Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,



бет4/22
Дата23.10.2016
өлшемі5,95 Mb.
#69
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

ӘДЕБИЕТТЕГІ ҰЛТТЫҚ РУХ

(Профессор Р.Нұрғалиевтің шығармашылығына орай)

Рымғали Нұрғали – қазақ әдебиеттануының З.Ахметов, С.Қирабаев, З.Қабдолов бастаған көрнекті өкілдерін кейінгі А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев, Ш.Ибраевтармен жалғап тұрған аз-кем әдебиеттанушылар арасындағы алтын көпір іспетті белгілі тұлға.

Ұстаз, жазушы, ғалым.

Р.Нұрғали – 1968 жылдан, ҚазМУ-дағы ұстаздық қызметінен бастап студенттер арасында айрықша беделге ие болған құрметті жан. Ол туралы студенттер арасында мүлде басқа көзқарас, ерекше құрмет бірден қалыптасты. Оның әлденеше себептері болатын. Бірі – 1967 жылы «Қазақ әдебиеті» бірде газетінде жарияланған «Қилы заман» қандай туынды?» деген мақала.

Мақала жарық көрген соң роман туралы әңгіме басталғанмен ол кезде шығарманың өзі көпшілікке, студенттерге беймәлім болатын. Ұстаздар тарапынан да шығарма туралы онша көп мәлімет шықпады, тек қана проф. Т.Нұртазин әзіл-шыны аралас әлдене айтқан болды. Сондықтан, 1968 жылы мақала авторының өзімен кездесу, оның лекцияларын тыңдау миында мың сұрақ жүретін тынышсыз студенттер үшін үлкен олжа еді. Екіншіден, Р.Нұрғали лекциядан босаған кезде, болмаса көшеде өзін қоршаған жастармен еркін әңгімелесе беретін. Шәкәрім, Мағжан туралы әңгімелері де там-тұмдап айтатын. Тек қана жан-жағына, тыңдаушылар назарына абайлап қарап қойып отыратын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде бұрын да Алаш ұранды әдебиет рухы – А.Байтұрсынов пен Ә.Бөкейханов, М.Дулатов пен Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытов шығармалары туралы мәліметтер мен әңгімелер айтылып отыратын. Сөз арасында, түрлі мақсатты салыстыруларда, кейде шабытты лекцияларда ұстаздар абайсызда айтқансып көпшілікке белгісіз шығармалар мен олардың авторларына қатысты мәліметтерді қозғайтын.

Студенттер арасында да мағжаншыл, шәкәрімшіл, олардың жырларын жатқа білетін ақындар да аз емес еді. Қатал ұстаздардың өздері де студенттердің қиғаш сұрақтары мен «қауіпті сөздеріне» кешіріммен қарады. Көбі күлетін де қоятын. Тым асып бара жатқанда ғана: «Әй, қоясың ба, жоқ па?» - деп айбат көрсететін.

Алаш ұранды әдебиеттің көрнекті өкілдері мен олардың шығармаларын жүйелі түрде оқытуды Р.Нұрғали ҚазМУ-да 1987 жылдан бастап қолға алып өткізе бастады. 1997 жылы «Санат» баспасынан жарық көретін «Әуезов және Алаш» атты көмекші оқу құралы ертеден басталған ойлардың жиынтығы ғана еді.

Төмендегі әңгімелерді біз негізінен осы бағыттағы қаламгер ойларына және жоғарыда аталған «Әуезов және Алаш» оқу құралына арнаймыз. Басқа тақырыптарда ретіне орай қозғалып отырады.

«Өнердегі ұлттық рухқа арналған еңбегімді «Әуезов және Алаш» деп атауға бел байладым» - деп жазыпты қаламгер кітабының алғы сөзінде.

Әдебиеттегі ұлттық рух.

Ол сенің өзіңе сыздана қараса да, қандастарыңды, еліңді адам деп есептегеннен гөрі «есалаң» деп ойлайтын өктем ұлт, тап өкілдеріне қарсылықтан туындайтын қуатты сезімнің бірі ғана. Оны көпшілік сезінеді. Біреу іштей жәбірленеді, біреу оған көнеді, еріксіз мойындайды. Өйткені, адамда астамшылық пен өктемділікке бастайтын желік артында оны көтеріп тұрған қуатты қол мен темір жұдырықтың, дүлей күштің тұратыны белгілі. Оған қарсы адамның рухы да суарылған болаттай болуы тиіс. Сонау аласапыран, қатыгез 20-жылдардың өзінде-ақ ұлттық рух пен дүниелерді бейнелеуге көшкен қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің ерлігі жанқиярлықпен пара-пар құбылыс.

Р.Нұрғалидің осы пікірге келуіне, дүниетанымның қалыптасуына көптеген жайлар әсер етті. Соның бірі – осы дүлей күштерге ымырасыз қарсылық болатын.

Ата-баба аруағы тыным тапқандай болған киелі Абыралыға ел-аман, жұрт тынышта, атом бомбасын жарған астамшылықтың шоқпары дүниеге ойлы көзбен қарай бастаған балаң жасқа – Р.Нұрғалиға ерте тисе керек. Халық жауы атанып ұсталған әкесі М.И.Калининнің көмегімен қайтып оралған соң, әңгіме үстінде осы сипатты ойлар сілеміне көз тіккендей болып отыратын.

Р.Нұрғали шығармашылығында өнердегі ұлттық рух басты сипат алады. Осы дүниетаным мен көзқарастың өзге мақсаттардан басым түсуіне ұстазы Б.Кенжебаевтың да үлесі аз болмаса керек. Жас шәкіртінің бойынан ерекше қасиетті байқаған ұстаз С.Шәріпов шығармашылығы туралы жазуға кеңес беріп, оның шығармасын жинатып, жариялауға жәрдемдесіп, мақала, ғылыми-зерттеу жазғызған.

Әдебиеттегі ұлттық рух! Бұл басынан бостандығы таймаған қуатты елдер үшін кәдімгі, күнделікті нәрсе. Ағылшын, француз, неміс т.б. елдер әдебиеті оны ешқашан біздегідей өткір сезінген емес. Соның өзінде де соңғы жылдарда Америка Құрама Штаттары салт-санасының, кино, теледидар және өнер туындыларының тасқынынан қауіптеніп, олардың ұлттық менталитетке кері әсері туралы жаза бастады. Ал бізде мәселе мүлде басқаша қалыптасты. Ойлана қарасақ өнердегі ұлттық рухты жоюды мақсатты түрде жоспарлаған Кеңес үкіметі. Ұлтшылдық дегенді рухы берік жандарды басу, жаншу үшін алғашқы күндерден бастап қолданған. Оның ар жағында бұл мәселе, оған дейінгідей өткір қалыпта қозғалған емес. Нақты ұлттың тұрмыс-салтындағы қалыптасқан тұрақты, дәстүрлі белгілерді бұзып беймәлім, жат, жаңа қатынастар мен үлгілерді күшпен таңа бастау текті халықтың ашу-ызасын, қарсылығын туғызатын нәрсе. Қазақ әдебиетінде бұл құбылыс «Зар заман» әдеби ағымы түрінде көрініс тапты. Бұл процестің прогрессивті де, регрессивті де беттері болады. Болашаққа ұмтылған елдің өз дамуына кедергі болған «көнені» лақтырып тастауы, одан босағысы келуі түсінікті жай. Ал отарлық жүйеде мүлде басқа заңдылықтарға тәуелді. Отарлаушы мемлекет үшін отар елдің халқынан гөрі, байлығы, жері ғана қымбат. Оны еркін иемдену жолында ұлттық рухты жою Ресей тәрізді отаршыл елдің басты міндеті болып келді.

Р.Нұрғали зерттеулерінде осы мәселені қозғады.

А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтың қазақтың бостандығы мен болашағы үшін саяси күреске араласуы, отарлаушы Ресей мемлекеті мінбелерін қазақты ата-қонысынан ығыстырған, адамдық құқын аяқ-асты қылып, қырып-жойып бара зорлықты әшкерелеу үшін, халықты қарсылыққа, оянуға шақыруға пайдалануы айта қаларлықтай жайлар. Олардың мақалалары сол кездегі орыс тілді салмақты, сауатты басылымдарда жарияланып, халық арасына кең таралды. Қоғамдық санаға қозғау салды. А.Байтұрсынов – қазақтың тіл ғылымын, әдебиеттануын қалыптастырып ірілік танытса, Мағжан мен Жүсіпбек педгогика мен психологияда, оның жүйесі мен әдіс-тәсілдерін болашағын зор жастарға түсіндіруде кем еңбектенген жоқ.

Ә.Бөкейхановтың «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» (1953) – деген мақаласы қазақ елінің мыңжылдық тарихы мен мәдениеті, оның көрші, алыс елдермен қарым-қатынасы туралы түрлі тарихи деректермен ғана қымбат емес, ол – сол ұлттың ғұлама ұлының ұлттық рухтың биіктігін берік сақтауымен де құнды. Әлемдік тарихтан небір бағалы мәліметтерді пайдалана отыра, орыс отарлауының мақсаты қазақты жетістіруден мүлде аулақ екенін, оқытудағы мүддесі миссионерліктен аспайтынын айтты. Ә.Бөкейханов осы бағыттағы пікірлерін «Қырғыздар» атты еңбегінде де жалғастыратынын Р.Нұрғали нақты деректер арқылы байқатады.

Көрнекті қоғам қайраткерлермен Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің қай мақаласын алсаңыз да ондағы тереңдікті байқайсың. Қазақ елінің рухани болмысын әр қадамында қатыгездікпен қиратып жатқан отарлық жүйеге деген қарсылықты сезесің. Р.Нұрғали мұны олардың шығармаларына талдау жасап, үзінділер келтіріп жан-жақты дәлелдейді.

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ж.Шанин, М.Әуезовтер Еуропалық деңгейде білім алған және елінің тағдыры туралы сол деңгейден сөз қозғаған ғұлама қаламгерлер екенін Р.Нұрғали дәлелдейді, қайта-қайта айтады.

Алаш рухты әдебиет үшін көркемдік мәселесі – партия, тап дейтін саяси терминдерге байланысты болмауға тиіс еді. Ол адамның жаны мен тәнінде, рухани әлеміне замана артқан салмақтан туған әсерді көркем жеткізу, бейнелеуге саяды. 1929 жылға дейінгі қазақ әдебиетінде «Бай, болысты қойдай қу қамшымен» дегендерден де бөлек әдеби ағымдар болған. Өнердің эстетикалық сипатын алға тартқан бұл бағыттағылар революция, партия, көсем, жұмысшы табы деп даурығып жатпай-ақ ел басына түскен ауыр салмаққа ойлана қарады. Қазақ әдебиетінде бұл бағыттың дәстүрі де бар еді. Қазақ елінің бейғам күнелтісін бірден байқаған және оны тез пайдаланып жергілікті халықты қырып жіберуді ойластырған Ресей үкіметінің қанқұйлы саясатын олар бірден ұққан. Оған қарсы күресте бір-бірімен идеялық, шығармашылық байланыстары да болған.

А.Байтұрсынов туралы өмірбаяндық, шығармашылық очеркін Р.Нұрғали М.Әуезов пен С.Сейфуллиннің, А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойына арналған мақалаларынан үзінді келтіре отырып бастайды. Алыптар шығармашылығындағы елге деген ұлтжандылық қызметті бағалаудың 1929 жылға дейін өте жоғары деңгейде болғандығын айтады (одан кейін де ол есімдер ұлтжанды адамдар есінде сақталған).

Р.Нұрғали еңбегінің ең бір маңызды беттері А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясына арналған зерттеулеріне бағытталады. Ғұламаның ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап бастыру, аса қажетті терминдер мен теориялық қағидаларды қазақшалауы, қазақ әдебиеті алдында тұрған келелі міндеттерді көрсетуі жан-жақты талданады.

Әдебиеттің барлық жанрларымен, көркемдік құралдарына қатысты терминдерге А.Байтұрсыновтың мағынасы еуропалық, орыс әдебиеттануындағы ұғым, төмендеп кетпейтіндей қазақы сөздер тапқанын айтады. Мұнымен шектеліп қалмай, оның негіздерін түсіндіреді. Әсіресе, әдебиетті текке, түрге бөлуге байланысты А.Байтұрсынов пікірлерін айқындап көрсетіп, оған орынды түсініктеме жасайды.

Қазақ әдебиетін дәуірге бөлудегі пікірлеріне тоқталады және осы дәуірлерде басты қызмет атқарған жанрлар мен оның түрлеріне де жан-жақты дәйектемелер жасайды. Шығармашылық қызметінде А.Байтұрсыновтың совет үкіметі идеологияға, өнерге күштеп таңа бастаған қағидаларынан алыс болғанын, парасат, биліктік танытқанын айтады: «Таңқаларлық нәрсе, А.Байтұрсынов революциялар дәуірінде өмір сүрсе де, әдебиет мәселелеріне күнделікті гауқандық жәйттерді, түрлі құжаттарды, қаулы, қарарды, партиялық талаптарды, қызыл танау саясатты, солақай социологияны араластырмайды, негізінен ғылыми өлшем, жалғау арқылы, жеке бөлшектеріне, бұтақтарға, тармақтарға назар аударады, қазіргі терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдаулар жасап, қорытындылар шығарады. Үнемі дәлдік, факт, дерек бірінші қатарға шығады» деп жазады ғалым (23 бет).

Қазақ әдебиеті тарихында орны болуға тиіс ірі тұлғаның бірі Ә.Бөкейханов. Р.Нұрғали зерттеуінде Ә.Бөкейхановтың қазақ елінің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайына қатысты ғылыми еңбектеріне көбірек тоқтала келе, қоғамдық санада ұлттық рухты ояту әрекеттеріне назар аударады. Қазақ халқының бостандығы үшін күрескен Ә.Бөкейхановтың Алаш партиясын құруы, елдік сана принциптері туралы ойлары оқушы алдына тартылады. Әсіресе, Ә.Бөкейхановтың орыс тілінде жазылған шығармаларының басты бағыттары да қазақ елінің тарихы мен шаруашылығына, мәдениетіне қатысты екендігі көрсетіледі. Ел тарихы мен мәдениеттің ғасырлар қойнауынан басталатынын түрлі деректермен айқындау арқылы оны жабайы ел санап келген отаршыл санаға соққы беретінін айтады.

Р.Нұрғалидің мына пікірлері болашақ зерттеушілер үшін аса маңызды: «Әлихан Бөкейхан әртүрлі экспедициялар, ғылыми топтар ішінде жүріп, түрлі бақылауды, сұрауды, есептеуді саралау негізінде көптеген қайнарлар материалдарына сүйеніп алынған тарихи экономикалық-статистикалық, шаруашылық деректерін қорыту барысында орыс тілінде жазылып, патша өкіметінің басылымдарында шыққан еңбектерінде қазақтың байырғы ата-мекені, меншікті жерлері, олардың бірте-бірте отарланып, сан алуан айла, шарғымен, қорлық-зорлық арқылы, алдымен заң баптарымен мұжықтарға, көпестерге, алпауыттарға, шенеуніктерге тартып әперілуін салмақты дәлелдермен байыпты да орнықты көрсетіп берген болатын» (45-46 бб.).

Р.Нұрғали қазақ халқының бостандығы үшін күрескен Ә.Бөкейхановтың өзге қоғам қайраткерлерінен басты өзгешілігін көрсетеді: «... оның арнаулы Еуропалық жан-жақты білімі бар эрудициясы мол, мәселені ерекше кең қолға алады, дүниежүзілік тарихтан мысал алуға жүйрік, ұлттық мәселені Ресей империясы көлеміндегі жағдайлармен сабақтастыра қарайды, кез келген озбыр патша әкімімен, қызыл көз тарғыл генерал губернатормен нәсілшіл профессорлармен, шовинист депутатпен, шариғатқа шұлғыған діни иелерімен, кеудемсоқ кейбір қазақ оқығандарымен дәрежесі тең сөйлесе алады» (46).

Ә.Бөкейханов қызмет істеген жылдарда басты мәселе қазақ-орыс қарым-қатынасы болатын. Осы аса күрделі қатынастың біршама мәселелері Ә.Бөкейханов тарапынан замана талабына сай қозғалып отырғанын оның ғылыми, қоғамдық еңбектерінен үзінділер алына отыра дәлелдейді.

Р.Нұрғалидің М.Дулатов туралы еңбектері негізінен қаламгердің шығармаларына байсалды көзқарас, талдау үстіне келген қорытындыларға негізделеді.

М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағындағы өлеңдерінің басты идеясы – атқоныс, шұрайлы жерден айрылған ел басына түскен ауыртпалықты айту, отаршылдық саясаттың сипатын, трагедиясын көрсету, халықты ояту. Одан құтылу жолы ретінде білім мен ғылымға ұмтылу, жаңалыққа жатырқамай өркениетті елдер қатарына жету екенін зерттеуші айрықша атайды.

М.Дулатов туралы әңгімелерде қозғалуға тиісті үлкен объект – «Бақытсыз Жамал» романы белгілі. Р.Нұрғали бұл шығарма туралы бірнеше мақала жазды. Мына оқу құралында соларда байқалған, тексерілген басты мәліметтерді екшеп береді.

Р.Нұрғали роман сюжеті бастан өткен уақиғаға, тарихқа тәуелді құралғанын айта келе Ғалидің Жамалмен ұшырасатын көріністерін М.Дулатов қазақ шілдеханасындағы дәстүрлі айтыстағы жұмбақтасулармен сәтті бейнелейтінін айтады. Осы романға қатысты еңбектерінде зерттеуші Сәрсенбай мен Байжан образына айрықша тоқталады. Сәрсенбай дүниеге қызықпаса да мансап үшін қызы Жамалды тазға ұзатуға келісім береді. Байжан – бостандығы үшін күрескен жастарға қарсы қазақ ата-дәстүрін ғана емес, жаңа, орыс заңдарын да иіп қолдануға қабілетті жан.

«Бұл кейін қазақ романдарында терең реалистік қуатпен бейнеленетін Құнанбай, Игілік типтердің мінез-құлығы ғой» - деген Нұрғали пікірлерінде қазақ әдебиетіндегі классикалық характерлер жасауға ұмтылыс, дамудың басты бағыттарының бастаулары көрсетіледі. Мұнда құнарлы топыраққа түсіп, өне бастаған көркемдік болашағын байымдау бар.

М.Дулатов шығармалары ішінде «Абай» мақаласының орны мүлде бөлек, Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы – деген қаламгер пікірін Р.Нұрғали айрықша атап көрсетеді. Оның «Абылай», «Шоқан» т.б. мақалаларына тоқталады. Олардың қазақ қоғамдық санасындағы орнын сол кездің өзінде М.Дулатовтың дұрыс атап көрсеткенін айтады.

М.Дулатов туралы тараудағы Р.Нұрғалидің айрықша атап көрсететін еңбегі «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов» атты мақала-очеркі: «Міржақып Дулатов тарихи фактілерді тырнақтай да бұрмаламастан алаштың ардақтысы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық, қайраткерлік, реалистік портретін жасап берді. Бұрынғы кеңес елінде, шет мемлекеттерде Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған кейінгі еңбектердің авторлары бірқыдыру нақты деректерді осы Міржақып Дулатов очеркінен алынғанын көреміз» (86-б.). Осы тарауда Р.Нұрғали М.Дулатовтың маңызды мақала, очерк т.б. жазбаларын жан-жақты талдайды. Қазақ арасындағы оқу-ағарту мен арнайы қазақ мектептері және қазақ тіліне қатысты еңбектерін жоғары бағалайды. Ұлттық мәдениет, ұлттық рух, сана туралы түрлі ойларын айрықша қарастырады.

«Әдебиеттің барлық жанрларында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер М.Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – бір күндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін көріп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған емес», - деп жазды Р.Нұрғали (13).

«Әуезов және Алаш» атты кітаптағы ең үздік, талантты жазылған очерк Мағжан және оның шығармашылығына арналған. Артық кемі жоқ он беттен сәл асатын ғылыми мақалада талантты ақын туралы көркем тілмен жүйелі түрде баяндалады. Шығармада Мағжанның өмірбаяны, оқыған, болған жерлері аталады. Зерттеуші оның бәрін бейнелей де жазады. Мағжан туралы бүгінде кім жазбай жатыр. Кеше Мағжан дегенді естісе тиісті органдарға, ЦК-ға шабатындарды былай қойғанда, оның өлеңдерінің рухын түсінбейтін, бір өлеңінің поэтикасын ажырата алмайтындардың жазғыштығын айтсаңшы. Бір ғажабы күлдібадам бірдеңе жазып, содан рахат табатындар алыптарға үйір келеді. «Мен жаздым, «Мен айттым деп кеудесін соғып жүргені...

Мағжанды жазып жатыр...

Р.Нұрғали Мағжан шығармасының басты қасиеттерін тайға таңба басқандай түсіндіруден бастады: «Мағжан бала күнінен халық фольклорын, ауыз әдебиетін, елдің дарынды сөзін бойына сіңіріп өсумен қатар, қаршадай күнінен арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу орындарын аяқтап, сүйегіне біткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттеріне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең біліп, көңілге тоқып, жүрекке ұялатып, бойына сіңіру арқасында таза толғам, биік парасат, үздік көркемдік нысаналарға тіпті ерте жеткен. Ақын талантты қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, шаң-тозаңды дарытпай, шын мөлдір қасиетін сақтап, табиғат ұста соққан қалпында қалған» (96 б.).

Мағжанның табиғатпен тілдесуі туралы зерттеуші пікірлері ойға қалдырады. Ақын табиғат лирикасында көргендерін, әдемілікті ғана жазып қоймайды, табиғатпен сырласады. Әртүрлі сезім түйсігі арқылы қабылдаған психологиялық күйді, астарлы сыртқы болмысты реалистік үлгіде жазылған жырларға фантастикалық, мифтік әуендер араласады. «Әлем поэзиясы классиктері шығармалары қалай, менің туындым қалай дейтіндей, ақын әртүрлі үлгілерді қатар жарыстырып беріп отырады», - деп көрсетеді зерттеуші (97).

Р.Нұрғали Мағжан пейзаждарының шығу төркінін ашып көрсетеді: «Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе Мағжан табиғат көріністерін бейнелейді, әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасайды» (98).

Мағжан поэзиясының қантамырын дөп басып, дүниеге ғажап, ойлы көзбен қараған ақын жүрегінің тілін Р.Нұрғали да көркем жеткізеді. Табиғатпен Мағжандай тілдескен, түсіне бейнелеген ақын лирика әлемінде сирек.

Мағжан поэзиясының алтын қазығы – махаббат. Оған арналған өлең өрнектері мен содан туындайтын ойларға қатысты талдаулар ерекше талантты жазылған. Артық сөз, тамсану жоқ – тебірену бар. Бойды билеген сезім ағымын дөп басып, айқындап жазуда Р.Нұрғали ерекше талант танытады.

Р.Нұрғали назар аударған Мағжан поэзиясындағы басты тақырыптың бірі - өлім. Бұл тақырыптың қазақ поэзиясында барлығы белгілі. Алайда ол Батыс Еуропадағыдай көп қозғалғанда емес. Оның басты себебі – дін. Дін бұл тақырыпты өзіне қажетті қырынан ғана қарастырады. Мағжанда өмір мен өлім тақырыбының қозғалуы бөлек. Бұл тақырыпқа қалам тартқанда ақынның аты шулы қаламгерлер шығармашылығына көзі тіккені байқалады. Халықты қырып-жойып бара жатқан өктем, озбыр күшке қарсы тұрар лаж таба алмаған ақын жаны арайлай таң атып, қызара күн батып жатқан нұрлы әлемге сыймайды. Алас ұрған сәттеріне Батыс Еуропаның Данте, Гете, Байрон, Пушкин, Блок, Фет жырларына үңіледі. Олардың осы тақырыптағы жырларынан Мағжанның зар қаққан, қан-қақсаған жан-дүниесі әлдеқандай дауа табатындай. Оны өз шығармашылығына түрткі есебінде пайдаланатындай... Р.Нұрғали еңбегінде осы ойлар тезистік ауқымда айтылса да, үлкен әсер қалдырады.

«Үш революция, аласапыран дәуір, саяси төңкерістер, қоғамдық-әлеуметтік өзгертулер, санадағы сілкіністер, тұтас рухани құндылықтар жоқ болып, жаңа өлшемдер пайда болып жатқан, күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне қызметші етіп алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген уақыттардың өзінде Мағжан поэзиясы зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен, мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңдай боп, таза ақындығын сақтайды, бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті бір таптың жаршысы болып кетпей, уақыттың желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез сарындармен тамырлас, өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала береді» (105).

Р.Нұрғалидің Жүсіпбек Аймауытов туралы мақаласында қаламгер шығармашылығына қатысты байсалды ойлар кездеседі. Негізінен автордың бұрынғы мақалаларында сөз болатын, көпшілікке жақсы таныс ойлары тереңдейді. «Қартқожа» мен «Ақбілек» роман жанрының Еуропалық шарттарына жауап бере алатын толыққанды шығармалар екендігіне назар аударылады: «Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозасындағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөледі, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отыра Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім иірімдерін, ой-толғауларды көрсету дәстүрін еркін пайдаланды» - деп жазады ғалым (111).

Жүсіпбек Аймауытовтың «Қанапия-Шәрбану», «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» атты пьесаларына қатысты да түрлі пікірлер келтіреді.

Жүсіпбек Аймауытовтың қоғамдық санаға қозғау салған, оқу-ағарту, мәдениет, психология, методика салаларындағы еңбектері аталып, олардың тиісті ғылым салаларын қалыптастырудағы рөлі мен маңызы айтылады. Сол ғылымдарға арналған еңбектерінде Ж.Аймауытовтың АҚШ, Германия, Шотландиядағы әйгілі оқу орындарының зерттеуші ғалымдары материалдарын білгендігі ретіне орай қолданғандығы сөз болады.

Ж.Шанин – қазақ театрын қолымен құрған қаламгер. Оның қаз тұруынан бастап қанаттанып қияға самғауына дейін үлкен үлес қосқан қайраткер. Ол туралы Р.Нұрғали 60-жылдардан жазып келеді. Кейін ақталса да «Халық жауы» туралы жазуға көптің тәуекелі жете бермегені де шындық. Р.Нұрғали бұл тақырыпқа үнемі көңіл бөліп, жаңа материалдар табылған жағдайда оны қазақ драматургиясы тарихына қосып отырды. Зерттеуде Ж.Шанин өмірі мен шығармашылығы туралы аса қажетті ғылыми материалдар берілген. Көрнекті өнер қайраткері туралы бүгінде бізге белгісіз жаңа деректер келтіріледі. Мысалы, Ж.Шаниннің кейін табылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының мәтіні. Р.Нұрғали көрнекті сахна, драматургия қайраткерінің генелогиялық тегінен бастап дара қасиеттерін, оқыған жерлері мен өнердегі өмір мектебіне дейін рет-ретімен талдайды. Қазақтың ұлттық театрын құру жолындағы Жұмат Шанин ақтарған істердің біреулерге қазір ұсақ-түйек тәрізді көрінсе де сол кезде үлкен рөл атқарған мәнділерін атап көрсетеді. Мәселен, алғашқы қазақ театрындағы тәрбие-тұрмыс мәселесі т.б. Бүгінгі күн бигінен қарағанда да Жұмат Шанин қаламынан шыққан мақалалардың кезінде үлкен рөл атқарғаны әдебиет пен театр тарихын зерттеушілерге белгілі. Р.Нұрғали Жұмат Шанин жайындағы мақалаларды ретімен атап, маңыздыларын талдап, қаламгер назарын аударған басты мәселелерді айқындай отыра оның негізіндегі шығармашылық ізденістерді көрсетеді. «Қазақтың мемлекеттік театры», «Театрдың қысқаша тарихы», «Театр тарихында», «Сахна техникасын меңгерейік» т.б. Мақаладағы қызықты деректер Ж.Шаниннің драмалық шығармаларына арналады. Үлкен драматургияның талаптарына жауап бере алмаса да кезінде көрермен көңілінен шыққан әрі аса өзекті ойды қозғаған «Торсықбай», «Айдарбек», «Өлімнен үмітке», «Шахта» пьесаларының көркемдік-идеялық табыстарын атай келе «Арқалық батыр» трагедиясын жан-жақты талқылайды.

Зерттеудегі басты назар – М.О.Әуезовтің шығармашылығына әсіресе оның сиректеу сөз болатын публицистикалық мақалаларының алғашқы кезеңдеріне, ондағы өмір шындығы мен авторлық идеяларға, драмалық шығармаларға арналады.

Бұл тарауда М.Әуезовтің философиялық көзқарасы, идеялық бағыттарының қалыптасуы, оның өркениет пен мәдениет туралы ойлары да жан-жақты айтылады. Ғұлама қаламгердің ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік оқиғаларға көзқарасы мен тікелей араласуы оның жазушы шығармашылығына әсері нақты мысалдар арқылы дәйектеледі.

М.Әуезов драматургиясы Р.Нұрғали шығармашылығының ірі салаларының бірі екені көпшілікке белгілі. Ғалым еңбегінде М.Әуезовтің драматургия жанрына келуінің басты себептерін атап көрсетеді. Тоғыз жасынан қалада өсу, оқу, орыс театрларында болу, Еуропа драматургиясымен танысу, қазақтың халық әдебиетіндегі драматургиямен өзектесе мол қазынаны жетік білу, оны мақсат-мүддесі тұрғысынан пайдалан білу, театрда қызмет істеу т.б. Р.Нұрғали М.Әуезовтің драмалық жанрдағы еңбектерін тақырыптық материалдарына қарай бірнеше салаға бөліп зерттеудің бағытын атайды: аңыз бен эпосты пайдалану: тарихи революциялық тақырыптар; советтік өмір кезеңдерін бейнелеу; Ұлы Отан соғысы; фантастика және ақындар өмірі туралы т.б.

Қазақ драматургиясында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» атты пьесасының орны өте зор. Пьеса негізіндегі өмірлік материалдар мен көркемдік шешімді шығарманың түрлі нұсқаларын салыстыра отырып байсалды, ғылыми негізді зерттеу жазған Р.Нұрғали екені белгілі. Ғалым бұл тақырыптағы еңбектерінде де таза драматургиямен ғана шектелмей театр өнерінің кейбір қырларынан тың деректермен тосын материалдарды да пайдаланады.

«Түнгі сарын», «Қарагөз», «Абай» пьесалары туралы еңбектерінде шығарманың шығу төркініне, тарихына қатысты маңызды мәселелерді қосып, болашақ зерттеушілер үшін басты бағыттар көрсетіледі. М.Әуезовтің «Көксерек», «Өскен өрен» шығармалары туралы материалдарда да тың мәліметтер мол. «Көксерек» повесін жазу үстінде М.Әуезовтің Эрнест Сетон-Томпсон шығармашылығымен таныстығы айтылады. Дж.Лондонның «Ақ азу» романындағы адам мен орта, табиғат пен тәрбие арасындағы жұмбағы мен сыры мол түйіндердің М.Әуезовтің «Көксерегіндегі» көріну ерекшелігіне Р.Нұрғали жүйелі барлау жасайды, талдайды, байсалды байымдарға келеді.

М.Әуезов шығармашылығындағы басты сарын қазақ елі рухани әлеміндегі замана тынысын сезумен қандай жағдайларда болса да рухани болмысы мен ұлттық рухын сақтаған қаһармандардың жан-дүниесі болып қала береді.

Проф. Р.Нұрғалидің «Әуезов және Алаш» атты оқу-құралында қаламгердің соңғы жылдардағы ізденістері топтастырылғанмен оның негізінің сонау бала кезден бастау алған рухани бостандыққа ұмтылуда екені белгілі, қазақ елінің ұлттық рухының ғажайып әлемін бейнелеп көрсетуге ұмтылған ғалым шығармашылығында осы күрес пен ізденіс іздері сайрап жатыр.



Талантты жас сыншы Р.Нұрғалиевтің қазіргі қазақ әдебиетінің көкейкесті тақырыптарына арналған проблемалық мақалалары көпке танымал!

Қ.Жұмалиев

М.Әкімжанов

ТЕГІНЕ ТАРТПАЙ ТҰРМАЙДЫ ЕКЕН

Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жаны қалтылдап,

Ат, айғырлап, биелер

Бүйірі шығып ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құры тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын – тай

Айнала шауып бұлтылдап.

Жоғары – төмен үйрек, қаз

Қыз-келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап...

Табиғаттың жазғытұрғы сұлулығын бұдан артық суреттеу мүмкін емес шығар. Ол үшін Абай болып туу керек. Ұлы ақынның, ұлы суреткердің ізі қалған осынау жерде – Жидебайда бүгін 60 – тың асқарына шығып отырған ғұлама ғалым Рымғали Нұрғалидың да ізі сайрап жатыр. Әркімге өз туған жері ыстық, қазақ жерінің қай пұшпағына барсаң да жер жаннаты дерлік көрікті жерлерден көз сүрінеді. Ерке толқынды Еділ мен Жайықтан, кәрі Каспийден бастап қара Ертіске дейінгі, тіпті Тарбағатай, Алтай тауларына дейінгі ұлан байтақ далада ықылым заманнан бері жыр болып келе жатқан қасиетті жерлер жетіп артылады. Бірақ Шыңғыстау біреу-ақ, Жидебай, Қарауыл біреу-ақ. Ол ұлы Абайды дүниеге әкелген ауыл. Сол жерде 1940 жылы филология ғылымдарының докторы, академик Рымғали Нұрғали туған. Бір есептен осындай қасиетті де киелі жерде ұлы болмаудың өзі мүмкін еместей көрінеді. Көзін ашқаннан, анасынан қалам ұстап туатын Атығай Қарауылдың ұрпақтарын санамалай бастасаң он саусағың жетпейді. Соның бірі де, бірегейі де Рекеңе қарап тұрып «апырай, тегіне тарпай тұрмайды екен-ау» деген ойға қаласың.

Жә, ұлыларды – ұлылар, ғұламаларды – ғұламалар жаза жатыр. Менің білетінім бес жыл университетте бірге оқыған, Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұсатай Ақынжанов, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабзолов, Ханғали Сүйіншәлиев, Белгібай Шалабаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды ұстаздардың алдын көрген, қызметті де бірге бастаған Р.Нұрғалидың қарапайым газет тілшісінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін көз алдымызда қалыптасқандығында болып отыр. Бәтшағар-ай, ғылымға осынша құштар болар ма?!

Әңгімені әріден бастайық, біз оқуға 1958 жылы түстік. Арамызда Ұлы отан соғысына қатысқан Жапар Көпбаев, үш жылдық әскери борышын өтеп қайтқан Әміржан Қалиұлы мен осы жолдардың авторы, Қытайдан келген Құрманбай Толыбаев, Моңғолиядан келген екі қазақ баласы - Ойнақбай Қахар мен Қалаубай Даян деген сақа жігіттер болды. Қазіргі белгілі қаламгерлер Қоғабай Сәрсекеев, Болат Бодаубаев кейін Ақтөбе, Орал облыстарында облыстық газеттердің редакторлары болған Идот Асқаров пен Бақтыбай Далабаев дарынды ақын Өтежан Нұрғалиев пен Мағираш Сарикова, кинорежиссер Серік Жармағанбетов және басқалар оқуға бірге түстік. Рымғали алғашқыда филология факультетіне мектеп бітірген жылы келіп түскен болатын, біз сәл кейінірек қосылды. Ұмытпасам осы Рымғали, Жапекең, Болат, Қахар, Ләтипа Ахметова, Әміржан бастаған бір тобымыз үздік оқыдық және стипендияны да молдау алып тұрдық. Деканымыз Таумен Салықбайұлы Амандосов қара қылды қақ жарған аса әділ адам еді, оқуымызға қарай стипендияны да әділ бөліп отырды. Бөлімде төрт-ақ қыз оқыды: Құсманова Нұрипа, Серикова Мағираш, Ахметова Ләтипа және Сейіткереева Нұржамал. Мен Чайковский көшесі мен қазіргі Мақатаев көшесінің қиылысындағы жатақханада бір-ақ жыл тұрып, Нұржамалға үйленген соң пәтерге шығып кеттім. Қиыншылық содан басталды: пәтерақы төлеуім керек, от басын асырауым керек, келімді-кетімді ағайындарды қабылдауым керек дегендей... Абырой болғанда 3-курстың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне практикаға барған жерімде газет қызметке алды. Сонымен күндізгі бөлімнің қалған екі курсын республикалық газетте жұмыс істеп жүріп бітірдім. Алдымен І парға дәріс тыңдауға барамын, одан шыға бере Сталин проспектісі (қазіргі Абылайхан даңғылы) мен Горький көшесінің қиылысындағы редакцияға тартамын, ондағы апыл-ғұпыл шаруаны бітіре сала 3-4 рапға қайта жүгіремін. Мен мұны білдірмеген болып жүрдім. Сөйтсем, ұстьаздарым біліп жүреді екен. Көресіні көргенде Қожакеевтен көрдім: «не оқы, не жұмыс істе» дейді, ал Амандосов керісінше: «Әй Темірбек, бітіргенде де істейтіні сол жұмыс емес пе?» деп ара түседі. Аруағыңнан айналайын марқұм мені стипендиядан да алып тастамады. Мұның бәрін айтып отырған себебім, алғаш отау құрған біздің үй күнде жиын, күнде тойға айналды. Әсіресе жиі келетін Рымғали, Болат, Кахар достарым. Бір төсек әрең сиятын бөлме мен от жағатын дәлізіне қона жатып, ойын-сауық өткіземіз, елден келген сәлем – сауқатты бөліп жейміз. Тойшылмыз, оған себеп те табыла қалады.

Сол кезде біз бір заманда Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіз ел болады, ал Ақмола еліміздің астанасына айналып, бүкіл әлем қызыға да, қызғана қарайтын әсем қала болады, академик Рымғали Нұрғали 65 жасқа толып, Астананың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің төрінде отырады деп ойламаппыз ба? Бәлкім, бұл да бізге Алланың берген рахымы шығар, тәуба, тәуба!

Астана дегеннен еске түседі, біздің арамызда осы Ақмолаға алғаш аяқ басқан да Рекең болды. Оны жұрттың көбі біле білмейді. «Солай болған» демекші, ол былай болған.

Біз университетті тамамдайтын 1963 жылдың жазындағы күндердің бірінде мен «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі редакторы Әбдісаттар Бөлдекбаевтың көлігіне міне қалдым. Беталысымыз – «Көк базар» жақтағы баспахана. Нөмірдің кезекшісімін. Жолай Сәкең (Саттар деуші едік) менен: «Биыл бітіретіндердің ішінде қаламы жүргек кімдер бар?» деп сұрады. Ол біздің бұрқыратып жазып жүретін кезіміз, ойланбастан Рымғали Нұрғали мен Болат Бодаубаев досымды атадым. «Ертең шақырып кел» деп тапсырды Сәкең. Ертеңіне Рымғали «Лениншіл жастың» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі, Болат Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып келді. Ол кезде «Лениншіл жас» секілді беделді газетте қызмет істеу деген арманның арманы болатын. Осы күнде студенттердің айтуымен жұмысқа қабылдайтын басшы табыла қояр ма екен? Әй, қайдам. Әйтеуір қалай болғанда да Бөлдекбаев ағамыздың сол батыл қадамы кейін бізді журналистиканың Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердікұлов, Бек Тоғысбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Тельман Жанұзақов, Қалдарбек Найманбаев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қалихан Ысқақов, Бекен Әбдіразақов, Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Қарсыбай Қасымбеков, Тұтқабай Иманбеков секілді нағыз марқасқаларының ортасында апарып күмп еткізді. Бұлар ең қарымды, ең қайратты қаламгерлер еді. Оны өмірдің өзі көрсетті. Біз сол мектептен тәлім алып, сол мектептен шыңдалдық.

Бірақ Рымғали осымен шектеліп қалмады. Ол студент кезінің өзінде-ақ қазақ әдебиетінің тарихын сонау Абайдан бастап бүге-шігесіне дейін білетін, Алаш көшбасшыларының бәрін көзімен көрген, бұдан бұларға бұралаң бұлтарысы көп қыспақты заманда Әуезов үшін басын бәйгеге тігіп, «Абай» романының жарыққа шығуына себепші болған ұлы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың білім бұлағынан сусындаған, қазақ әдебиетінің көлкөсір тарихын арда емген ғалым болып қалыптасты. Бейсекеңнің аузынан өле-өлгенше «жиырмасыншы жылдардың шежіресі», «Сұлтанмахмұт» түспесе, Рекеңнің аузынан «Бейсекең» түспейді. Ұстаз үміті ақталды. Рымғали әуелде кандидаттық қорғаған, содан көп кешікпей докторлық қорғаған ең жас ғалым атанды. Рас, мұнысы кейбіреулерге ұнамай, Мәскеудің аттестаттау комиссиясы бекітпестен бұрын газетке шыққан мақаласының аясында «филология ғылымдарының докторы» деп қол қойғаны үшін ғана сүрінген кезі болды.

Өзі сүрінген жоқ, біреу сүріндірді. Азамат үшін бұл ауыр соққы еді, Рекең оны да көтере білуі, иілгенмен морт кетпеді, сынбады, араға біраз уақыт салып докторлығын қайта қорғап шықты.

Мен әңгімені Нұрғалиевтің елінен бастап едім ғой, елімен аяқтайын. Ұлы Абайдың туғанына 125 жыл толатын 1970 жыл. Рымғали бала-шағасын, Әміржан екеумізді ұлы бабасының тойына ертіп барды. Семейге жеткен бойда облыс басшыларына кіріп шықты. Сол кездегі беделін көрмейсің бе, облыстық атқару комитетінің төрағасы Қашағанов ағамыз бір ақ «Волганы» меншігімізге беріп қойды. Сол күні-ақ «Волгамен» ағызып отырып Абай ауылына тарттық. Кәдімгі Мұқан суреттейтін «Үш күндік жолдың соңғы күніне барын салатын» қысқа жол. Өзгені қайдам, өз басым іштей қатты толқып келесін. Абай өскен өңірдің тарихы таусылар емес. Рекең сол тарихты мүдірместен жатқа соғып келеді. Ұзыннан ұзақ созылып жатқан Шыңғыстау бұлдырап көрінеді. Бір бұлақ басына тоқтап, шілденің астыңғында суықтығы шекеңнен өтетін мөлдір суды сіміре бергенім бар. Ералының жазығы дейтін көк майсалы, аумағы атшаптырым жазыққа да жеттік. Биллиардтың үстеліндей теп-тегіс.

Сонымен, Еңлік-Кебектің басына қолтаңбамызды қолданып, Жидебай қыстағына да жеттік. Қазақтар тігілген ақбоз үйлерде әдебиетіміздің Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Әнуар Әлімжанов бастаған серкелерімен бірге Абайдың, Шәкәрімнің басына зиярат еттік. Ортамызда жүйрік мініп теңселген Асқар Сүлейменов жүрді ойқастап. Ойхой дүние-ай, ол күндер естен кетер ме әсте! Ұлы ойшылдың мұражай-үйіндегі өз қолымен ұстаған заттарын, оның ішінде «сағаттың шықылдағы емес ермек» дейтін қалта сағатын көргенде өзін көргендей күй кештік.

Қарауылдағы той, қаптаған халық, атшабыс, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан келген Ботай Кітапбаевтың бәйге алдын бермеген сәйгүліктері өзінше бір дастан.

Жалпы мен Рымғалидың туған шаңырағында болып, Нұрғали әкесінің көзі тірісінде қолынан дәм татқанымды мақтан етіп жүремін. Ұлы данышпанның кіндік қаны тамған жерде сондай атадан туған ұрпақтың басқаша жаралуы мүмкін де емес сияқты. Оның «ертеден салсаң, кешке озған» Тайбурылдай тұлпар шабысы сол кездің өзінде-ақ белгілі болған.

Марқұм Құрманбайдың үйінде Дәнеш Рақышев ағамызға таң атқанша ән салғызған, өзінің обсерватория маңындағы саяжайда Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтов інілерін шақыртып алып, Жәнібек Кәрменовке, Құныпияға ән салдырып отыратын қазақы қасиеті сүтпен біткені даусыз.

Бір күні сол саяжайында қалаға қарай ақ «Жигулиімен» сорғалап түскен кезде екі қолын желкесіне айқастырып алып, мәшинені рульсіз айдағанын қалай ұмытарсың. Бізде зәре жоқ, қырылып қалып, бала-шағамыз жетім қала ма деп қорқамыз. «Әкімжанов жаның тәтті екен, бұл менің күндегі машығым ғой» деп күледі досым. Ой жын соққан-ай! Сөйтіп иманымызды үйіргені бар ғой.

Бүгінде атағы әлемге әйгілі, Күлтегін ұстынын Гумилев университетінің төріне әкеп орнатуға тікелей қатысқан Мырзекеңдей, Мырзатай Жолдасбековтей ғұлама ғалыммен, Мырзатай Серғалиевтай академик досымен, өкшесін басып келе жатқан профессорлар Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин, Тұрсын Жұртбаев, аса дарынды ақын Несіпбек Айтов інілерімен дәм-тұздас болып, іргелі білім ордасында бірге еңбек етіп жүрген Рымғалида арман жоқ, жарты ғасырға жуық достығымызға сызат түсірмей келе жатқан менде де арман жоқ.

Тойың тойға жалғаса берсін деп тілейік.



Қ.Алпысбаев

ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ..!

Студенттік шақ. Арман жетегінде, қиял құшағында өткен күндер ғой ол. Бітпейтін пікірталасқа, таусылмайтын талпынысқа толы, өзіне тән қиындығына қоса қызығы да мол жастық дәурен еді ғой, ол бір! Әр түрлі оқу орындарында оқып жүрген дос-жаран, жолдас-жора бас қосқан уақыттарда сондай пікірталас тақырыптарының бірі әр мамандықтың артықшылығы, онда оқитын студенттердің ерекшелігі төңірегінде өрбіп жатар еді... Ол кезең қазақ тілінің қызмет аясы барынша азайып, соған орай қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының да өрісі шегіне жете тарылған жылдар еді ғой! Техникалық, ауыл шаруашылығы т.б. мамандықтарының қазақ тілі мен әдебиетіне қарағанда мүмкінділігі мол, болашағы зор болып есептелетін, көпшілік көңілінде сондай пікір орныққан, психология қалыптасқан.

Біз, филололгия факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқитындар ең әуелі ұстаздарымызбен, одан соң оқу объектімізбен мақтанар едік.

-Сендер мектепте оқыған қандай оқулық авторларынан лекция тыңдайсыңдар, бетпе-бет кездесе аласыңдар? –деуші едік ол кезде болашағы “бұлыңғыр” көрінетін қазақ тілі мен әдебиетіне кемсіте қарайтын өзге мамандықта оқитын достарымызға іштей жасыған көңілден сыр бермей. Әрине олар тосылып қалар еді.

-Ал, біз мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі, қазақ әдебиеті оқулықтарының авторлары М.Балақаев, І.Кеңесбаев, К.Ақанов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Б.Сахариевтердің лекциясын тыңдаймыз, кездесулерде әңгіме, естеліктерін естиміз. Орта мектеп оқулығына енген Абай, Сұлтанмахмұт, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер туралы зерттеулер жүргізген, ғылыми еңбектер жазған, Абай мен Сұлтанмахмұттан кейінгі қаламгерлермен қоян-қолтық қызметтес болған, тағлымын алған Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Х.Сүйіншалиев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев т.б. ғалымдардан тікелей дәріс аламыз, әсерлі әңгімелеріне қанығамыз,-деп таңдаған мамандығымыздың мәртебесін өсіруге тырысамыз.

Шындығы да солай еді. Қазақтың тұңғыш университетінде ол кезде дәріс беретін республикаға белгілі ұстаз-ғалымдардың барлығын айтпағанның өзінде, “көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған” Бейсенбай Кенжебаевтың алдынан тәрбие алу, Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да ұлы тұлғаның тағлымын бойларына терең сіңірген шәкірттерінен Әуезов үнінің әсері жадыларынан әлі өше қоймаған уақытта лекция тыңдау, Т.Нұртазин тәрізді пофессордың телегей білім, терең талдау үлгісінде оқылатын дәрісіне қанығу біздің буынның бақытына қарай кездескен мүмкіндік деуге болады.

Осындай асыл ұстаздардың ішіндегі біз айтқан пікірдің айқын айғағындай, нақты мысалындай болып, сол ұлағатты ортаның жиырма бірінші ғасыр басындағы ұрпаққа үнін жеткізер, мұңын шертер көзіндей болып қазір де ортамызда жүрген айтулы тұлғаның бірі – Қазақстан Републикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы нөмірі бірінші сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор, бүгіндері Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Рымғали Нұрғалиұлы.

Жоғарыда айтылғандай студенттік кезде өзгелерге ұстаздарымызды айтып мақтанғанымызбен оқуға түскенге дейін аттары аталған оқытушы-профессорлардан болашақта дәріс алатынымызды біліп, танып келмегеніміз белгілі.Бірлі-жарым осы оқу орнын бітірген ағаларымыздың аузынан профессорлар Б.Кенжебаев пен Т.Нұртазин есімдерін ғана естігенім бар. Онда да толық мәлімет емес, әңгіме арасында ғана. Ол кезде қазіргідей әр мамандық, онда қызмет істейтін атақты тұлғалар туралы жан-жақты жазылып, толық мағлұмат берілетін анықтамалар мен буклеттерді көрмегеніміз рас. “Қайда оқығың келеді?” дейтін хабарландыруда оқу орнында қандай факультеттер бар, оған түсудің тәртібі қандай?–деген мәселе бойынша ғана хабардар етілетін.

Дей тұрғанмен әдебиетші болуға деген ұмтылыс болғандықтан қолға түскенінше “Жұлдыз” журналы мен “Қазақ әдебиеті”, “Лениншіл жас” газеттерінде жарияланған көркем туындыларды, әдеби сын мақалаларды оқуға тырысатынбыз. Болашақ ұстаздарымыздың кейбіреуінің есімімен осы газет, журналда басылған әдеби-сын еңбектері арқылы таныстық. Әрине, олардың болашақ ұстазымыз екенін ол кезде білгеміз жоқ.

Өзгелерді қайдам мен үшін ұлы есім, өмірімдегі ең жақын адамға, ардақты жанға айналған, ара-қатынасымыз ұстаз-шәкірттен аға-інілікке, аға-ініліктен достыққа ұласқан аяулы Рымғали аға - Рекеңмен алғаш рет “Жұлдыз журналы арқылы таныс болдым. “Жұлдызға” жазушы Жекен Жұмахановтың “Соқпақ соңы” повесі туралы сын мақаласы шықты. Оқып шықтым. Мақаланың ең әуелі көркем шығармадай оқылатын әсем нақышты тілі әсер құшағына бөлеп, баурап алды. Шығарманы талдау тәсілі, тереңіне бойлап, астарлы ойларды ашуы, оқырманның талданып отырған шығармаға құштарлығын оятатын әсерлі ой тұжырымдары ерекше әсерлендірді. Мақаланың ықпал еткені сонша, артынша “Соқпақ соңын” тауып алып оқыдым. Көп ұзамай аудан орталығына жолым түсті. Әдеттегідей үлкен кітап дүкеніне кіріп жаңа шыққан кітап іздей бастадым. Әрине, ол кезде бірінші кезекте іздейтініміз көркем шығармалар екені рас. Сөредегі тізілген кітаптарды шетінен көріп келе жатқанда “Трагедия табиғаты” атты кітапқа көзім түсті. Авторы “Жұлдыздағы” мақаласы арқылы Жекен Жұмахановтың повесін оқуға еріксіз “мәжбүрлеген” Рымғали Нұрғалиев екен. Ескі танысымдай көзіме жылы ұшырай кетті.

Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне түсіп, арман орындалғандай болды.

Ол жылдардағы тәртіп бойынша жыл сайын студенттер күздің алғашқы айларында ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесіп, егін жинауға қатысатын. Сабақ содан кейін басталады. Біз де сөйттік. Студенттік өмірдің алғашқы сәттері. Жоғары мектеп жүйесіне қатысты біз үшін бұған дейін бейтаныс терминдер, тосын атаулар: аудитория, лекция, семинар, курстық жұмыс, семестр. Олар жайындағы алғашқы түсінік, алғашқы пайым қат-қабат өріліп, қатарласа санаға сіңіп жатты. Сабақ кестесінен қандай пәндер жүретінін, қай пәннен кім беретінін жазып алдық. Сабақ берушілердің біреуі Рымғали Нұрғалиев екен. Таныс есім, таныс фамилия тағы да жылы ұшырай кетті...

Міне, өзге де курстастарыммен бірге бүгінгі қазақ әдебиетттану ғылымының көшбасшыларының бірі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы, энциклопедист ғалым, көптеген мәртебелі атақтар мен биік лауазымдар иесі болған, сан қырлы талант, ұлт мақтанышы Рымғали Нұрғалиевпен бүгінге үзілмей келе жатқан жақындықтың алғашқы жүздесу сәті осылай болып еді. “Туған ай тураған етпен тең” дейді халық даналығы. Қалай дәл айтылған теңеу?! Содан бері де аттай отыз алты жылға жуық мезгіл өтіпті-ау! Зулаған күндер, жылжыған жылдар білдірместен артта қала беріпті. Оны осындай еске түсірер себеп-жайларда ғана аңғарғандайсың.

Сол студенттік кезден ғылым жолына түсуіме ықпал етіп, курстық жұмысқа жетекшіліктен докторлық диссертацияға кеңесшілік жасауға дейін үздіксіз жалғасып келе жатқан жақындық аясында ұстаз бойындағы өз әлімше сезіп білген, көзбен көрген, талай рет куә болған асыл қасиеттері, талант қырлары, қабілет-қарымы, адамгершілік пен азаматтық келбеті туралы ұзақ-ұзақ толғауға болар еді. Алайда ұстаз-ағаны етене жақын сезініп кеткендіктен бе, ол жайында ақтарыла жазуға үнемі имене беремін, тартына сөйлеймін.

Дей тұрғанмен әдеби орта, зиялы қауым жақсы білетін, алдынан дәріс алған жүздеген шәкірттеріне де белгілі ұстаз келбетінің кейбір тұстарын қайталап айтудың артықшылығы жоқ деп білемін. Осы орайда Р.Нұрғалиев талантының алғаш ауызға ілінер ерекше бір қыры – оның лекторлық шеберлігі. Біздің курсқа Рекең бірінші курста “Әдебиеттануға кіріспе”, төртінші, бесінші курстарда “Қазақ әдебиеті тарихы” пәнінің Кеңестік кезеңінен және арнаулы курстар бойынша дәріс берді. Біз оқуға түскен жылдары “Әдебиеттануға кіріспе” пәні бойынша қазақша оқулық жоқ болатын. Зекеңнің “Сөз өнері” кітабы әлі шықпаған кез. Бірінші курстың алғашқы күндерінен оқытылатын “Әдебиеттануға кіріспе” пәнінен лекция оқитын Р.Нұрғалиев шәкірт көңілін бірден-ақ баурап алып, әдебиет әлеміне деген құштарлығымызды бұрынғыдан да арттыра әсемдік әлемінің гүлзар бағына енгізіп жібергендей болды. Әдеби болмысты түсіндіруде қазақ әдебиеті шеңберінен әлдеқайда әрі асып, әр мысалын орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сабақтастыра түйіндеп, ағыл-тегіл сөйлегенде лекция жазуға әлі дағдыланбаған, жүйелі ой қорытуға қалыптасып үлгермеген біздер абдырап қалушы едік. Тума талант, қабілет-қарымына орай жинақтаған терең білімі, философиялық тұжырымды ойлары шешен тілмен көмкерілгенде айызымыз қанып, қанаттануға қоса, бұған дейін ештеңе оқымағандай күйге түсетінбіз. Рекең қандай тақырыпта лекция оқыса да студенттердің ынтасын тудыра, нәрлі ой тұжырымдарымен әсерлендіре, өзінің жазу мәнеріндегі көркемдікті әлсіретіп алмай сөйлейтін, үнемі шабыт үстінде жүретіндей көрінетін. Ол оқыған лекцияларда тіпті трафарет тәрізді есептелетін жазушы өмірбаянының өзі өзгеше стильде, көркем өрнектеле баяндалып, көркем образ деңгейінде тыңдалатын.

Бұл құбылыс Сәкен, Ілияс, М.Әуезов, С.Мұқанов Ғ.Мүсірепов тақырыптары өтілгенде ерекше көрініс табатын. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы тұсында аса бір сүйіспеншілік сезім мен шабытты күйде болды. Ұлы жазушыға арналып бірнеше күн бойы оқылған лекцияда “Абай жолы” эпопеясына көп орын берілді. Эпопеяның жазылу, жарық көру тарихын баяндай келе, ондағы образдар әлемі, кейіпкерлер болмысы, құрылымдық сипаты, табиғат құбылысы, мінез бен портрет т.б. толып жатқан мәселелер жайында жеке-жеке талдай отырып ойын жинақтай сөйлегенде кітапта суреттелетін бар әлем қайта жаңғырып жан бітіп көз алдыңа келгендей болатын. “Эпопеяда кейіпкер көп. Үш жүзге тарта кейіпкер бар... Кітапта аянышты тағдыр көп. Иіс кемпір, оның баласы Иса, немересі т.б...” деп алып әр алуан кейіпкерлер тобының басты тұлғалары, түрлі тағдыр иелері, көркем бейне ретінде олардың өзіндік орны мен көтерер жүгі жайлы жіліктеп талдап кетер еді.

Романда боран, жауын, қыс, жаз, көктем, күз т.б. алуан түрлі құбылыс, қилы іс-әрекеттің мол көрініс табатыны, оның бәрі де қазақ өміріне байланыстырыла суреттелетіні, белгілі бір авторлық мақсатқа қызмет істеуге, шығарманың идеялық мазмұнын ашуға жұмылдырылатыны туралы айта келіп, сол әр-түрлі құбылыс, іс-әрекеттің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, оларға байланысты роман ішіндегі өзіне керекті детальдар, оқиға, сюжетті жатқа айтып, ой маржанын төгілте баяндайтын. Бұрынырақ оқыған эпопеядағы ұстаз келтірген дерек, детальдарды аңғармағаныңды, не ұмытқаныңды сезініп, қайта оқығың келіп кетуші еді.

Әсіресе “Абай жолын” кең тыныспен талдап түсіндіру барысында романның екінші кітабының аяғындағы эпилог арқылы түйінделген ойларды жеріне жеткізе зор шабытпен толғаған тұстары әлі күнге көз алдымда, көңілімнен өшкен емес. Эпилогтағы Мұхтар Әуезовтің қалам қуатымен өрілген әуезді әсем ырғақты сөйлемдер лектор Рымғали Нұрғалиевтің құлаққа жағымды қоңыр үнімен тыңдалғанда оқылғаннан әлдеқайда әсерлі еді.

Жеті жарым беттен тұратын эпилогтың кей тұстары “Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп, жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді...

Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күдердің бір кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті...” тәрізді болып белгілі бір тіркестің қайталануы арқылы басталып отыратын, бірақ әрқайсысы жаңа мазмұнға құрылып, бірін-бірі толықтыра түскен бірнеше абзацтық мәтінді жатқа айтып, шығарма түйінін берудегі жазушы шеберлігін ғылыми терең пайыммен, философиялық толғаммен тұжырымдап, шешендікпен жеткізе, кестелі тілмен баяндаған тұста Абай-Мұхтар, Мұхтар-Рымғали әлемі болып тұтасып, жарасым тапқандай көрінер еді.

Бұлар арқылы қазақ әдебиетінің үш дәуірі бірімен бірі жалғасқандай, бір нүктеде түйіскен үш дәуір болып, бір ниетте ұласқан үш тұлға күйінде ұлт ұраны, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақ ойы болып, бірін бірі демеп болашақ бойлығына жол тартқандай.

Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымдық таланты, зерттеушілік қабілеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе.

Сонау студент кезінің алғашқы жылдарында-ақ ғылым-білімге деген ынтасын, қабілет дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойына сіңген алаш рухын бір сәтте өшірмеген дана ұстаз Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп “Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы” (1961) атты кітаптың авторы болғаннан бастап қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, жеке жанрлық т.б. көкейкесті мәселелері мен әдебиетіміздің дара тұлғаларының шығармашылығына арналған монография, сын, зертеулерден тұратын қазақша, орысша басылған ондаған іргелі ғылыми еңбектер, публицистикалық және прозалық туындылар берген академик Р.Нұрғалиевтің энциклопедиялық біліммен қаруланған кең шеңберлі ғалым ретінде ғылымның биік тұғырына көтерілгенінің куәсіміз. Оның қаламынан туған “Трагедия табиғаты”(1969), “Күретамыр” (1973), “Өнер алды қызыл тіл” (1974), “Өнердің эстетикалық нысанасы” (1977), “Поэтика драмы” (1979), “Айдын” (1985), “Телағыс” (1986), “Қазақ революциялық поэзиясы” (1987), “Древо обновления” (1989), “Арқау” 2 томдық, “Әуезов және Алаш” (1997), “Вершины возвращенной литературы” (1998), “Сөз сыры” (2000) тәрізді ғылыми еңбектері мен “Дән” (1977), “Ай қанатты арғымақ” (1990) т.б. прозалық туындыларының қай-қайсысы да өз кезіндегі бұрын көтерілмеген мәселе бойынша жаңалығымен, бұрын айтылмаған тұжырым, ашылмаған тұстар төңірегіндегі соны ойларымен, тың тақырып, соны бағытымен құнды, бүгін де таптырмайтын кітаптарға айналған, келер ұрпаққа мол мағлұмат жеткізетін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көп жаңа көзқарас, идеялардың бастау көзі болғандығын көрсете алатын, көркемдік қуаты мол, ғылыми деңгейі жоғары, философиялық ой-тұжырымдары терең, мәнді еңбектер.

Осындай қордалы тақырыптарды қопарып құнарлы ойлармен түйінделетін кітаптар жазуға қоса ғылыми мамандар дайындауға қосқан үлесі қаншама!?

Оның ғылыми жетекшілігімен және оппонент болуымен диссертация қорғаған бірнеше ондаған ғалымдардың ішінде филология ғылымдарының докторы Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, У.Қалижанов (мәжіліс депутаты), С.Дәуітов, Қ.Әбдезұлы (ҚазҰУ-де декан), М.Хамзин (Е.Букетов атындағы ҚАРМУ-де кафедра меңгерушісі), Ж.Әбілов (Халықаралық Қазақ-түрік университетінде кафедра меңгерушісі), филология ғылымдарының кандидаттары Л.Әділбекова (Қыздар педагогикалық институтының проректоры), Д.Мәсімханұлы ( белгілі шығыстанушы), Р. Шаханова, З.Тайшыбаев, Ш.Уәлиханов, Г.Орынханова, т.б. сияқты республикаға белгілі қоғам қайраткерлері мен ғылыми қызметкерлер, түрлі мемлекеттік құрылымдар мен жоғары мектептерде ұстаздық етіп жүргендер бар.

Ол өз мамандығы саласында білімпаз ғалымдығына орай тәуелсіз Қазақстанның ғылыми дәреже мен атақтар беретін тұңғыш жоғарғы аттестациялық комитетінің мүшесі болып, филология ғылымдары бойынша сараптау комиссиясының төрағасы ретінде жаңа ұйымның бекіп орнығуына іскерлікпен ат салысты, ғылым жолындағы талай азаматтардың тағдырын шешті.

Бір мүшелге жуық уақыт, он екі жылдай Қазақ энциклопедиясын басқару барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпаққа қызмет істейтін сан алуан озық идеялардың, жақсы бастамалардың ұйтқысы болып, оның жүзеге асуы үшін барынша тер төгіп, мол қажыр-қайратын жұмсады, ұлттық энциклопедияны ғылыми теориялық тұрғыдан жаңа биік деңгейге көтерді. Профессор Р.Нұрғалидың бас редактор кезінде “Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия”, “Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы”, “Шаңырақ”, “Свод памятников истории и культуры Казахстана”, “Ислам”, Философиялық сөздік”, энциклопедиялық принциппен жасалған “Айқап”, Ә.Бөкейхан “Таңдамалы”, “Әлемде талай қызық бар” тәрізді дүниетанымдық мәні зор еңбектердің шоғырлана дүниеге келуі соны да, тың бастамалардың іске асуының көрінісі еді.

Біз, шәкірттері академик Рымғали ағаны ұстаз, ғалым ретінде де, қайраткер тұлға, азамат ретінде де мақтаныш етеміз. Оның ұстаздығы мен ғалымдығы адамгершілікпен ұштасқан, қайраткерлігі мен азаматтығы принципшілдігімен тұтасқан.

Әр кезде, әр тұста жазылған пікірлерге, әр жерде, әр ортада айтылған әңгіме әуеніне қарағанда әділ шешімді, мейірбан жүректі, озық ойлы зиялы ағаның асыл тұлғасы шәкірт санасында, оқырман көңілінде берік ұялаған.

Рымғали Нұрғали! Ол – ұстазым, менің ұстазым.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет