АКАДЕМИК-ҰСТАЗ
Өз ісіне жетік білгір адамға берілетін академик деген ат ұлағатты ұстаздықпен қатар келген, әмбебап ғалым, ғалымдардың рухани ұстазы, болмысындағы табиғи талант пен еңбек егіз ұштасқан еліміздің біртуар азаматы Р.Нұрғали ағамызды бүгінде еліміз мақтанышпен айтады. Әдебиет саласында араласпаған, қалам тартпаған бірде-бір жанры жоқ десек, өтірік айтпаған болар едік. Оның айғағы – кешегі студенттен бүгінгі академик деген атқа жетуі. Менің бүгінгі арнайы тоқтағалы отырғаным – көп қырлы ғалымның бір қыры, оның ұстаздығы.
Ұстаздық – мәңгі көнермейтін, қандай қоғам, қандай кезең болса да өзінің қайта түлейтін қуатымен қасиетті де абыройлы мамандық. Ғұмыр бойы ізденуді, мазасыз толғанысты, өзін-өзі рухани жетелеуді керек ететін, жауапкершілігі шексіз кәсіп, әрі адамзат баласының ең бір қадір тұтатын пірі.
Ұстаз еңбегі күнделікті өндірілетін өнім емес, оның жұмысының нәтижесі, өлшемі – шәкірттеріне берген білімі. «Бала – балқытылған алтын» оны қандай қалыпқа құйып, мүсін жасаймын десе де ұстаздың өз қолында» - деген даналық сөз бар. Осы сөздің астарына білім шырақшыларының бүкіл қасиеті сыйып тұр десе де болады. Әрбір адам өз өмірін ойша шолып өткенде, есіне әуелі ата-мекені, ата-анасы, туған үйі, әрине, ұстазы оралады. Ендеше жалған дүниенің қызығына, білім әлеміне енді-енді ене бастаған әрбір шәкірттің көңіл төрінен орын алған, жанына жақын ұстазы болуы да заңды.
Ұстаздық – Р.Нұрғали үшін орны бөлек ұлық қызмет. Ұстаздың ұстазы болған профессор Б.Кенжебаевтың мақтанышпен ауыз толтырып айтқан шәкірті. Р.Нұрғали Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде ассистенттен профессор дәрежесіне дейін үлкен өмір тәжірибесінен өткен. Бүгінде академик Р.Нұрғалидың басшылығымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдынан бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын, сан мыңдаған жоғары білімді мамандарды тәрбиелеп, дайындап шығарған. Академик-ұстаздан білім мен тәрбие алған шәкірттері бүгін де республикамыздың бетке ұстар үлкен қайраткерлеріне айналды. Білім мен ғылым, әдебиет пен өнер, ел басқару саласындағы бүгінгі белгілі басшы қайраткерлердің көпшілігі Рымғали ағамыздың шәкірттері болып отырғаны – ұстаздың елге сіңірген еңбегінің байлығы мен баяндылығының анық та айқын көрсеткіші.
Үлкен талант рухы, шығармашылық шабыт, терең теориялық білім, үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің даму процесіне әлемдік биік талап тұрғысынан қарау – Р.Нұрғали қаламгерлігінің өнегелік сипаты болса керек. Ғалымның қаламынан туған сын, зерттеулер мен көркем туындыларға көз жіберсек, ерен еңбектің, қажырлы таланттың куәсі болғандаймыз. М.Әуезов трагедияларын жан-жақты саралаған «Трагедия табиғаты», Жұмат Шаниннің өмірі мен шығармашылық жолын ашып көрсеткен «талант тағдыры», қазақ драматургиясының поэтикасын зерттейтін «Күретамыр», әдебиет пен эстетика негіздеріне талдау жасайтын «Өнер алды – қызыл тіл», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Айдын», «Телағыс», «Драма өнері», «Сырлы сөз», жаңа тұрғыда жазылған «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» ұжымдық монографиясына телеавтор болып қатысуы, «Абай» энциклопедиясының бас редакторы, 11 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының телеавторы, прозалық шығармалары мен аудармалары елімізге таныс дүниелер. Осындай еңбектері қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әдебиеттану ғылымындағы ірі жетістіктер болып саналады. Жоғарыда аталған еңбектері әдебиеттану ғылымын жаңа қорытынды, дәйекті тұжырым, соны ойлармен байытты.
Қоғамдық ойдың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алып бәйтеректері, отызыншы жылдар саясатының құрбандары Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевты ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия мүшесі болып, ақталуына әдебиеттанушы ғалым ретінде, ұстаз ретінде белсене ат салысушылардың бірі болды. Студенттер алдында қайта оралған есімдердің мұраларын ғылыми тұрғыдан талдап, тұшымды дәрістер оқып, тұңғыш ғылыми мақалалары мен «Әуезов және Алаш», «Вершины возвращенной казахской литературы» атты кітаптарын жарыққа шығарды.
Ғалым-педагог Р.Нұрғали еліміздің ең ірі деген оқу орындарында еңбек етіп, республика көлемінде, алыс-жақын шетелдерде өткен түрлі ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы туралы баяндамалар жасағаны бәрімізге белгілі.
Бүгін де еліміздің мақтанышы болып отырған ғалым-ұстаздың алдынан дәріс алған мыңдаған жастар өздерін бақытты санайды. Осындай бақытты күн бізге, Жезқазған университетінің студенттеріне, еліміз үшін үлкен тарихи мәні бар жыл – тәуелсіздік алған он жылдығымызбен орайласып келген еді.
Осы жылы қазақ халқының бесігі, елдің ұлт болып ұйысуына ұйытқы болған құт мекен – Ұлытау аймағында орналасқан Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының арнайы шақыруымен келген, академик Р.Нұрғали Астананың үлкен жаңалығын, өзі еңбек ететін университетінің қуанышын ала келген болатын. Ол қуаныш – төл тарихымыздың ең әйгілі ескерткіштерінің бірі, түріктің ұлы қолбасшысы Күлтегін батырдың құрметіне орнатылған тас ұстынның тұңғыш рет жасалған ғылыми көшірмесінің Еуразия ұлттық университетіне қойылғандығы. Мәңгі тасқа: сөз, жыр, өлең, өсиет етіп жазылған ескерткішке түркі халқының барлығы да ие болуға қақысы барлығы, бірақ соған қарамастан қазақтар күллі түркі елі енші алып тарағанда, қазақ халқы қара шаңыраққа ие болып, бір жағы Еуропаны, бір жағы Азияны жайлап жатқан мына ұлы даланың белінде жатып, көне түріктердің рухын, әдет, салт-ғұрыптарын сақтап қалған ел екендігін жас буынға жеткізе айтып, ақын Мағжан Жұмабаевтың:
Тұран түрік ойнаған
Ұсап отқа,
Түріктен басқа от боп
Жан туып па?
Көп түрік енші алысып,
Тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ
Қалған жоқ па?
деген өлең жолдарымен түйіндеген. Біздің ұлы бабаларымыз Бұмын, Естемі, Құтлық, Қапаған, Біліге сияқты қағандардың, Тоңұқұқ, Жолығ-тегін сияқты ақылгөй даналардың, Күлтегін сияқты ұлы қолбасшы батырлардың есімдері сол замандағы әлемнің небір айтулы тұлғаларының есімдерімен әбден қатар тұра алатындығын мақтанышпен айтты, тыңдаушы жастарға үлкен ой тастады.
Тәжірибелі ұстаздың жастармен болған алғашқы кездесу барысындағы әңгімесінің басы – ел қорғаған батырларымыздың, сөз бастаған шешендеріміздің елді, мемлекетті сақтап қалу, халқының бақытты өмір сүруі үшін ұлын құл қылдырмау, қызын күң қылдырмау мақсатында шайқасқан батыр, данагөй бабаларымыз туралы болуы тегін емес. Осындай елі үшін еңіреп туған, сол жолда қанын төккен, жанын қиған бабалар аруағына адал болу керектігін жастарға ескертіп өткендей болды. Ендігі жерде еліміздің болашағы жарқын болуға, елдің елдігін көрсететін оның әдебиеті, мәдениеті, тарихы, тілі, діні болуға тиіс екендігіне тоқталған. Болашақ елдің тізгінін ұстайтын жастар біріншіден, ел бірлігін, екіншіден, еліне адал қызмет етуі керектігін, яғни бүгінгі қоғамның жастардан күтер талабы да осы екендігін айтқан.
Филология мамандығы бойынша дайындалып жатқан студент, магистрант, аспиранттарға оқылған алғашқы дәріс сұрақ-жауап түрінде өтіп, жастарды ойландырар мәселелер төңірегінде сөз қозғалған. Үш сағатқа созылған алғашқы кездесу барысында ғалым бойынан: ұстаз мәдениетін, ұстаздықтың сара жолын ұстаған парасаттылығын, терең білімділігін, лекторлық шеберлігін көзімен көрген, көкейімен ұққан жастар сол дәрісханадан үлкен рухани азық алып тарасқан.
Жаңа ХХІ ғасыр әкелер ұлы өзгерістер егеменді еліміздің келешегі – жас ұрпаққа - әлімдік ғылым мен прогресс деңгейінде білім беріп, адамгершілік рухта тәрбиелеуді керек ететіндігіне тоқталған.
Бүгінгі таңда қоғамның жаңаруына сәйкес әдебиет, өнер саласында да біраз өзгерістер барлығын, бұрын әдебиетте белгілі бір мерекені немесе қазақ қыздарының басындағы теңсіздікті жырлағанды төбемізге көтеретін болсақ, ал енді ол концепцияның ескіре бастағанын, қазір тәуелсіздік, елдің жайы, адам тағдыры туралы қандай мәні бар сөздер айтылды соған назар аудару керектігі қазіргі әдебиетіміздің басты тақырыптарының бірі деп түйіндеген. Сонымен қатар, ірі қаламгерлеріміздің кезінде Кеңес үкіметін жақтады, компартияны айтты деп құнды, татымды туындыларын сыртқа тебуге болмайтындығы жайлы да сөз қозғалды. Қазіргі қоғамдағы ойды зерттеуші философ, эстетик, әдебиетшілер көркем туындылардың бұрынғыдай таптық мәніне, мазмұнына, идеясына қарап талдауымызды екінші тұрғыға қалдырып, шығарманың көркемдік әлемін, алдағы уақыт пен кеңістіктің көрінісі жөнінде өнерлік сипатына мән бере бастағанымыз жайлы және ендігі болашақ зерттеушінің жұмысының бағыты, өрісі көне түркілік тамырларымызды табуға, тануға, бағалауға жұмсалуы керектігін баса ескертті.
Р.Нұрғалидың тек өзінің төңірегіндегі жастарға ғана емес, сонау шалғайда жатқан жас ғалымдарға да жасалып жатқан қамқорлығы, ғылыми жетекшілік көмегі айтарлықтай. Оның дәлелі – осыдан он жыл бұрын бүгінгі ОӨ.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті қазақ әдебиеті кафедрасының төрт оқытушысына ғылыми жетекші болып бекітілгендігі, бүгінде оның екеуі кандидаттығын қорғап, одан әрі екі оқытушының докторлық жұмысына ғылыми кеңесші болып отырғандығы осының айғағы. Сонымен қатар, университетіміздің студент, магистрант, аспиранттарына әдебиеттің көкейкесті мәселелері бойынша дәрістер оқып, мемлекеттік емтиханның төрағасы болды. Студенттердің үздік қорғалған дипломдық жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керектігі жөнінде кеңестер беріп, әділ бағалаған кезінде ғалымның үлкен жанашырлық қамқорлығына риза болған студенттер күні бүгінге дейін атын ілтипатпен атайды.
Бүгінде академик Р.Нұрғалидің қаламынан шыққан барлық еңбектері университетіміздің кітапханасында жеткілікті данамен қамтамасыз етіліп, студенттер толығымен пайдалануға мүмкіншілік жасалған. Ғалымның әдеби мұрасын зерттеу мақсатында бір магистрлік жұмыс жазылу үстінде.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, көрнекті сыншы, жазушы, энциклопедияшы, педагог Р.Нұрғалидің өмірі мен творчествосын жан-жақты зерттеу бүгінгі жас ғалымдарымыздың алдында тұрған келелі мәселелердің бірі деп есептеймін.
Жалпы Р.Нұрғалиев зерттеулеріне тән ерекшелік – ол күрделі проблеманы құрғақ сөз етпей, нақты шығармаларды талдау арқылы ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды.
Б.Кенжебаев
Қ.Байтанасова
ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ
Ғылым – еліміздің рухани тәуелсіздігінің тұғыры. Қазіргі кезеңде ғылымның сан-саласындағы басты нысандар айқындалып, барынша қолдау жасалуда. Бұрындар ғылыми ізденіс белгілі бір орталықтарға шоғырланса, қазір бұл саладағы мүмкіндіктер кеңеюде. Оған себеп – Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті нығайып, ізденіс – зерттеулерге кең жол ашылды.
Гуманитарлық саладағы ғылымды дамыту, қазіргі кезеңдегі басты міндет екені белгілі. Себебі, ол халықтың өркениетімен, тілі және мәдениетімен, көркем дүниелерімен байланысты.
Еуразия ұлттық университетінде жұмыс жасайтын диссертациялық кеңестердің бірі – филология ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық дәреже беретін Д 14.31.03 диссертациялық кеңесі. Кеңес төрағасы ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Нұрғалидің кеңестің ойдағыдай жұмыс жасауына сіңірген еңбегі мол. Кеңес құрамында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің белгілі ғалымдары бар. Кеңес жұмысын үйлестіріп, ізденуші мен аспиранттардың ғылыми еңбектеріне сараптаулар жасап, қорғауға шығару көп еңбекті қажет етеді. Осы ретте, Р.Нұрғали өзі бас болып, ізденуші жастарға ғылыми жетекшілік жасап, докторлық зерттеулерге кеңесші болып келеді.
Ғалымның ізденушілеріне ұсынатын тақырыптары да әдебиеттану саласындағы іргелі, өзекті мәселелер. Солардың кейбіреулерін атай кетсек, «Алтын Орда дәуірі түркі классикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері және қазақ әдебиетімен дәстүр сабақтастығы («Мұхаббат-нама», «Хұсрау-Шырын» поэмалары негізінде)» зерттеу еңбегін (ізденуші –Қ.Сейтжанов) филология ғылымдарының докторы, профессор марқұм А.Қыраубаевадан соң, ізденушіге тиянақтатып, ойдағыдай қорғауына ықпал етті.
Сол сияқты қаламгердің белгісіз туындыларын тауып, мәтінін бүгінгі қаріпке түсіріп, қайта жариялау, оларды әдеби-ғылыми айналымға қосып, шығармашылық тарихын айқындап, жүйелеген «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының тарихы» (ізденуші – С.Байменше) докторлық диссертациясына; М.Жұмабаев поэзиясының көркемдік-эстетикалық қуатын зерделеген «Мағжан поэзиясының көркемдік жүйесі» (ізденуші – Ж.Қ.Боранбаева); трагедияның жазылу, басылу, алғаш сахналану тарихын зерделеп, ұлт-азаттық идея жөніндегі ғылыми пікірлерді жүйелеген «М.Әуезовтің «Хан Кене» традегиясының тарихилығы» (ізденуші – Л.Серғазы); қаламгер туындыларының туу, жазылу тарихын, әдеби сында саралануын, оқиғалардың деректік негіздерін ашқан «Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Жат қолында» романдары: аударылуы, әдеби сында бағалануы» (ізденуші – Ж.Құлыбекова); суреткердің ғылыми-сын еңбектері, көркем және деректі прозасы, аудармалары тұтас шығармашылық жүйеде сараланған «Т.Нұртазиннің ғылыми – сын және әдеби публицистикалық мұрасы» (ізденуші – Б.Рахметова) кандидаттық диссертацияларына ғылыми жетекшілік етіп, материалдарды жинап – сұрыптағаннан, ғылыми еңбек жазылғанға дейінгі аралықтағы ізденісті меңгерткен ғалым еңбегінің айтарлықтай екені даусыз. Мұнымен қоса, прозалық әдеби ертегінің туу, қалыптасу кезеңдерін, композициялық, сюжеттік құрылымын саралаған «Қазақ прозалық әдеби ертегісі» (ізденуші – Ж.Рүстемова); қазақ әдеби сынының өзіндік сипатына тән ізденісін, жанрлық сипатын, әдіснамалық және теориялық мәселелерін талдаған « ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы қазақ әдеби сыны» (ізденуші – С.Такиров); қазақ романдарындағы драматизм табиғатын ашып, уақыт, адам, сана ұғымдары төңірегінде зерделеген «Қазақ романдарындағы драматизм» (1970-80 ж.ж.) (ізденуші – К.Төлеубаева) кандидаттық диссертациялары кеңес мүшелері филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Ысқақтың, филология ғылымдарының докторы З.Жұмағалидің, филология ғылымдарының докторы, профессор, кеңес төрағасының орынбасары М.Хамзиннің ғылыми жетекшілігімен сәтті қорғалды. Бұл аталған диссертациялардың әдебиеттану ғылымдарындағы өзекті проблемаларды қозғаған, теориялық және қолданбалы сипаттағы ғылыми-практикалық мәні бар еңбектер екені даусыз. Мұның өзі кеңестің тиімді, мәнді ғылыми бағытта жұмыс атқарып жатқанын айғақтайды.
Қазіргі кезеңде қазақ әдебиетінің әлемнің басқа халықтары әдебиетімен байланысы, төл әдебиетімізді өзге ұлт әдебиеттерімен салыстыра зерттеу мәселесі қазақ әдебиеттану ғылымындағы көкейкесті мәселелердің бірі. Осыған байланысты басқа халықтар әдебиетінің арасындағы тікелей және типологиялық байланыстарды көне дәуірлерден бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта қарастыру, салыстыра зерттеу бағыттарын орнықтыратын 10.01.07 – салыстармалы әдебиеттану мамандығын ашу - диссертациялық кеңестің жетістігі. Осы ретте, кеңестің төрағасы Р.Нұрғали зәру мамандықтың қажеттігін дәлелдеп, осы саладағы маман-ғалымдарды кеңес құрамына енгізді. Сөйтіп, көркем шығармаларды, әдеби жанрларды, көркемдік әдістерді, әдеби шығарманың тілі мен стилін, жекелеген ақын-жазушылар шығармаларының үндес немесе айырықша белгілерін, олардағы рухани-әдеби ортақтастықтарды зерттеуді нысана еткен ғылыми тақырыптар ізденісі қолға алынды. Алғашқы ғылыми еңбектер де қорғала бастады. Мәселен, Шәкәрім мен Гетенің әдеби үндестігі алғаш дербес қарастырылған, қазақ поэзиясы батыс-еуропалық байланысының өзара сабақтасуын зерттеген «Шәкәрім және Гете: поэзиядағы көркемдік таным үндестігі» (ізденуші – А.Сейсекенова) филология ғылымдарының докторы, профессор, диссертациялық кеңестің мүшесі А.Еспенбетовтің; неміс прозасының аударылу тарихы, түпнұсқа мен аударма арасындағы заңдылықтарды ашу мәселесіне арналған «Неміс прозасын қазақ тіліне аударудың өзекті мәселелері» (ізденуші – Б.Дуанина) филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Есембековтің ғылыми жетекшілігімен қорғалды.
Ғалымның білімге, әдебиетке, мәдениетке деген жанашырлығы өзінен кейінгі жастарды, шәкірттерді дайындаудан байқалмай ма? Бұл ретте, ғалым-ұстаз Р.Нұрғали ізденушілерге, аспиранттарға ұғымды кеңестер беріп ғылыми еңбектің қолжазбаларын талқылағанда-ақ, жұмыстың кемшілік жақтарын бірден байқап, түзеп, оралымды тіркестерді қолма-қол тауып, тақырып – тараулардың кем тұстарын толықтырып береді. Шетелдік, отандық зерттеушілердің әдебиеттану саласындағы іргелі еңбек-зерттеулерін атап-түстеп, оң бағыт-бағдар сілтейді.
Ғылымның күрделі, азабы мол болатынын студент кезінде-ақ түсінген, сол жылдары-ақ, ғылыми еңбегі кітапша түрінде жарық көрген ғалым, өз шәкірттерінен үнемі еңбекқорлықты, алғырлық пен тиянақтылықты көргісі келеді. Осындай қасиеттері академик Р.Нұрғалидің ғалымдардың ұстазы екенін дәлелдейді.
Ең алдымен айтайын дегенім «Дән» кітабың қызықты, тартымды. Бір новелладан кейін екінші новелланы оқуға асығасың. Келесі новеллада тағы қандай тағдыр баяндалады деп, соны білуге құмартасың.
Ә.Нұршайықов
Д.Мәсімхан
АЛАШ РУЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ
Ұстаз туралы үзік сыр
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңында ҚХР ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының вице-президенті, профессор Жақып Мырзахановтың мұрындық болуымен академияның әр түрлі институттарына қазақтың он шақты жас маманы жұмысқа шақырылған болатын. Онда бұрын бұл ғылым ордасында қазақ баласы жоқтың қасы екен. Пекиндегі Орталық ұлттар университеті филология факультетінің 1987 жылғы түлегі, Ж.Мырзахановтың ертеде «жіп тағып» қойған қадры ретінде – мен де сол қатарда аталған академияның әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Қазақ жастары, елдің әр түрлі жоғары оқу орындарын бітіріп келген, әр саланың мамандары болғанымызбен тез-ақ тіл табысып кеттік. Сондай-ақ біздің академиядағы тағы бір ерекшелік – вице-президенттің табанынан тозып жоғары-төмен шапқылауының арқасында академия кітапханасына «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Парасат» секілді қазақстандық басылымдар келіп тұрды. Біз, қазақ жастары осы басылымдардың әрбір жаңа нөмірін жыл келгендей төрт көзімізбен сарғая күтіп, ерекше әсермен, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шығатынбыз. Оқығанмен ғана шектелмей, жиналып алып, таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек болып жатқанымыз. Талқыға қатыспай, «тек жүру» тіптен мүмкін емес еді. Себебі кеудемізге нан пісін тұрған өндір жаспыз. Мезгіл болса 1991 жыл! Оның үстіне ешқандай саяси қақ-соқ көрмей өсіп келе жатқан ұрпақтың өкіліміз... Қысқасы ҚХР-да өзіміз тұрып жатқанымызбен есі-дертіміз іргесі сөгіле бастаған КСРО-да. Дәлірек айтсақ, КСРО құрамындағы тарихи отанымыз – Қазақстанда. Алғашқы кезекте Балтық жағалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Талас-талқымыздың тақырыбы: келесі кезекте қай ел? Қазақстан қашан? Жыл соңына дейін одақтас республиканың бәрі кетті де, Кеңес одағының жұртында Қазақстан мен Ресей қалды. Қытайдағы туысқан халықтың өкілдері бізді – ондағы қазақтарды жатып кеп табалайтынды шығарды, бізді бір жағынан осы намыс өлтіріп бара жатса, тағы бір жағынан Қазақстандағы ағайындар осынау тарихи сәтті жіберіп алар ма екен деп, жанымыз иненің ұшында жүрді. Жоқ, үміт ақталды. Желтоқсанның 16-шы жұлдызы!!! Осы күні Үрімжіде қуаныштан жыламаған қазақ баласы қалмаған шығар! Біз, қазақтың он шақты қыз-жігіті «бәленшенің туған күні» деген желеумен Халқымыздың үш ғасырдан соң қайта оралған азаттығының алғашқы күнін тойладық! Ертесінен бастап әңгімеміз мүлде басқа бағытта өрбитін болды. Яғни енді Қазақстанға қалай жетеміз? Шекараны бұзып қашып өтуді ұсынғандар да болды. Себебі ол жылдарда Қытайдан шетелге шығу дегеніңіз қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-тұғын. Өстіп торығып жүрген кұндердің бірінде Үрімжіге Қазақстан ақын-жазушыларының шағын делегациясы келді деген хабар құлаққа шалынды. Жылтыраған бір болар-болмас үміт оты жанымызды жылытып, кәдімгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Себебі делегация өзге емес ақын-жазушылардан құрам тапса, әрі оның құрамында қазақтың ұлтшыл зиялылары Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеевтер бар болса, олардың біздерге – Атажұртқа жетсек деген шетелдік қазақ жастарына қолұшын бермеуі мүмкін бе?! Осы ойға тұмсығымыздан жетектелген біздер, ал келіп Қазақстаннан келген делегацияны ізде. Қаладан адрессіз адам іздеу деген көлдің түбінен ине іздегенмен бірдей далбаса ауқат болып шықты. Не келген делегацияның келіп тоқтаған жерін бізге ешкім айтпайды. Біледі-ау деген ағаларымыздың бәрі «білмейміз!» деді, шынымен білмей ме, әлде атажұрттан келген ағаларымызды қызғана ма, жоқ, аузы күйіп қалған байқұстар қорқа ма, әтйеуір бізге ешкім ештеңе айта қоймады. Сосын Үрімжінің қонақ үйлерін өз бетімізше сүзіп шығуға бел будық. Өстіп жүріп бірнеше күнді өткізіп алдық. Бір күні Бақытбек деген жігіт: «Ол кісілердің дерегін таптым – «Күнлұн» қонақүйіне түсіпті» - деді. Ертеңіне барсақ, «Олар кеше кетіп қалды!» - деді қонақүй қызметкерлері. Біз сан соқтық та қалдық...
Келесі жылы, яғни 1993 жылдың наурыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің арнайы шақыруымен қытай тілінің маманы ретінде Атамекенге оралдым. Ол заман – шетелден Қазақстанға келуге жол табу қиын, жол тауып келсең тұрақтап қалу қиын, тұрақтап қалсаң азаматтық алу қиын... Жан бағу одан да қиын, болып тұрған кез еді ғой. Шеттен келген – онда да бір жетіскен бай ел емес, халқының қарны енді-енді тоғайып келе жатқан, социалистік жүдеу елден келген бізді қойып, осында тұтас елі-ауылы, жанашыр туыс-бауыры бақадай шулап отырған жергілікті зиялылардың өзі шықпа жаным шықпамен зорға жан сақтап отырғанын көз көрді. Осы қалың қиныдықтар бірінен кейін бірі желкемізге қонжиып, аздырып-тоздырғанмен әжептәуір титықтатып тастағанын несін жасырамыз. Осы қиындықтарға төзбеген біраз «патриот» жерлестерім «Атамекен аман болсын!» деп кері қайтып кетті... Айтайын дегенім бұл емес, өстіп жүріп 3-4 жыл өте шығыпты. Әрине, бұл 3-4 жылда ұстаздықтың сыртында, Республиканың «Азия», «Парасат», «Түркістан» қатарлы мерзімді басылымдарында, «Алатау» телеарнасында әдеби қызметкер, шолушы болып қызмет атқардым. Қыруар өлең, ондаған ғылыми, танымдық, публицистикалық, аударма еңбектерім жарияланды. Жұрт «ақын, жас ғалым» десе соған мәзбін... Өмір осылай өтіп жатты.
Өстіп жүрген күндердің бірінде, жаңылмасам, 1997 жылдың жазында осы күнгі ғылым докторы, профессор Қ.Алпысбаевтың үйіне бір шаруамен қаңғалақтап жетіп барсам, төрінде сол кездегі Қазақстан Ұлттық Ғылым Академияның корреспондент-мүшесі, біраз жылдың алдында Үрімжіде ұстатпай кеткен ағам, қазіргі академик, Алаш жұртының ардақты ғалымы Рымғали Нұрғалиев отыр екен. «Қойдың бәрі қасқырды таниды, қойдың бәрін қасқыр танымайды» дегендей, мен ол кісіні бірден тани кеттім, сәләм бердім. Құныкең әуелі ол кісіні маған, сосын мені ол кісіге таныстырды. Атышулы ғалымды алғаш рет жүзбе-жүз көруым. Бір таңқалғаным, ол кісінің бойынан әлдеқандай «атақты» адамдарда ретті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, нәнсіну, сыздау, тәкаппарлық, кесірлік т.б. пендешіліктердің бірде-біреуі байқалмады, керісінше әр әңгімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын кісі екен. Атақты ғалымның болмысындағы осы қасиет маған ерекше ұнады. Себебі біздің де солай отырған жерде күлдіріп отыратын, көңілге алғанды бетің-жүзің демей шыжғырып айтып салатын мінезіміз бар-тұғын. Сол дастарқан басында айтпағаныммен, ол кісімен рухтас, мінездес болып шыққаныма іштей қуанып отырдым. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» - деп ұлы ақын айтқандай, кейін ол кісіге шәкірт болып, тіптен жақын жүргенде ұстаздың білімінен ғана емес, мінезінен де алғанымыз аз болмады-ау деп ойлаймын. Әңгіме қызығымен біраз отырып қалыппын. «Қонақтың үстіне қонақ келсе қотыр болады» немесе «Екі кісі бейім тұрса есті кісі кейін тұрады» деген атам қазақ жоралғысымен, тұруға, жүруге қам жасап ем, Рағаң да, Құнағаң да мүлде рұқсат етпеді... Сосын орныма қайта жайғастым. Дастархан басындағы әңгіме болғанымен, тақырыбы ауқымды, мағыналы – тәуелсіздік тағдыры, отаршылдық кезеңнің зардаптары, қазақ әдебиетінің жай-күйі, елдің демографиялық жағдайы, шеттегі қазақтардың тағдыры, ғалым Б.Кенжебаев, әнші Ж.Кәрменов туралы естеліктер т.с.с. әңгіме арнасы бірден бірге ауысып, өте көңілді отырмыз. Бір әредікте Рағаң менен: «ғылыми атақ-дәрежең бар ма?» - деп сұрады. «Жоқ» - дедім. Ол кісі себебін сұрады. Мен қытайда жоғары оқу орындарында болсын, ғылыми мекемелер де болсын, ғылыми дәрежені аса қатты талап ете қоймайтындығын, оның есесіне әр саланың өзінің ғылыми атағы болатындығын, оны стажға, нақтылы еңбек нәтижесіне қарап беретіндігін, соған байланысты ол елде жоғары білімнен кейінгі ғылыми ізденістің (магистратура, аспирантура, докторантура) жаппай үрдіске айналмағандығын, осылайша өзімнің де ешқандай бір ғылыми дәреже қорғамай-ақ, академияның орта дәрежелі атағын (доцент дәрежелі) алғанымды тәптіштеп айтып бердім. Бұнымды мұқият тыңдап алған ғалым ағам: «Қазақстанда біржола қалатын ойың бар ма?» деді. «Иншалла қалдым. Азаматтық алдым», - дедім. «Олай болса енді қорғау керек, менде бір керемет тақырып бар, кімге берсем екен деп басым қатып жүр еді, сен жақсы кезіктің». Рағаң әй-шәйға қарайтын емес. «Лу-Синь шығармаларындағы қытай халқының ұлттық болмысы» атты тақырып бекіткізіп, бірер жылдан бері доцент А.Тохметов деген кісінің жетекшілігімен жұмыс істеп жүргенімді, жұмысымның дайын болып қалғанын, бірақ ол тақырыпты қорғататын Қазақстанда ғылыми кеңестің жоқ екендігін, ол үшін Ресейге немесе Өзбекстанға барып, қыруар қаржы төлеуім керек екендігін, әрі ғылыми жұмысым сол елдің тілінде болуы керек екендігін, соған байланысты торығып, қайтып қалғанымды айттым. Рағаң: «Торықпа бала! Қайтпа батыр Албан! – деп арқамнан ақырын ғана қағып қойды да, - өзің Мұстафа Шоқайдан аумайды екенсің, саған солМұстафа Шоқай бабаңның аруағы ырза болатын тақырып берейін, тә-ә-әк, бүгін жексенбі, сен маған сәрсенбі күні түстен кейін сағат үште кафедраға кел, келістік пе?» «Келістік».
Уағдалы күні сағат 15.00-де қазақ әдебиеті кафедрасына имене кірдім. Рағаң төрде отыр екен, қасында кафедраның 3-4 мұғалімі бар. «Кел Мұстафа Шоқайдың інісі, былай кел, - деп маған бір орын нұсқады да, қасындағы мұғалімдерден – мына жігітті танитындарың бар ма?» - деп еді, әлгілердің арасынан әлдекім: «үйбай-ау, Раға, Мәсімханды танымай не бопты бізге...» - дей бергені сол еді, Рағаң: «Жоқ, танымайды екенсіңдер. Қайдағы Мәсімхан?! Мұстафа Шоқай ғой, басты қара, мұрынды қара, мұртты қара... айнымай қалған». Ол кісінің сөзін қасындағылар да: «Иә, иә», «келеді», «ұқсайды» деп қостап жатты. Осылай аны-мұны әңгімемен аз отырған соң, Рағаң орнынан тұрып маған: «жүр, екеуміз оңаша сөйлесейік» - деді де, мені іргелес бөлмеге ертіп кірді. Кірген бойда жаттап алған адамша ағыл-тегіл сөйледі де кетті. Үнсіз тыңдап отыра бердім. Сондағы Рағаң әңгімесінің жадымда қалған ұзын ырғасы мынау.
ХХ ғасырдың басы адамзат тарихында әлемнің түкпір-түкпіріне саяси ояну, рухани сілкініс әкелумен ерекшеленді. Бұл арада жер жүзіндегі оянулар мен сілкіністерді санамалап жату басы артық сөз болар еді. Біз тек айтарымызға арқау болғалы отырған өңірлердегі – Қазақстан, Ресей, Қытай елдеріндегі, ХХ ғасыр басындағы тірлікті еске алайықшы. Ресейдегі қазан төңкерісі, коммунистер жеңісі, КСРО деп аталатын еуразиялық алып державаның өмірге келуі; Қытайдағы «4-мамыр» жастар қозғалысы бастатқан демократиялық–ағартушылық бағыттағы толқулар, гомидаң және коммунистік партияларының құрылуы, ең соңында ҚХР дейтін империяның өмірге келуі; Қазақстандағы 16-шы жылғы көтерелістер, Алаш партиясының өмірге келуі, ұлт-азаттық бағыттағы рухани-ағартушылық сілкіністер, тұтастүркістан идеясының өмірге келуі, ол идеяны қолдаушылардың ақыр аяғында еуразиялық алып державаның қанды шеңгеліне ілініп, жаппай қырғынға ұшырауы... т.б. осының бәрі сөз болып отырған кезеңдегі адамзат қоғамында болып жатқан ояну мен жаңғырудың Қазақ халқы мен қазақ қоғамын да айналып өтпегендігін толық айғақтайды. Ал Ресей мен Қытайдағы ояну мен сілкіністер өзінің діттеген жеріне жетіп тынды да, тек біздегі ояну мен сілкіністер жөргегінде тұншықтырылды. Алайда қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бастады. Сондай өңірдің бірі Шығыс Түркістан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түркістан республикасының құрылуына ұйтқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идеясы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, алды атылған, арты қытай түрмесінде шіріген қаншама ақын-жазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Әріп, Жүсіпбекқожа, кешегі Бұқара, бүгінгі Омарғазы т.б. толып жатыр. Осылардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, ғылыми айналымға енгізу бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көкейкесті міндет. Ол үшін сол жақта туып өскен, сол жақта жоғары білім алып келген, қытай тілін жетік білетін адам болса деп армандап жүр едім. Өйткені онсыз бұл тақырыпты діттеген жерде жеткізу қиын. Міне сені маған, маған ғана емес, қазақ әдебиетіне, тіпті Қазақстанға құдай айдап келіпті. Енді «ұрыста тұрыс жоқ» деген, білекті сыбан да кіріс. Тақырыпты «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) деп алайық.
Осы ойларын айтып болды да Рағаң: «келістік пе?» деді. «Келістік» дедім.
Осы «келісімге» тура екі жыл толғанда, яғни 1999 жылдың мамыр айында дәл ұстаз айтқан тақырып бойынша кандидаттық диссертациямыз қорғалды. 2000 жылы «Қазақ университеті» баспасынан диссертациямыздың негізінде дайындалған «Жыр-жебе» атты монография (белгілі себептермен кітап баспадан «көмекші оқу құралы» деген айдармен шықты). Рағаңның алғы сөзімен, аз тиражбен (500 дана) болса да жарық көрді. Ұстаз дән ырза. Кітапты қолына алып тұрып маған бүй деп бата берді: «Дүкен үмітті ақтадың. Қазақ әдебиетіндегі үлкен бір ақтаңдақтың орнын толтырдың. Оны айтпағанда қаншама шейт кешкен аруақтарды тірілттің, олардың сауабын алдың. Ендігі өміріңде сол аруақтар саған жар боп жүрсін! Атажұртыңда – Отаныңда жұлдызың жоғары болсын!» Мен тебіреніп кеттім. Батаға да, басқаға да емес. Екі дүниедегі жалғыз тұрағым – Отанымнан Рағаңдай шын жанашыр, асыл аға тапқаныма!
Бұлай деуіміздің өзіндік себебі де жоқ емес. «Оралман» десе бұл күнде жұрттың езуіне бір түрлі мысқыл үйірілетін болып жүр ғой. Оған әрине «Оралманның» да өз кінәсі бар шығар. Бірақ адам ретінде шеттен келген қандас-бауырыңыздың тағдырына сәл ғана үңілсеңіз, олардың ішкі жан дүниесіндегі үлкен жараны оп-оңай көресіз. Мысалға мен өзімді айтсам, әрине Отанымда – Қазақстанда шалқып жүрген қазақтың бірі менмін. Алайда бір жерім толмай-ақ тұрады. Жанымда жазылмайтын бір жара бар. Кіндік кесіп, кір жуған жерім, туған ауылым, туған бауырым, әкемнің басы, дос-жараным, ел-жұртым, қыл аяғы класстас-курстастарым... бәрі түп-түгелімен қызықл сызықтың арғы жағында қалып қойды. Жиі-жиі түсіме кіреді... Жылап жатып оянам... Бір мен ғана емес, барлық оралманның қасіреті осы. Яғни біздер, «Оралмандар» - Отанымыз бар, аулымыз жоқ, еліміз бар, бауырымыз жоқ жандармыз. Ал менің бақытым – осы азат Отанымда арқа сүйейтін Рымғали Нұрғалиевтай ұлы ұстаз, жанашыр ағам бар! Бұл бір. Ұстаз ұлылығының, аға жанашырлығының тағы бір шапағаты - Әлихан, Мағжан, Әуезовтерден ұстазы Б.Кенжебаевқа, одан өзіне дарыған Алашшылдықты, ұлтшылдықты біздің, біз арқылы келешек ұрпақтың санасына құйып бергедігі, яғни бізді де осы қасиетті шерудің қатарына – ұлы жолға алып келгендігі! Мен осыған мақтанам!
А.Абдуллина
Достарыңызбен бөлісу: |