Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,



бет14/22
Дата23.10.2016
өлшемі5,95 Mb.
#69
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22

КӨРІКТІ ОЙДАН-КӨРКЕМ СӨЗ

"Мінсіз таза асыл сөз ой түбінде жатады" [1], - деп "көшпенділер философы Асан қайғы айтқандай тіршілік заңын, уақыттың тілін, кеңістіктің аясын, халқының жайын, адамның ойын әр уақытта білуге талпынған ғалым Рымғали Нұрғалидың өлмес өнегелі, өшпес мағыналы ізденістері мен шығармаларын қиналыссыз, үлкен ой толғаныссыз қабыл алу, әсте мүмкін емес. "Ой жүгіртпестен көп оқи берген сайын, соғұрлым көп білем деп сенесіз. Ал оқып неғұрлым көп ойлансаңыз әлі де өте аз білетініңізді соғұрлым айқын көресіз" [2], - деп француз жазушысы философ М.В.Вольтер айтқандай, Р.Нұрғали еңбектерін талдап, саралап оқып түсінген сайын халқымыз айтатын "білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз" дейтін нақылына еріксіз жүгінесіз. Сөз қадірін түсінген ғалымның ойлы да, әсем сөздері ойыңа сәуле шашып, өмірге, дүниеге басқа көзбен қаратады. "Сөз-құдайдан шыққан бу", деп Шәкәрім айтқандай, сөз адамның қасиетті, киелі құралы екендігінің дәлелін табасыз. Әлем әдебиетінің кең құлашты арнасында өз ерекшелігімен көзге түсетін қазақ сөз өнерінің асылдыққа ие екендігін аңғарасыз. Сол асылдықты, тілдің сан ғасырлық інжу-маржанының шашауын шығартпай тірнектеп жиып және оны өз жанынан байытып, болашақ ұрпақтың қолына аман-есен тапсыру мақсатымен әдеби процестің сан қырлы тынысын, тарихы мен табиғатын тереңнен барлаған оңдаған сын-зерттеу кітаптарының авторы, профессор Рымғали Нұрғалиды көресіз. Ғалымының қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетінің білікті ғұлама-ойшылдарына, ақын-жазушыларының шығармаларына деген нақты көзқарасы, талғамы, пікірлері айтылған: "Айдын", "Телағыс", "Күретамыр", "Трагедия табиғаты", "Древо единство", сияқты кітаптарын оқып "Көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі-бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік. Қашанда әдеби дәстүр мен әдемі даму-әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары"[3], - дегендегі автордың әдеби мәселелерге, әдеби процесс проблемаларына арналған өзекті ойларын түсінесіз. Жанрлық, көркемдік проблемаларымен қатар осы халықтық сипат, ұлттық ерекшелік табиғаты туралы ғылыми тұжырымдар жасаған ғалымның әдеби дәстүр, әдеби тұлға, әдеби қозғалыс, даму процестерін ерекше бір проблема деп алып, тұтас бір қозғалыс үстіндегі құбылыс ретінде қарайтындығын, салыстырмалы талдаулар, текстологиялық барлаулар жасайтындығын байқайсыз. Егерде "Айдын" кітабынан "Еңлік-Кебектің" екі нұсқасын (1922-1943ж.ж.), "Қаракөздің" екі нұсқасын (1926-1959ж.ж.) салыстыра қарап атақты жазушы лабораториясының, қаламгерлік шеберлік мектебінің жаңа, соны қырларын ашып танытудағы қаламгер шеберлігін аңғарасыз. "Абай" трагедиясы мен Абай романын, қазақ және орыс тіліндегі басылымдарын салыстыра талдай отырып, ұлы жазушы ұлағатын танытудағы шеберлігін көресіз. Ал, "Арқалық батыр" драмасын әлем, орыс әдебиетінің драмалық әйгілі шығармаларымен астастыра талдауынан төл туындымыздың әдебиет тарихындағы орнын айқындап, даралық қасиеттерін саралаудағы талантына сүйсіне қарап, қаламгердің шығармашылық ерекшеліктерін, өзіндік келбетін танисыз. Әсіресе "Телағыс" кітабын ашқанда поэтика, әдебиеттегі стиль, грамматикалық категориялар, методологиялық принципті әдістер жайлы сөз қозғап, оқырманын әр жақты ойға жетелей білген ғалымның көркем де, әсем сөз саптауындағы өзіндік ойларын таңқала қабылдайсыз. Әлемдік әдебиет тынысын, оның аясында қазақ әдебиетінің сол күрделі шығармашылық тіршілікке үндескен тұстары мен даралық, ұлттық бояу, ерекшеліктерін қатар, салыстырмалы талдауындағы шеберлігі, әдебиет әлеміндегі эстетикалық көзқарас мектебі хақындағы тың теориялық байламдары таптырмас құнды ойлар екендігін білесіз. Шал ақын, Бұқар жыраудан бастап бүгінгі ірі қаламгерлер шығармашылығына дейінгі аралықтағы күрделі өсу, кемелдену өзектерін саралаудағы дәлелді тұжырымдары, психологиялық талдаулары, мифологиялық сарындардың қазіргі әдеби қозғалыстағы трансформациясы, түркі тілдес халықтар арасындағы хикаялардың (Алдар Көсе, Қожанасыр, т.б.) кейінгі шығармашылық даму процесі әсеріне қатысты пікірлері, жеке бір жазушы шығармалары: Шекспир, Кафка, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов т.б. туралы толғаныстары, әдеби жанр проблемалары: драматургия, проза, революциялық поэзия жөніндегі алуан түйінді: "Қазақ драматургиясы", "Өнер алды-қызыл тіл","Поэтика казахской драматургии", "Қазақ революциялық поэзиясы" атты көркемдік-аналитикалық талдаулары, зерттеулерінің парасат деңгейі жас ғалымдардың ғылыми өрісін кеңейтіп, ой саларлықтай еңбектер екендігін түсінесіз. Қазақ әдебиетінің тарихын, тыныс-тіршілігін, дүние мәдениетінің арғы-бергі даму ерекшеліктерін, қалпын саралауды, әдебиет шығармаларын түсіндірумен, қажет жағдайда олардың өмір-өнердегі орнын, мән-маңызын анықтауды жақсы түсініп баққан озық ойлы, батыл да принципшіл ғалым келешекке көз жібере отырып, шығармаларды қалай жөндеп, жетілдіру жолдарын көрсетуінің куәгері боласыз. Драматургияның дамуын түсіндіріп, бағалап-таразылап қана қоймай оның дамуына өз әсерін тигізе білуінің салдарынан жарық көрген М.Әуезовтің "Қилы заман" романы, "Алуа", "Дос-Бедел-Дос" драмалары туралы мақалалары, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров драматургиясы туралы зерттеулері, әсіресе ұлттық театрымыздың негізін қалаушы қазақтың тұңғыш профессионал режиссері Жұмат Шаниннің режиссерлігін, драматургиясын танытқан "Ай қанатты арғымақ" атты романында оның өнерімен өзектес өмірін, сталиндік репрессия кезіндегі қиын тағдырын көрсетудегі қаламгердің көркемдік сөз қолданысындағы түрлі бояулары, шығарма мазмұн байлығымен қатар тіл байлығын дамытудағы әдіс-тәсілдері, заттың не құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ оны басқа затпен, құбылыспен салыстыру арқылы шығармасының мазмұнын құнарландыратын, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарын қолдану әдісінен жазушының көрікті ойдан-көркем сөз жасай білген шеберлігін танисыз. Академик З.Қабдолов айтқан:"Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл-қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма-мазмұнды шығарма" [4] екендігінің дәлелін табасыз. Мәселен: "…Көк құнан, жирен құнан қос садақтан қатар атылған қос жебедей заулай жөнелді",[5] деген жолдардан жүйріктікті нысанаға алып, бүйірі қызған дарабыздарды садақтың жебесіне теңеу шеберлігін танысаңыз.

"…-Албан елі аспан зәулім, төбесі көк тіреген тауларды мекендейді. Биік-биік шыңды таулар көмкеріліп тұрған дәл осы Қояндының жазығы секілді ғажап жайлаулары бар. Қысы-жазы ерімейтін мәңгі мұзының бауырынан жаратылған бұлақтары лақша секіріп отырып, біріне-бірі қосылып, өгізше өкірген өзендерге айналады. Ол өзендер ашуланған кезде, осы өзіміз отырған киіз үйдей тастарды оймақтай лақтырып, допша домалатады"[5] дегендегі өзен мен бұлақ ағысын жануарлардың мінез-құлқына сай етіп образ жасауынан, ойнақтап аққан бұлақты-лаққа, біріне-бірі қосылып аққан өзенді-өгізге теңеуінен жазушының сөз қолдануындағы жаңа ізденістерін байқайсыз. З. Қабдоловтың:"Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет" [4] дегендегі пікірін түсінесіз.



"…Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз іздеп табу-шебер суреткердің қасиетті парызы" [4] екендігін білесіз. Бірімен-бірі сәтті қиыса келген теңеулерді: "Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап, ойқастап жүр"[5] деген жолдардан байқасаңыз. "Алатаудың қыр арқасында қазақтар Көкқайрақ, қырғыздар Көкойрақ дейтін арыстандай гүрілдеп ағып жататын тау өзенінің екі жағасына екі ел жаз жайлауда қатар қонатын еді"[5] дегендегі тау өзенінің ерекше белгісін өкірген өгізге, ақырған арыстанға теңеуінен қаламгер ойының ұшқырлығын танисыз. "Қызық, рахат, ләззат-бір қалыппен, бір ырғақпен үдей түсіп, кең көсіліп шабу. Буын-буыны балқып, сүйек-сүйегі еріп, кең жойқын, шетсіз-шексіз дария-теңізде жүзіп келе жатқандай. Көкжиекте жібек шымылдықтай судырап тұрған сағымның ішіне енді бір ырғыса еніп кететін шығар" [5] деген үзіндідегі фразеологизммен ұласқан тас атауының теңеу болып, сыңғырлап өзгеше сипат алуынан сөз зергері, өнер иесінің шын дарындылығын танысаңыз."… Өзгелер ұстаса есіл домбыра тұсаулы ат секілді текіректейді де қалады" немесе "Шағын, он шақты кісі сиятын бөлменің іші де қызық екен: орындық атаулы түйенің өркеші секілдендіріп ағаштан ойылып жасалған"[5] деген жазушының төрт-түліктің мінез-құлығымен жымдасқан теңеу сипатындағы сөздерді қолданудағы шеберлігін көресіз. Бұл шығармадағы сындарлы ойға сымбаттылық дарытатын теңеу сөздер тобы табиғилығымен, тартымдылығымен ғана емес, тосымдылығымен де өзгеше екендігін аңғарасыз. Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетіндігін байқайсыз. Академик З.Ахметовтың: "Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипатын-белгісін, түсін, дыбыс үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл-қозғалысындағы ұқсастықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі", [6] деген пікірінің дәлелін табасыз. "Жұмат қалың қою қара мұртын саусақтарымен басып қойып, үлкен көздері боталап, креслода қушиыңқырап, ұзын шашы желкесіне түсіп, төменшік күйде отыр еді"[5] дегендегі "қалың қою қара", "үлкен", "ұзын", "төменшік" секілді айқындауыштар кейіпкердің көңілсіздік сезімін суреттеуде айрықша маңыздылыққа ие екендігін байқасаңыз. Шығармада кездесетін "салқын жүзді", "аузы ауыр тұңғиық кісілер", "жылы жүзі", "мейірімді көңілі" деген тіркестердің адамның яғни кейіпкердің мінез ерекшелігін танытудағы, эмоциялық реңкінен хабарлар берудегі ролінің зор екендігіне көзіңізді жеткізесіз. "Көркемдегіш құралдардың ішінде эпитет яғни айқындау-заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз" [7] деген А.Байтұрсыновтың пікірін түсінесіз. "Өңкей атан жілік, піл сауырлы жігіттер бірін-бірі ала алмай, тартысып келе жатып, өлерменге жеткенде, көкпардың лағын Көкқайрақтың тас жұтып, мұз түкіріп жатқан суына лақтырып жіберді" [5] деген үзіндіден ер жігіттің күштілік, қайраттылық қасиетін айқындайтын "атан жілік", "піл сауырлы" сынды күрделі көркемдеуіштердің "жігіт" сөзін айшықтап тұрғандығын сезсеңіз. Көкқасқа жүйріктің даралығын көрсетуде қаламгердің "аузымен құс тістеген" деген секілді тұрақты тіркестерді де айқындауыш ретінде пайдаланып, сөз мәйегін келтірудегі шеберлігіне сүйсінесіз. Енді бірде "жаулықтары дағарадай екі-үш бәйбіше күміс белбеу, алтын түймелері күнге шағылысып, құлаш-құлаш барқыт жыртқызып алып, қастарындағы жігіт ағасына ақша төлеттіріп тұр" [5] деген жолдарды оқып, "күміс белбеу", "алтын түйме" деген тіркестер арқылы әйел затының әсемдігін үйлестіретін сән бұйымдарының ерекше белгілерін көрсетуіндегі айшықты сөз мәнерінен, сөз саптауындағы тіл байлығынан, көркем ойлау қиялының молдығынан, көкірек көзінің қырағылығынан, өмір құбылыстарын, айтар ойын, идеясын мейілінше көркем бейнелеуінен Міржақып айтқан: "Сөзімнің бар ма, жоқпа тамашасы", дегендегі тамашаның тамашасын танисыз. "Суреткер қолындағы сөз суретші қолындағы бояу секілді, иінін тауып мың құбылтуға болады. Құбылған сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байытпақ; бір сөз бір-ақ нәрсені танытса, оны түрлендіре құбылту арқылы тіршіліктің сан алуан сырын тануға болады", [4] деген З.Қабдоловтың пікіріне еріксіз жүгінесіз. "Сан ұлттың тілдерінде сан алуан сырлар шертіліп, әңгіме дариясының көмейі ағылған" [5] деген бір ғана жолдан әдеби тілде кездесетін басты құбылтулардың бірі-ауыстыру, яки метафораны кездестіресіз. Оқырманының жан-жүрегін жұлқып-жұлқып қалатын күш пен әсер жазушының сәтті іздеп тапқан "әңгіме дариясы" деген сұлу поэтикалық метафорасында жатқандығын байқайсыз. Кейіпкер тілінде қолданылған метафоралардың тілге бейнелілік, көркемдік беруімен қатар ойды да анық, дәл жеткізуде таптырмас құрал екендігін "Түнімен жауған жаңбыр жердің миын шығарып тастаған" [5] деген жолдардан аңғарасыз. Қаламгердің бейнелілік, суретшілдік шеберлігін кең далада алғашқы болып жайнап, көктемнің құлпыруына жол ашқан, оның ырысы болған жауқазын мен кең сахарамыздан орын теуіп, ұлттық өнеріміздің дамуының бірден-бір қайнар көзіне айналған театрдың бір-бірімен үндестік тапқандығын: "Біздің театр еңбекші, жұмысшы, қара шаруалардікі, жаңа жұртшылықтікі, көктен түскендей тамаша олжа қазақ даласындағы ұлттық өнердің жауқазын қызғалдағы-театр" [5] дегендегі үзіндіден айқын көресіз. "Қазақ театры-ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек. Жас баланың мейірімді қандырып сөйлемегі, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүнін мезгілінде тастап түлемегі иесінің бағып-қағуына байлаулы. Алғашында талпынып еңбектенсе, ақ үрпек болып, ұядан басын көтерсе, қазір қаз-қаз басып отыр, қарақанат болып ұядан ұшқалы отыр" [5] деген жазушының кейіпкер сөзі арқылы талай еңбектің, күш-жігердің нәтижесінде бой көтерген театрді-қанаты бекіп, ұядан ұшқан балапанға балау шеберлігін аңғарасыз.

"…-Аспандағы құдайдың бұлтымен арпалысып қайтесің. Күн жылынса, бұлт шіркін кетеді ғой. Басымыздан аумай тұрған сұм тағдырдың бұлтын айт одан да. Сол қасірет бұлтының тарқауын тіле" [5] деген жолдардан индивидуалдық, яғни авторлық метафоралардың көбінесе кейіпкер тілінде қолданылып, кейіпкердің ой-өрісін, дүниеге деген көзқарасын, тапқырлығын, шешендігін көрсетіп тұрғандығын көрсеңіз. Сөз мәнін өңдендіріп, өзгертіп суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындап, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балауды қаламгердің шығармаға дарытқан: "-Ой, бауырым, Жұмат-ау, айрылдық қой есіл Ғазизден…-Сәлімрахман көзінің жасы сора-сора болып, көрісе бастады.-Жұтты ғой қу өлім. Көктей солды талшыбық. Көп арманы ішінде кетті"[5] деген сөздерінен байқайсыз. Сөз бен сөзді, құбылыстар мен заттарды балаудағы жазушы талғампаздығының биік қырын сезесіз. Орыс жазушысы Лев Толстойдың: Миллион сөз ойлап соның тек бірін ғана таңдау-қандай азап?",[4]-деген сөзін еріксіз есіңізге аласыз. "Құнарлы ойдан шыққан құнды сөз"[4] деген З.Қабдоловтың сөзін қостайсыз. "Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасының тілінен көрінеді" [8]-деген Л.Щепилованың ойының жалғасын табасыз. "Бақтияр ұлым шындап сұраса, осы үйдегі сілкіп алар тәуірді, көз тартатын жақсыны қазір тиеп жіберем"[5] деген жолдардан кейіпкердің белгілі қасиеттерін ерекшелеп көрсету арқылы оқырман көңілін аудара білген жазушы шеберлігін көрсеңіз.

"-Мен неден ұялам? Бірақ Ұрым мен Қырымнан, жеті жұрттан сақадай сайланып, әбден дайындалып келген талай саңлақтар бар шығар" [5].

"-Ол сорлының тұқымы қайбір өскен дейсің? Тіпті жаман да болса жалғыз тұяқ қалмады ғой" [5] деген қаламгердің "жалғыз тұяқ" деп "ұрпақ", "бала" деген сөзді оқырманына ұғындырып, түсіндірудегі шеберлігне көңіл аударасыз..

"..Жуандар бірін-бірі кеміту үшін, пәленшекеңді сүріндірдім, орға жықтым деген дақпырт жолында қора-қора қойды қырып салуға бар. Құдай жуандармен дауластырмасын"[5] дегендегі "жуан" сөзімен "бай" сөзін алмастыруындағы тәсілін көрсеңіз.

"…Ресейді азат ететін жаңа толқын, ұлы толқын туып келе жатыр…"[5] дегендегі "жаңа да, ұлы толқыны"-ертеңгі ұрпақ, болашақ жас жеткіншек; ұғым әдеби тілде ой ықшамдығы үшін, кейде образ нұсқалылығы үшін қажет метонимия тәсілімен шартты түрде әдейі өзгертілгендігін көріп, сөз зергерінің тапқырлығына сүйсіне, "тағы да недей қызықтар тап болар екен"- деген оймен шығарма желісіне еріп кете бересіз.

"…Дәурен болса, қасына үзеңгілес ескі көз, үш досын ертіп, алатаудың жан баспайтын терең сайына көшіп барып, Көкқасқаны баптаудың қамына кіріседі"[5].

" Мың екі жүз тұяқтан шыққан дыбыс дүниені көшіріп жіберердей болады"[5] деген жолдардан "дос", "жолдас"-ұғымының орнына "ескі көз" деп, ат не жылқының орнына"тұяқ" деп бүтіннің орнына бөлшекті шебер қолдануымен алмастырудың бір түрі синекдоха яки мегзеуді көрсеткенін аңғарсаңыз.

"..Тағалы тұяқтар тарсылдап, темірлі дөңгелектер тақылдап, жат сарын, бөлек дыбыспен сес көрсеткендей зор айбынмен заулап бара жатқан ұзын керуенге әрі өткен, бері өткен тұрғындар үрейлене қарайды"[5] деген үзіндіден қаламгердің "темір дөңгелекті ұзын керуендей" деп ұзын пойыз ұғымында түсіндіргендігін байқайсыз.

"…-Өй, қара пұшық, аузың ашылып неге таңырқап тұрсың? "[5] деген жазушы синекдоханы кейіпкердің сыртқы кейпіне қатысты белгісін көрсету мақсатымен қолданғандығын көріп; В.Инбердің "Тіл, дәлдік және қысқа жазу-шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр", [4]-деген сөзін еске алып, жазушыға керек үш нәрсенің анығын табасыз. Қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні-жазушының өз жан-жүрегіндей сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейілінше әсерлі және сұлу жеткізу, ұтымды және дәл дарыту екендігін ұғынасыз.

"…Екі бала, екі құнан төбе басында тұр. Сарыарқаның елеусіз ғана, жатаған көп төбелерінің бірі бұлар үшін үлкен белес, биік тұғыр секілденіп, кең аспан, жазық даланың барша сұлулығын көз алдына тартады: зеңгір көкте қалықтаған қаз бауыр бұлт, сахарада жөңкілген сағым-баршасы таяуда ғана жаратылғандай пәк, таза, сұлу көрінеді. Желпіп соққан самал селеу мен жусанның құлағына әлдеқандай құпияны асығыс сыбырлап кеткендей болады. Жыбырлаған құмырсқа, шырылдаған бозторғай-екеуі де асығыс, тойға, қуанышқа ынтыққан көңілде болатын дегбірсіздік бар" [5] деген үзіндіні оқи отырып қазақ жерінің әсемдігін, азынай соққан самал желін, иісі мүңкіп, құлпыра жайқалған жусанын, көгілдір аспанмен шектескен жазық даласын, өркеш-өркеш көп төбелерін, қоңыраулатқан бозторғай үнін шебер суреттеуінен, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар қазақ жерін көз алдыңызға елестетесіз. Іс-әрекеттің шеңберін кеңейтіп, яғни туындыға кеңістік пен көкжиек дарытқан, сонымен бірге композициялық тұтастығы мен сюжеттік желіні табиғат әсемдігімен әрлеп, шығармаға тыныс беріп, шырай енгізген пейзажды көресіз. Әсем табиғат қойнауына кейіпкерлерімен бірге саяхатқа шыққан жазушы қатарына қосылып бір ғажайып сұлулық әлеміне енесіз. Туған жер табиғатының қадірін түсінесіз. Өзіңізді сарыарқа бойында тұрған құландай сезініп, таусылмастай эстетикалық ләззат аласыз. Академик З. Қабдоловтың "Көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әшейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз", [4]-деген сөзін қостай отырып, сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек-өмір суреті жоқ және болуы да мүмкін емес екендігіне көзіңізді жеткізесіз.

"…Елубайдан бес жас кіші Құрманбек қасы-көзі қиылып, тісі маржандай жарқырап, адамның ішіне кіріп, елжіреп тұрған бір перизат. Ташкентте оқыған. Тамаша баритон дауысымен ән шырқағанда, қыз-келіншектер сілекейін жұтады. Дос дегенде қоң етін кесіп беретін жомарт, өнер үшін ғана туған жан. Сырт тұлғасы, дауысы, сөзі, білімі, бекзаттығы, тапқырлығы, әзілі, күлкісі, шыншылдығы, қиялы Құрманбекті Кебек, Сырым, Шернияз бейнелерін жасау үшін арнап тудырғандай. Европа театры сахнасына шығарсаң, ешкімнен ұялмайсың. Бишілігін айт" [5] деген үзіндіден автордың адам образын ашу мақсатында аса шеберлікпен қолданыс тапқан портрет тәсілін көресіз. Шығарма кейіпкерінің мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін-кейпін көруге зарыққан оқырманына Құрманбек портретін аса шеберлікпен жеткізе білген автордың сөз саптау шеберлігінен өзі айтқан Құрманбектің ән шырқауын тыңдап, сілекейін жұтқан қыз-келіншектер сияқты сілекейіңізді жұтып, автордың өзімен көзбе-көз сұқпаттасқандай әсер аласыз.

"…Киіз үйдің іші қоңыр салқын екен. Ортада дөңгелек үстел. Жағалай кілем тұтылған, киіз, сырмақ, үстіне көрпе жайылып, жастық тасталған" [5] деген жолдардан Ақтамақ атты кейіпкердің тұрмыс-тіршілігіне қатысты киіз үй ішінің бейнеленуін көріп, шығармада адам образын, көркемдік ерекшелігін айшықтауда интерьердің де маңызды екендігін тусінесіз. Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш-қуат алған Рымғали Нұрғали шығармасын оқу барысында "Көңіл көрген жерде", "Жиен ел болмас, желке ас болмас", "Жаман иттің атын Бөрібасар қояр", "Жақсы сөз-жарым ырыс", "Айтылған сөз-атылған оқ", "Жұт жеті ағайынды", "Өзекті жанға-бір өлім", "Сыйға-сый, сыраға-бал", "Жаман күйеу қайын сақ", "Түйенің өзі түйе, құмалағы түйе емес" деген сөз мәйегі-мақалдың түр-түрін кездестіресіз. Мақалдарды қосу арқылы шығарма шырайын жандандырып, даралық сипат танытқан, ұшқыр ойын салмақтап, шығарма әлемінде өз ойын, өмір шындығын, көркем тілде жазушылық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен бере білген талант иесін танисыз.

"Қабағына қар жауып", "салы суға кеткендей", "жүзіктің көзінен өткендей", "ат құйрығын кесу" тәрізді тұрақты тіркестерді, яғни фразеологизмдерді ой тереңдігін ұғындыру мақсатында пайдаланған автор шеберлігін байқайсыз. Салтыков-Щедриннің "Әдебиет-ықшамдалған әлем", [4]-деген сөзін еріксіз қайталап, әдеби шығарма сол нұрлы әлемнің сырлы бөлшегі екендігіне налыйсыз. Сонау грек елінен бастау алып, бой көтерген, өнердің асқар тауы-театрдың даму тарихын, ежелгі грек драматургтердің өмірін, шығармашылық жолдарын қызықты да, әсерлі бейнелеген туындысы тарихтың терең қатпарларынан сыр шертіп, шындықтың шынайы беттерін ашатындығымен аса биік көркемдікке ие екендігін түсінесіз.

"Күнде қонақ, күнде кәде. Ұлдың сүндеті, шілдехана, келін түсіру-осылардың бәрінде көкпар тартады, ат жарысады, палуан күреседі, мал сойылады, табақ тартылады" [5] деген салт-дәстүр, әдет-ғұрып арнасынан көрініс тапқан жолдарды оқып, қазақ халқының ата салтқа, ұлт дәстүрге деген биік тағзымын көрсете білген қаламгердің жан-жақтылық қасиетін аңғарсаңыз.

"…Тәңірім, бұл шаңырақты өртей келген оттан сақтасын, жаламен келген соттан сақтасын, жат қылықтан сақтасын, залым ұлықтан сақтасын, мезгілсіз өлімнен сақтасын, жауынсыз желден сақтасын, көк долы көк бет келіннен сақтасын, дәулетін асырсын, дұшпанын қара таспен батырсын, аллакпар, Әумин!" [5] деген Құдайбергеннің берген батасын өз құлағыңызбен естігендей әсер аласыз, шын пейілмен өз дастарханыңызға берілген батадай қабыл алып, ризашылық білдіресіз. Шебер қолынан шығып, әйел саусақтарына әсемдік берген зергер бұйымдай өз қасиеттілігімен де, көркемділігімен де шығармаға ерекше өң, кейіп беріп тұрғандығын байқайсыз. "Сөзден сөз жасап шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді ",[9] деген А. Байтұрсыновтың сөзін есіңізге алып, қаламгер шығармасының даралық қасиетін, өзіндік қолтаңбасын танисыз. Беранже айтқан: "Әркім бір қолданып әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламай" [4] ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай білген қаламгердің таудай талабының арта түсуін тілеп, басыңызды ие алғысыңызды айтасыз. Есіңізге ғалымның сонау 1961 жылы студент кезінде университет баспасынан жарық көрген "Сабыр Шәріпов" атты ғылыми еңбегін түсіріп, студент жастар қауымына үлгі тұтасыз, шығармашылық еңбекке шақырасыз. Рымғали Нүрғали сынды қаламгерлердің дүниетанымынан, эстетикалық талғамынан, көзқарастарынан нәр алған, өнеге көрген жас толқындардың халқымыздың мәдени өмірінде белгілі бір орынға ие бола беруін тілейсіз. Қазақ әдебиетінің даму эволюциясын танып, бағалап, түсіндіріп қана қоймай, бүгінгі өрісінің өсіп, өрісі кеңеюіне теориялық толымды, практикалық ықпал жасап, шеберліктің биігін бағындыра білген ғалым Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиетінің алтын қорына әлі де талай-талай сөз маржандарын қосады деген үміт артасыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Алматы. 2001.

2. Л.Асылов. Даналардан шыққан сөз. Алматы. 2001..

3. Р.Нұрғали. Телағыс. Алматы. 1986.

4. З. Қабдолов Сөз өнері. А., 1976.

5. Р.Нұрғали. Ай қанатты арғымақ. 1990.

6. З.Ахметов. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.

7. А.Байтұрсынов. Шығарамалары. А., 1989.

8. Щепилова Л.В. Введение в литературоведение. Москва. 1956.

9. Қазақ әдебиеті. №2. 1993.

10. Р.Нұрғали Драма өнері. Алматы. 2001.

11. З.Серікқалиұлы. Тағдыр және біз. Алматы. 1996.



Рымғали Нұрғалиевтің публицистикалық новеллалар жинағының мазмұны терең. Жастардың әр жылдардағы даңқты дәстүрі, еңбек жолы көркем суретпен бейнеленген. Жанрлық ізденістері де ерекше назар аудартады. Тек қана диалогке, күнделікке, психологиялық шегініске, интервьюге құрылған новеллалардың мазмұны ғана емес, формалық құбылтулары да жүрекке жылы әсер етеді.

Ж.Аупбаев

М.Шындалиева


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет