Солтүстік Үндістанда Моғолдар билігінің орнауы.
XVI ғ. басында
Үндістан саяси ыдырау жағдайында болды. Деканда, бір кездері ірі де қуатты
мемлекеттік бірлестік болған Бахмани сұлтанатының орнында бірнеше ұсақ
мемлекеттер қалыптасты. Олардың ішіндегі ең ірісі Джаунпурдағы билікті
1490 ж. Әділ-шахи әулеті басып алады. Деканның кіші-гірім мемлекеттік
бірлестіктерінің арасында үздіксіз күрес жүріп, оған оңтүстік Үндістандағы
Бахманилердің ежелден келе жатқан дұшпаны Виджаянагар да қатысып
отырды.
Солтүстік Үндістандағы саяси бытыраңқылық бұдан да гөрі кең құлаш
жайды. ХҮ-ХҮІ ғғ. жауласушы күштердің күрес аренасы Бенгалия болды.
Бұл жерде 1442 ж. үнділік радж әулеті талқандалғаннан кейін мұсылмандық
Илиас-шахи әулетінің билігі орнады. Кашмирде ХІҮ ғ. Шах мырза негізін
қалаған мұсылмандық әулет билік құрды. Астыққа бай Малва ауданы ХҮ ғ.
30-жж. бастап түрік хилжалардың қол астында болды. Алайда оны 1526 ж.
Гуджарат билеушілері басып алып, 1537 ж. дейін биледі.
ХҮІ ғ. басында Солтүстік Үндістанның айтарлықтай қуатты
мемлекеттерінің бірі Дели сұлтандығы болды. Алайда бұл кезде оның
шектері мұның алдындағы дәуірмен, әсіресе Үндістан түбегінің үлкен бөлігін
жаулап алған ХІҮ ғ. салыстырғанда барынша қысқарып кеткен еді.
Сұлтанатқа бұл кезде Пенджаб, Дели ауданы, Ганга мен Джамна қосөзені
кірді. Бұл жерде билік құрған ауғандық Лоди әулетінің сұлтандары өз
иеліктерін кеңейтуге күш салды. Сикандар шах Лоди (1489–1527) Джаунпур
мен Бихарды қаратып, Бенгалия шектеріне жетті, көптеген бүлікшіл
ауғандық және басқа да қолбасшы әмірлерді өзіне бағындырды. Ол Агра
бекінісін салды, ол кейінірек, ХҮІ ғ. екінші жартысында керемет гүлденген
қала, Моғол империясының астанасына айналған болатын.
Алайда Дели сұлтандығының соңғы сағаты соғуға жақындап қалған
еді. 1517 ж. таққа Сикандар шахтың ұлы Ибрахим шах Лоди отырды. Бұл
уақыт Ибрахим шахтың ізашарлары Бахлул шах пен Сикандар шахтың
тікелей тірегі болған ауған әмірлерінің күш-қуаты шарықтау шегіне жеткен
уақыт еді. Ауғандықтар Солтүстік Үндістанға бұдан көп бұрын қоныстанған
болатын. Олармен сұлтандар үнемі санасып отыруға мәжбүр болды.
Әулеттің негізін қалаушы Лоди Бахлул шах ауғандықтардың тайпалық
салт-дәстүрлерін қатаң түрде сақтап, сарай ішіндегі ерекше сән-салтанатқа
жол бермеді, шонжарлармен мәжіліс өткізгенде ешқашан таққа отырмай,
төменге түсіп, қол астындағылармен бірге кілемде отырды. Оның немересі
Ибрахим шах жас та, жігерлі еді. Ол ауған шонжарларына, өз туыстары мен
тайпаластарына бұл тәртіпті өзгертетіндігін білдіріп, күшті монархиялық
билік орнатуға тырысты. Оның таққа отыруы ерекше сән-салтанатпен өтті.
Ауған әмірлерінің көптеген талаптарын кейін қайтарып, «Ибрахим шахта
туыс та, тайпалас та жоқ, тек қол астындағы халық бар», - деп жауап берді.
Көптеген қызметші шонжарлар мен әмірлер оның мемлекетті нығайтуға
бағытталған саясатының құрбаны болды, мұның өзі сұлтан мен ауған
шонжарларының арасындағы қақтығысқа алып келді. Ауған әмірлері Даулат
хан мен Алаш хан сұлтанмен өштесе отырып, Кабулда өз билігін орнатқан
Тимурид Захир ад-дин Мұхаммед Бабырмен келіссөздер жүргізіп, оны
Ибрахим шахтың тирандық билігінен құтқаруын сұрады.
Осы кезде Ферғана билеушісі Омар шейх мырза тимуриттермен, атап
айтқанда Мәуеренахр билеушісі сұлтан Ахмад мырзамен және Ташкент
билеушісі Сұлтан Махмұд ханмен қақтығысып қалады. Тимуриттердің бірі
Бабыр Самарқанды басып алу жолында күрес жүргізеді. 1497 ж. ол аз
уақытқа ғана Самарқанды басып алады, бірақ өзінің Ферғанадағы иелігі үшін
қам жеп, Самарқаннан кетуге мәжбүр болады.
1500 ж. Бабыр Самарқанды екінші рет басып алады. Алайда келесі
жылы-ақ, 1501 ж. қалаға Орта Азияға Сібірдің Тобыл мен Тарым аймағынан
келген Шейбани хан бастаған көшпелі өзбектер әскері жақындап келеді. 1501
ж. сәуірінде Сері Пул жеріндегі ұрыста Бабыр әскері ойсырата жеңілді. Көп
ұзамай Бабыр Ферғанадан да айрылып қалады. Бабыр шығысқа қарай жылжи
отырып, 1504 ж. Үндістаннан Орта Азия мен Иранға барар жолда жатқан ірі
сауда орталығы болған тимуриттердің Ауғанстан жеріндегі ұлысын өзіне
қаратады. Орта Азиядағы иеліктерін қайтарып алуға деген үміті үзілген
Бабыр Шығыста жатқан Үндістанға көз тігеді. Кезінде бабасы Тимур жаулап
алған Пенджаб пен Солтүстік Үндістанды ол өзінің заңды мұрасы деп
қарастырды.
1518 жылдан 1526 жылға дейін Бабыр әскерлері Хайбар өткелінен 5 рет
өтіп, Үндістанға жорықтар жасады. Орта Азиядағы шағатайлықтар,
барластар, жалайырлар мен ауғандардан жасақталған Бабыр әскері 1525 ж.
қарашасында соңғы жорыққа аттанды. Ибрахим шахтың әскерімен шешуші
шайқас 1521 жылы 21 сәуірде Панипат түбінде болды. Дели сұлтанының
әскерін, санының бәленбай есе артық болғанына қарамастан (бір деректер
бойынша 100 мың, екінші – 40 мың) Бабырдың 12 мыңдық әскері тас-талқан
етіп жеңеді. Бабыр әскері зеңбірегінің басымдығының арқасында жеңіске
жетті. Осыдан кейін Бабырға қарсы шайқасқа Раджпуттық князь Рана
Санграм Сингх әскерімен шықты. 1527 жылғы наурызда Кхнау маңындағы
шайқаста Бабыр тағы да жеңіске жетті. Оған енді Делиге жол ашылды.
Осылайша орта ғасырлық Үндістанның маңызды мемлекеттерінің бірі –
Дели сұлтандығының тарихы тәмам болып, Ұлы Моғолдар әулетінің билігі
орнатылды, бұл мемлекет Үндістанда ағылшындардың отарлық үстемдігі
толық орнағанға дейін өмір сүрді.
Солтүстік Үндістандағы саяси бытыраңқылық және феодалдық өзара
қырқысулар сауданың, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі жасады.
Күйзеліске ұшыратып отырған феодалдық соғыстарды тоқтатуға шаруалар
да, қала тұрғындары да мүдделі болды. ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ
ғасырдың басындағы португалдықтардың Үнді мұхитындағы үстемдік құруы
Үндістанның Батыспен, Шығыспен теңіз саудасын тежеді, ол саудада ең көп
пайда табушы араб көпестерін тақырға отырғызды. Португалдықтар Үнді
мұхитындағы кез келген кемелерді қиратып, тонап, Үндістанға жолатпауға
тырысты. Бұл әрекет Үндістанның сыртқы саудасын құрғаққа ығыстырды.
ХVІ ғасырда үнділік маталар мен бояулар, тәтті тағамдар Еуропаға
Ауғанстан, Иран, Түркия арқылы шығарылып, ескі керуен жолы жандана
түсті. Бірақ бұл жандану ХVІІ ғасырда қайта басылып қалды. Оған себеп —
ағылшындар мен голландтардың Үнді мұхитындағы португалдықтардың
жеке дара билігін жоюы болды.
Бабыр орнатқан мемлекет Ұлы Моғолдар империясы деп аталып кетті.
Бабырдың қайтыс болуына қарай бұл держава батысында Кабулмен,
шығысында Бенгалиямен шектесіп жатқан ұланғайыр мемлекет болды. Бірақ
оның салық-әкімшілік жүйесі нашар болды. 200 жылдан астам уақытқа
(1526–1761) дейін өмір сүрген бұл мемлекеттің негізін қалаған Бабыр өте
көрнекті қолбасшы әрі саяси қайраткер еді. Ол өте сезімтал, дарынды ақын да
болған. Өзбек, тәжік, ауған, үнді тілдерінде емін-еркін сөйлеген. Үнді елінің
салт-дәстүрін сақтап, әдет-ғұрпымен танысып, құрмет көрсетіп отырған.
Ұлы Моғол империясы Үндістанның экономикалық жағынан кенже
қалған бөлігінде қалыптасты. Оңтүстік Үндістанның жағалаулық аудандары,
Малабар, Гуджарат, Коромандельдік жағалау, сондай-ақ араб елдерімен,
Иран, Малайя, Молуккамен теңіз саудасымен әйгілі Бенгалия дамуы жағынан
алға шықты. Алайда бұл жағалаулық мемлекеттерді өзара қырқысулар мен
еуропалық сауда компанияларының елдің ішкі істеріне араласып,
үнділіктерді сыртқы теңіз саудасынан ығыстыруы әлсіретті. Сондықтан, ХҮІІ
ғ. орталықтанған Моғол империясы олардың қарсылықтарын тойтарып,
өздеріне бағындыруға тырысты.
Бабыр Үндістанды үш жыл (1525–1530) басқарды. Ол өлімі алдында
иеліктерін балаларына бөліп, Үндістанды үлкен ұлы Хумаюнға қалдырды.
Пенджаб, Кабул және Кандагарды иеленген басқа ұлдарына үлкені
Хумаюнға бағынуды бұйырды. Хумаюн өз иелігін Гуджарат, Раджпутанның
бір бөлігі мен Бихарды бағындыру есебінен кеңейтуді көздеді. Алғашқы
табыстарына қарамастан, Хумаюнның жеңістері берік болмады. Оның
бауырлары билікке таласып, Дели қаласын басып алуға тырысты.
Хумаюнның мықты қарсыласы Бенгалия мен Бихардағы ауғандық
феодалдардың басшысы сур тайпасынан шыққан Шерхан Фарид болды.
Бихардағы екі шайқаста Хумаюн Шерхан тарапынан талқандалып,
Үндістаннан алғашқыда Синдқа, кейіннен бауырларымен Иранға қашты.
Үндістанда қалған Хумаюнның үлкен ұлы - жасөспірім Акбарды оның
бауыры Кабулға алып кетеді.
Шер-шах деген атпен таққа отырған (1539–1545), Фарид Сур қоғам
талабына сай өзгерістер енгізді. Жан-жағына ағаштар отырғызылып, 1700
керуен-сараймен қамтылған төрт сауда жолы салынды. Бұл жол астананы,
яғни Аграны Бенгалиямен, Раджпутанамен, Аттокпен және Мултанмен
қосты. Бүкіл ел кіші-гірім әкімшілік - паргандарға бөлінді. Шер-шах
орталықтың бақылауын күшейтті. Ол ең алдымен феодалдарды, әсіресе билік
үшін күресте сүйенген Бихар мен Бенгалиядағы ауғандықтарды ауыздықтау
міндетін алға қойды.
Шер-шах джагирдарлардан қолданыстағы джагирдің ауқымын,
мемлекет әскерінің негізін құрайтын жалдамалы салт аттылардың санын
беруді қатаң талап етті, жылқыларды таңбалауды енгізді. Жер салығына
өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер салықты есепке алуды жетілдіруге, сөйтіп,
қазынаға түсетін кірісті көбейтуге, сондай-ақ салықты төлеушілердің
жағдайын жақсартуға бағытталды. Енді салықты заттай немесе ақшалай
төлеуге ерік берілді. Жергілікті үндістер мемлекетті басқару ісіне тартыла
бастады. Үндістер дініне тіл тигізу қатаң жазаланатын болды.
Шер-шах наразылықтар мен шаруалар көтерілістерін аяусыз басып
отырды, мысалы Аградағы ауғандық ниязи тайпасының қарсылығын
жаншып тастады. Шер шах жерін ұлғайту мақсатында раджпут
князьдықтарын бағындыруды көздеді. Үндістанның батыс жағалауындағы
сауда жасайтын аудандарға жылжыды. Алайда, 1545 ж. Шер шах раджпут
бекінісі – Каланджараны қоршауда өзінің оқ-дәрі қоймасында болған
жарылыс кезінде қаза тапты.
Шершахтың қайтыс болуымен ауған феодалдарының таққа таласы
күшейді. Бұл жағдайды Ираннан келген Хумаюн пайдаланды. Ол әртүрлі
құрамдағы
(түрік,
ауған,
парсы,
түркмен,
өзбектер)
әскерімен
қарсыластарының әскерін жеңіп, 1555 ж. Дели қаласын бағындырды, бірақ
билігі ұзаққа бармады. Көп кешікпей ол мәрмәр сатыдан құлап, бірден өліп
кетті. Тақ мұрагері Акбардың тәрбиешісі түркмен Байрам хан регент
(уақытша билеуші) болып қалды. Оның қарсыласы Сур әулетінің әскерін
басқарған талантты қолбасшылардың бірі, үндіс Хему Дели қаласын
бағындырып, «Викрамадитья раджасы» атауымен билеуші атанды. 1556 ж.
Хему моғолдармен болған Панипат шайқасында 5 мың жауынгер-пілдеріне
сүйенді. Алайда, кездейсоқ жебенің оғы көзіне тиіп, пілден құлап қаза
табады. Қолбасшысыз қалған жауынгерлері жан-жаққа бытырап кетті.
Шайқаста жеңіске жеткен Акбар билігі (1556-1605) жарты ғасырға жуық
мерзімді қамтыды. Осылайша, Солтүстік Үндістанда Моғолдар билігі беки
түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |