Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,



бет12/22
Дата23.10.2016
өлшемі5,95 Mb.
#69
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22

АЛАШ МҰРАТЫ

ХХ ғасыр соңындағы қазақ әдебиеттанудағы айрықша маңызы бар мәселелелердің ең бастысы-тоталитарлық жүйенің күйреуінен ұлттық құндылық, мәңгілік мұраттың алтын арқауы әдебиет пен өнерге қатысты қабылданған партиялық қаулы-қарарлардың күшін жоюы болды. Ол қазақ руханиятын ұлтық мүддеге сай тарихи сабақтастық тұрғысынан зерттеуге және әдебиетте идеологиялық қысымнан орын алған сан алуан ақтаңдақтарды обьективті қарастыруға жол ашты.

Осынау өзекті арнада яғни, ұлттық сөз өнерінің тарихында өзіндік тұғыры биік айтулы тұлғалардың әдеби мұрасын, шығармашылығын ғылыми негізді зерттеу қазақ әдебиеттануына соны серпін берумен қатар мол жауапкершілік те жүктеді. Ал, қазақ халқының тәуелсіздік алуы оның әлемдік өркениет үрдісіне сай рухани кемелденудегі тың бағытын айқындаудағы бірден бір арқау болып табылатын әдебиет, ондағы тарихи жадын, ұлттық санасын қалпына келтіру талабын да ұштай түсті.

Сондықтан да әдебиеттану ғылымы өзінің саяси-әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі қозғаушы күш ретіндегі болмыс-бітімін қалпына келтіруге, айқындауға ұмтылды. Осы бағыттағы алғашқы ғылыми ізденістер нысаны Алаш арыстарының мұрасын зерттеу, әдеби-тарихи үрдісті кешенді саралау, сол арқылы саяси қысымға сай бұрмаланған ұлттық әдебиеттану тарихын қалпына келтіру болды. Міне, қазақ әдебиеттануының аталған күрделі де түйінді ғылыми мәселелерін шешуде ғалым Рымғали Нұрғали зерттеулері маңызды орын алады.

«Трагедия табиғатын» (1968) «Талант тағдырын» (1969) байыптаған ғалым әдебиеттің «Күретамырын» (1973) зерделеп, «Өнер алды-қызыл тіл» (1971) екенін жан-жақты саралай отырып, «Өнердің эстетикалық нысанасын» (1979) ғылыми зерттеулерінің темірқазығы етіп алды. Қазақ әдебиетінің түрлі жанрлық табиғатына тән проблемаларды терең қарастыру барысында айшықты «Айдынын» (1985), сан қатпарлы «Телағысын» (1986) «Арқау» (1991) етті. «Сырлы сөз» (2000) әлемін әдіптеп, соның барысында әдебиеттанудағы іргелі зерттеулері арқылы қай кезеңдегі болмасын отаншыл әдебиетші ғалымдар мұрат еткен «Қазақ әдебиетінің алтын ғасырын» (2002) сомдады.

Ғалым Р.Нұрғали зерттеулері ұлттық әдебиеттанудың сан алуан проблемалық мәселелерін жан-жақты да терең қарастыруымен ерекшеленеді. Қазақ драматургиясының поэтикасы, мұхтартану әдебиетшілік тұлғасын танытса, сөз өнерінің түрлі жанрдағы даму үрдісін саралаудағы сын зерттеулері сыншылдық дарынын даралайды.

Дәуір талабы алға тартқан келелі мәселелерді шешуде қашан да алдыңғы шептен табылған әдебиетшінің шығармашылық тұлғасында тоғысып жатқан осындай ізденістерінің маңызы әдебиеттанудың да жемісті қадамы деуге болады. Әсіресе, ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихында айрықша орын алатын Алаш арыстарының шығармашылығын, әдеби мұрасының маңызын зерттеуде үзілген желіні қалпына келтіре отырып, әдеби даму үрдісі тұрғысынан кешенді қарастыруы ғалым мұратының елдікпен сабақтасып жатқан дара тұлғасын да айғақтай түседі. Атап айтқанда, Алаш ұранды әдебиеттің ұлттық мұраттармен астасып жатқан тақырыптық-идеялық өзегін, көркемдік-эстетикалық табиғатын айқындаудағы ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық талдаулар соның нақты дәлелі болып табылады. Біріншіден, кеңестік идеологияның қысымына қарамастан әдебиеттегі ұлттық рухтың тарихи сабақтастықпен ұрпақтан ұрпаққа жетуіндегі шешуші қадамдарда елдік, азаматтық ұстанымы деп білген зиялы қауым өрлігін таныту. Екіншіден, Алаш қалам қайраткерлерінің шығармашылық тұлғасын зерттеу барысында ұлттық ояну арқылы азаттықты мұрат тұтқан Алаш ұранды әдебиеттің негізгі сипаттарын айқындау, сол арқылы Алаштанудағы іргелі ізденістердің негізін нығырлай түсті деуге толық негіз бар.

Осындай келелі мәселелерді қарастырған ғалым оның түйінді арналарын, басты өзегін терең зерделеп, соның барысында әдебиеттанудың жаңа әдіснамалық талап деңгейінде дамуына нақты бағыт-бағдар беретін және жетекші ұстаным болып табылатын арналарды саралайды.

Әдебиеттегі ақтаңдақтар мәселесінің қордалануы, ұлт зиялыларының саяси зобалаң толқындарының қыспағына алынуы тоталитарлық жүйеден туындады десек, оның зардабы мен қасіретін терең ұғынбайынша жекелеген дарындардың шығармашылық тағдыр-талайын, әдебиеттанудың да толымды тарихын зерделеу қиын. Мұның өзі ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми-зерттеушілік үрдісті бұғаулаған, шығармашылық ой-өрісті тұсаулаған күрделі кезең шындығын тануда да үлкен мәнге ие деуге болады.

Мәселен «Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да артынан большевизмді жақтаған, кеңес өкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Аман-есен қалған оқығандарын үнемі үркітіп-қорқытып отырды, анда-санда науқан жариялап, солардың ішінен де біреулерді жұлып алып, түрмеге тығып отырды» (1,149) деген ғалым пікірі тоталитарлық жүйенің қазақ руханиятын, оның ар-ожданы болып табылатын ұлт зиялыларын жоюда ұстанған имансыз саясатының түпкі мақсатын ашық танытады.

Қай елдің болмасын әдебиеті сол халықтың тарихи жадының, тарихи санасының көрінісі бола отырып, ұлттық және мәңгілік мұраттарды, адамзаттық құндылықтарды дәріптеуімен, мәңгілік тақырыпты басты нысаны етуімен құнды. Ал, бағзы да көне дәуірлермен тамырласып жатқан ұлттық сөз өнерінің тылсым құдіреті қашан да халықтың жан әлеміндегі азаттық рухты, елдік қасиеттерді жаңғыртуда ерекше орын алады. Халықтың жасампаздық ілкі қасиетін, азаттықпен ұштасатын ұлттық бұла күшті ешқандай да өктем саясат жоя алмайды. Сондықтан да ғалымның «Совет өкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеялары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ» (1,149) деген байыптауы елдікті сақтау жолындағы руханият әлемінің, соны халық жадынан өшірмеуге жанын салған қайсар рухты ұлт зиялыларының алар орынын обьективті танытуымен құнды.

Демек, «Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген Совет дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бірі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген» (1,149) болса, ұрпақтар сабақтастығындағы соған сай үзілмеген желіні зерделеу, кейінгі толқын санасына сіңіру мейлінше қажет. Өйткені ғылымдағы обьективтілік, ізденістегі принциптілік ұлттық ұлағатпен тамырласып жататынын да уақыт тынысынан ұғынудамыз.

Рымғали Нұрғали-ұлттық әдебиеттануда әдеби-тарихи мектептің ғылыми негізін қалаушы қайсар ғалым Бейсенбай Кенжебаев мектебінің өкілі. Ал, Б.Кенжебаев өз кезегінде Алашшыл қалам қайраткерлерінің ұлт керегі дегеннен бас кетсе де тартынуды білмеген отаншыл үрдісінен нәр алып, оны идеологиялық қысымға қарамастан жалғастыра білген санаулы тұлғалардың бірі. Ұлттық әдебиеттану ғылымының алғашқы ізашарлары саналатын Алаш зиялыларының ісін жалғастыруда азаматтық парызы мен қарызын өтеп өткен Б.Кенжебаев сол үрдіске сай отаншыл ғалымдар тәрбиелеуде де өшпес із қалдырды. Осы жағынан алғанда ғұлама ғалым шекпенінен шыққан шәкірттің ұстаз ұлағатынан үлгі-өнеге ала отырып, ғылыми-зерттеушілік ізденісін ұлттық мұраттармен сабақтастыруы да заңды құбылыс.

Ғылымдағы алғашқы еңбегінің де тұсауын кескен Б.Кенжебаев болатын. Бұған қатысты Р.Нұрғали: «Қазақ мемлекеттік университетінің көп көген көзінің бірі, екінші курс студенті едік. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттен профессор Бейсенбай Кенжебаев лекция оқыды. Ағыл-тегіл шешендік, импровизация жоқ, орасан мол факті, деректермен қызықтырады. Архив материалдары шаш етектен. Кейде қабылдау қиындап кеткен кезде, студенттердің газет-журналға, кітапқа көз салатын кездері де болады. Тұғжиып кітап оқып отырып ұсталып қалған мені шақырып алып: «Шырағым, мә, мына кітаптарды оқып, сол туралы ойларыңды қағазға түсіріп әкеле қойшы», - деді. Сабыр Шариповтың 2 томдығы екен. Оқыдым. Жаздым. Профессор Бейсенбай Кенжебаев жазғаныма көптеген ескертпе айтып, қайтадан істетті. Каникул кезінде ауылға жібермей, өзі ертіп апарып архивке отырғызды. Сөйтіп профессор мен студент бірлесіп жазған «Сабыр Шарипов өмірі мен творчествосы» деген кітапша 1961 жылы университет баспасынан жарық көрді. Ғылымға деген қадам осылай басталған» (2,288), - деп жазады.

«Ұлттық өнердің сипатын табиғи қалпында саралап танысатын білікті өріске аңсарымыз ауып тұрады» деп білген ғалым тұлғасының қалыптасуына сталиндік жүйенің тоңын жібіткен «жылымық» кезеңнің де ықпалы зор болды. Кешегі кеңестер елінің саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени кеңістігіне ерекше ықпал еткен «жылымықта» жаңаша ойлау мен тың ізденіс үрдісінің желісін, бағыт-бағдарын айқындаған «60-жылдар буыны» аталған толқын келді. Бұл мәселеге қатысты орыс әдебиеттануында «События в обществе обнадеживали, окрыляли. В жизнь вступало новое поколение интеллигенции, объединенное не столько возрастом, сколько общностью взглядов, так называемое поколение «шестидесятников», которое восприняло идеи демократизации и десталинизации общества и пронесло их через последующие десятилетия» (3,19-20) делінсе, осы буынның қазақ топырағындағы белді өкілі болып табылатын ғалым Рымғали Нұрғали кейіннен « ...Ол кездің зерек студенттері кітапханалардың сирек, ерекше рұқсатпен кіретін қорларынан бастарын бәйгеге тіге жүріп тиым салынған кітаптарды оқыды. Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектермен танысты; Булгаков, Кафкаларды біліп алды; Одақтың бас әдеби журналы «Новый мирдің» санын жібермей танысты» (2,5-6) және «Бұл толқын құлдық кіріптарлықпен жаншылмаған, өр де азат рух иелері болып, халқының ең жақсы қасиеттерін мұрат тұтып, Батыс пен Шығыстың үздік үлгі-дәстүрлерін игеріп, барлық салада жаңа арна, кең өріс ашты. Ұлы Мұхтар Әуезовтен қолдау тауып, бата алған, данышпан жазушыға «жыл келгендей жаңалық» сездіртіп, жүрегін қуанышқа кенелткен бұл ұрпақтың әлеуметтік майданда, әдебиетте, өнерде, ғылымда қайрат көрсетіп, ұлтының қан-қазынасына олжа салып, қанжыға майлағанына отыз-қырық жылдай уақыт болып қалыпты» (2,104) деген толғанысымен жаңару мен жаңғыру кезеңіне дөп келген буын сипатын бағалауы қоғамдық өмірдегі тарихи шындық еді. Сондықтан да Алаш арыстарының мұраларына тиым салынған қытымыр уақыттарда оларды бойтұмар ете білген дарынның «Қилы заман» қандай туынды?» (1967) деп тұтас жаңа буын атынан рухани құнды туындыға еш именбестен сұрау салып, халық алдында өтелуі тиісті парызды санада жаңғыртқаны тағы шындық. Мұның бәрі ғалымның шығармашылық тұлғасында тоғысқан азаматтық өрлік, ғылыми принциптілік қашанда өмір мен өнердегі ұстаным болғанын жаңа бір қырынан таныта түседі.

Қазіргі ұлттық әдебиеттанудың басты күретамыры - Алаштану десек, осы ділгір де өзекті арна ғалым Рымғали Нұрғали зерттеулерінің алтын арқауын құрайды. Бұл ретте «Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух» (1997), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты іргелі зерттеулері ұлт әдебиетінде азаттық идеясын ту етіп көтерген Алаш көсемдерінің қоғамдық қызметін, шығармашылық тұлғасын алғаш жүйелі де терең зерттеуімен құнды.

«Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух» кітабы «Алаш ұранды әдебиет» және «Әуезов әлемі» атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин сынды ұлт зиялыларының шығармашылық тұлғасы сомдалған. Соның барысында ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көркемдік дамудағы басты бағыты мен бағдарын, ұлттық сипатының болмысы мен бітімін тануда айрықша құнды болып табылатын келел ойлар түйеді. Мәселен, ахметтанудағы маңызды ізденісті «Мақалаларын, баяндамаларын, негізгі еңбектерін тұтас жинап бастырып, оларды бағалау - азаматтық, ғалымдық борыштарымыздың бірі» (4,19) деп негіздеген ғалым сан қырлы дарынның әдеби және ғылыми мұрасының қазақ руханияты әлеміндегі биік тұғырын айқындауда тың тұжырым жасайды. Ол біріншіден, Ахмет Байтұрсыновтың толық өмірбаянын жан-жақты қарастыру, ахметтанудағы алғашқы құнды бағалаушылық пікірлерді жүйелеу, екіншіден, әдеби мұрасының қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өміріндегі маңызын саралау, үшіншіден, ғылыми еңбектері ұлттық әдебиеттану мен тіл білімі саласының ғылыми негізін қалағанын тарихи шындық тұрғысынан бағалауда көрініс тапқан. Сондықтан да зерттеушінің «Әдебиет танытқыш» - Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық - философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов - тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан» (4,22) деген байламы қазіргі ахметтанудағы жетекші бағыт, басты ұстаным болып отыр.

Ахметтануда атқарылар, қолға алынар ғылыми-зерттеушілік ізденістердің проблемалық арналарына қатысты «Шолу ретінде, ат үсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын алған жоқ» (4,22) және «Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш» төңірегінде әлі де көп зерттеу жүргізу керек» (4,34) деген әдебиетшілерге ой салар пікірі де ғалым мұраты осы саланы жаңа белеске көтеру талабынан туындаған мақсатын көрсетсе керек.

Қазақ халқының рухани және саяси көсемі Әлихан Бөкейханов өмірі, қоғамдық және әдеби қызметі туралы жазылған мақала, зерттеу еңбектер аз екені жасырын емес. Бұл сирек тұлға болмыс-бітімінің сомдығынан, соған сай тақырыптың күрделігінен екені анық. Осы жағынан алғанда ғалым Рымғали Нұрғалидың біз қарастырып отырған «Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух» еңбегінің «Қазақты ақжолға саламыз десек» тарауындағы Әлихан Нұрмұхамедұлының шығармашылық және әдебиетшілік қырын талдауларының тек ғылыми ғана емес, танымдық мәні де зор. Өйткені Ресей империясының отарындағы, саяси және рухани қыспақтағы ұлтының тағдырына бей-жай қарай алмай, елдік жолындағы саналы ғұмырында халқының тапталған намысының, ар-ожданының жоқтаушысы болған бірегей тұлғаның түрлі ғылым салаларына байланысты жазылған мақала, зерттеу іспеттес еңбектеріне үңілу барысында қазақтардың саяси-әлеуметтік, қоғамдық және әдеби-рухани өмірінің келелі мәселелерін де танимыз. Міне, ғалым осы мақсатта Алаш перзентінің түрлі ғылым салаларына қатысты жазылған монографиялық, энциклопедиялық сипаттағы ғылыми еңбектерін, көсемсөздерін жан-жақты талдау арқылы саяси қайраткер, әмбебап тұлға және терең әдебиетші тұрғысындағы дарынын дәлелдейді. Әсіресе, әдебиеттануда бүгіндері де өз маңызын жоймаған сыншылдық-эстетикалық, әдеби-теориялық көзқарасарының негізгі қағидаларын саралау мен зерделеудегі байламдар айрықша назар аудартады. Мәселен, абайтану бастауында тұрған «Абай (Ибрагим Құнанбаев)» («Семипалатинские областные ведомости» 1906, №250-252), шәкәрімтанудағы «Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» («Қазақ» газеті, 1913, №12) және «Қара қыпшақ Қобыланды» («Қазақ» газеті, 1915, № 126-129), сонымен қатар ғұмырнамалық сипаттағы «Кәкітай» («Қазақ» газеті, 1915, №105), «Григорий Николаевич Потанин» («Қазақ» газеті, 1913, №15) өзге де мақалалары кеңінен талданады.

Сондай-ақ «Роман не нәрсе?» («Қазақ» газеті, 1914. №48), «Ән, өлең һәм оның құралы» («Қазақ» газеті, 1914. №6-7) атты мақалаларының маңызы терең екшеледі. Ғалымның «Әлихан Бөкейханның ғылыми, зерттеу публицистикалық шығармалары өз кезіндегі ең үздік әлем ғалымдары, қаламгерлері тудырған еңбектердің биік өресімен деңгейлес» деген бағасы нақты да терең талдау барысында дәйектелген. Ал «Бүгінгі таңда Бөкейхан еңбектері түгел жиналып біткен жоқ. Олар Мәскеуде, Петербургта, Самарада, Омбыда, Семейде, басқа да қалаларда шыққан мерзімді баспасөз беттерінде, түрлі архив қойнауларында жатыр. Бұларды тұтас жинап бастыру бір іс болса, Әлиханның тарих, этнография, статистика, экономика, саясат, әдебиет туралы еңбектерін түбегейлі зерттеу, диссертациялар, монографиялар жазу екінші іс екені хақ» ( 4,62) деген пікірі осы бағытта қолға алынар істерге нақты бағдар береді.

Ояну дәуірінің бірегей тұлғасы Міржақып Дулатов шығармашылығын нысан еткен «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш» тарауының да міржақыптануда алар орыны ерекше. Ғалымның әдеби-теориялық талдаулары дала перзентінің ақындық, қаламгерлік стилін даралауда ұтымды шыққан. Атап айтқанда, поэзиясындағы әлеуметтік сарын, жан күйзелісі мен рухани бұлқынысы бедерленген философиялық-лирикалық өлеңдеріне тән ақындық қуатты дөп баса екшеген тұжырымдар соның айқын мысалы деуге негіз бар.

«Жеке бастың, әлеуметтік топтың, белгілі таптың мүддесі емес, ақынды толғандырар мәселе-халық тағдыры, елдің қайғысы мен мұңы, айналып келгенде, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»-бір арнаға саяды. Ол-ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегі» (4,66-67) деп ақын поэзиясындағы басты тақырыптық-идеялық желіні көрсетеді.

Ақынның жаңашылдық қырларын «Елім-ай», «Жаңа тілек» өлеңдерінде а-а-а-б үлгісімен келетін жаңа ұйқас қисынын қолданғанын, «Алашқа» өлеңінде 8 шумақ бойы өзгермей есіліп отыратын қайталама ұйқас арқылы ереше ырғақты туынды жасағанын дәлелдейді. Ал,«Бүркіт кегі» балладасын ықшам да көркем, романтикалық, серпінді туынды деп бағалайды.

Сондай-ақ «Бақытсыз Жамал» романына, «Балқия» драмасына тән көркемдік, жанрлық ерекшеліктерді саралаулар да білгір әдебиетшінің өрелі ойларын айғақтай түседі. Мысалы, «Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген» (4,73) деп роман табиғатын айқындайды. Ал, драмалық шығармасын жүйелі талдап, оның сахнаға лайықталғанын, оқиға өтетін ортаны, ондағы декорациялық заттарды дәлді көрсетудегі шеберліктен айқын аңғарылатынын дәйектейді.

Жанр табиғатын, туынды поэтикасын зерттеудегі талдауларында қашан да оны әдеби-теориялық, сыншылдық-эстетикалық тұрғыда терең де жан-жақты шебер ұштастырып отыратын ғалымның Мағжан Жұмабаев поэзиясын, Жүсіпбек Аймауытов прозасы мен драматургиясын қарастырған тарауларының да әдебиеттануда алар орыны ерекше. Аталған дарындардың шығармашылық тұлғасын әдеби даму үрдісіне орай саралағанда олардың қазақ сөз өнеріндегі даралық сипаттарын ашуда соны тұжырымдар жасалған. Мысалы, Мағжан поэзиясындағы табиғат, маххабат лирикасының поэтикалық қуатын, символдық, мистикалық, фантастикалық сарындағы өлеңдерінің күрделі табиғатын, поэмаларының ғажайып көркемдігін екшеудегі ой-пікірлер соның нақты дәлелі болып табылады. Біріншіден, табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Бұл топтағы жырларда кескін өнері тәсілдері, сәуле мен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, плэнер, әр түрлі ракурс, этюд, түрлі астастырулар принциптерін пайдаланғанын, екіншіден, махаббат лирикасының психологиялық иірімін, өлең өрімінде әлемдік поэзия үрдісінің әсем ұштасуындағы тың көркемдік бедерлер безбенделгенін, үшіншіден, эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырғанын терең талдайды.

Қазақ прозасының кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан Жүсіпбек Аймауытов туындыларының сонылық сипатын, әсемдік әлемін ашуынан ғалымның эстетикалық талдаудағы шеберлігі жарқырай көрінеді. Мысалы, «Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі-Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды» (4,111) деген тұжырымын негізге алсақ, зерттеуші мұндай қорытындыны келте қайырмай, өзі қарастырып отырған мәселені нақты саралау барысында дәлелдеуді діттейді. Өз кезегінде Ж.Аймауытовтың драматургиясына тоқтала отырып, «Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанымен, негізінен Жүсіпбек пьессалары таза драма шарттарына орайлас келеді: тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады; кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың шашау шықпай шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы-осы тәріздес сапалы қасиеттер бар» (4,116) деп түйіндейді.

Бұл ретте ғалым Рымғали Нұрғали драма табиғатының, поэтикасының терең теоретигі десек, Жұмат Шанин сынды актер, театр сыншысы, драматург пьессаларын талдауларынан да сол талап деңгейімен үйлестікті танимыз. «Халқымыздың ұлттық театр өнерінің туу, аяғын қаз басу, өсу дәуірінің алғашқы кезеңіндегі үлкенді-кішілі жеңістері Жұмат Шанин есімімен тығыз байланысты. Заман талабына ыңғайлас репертуар жасау, театр мен драматург достығы, актер талантын шындап, білім беру, ұстаз режиссердің өнегелі сабақтары-осы мәселелер төңірегінде ол салмақты ойлар айтып, берекелі істер тындырды» (4,132) деген баға Жұмат Шанин тұлғасын зерделі зерттеуден туындағаны анық.

Ғалым Рымғали Нұрғали зерттеулерінің маңызды арнасы - мұхтартану. Классик қаламгер драмаларының поэтикасын кешенді қарастыруда, пьессаларының түрлі нұсқаларын зерттеуде салыстырмалы әдіс-тәсілдерді ғылыми тереңдікпен ұштастыра қолдану барысында алынған тұжырым, қорытындылардан тың ізденіс өрісінің мұхтартануда қаншалықты маңызды да құнды болғанын көреміз.

Мұхтар Әуезов әлеміне үңілген зерттеуші ұлы тұлғаның сирек дарынын, талант даралығын әр жанрдағы қайталанбас қолтаңбасын кешенді қарастыруда әлемдік деңгейдегі суреткер деп тамсанбай, ұлттық және адамзаттық құбылыс болғанын асқан білгірліктен, мол жауапкершіліктен туған еңбектерімен дәлелдеп берді. Ал, «Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы», «Дала тағдырын толғаған ұлы шығарма», «Абай және Әуезов» атты зерттеу мақалаларының да мұхтартанудағы жаңашылдық сипаты мен ғылыми негізінің орыны ерекше болып табылады.

«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» зерттеуінде Алаш арыстарының мұрасымен қатар ұлттық сөз өнерінде айрыша із қалдырған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин сынды алыптардың шығармашылық тұлғасы қазіргі уақыт талабы тұрғысынан сомдалған (5). Әсіресе, кеңестік дәуірдің күрделі кезеңімен көркемдік ізденістері астасып жатқан аталған қаламгерлердің әдеби үрдістегі алар орыны, өз құндылығын жоймай халықтың рухани тарихымен бірге жасап келе жатқан туындылары бүгіні күн биігінен қарастырылады.

Қорыта айтқанда, әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалидың Алаш арыстарының мұрасын, шығармашылығын зерттеудегі іргелі еңбектері ұлттық әдебиеттануда маңызды орын алады. Олар ахметтану, міржақыптану, мағжантану, жүсіпбектану, мұхтартану сияқты қазіргі әдебиеттанудың түйінді де маңызды арналарын ғылыми-зерттеушілік, сыншылдық-эстетикалық, әдеби-теориялық негіздеуде және дәйектеуде ерекше сипатқа ие болып табылады. Мұның бәрі Алаш мұратын діттеген ғалымның асқақ азаматтық ұстанымын, отаншылдық ілкі қасиетін танытады және әдебиеттанудағы биік тұғырын айқындайды. Әсіресе, ұлттық әдебиеттануда саяси-идеологиялық қысымнан орын алған ақтаңдақтар мен бұрмалауларды қалпына келтіру барысында жазылған зерттеулері осы бағытта атқарылар, қолға алынар келелі істерді шешуде ұстанар негізгі арна болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Нұрғалиев Р.Әуезов және Алаш. Кітапта: М.Әуезов. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі.- Алматы: Ғылым, 1997. Б. -148 -151.

2. Нұрғали Р. Сырлы сөз. Әдеби сын, зерттеу. Бір томдық. - Алматы: Жазушы, 2000.

3. Русская литература ХХ века: В 2 т.-Т.2: 1940-1990-е годы.- Москва: Издательский центр.Академия, 2002.

4. Нұрғали Рымғали. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу.- Астана: Күлтегін баспасы, 2002.



Р.Нұрғалиев өз зерттеулерінде алдыңғылар ізін шиырламай, белгілі сүрлеумен жөнеп кетпей, қазақ драматургиясының өркендеу жолы турасында тыңнан барлағанын алға тартады, соны пікірлер түйеді.

Н.Ғабдуллин

А.Байдәулет

КЕМЕЛ КЕЗЕҢ

70-ші жылдардың орта кезі, Арман арқалап келіп, қара шаңырақ – ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскенбіз. Қағанағамыз – қарқ, сағанағымыз – сарқ. Бәріміз – керемет ақынбыз, бәріміз – кемеңгер жазушымыз. Ал, білмейтініміз күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Соны түсіндік. Бақыттымыз. Сырттан ғана естіп-білетін аңыз-ағалар дәріс береді. Қазақ еліндегі кәсіби журналистика білімінің негізін салғандардың бірегейі Қайыржан Бекхожин келіп, 2-3 сағат қиялымызды ғарышқа самғатып кетеді. Әр сөзі Шәмшінің әніндей әдемі Зейнолла Қабдолов лекция оқығанда аузымызға шыбын кіріп кеткенін сезбейміз. Тауман Амандосов сабағы аяқталып, аудиториядан шығып бара жатқанда тым-тырыс қалған 50 жанартаудың екі иіннен тыныстап отырғанын сезіп жүрді ме екен? Әбілфайыз Ыдырысов бөлек бір әлемге апарып тастаса, Абдул-Хамит Мархабаев қиял-ғажайып дүниенің ішінде адастырып кететін. Рас, бақыттан басымыз айналатын. Сондай сәттерді сыйлайтындардың бірі... Қой, ретімен айтайын.

... Үлкен үзіліс кезінде кезек-кезек мұғалім мінберіне шығып өлең оқуды әдетке айналдырғанбыз. Шетімізден классикпіз. Мақтаншақпыз. Сөйтіп даурығысып жатқанымызда шашын артына қарай қайырған, өңі сондай жылы бір ағай кіре берісте жымиып қана қарап тұрғанын әрең байқаппыз.

- Ақындар курсына лекция оқитын болдым ғой...

Үн жоқ. Рымғали Нұрғалиев. Сілтідей тындық. Лекция басталып кетті. Лекция емес-ау, дастан. Қазақ деген халық бар екенін, оның соншалық бай әдебиеті барлығын, өзіміздің де қазақ екенімізді бірінші рет естіп отырғандаймыз. Лектор кейбір ұстаздардай қағазға қадалмайды. Жай басып, аудиторияны аралап жүр. Анда-санда алақанындағы тілдей қағазға қарап қояды. Биязы қоңыр дауыс. Қатып қалған ресми қағидалар емес. Емін-еркін төгілген әңгіме. Тұщынасың, ұғынасың, ынтығасың... Рымғали ағаның әр сабағын асыға күтуші едік. Жылдар өтті, ойлап қоямын: кейбір оқытушы-замандастарымның құлағына алтын сырға, университет ұстазы дәл Рым ағадай болуы керек қой.

... Ол кісінің бізден алған емтиханы да қызық болды. Кафедра бөлмесінің алдында жүрегіміз атқылақтап тұрмыз. 5-6 студент кезекпен ішке кірді. Шыққандардың өңі нарттай, теңселіп шығады, басын шайқайды, сөз жоқ. Сөйтсек, ұстаз аға әр студенттің билет сұрақтарына берген жауабын тыңдап болған соң: «Ал, қандай өнерің бар? Өлең оқисың ба, ән айтасың ба?» - дейді екен. Жанында сағағы сайғақтың сирағындай домбыра сүйеулі. Арқасы бар журналистер емес пе, күреңітіп өлең оқиды, күңірентіп ән салады. Ұстаздың өзі де шабыттанып алған, рахат күйде. Балапандарын ұшуға үйреткен қырандай. «Журналист сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек», - деп қояды. Емтихан әрі білім сынағы, әрі өнер сайысы іспетті.

Менің алдымда жауап берген көкшетаулық Өмірзақ Мұқаев өлең оқыды. Жырлары да бөлек, оқу мәнері де ерекше. Рымғали аға толқи отырып:

- Айналайын-ай! Ақын екенсің. Өлеңдерді жинап, машинкаға бастырып, маған алып келші. Азды-көпті беделімді түгел салсам да, жинағыңды шығарып берейін, - деді. Ақшасы болса, ақын да, жазушы да бола салатын қазіргі кез емес, ол уақытта атышулы темпланға ену де, кітап шығару да қиямет-қайым еді. Арамызда жалғыз Ибрагим Исаевтың ғана бірер жинағы бар. Кітап шығару – арманның шыңы. Алматыға арман қуып, алқынып келген бізге ұстаздың мұндай қамқорлығы әкеміздің маңдайымыздан сипағанындай болатын. Рымғали ағаның шынайы қамқорлығын талай көрдік.

... Бірде менің Семейдің Үржар ауданынан екенімді естіп: «Сендер Бөлеухановты неге қудыңдар?» - деді қатуланып. Біздің шалғайда жатқан ауданымызда орыс ағайындар басым еді. Бірінші басшы үнемі солардың арасынан тағайындалатын. Ғайыптан тағайындалып қалған аудандық атқару комитетінің төрағасы Бөлеуханов үнемі қандастарының сойылын соғып, қаракөздердің мұң-мұқтажын жоқтайтын азамат еді. Ол кезде ондай адамды шыдатсын ба? Ақыры ауданнан кетіріп тынған. Рымғали ағаның айтқаны осы жай еді. Бөлеухановты өзім қуғандай қуыстанып қалдым. Ғалым-ұстаз сол жылдардың өзінде алыс-жақын демей, әр жердегі бас көтерер намысты қазақ азаматтарын іш тартып жүреді екен ғой. Өз халқына деген сүйіспеншілікті шәкірттеріне де жұқтырғысы келіп, біздің де жігерімізді жанитын.

Кейінірек қара шаңырақта өзім де ұстаздық қызметте болдым, Рымғали ағамен сол жылдары тіпті етене таныстым. Өзім үшін ол кісінің жаңа қырларын аштым. Қарымды қаламгер, білімі теңіздей ғалым, ұқтырары мол ұстаз, елін сүйген ер, адами қасиеттері биік азамат мен үшін жақындаған сайын биіктей бергендей болды. Әлі де сол асқақ қалпында. Рымғали Нұрғалиұлының ғалымдығы, қаламгерлігі жайлы көп жазылған, әлі де жазыла бермек. Мен тек ұстаздығы, азаматтығы туралы ғана сөз қозғауға талпындым.

Уақыт көші ілгерілеп, абзал аға алпыстың асқарынан асты. Бергенінен әлі берері мол дарынды азамат үшін алпыс деген жай ғана ат шалдырып өте шығатын бекет емес пе?! Алдында ізденіске толы ғалымдық, жазушылық, азаматтық ұзақ жол жатыр. Асқаралы алпысымен құттықтай отырып, ән сөзінде «аман бол, ағаларым!» - деп айтылатындай, «Аман бол, абзал аға!» дегім келеді.

А.Ищанова



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет