Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,



бет2/22
Дата23.10.2016
өлшемі5,95 Mb.
#69
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

М.Серғалиев


АЗАМАТ АЖАРЫ


немесе академик Р.Нұрғали туралы сыр

Есімі еліміздің шекарасынан алысқа шырқап, мәшинемен зымырай, пойызбен жүйтки, ұшақпен самғай жетіп, табысып, қауышып дегендей, қаны жақын туыстармен, тілі басқа болғанмен, ниеті түзу шетелдіктермен етене танысқанына ондаған жылдар болып қалған таланттың шығармашылығы туралы елең еткізер сөз қозғау қиын-ақ. Қиындықтың басты себебі – ол өзін жан күйер отандастарымыз бен олардан сырт жұрттағы әдебиет, өнер сүйер ағайындарға өзінің еңбектерімен өзі туралы жазылған насихат мақсатындағы жарияланымдардан ертерек танымал етті. Солай бола тұра, оның сан алуан туындыларының әр қырына қатысты талай ізденістердің басылым көргені белгілі. Сол қозғалған мәселелерді тереңдету сияқты міндеттің біз үшін тым салмақтылығын сезініп, мақсаттас, мүдделес, армандас әріптесі ретінде оның адами, азаматтық болмысынан аз да болса сыр ағытудың қисыны келіп тұрған жайы бар.

Болашақ академик Рымғали Нұрғалимен оның студент кездерінен сырттай біршама көзтаныс болғаныммен, бір-бірімізбен бетпе-бет келіп, жүздесіп, жақын танысуымның басталуы 60-жылдардың бірінші жартысына дөп келеді. Дұрысында, менің онымен танысуым емес, оның менімен танысуы туралы айтсам болар еді. Мұнымен өзім шыққан төбені биік деп көрсетіп тұрғаным жоқ. Рымғалидың сөйлеу дағдысынан да, бет-пішін, дене қимылы жағынан да менен ширақтығы мен жинақылығын еске салғым келеді. Сөзді оның бастағаны өз алдына, сұрақтарды да көктемгі нөсердей төкті. Жауап беруге үлгіре алмау қаупім де жоқ емес еді.


  • Ауылдағы есімің Мекен екен ғой? - болды алғашқы сұрағы.

  • Оны кімнен естідің? – деп, жауап орнына қарсы сұрақ қойдым.

Ол шалқалай күлді:

- Білеміз, білген соң айтамыз ғой, - деп, ғұлама Әлкей Марғұлан ағамыздың зиялы қауым арасына кең тараған нақыл сөзін келтірді.



  • Ие, - дедім.

Шыным. Бастауыш сыныптарды аяқтағанша атым солай болатын. Кейін ағайындардың келісімімен қазіргідей аталып кеттім. Дәл қазіргі сәтте көңілім сәл босағандай да болды. Анашым мені жарық дүниеге әкелген күннен бастап өмір бойы Мекен деуден бір сәт жаңылып көрген емес еді. Әрдайым емірене елжіреп, ерекше еркелетіп айтатын.

  • Қамиша деген апаңды білесің бе? – деді сұрақты жалғастырып.

  • Білгенде қандай! Көптен бері ол апамды көрудің сәті түспей жүр...

  • Қабдрашит деген жездеңді ше?

  • Апамды білгенде, жездемді білмей...

Бұл сұрақ-жауаптан көп кейін байқаған бір жайым бар. Мәскеуліктер үлкен болсын, таныс болсын, бейтаныс болсын – кіммен болса да «сен» деп сөйлесе береді. Ал ленинградтықтар (санкт-петербургтықтар) бейтаныспен, таныс болса да, жасы үлкенмен «сіз» арқылы тілдік қарым-қатынас жасайды. Рымғали мәскеуліктерді есіме салды. Өзімсінгендегісі шығар.

- Аға-жездемді қайдан кезіктіріп жүрсің? - дедім мен де сұрақтың кезегін иеленіп.



  • Мына данышпан Мұхтар.., - дей бергенде:

- Мұқаң қайтыс болған жоқ па! - деп таңданыс білдіріппін. Қапелімде ұлы Мұхтар Әуезов ойыма келе қалды.

Рымғали оған еш қысылған жоқ.

- Мұхтар есімділердің бәрі – данышпандар. Мен Мұхтар Мағауинді айтамын, - деп тағы ақсия күлді.


  • Мағауиннің бұл әңгімеге не қатысы бар?

- Қатысы болып тұр ғой. Данышпан Мағауин маған еріп, сендердің ауылдарыңа фольклор материалдарын жинауға барғанбыз. Сол сапарда әлгі аға-жеңгеңнің үйінде де болдық.

  • Данышпан саған ерсе, сен данышпанның данышпаны екенсің, - деп

мен де әзіл тастадым.

Бұрыннан аралас-құралас адамдарша қисыны келген қағытпа сөздерді де кезектестіре отырып біраз жерге барып қалыппыз. Сұхбат соңы өзіміз илеп жүрген теріміздің пұшпағын әңгімелеу үстінде бір-бірімізге есеп беру тәрізді өзгеше бір ғылыми отырысқа айналып кетті.

Осы сырласудың әлі күнге дейін жадымда сақталуының себебі және сол себептен туындайтын тәлімі бар: бұған дейін бір-бірімізге қашықтан тілектес санатында жүрген екеуіміз, кеуде түйістіріп, қол алысып, ант-су ішпесек те, сол күннен бастап сол игі ниеттің тікелей, жанды және заңды куәгерлері болғандаймыз. Қазір де шынайы да таза жан ашырлық сезіммен тіршілік етіп жүрген сияқтымын.

Сол жүздесуден бастау алған екінші түйін сол – Рымғалидың берік зердесіне қашанда таңданулымын. Елерлік құбылыстар мен көзге түсер белгілі көріністерді сөз етпегеннің өзінде, жол-жөнекей айтыла салған шағын жайтқа кәдімгідей мән беріп, ұмытпай жүреді. Кейбір кездерде бір мәселе жөнінен бір адамға бір сұрақты әлденеше рет қоюы әбден мүмкін. Сондағы жауаптың әр түрлі берілгенін немесе барлығында да бір мазмұндағы жауап алғанын сездіріп те қояды. Мәселен, менен 70-жылдары аяғымның сыну себебін ерінбей үш рет сұрағаны бар. Екіншіде де, үшіншіде де : «Анада да солай дегенсің» деді. Мұндайда қайсыбір күйгелектердің жүйке тамырлары біршама жіңішкеріп қалуы да ғажап емес. Қайткенде де, бұған түсіністікпен қарау қажет сияқты. К.Маркс математиканы ақыл-ойдың гимнастикасы деп есептеген ғой. Ал бағзы біреулер ақыл-ойларын сұрақпен және жауаппен жаттықтыруы ықтимал. Мәселенің екінші жағы да бар екенін есте ұсталық: прозашы ретінде Рәкең кейіпкер мінезін де іздеуі оғаш емес.

Жан тебірентерлік мысал ойға оралады. Көрнекті әдебиетші Темірғали Нұртазиннің сырқаты ауырлағанын естіп, Рәкең інісі, қызметтесі ретінде оның көңілін сұрауға барады. Тем-ағаң әдеттегіден де салмақты. Ой үстінде. Шаршаңқыраса да, биязы түрде, бірақ бұрынғыдан гөрі қинала тіл қатады. Рымғалидың сыртқа шығуға ыңғайлана бергені сол еді, ұстазының сыбырлай сөйлегенін аңғарып қалды. Құлағын түреді. Орысша жатқа өлең оқып жатыр екен. Бұған ерекше таңданған ол сезімін ішіне сақтаған күй кешті. Дәл, бұлтартпас шешімге келмесе де, авторын біршама өзінше жобалаған-ды. Үйіне кірісімен 200 томдық «Әлем әдебиетінен» И.Гетенің поэмасын парақтай бастады. Көңілі алдамапты: әлгі жолдар «Фаустан» табылды.

Мына жарық дүниемен мәңгі қош айтысар алдында дарынды ғалымның Құдай мен әдебиет Пайғамбарына қатар табынғанын көріп, одан алған ғибратын Рәкең әрқашан аңыз етіп әңгімелей жүреді. Алғырлық дерсіз, елгезектік дерсіз, тіпті әсершілдік дерсіз, қалай десеңіз де, осының бәрінің негізінде зерделілік жатыр.

Академик Р.Нұрғалидың бойынан табылып, мені қызықтыратын тағы бір қасиеті – оның зеректігі. Өмірде байқалып жүргеніндей және оны психология ғылымы да қостайтын болуы керек деп ойлаймын, Құдай бұл сияқты мүлдем өзгеше қабілетті екінің біріне сыйлай бермейді. Ал енді біреулердің өз бойындағы жаратылыс сыйын, басына қонған бақты - сол қасиетті сыйлай білмей, тиісті орнында жұмсай алмай, зымыран заман ағымынан, өскелең қатар-құрбыларынан көп кеш қалып, көш соңында жүргеніне қатты өкініп жүретіндерін дәлелдеп жатуға уақыт алмасақ болар еді және ол міндетімізге де жатпайды.

Ең маңыздысы - жағымды жай жаныңызды жадыратады. Зеректіктің бар екенін дер кезінде толық сезініп, оны қадірлеп, мәпелеп, тәрбиелей алушылық - сол қасиет иесін белсенді тұлғаға айналдырып жіберетінін тағы теріске шығарып әуре болмай-ақ қояйық. Демек, екінші жағдайға қуанудың, қолпаштап қол соғудың тіптен де ерсілігі жоқ. Осы тұрғыдан біз білетін Р.Нұрғали айналасындағыларды ғана емес, сонымен бірге, алыстағыларды да қуанышқа бөлеп жүр. Олай дейтініміз – ол әлдебір ұсақ мәселелерден ірі мәселелерді, әлдебіреулер жете мән бере қоймайтын мәселелерден елеулі мәселелерді дәл айыра біледі де, маңызды жайға баса назар аударады. Оның үстіне, пікірін ойып айтады, анық білдіреді, айқын тиянақтайды, санаға қондыра түсіндіріп, түйсіндіреді, сонысымен, сүйсіндіреді. Ғылыми, сыни проблемаларды қозғағанда да, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты пікірді алға тартқанда да осы ұстанымнан айныған емес. Бұл айтылғандарға шын мәніндегі зиялы азаматқа тән сыпайылығы мен кішіпейілділігін қосыңыз. «Қазақ әдебиеті» газетінің жап-жалпақ бір бетін алған мақаласында бір сыншы ХХ ғасырда «қазақ әдебиетінің жоғын» дәлелдеуге жанын салып баққан болатын. Рымғали бұл жүзжылдықты қазақ әдебиеті тарихындағы «алтын ғасыр» деп атап, байбалам салушылардың көзін шұқығандай етіп мұқабаның сыртына сол әдебиетті алтын дәуірдегі әдебиетке айналдырушыларды жіпке тізгендей етіп, қатарластыра сүйкімді де ойлы бейнелерін бергізіп, 34 баспа табақ монографиясын ұсынды. Ұлылардың ұлылығын дәлелдеді, бір ғасыр бойы халқының рухани қажетін ең биік дәрежеде өтеген, сол халқының бостандығы жолында жандарын қиған, ең болмағанда, денсаулықтан айрылған ардақтылардың шығармаларын бүгінгі әдебиет теориясы тұрғысынан талдап, жіліншектеп берді. Білетіндердің есіне салды, білмегендерге түсіндірді. Көрдіңіз бе, ешкіммен бет жыртысқан жоқ, ешкіммен ашық айқайға да барған жоқ, шу да көтерген жоқ. Тегінде, сын шаруашылығындағы нағыз күрес пен сол күрестегі жеңістің үлгісі осындай болса керек-ті.

Тағы бір ғажабы – кішкентай деп қабылдауға болатын жайлардан сыншы оқырманға не тыңдарманға үлкен, қомақты қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мұны ғалымның шығармаларын талдау мағынасында айтқаннан гөрі, автордың психологиясы тұрғысынан тың дүниесін жазар алдындағы дайындығының жай-күйі туралы қозғалып отырған әңгіме ретінде қабылдауларыңызды қалар едім. Қазіргі айтысқа шабуыл жасаушылар, айтыскерлерімізге Жамбыл емес, Нұрпейіс емес, Шашубай емес, Нартай емес деп қараушылар, «коллективтің жырын айтпады» деп кінә тағушылар кейінгі жылдары тіптен көбейіп кетіп еді. «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде Рымғалидың ешкімге тіл тигізбей-ақ, бармақ батырмай-ақ, барды барынша, жоқты жоғынша баяндаған мақаласы жарияланды. Дәлелі мол, деректері жеткілікті, солай болғандықтан сендіру ықпалы күшті мақала. Бұл жолы да ешкімнің жағасынан алмады, кеудесін соғып кісімсімеді, қарсыластарына ақыл айтып та мазалаған жоқ. Сол-ақ екен, осыған дейінгі өсек пен жала ағымындағы кері ағыс бірталай саябырсып, тартылғандай сыңай байқалды. Бірталай дейміз-ау, бүгінгі таңда халық ауыз әдебиетінің бұл қызықты түрі хақында сыбыстар мен күңкіл сөздер мүлдем тыйылды десе де болғандай. Бұдан басқа фольклор зерттеушілердің дәл осы тақырыптас еңбектерін елемеуден, терістеуден немесе жалақорлардың аузын тек Р.Нұрғали ғана жапты деген ойдан әсте де аулақпыз. Десек те, айтыс пен айтыскерлерге ризалық сезімде болмағандарға қарсы, жауап пікірдің соңғы, қорытынды ретінде берілуінің де атқарар жүгі мол болса керек.

Рымғалидың өзіне кімді болса да бірден тартатын тағы бір қасиеті – зейінділігі. Зейінділіктің әркімде әр түрлі дәрежеде көрініс беріп, әр түрлі қызмет атқаруы кімге де түсінікті болса керек. Біздің әңгімеміздің арқауы болып отырған азаматтың зейінінде өзіндік ерекшелік бар. Ол өзгешелікті белсенділік десе болар еді. Зейіннің зерде мен зеректікке қосылғанда маңызының арта түсетінін байқау қиын емес. Бұл әдетте ғалым адамдарда ерекше көзге шалынады. Бірде А.В.Луначарскийді радиоға шақырады. Әрқашандағысындай ол кісі дәл уақытында келеді де, сырт киімін ілгеннен кейін:

- Сөйтіп, әңгімеміз Шекспир туралы ғой? – деп мақсатын анықтап алғысы келеді.


  • Жоқ, - дейді редактор, - Шиллер жайында болмақ.

  • Қалайша!?

А.В. Луначарский таңданыс білдіреді:

  • Мен Шекспир деп түсініп, соған дайындалып келдім.

- Анатолий Васильевич, кешірерсіз, мен Шиллер деген болатынмын- дейді редактор.

- Онда кінә менен болды-ау, - дейді де, Луначарский біраз минут ойлануға мұрсат беруін Келісілген минуттар аяқталғанда, хабардың басталатын уақыты да таянып қалыпты. Радиоқызметкерлердің толғанысында шек жоқ. Бағдарлама халыққа таралып кеткен және ресми бастықтардың қолдарымен бекітіліп те қойған. Олардың енді не істеудің амалын таба алмай, қиналыс үстінде екенін сергек қонақ жақсы түсінді. Ол сол сәтте журналистерді тыныштыққа шақырады да, хабарды бастауға рұқсатын береді.

Ал жаңылысып айтқан Шекспирдің орнына бағдарлама бойынша Шиллерге арналған әдеби хабардың ешбір мінсіз өткеніне риза болған редактор да, режиссер де, оператор да Анатолий Васильевичке алғыстарын жаудыра берді.

Радиоберілімнің табысты өтуінің басты себебі - аса көрнекті әдебиетші ғалымның зейінділігінен деп бағалаған жөн. Әрине, зерденің де қатысы бар, дегенмен, есте сақтаудың негізі әлбетте зейін болып табылады, өйткені сол құбылысқа немесе оқиғаға зор мән беріп, қажеттігін тану, сөз жоқ, оның адам жадында ұзақ сақталуына айта қаларлықтай ықпал етеді.

Бұл келтірілген мысалмен пара-пар болмаса да, ұқсас жайларды академик Р.Нұрғалидың сөздері мен қылықтарынан табуға болады. Айталық, кез келген қазақ прозашысы мен драматургінің композициялық, сюжеттік немесе идеялық ұқсастықтары мен даралықтары жайында алдын ала дайындықсыз кейіпкерлер мен оқиғаларды бір-бірімен шатастырмай ұзақ сөйлей алатын қабілетін көптен білеміз.

Зейінділік әркімнің қай салада да ұқыптылығы мен тиянақтылығына тығыз байланысты екенін Рымғали жастайынан бойына жақсы дарытқан. Бұл ретте өзінің ұстазы профессор Б.Кенжебаевты үлгі тұтады. «Бейсекең, - дейді ол; - қандай құжатты немесе мұрағатындағы әдеби материалды сұрай қалсаңыз, сол сәтте өрмелеп сөреге көтеріліп, оп-оңай тауып береді». Мұндай әрекетке талай таңданғанын ризалықпен айтады. Бұл да зейіннің арқасында болып жатқан жағдай. Рымғали, сол сияқты, әдеби сын саласындағы ұстазы Мұхамеджан Қаратаевты да аузынан тастамайды. «Өзге сыншылардан Мұқаңның керемет айырмашылығы бар», - дейді. Оның неден көрінетінін білгіңіз келсе, «Менің түсінігімде шығарманы түпнұсқадан оқымай, яғни туындының мазмұнымен жақсы таныспай, ол кісі сын немесе мақала жазбайды, әсіресе, баяндама жасамайды. Мұқаңның сынының өткір, батыл болатыны сондықтан», - деп түйіндейді Рымғали. Әрине, қол қоясыз.

Сөйтіп, табиғатында бар зерделілікті, зеректікті, зейінді дамытуына, бақытына қарай, әсер еткен әке, аға толқындардың өнегесі болғанын бағамдауға хақылы сияқтымыз.

Бүгінде өзінен мүшел жас үлкен ағаларымен, ұлағатты ұстаздарымен қатар аталатын академик Р.Нұрғалидың азаматтық келбетін, жан дүниесін ажарландыра түсетін қасиеттер туралы орайы келгенде ұзақ айтыла жатар. Біз әңгіме еткен жайлар да кейінгілер мен шәкірттеріне жұғысты болар құбылыстар деп білеміз.

С.Оразалы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет