ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫ ЖӘНЕ СЫНШЫ ЕҢБЕГІ
(ХХ ғасырдың 60-жылдары Р.Нұрғали қаламынан туған
бір шағын еңбек хақында)
Әлемдегі кез келген құбылыстың тууы, өркендеп, дамуы, қалыптасуы болатынын ескерсек, қазақтың бүгінгі таңдағы даңғайыр әдебиетші ғалымы Р.Нұрғалидің да зерттеуші ретіндегі алғашқы қадамы ХХ ғасырдың орта тұсынан басталады екен. Ғылым жолына бүкіл саналы ғұмырын бағыштауға бел байлаған адамның алғашқы дүниелерінен-ақ оның ізденгіштік қырларын, шеберлік сипаттарын, стильдік кескін-келбетінің алғашқы сұлбасын байқау қиын емес. Ұлы қаламгер Әуезовтің, мейлі, жиырмасыншы, мейлі, отызыншы немесе қырқыншы-елуінші жылдардағы көркем шығармаларын оқып отырып, өзара салыстырсақ, тек дана заңғар Әуезовке тән стильдік даралықты байқайсың, ал стиль ұғымының тек қана ұлылар қаламына тән болып келетіндігі белгілі.
Өткен, яғни ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары ішінде жазылған ғылыми, сын дүниелерді барлап, шолып отырғанымызда көзімізге «Жұлдыз» журналының бетінде жарияланған «Қаракөз» трагедиясының екі нұсқасы» атты мақала түсті. Авторы – Рымғали Нұрғалиев. М.Әуезовтің классикалық дүниесінің екі нұсқасын салыстыра отырып, төмендегідей пікір түйдік: біріншіден, сол ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы әдеби сынның тегеурінді де білікті, қуатты да білімді болғандығы; екіншіден, қазақ сынының дәл сол өре-деңгейі арқылы қуатты да құнарлы әдеби өнімдердің болғандығына көз жеткізетініміз; үшіншіден, сол дәуірдегі әдеби сында классик қаламгерлердің әдеби туындыларын белсенді түрде саралаудың қолға алынғандығы; төртіншіден, әлі балаң азаматтың бірнеше еңбегі емес, бір ғана еңбегі арқылы ғылыми әлеуетінің, сарабдал сыншылығының өрелілігіне көз жеткізетініміз (әңгіме мақала авторы Р.Нұрғалиев туралы болып отырғаны белгілі шығар); бесіншіден, әдебиет теориясында өзіміз эпос, лирика, драма деп бөліп жүрген әдеби тектердің ішінде зерттеушісі аздау боп жүрген тектің драма екені белгілі, аталмыш мақала сол олқылықтың аз да болса орнын толтыруға бағытталғандығы.
Асылы, бірер мақала жазған зерттеушінің алғашқы аяқ алысына қарап, оның келешегіне көз жүгірту қиын емес. Оны айтып отырған себебіміз: ол кездегі балаң жігіт Р.Нұрғалиев – бүгінгі атақты ғалым, академик Р.Нұрғали өзінің кейінірек туған әйгілі еңбегі – «Трагедия табиғатына» сол алпысыншы жылдардың ішінде-ақ әзірлігін бастап кеткен екен.
Зерттеуші «Қаракөз» трагедиясының бірінші және екінші нұсқасын салыстыра зерттейді. Ғалымның айтқанындай, «...шынында «Қаракөз» трагедиясының бірінші нұсқасы кездейсоқ, көпжасық туынды емес еді. Бірақ оның беташары ретінде жазылған прологы мазмұнына органикалық түрде кірігіп, біртұтастықпен қиысып тұрған жоқ. Сірә, драматург оны спектакльге түсіндірме, кіріспе тәрізді нәрсе айту қажеттігінен алған болуы керек. Мейлі, қалай дегенде де «Қаракөздегі» пролог Әуезов творчествосының алғашқы кезеңіндегі дүниетаным олқылықтарын көрсетініні анық».
Расында да сахнаға қария адамның, үлкен ақсақалдың шығатыны бар еді ғой. Қарияның жұртшылыққа айтатыны мынау:
«Ол асса бір соққан желдей,
Алыста сары белдей,
Арқаның ақ төсінде ақ айналы көлдей,
Толықсып аққан селдей,
Шырқап кеткен келмей, алыстағы
асқардай
Алқынсаң да келмейтін аршындап өткен заман ғой»
Прологтың шығарма мазмұнына әдемі кірігіп, жымдасып кетпегені шындық. Алайда ақсақалдың сөзіндегі кейбір ой-пікірді зерттеушінің сынауы, ескілікті аңсағаны, келмеске кеткен дүниені сағынуы деп атауы, шынын айтсақ, сол замандағы иделогияның талабын ескергендіктен туындап отыр деуіміз керек. Әйтпесе, еліміз қазіргі тәуелсіздігін алған бетіндегі уақытта Әуезов шығармашылығын Алаш идеяларымен біртұтас бірлікте қарастырған Р.Нұрғалиұлы Мұхаңның заңғайыр талантына күмән келтіріп тұрған жоқ. «Дегенмен, бүкіл шығармадан туатын объективті идеяны елемей, прологтағы қате пікірді, жаңсақ жәйттерді ұстап алып, авторға айып тағу сол тұстағы тұрпайы социологиялық сынның бір құралы болатын. Дәлелсіз, сөйтсе де талай уақытқа дейін Әуезовке қоңырау болып тағылған, оның творчествосын қалың оқушы жұртшылыққа қате түсіндірген әуен отына май құйған осындай сындар еді» - деп көрсетеді Р.Нұрғалиев. Байқап, бажайлсақ, Р.Нұрғалиев ұлы Әуезовті сол тұстағы кеңестік идеологияның талабына сәйкес аздап «сынаған» сияқты болғанымен, солақай да содыр, білімсіз де тұрпайы сыннан аман-есен алып қалуға, қорғауға тырысыпты. Ал дөрекі сынға тосқауыл қоя алатын нәрсе – салауатты сын, биік зияткерліктен, ұшан-теңіз білімнен, ғылыми қағида – көзқарастан туындайтын толғамды тұжырым, парасатты пайым екендігі еш дау тудырмаса керек. Міне, нағыз сыншыға, ғұлама ғалымға тән элементтер сол тұстың өзінде-ақ Р.Нұрғалиев шығармашылығынан, бір ғана мақаласынан байқалған екен.
Сыншы «Қаракөздің» әдебиетімізге әкелген жаңалығына жан-жақты тоқталып, жіліктеп талдай алған.
«Қаракөздің жанына,
Жара салған жарына,
Күңіренткен зарына,
Қайғылы болған халіне,
Айырбас болған малына,
Артта қалған ағайын,
Туғаны мен барына,
Назарланып налына,
Бетін ашып тарыла» – деген жолдарға тоқталып, ащы сықақтың бетін ашады. Бұл тәсілдің бас қаһарман тұлғасының сомдалып, даралануына тигізген әсер-ықпалына сыншы саралау жүргізген.
Әуезовтей драматургтің осынау шығармасына терең зерделеу жүргізген сыншы пьесадағы көркемдік тәсілдер жүйесіне кеңінен тоқталып, шебер талдай алған.
Трагедияның алғашқы және кейінгі нұсқасын салыстыра зерттеген сыншы ең өзекті мәселе етіп, туындының көркемдік-эстетикалық өре-деңгейін алған, соны басты назарда ұстаған.
Асан шалдың:
Жар-жар айта біз келдік, еркем, сізге,
жар-жар!
Айтысқан сөз жарассын сіз бен бізге,
Қуанышты тойыңды құттықтаймын,
Тілеу тілеп алдыңнан үй мен түзде,
жар-жар!
Еркелетіп өсірген беттен қақпай,
Жар атын да айтпаған зорын таппай,
Көп тілеулес ағайын ортасында
Бетін аштық сол сөздің келген ашпай
жар-жар!» – деп салған жар-жары Сырым аузымен айтылған Қаракөздің мына жар-жары емес.
«Бүгінгі күн түрленген қынаулымын,
Айналамда көз де көп, сынаулымын.
Іштегі дерт сонда да шықсын сыртқа,
Ырзалық жоқ, мен зарлы жылаулымын, жар-жар!»
Бұл – сыншы Р.Нұрғалиев пікіріне сүйенсек, драмаға қойылатын биік талаптардың тоғысқан тұсы. Әдемі сәт. Ширыққан тартыс. Күрделі характер. Бұл жолдар – Қаракөздің өксігі. Бұл жолдар – Маржанның етіне тиген қып-қызыл шоқ. Нарша үшін қайғы. Қасірет. Қақтығыс тартыс сахнасына екі адамды шығарды. Олар – Маржан мен Сырым.
Маржан: «Ей, Сырым, бермен кел! Кел алдыма! Жөніңді айтшы, осы сен! Көзіме айт!».
Сырым: «Мен – Қарауылдың жігіті, Қаракөз – Қарауылдың қызы, ардагері де аяулы сұлуы». Шарпысқанда Сырымның мерейі үстем болып шығады. Шындық – ащы нәрсе. Өтірік – тәтті нәрсе. Баршамыздың ащыдан гөрі тәттіге жүгіретініміз сондықтан. Сырымды мерейлендіріп, рухын үстем қылып тұрған – сол шындық. Жеңілген – Маржан. Алайда Маржан өзін жеңілдім деп ойламайды. «Рухани жағынан Сырым жеңгенмен, тізелі қара күш өз дегенін істеді – Қаракөз Наршаға кетті! Пьесадағы драмалық тартыс бір қарағанда осымен байсал тапқандай көрінуі де ғажап емес...» дей келіп, сыншы толғамды тұжырым жасайды: «Басында жүрек шері, көкірек мұңы ғана болып, екі жас арасында дірілді сезім, шешен, отты тілмен оңашада айтылған сыр жеріне жетіп болған соң, қанаттанып күш алып, майданға шықты. Той үстінде Қаракөз характері көрінбегенімен, өрттей жалынмен келеңсіз топқа шүйліккен Сырым характеріндегі серпінді күшті Қаракөзге де тән деп іштей байлау жасайсың».
Бір қарағанда көркемдік шешім сияқты болып көрінетін жоғарыдағы жайт тартыстың келесі сатысына баспалдақ боп тұрғанын зерттеуші бірден байқаған. Сондықтан Р.Нұрғалиев Әуезовтей ірі драматургтің қаламгерлік зертханасына шебер ене алған. Ұңғыл-шұңғылды, қатпар-қатпар, тылсым да жұмбақ өнер өлкесіне зерделі зияткерлігімен сыпайы енген Р.Нұрғалиев өмір барда тартыс барын, күрес барын шебер аңдатқан. Әуезов идеясын дөп басқан.
«Маржан сияқты қараңғылықтың мықты балуанымен кездескенде құламасын ұғынған Сырым тоқтар ма енді. Әуелде сенімсіз көңілмен өзі тайғанақ тартып, қобалжыған іске Қаракөзді батыл шақырар дәрмені бар қазір... Күрес тоқталмайды. Сырым шырқын бұзған топ тағы да бас құрап, келін боп келе жатқан Қаракөзді тосып отыр. Бұл ситуацияда бұрын өзара қақтығысып, талай жерге барысып қайтқан характерлер жаңа қырымен көрініп, аласұрып жатқан небір сезімдер тағы да шарпысады» - деп қорытынды жасайды сыншы. Өмір бар да, күрес бар. Тартыс бар. Тартыс жақсылық пен жамандықтың текетіресі мен шарпысуынан, ашынған айқасынан туындайды. Жер басып жүрген Адам атты пенденің басым бөлшегі Жақсылықты сүйеді. Жамандықты даттайды. Олай болса, сол жамандық пен жақсылықтың өзі де адамдар пиғылынан, іс-әрекетінен туындайтыны анық. Егер адамзат баласының басым бөлшегі жақсылықты қолдаса, мына фәни жалғанда көп реттерде жамандықтың мерейінің үстем болатыны неліктен?! Міне, Әуезов пьесасының идеялық негізіне терең үңіле отырып, сыншы Р.Нұрғалиевтың оқырманға, көрерменге қояр философиялық сауалы да осы.
Трагедияда өзіне тән құрылымдық сипат – ерекшеліктер бар. Драматург қолданған тиімді де ұтымды көркемдік тәсілдер бар. Пьесаның тілі тартымды. Характерлер қақтығысы бар. Ашылған айқас, тартыс бар. Тартыс характерлер қырын ашқан. Характері ашылған әр қаһарман өзінің кім екенін, қандай жан екенін көрсетіп тұр. Сыншы Р.Нұрғалиев «Қаракөздегі» драматург қолданған көркемдік тәсілдер жүйесін талдағанда ұлттық болмыс қырларына жіті үңілген. Пьесадағы ұлттық болмыс-бітім сипаттарына айрықша мән беріп, оны темірқазықтай ұстай отырып, көркемдік тәсілдер жүйесіне келгенде, әлемдік драматургияның айдынына көңіл бөлген. «Қаракөзді» әлемдік драматургия асылдарымен көркемдік-эстетикалық құндылықтар тұрғысынан алып, салыстыра қарастырған. Трагедияда айрықша ажар бар, әдемі айшық бар. Әр бояу шебер айқындалған.
«Тоғайға бардым... тағы барам ба!.. тоғайды қуалап кете-кете барып... азынаған көрге барам ба? (күліп). Тоғайда ән салады екен. Жібек шапаны бар... Біресе жел боп кетеді. Торғай болып кетеді... Жоқ-жоқ... Шөп боп кете ме?.. Әлде неме боп кетеді? Ұйқым кеп кетеді... Тоғай... Жапырақ... Тоғай... Түн... (шошып), ойбай... Пышақ... Кісен... Әже!..». Есінен танған, есінен айрылған Қаракөздің сөзі. Шығарма финалы. Драматургтің шығарған үкімі. Жер бетіндегі барша адамзаттың басында болмаса да, бірталайында болатын қайғы-қасірет. Өмір бар жерде қайғы бар, қсаірет бар. Түн бар, түнек бар. Бірақ олар мәңгілік емес. Мәңгілік болса, жаратылыстың ұлы заңындағы тепе-теңдік жоғалған болар еді. Түн артынан күннің шығатыны мәлім. Жамандықтың орнын жақсылықтың басатыны да белгілі. Өмір философиясы осындай. Сыншы, зерттеуші Р.Нұрғалиев Әуезовтің оптимизмге негізделген идеясын Қаракөз аузымен айтқызғанын жоғары бағалаған.
«Бу беліңді бекемірек!.. Шеш күрмелген тіліңді! Мені де, өзіңді де ақта! Тапсырамын осыны! Сынған ер жамалады, сыны біткен көңіл қайғысы сөзбен жазылады. Сенің даусың биік қалың тоғайдың басын теңселткен қатты дауылдай аңқып ессін. Сенің бетіңе тура қарар жау болмас. Дауыл мен жауында жай ұшырған жапырақтай болып өшеді, жоғалады. Шеш тіліңді! Оян, серпіл! Сөйле, сөйле!..» Оптимистік идея. Жігерлендіретін шешім.
Шағын болса да, атан түйеге жүк боларлық аса ауыр салмақты көтеріп тұрған мақаласын сыншы төмендегідей жолдармен тәмамдапты.
«Қаракөз» трагедиясы сан ырғақты, ғаламат мол үн жамырай табысып, дауылдап барып, аяқталатын қаһармандық симфониясының финалындағыдай әсермен бітеді. Бұл шығарма – қазақ драматургиясының інжу-маржанының бірі».
Р.Нұрғалиевтың осынау ғылыми тұжырымын өмірдің өзі-ақ дәлелдеп берді. «Қаракөз» трагедиясы Әуезовті ғана емес, оны жап-жас кезінде шебер талдаған Р.Нұрғалиевты да өсірді, қыран қанаты талып жетер биіктерге беттетті.
Рымғали Нұрғалиев - әдебиетке табиғи таланты, ащы шындықты ашып айтар әділ сыншылдығымен қоса зор білім мен биік эстетикалық талғамды ту етіп тіге келген қаламгер. Сондықтан да болар, дүйім жұрт Нұрғалиевтан әрбір кітабымен әдеби өмірге соны серпін ала келуін үміт етеді.
А.Еспенбетов
А.Бейсентай
СЫНШЫ ЕҢБЕГІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
(Академик Р.Нұрғалидің Мағжан шығармашылығы жайлы
толғанысы хақында )
Бүгін де басқа елмен терезелері тең бола бастаған қазақ елдерінің өткен тарихында даналары мен данышпандары аз болмаған. Ұлы кемеңгерлеріміздің елі үшін жасаған ерен еңбектерін, зиялы қауым өкілдерінің еңбектерін зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде тер төгіп жүрген, қазақ жерінің құтты мекенінде туып, келешек жастарының тарихын, әдебиетін жете білу үшін еңбек етіп келе жатқан азаматтар аз емес. Солардың бірегейі – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, профессор Рымғали Нұрғали ағамыз.
Адамзаттың азаттығы үшін, кейінгі ұрпақтың еркін де, бейбіт өмір сүру үшін, тәуелсіздігі үшін армандарына жете алмай кеткен боздақтардың атын бүгінгі ұрпаққа ұмыттырмас үшін архив ақтарып, тер төгіп көлемді де, құнды еңбек жазып жүген Рымғали Нұрғали ағамыздың 65 жас мерейтойында халқы үшін жасаған ізденістері көп деп саналады. Атап айтқанда, «Күретамыр», «Айдын», «Телағыс», «Арқау», «Айғақ», «Сырлы сөз» т.б. кітаптары.
Тәуелсіздік туы желбіреп, халқымыздың сан ғасырлар бойы тұмшаланып келген асқақ арманы мен ой-мүддесін жүзеге асырудың кезеңі туды.
Зиялы қауым өкілдеріміздің халқына қайта оралуына, шығармалары мен еңбектері жарыққа шығуына ықпалын тигізген әдебиетші-ғалымдарымыздың еңбектері өте зор. Сол ғалымдарымыздың бірі – Нұрғали ағамызда ХХ ғасырдағы қазақ әдбиетінің алып тұлғаларының шығармашылық тағдыры ұлттық рухтың бейнелену деңгейі тұрғысынан жаңаша зерттеді. Сол алып тұлғаларымыздың бірі – тәуелсіздіктің уын ішіп, еркін сөйлеп, еркін жаза алмай қуғынға ұшыраған Мағжан ақын еді. Мағжан ақынның да артында өлмес мұрасы – поэзиясы қалды.
Рымғали Нұрғали ағамыз «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» Мағжан поэзиясын былай бағалайды: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүние» /1,99/.
Мағжан да Міржақып сияқты «Оян, қазақ» деп ұлттың сана-сезімін оятып кеткендей еді. «Қазағым-ау, мынау бодандық жағдайда тұруың барған сайын төзгіссіз болып барады, соны түсін, түсінсең – анық оянғаның», - дейді. Өзің ұлт есебінде сезінген қауым өз тағдырын өз қолыңа алуға қабілетті екендігіне сенімі нығайып, өз бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күреске тәуекел ету керек екенін ұғады. Мінеки, сол кездегі бір алуан қазақ лирикасына да, поэмасына да арқау болған Мағжан идеялары осы. Ақын туындыларынан жаныңа, қаныңа сіңетін сөз - қазақ жұртына мақтаныш сазы. Бір жағы – ұлттың жігерін қайрау сазы.
«Боданшыл деп бөжектей берме,
Сен ешкімнен кем емессің, қазағым »
деген ойы тура айтылмаса да, жүрегіңе жетіп, өзегіңді өртейді.
Көп өлеңдерінде-ақ Мағжан өзі бір жанып тұрған жарық сияқты. Біз ақынның ішкі иірімдерімен, ой-сезім толғаныстарымен қатар, оның өзін қоршаған ортасын да түгел танимыз. Ол орта дегеніміз көрініп тұрған адамдар, жануарлар ғана емес, немесе табиғат, ғаламшар ғана емес, ақын қолданыстағы нәзік бояулар мен дыбыстар, жер бетіндегі көбімізге беймәлім құбылыстар.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады,
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады.
Аққан өзен, тұнған теңіз дүниесі де ақын өмірінің бір шындығы секілді. Өлеңнің нәзік бояулары мен дыбыстары, үндестігі сондай сұлу келісім тапқан, өз деміңмен бірге жаралған дүниедей сезінесің.
Мағжанның нәзік сыршылдығы мен мұңшыл жұмбақ жаны, сұңғыла көрегендігі оның шығармаларынан нақты байқалады. М.Жұмабаев поэзиясы өзінің ішкі мазмұнының тереңдігімен, қарапайым сөздерінің құбылуымен, құлпырған сөздерінің құдіреттілігімен, бүкіл жаратылысты, адамзаттың тыныс-тіршілігін қабыстырып, қиыстырып, біріктіріп бізді қоршаған жанды да жансыз бар дүниеге тіл бітіріп, жан ендіріп, онымен бізді сырластырып, олардан тылсым сыр ұқтырып, әлем кеңістігін шарлатып, көңілдің көк дөненімен терең ойды, сезіммен жетелетіп, біздің жырға деген іңкәрлігімізді арттырып, бір серпілтіп, жан дүниемізді сергітіп, қуанышқа кеңелтіп, тамаша рахатқа бөлейді. Бұл, әрине, ақын шығармаларына тән негізгі қасиеттің бірі. Бұндай үлкен, ірі шеберлік деңгейге жетуде Мағжанның ақындық келбеті де, негізгі айтар ойы да, алға қойған мақсаты да, өмірді тану көз қарасы өте айқын көрінеді. Сол себептен болар ақынның әрбір лирикасы, поэмасы оқырман жүрегіне жылы тиіп, жылы қабылданады.
Рымғали ағамыздың сөзімен айтсақ: «Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен, мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың,тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планеталық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала береді.» /2,334/
Академик Рымғали Нұрғали – энциклопедист ғалым. Әдебиттің негізгі үш тегі – эпос, лирика, драманы ең өзекті деген проблемалары оның назарынан тыс қалған жоқ. Әлемдік әдебиеттану ғылымында белгілі бір жанр бойынша зерттеуші атанып, қалыптасатын ғалымдар болады. Ал, Рымғали Нұрғалидің ғалымдық, ғұламалық, зерттеушілік болмыс-бітімі бұл қағидаға бәлендей көне бермейді. Поэзия, нәзік сыршыл лирика, халықтың зияткерлік өре-деңгейінің көрсеткіші- роман жанры, сондай-ақ зерттелуі жағынан қағажу қалып келе жатқан драма жанры зерделі жанның толғамды толғаныстарына арқау болғаны баршаға мәлім. Осы орайда атақты ғалымның шығармашылық болмысындағы бірнеше қасиет-сипатты ерекшелеп айтқан жөн болар: біріншіден, Рымғали Нұрғали екінің бірі бара бермейтін аса күрделі, әрі қиын, күрмеуі мол тақырыптарға тайсалмай барды. Бұл ойымызға оның Әуезов феноменін алаш идеяларымен, Мағжан, Ахмет, Әлихан, Жүсіпбек, Міржақып тұлғасымен, дүниетанымымен тығыз байланыста алып қарастырғаны дәлел болса керек; екіншіден, ғалым Рымғали Нұрғали қандай проблемаға қалам тартса да, соның түп-төркініне үңіледі, ол проблеманың алды-артындағы рухани шүйгіндікке, оның белгілі заңдылығына назар аударады; үшіншіден, ұлтының орасан зор, бай руханият мұрасын зерттей отырып, оны жалпыадамзаттық құндылықтар аясында саралайды; төртіншіден, әр проблемадағы ұлттық болмыс сипаттарына айрықша зерделеу жүргізіледі.
Ескерту ретінде айтарымыз: қашанда тым әсерелеуге бармай, қанағат пен шүкіршілікті тәубәні аузымыздан тастамайтын ұрпақтың өкіліміз ғой, сондықтан да болса керек, өзге ұлттар өз ұлдарын көкке көтеріп жатқанда, біз Рымғали Нұрғали сияқты ғұлама ғалымға ұлы перзент дегенді әлі айтып көрмеппіз. Өткен ғасырдың басындағы ұлы тұлғалар: Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек, Шәкәрім, Міржақып, Ахмет шығармашылығын кең ауқымды зерттеген ғалым, егер бейнелеп айтсақ, біздің көз алдымызға алаш қайраткерлерінің бүгінгі лайықты ізбасарындай елестейді. Солардың шығармашылық жолына зерделілікпен үңілу, асқан нәзік психологиямен саралау Рымғали Нұрғали болмысында, шығармашылық зертханасында алаш ардагерлерінің болмыс-бітіміне үңілуді қалыптастырды. Сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттарға бүгінгі күн тұрғысынан үңілуді үйретті. Академик Рымғали Нұрғали өзі зерттеген көркем туындылардың мәтініне терең үңіле білді, сол арқылы әр қаламгердің адами болмысына ғана емес, қаламгерлік даралығына, стильдік ізденісіне, көркемдік әлеміне тереңдеп бара алды. Әлем әдебиеттану ғылымындағы аса ірі зерттеушілердің еңбектерін меңгеріп қана қоймай, оларды шығармашылық тұрғыдан дамыта алды, кейбіреулерінің пікірімен келіспей, өз пайымен ғылыми негізде саралап, жеткізе алды. Аталмыш пікірге Аристотель /3/, Бахтин /4/, А.Буров /5/, Р.Барт /6/, А.Бушмин /7/, Г.Гачев /8/, Л.Гинзбург /9/, Ю.Лотман /10/, В.Савельева /11/ тағы басқа еңбектерін оқығанда көзіміз толығынан жетті.
Жер бетін мекендеп жатқан қаншама ұлт, қаншама халық болса да, оның көсегесі көгеретіні тек экономикалық қуаттылықпен байланысты ғана емес, сондай-ақ рухани, ғылыми әлеуетіне де тығыз байланысты. Өткенді ұмыту болашағыңа балта шапқанмен бірдей. Міне, даңғайыр ғалым Рымғали Нұрғалидың ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінің ғұмырнамалық, шығармашылық, дүниетанымдық ерекшеліктеріне көңіл бөлгенін жоғарыда айтқан көзқарасымызбен органикалық бірлекте алуға тырысатынымыз сондықтан.
Қазақ әдебиеттану ғылымында қазақтың Мұхтар Әуезові жайлы жазылған еңбектер баршылық. Алайда Әуезов феноменін зерделей отырып, сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, рухани-саяси, тарихи жағдаяттарға айрықша көңіл бөлген дүниелер аз. Әуезов шығармашылығын алаш идеяларымен тығыз бірлекте қарастырған Рымғали Нұрғали Әлихан, Міржақып, Ахмет, Жақып, Әлімхан, Мағжан, Шәкәрімдер сияқты ірілер тобына кешенді ескерткіш орнатқан. Осынау серпінді топтың ішінде Мағжан поэзиясын зерттеген ғалымның еңбегі ерекше. Арнайы монография, бірнеше томнан тұратын кітаптар арнамаса да, Рымғали Нұрғалидың санасында Мағжандай ұлт тұлғаның орны ерекше екенін екінің бірі пайымдар-ау деп ойлаймыз. Себебі, кезінде Қазақ Совет Энциклопедиясының алғашқылардың бірі ғана емес, бірегейі бола тұрып, ұлы ақынның шығармашылығын энциклопедия арқылы айдай әлемге паш етті. Еліміздің рухани, ғылыми тіршілігінде Мағжандай ұлы тұлғаның ақындық болмысын ашуға, оны әлемдік деңгейдегі ірілер шығармаларымен біртұтас күйде зерттеуге талпынған адамдарға лайықты жетекші, ғұлама кеңесші бола алды.
Біздің пайымдауымызша, профессор Б.Кенжебаевтай ғұлама ғалым бүгінгі атақты академик Рымғали Нұрғалидай есті, алғыр шәкіртіне ғылымның кәусар айдынында еркін жүзуді ғана емес, сонымен бірге ұлтжандылық, ұлтшылдық қасиеттерінің дәнін де сіңірген сияқты. Сондықтан да болса керек, ұлттық әдебиетіміздің небір кенжелеп қалған, кеміс соғып жатқан, қауіпті де қатерлі тақырыптарына ештеңеден қорықпай, білек сыбана кірісуі осы ойымыздың айғағы сияқты. Егер біреу: «Академик Рымғали Нұрғалидың ешкімге ұқсамас даралығы, өзгеге еліктемес ерекшелігі неде?»-деп сұрақ қойса, «Ерекшелігі - Алашшылдығында»-деп жауап беруге болар еді ойланбастан. Себебі, ғасыр басындағы Алашорда қайраткерлерінің тәуелсіздік, дербестік, егемендік жайлы ой-пікірлері ХХ ғасырдың екінші жартысында қолына қалам алып, сол рухани биіктікті, азаттықты армандап келе жатқан, соған хал-қадарынша еңбек сіңірген жүрген қазіргі яғни ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымының танымал өкілі, энциклопедист-ғалым Рымғали Нұрғали шығармашылығына ұласты десек, бізді ешкім де артық айтты деп сөге қоймас. Бұл ойымызға Рымғали Нұрғалидай ғалым ағаның болмыс-бітімі мен кескін-келбетін даралай көрсететін оның ғылыми еңбектері дәлел бола алады дегіміз келеді.
Пайдаланған әдебиеттер
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана, 2002.
Нұрғали Р. Сырлы сөз. Алматы, 2000.
Аристотель. Об искусстве поэзии. М., 1957.
Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975.
Буров А. Эстетичесая сущность искусства. М., 1956.
Барт Р. Избранные работы. Семиотика. Поэтика. М., 1989.
Бушмин А. Методологические вопросы литературоведческих исследовании. Л., 1969.
Гачев Г. Национальные образы мира. М., 1998.
Гинзбург Л. О психологической прозе. Л., 1976.
Лотман Ю. Анализ поэтического текста. Л., 1972.
Савельева В. Художественный текст и художественный мир. А., 1996.
Гаузенблас К. К уточнению понятия «стиль» и к вопросу об обьме стилистического исследования //Вопросы языкознания, 1967, №5, С. 70-71.
Добролюбов Н. Полн. сотр. соч. М., 1934, т.1.
Бердяев Н. Самопознание. М., 1991.
Тарази Ә. Тасжарған. А., 1980.
Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1970.
Тарази Ә. Кен. А., 1984.
Біз, бәріміз де, қазақтың қасиетті қара шалы Бейсекеңнің – профессор Бейсенбай Кенжебаевтың шекпенінен шықтық. Сен, Рымғали – сол ұстазымыздың үмітін ақтаған жанның бірісің. Отызға дейін орда бұздың: «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры» кітаптарың әдеби қауымды елең еткізді. Жаңашыл қазақ ғылымына нәр дарытқан «Күретамырың» қандай еді. Өзің түпкілікті зерттеген саланы «Айдынға» шығардың. «Телағыста» жүргіздің.
Бір ғалымның басына жететіндей кітаптарың болса да, мұны місе тұтпай соңғы жылдары Алаш зиялылары туралы еңбектене бастадың. Бұл да қабілет-қарымыңды көрсетті.
М.Жолдасбеков
А.Әшірбекова
Р. НҰРҒАЛИ ҚАЗАҚ РОМАНДАРЫ ХАҚЫНДА
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының әртүрлі бағытта өсіп, көптеген арналармен жедел дамып, қауырт көтерілген ең жемісті дәуірі, алпысыншы жылдардың екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың бас кезі. Осы кезеңде қазақ әдебиетінің бұрын қарастырылмаған жанрлық проблемалары бойынша бірқатар маңызды ғылыми жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, сан алуан еңбектер жарық көрді. Әдебиеттану ғылымында ғылыми тұрғыдан талап деңгейінде ерекше еңбек еткен, еңбекте нақты шығармаларды талдай отырып, жанрлардың әсіресе жанрлық жүйелердің, даму процесіне көбірек көңіл бөлген, ұлт әдебиетінің үздік жетістіктеріне ие болған, көрнекті сыншы, жазушы, энциклопедияшы, педагог, ғалым – Рымғали Нұрғали.
Шығарманың идеялық нысанасы мен көркемдік жүйесі, композициялық –құрылымдық түзілісі, дәуірдің әлеуметтік – рухани болмысын танытатын тарихи тұлғалар және сан алуан ұлттық бейнелер жасау шеберлігінің мәселелерін шешіп берген монографияларынан эстетикалық – көркемдік саралау мен жинақтаудың үздік үлгісін көреміз. Туындының материалдық болмысын, өзегін тарихи ақиқат оқиғалар құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу мүмкін емес. Ғалымның жазушы еңбегінің терең сырларына үңіле отырып, оның нәзік, терең иірімдерін жете меңгергендігін ірі-ірі ғылыми еңбектерінен көруге болады. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы поэзия, проза, драматургия салаларын зерттеу тұрғысынан идеялық - эстетикалық ерекшеліктерін айқындау, әдеби - көркем процесс диалектикасына бойлай еніп, белгілі кезеңдердегі әдеби даму заңдылықтарын ғылыми түрде дәлелдеген. Р.Нұрғали көп қалам сілтеген тақырыптарының бірі проза, оның ішінде роман жанры төңірегінде өрелі ойын былай деп тұжырымдайды: «Прозадағы байқалған соңғы жылдардағы құбылыс – шығарма көлемінің ықшамдалуы, форма өзгешеліктері. Бұрынғы қазақ романдарының көпшілігі жиырма – отыз баспа табақтан асып жығылып жатса, енді шынтақ елі романдар көріне бастады. Рас, жанрды анықтауда көлем, сан белгілі мөлшерде қызмет атқарады, бірақ ең негізгі критерий ол емес. Тургеневтің, Мопассанның шағын көлемді романдарында әлеуметтік салмақты проблемалар көтерілген, образдар тұтас құйылған, көркемдік идея зергер шеберлікпен берілген.
Қазақ романдарына да осындай биік талап тұрғысынан қарауымыз шарт. Әйтпесе өзі де шұнтиған, мазмұны да шұнтиған, образдары да қораш, идеясы да қораш, роман шапанын жамылған сұрқай кітап әдебиет бағында өскен арам шөп, өнердің таза денесіне шыққан сүйел» /2, 133/.
Зерттеуші қазақ прозасы хақында, оның ішінде күрделі де, көлемді роман жанрында Ж. Жұмақановтың «Соқпақ соңы», С.Бақбергеновтің «Қарға тамған қан», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Махаббат мейрамы», «Айқас», Р.Тоқтаровың «Бақыт», «Болашаққа жол», Қ.Жұмаділовтің «Көкейкесті», «Атамекен», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» т.б. қаламгерлер туындыларына тоқталып, өрелі ой-тұжымдарын білдірген. Бұл шығармалардың көлеміне, көркемдік – эстетикалық өресіне, образдар сомдау ерекшеліктеріне, қаламгерлік ізденіс-іркілістеріне ғылыми түрде дәлелдемелер келтіріп, өзіндік сыни - пікірлерін ортаға салған. «Әдебиет – үлкен құбылыс, өзгермелі процесс. Сондықтан да оны бір немесе бірер жыл шеңберінде алып қарау, сөйтіп тұжырым жасау жөн бола бермейді» - деп әр туындының өмірге келуіне себепкер болатын субъективті, объективті, жағдайлар, оларды жазылуына кетер уақыт әртүрлі екенін атап өтеді /2, 130/. Сонымен қатар, халықтың тарихи өткен дәуірінің әдеби шығарма құрылымында көрініс табу жолдары, дәлірек айтсақ, әдеби шығарма құрылымындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім арақатынасына да қалам тербеп, тарихи романдардағы жазушы объектісіне көп көңіл бөледі. «Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, көзі тірісінде – ақ аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтері лген қазақ әдебиетіндегі ардақты есімдердің бірі – Ілияс Есенберлин екендігі қазір көпшілікке аян шындық» - деп қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихи принцип тұрғысынан шындықпен, көркем, сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерінің әдебиет тарихындағы орнын нұсқағандай. Жазушылар тарихи адамдардың қатысуымен болған тарихи оқиғаны жасауға итермелеген себептерді, мотивтерді де көрсетеді. Тарихта болған жекелеген оқиға халық өміріндегі айтарлықтай үлкен маңыз – мәні жоқ шағын оқиға ірі құбылыстармен байланыста, сабақтастықта бейнеленіп қана қоймайды, сол байланыс пен сабақтастықтың нәтижесніде өмір құбылыстарына тән ең басты, мәнді белгілерді айқындап, толықтырып ажарын аша түсуге қызмет етеді. Тарихи деректі көркемдік жинақтаудың осындай үлгісін І.Есенберлиннің алты романнан тұратын трилогияларынан байқауға болады. Оның қазақ әдебиеттануындағы айтарлықтай орны бар аталмыш шығармаларының көркемдік құрылымында тарихи аңыздың атқаратын қызметінің маңыздылығына дау жоқ. Зерттеуші «Оқиғалық жағынан біріне – бірі жалғас, сабақтас, идеялық – көркемдік нысанасы әуездес, сарындас, құрылым – түзіліс кескіні ұялас болып келетін бұл романдар циклының тұтастығын айта отырып, олардың қазақ әдебиетіне енгізген эстетикалық жаңалықтарын көрсету қажет» - деп Есенберлин туындыларының сөз өнеріндегі алар орнын діттейді, қаламгер өнерпаздығына баға береді /3,499/. «Көне замандардан бері әдебиет өзінің материалдарын, тарихтан алып, оны көркем суретке айналдырып, өсіп, жетіліп келеді. Әдебиет өзінің негізгі зерттейтін объектісі – адамды белгілі дәуірде, тарихи ортада алып суреттеу арқылы сол кезеңнің шындығына да, бейнесін де ашады. Адам тағдыры арқылы тарихи ой – сананың қалыптасуын көрсетіп, оқырманға өмір танытады, оны тәрбиелейді, адамгершілікке баулиды, тарихтың біз үшін эстетикалық сабағы да осында» деген С.Қирабаевтың пікірі, қаламгерлеріміздің әдебиет пен тарихты қатар меңгергендігін меңзейді /4,180/. Қазақ әдебиетінің тарихи өткен жолының елеулі бір ерекшелігі – оның қазақ халқының ғасырлар бойғы басынан кешкен күйлерін көркемдікпен бейнелеп, жазу мәдениеті жеткіліксіз дамыған елде тарихи оқиғалардың легін әдебиет бетінде сақтап қалуында. Ш.Уәлихановтың: «Бір халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде – бір маңызды оқиғасы, бірде – бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырып салма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулердің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмытылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар қалдырып кеткен» деген сөзі тарихи шындық. Халық тарихының өткен кезеңіне арналған шығармалар көшпенді өмірдің ауыртпашылықтарын суреттей отырып, қазақтардың рухани өмірінің байлығын, оның ақыл – ойдың жаршылары болған ұлт тұлғаларын ашып көрсетті. М.Әуезов өзінің «Абай жолы» атты ұлы шығармасында негізгі қаһарманның тағдырын халық даласының өмірін Абай көзімен, оның сезімі мен күйзелісі арқылы бейнеледі. Ал, М.Әуезовтің бұл тәжірибесін қазақ қаламгерлері С.Жүнісов «Ақан сері», Д.Әбілов «Сұлтанмахмұт», З.Ақышев «Жаяу Мұса» т.б. әдебиет пен өнер қайраткерлері жайындағы шығармаларында пайдалана білді. Қазақ қоғамының әр дәуіріндегі өмір сүрген қайраткер азаматтары жайлы еңбектер де заман мен адамның қарым – қатынасына негізделген осы концепцияны ұстанды.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ тарихына арналған романдар легі туды. Бұлар қазақ халқының ұлы болып қалыптасқан күнінен бастаған, оның мүддесін жоғары қойып, жорықтарға өздері бастап шыққан батыр ел билеушілерді, халықтың даналығын бойына жиған шешендермен кемеңгерлердің неше алуан бейнесін тарих шындығына сүйеніп ашты.
Қазақтың тарихи әдебиеті халықтың өзін тануына, оның тарихтағы орнын түсінуге үлкен көмек жасады. Тарихқа жүгіну арқылы әдебиет өзінің халықтық санасын да көтеруде, жаңа халықтық тұлғалар ашты. Бұл кезең қазақ халқының ұлттық сананы оятып, тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойды. Ол үшін М.Әуезов негізін салған тарихи роман жанрын жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әрқилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнеде жарық көре бастады. Жоғарыда айтып кеткен І.Есенберлиннің де, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Ә.Әлімжановтың, М.Мағауиннің, Ш.Мұртазаның тарихи романдары осылай туды. Қандай тарихи шығарма болмасын белгілі оқиға туралы ел арасында сақталған тарихи аңыз немесе жыр үлгілерінің жүйесінде өмірде сирек кездесетін айрықша бір құрылым, элементтер кездесіп отырады. Әдеби шығарма құрылымында осы секілді аңыз немесе жыр элементтерін пайдалану жазушыдан үлкен жауапкершілікті, шеберлікті талап етеді. «Халық әдебиетінің түрлі туындылары, әсіресе, аңыз, миф сипатындағы үлгілері бір шығармада өмір шындығын суреттеудегі көптеген амал – тәсілдердің бірі ретінде қолданса, басқа бір шығармада авторлық идея мен объективтік идеяның жарыса дамып, тоғысып түйісер өзегіне айналады. Бұл секілді тәжірибелердің қай халықтың әдебиетінде де кездесетіндігінде сөз жоқ. Қазақ әдебиетінің алғашқы, туып, қалыптасу сәтінен бастап, бүгінгі күніне дейін халықтың дәстүрлі мәдениетімен, шығармашылық өнерімен тығыз байланысты болғаны ешкімге құпия емес. Халықтың ауыз әдебиеті үлгілері, оның ішінде, әсіресе, тарихи жырлар мен аңыздар қазіргі тарихи романның поэтикалық құрылымын белгілейтін басты фактор қызметін атқарып отыр» деп түйіндейді Ж.Дәдебаев өзінің ғылыми еңбегінде / 4,154/. «Жалпы алғанда, бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалысы қарқынды жүрді. Қаламгерлер қатары молайып, әр жанрдың тұрақты кадрлары өсіп шықты. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза кең көлемде өрістеді. Әсіресе, тарихи роман өзгеше теңсіздікпен дамыды. Онда халықтың өткен тарихы мен оның негізгі оқиғалары арқылы елдік дәстүрі, бостандық, азаттық идеяларының мәселелері көтерілді. Халық өмірінің әр кезеңдегі шындықты көркем бейнелеуде жоғарыда аталған жазушылармен қатар Т.Ахтанов, Р.Тоқтаров, Ә.Тарази т.б. қаламгерлер елеулі еңбек етті» /5,165/. Міне осы тәріздес бірталай қазақ жазушылары турасында ғалым бір сөзінде былай дейді: « Қазақ жазушылары өткен күндер тақырыбына неге жиі барады? Сөз жоқ, бүгінгі күннен сюжет, характер, идея таппағандықтан емес, заман тақырыбының күнделігінен қашқандықтан да емес, көптеген қаламгерлер осы заман қаһарманының бейнесін жасау үшін тер төгіп жүр. Рас, әдебиетіміз көне, оның бұтарлы тамырлары ғасырлар тереңінде жатыр, бірақ шынтуайттап келгенде халықтың басынан кешірген қилы – қиян халдерін, үлкен идеяларды, кесек характерлерді бүгінгі профессионалды әдебиет қана көрсете алмақ. Заманалар тұманы бетін бүркеген баяғы уақыттағы ата – бабаларымыздың қасиетті рухы алдында бас ию аз. Оларды өнер тілімен сөйлету ләзім» /2,140/.
Дегенмен де көркем шығарманың көркемдік – идеялық деңгейі жазушының шығармашылық ойлау сипатымен, дүниетанымы және суреткерлік шеберлігімен тығыз бірлікте анықталады. Осы орайда «Өнер шығармасы өмір шындығының айнасы болуымен бірге өнер жасампазының да рухани дүниесінің айнасы болып табылады» деген ғалым ой – пікірі орынды қолданыста /4,19/. Әдебиеттің негізгі зерттейтін объектісі – адам. Ал, адам өзі өмір сүрген қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Мәселен, адамның сол қоғамның заңдылығын үнсіз мақұлдап, ессіз орындауында немесе қоғамдағы қарама – қайшылықтарды терең түсініп, оның өміріне үнсіз бас шұлғудың орнына, өз пікірін, өз ойын іркілмей айтып, қайыспай қарсы тұруында болса керек. Адам өз өмірінің қожайыны. Бір – ақ рет берілетін өмірде жақсылық жасап, мейірімді, кешірімді болу керек. Қандай қаламгер болсын өз шығармаларында сан түрлі мінез бен сезімге толы «адамды» сомдап, әсерлі етіп жазуға тырысады. Әр шығармадағы әр кейіпкер өз алдына ашылмаған жеке бір әлем. Сол жеке бір әлемнің жан сырын, жан дүниесін жаза білген, аша білген қаламгер ғана өз алдына қойған мақсатына жетті деуге болады. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақ романдарының көтерген өзекті мәселелерінің бірі - осы адам мәселесі болғаны белгілі. Бұл кезеңдегі буын дүниежүзілік тәжірибені игеруде адам, қоғам, табиғат ұғымдарын байланыстыра, қанаттастыра қолдана білді. Әрине, «адам» мәселесі қай әдебиеттің болмасын тұғырлы мәселесі. Осы кезеңдегі қандай прозалық туындыны алсақ та, адамды зерттейтін, сан қырлы адам жанын әдемі суреттейтін, адам мен табиғат қарым – қатынасын аша білетін, адамның қоғамдағы орнын белгілейтін ірі дүниелер болып табылады.
Ғалым Рымғали Нұрғали тек қазақ романдарының ұлтымыздың сан ғасырлық әлеуметтік, рухани өмірін жан – жақты, терең көркемдік қуатпен зерттеп қана қоймай, қазақ романдарының тектік жағына да қалам тербеген. «Тектік түрі жөнінен қазақ романын: реалистік, тарихи, психологиялық, ғұмырнамалық, мемуарлық, саяси, деректі, фантастикалық шытырман оқиғалы, эпикалық, драмалық, лирикалық, роман – эссе, роман – дерек, роман – дилогия, роман – трилогия, роман – тетрология, роман – хроника, цикл роман, т.б. салаларға бөліп қарауға болады» деп саралай келе, /6,3/ «Романға қол сермеу прозаиктің толысқандығын, талант күшінің марқайғандығын көрсеткен факт. Ал шығарма – жазушының толғақты мәселелерге, әлеуметтік – философиялық, көркемдік – эстетикалық сұрауларға берген жауабы» - деп роман жанрының күрделілігі мен құндылығын атап өтеді /1,63/. Ғалым өз дәуірінің шындығына сүйеніп, заманының көкейкесті мәселелерін көтерді. Ол уақыт шындығын өткенмен салыстыра отырып, болашақпен тілдеседі, бүгінгі, ертеңгі ұрпақпен өзін толғандыратын жайлар жөнінде сырласады, кейде қуанышын, кейде мұңын бөліседі. Ғалым, зерттеуші Рымғали Нұрғалидың қазақ халқының тарихи өткен жолына шолу жасауы, оған баға беруі, әдебиет тарихына қатысты көптеген жинаған деректері, жеке қаламгерлер еңбектеріне арнаған зерттеулері әдебиет туралы ғылымның төрінен орын алары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Нұрғали Р. Сырлы сөз. Әдеби сын, зерттеу. Алматы, Жазушы, 2000 ж
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана. Күлтегін, 2002 ж
Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. Алматы. 1974, 2т.
Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім.Алматы. Ғылым. 1991.
Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. Алматы. Ғылым. 2001.
Нұрғали Р. Қазақтың 100 романы. Астана: Фолиант, 2004.
Ж. Кішкенбаева
Р. НҰРҒАЛИ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ СИПАТЫ
Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосам деген кез- келген зерттеуші, жас ғалымның соқпай кетпейтін ғылыми еңбектер шоғыры бар. Ол – Рымғали Нұрғалидың іргелі еңбектері. Әр жылдары ғалым еңбектері туралы академиктер Ғ. Мүсрепов, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, С. Қирабаев, З. Қабдолов, профессорлар Б.Кенжебаев, Ә. Тәжібаев, М. Базарбаев, Б. Майтанов, Т. Есембеков, А. Еспенбетов, Қ. Алпысбаев т.б ғалымдар пікірлер айтты. Осы орайда біз де ғалым еңбектерінің ғылыми сипатына шама-шарқымызша тоқталмақпыз.
Сабыр Шәріпов пен Ғ.Ибраһимовтың шығармашылығынан бастап қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына дейінгі аралықта еңбектер жазған академик Р.Нұрғали бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымының биік белесінен көрінген ғалым-ұстаз.
«Талант тағдыры » еңбегінде қазақ театрының атасы атанған Жұмат Шаниннің өмір жолы мен оның қазақ халқының мәдениеті тарихындағы орны мен мұраларына жан-жақты талдау жасайды. «Торсықбай», «Арқалық батыр», «Өлімнен үмітке», « Қозы Көрпеш-Баян» пьесаларына бүгінгі талап тұрғысынан лайықты баға береді. Кітап ұлы суреткер мұрасын тұңғыш зерттеуі мен пьесалардағы олқылықтарға, суреттеу әдісінің әлсіздігіне орынды сын айтуымен құнды.
М.Әуезов трагедияларын жан-жақты талдаған «Трагедия табиғаты» еңбегінде ғалым ХХ ғасырдың ұлы қаламгері атанған М. Әуезов шығармашылығын алаш ұранды әдебиетпен тығыз байланыста қарап, «Көксерек» «Қилы заман» «Хан Кене» шығармаларының бірнеше нұсқаларын негізге алып, әдебиет үшін, ғылым үшін келелі ойды алғашқы болып айтқан.
Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин сынды қазақ әдебиетінің мақтан тұтар тұлғаларының тағдыры мен шығармашылығын қоғамдық-мәдени процеспен тығыз сабақтастықта зерттеген автор «Әуезов және Алаш» монографиясында шығыс пен батыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне тигізген әсері, қазақ қаламгерлерінің әлемдік дәстүрлерді игеруге қатысты мәселелерін көтерген. Осы аталған ғылыми ой-пікірлерінің арқасында қазақ әдебиетінің алтын ғасыры саналған алыптар Ш.Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М.Дулатовтарды ақтауға ат салысты.
Әлем әдебиетінің ақын-қаламгерлері мен ойшылдарының шығармаларына өз көзқарасын білдірген пікірлерге толы «Поэтика драмы», «Древо обновления», «Вершины возвращенной казахской литературы», «Эпическая драматургия» кітаптары қазақ әдебиетінің құндылықтары мен ерекшеліктері туралы өзге ұлт өкілдеріне кеңінен мағлұмат беріп қана қоймай, ұлттық әдебиет пен ғылымның даму аясын өсіреді
Р.Нұрғалидың құрастырумен, редакциялауымен қазіргі әдебиеттің дамуы мен болашағы мен Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына арналған 5 кітаптан тұратын «Көкейтесті әдебиеттану», әлемдік әдебиеттану ғылымының ірі өкілдерінің ой-пікірлері мен қазақ әдебиеттанушыларының еңбектерінен алынған теориялық материалдарды енгізген «Әдебиет теориясы» нұсқаулығы, қазақ романдарына айтылған сын-зерттеулердің жинақталған үлгісі ретінде «Қазақтың жүз романы» атты кітаптары басылып шықты.
Қазақ энциклопедиясының редакторы болған жылдары профессор Р.Нұрғали ұлттық энциклопедияны жаңа биік деңгейге көтеріп, энциклопедиялық соны бағыттар жасады. Ұлттық санамызды көтеруге арналған «Шаңырақ», балалардың ой-өрісін дамытатын « Ол кім? Бұл не? Шәкірт», жеке аймақтарға арналған «Қарағанды», «Ақмола», «Алматы» атты энциклопедиялар шоғырын жасады. Жүз мыңдаған Отан қорғау жолында опат болған шаһиттерге арналған «Боздақтар» сериясы жарыққа шықты.
Бүгінгі таңда ғалым еңбектеріндегі азаттық, ұлттық идеяларымен қоса әдебиет әлемінің түйінді құпиялары, сырлары жайында жас буынға терең ғылыми-теориялық біліммен «Қазақ драматургиясының тарихы, жанрлар жүйесі, поэтикасы», «Алаш ұранды әдебиет» атты арнаулы курстары бойынша дәріс оқуда. Академик Р. Нұрғалидың ұлттық әдебиеттің, руханияттың дамуы, қазақ әдебиеті туралы нақты ойлары мен тұжырымдары қазақ әдебиетінің әлем әдебиетіндегі орны мен мәнін ашады. Сондықтан ғалымның қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен үндестігі, идея, сюжет байланысы туралы айтылған ғылыми еңбектері біздің теориялық білімімізді толықтыра түсетіні даусыз.
Табиғи талант пен талғам, білім тереңдігі, әділ сыншылдық, ғажайып шешендік Рымғали Нұрғали зерттеулерінің ерекшелігі болып табылады. Алаш ұранды әдебиеттің жоқтаушысы болған, қазақ әдебиеттану ғылымына іргелі теориялық зерттеулер тудыруға үлес қосып, өзіндік мектебі қалыптасқан ұстазды энциклопедиялық білімді ғалым деуге болады. Алашұлы атанған ұстазға шәкірт тілегі - әманда аман болып, мерейіңіз үстем болсын!
Ә.Хамитова
РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИЕВ - СЫНШЫ
Кез келген ғылымның дамуы мен өркендеуі қоғамға үлесі мол, ізденімпаз жастардың қажырлы қайратынсыз жүзеге аспайды. Себебі, өмір тек ізденуді, еңбектенуді талап етеді. Ал ғылымсыз қоғам дамымайтынын бұған дейін де алдыңды толқын ағалар айтып кеткен болатын. Жастайынан өнегелі отбасында тәрбие алып, ғылымның күрделі жолына түскен көрнекті сыншы Рымғали Нұрғалидың кейінгі ұрпаққа қалдырар мұрасы молынан. Бұл заман кітап басуды хоббиге айналдырып, ойға түйгенді сараламай қалтаның арқасымен мағынасыз оқулықтардың жарық көруіне кепіл болып отырған шақта, Рымғали Нұрғали өзінің сын еңбектерін көпшілікке тарту етті. Кітап жазу, оны шығару оңай емес, және жүйелі еңбек тек теориямен емес, тәжірибемен ұштасып жазылса ғана бағалы. Сонымен қатар, қазақ әдебиетімен бірге әдебиет ғылымы да дамып, оның ең бір сырлы жанры сынның өмірі, ролі әдебиет саласында талмай еңбек ететін қазақ ұлдары мен қыздарының арқасында биікке көтеріліп келеді. Дегенмен, әдеби сынның әлі шешілмей келе жатқан жақтары, проблемалары бар. Әсіресе, қазіргі кейбір ғалымдарымыздың өзі сын жоқ, оны зерттеудің қажеті шамалы деген пікірлер айтады. Сынды жоққа шығарып жүрген ғалымды ғалым деп атаудың өзі ағаттық па деген ой келеді. «Сын жанры – жалғаз қазақ әдебиетінде ғана емес, басқа әдебиеттерде де барынша аз зерттелген творчестволық сала» [1, 210] – дегендей, сынның журналистика саласында да алатын орны ерекше. Сын тек әдебиет ғылымында емес, болашақта журналистиканың ең санатты жанырларының біріне айналатынына сенім зор. Кез келген әдеби шығарма болсын, ғылыми еңбек, мақала болсын баспасөз бетіне оқырман ойы ретінде қоғамдық пікір туғызуға ат салысуы қажет. Ал мұны жүзеге асырушы – журналист қауымы. Сондықтан сынды тек әдебиет жанры деп қана емес, журналистика жанры ретінде де қабылдауымыз керек. Осындай мамандықтың екеуін де меңгерген, сынның табиғатын түсінетін ғалым – Рымғали Нұрғалиұлы.
Р.Нұрғалиев – сыншы. Оның сыншылық қасиеті драматургия саласына жазған кітаптарынан ерекше аңғарылады. Шығарманың, сахналық қойылымның жетістіктері мен кемшіліктерін жеткізе айтып, драма теориясын зерттеуге мол жігерін жұмсады. Сыншы болу үшін алдымен көздеген объектіні автордан артық білуі тиіс. Р.Нұрғали өз мақсатына жету үшін зерттеудің логикалық әдісіне жүгіне отырып, «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Трагедия табиғаты» атты зерттеулерін жарыққа шығарды. Аталмыш кітаптардың негізгі бағыты қазақ драматургиясының теориялық тарихына терең үңіліп, осы саладағы өнер адамдары мен пьеса жанрының ерекшеліктеріне пікір білдіру. Сын - өнердің бір бөлігі. Пушкиннің өзі «Сын – ғылым. Сын - өнер мен әдебиет туындыларындағы сұлулық пен кемшіліктерді ашып отыратын ғылым» деген болатын. Осы тұрғыдан қарағанда Рымғали Нұрғалиды өнер адамы деп те атай аламыз. Ғалымның сыни еңбектерінің ішінде «Драма өнері» атты кітабы көп жаңалықтармен ерекше. 2001 жылы жарық көрген еңбек «Трагедия», «Комедия», «Драма» дейтін үш бөлімнен тұрады. Трагедиялық тартыстың түрлерін, комедияның жанрлық ерекшеліктері мен драманың түрлерін, қазіргі жағдайын оқырманға сын көзқараспен жеткізеді. Қалың кітапты қолға алған сәтте – ақ драматургияға деген қызығушылық өседі. Неге деңізші? Автор былай дейді: «Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургия мен театрды өмірге әкелді» дей келіп, «Драманың жанрлық табиғатынан, сахна өнерінің ерекшелігінен туатын бірқыдыру заңдылықтарды білмеу, ескермеу, спектакль атаулыны мақтай жөнелетін, не пьесаны бағалауға, не режиссер шешімін талдауға шамасы келмейтін алыпқашпа, жалпылдақ рецензияларды қоздатып жібереді. Оларға бақсақ, қазақ артистері шеберлік шыңына жетіп, драматургтеріміз жауһар туындылардың кеніш байлығын жасап тастаған секілді» [1, 414] деген сын пікірлер арқылы шындыққа куә етеді. Рымғали Нұрғали осы зерттеуінде Зейін Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасының мақсатын адам психологиясын ашуға ұмтылу деп тапса, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев шығармаларында драманы ақ өлеңмен өрнектеу үлгісінің жемісті бағыт екендігін баса айтады. Мұхтар Әуезов демекші, Рымғали Нұрғалиев «Трагедия табиғаты» деп аталатын монографиясын Әуезовтің драмаларына арнағандығы белгілі. Ал жоғарыда аталып кеткен «Талант тағдыры» атты кітап Жұмат Шанинге арналған болатын. Автор ғылыми талдау арқылы Жұмат Шанинның өміріндегі творчестволық белестерді көпшілікке тарту етті. Сонымен қатар сыншымыз «Таланттың» тағдырын айта отырып, оның кейбір шығармаларының орта қол екеніне де тоқталған. Сыншылық қасиетті бойына сіңірген Рымғали Нұрғалидің тағы бір монографиясы – «Күретамыр». Сыншы поэтика ұғымын драматургияға жанап, драматургиялық поэтиканы – аталмыш еңбегінің басты проблемасы етіп алды. Монографиядағы «драмадағы реализм», «комедия поэтикасы», «поэтиканың дәстүрлік сипаттары» сияқты проблемалар - автордың зерттеу объектісі. Бұл монография халқымыздың ұлттық драматургиясындағы шешілмеген кейбір проблемеларға ғылыми тұрғыдан баға беріп, драматургияны көпшілікке тағы бір теория тұрғысынан танытты. Ғалымның «Өнердің эстетикалық нысанасы» атты жаңа кітабы тағы да драматугиядағы ізденістерге тоқталуға негізделген. Жоғарыда аталған еңбектерінде автор қазақ драматургиясындағы құбылыстарға назар аударды, сыншының негізгі жетістігі кез келген проблеманы жай сөзбен емес, белгілі шығарманы дәлелдеу арқылы, фактіге сүйеніп ғылыми тұжырым жасайтындығында. Кітаптың бірінші тарауы «Революциялық драманың эстетикалық байлығы» деп аталады. Бұл тарауда сыншы Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасының қазақ әдебиетіндегі социалистік реализм принциптеріне сай келетін тұңғыш драма екенін дәлелдейді. Ал кітаптың екінші тарауы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» драмасы туралы және шығарма авторының қалайша драмаға келгендігін көрсетеді. Бұл еңбектің негізгі жетістігі – бірнеше драмалық шығармаларды негізге ала отырып, драматургияда көп қарастырылмай келе жатқан тың мәселелерге тоқталу.
Рымғали Нұрғалидың «Сырлы сөз» атты әдеби сын, зерттеуі 2000 жылы жарық көрді. Сыншы мұнда әдеби сын мен әдебиеттануға тақырып арнап, әдеби сынның алғашқы буыны туралы сөз етеді. Алғашқы қазақ баспасөзіндегі әдеби сынның қоғамдағы қысымынан біраз уақыт тоқырап, кейін қайта өріс алғандығын баса айтады. Баспасөз сынның дамуына үлес қосса, сын да баспасөз деңгейінің жоғарылауына септігін тигізді. Сондай сәттердің бірінде 1962-1965 жылдары «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі, 1966-1968 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында сын секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарғанын естен шығармауымыз керек. Сыншының сынды жазу, беру әдісі де оның білім деңгейін көрсетеді. Себебі, кейбір сын мақалаларды оқып отырып, ары қарай жалғастыруға жалығатын кездер болады. Б.Кенжебаев сыни еңбектердің ерекшелігіне әділдік пен ұстамдылықты, ақыл мен парасатты негіз тұтып, өзінің ғылыми-зерттеу, сыни еңбектеріне де осындай ерекшеліктердің болуын қадағалаған болатын. Ал Рымғали Нұрғалидың сын жазу әдісі ерекше. Әрбір сөзін дәлелдеп, ой түйіп отыратын сыншының «Сырлы сөзі» кез келген әдебиетшіге үлгі боларлық еңбек. Жеті желіден тұратын кітаптың үшінші желісі «Төрттаған», ондағы Сахнадағы драма бөлігі былай басталады: «Біз Бейімбет Майлиннің «Майдан» драмасын көріп отырмыз. Майлин поэзиясында, прозасында, драматургиясында бейнеленген өмір қазақ халқының әлеуметтік рухани тарихындағы ұлы дәуір – азиялық артта қалған елдің социалистік революциядан кейінгі халі, күйреген ескіліктің трагедиясы, көктей шыққан жаңалықтың өсу психологиясы... Содан бері отыз жылдан артық уақыт өтті. Экономикасының қарыштап өсуімен бірге, халқымыздың көркемдік-эстетикалық талғамы орасан марқайып кетті. Кеше «Алпамысқа» таңдай қағатын жұрт бүгін Бальзакты түп-нұсқадан оқитын болды. Кезінде қауым қабылдаған, әдеби сын ұнатқан «Майдан» драмасы қазір маңызын жойған жоқ па? Өмір тыныштығын, эстетикалық әсер беретін көркемдік қуатын сақтады ма? Бұл сұраулардың жауабын қазақтың М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында Майлиннің жетпіс жылдық тойына орай қойылған «Майдан» спектаклінен іздеу шарт.
Өзің талай естіген, бірақ көңіл қойып, ден қоймаған қарапайымдылық. Сөйлем тынысын, сөз кестесін ауылдағы ақсақалдан, әжелерден қотарып алғандай. Қарапайымдылық, қарапайымдылық!»[2, 179]. Мұны оқыған адам бірден драманың жетістігін аңғара алады. Драманың тілі туралы сыншы Рымғалиев «Нағыз драма тілі дегеніңіз ассалаумағалейкумнен бастап, бақайшағыңызға дейін арылтып шығатын қысыр қырттық емес психологизм екенін терең ұғынған драматург мол жүк арқалаған диалог арқылы жан сырды ақтара көрсетіп, адам несімен қымбат, нағыз адам кім, ізгілік неде, қаражүректілік қайдан шығады деген тәрізді таудай сауалдарға жауап іздейді» деп анықтама берген. Рымғали Нұрғалиев осы кітабында «Намыс гвардиясының» сахналануы туралы, оның образдарының кемшілік пен жетістіктері туралы аздаған ой айтып кетеді. Аталған пьесада генерал Панфиловтың ролін сомдаушы М.Сыздықов туралы мынадай ой айтылады: «Панфиловтың сабырлылығын, ойшылдығын бір қос дұрыс көрсеткен М.Сыздықов басты орайда табыссыз, ол Панфиловты тым қазақыландырып жіберді: қимылдан, үннен, мимикадан орыс ұлты өкілін таныту орнына, тіпті, артиллерия, дивизия, командир дейтін сөздердің өзін «әртелерия», «дебезия», «кәмәндір» деп бұрып сөйлейді. Еңкіш тартып жүру, кейде сүлесоқ қимылдау, телефон арқылы бұйрық бергенде сөзден орынсыз жаңылысу – осындай ұсақ-ұлан кемшіліктердің өзі М.Сыздықовтың өзі бейнелейтін рөлдің ұңғыл-шұңғылына жетіп болмағанының, қойындаса араласып кетпегенінің, олақтықтың айғағы. Қысқасы, генерал Панфилов образы сахналық биік дәрежесіне көтеріле алмаған».
Автор проза туралы не дейді? Сайын Мұратбековтың «Көкорай» повесін негізге ала отырып, ондағы бірнеше характердің үйлесіміне назар аударады. Повестің жазылуынан жаңа ізденіс іздерін байқауға болатынын айта келіп, «Мұндағы кейіпкерлер ауылдас жастар: олардың бірі – комсорг, бірі – тракторист, бірі сауыншы. Күрес, шайқас сол өздері жүрген өңірде, өз араларында. Сезім, пиғыл, көзқарас шайқасы. Рас, повестегі сюжет линиялар бәрі тиянақталды деп айта алмаймыз. Стильдік селкеулік, көркемдік кемшіліктер де ұшырасады. Жаңа шығарма жаза ма, осы кітапты жалғастыра ма, ол автордың өз ыңғайына байланысты шаруа, әйтеуір «Көкорай» повесінде көтерілген этикалық, моральдік мәселелерді кеңінен қозғау, жан-жақты бажайлау, салмақтандыру қажет секілді», - деп кемшіліктеріне де тоқталады. Сыншы «Бүгінгі мәдениетті аналитикалық рух, байсалды реализм, күрделілік, ой тереңдігі, форма сонылығы, идея өткірлігі тән болса, осы қасиеттер, әсіресе, жас жазушыларымыздың творчествосынан табыла бермейді. Стилінде аңдағайлап тұрған олқылық байқалмайтын Бек Тоғысбаевтың формалары ықшам «Той үстінде», «Жұбаныш» повестерінде кейбір ситуациялардың жасандылығы аңғарылады. Бектің кейіпкер жанына көбірек үңілуін, бір қуаныш, бір қайғы, бір рахат, бір қапа, бір жеңіс, бір жеңілісті бейнелеуін, адам психологиясын диалектикалық қалыпта суреттеуін қалар едік», - дейтін жолдармен ой түйіндейді. Бұдан түйетініміз, сыншы болу жүре даритын қасиет емес, сыншы болу – адам табиғатына берілген ерекше дарын. Тек адам өзінің дүниетанымы арқылы, білімі арқылы шыңдап сыншы атанады. Рымғали Нұрғалидың қай сын еңбегін алмаңыз әдеби сынның ең үздік формасымен танысасыз. Сыншы отызға жуық монографиялық, әдеби сын, ғылыми-зерттеу, көркем әдебиет кітаптардың авторы. Сонымен бірге, Рымғали Нұрғали – табиғи талантымен танылған сыншы ғалым.
Пайдаланған әдебиеттер:
Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы, Жазушы, 2001.
Нұрғали Р. Сырлы сөз. Алматы, Жазушы, 2000.
Нұрғали Р. Айғақ. Алматы, 2000.
Н.Айтұлы
КҮТІП ТҰР СЕНІ
(Р.Нұрғали 65 жасқа толғанда)
Алыстан қалды жалынды жылдар,
Алтынның буы, халқыңның туы болғандай.
Отыз жыл бұрын биікке бізді бастадың,
Отыз күн шауып табаны қызған тарландай.
Мағжанның мұңын, Шәкәрім шерін сыбырлап.
Жеткіздің бізге, кеудеңде қайғы шымырлап
Сұр жылан сонда ысқыра қалса жұтардай,
Бозторғай – жүрек қанатын қақты шырылдап.
Еліңнің үстін тұмандай торлап мұң-нала,
Жеріңнің астын кеуледі тағы зіл-зала.
Тажалдың аузын жапқанмен, аузын жараңның,
Жазатын емші Бостандық еді бір ғана.
Келмеске кетті қаһарман шашқан кәпір-түн,
Сұмдықтың сыры тереңде сонау жатыр тым.
Мұнайма, аға, қазақтың төрі сенікі,
Алдыңнан шығар әр ауыл сайын шәкіртің,
Арайлап таңдар, құшағын нұрлы жайса күн,
Жұлдыздай жайнап, жасай бер бірге Жайсарым!
Тұлпарым келіп бір аунап-қунап кетер деп,
Күтіп тұр сені жайлауда көгі майсаның!
Күтіп тұр сені мөлдірі кәусар тұманың,
Имандай шыным, болмасын оған күмәнің.
Ат басын бұрмай көлденең етсең қиыстап,
Қара шал қырдан шақырар бұлқып тұмағын.
Осының бәрі не деген бақыт, япыр-ау,
Шақырып тұрса Алатау, Алтай, Атырау!?
Сабылып іздеп, таба алмай жүрген бір асыл,
Жан аға, сенің кеудеңде сірә жатыр-ау!?
Дегелең
Рымғали Нұрғалиевке
Қарайып сонадайда тұр Дегелең:
- Ойпыр-ай, сұмдық еді бұл не деген?
Қасына аяқ басып бара алмайсың.
Жеріңді осы емес пе түрмелеген?
Байқашы, безіп кеткен құс баласы,
Суындай балық бар ма – түс, қарашы? –
Шағанның жағасында шырқ айналып,
Бойыңа тарамай тұр ішкен асы.
Ағаның тілегімен зыр жүгіріп,
Қарадым ойдым-ойдым суға үңіліп.
Тұнық су телміреді тірлігі жоқ,
Түңілдім, түбіндегі сырды ұғынып.
Буым тұр бір қасірет бар тынысты,
Құсы жоқ аспан қандай қорқынышты.
Күрсініп көздеріне жас алды да,
Екі ағам тостағанды сарқып ішті.
Дегелең күйіп кеткен жана-жана,
Тозақтан шыққандай бір жаңа ғана.
Екі ұлы Дегелеңнің мөлтілдейді,
Тауға да, өзенге де, далаға да.
Аһ ұрып, тартқан тау-тасына,
Батып тұр ауыр салмақ арқасына.
Кеткендей Дегелеңмен бірге шөгіп,
Екеуі алып мені ортасына...
Библиография
(Рымғали Нұрғалидың
жеке жарияланымдары: 1961-2005)
1. Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы. А., КазГУ баспасы, 1961, 44 б. Проф. Б.Кенжебаевпен бірге.
2. Трагедия Мухтара Ауэзова. А., 1967, 20 стр.
3. Трагедия табиғаты. Монография. А., Жазушы, 1968, 176 б.
4. Талант тағдыры. Драматургия, театр мәселелері. А., Жазушы, 1969, 128 б.
5. Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы. Монография. А., Жазушы, 1973, 236 б.
6. Поэтика казахской драматургии. А., КазГУ, 1973, 118 стр.
7. Қазақ драматургиясы. А., Қазақстан, 1974, 48 б.
8. Өнер алды - қызыл тіл. Монография. А., Мектеп, 1974, 172 б.
9. Бадыров Қ. Өткендер мен өткелдер. Әдеби вариантын жасаған Р.Нұрғалиев. А., Жазушы, 1974, 208 б.
10. Дән. Елу новелла. А., Жалын, 1977, 248 б.
11. Өнердің эстетикалық нысанасы. Монография. А., Мектеп, 1979, 192 б.
12. Поэтика драмы. Истоки и тенденции развития казахской драматургии. Алма-Ата, Жазушы, 1979, 248 стр.
13. Зерно. Новеллы. А., Жалын, 1981, 168 стр.
14. Проблемы жанров казахской драматургии. А., Наука, 1982, 50 стр.
15. Есенберлин І. Он томдық шығармалар жинағы. А., Жазушы, 1984-1988. Ғылыми түсініктер мен соңғы сөзін жазып, томдарды баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
16. Қазақ драматургиясы: тарихы, жанры, поэтикасы. А., КазГУ, 1984, 16 б.
17. Айдын. Қазақ драматургиясының жанр жүйесі. Монография. А., Өнер, 1985, 400 б.
18. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму. Монография. А., Жазушы, 1986, 440 б.
19. Қазақ революциялық поэзиясы. Монография. А., Мектеп, 1987, 208 б.
20. Мұхтар Әуезов - қазақ совет әдебиетінің классигі. А., 1987, 25 б.
21. Мухтар Ауэзов – классик казахской советской литературы. А., 1987, 25 стр.
22. Мұхтар Әуезов тағылымы. А., 1987, 432 б. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
23. Жұмат Шанин. Арқалық батыр. Пьесалар мен мақалалар. А., Өнер, 1988, 400 б. Құрастырған, алғысөз, түсініктерін жазып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
24. Қазақ совет әдебиеті. ХІ класқа арналған оқулық. А., Мектеп, 1989, 404 б., Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловпен бірге.
25. Древо обновления. Тардиции и современный литературный процесс. А., Жазушы, 1989, 368 стр.
26. Байтұрсынов А. Ақ жол. Өлеңдер мен тәржімалар, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. А., Жалын, 1991. Құрастырған, алғысөзін жазып баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
27. Ай қанатты арғымақ. Роман. Новеллалар. А., Жалын, 1990, 480 б.
28. Ахмет Байтұрсынов. А., Рауан, 1991, 52 б.
29. Арқау. Екі томдық шығармалар. 1 том. Айдын. Қазақ драматургиясының жанр жүйесі. А., Жазушы, 1991, 576 б.
30. Арқау. Екі томдық шығармалар. 2 том. Телағыс. Қазақ революциялық поэзиясы. А., Жазушы, 1991, 576 б.
31. Қазақ энциклопедиясы. Казахская энциклопедия. А., 1993, 36 б.
32. Қазақ әдебиеті. ХІ класқа арналған оқулық. А., Рауан, 1994, 320 б. Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловпен бірге.
33. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Избранное. А., Қазақ энциклопедиясы. А., 1995, 447 б. Құрастырушылардың бірі және соңғы сөзді жазған Р.Нұрғалиев.
34. Ысмайылов Т. Аза. Өлеңдер мен поэмалар. А., Жазушы, 1996, 239 б. Құрастырған, алғысөзі мен түсініктерін жазып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
35. Әуезов М. Таңдамалы. Избранное. А., Қазақ энциклопедиясы. 1997, 510 б. Құрастырып соңғы сөзін жазып баспаға әзірлеген Р.Нұрғалиев.
36. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. Жаңаша бажайлау. А., Ғылым, 1997, 512 б. Телавтор.
37. Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух. А., Санат, 1997, 432 б.
38. Творець вічних цінностей. Киів. -1997, На украинском языке. 160 стр. Соавтор.
39. Қазақ әдебиеті. ХІ сыныпқа арналған оқулық. А., Рауан, 1998, 336 б. Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловпен бірге.
40. Вершины возвращенной казахской литературы. А., Қазақ университеті, 1998, 307 стр.
41. Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлы (Нұрғалиев). Биобиблиографиялық көрсеткіш. Қазақ университеті. 1999, 163 б.
42. Айғақ. Материалдар мен зерттеулер. А., Ғылым, 2000, 400 б.
43. Сырлы сөз. Әдеби сын, зерттеу. Бір томдық. А., Жазушы, 2000, 400 б.
44. Драма өнері. Монография. А., Санат, 2001, 480 б.
45. Көкейкесті әдебиеттану. 1 кітап. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Астана, «Фолиант» баспасы, 2001, 364 б.
46. Көкейкесті әдебиеттану. 2 кітап. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2002, 356 б.
47. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2002, 528 б.
48. Казахская драматургия. Монография. Астана, изд-во «Фолиант», 2002, 360 стр.
49. Көкейкесті әдебиеттану. 3 кітап. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2003, 262 б.
50. Сөз өнерінің эстетикасы. Монография. Астана, Елорда, 2003, 424 б.
51. Қазақтың жүз романы. Құрастырған, алғысөзін жазып баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Алматы, Ғылым, 2003, 410 б.
52. Көкейкесті әдебиеттану. 4 кітап. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2004, 231 б.
53. Көкейкесті әдебиеттану. 5 кітап. Құрастырып, баспаға әзірлеген Р.Нұрғали. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2005, 334 б.
Авторлар туралы мәлімет
Абдуллина А. – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы.
Аймұхамбетова Ж. – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
Айтуғанова С. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Айтұлы Н. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Еуразия» гуманитарлық-ғылыми зерттеу орталығының қызметкері.
Алпысбаев Қ. – филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көркем аударма және шығармашылық кафедрасының меңгерушісі.
Ахметов К. – филология ғылымдарының кандидаты, А.Байқоңыров атындағы Жезқазған мемлекеттік университетінің доценті.
Әбдиманұлы Ө. – филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті.
Әлмашұлы Ж. – филология ғылымдарының кандидаты, Президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі.
Әкімжанов М. – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аударма бөлімінің қызметкері.
Әшірбекова А. - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы.
Байдәулет А. – Тәуелсіз журналист.
Байтанасова Қ. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
Бейбытова К. – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының профессоры.
Бейсентай А. - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы.
Беркенова Р. – А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің ізденушісі.
Бисенғали З. - филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті тарихы кафедрасының меңгерушісі.
Боранбаева Ж. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
Власова Г. – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының доценті.
Дүйсенғазин С. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы.
Ержанова Г. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
Еспенбетов А. – филология ғылымдарының докторы, профессор, М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің ректоры.
Жапанова М. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Жұмағұлов С. - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің докторанты.
Жұртбай Т. – филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры.
Ишанова А. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика кафедрасының доценті.
Кривощапова Т. - филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.
Кішкенбаева Ж. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты.
Қажыбай А. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты
Қалижан У. – филология ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.
Қалыбекова Қ. - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы.
Қойлыбаев Ш. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты.
Құлманов Қ. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы.
Құл-Мұхамед М. – ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы.
Майтанов Б. – филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті теориясы және фольклор кафедрасының меңгерушісі.
Мәсімхан Д. – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының доценті.
Нұрманова Ж. - педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Оразалы С. - Халықаралық Телевизия және Радио академиясының академигі, профессор.
Орынханова Г. – Қыздар педагогикалық қазақ ұлттық институтының доценті.
Серғазы Л. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы.
Серғалиев М. – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі.
Смағұлов Ж. – филология ғылымдарының кандидаты, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті.
Тапанова С. – филология ғылымдарының кандидаты, А.Байқоңыров атындағы Жезқазған мемлекеттік университетінің доценті.
Тахан С. – филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі.
Тілешов Е. – филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры.
Төлеубаева К. - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.
Тұрысбек Р. – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.
Хамзин М. - филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры.
Хамитова А. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика кафедрасының магистранты.
Шарипова Г. - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Шындалиева М. - филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика кафедрасының доценті.
Ысқақұлы Д. – филология ғылымдарының докторы, профессор, С.Демирел атындағы Қазақ-Түрік университетінің проректоры.
Достарыңызбен бөлісу: |