіл шығармашылық жолының өн бойында алашшыл көзқарастың созылып жатқаны жиі сөз болып жүр. Қаламгердің “Қараш-қараш оқиғасы”, “Хан Кене”, “Қилы заман” шығармаларынан ортақ ой-пікір жалғастығын, көзқарас сабақтастығын көреміз.

Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігі биігінен көз салсақ, ұлттың рухани әлемінде әділ бағасын ала алмаған талай “ақтаңдақтарды” көруге болады. Ауыз әдебиетінің үлгілері мен ондағы фольклорлық деректер ұлтымыздың рухани жан дүниесінің биіктігін көрсетумен қатар тарихымыздың зерделі айшықтарын тануымызға да зор ықпал жасайды.

Р.Нұрғали “Драма өнері” атты монографиялық зерттеу еңбегінде ғылыми проблемалар сан қырынан қаралады. Қазақ драматургиясындағы ірі де ұлы тұлға М.Әуезовтің драмалық туындыларының идеялық-көркемдік ерекшелігі мен тақырыптық аясының сан қырлылығына ерекше мән береді. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы тарихи трагедия М.Әуезовтің “Хан Кене” пьесасын: “Көркемдік қасиеттеріне келгенде, Әуезовтің “Хан Кене” пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. …Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпылуы Шекспирлік биік деңгейде” [1, 129] деген баға бере отырып, пьеса кейіпкерлері мен шығарма оқиғасына, тартысына және бас кейіпкерлер – Кенесары, Наурызбай, Бопайдың, сонымен қатар сатқын төрелердің пьесадағы көріну деңгейіне ерекше назар аударады. Пьесадағы әрбір кейіпкерге жеке-жеке тоқталып, сан алуан мінез қырларын түрлі ситуациялардағы әрекеттерімен ұштастыра отырып нақты тұжырымдар береді. Өз елінің бостандығы үшін күресіп, елі үшін басын тіккен Кенесарының сыр мен мұңға толы монологы, халықтық салт-дәстүрдің берілу жолдары туралы сөз қозғайды.

“Хан Кене” пьесасы жазылғанына елу үш жыл болса да жарық көрмей, М.Әуезов мұражайының қызметкерлерінің ерлігі арқасында 1983 жылы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томына енгізілген. Бұл туындының көркемдігі, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтқанда, “драмалық жанрдың барлық талап-тілегіне толық жауап береді” 1, 188.

“Хан Кене” трагедиясы қазақ әдебиетінде ең алғаш тарихи трагедия дәстүрін қалыптастырды. М.Әуезовтен үлгі-өнеге ала отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет”, Қ.Бекхожиннің “Ұлан асу”, Т.Ахтановтың “Ант”, драмалары тарихи трагедия дәстүрін жалғастырған туындылар болды. Р.Нұрғали зерттеу еңбегінде осы тарихи трагедияларға да ғылыми талдау жасаған. Бұл еңбекте драма жанрының басты қағидалары жан-жақты зерттелініп, зерделенген.

“Драма өнері” атты монографиялық зерттеу еңбегінен бұрын жарық көрген ғалымның “Трагедия табиғаты” 2, “Арқау” 3, “Вершины возвращенной казахской литературы” 4 монографиялық зерттеулерінде де драма жанры және драматург шығармашылығы туралы ғылыми тұжырымдар жасалған.

Қазақ әдебиеттану ғылымының дамып, өркендеу жолы туралы әдебиетіміздің қайталанбас қайраткері, көрнекті тұлғасы, талантты дарыны, ұлағатты ұстаз Рымғали Нұрғалиұлынсыз сөз қылу мүмкін емес.

Пайдаланылған әдебиеттер




  1. Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы, 2001.

  2. Нұрғали Р. Трагедия табиғаты. Алматы,

  3. Нұрғали Р. Арқау. Екі томдық. 2-том. Алматы, 1991.

  4. Нургали Р. Вершины возвращенной казахской литературы. Алматы, 1998.

Р.Нұрғалиев творчествосының бір ерекшелігі ретінде оның теориялық білімінің тереңдігі мен өзі нысана етіп алған тақырыпты қалтарыс, көлеңкесіне дейін егжей-тегжейлі білуін айтуға болады.
Х.Әдібаев

Ш.Қойлыбаев

РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ АЙТЫС ӨНЕРІ

Айтыс – қазақ ауыз әдебиетінің ауқымы үлкен бір саласы, тарих керуенімен ілесіп келген сахналық сұлу өнер. Шығыс әлемі өзінің мүшәйрәсімен әйгіленсе, біз ата өнеріміз айтысты мақтаныш сезіммен айта аламыз. Халқымыздың биік өресінің өлшемі болған осынау өнер жайында жазылған жазбалар мен құнды зерттеулер том-том демесек те, ауыз толтырып айтуға баршылық. Бағалы гаухар тасты байыптап, әр қырынан қараған сайын әдемі болатыны секілді, әдетте әдебиетші ғалымдардың асыл өнеріміз айтыстан айналып өте алмауы заңды болса керек. Айтыстың әдебиеттегі орнын айқындауда орыстың озық ойлы ғалымдары В.Радлов, Г.Потанин, төңкерістен бұрын төл мұраларымызды жинаған Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев кешегі кеңес дәуіріндегі А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Ә.Тәжібаев, Т.Нұртазин зерттеулерінің маңызы айрықша. Ауыз әдебиеті үлгілерінің үлкен бір өзгешелігі синкреттілігі болса, бұл мәселе әрине айтысқа да қатысты. Он сегіз мың ғаламда оңаша жаратылып, оқшау тұрған еш нәрсенің жоқ екендігін ескерсек, айтысты да басқа жанрлармен байланыссыз қарастыра алмаймыз.

Айтыстың шыншылдық, суырыпсалмалық, сыншылдық қырлары зерттеліп ғылыми айналымға түскенімен, оның драмалық сипаты жоғары деңгейде қарастырылды деп айта алмаймыз. «Шынында ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын көп ақындар өз заманында театр жасамай не жасады? Солар жасаған сауық елдің құр қуанып, құр көңіл көтергенінен басқа кәрі-жастың сай сүйегін босатып, әруағын шақыртып, барынша қыздырып желіктірген жоқ па еді? Одан соң ұзататын қыздардың тойында еркек пен әйел қақ жарылып алып айтысатын «Жар-жар» салт ойыны туғызған театрдың өзі емес пе? Солар сияқты, толып жатқан айтыс өлеңдерінің қай-қайсысы болса да, қалай болса да қоюға болады» [1.53], - дейді айтыс өнерінің тамырын тап басып, табиғатын таныған жазушы, академик М.Әуезов. Ғұлама ғалымның тү-у түркілерден бермен қарай келе жатқан бекзат өнерді театрға теңестіруі тегіннен-тегін болмаса керек.Тыңдарман қауымды қуантумен қатар қайғырта да алатын, таңқалдырып қана қоймай терең толғанысқа түсіретін айтыс өнерін театрмен терезесі тең емес деп кім айта алады. «Біржан-Сара» секілді айтыстың бірегей классикалық үлгісінің одақ кезінде операға негіз болуы ойымызды орнықтыра түспей ме?

Әдебиетіміздің айбынын асырған ақын, зерделі зерттеуші Ә.Тәжібаев: «Ұлт поэзиясының бай түрлері, оның көпшілік ойын сауығы үшін репертуарға айналған ғажайып үлгілері көшпелі жұрттың өзінің ұлттық салтына, өмір өзгешелігіне лайық дәстүрлі театры болғанын дәлелдейді»-[2.9], - деген орнықты ой түйеді. Ал, профессор С.Садырбаев «Айтыс күллі көпшіліктің қатысуымен өтетін театрлық өнердің бір түрі» [3.19], - деп батыл байлам жасайды. Айналып келгенде, телегей теңіздей фольклорлық мұрасы бар елде, айтыс жанрының ғасырлар бойы театрды жоқтатпай келгендігін аңғарамыз.

Қазақ драматургиясының өркендеуі мен қалыптасуы жайлы түптеп зерттеп, түбегейлі айналысқан қазіргі әдебиеттану ғылымының бел темірі іспетті, белгілі ғалым, академик Р.Нұрғали еңбектерінен театр және айтыс өнерінің төркіндестігі төңірегінде соны пікірлерге қанығамыз. Әдебиет алыбы Әуезовтың алдын көріп, Кенжебаевпен бірге ғылымның кенін қазысқан қайраткер ғалымның, шығу тегі ежелгі Эллада елінен бастау алатын театр өнері мен қазақтың қанына сіңген айтысты салыстыра сөз сабақтауы біздерді біраз ойға жетелейді. «Трагедия табиғатын» танып, «талант тағдырына» алаңдаумен қазақ драматургиясының «күретамырын» тап басқан ғалым «Өнер алды – қызыл тіл» атты монографиясында: «Маска пердені пайдаланған «Дель арте» театрының тарихы қызық. Бұл импровизация, суырыпсалма дәстүріндегі театр. Пьессаның дайын тексті жоқ, ұлы жоба сценарий ғана бар...

Типологиялық жағынан «Дель арте» театры қазақ айтысына ұқсас. Қазір айтыс фольклордың бір нұсқасы ретінде ғана зерттеліп жүр. Асылы айтыс өнері ұлттық драма мен театрдың ежелгі үлгісі ретінде тексерілуі керек» [4.14], - деп атамұрамызға жаңаша қарауды атап көрсетеді. Шындығында, театр өнеріне тән белгілердің біразы айтыстың өне бойынан көрініс береді десек, артық айтқандық болмас еді.



      1. Мал-жан амандығын сұрасып, мамыражай басталған айтыстың әрі қарай ширығып, шиыршық атып тартысқа ұласуы.

      2. Айтыстың көпшілік көз алдында туындап, ақынның табан асты тапқырлығы, шеберлігі, қозғалған тақырыпқа қолма-қол үн қосуы, азаматтық ұстанымы, алғырлығы көрерменге алақанға салғандай көрінуі.

      3. Айтыс үстінде ақынға актерлық қабілеттің қажеттілігі, домбыра қағысы, тосыннан қойылған сауалға тосырқамай жауап қатуы, дауыс мәнерінің ерекше мән ойнайтындығы.

Ұлттық өнеріміз бен тамырын тереңнен тартқан театр ұқсастықтарын тізбелеуде тізгін тарта тұрып, айтыстың көне замандардан көшпелі елде көшелі сөз айтылар хәм көңіл көтерер әмбебап жанр болғандығына қарай ойысалық. Айтыс көшпелі өмір кешкен елдердің көбіне тән өнер, бірақ ол бірінде аз, енді бірінде мейлінше мол дамығаны мәлім. Бұл бір жағынан жазу-сызудың кенжелеп, ауызекі дәстүрінің кең тарап етек алуынан туған қажеттілік болса керек. Сөзді айрықша қадірлеу мен қасиет тұту – жалпы сөз атаулыға жүрек төрінен орын беру емес, қайта сөзді жоғары сатыға көтеру, шын мәнісіндегі өнер дәрежесіне жеткізу деп ұққанымыз жөн. Айталық ердің құнын екі ауыз сөзбен түйіп, жауласқан екі жақтың да риясыз бітімге келуі, мұндай кесімді бәтуаны ақ сақалды қария айтса да, алты жасар бала айтса да, айтушысына қарамай, айтқанына қарап алуы халқымыздың сөзге деген талғамының биіктігін байқатса керек. Сайын даланы дүбірлеткен көшпелілер мәдениетін бар болмысымен бойына сіңірген қара шаңырақ иесі қазақ халқы екендігі еске түскенде мақтаныш сезімі кеудені кернейді. Атамұра өнерімізді өркениет көшіне ілестіріп келе жатқан, ілгергіде өткен ірілердің үзігіндей, от ауызды орақ тілді ақындардың болуы, айтыс десе ішкен асын қойып, еміреніп тыңдайтын еліміздің барлығы осы ойымыздың айғағындай.

Академик Р.Нұрғали еңбектерінің танымдық мәні талай ұрпаққа рухани азық болып тағылым берері даусыз. Біз бүгін сонау 1914 жылы Семейде Абайға арналған кеште Біржан мен Сара айтысының инсценировкаланып, сахнаға қойылғанын, оған қазақтың қазанаттай азаматтары Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалиндердің қатысқандығына ғалымның зерттеулерінен қанығып отырмыз. Інжу-маржан тергендей ізденісте жүріп, қазақ жүрегіне ізгілік «дәнін» сепкен, «өнердің эстетикалық нысанасын» анықтап, қазақ драматургиясын кеңінен зерттеген, оның кемесін ақ «айдынға» шығарып «тел ағыста» жүздірген ғалымның әдебиеттану ғылымының ілгерілеуіне үлкен үлес қосқаны айқын.

Әдебиетіміздің әрін кіргізіп, оған байтақ фольклор ауылынан келіп қосылатын айтыс өнері жайында зерттеу монографияларында білдірген маңызды пікірлер осынау өнерді М.Әуезовтің тектен-текке театрға теңемегендігін нықтай түседі. Айталық: «Расында қазақ айтысын қазақтың халықтық театрының үлгісі деп қарауға болатын шарттар толық бар. Негізінен айтыс жасырын, жабық жерде, құпия түрде емес, бірен-саран жазып, хат арқылы айтысуды айтпағанда, негізінен топ алдында, көпшілік ортасында, жиын-тойда, үлкен аста, қыз ұзату, шілдеханада, қалай болғанда үлкен-кіші, әйел-еркек, көп әулет, көп рулар өкілдері бас қосқан жерде өткен. Айтыстың қашанда көрермені бар» [5.86], - деген байламы айтысты жаңа қырынан қарауға жетелемей ме? Айтыстың ауыз әдебиетіндегі орны, ондағы әлеуметтік мәселелердің көтерілуі, ақындардың табан асты тапқырлығы, сөз қолданыстары туралы ілгері-кейінді айтылған көптеген пікірлерді білеміз. Ұлтымыздың өзіне тән ерекшелігін танытар ұлық өнеріміздің сыншылдық, әшкерелегіш, саздық, сахналық сонымен қатар драмалық сипаттарын зерттей түсу зерделі жастардың міндеті екендігі анық. Драмаға оқиғаны қызу тартысқа құрып, мейлінше ширықтырып, шиеленістіріп, шарықтау шегіне әбден жеткізіп барып тану тән болса, ата өнеріміз айтыстың басталуы, қарсыластардың бірін-бірі іліп шалуы, шарт-шұрт сөздің найзағайын ойнатуы, соңынан байсал тауып байыпты шешімнің айтылуы бізден болашақта айтыстың драмалық сипатын дербес қарастыруды талап етеді.

Академик Р.Нұрғалидың «қашанда театр сахнасы – күрес сахнасы, әлеуметтік күрес, моральдық күрес, психологиялық күрес» [6.27], - деп түйіндеуін айтыс өнеріне байланыстыра түсінсек айтыстың да көпшілік көз алдында өтетіндігі, оның өне бойынан әлеуметтік те, моральдық та, психологиялық та күрестің табылатындығын сенімді түрде айта аламыз. Демек, театр өнері мен атамұрамыз айтыстың арасындағы айырманың аздығына тағы көз жеткіземіз.

Елуден аса зерттеу монографияларынан Алаш идеясына адалдығы танылатын академик, ұстаз Р.Нұрғалидың ұлттық ұғымдарды ұлықтауда да ересен еңбек еткені екінің біріне аян. Арнайы зерттеу нысанасына айналдырмаса да, ара-тұра айтыс туралы қозғаған көкейкесті ойларының орны өзгеше. Ғалым «Айтыс өнер ме, ойын ба?» атты баспасөзде басылған мақаласында, бүгінгі айтыстың бүге-шүгесіне дейін тоқталып, «бүгінгі айтыс дау жоқ ең алдымен сөз сайысы, әдебиеттің бір жанрлық формасы, екінші жағынан театр драма элементтері аса мол сахналық өнердің ерекше түрі, қалың көрермен алдында көрсетілетін спелтакль, көркем ойын, қызықты шоу, техникалық мүмкіндіктер арқылы жазылып алынып, теледидар, видеодан үлкен аудиторияларға көрсетілетін, мыңдардың жүрегін жаулайтын сауықнамалық өнер [7], - деп жаңаша тұжырым жасайды. Айтысқа берілген ілгергі анықтамалардан іргесін аулақтау салған секілді, дегенмен еріксіз бас шұлғытады. Бір ғана айтыстың айналасында әлі талай зерттеулерге жүк боларлық көкейкесті мәселелердің барлығын байқатқандай.

Парасатты ойдың иесі, әдебиеттану ғылымындағы пайымды еңбектердің авторы, академик Р.Нұрғалиға пайғамбар жасынан жаңа асқаныңызбен, жасқа келгендегі қазақтың өз өлшемі Жамбылдың жасына жетіңіз демекпіз. Еңбектеріңіз ғұмырлы, шәкірттеріңіз ұғымды болсын. Ұлағатты ұстаз аға.

Пайдаланылған әдебиеттер


      1. Әуезов М. Шығармалар. 2 том. - Алматы: 1967.

      2. Тәжібаев Ә. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы.

- Алматы: 1971.

      1. Садырбаев С. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. - Алматы: Мектеп. 1977.

      2. Нұрғалиев Р. Өнер алды - қызыл тіл. - Алматы: Мектеп. 1974.

      3. Көкейкесті әдебиеттану. 3 кітап. Құр. Р.Н.Нұрғали. - Астана: Күлтегін. 2003.

      4. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. - Астана: Елорда. 2003.

      5. Айтыс өнер ме, ойын ба? Айтыс өнер ме, ойын ба? // Егемен Қазақстан. 16 қаңтар, 2004 жыл.

Асылы адам бойындағы ізгілік нышанын танытар іргелі қасиеттердің екі түрлі бастауы, көзі болады. Бірі - ұшқан ұя. Бойына ана сүтімен енген, әке мінезімен дарыған тектілік, этнобиологиялық субъективті процесс. Екіншісі – қоғамдық ортаның ойға, санаға тікелей ықпал етер объективті қалыбы, яғни іште жасырған, қанында, сүйегінде жатқан үнсіздікке үн бітірер, тілсіздікке тіл бітірер сыртқы орта, заман, уақыт, ағыс. Өкпесі мен жүрегін өктемшіл империяның дерті қысқан, алыс та болса – жақын, жақын да болса - алыс, сөз ұғар қазақ үшін қай кезде де қадірлі де қасиетті саналар Абыралының жаралы топырағынан келген Рымғали Нұрғалида осы екі бастау мен көздің екеуі де бар еді.

Н.Оразалин

Р.Беркенова

Р.НҰРҒАЛИЕВ ЖӘНЕ АЛАШ ҰРАНДЫ ӘДЕБИЕТ

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қазақ әдебиетінің даму тарихын еске алғанда бүгінде есімі тек Қазақстанға ғана емес, дүниежүзінің көптеген елдеріне мәлім болған академик Рымғали Нұрғалиев есімі ойға оралады. Сол тұста жиырманың жотасынан енді ғана асқан жас ғалым қазақ әдебиеттану ғылымында алаш ұранды әдебиет тақырыбына алғашқылардың бірі болып барған еді. Оның 1967 жылы жарияланған “Қилы заман” қандай шығарма деп аталатын мақаласы осы тақырыпқа жасалған батыл қадам болатын.

Алпысыншы жылдары әдебиет сыншылары мен әдебиеттанушылары социолистік реализм әдебиетінің құндылықтары мен құнсыздықтарының аражігін ажыратпай жазу теңденциясы белең ала бастаған еді. Бұл теңденцияның әсері Әуезовтану мәселесінің айналасынан да табылып қалатын. “Абай жолы” эпопеясы социалистік реализм көркемдік әдісінің жемісі деп санадатын ғылыми көзқарасқа екінін бірі деп қоятын. Ал, Р.Нұрғалиевтің өзінің зерттеу мақалаларын М.Әуезовтің шығармашылығына арнауы бізді бұндай ойға жетелей алмайды.

Р.Нұрғалиевтің “Трагедия табиғаты” деп аталатын кітабы 1968 жылы жарық көрді. Бұл монография қазақ әдебиеттану ғылым үшін үлкен құбылыс болды. Себебі, ұлы жазушының драматургиясындағы трагедия жанры 60 жылдарға дейін кең көлемде зерттелмеген еді. Оның басты себебі М.Әуезовтың 1930 жылы “Социалды Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттеріне жариялаған мойындау хатында айтылғандармен де байланысты еді. Олай дейтінім осы мойындау хатта М.Әуезов жиырмасыншы жылдары өзінің туындыларының алаш ұранды әдебиетпен мазмұндас болғандығын “Еңлік - Кебек”, “Қарагөз” пьесаларымен қатар “Қилы заман” романдарын жазғандығымен дәлелдеген еді.

Р.Нұрғалиевтың кандидаттық диссертация тақырыбын М.Әуезовтың драматургиясынан алуына кемеңгер қаламгердің жиырмасыншы жылдары ұстанған әдеби бағыттын, оның кейінгі уақыттарда жазған шығармаларында жалғасқандығын терең тануы себеп болған еді. Әрине, бұл концепцияны көрнекті ғалым кеңес дәуіріндегі дүниеге келтірген онға жуық монографиялық зерттеулерінде ашық түрде жария ете алмады. Бірақ ұлттық драматургия тарихының фольклорлық театр тарихымен қатысты тұстарында алаш ұранды әдебиет бағытының даму эволюциясын шым-шымдап көрсетуге тырысты. Бұған дәлел Р.Нұрғалиевтің “Талант тағдыры” атты зерттеу кітабы. Бұл зерттеуде қазақ театрының негізін салушы Жұмат Шаниннің өмірі мен драматургиясы кең түрде сөз болды. Осы еңбек М.Әуезов ұсынған Алаш ұранды әдебиет бағытының отызыншы жылдарда жалғасқандығына куә ретінде алға тартылады. Зерттеуші М.Әуезовтің 20 жылдардағы туындылары мен Ж.Шаниннің комедиялық пьесалары мен ұйымдастырушылық жұмысындағы идеялық сабақтастықты жіті аңғара білген.

Шындығында да М.Әуезов жоғарыда аталған мойындау қазақ халқының әдет-ғұрпы салттық санасын көрсетуге күш салғанын айтқан еді. Бұл идея жазушының 1928 жылы жазған “Жалпы театр өнері мен қазақ театры” деген мақаласында қамтылған бірнеше ұсыныстарымен ұштасып жатқан болатын. Демек аталмыш мақала алаш ұранды әдебиет бағытындағы мақала болып табылады. Ал, Ж.Шанин болса қазақтың кәсіпқой театрын ұйымдастыру кезінде М.Әуезовтің қазақтың фольклорлық театры мен фольклорын жасаушыларды әрі олардың репертуарын сахнаға шығару керектігі жөніндегі пікірлерін үнемі басшылыққа алып отырды. М.Әуезовтің Қазақтың қуларын да сахнаға шығару керек деген пікірін жиырмасыншы жылдардың соны мен отызыншы жылдары толық жүзеге асырған да Жұмат Шанин. Бұған оның ел аузында аңызға айналып кеткен атақты қуларының іс-әрекеті негізінде “Айдарбек”, “Торсықбай деген комедиялық пьесалар жазуы. Әдетте отызыншы жылдар әдебиетін ХХ ғасырдың басқа дәуірлеріндегі әдебиеттің дамуымен салыстырғанда шын мәніндегі таптық әдебиет деп жүрміз. Бұнда шындық та жоқ емес. Отызыншы жылдар әдебиеті жиырмасыншы жылдардағы ұлт жанды ақын жазушылардың шығармаларынсыз дамыды.

Р.Нұрғалиевтің зерттеушілік жұмысының Алаш ұранды әдебиет тақырыбынан басталуының арғы астарында ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихын ұлттық бағытта қайта жазу принциптері жатыр.

Бұл ойдың Рымғалидің санасына ерте, әрі терең сіңіуіне сол ұлтшылдармен қатар жүрген, олардың трагедиялық тағдырына куә болған ғалымдардан дәріс тыңдауы қатты әсер еткен.

Р.Нұрғалиев Алаш ұранды әдебиет деген концепцияны тәуелсіздік туғаннан кейін ғана ашық түрде жариялай алды. Ол Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында шығарған “Мұхтар Әуезов және Алаш” деген зерттеу мақалалар жинағында осындай концепцияны күн тәртібіне енгізді. Оны бұған дейін де шәріттерінің құлағына құйып келе жатқан болатын. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультетінің студенттеріне “Алаш ұранды әдебиет” деп аталатын арнайы пән жүргізді. Мұндай арнайы курсты ол Қазақстандағы басқа да оқу орындарында олардың арнайы шақыруымен өткізіп келеді.

“Мұхтар Әуезов және Алаш” деген кітапқа “Трагедия табиғаты” деп аталатын монографиясымен қатар Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов жайындағы бұрын еш жерде жарияланбаған мақалалары енгізілген. Мұхтар Әуезовтің мұрасын ХХ ғасырдың басындағы қазақтың тұңғыш демократ жазушылар тобының шығармашылығымен бірге қарастыруы оның о баста ұстанған ғылыми концепциясымен сай келеді. Бұдан шығатын қорытынды Рымғали Нұрғалиев М.Әуезов шығармаларының басты көркемдік тәсілінің реалистік сипаттардан ытқымағанын, оның тарихи бастаулары халық ауыз әдебиетіміздің түпнегізі мен сабақтасып жатқанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.

Көрнекті зертеушінің ұлт жанды жазушылар негізін қалаған Алаш ұранды әдебиетті туғызған тарихи, Саяси әлеуметтік жағдайларға терең мән беруі Маркстік–Лениндік методологияның туын жарамсыз болып қатты жәрдемделетіндігін де айта кетуіміз керек. Р.Нұрғалиев ұсынған концепцияның маңызы қазақ төңкерісіне дейінгі әдебиет пен төңкерістен кейін пайда болған жаңа әдебиеттің аражігін ажыратпай қарастыруға жол ашатындығы. Осы концепция арқылы ХХ ғасырдың басындағы және Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі қайта қолға алынып жатыр. Пролетарияттық әдебиет жасау идеясы Алаш ұранды әдебиеттің дамуын бір жола тоқтата алмағандығын Р.Нұрғалиев талдауларынан ой тұжырымдарынан терең ұғып білеміз.

Р.Нұрғалиевтің Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын трагедиялық тағдырын, зерттеу саласындағы қомақты еңбектері жоғарыда аталған кітаппен шектелмейді. Ол бағыттағы зерттеулерін үнемі тереңдетіп, әдебиеттің басқа салаларымен тығыз байланыстырып, ауқымын кеңейтіп келеді. Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметін атқарған жылдарында да алаш ұранды әдебиет өкілдерінің шығармаларын, олардың ұлттық журналистиканы қалыптастырудағы сіңірген ұшан-теңіз еңбегін насихаттауға да көп үлес қосты. “Қазақ”, “Айқап” деп аталатын энциклопедиялық кітаптарға тікелей өзі басшылық жасай отырып шығаруы осының айғағы. Әлихан Бөкейхановтың таңдамалы шығармаларын қазақ энциклопедиясының бас редакциясынан дайындап шығарған да Рымғали Нұрғалиев.

Кейінгі Қазақ кеңес әдебиетін қайта бағалауға Р.Нұрғалиев ұсынған Алаш ұранды әдебиет концепциясы көп жеңілдік туғызатыны сөзсіз. Ең әуелім бұл концепция кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіндегә ұлттық идеялар көріністерін өзара сабақтастыруға қарастыруға мол мүмкіндік береді.

Әдебиетіміздің қазіргі таңдағы келбетін, қорамсағын көбінесе 45-65 жастың о жақ - бұ жағындағылардың тұтас бір талантты да үлкен шоғыры нақты айқындайды десек, онда солардың кіндік тұсында қарағайға қарсы біткен бұтақ тәрізді сыншы әрі ғалым Рымғали Нұрғалиевтің алшаңдай басып, нық адымдауы көпшілігімізді тек сүйсінтпесе, ешқандай күмән-күдік тудырмайды.
Қ.Мұхаметжанов
К.Төлеубаева


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет