КӨРНЕКТІ ТІЛШІ-ҒАЛЫМ ҺӘМ ТҮРКІТАНУШЫ
(Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының белгісіз қыры)
Ғарифолла Әнес
филология ғылымдарының докторы,
«Арыс» қорының (баспасының) директоры
Алматы, Қазақстан
Екі ғасыр тоғысында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алаш жұртында
«қазақ оқығандары» атты жаңа әлеуметтік ағартушы топ пайда болды. Олар қазақ қоғамында
насихат жұмысын жолға қойды, ұлт-азаттық қозғалыс құруға, саяси партия ұйымдастыруға
ұмтылды; газет-журнал шығарып, елшілдік ұранды әдебиеттер таратты. Осы бір кезең
туралы кейіннен Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған
азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп
саналады. ...Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік», – деп тебірене жазады [1].
16
Соқпағы соны, жолы ақ ұлы көштің бастаушылары арасынан Ә.Бөкейхан мен
Ж.Досмұхамедұлындай
кәсіби
саясаткерлер,
Шәкәрім,
Міржақып,
Ғ.Қараш,
С.Торайғырұлындай ақындар және көптеген дәрігер, заңгер, экономист, теміржолшы, сауда-
саттық мамандары, алғашқы төл оқулық авторлары, педагог-ғалымдар мен журналистер
тасқа біткен шынардай жарқырап шықты. Олардың арасында тыңға түрен салған тұңғыш
ғалымдар деген тұста, екі адамның аты-жөні, ерен еңбектері қашанда көкейде жаңғырып
тұрады. Бірі – ұлттың ұлы ұстазы һәм рухани көсемі, ғұлама тілші-ғалым, күллі қазақ
қоғамдық ғылымдарының бастау-көзінде тұрған түркітанушы (қазақтанушы) Ахмет
Байтұрсынұлы болса, екіншісі – жаратылыстанудың сан саласынан қазақ тілінде тұңғыш
оқулықтар жазған оқымысты дәрігер, энциклопедист ғалым
Халел Досмұхамедұлы
(1983 –
1939).
Астана Санкт-Петербургтағы Императорлық Әскери-медициналық академияны үздік
бітірген ол тек адамның тән жарасына шипа іздейтін дәрігер болып ғана қоймай, өз
замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды
халқының жан дертіне үңілген қайраткер, ескінің көзі, жаңаның басы бола білді. Аумалы-
төкпелі аласапыран заманда олар азаттық туын көтерген саяси көшбасшылар, «Алаш»
партиясы мен Алашорда үкіметінің негізін қалаған, ісін болашаққа жеткізген серкелеріне де
айналды.
Бар-жоғы 55-56 жыл өмір сүріп, өксікті ғұмыры коммунист жендеттерінің қолымен
қиылған Х.Досмұхамедұлының ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық-педагогикалық
қызметпен айналысуына 1921-1928 жылдар аралығындағы негізінен Ташкент, азғана уақыт
Алматы қалаларындағы тұрған кезеңіне тұстас келді. Заманынан озып туған өресі биік
Ағартушының әлі толық жиналып бітпеген мол мұра-қазынасы арасында оның тіл біліміне
қатысты еңбектері ерекше орын алады.
Осы тұста Алаштың көсемдері санатында, айрықша білімдар ретінде теміржолшы-
инженер Мұхамеджан Тынышбайұлының да атын атап кеткен орынды. Өз соңына қазақ
тарихы мен шежіресі туралы классикалық зерттеулер жазып қалдырған ғалымның
ғұмырнамасы Халекеңмен тағдырлас, егіздің сыңарындай ұқсас: ол да осы жылдары
Петерборда, Императорлық Жол қатынастары институтында оқыды, кейіннен қуғын-сүргінге
ұшырап, жазықсыз атылды. Бірі дәрігер, екіншісі инженер бола тұра оларды ұқсастыратын
басты ерекшелік – астаналық білім берудің шыңдалған әмбебаптық дәстүрі, өздерінің оқу-
білімге деген ерекше құштарлығы. Ол кезде атақты ғалым-ұстаздар талапты жастарды жеке-
дара баулып, қанаттандырып отырған, ғылымға бейім, білмекке құмар студентердің өз
бетімен ізденуіне, өзге де жоғары оқу орындарында дәріс оқитын ғұламалардың алдын
көруіне мүмкіндік жасалған. Міне, осылайша Нобель сыйлығының иегері, әлемге мәшһүр
академик И.П.Павловтың шәкірті Халел зейінді де зерделі Мұхамеджанмен бірге
В.В.Бартольд, В.В.Радлов, Бодуэн де Куртенье сияқты атақ-даңқы айшылық жерге жайылған
бірегей ғұламалардың дәрісін тыңдады, қырағы көздеріне шалынды. Астанадағы инемен
құдық қазған жылдары білікті маман болуларымен қатар ресейлік және әлемдік ғылымдағы
жаңашыл техникалық табыстармен, адамзат пен қоғам дамуының тың теория-
тұжырымдарымен таныс болды. Түрлі ашық лекциялар мен диспуттарда әлі оқулыққа
енбеген ілім-қағидаттарды талдады, олардың авторларымен көрісіп, тілдесті.
Реті келгенде энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де айта кеткен
орынды. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны
да осы Петерборда оқыған кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың
жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі
өзгермекші. ... Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді ғалым-дәрігер [2, 49]. Ал
оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталған манифестей әсерге
бөлейді: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін
білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілді
еліктей беру зор қате. Бұл – оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек» [3, 3].
Ана тілінің асқан білгірі Х.Досмұхамедұлы орыс тілін жастайынан, әскери училище
17
қабырғасында-ақ жан-жақты меңгеріп алды. Неміс тіліне оның өте жетіктігін, мамандығы
бойынша тілші, өзі де бірнеше тіл меңгерген филология ғылымдарының кандидаты Қарашаш
Халелқызы қашанда айтып отыратын. Халекең проф. Ю.Вагнердің танымдық кітаптарын
қазақ тіліне аударды. Ал үш томдық «Жануарлар» кітабын жазу тәжірибесі туралы өзі былай
дейді: «Жануарлар» көбінесе орыстың Алуев деген профессорының және немістің атақты
Брем деген білгішінің кітаптарына қарап жазылды» [4, 265]. Оралдағы реальды училищеде
оқып жүргенде неміс және француз тілдерінен үнемі жақсы баға алғаны, ал Академия
қабырғасында латын тілін оқып-үйренгені мәлім. Латын тілі туралы ғұламаның мына бір
ойлары бүгінде де өз мәнін жоғалтқан жоқ: «Осы заманғы ғылым – Еуропа ғылымы, барлық
Еуропа ғылымында қолданылатын тіл – латын тілі. Сондықтан латын тілі жұртқа ортақ
ғылым тілі болып саналады. Ғылым атауын латынша айтса, француз да, неміс те, жапон да,
ағылшын да түсінеді. Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды. Бұл
заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды» [4, 264].
Сондай-ақ білімпаздың көне түркі мен ортаазиялық шағатай тілі, араб және парсы тілдері
жүйесімен таныстығына, одан бір адамдай хабардар болғандығына оның бізге жетіп отырған
мол мұрасы куәгер.
1920 жылдың соңына таман Х.Досмұхамедұлы көптеген «алашшыл» қазақ
оқығандары қатарында Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы Ташкент
қаласына келеді. Осы жылы тамыздың 21-і күні Түркреспубликасының Халық ағарту
комиссариаты жанынан туыстас түркі халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми
мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы құрылады. Ол алдымен осы комиссияның
мүшесі (төрағасы – И.Тоқтыбайұлы), кешікпей төрағасы (1921-23) болады. Оның органы
есепті «Сана» журналын шығарады, «Талап» атты әдеби-мәдени бірлестік ұйымдастырады...
1923 жылдың қыркүйегінде Түркреспубликасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы
Мемлекеттік Ғылыми кеңестің төрағасы. 1923 жылы сәуірде ТуркЦИК пен
ТуркСовнаркомның арнайы тапсырмасы бойынша Жетісу облысын кешенді зерттеген
ғылыми экспедицияға қатысады. 1924 жылдың 15 қаңтарында Ресей Ғылым академиясы
жанындағы Орталық Өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады, оның
сессияларына шақырылады. Осы жылдың маусымында Түркістандағы ғылым саласын
ұйымдастырушы ретінде Орынборда тұңғыш өткен Қазақ білімпаздарының сиезіне арнайы
қатысады. 1924-25 жылдары Қазақ ғылым-баспа комиссиясы төрағасының орынбасары. Осы
жылдардағы архив деректеріндегі Х.Досмұхамедұлының өз қолымен жазылған ғылыми
есептер [5] қазақ мектептері үшін алғашқы оқулықтардың жазылу тарихы мен баспа ісінің
жолға қойылуы, жалпы Түркістан Республикасы мен Қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту мен
ғылыми-зерттеу жұмыстарының жай-күйі туралы көп мағлұмат береді.
Біздің айтпағымыз: осы жылдардағы Х.Досмұхамедұлының ұйымдастырушылық
жұмысының арқасында кейін сан салаға жіктеліп өрістеген қазақ ғылымының іргетасы
қаланды, ол ғылым-білімнің, оның ішінде түркітанудың (қазақтанудың) алғашқы дәнін
себуші, көшетін көктетуші ретінде бағалануы қажет. Ғалым алдымен мектептерді
оқулықтармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. А.Байтұрсынұлының қазақ
тіліне қатысты жазғандарын түгел жарыққа шығарумен бірге барша алашшыл зиялыларға
сала-сала бойынша оқулық дайындауға тапсырмалар береді, олқылықтың орнын толтыру
үшін өзі де қолына қалам алады. М.Дулатов – есеп құралы мен әдебиет хрестоматиясын,
И.Тоқтыбаев – Түркістан және жалпы географияны, Дисаленов – физика мен арифетиканың
ІІ бөлімін, Табынбаев – педагогика мен психологияны, С.Қожанов – есеп құралының І
бөлімін, Ғалымжанов – математика бойынша есептер жинағын, Жәленов – математиканың ІІ
бөлімін, Оспанов – қазақ тілінің сөздігін, М.Жұмабаев – қазақ әдебиетінің теориясын
тездетіп жазып шығуы тиіс болды. Ал оларды жарыққа шығаруға қаржы көзін табу,
қолжазбалардың сапасын көтеріп, редакциялау ісімен әрі басшы, әрі бірден-бір ғылыми
қызметкер ретінде Х.Досмұхамедұлының өзі айналысты. Оқулық жазуды ғылым-білімнің
алғашқы сатысы деп есептеген ғұлама жоспарлы түрде әр саланы, бірінші кезекте қоғамдық
ғылымдарды дамытуға күш салды. Әсіресе Ә.Диваевтың ел арасынан 35 жыл жинаған ауыз
18
әдебиеті үлгілеріне ерекше назар аударып, экономикалық жағдайдың ауырлығына қарамай,
оны сатып алуға қаржы тапты. Сырдырия мен Жетісу облыстарына тұрақты түрде кешенді
этнографиялық экспедициялар ұйымдастырды. Қазақ тілінің (түсіндірме) сөздігін түзуге
мұрындық болды («Для всяких научных работ необходим прежде всего словарь слов,
употреб. в живом киргиз. языке, а также хорошие рус.-киргиз. и кирг.-рус. словари... » [5]).
Бұл аталғандарды ағартушы-ғалымның мемлекеттік қызметтегі атқарған жанқиярлық
істері деп бағаласақ, оның сыртында ол осы жылдары қазақ тілінде – «Сана», орыс тілінде –
«Наука и просвещение», өзбек тілінде – «Білім ошағы» журналдарын ұйымдастырды, өзі
шығарушы редактор да болды. 1923 жылы қазан айында Мәскеудегі Әдебиет институтының
директоры Д.Я.Брюсовқа Мағжан ақын туралы «Біздің болашақ Пушкин» деп хат жазып,
жолдама берді. Осы жылы қоғамдық жұмысқа да уақыт тауып, «Қазақ-қырғыз мәдениетін
көркейтушілер қауымы» – «Талап» атты қоғамдық бірлестік құрады, оның бағдарламасын
жазып, өзі басқарады.
Осы орайда «Х.Досмұхамедұлы – түркітанушы» деген тақырып аясында бұған дейін
қазақ халқын заманында орыс тілінде «киргиз», «казак-киргиз» деп бұрмалап айтты деген
инерциямен Халекең жиі қолданатын «қазақ-қырғыз» атауына арнайы көңіл бөлінбей
келгендігін көрсете кеткіміз келеді. Түркістан Республикасының ұлттық құрамын ескере
отырып және Қ.Тыныстанұлы, И.Арабаев сынды қырғыз ағартушыларының сол кезде Алаш
қайраткерлерімен қолтықтаса жұмыс істегендерін есте ұстасақ, Ташкентте 1920-жылдардың
басында қызмет атқарған қазақ зиялыларының барша туыстас түркі халқының бірлігін ту
көтеріп, қамын жегені (мәселен, Мағжанның жырлаған «Тұтас Түркістан» тақырыбын еске
алыңыз) болашақта үңги зерттейтін мәселелердің бірі деп білеміз. Х.Досмұхамедұлы,
С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов сынды қайраткерлеріміздің барша түркі жұртын бірдей
көріп, бір шаңырақ астына жинастыру саласындағы күрескерлік еңбектері, орталықтың сол
жылдары тездетіп ұлттық шекаралық межелеу саясатын жүзеге асыруы, әліпби ауыстыру
науқанының қолға алынуы, бір сөзбен айтқанда, қайтадан патша заманынан келе жатқан
«Бөлшекте де, билей бер» саясатының алға шығуы – күрмеулі, күрделі тақырып. Біз осы
орайда түркі тілдестер туыстығына тікелей қатысты, бүгінгі күні де өзекті бір шағын
құжаттың мәтінін толық келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз [5]:
В Государственный Ученый Совет
Рассмотрев европейский (латинский) алфавит, введенный в Азербайджане, Кир.
Научная Комиссия нашла: 1) введение латинского алфавита и замену им арабского алфавита
в принципе считать желательном, но немедленное введение, в особенности
администр(ативном) порядке, вредным для дела культуры и целесообразным по
политическим соображениям; 2) алфавит, принятой в Азербайджане не совсем
соответствует киргизскому языку, а потому требует переработки для применения к
киргизскому (казакскому) языку. Киргизская (казакская) Научная Комиссия считает
необходимым выработать алфавит применительно к звукам киргизского (казакского) языка.
Когда исковой будет готов, о нем будет дана статья в журнале «Наука и Просвещение».
Киргизский (казахский) алфавит в настоящее время нужно считать установленным и
более или менее соответствующим киргизским (казакским) звукам языка. Дальнейший этап
усовершенствования киргизского (казакского) алфавита по мнению Комиссии должен
состоят следующем: 1) дальнейшее усовершенствование изменения арабских букв; 2) в
замене 3-4 значков арабских одним начальном значком. Пробы эти в настоящее время
делаются в Казани. Нам нужно это начинание поддержать.
Председатель Киргизский (Казакской)
Научной Комиссии Х.Досмухамедов.
7 февраля 1923 г.
Әмбебаб ғалымның өте қажеттіліктен туған «Табиғаттану» оқулығынан [6] басқа
сүбелі еңбектері өз мамандығына тікелей қатысы бар, яки медицина-биология ілімі аясынан
туындайтын шығармалар. «Адамның тән тірлігі» [7], денсаулық сақтау мен гигиена [8] және
үш бөлімнен тұратын «Жануарлар» оқулығы [9] ол кезде Орталық Азияда жаңа құрылыс
19
құрып жатқан халықтардың ешбірінің тілінде жазылмаған, жалпы Түркістандағы түркі
ұлттары тілінде оқулықтар жазу ісі енді-енді қолға алына бастаған кез еді. Сол себепті де
Түркреспубликасындағы барша жұртшылық, олардың алғашқы оқығандары мен ұстаздар
қауымы бұл оқулықтарды үлгі тұтып, тұтынды деуге толық құқымыз бар. Ана тілінде
тұңғыш оқулықтар жазудың қиындығы туралы ғалымның өзі былай дейді: «Қазақ тілінде
бұған дейін Ахметтің «Тіл – құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап
болмады. Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу өте қиын болды... Ғылым
атауларына лайықты ат қою алғашқы уақытта уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа
жол салатын нәрсе; сондықтан алғашқы жазылған кітаптарды әсем қылып, сөздің жүйесін
келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына лайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек
дейміз» [10].
Х.Досмұхамедұлының биология мен зоология, медицина мен жаратылыс- тану
саласындағы алғашқы оқулықтарының тілі, осы салалар бойынша оның қазақ
терминологиясына қосқан үлесі әлі күнге арнайы зерттеу объектісі болған емес. Оған бір
жағынан біздің де «кінәміз» бар. Өйткені кезінде Халекеңнің мұрасын жинастырып, оны
араб хәрпінен қазіргі жазу үлгісіне көшірген жылдары біз аталған оқулықтардың алғашқы
10-15 бетін ғана қайталап жариялаған болатынбыз [4]. Кезінде уақыт жетімсіздігі мен кітап
көлемін белгілеген баспа талабына құлақ асқанымыздың үстіне, ол оқулықтар заманауилық
тұрғыдан ескірді, мәнін жоғалтты деген ой-пікірде болғанымыз да жасырын емес. Әйтседе
соңғы жылдары қазақ ғылыми терминологиясына ерекше сұраныс туған кезеңде ғалымның
еңбектерін тұтастай оқып-көргісі келушілер, оның төл терминдік жүйесіне қызығушылар
көбейді. Бірақ, өкінішке орай, оны қазіргі жазу үлгісіне көшірем деп ешкім белсеніп
суырылып шыға қоймады. Сондықтан ғалымның биология мен зоология, медицина мен
жаратылыстану саласындағы ғылыми терминологиясын зерделеу, талқылап талдау ісі де біз
оның көптомдығын құрастырып шығарғанға дейін түпнұсқалары айналысқа түспегендіктен
тоқталып тұрды.
Ал ағартушы-ғалымның қазақ ғылыми терминологиясына қосқан үлесін арнайы сөз
етудің әбден қажеттілігінің тағы бір басты себебі бар. Өйткені Х.Досмұхамедұлы – білгір
түркітанушы, тілші-ғалым. Сондықтан да оның термин түзушілік қызметін жай сала
маманының ділгірлігінен ғана туған құбылыс деп емес, ерекше жауапкершілік жүктеген, тіл
қамы мен қамытын қоса сүйреген лингвист еңбегі деп бағалаған орынды.
Х.Досмұхамедұлы – түркітанушы дегенде біз алдымен оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі
сингармонизм заңы» атты кітапшасы [11] мен «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласын [12] ауызға
аламыз. Оның сыртында әлі қолымызға түспеген мұралары мен «Түркі тілдері туралы»
сынды авторлығы толық анықталмаған мақала [4; «Библиографиялық көрсеткіш» бөлімін
қараңыз] және әліпби ауыстыру мен термин (пән) атауларын қалыптастыру хақындағы талас-
тартыстарда айтылған пікірлерін де [4] назардан тыс қалдыруға болмайды. Мамандығы
дәрігер ғалым ең алдымен қазақ (түркі) тілінің құрылымы мен жүйесін, оның фонетикасы
мен граммматикасын терең меңгеруімен таңғалдырады.
«Түрік тілі – жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз
аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы.
Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбірін өзгертпей, аяғына қосылған жалғаумен өзгереді,
– дейді де, бұл тілдік заңдылыққа анықтама береді. – Қазақтың негізгі жалқы сөзінің
түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не
жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз,
қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағанада » [11]. Оның өзге де түрік тілдерінің
жүйе-құрылымымен таныстығына мына жолдар дәлел: «Сингармонизм түрік тілінің
айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстамбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-
өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп
араласқандықтан осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-
қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің
тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр» [11]. Одан әрі тілімізге
20
ертеректе араб-парсыдан, орыс тілінен енген кірме сөздердің (ғұлама ғалым оларды «жат
сөздер» дейді) үндестік заңына бағынғандығын дәлелдей келіп, «Елдің тілін бұзатын –
көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына
ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін
өзгеруге жол басшы болады», – деген оқшау ой тастайды. Ол ойын тілдің дамуымен, әдеби
тілдің қалыптасуымен байланыстыра отырып, тілдік құбылыстарды дене құрылысымен
салыстырып, тілші әрі дәрігер ретінде өзіндік пікірін білдіреді: «Оқығандар өзіне ылайық
әдебиет тілі деген тіл түзеді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбінесе зорлап
кіргізеді»; «Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп
бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді»; «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен
мектеп... Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды»; «Қазақтың
әдебиет тілі жаңадан басталды. Елдің қара тілі әдебиет тілімізге негізге алынды. Әдебиет
тіліміздің табаны дұрыс салынды деуге болады»; «Бір тілге кірген жат сөз – бейне адамның
қарнына түскен тағам... Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге
ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса
болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз» [11].
Одан әрі ғалым түрлі-түрлі тілдердің жіктеліс, классификациясына тоқталады. «...Әр
топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің маңғұл иә фин тілінен айырмасындай», – деген
полиглот-ғалымның пікірі оның өз дәуірінің барша ғылыми жаңалығымен таныстығын,
әсіресе түркітанудың заманауи білім-біліктерін, ақпарат-мәліметтерін игергендігін танытады.
«Сингармо- низм заңы – жаңғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы; тек түрік тілінің емес,
орал-алтай тобына кіретін тілдердің заңы, – дейді ғұлама бұдан аттай бір ғасырдай уақыт
бұрын. – Орал-алтай тобы мынадай тілдерге бөлінеді: 1) фин тілі, мадиар-оңғар, фин
(суами), есті, мордба, тағы талайлар; 2) самойет (қасуами); 3) түрік; 4) маңғұл (қалмақ,
бурлат); 5) тоңғыз. Түріктің бұрынғы тарихы қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған. Бұлар
түрік-маңғұл сөздерін орасан өзгертіп жіберген». Кітапшаның соңында ғалым әрбір жастың
ана тілінде сауат ашып, ұлттық білім алуының маңыздылығына ерекше назар аударады.
«Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды... Әксент
туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте
қиын болады»; «Орыс мектептеріне кіргендердің есі-дерті орыс тілін жақсы білу, орысша
жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытулардың да бар тілегі жас өспірімге
орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді», – деген ескертпесін 70
жыл білмей, бойымызға сіңірмей келгеніміз қандай өкінішті!?. «Біздің айтайын дегеніміз
мынау: бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек», – деген ғалым
ой-тұжырымы да [12] соңғы 20-25 жылда қайталап жарық көргенімен азат өмірдің ұранына
айналмай, көп көбік сөзге көміліп қалғаны өкініш үстіне өкініш....
Ғалымның «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласы да дәл осындай заманауи өзектілігімен,
ғылыми тереңдігімен және тарихи-рухани мұраға деген үлкен жанашырлығымен
ерекшеленеді. Түркияда А.Рифат әфәнді бастырған үш томдық М.Қашқари сөздігін
жаһандық соғысқа байланысты алдырта алмағандығын, енді ғана қолына тигеніне риза бола
отырып: «Түрік азамат- тарының білімге, түрік ұлтының тілі мен әдебиетіне мынадай назар
салған- дықтарына қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр», – дейді ғалым [12]. Одан әрі:
«Бірақ сонда-дағы бұл кітаптың басылуы өзінің жақсылығымен осы күнге дейін Түркияда
басылған бұрынғы кітаптардан айырылып тұр. Қатасын түзетуге артықша назар салғандық,
жете қарап бастырғандық, қолдан келгенше түп (оригинал) кітаптың суретін сақтауға
ыждаһат қылғандық ... Түркияда кітап басуға осындай артық назар салуды көріп, біздің
қуанышымыз екі есе болып отыр», – деген жолдардан оның мұраға деген махаббат-
ыждағаты, баспагер-редакторлық тәжірибесінің молдығы сезіліп тұрады. Осы сын-рецензия
есепті көрінетін, ал шындығында толымды зерттеу еңбегінде Х.Досмұхамедұлы түркі тілінің
тарихын сөз ете отырып, өзін диапазоны кең тарихшы ғалым ретінде көрсетеді. Шағын
шолуында біз оның Йусуф Хас Хажиб жазған «Құдатқу білікпен» де жан-жақты таныстығын
аңғарамыз. Сонымен бірге ол арабша «Түрк-мағол-парсы тәржіманы» (Хоутсма һәм
21
Мелиоранский нәшрі), Абу Хайан әл-Гарнатидің «Китаб әл-идракы», Мысырдан табылған
«Гүлстан» тәржімесі, «Құман һежесі – Кодекс Куманикус» сияқты түркологияның әлемдік
жауһарларының тек атын емес, сын-сипаттарын да ерекшелеп атап, бүгінгі жоғарғы білімді
филологтардың өзін таңғалдырады.Тіптен ол осы мақаласында әл-Фараби есімін де ауызға
алып (мүмкін қазақ баспасөзінде тұңғыш рет!), кемел білімдарлығымен бізді айрықша
қайран қалдырды: «Ислам дүниесінде иктисадий ғылымдарды Сырдария жағасынан барған
бір түрік ғалымы (Фараби) бастап жазған болса, Махмұт Қашқаридың да таза бір диуани
(светский) ғалым, дүнияуи жағрафия һәм тіл ғалымы болып, кітабын мынадай бір жолға
қойды» [12]. Одан әрі 1923 жылы Тәшкенде жарық көріп, кейін тыйым салынған мақаламен
танысқан жан 1970-80 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің аудиториясында
отырып, проф. Б.Кенжебаев сынды жаңашыл ғалымның енді-енді жария бола бастаған тың
да даулы ой-пікірлерімен танысқандай әсерде болады: «Түрік қауымының тіл, әдебиет һәм
мәдениет тарихы үшін 1889-ыншы жылы Орхон жағаларында Ядринцев тапқан, Томсен,
Радлов һәм басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, барлық мәдениет, хан
дүниесінің назарын өзіне қаратқан, хан ерлерінің фікірін алыстырған ескі түрік, Орхон
«бітіктастары» қандай аһамиаты болса, Махмуд Қашғари кітабының да аһамиаты сондай.
Мақмуд Қашғаридің түрік қауымына, өз ұлтына мунасабаты Күл-тегін, Білге хандардың
мунасабатындай һәм түрік руларын, түрік тілін білуі, әсіресе, білімі олардан артық болған».
Біз проф. Халел Досмұхамедұлының тілші, тіл тарихшысы ғана емес, сонымен бірге
шежірелі тарихшы, болжампаз саясаткер, ойшыл философ, жалпы әмбебап қоғамтанушы
ғалым болғандығын ғана атап өтіп, сөзімізді түйіндемекпіз. Ал аталған ғылым салалары
бойынша жіктеп-жіліктеп тарқату, біртуар ғалымның феномен қырларын аша түсу
болашақтың еншісі болмақ.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Әуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы. – «Ақ жол» газеті, 1923, 4 февраль.
2.
«Аламан» жинағы. Алматы, 1991.
3.
Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингормонизм заңы. Ташкент, 1924.
4.
Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Избранное. Алматы: «Ана тілі», 1998.
5 . Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Р-34 қор, 1-тізбе, 1188-іс;
2119-іс; 1593-іс.
6. Досмұхамедұлы Х. Табиғаттану. І бөлім. Ташкент, 1922. – 112 бет (суреттер
беттелмеген, оның саны 96).
7. Досмұхамедұлы Х. Адамның тән тірлігі. Қызылорда, 1927. – 303 бет.
8. Досмұхамедұлы Х. Шәкірттер саулығын сақтау. Ташкент, 1923. – 20 бет;
Досмұхамедұлы Х. Оқушының саулығын сақтау. Ташкент, 1925. – 23 бет; Қызылорда-
Мәскеу, 1928. – 229 бет.
9. а) Досмұхамедұлы Х. Жануарлар. І бөлім. Сүйектілер хақында. Ташкент,
1922. – 200 бет; Қызылорда-Мәскеу, 1928. – 229 бет.
ә) Досмұхамедұлы Х. Жануарлар. ІІ бөлім. Ташкент, 1922. – 130 бет; Қызылорда,
1926. – 111 бет; Қызылорда, 1928. – 112 бет.
б) Досмұхамедұлы Х. Жануарлар. ІІІ бөлім. Ташкент, 1926. – 256 бет; 2-басылуы.
Қызылорда, 1927. – 176 бет.
10. Досмұхамедұлы Х. Жануарлар. ІІІ бөлім. Ташкент, 1926. ІV бет.
11. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы. Ташкент, 1924. –
53 бет. Бұл еңбек алғашында «Шолпан» журналында, оның №№1, 2-3, 6-8 сандарында
жарияланды.
12. Досмұхамедұлы Х. Диуани луғат ат-түрк. – «Шолпан» журналы, 1923, №6-8, 19-
29-бб.
|