10.1. Лизингтік операциялар
Коммерциялық банктер белгілі бір кірістер әкелетін делдалдық (комиссиялық) сыйақылар, алымдар алатын әртүрлі қызметтер көрсетеді. Соңғы жылдары банк қызметінің көлемі мен түрлері өсе түскендігі байқалады және бұл банктің алатын пайдасының маңызды көзіне айналуда. Коммерциялық банктердің қызметі жалгерлік немесе лизинг (ағылшынша – Leasing - жал) операцияларын қаржыландыруда кең даму ала түсуде.
Банктер өнеркәсіп кәсіпорындарына ұзақ мерзімге машиналарды, көлік құралдарын, өндірістік мақсаттағы құрылыстарды жалға береді және олармен лизингтік келісімдер жасайды. Сөйтіп, көрсетілген құралдарды сатып алуға кәсіпорындарға ссудалар бергеннің орнына банк меншік құқығын өзінде қалдыра отырып, оларды өзі сатып алып және жалға береді. Осыған орай банк ссудалық пайыз емес, жалгерлік ақы (лизингтік төлемдер) алады. Кәсіпорындар үшін лизинг инвестицияларды қаржыландырудың өзгеше формасы болып саналады.
Банк қаржыландыру мәселесін шешу үшін клиенттің кірістілік деңгейін зерттейді, лизинг объектісін дұрыс және тиімді пайдалану мүмкіндіктеріне сараптық бағалау жүргізіледі, нәтижесінде қосымша кепілдіктер (фирмалық, банктік) алу туралы мәселе қойылуы мүмкін. Контракт жалға беру мерзімін, сомасын, валютасын, жалгерлік ақыны төлеудің мерзімі мен басқа да жағдайларын, жабдықтарды дұрыс қалпында сақтау мен қызмет көрсету бойынша жалгердің міндеттемелерін қарайды.
Әлемдік тәжірибеде «лизинг» термині ұзақ мерзімге пайдаланатын тауарларды жалға беруге негізделген әртүрлі тектегі келісімдерді белгілеу үшін пайдаланылады. Жалға беру шартында жасалған мерзімдерге қатысты жалгерлік операциялардың үш түрінің ара жігі ажыратылады:
қысқа мерзімдік жалға беру (рейтинг) – бір күннен бір жылға дейін;
орта мерзімдік жалға беру (хайринг) – бір жылдан үш жылға дейін;
ұзақ мерзімдік жалға беру (лизинг) – үш жылдан 20 жылға дейін және одан жоғары.
Лизингтік операциялардың негізгі элементтері. Лизингтік келісімдердің негізін мыналар құрайды:
Келісім объектісі;
Келісімдер субъектісі (лизинг шартының тараптары);
лизинг шартының мерзімі (Лизинг кезеңі);
Лизингтік төлемдер;
Лизинг бойынша көрсетілетін қызметтер.
Лизинг объектісі. Егер ол өндірістік циклде жойылып кетпейтін болса, кез келген материалдық құндылықтар лизингтік келісімнің объектісі болуы мүмкін. Жалға берілетін объектінің табиғаты бойынша лизинг қозғалатын және қозғалмайтын мүлік болып ажыратылады.
Лизинг субъектісі. Келісім объектісіне тікелей қатынасы бар тараптар лизингтік келісім субъектісі болып саналады.
Лизинг мерзімі. Лизинг мерзімі ретінде лизинг шартының қолданылатын (әрекет ететін) мерзімі түсіндіріледі.
Лизинг құны. Лизингтік операциялар жобасында лизинг берушіден есептелетін лизинг (жалгерлік) төлемдердің сомасын анықтау кезеңі неғұрлым күрделі болып саналады. Қысқа мерзімдік және орта мерзімдік жалға беру кезінде жалгерлік ақы төлемдерінің сомасы маңызды шекте жалға берілетін тауарлар нарығының конъюнктурасымен белгіленеді. Ұзақ мерзімдік (лизинг) жалға беру кезінде лизинг төлемдерді есептеудің негізінде, келісім объектісінің құнымен және лизингтік контрактының жалғасатын мерзімімен байланысты әдістемелік тұрғыдан негізделген есептер алынады.
Кез келген лизингтік төлемнің құрамына мынадай негізгі элементтер кіреді:
амортизация;
келісімді жүзеге асыру үшін лизинг беруші арқылы тартылатын ресурстарға жасалатын төлем;
көрсетілетін қызметтер үшін (1-3%) лизинг берушінің кірісі кіретін лизингтік маржа;
лизинг беруші жауап беретін, мөлшері әртүрлі тәуекелдер деңгейіне қатысты тәуекел сыйақы.
Ресурстар үшін төлемдер, лизингтік маржа мен тәуекел сыйақы – лизингтік пайызды құрайды. Жалгерлік ақы төлемдерінің сомасын есептеу үшін, олардың мөлшеріне лизингтік келісімнің барлық жағдайының өзара байланысты әрекетін: контрактының сомасы мен мерзімін, лизингтік пайыз деңгейін, төлемдердің кезеңділігін (мерзімділігін) білдіретін аннуитеттер формуласы (нақты қарыздар бойынша жыл сайынғы төлемдер) қолданылады. Бұл формула мынадай түрге ие:
Р = A*И:Т/1-1: (1+И:Т) т*п, мұнда
Р – жалгерлік төлемдердің сомасы;
А – аммортизациялар сомасы немесе жалға алатын мүліктің құны;
П – контракт мерзімі;
И – лизингтік пайыз;
Т – жалгерлік төлемдердің мерзімділігі.
Аталмыш формуланы пайдалану, қолданылатын барлық кезең аралығында әрбір жалгерлік төлемнің сомасы өзгеріссіз қалатынын көрсететін бағыттық (линейный) кестені сипаттайды. Мысалы, жалға алған жабдықтың құны 15000 бірлік, шарт мерзімі 5 жыл, ставка 9% болған кезде, төлемдердің тоқсандық мерзіміндегі (үш айда бір рет) сомасы тұрақты түрде 956, 3 бірлікке (15000* 0,06375) тең болады.
15000* 0,09:4/1-1:(1+0,09:4)5* 5=15000* 06063375 = 95663 бірлік.
Лизингтік қызметтердің қазіргі заманғы нарығы лизинг формаларының алуан түрлілігімен сипатталады.
Лизинг түрлері:
Қаржылық лизингтің келесідей негізгі белгілері бар:
үшінші тараптың қатысуы (өндірушілер немесе келісім объектісінің жабдықтаушысы);
жалға алудың негізгі мерзімі ішінде, яғни жалға берушінің шығындарын өтеуге қажетті мерзімде шартты бұзудың мүмкін еместігі. Дегенмен келісімде лизинг туралы қосымша ескертілетін жағдайлар болады, құны маңызды түрде өседі;
лизингтік келісім неғұрлым ұзақ мерзімді болады (келісім объектісінің қызмет мерзіміне жақын);
қаржылық лизинг кезіндегі келісім объектілері, негізінен, құнының жоғарылығымен ерекшеленеді.
Қайтымды лизинг («lease - back») – жабдықтардың меншік иесі оны лизингтік фирмаға сатады және бір мезгілде бұл жабдықтарды олардан жалға алады. Мұндай операциялар нәтижесінде сатушы жалға алушыға айналады. Ол келісім объектісінің иесі ақша қаражаттарына деген өткір қажеттілікті сезінгенде және аталмыш форма көмегімен өзінің қаржылық жағдайын жақсартқан жағдайларда қолданылады.
«Жабдықтаушыға» лизинг – мұндай жағдайда жабдықтарды сатушы қайтымды лизинг кезіндегі сияқты лизинг алушыға айналады, бірақта жалға берілген мүлікті олар емес, ол іздеп табуға міндетті және келісім объектісін жалға беретін басқа жалға берушілер пайдаланады. Осыған ұқсас контрактылардағы субжалгерлік (суб аренда) міндетті жағдай болып саналады.
Өтем ақылық (компенсационный) лизинг – лизингтің мұндай формасы кезінде жалгерлік төлемдер лизинг келісімінің объектісі болып саналатын жабдықтармен жасалған өнімдерді жеткізу арқылы жүзеге асырылады.
Қалпына келтірілетін лизинг – аталмыш форма жағдайындағы лизингтік келісімде жалға алушының талабы бойынша құрал-жабдықтарды неғұрлым жетілдірілген үлгілермен мерзімді алмастыру қаралады.
Лизингтік операциялар техникасы және оны ұйымдастыру:
Жалға алушы лизингтік компаниядан қажетті құрал-жабдықты алу мақсатында, құрал-жабдықтың атауы, жабдықтаушы (жасаушы-кәсіпорын), үлгісі, маркасы, құрал-жабдықтың немесе жалға алушы сатып алатын басқа мүліктің бағасы және оны пайдалану мерзімі көрсетіле отырып, жалға алуға соңғы тапсырыс беріледі. Тапсырыста сондай-ақ жалға алушының өндірістік немесе қаржылық қызметін сипаттайтын мәліметтер болады. Оларға мыналар жатады:
кәсіпорын туралы жалпы мәлімет (атауы, мекен-жайы, негізгі және айналым қаржыларының көлемі және т.б.);
негізгі қызмет сипаты (өндіретін өнімдердің түрі, өткізу нарығы, негізгі тұтынушылар, сараптық қызмет туралы деректер);
кәсіпорындарда пайдаланылатын, оның ішінде жалға алған кәсіпорындарға жататын жабдықтардың болуы;
жалға берушіден сұралатын жабдықтардың неге арналатындығы;
кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы толық мәлімет.
Лизингтік компаниялардың берген мәліметтеріне мұқият талдау жасағаннан кейін шешім қабылданып және ол лизинг алушыға хатпенен жазбаша түрде жеткізіледі, оған лизингтік контрактының жалпы жай-күйі тіркеледі, ал құрал-жабдықтарды жеткізуші лизингтік компанияның құрал-жабдықтарды сатып алу жөніндегі ниеті туралы хабарланады. Мұндай жағдайда лизинг беруші жабдықтаушымен құрал-жабдықтың бағасын келіседі, ал қажеттілік болған жағдайда келісім объектісінің сенімділігін, өнімділігін және тиімділігін тексереді. Лизинг алушы лизингтік келісімнің жалпы жағдайымен танысып шығып, оған жабдықтар алуға тапсырыс бланкін қоса тіркей отырып, контрактының жалпы жағдайында қол қойылған дана мен бекітілген-міндеттеме хатты лизинг берушіге жолдайды. Бұл құжатты жабдықтаушы-фирма жасайды және оған лизинг алушы бұрыштама соғады.
Лизинг беруші жоғарыдағы айтылған құжаттарды алғаннан кейін тапсырысқа қол қояды және оны жабдықтарды жеткізушіге жолдайды.
Тапсырыс бланкінің орнына жабдықтаушымен және лизинг фирмасымен жасалатын жабдықтарды сатып алу-сату шарты немесе жеткізудің жалпы жағдайы баяндалатын, жеткізуге берілетін құжат пайдаланылуы мүмкін. Жабдықты жеткізуші жабдықтарды лизинг алушыға түсіріп береді. Жабдықтаушы, негізінен, жабдықтарды қарастыруды және пайдалануға беруді жүзеге асырады. Жұмысты аяқтаған соң жабдықты нақты жеткізгендігін, оны құрастырғандығын және іске қосқандығын, жеткізушіге ешқандай қоятын талаптың жоқтығын растайтын қабылдау хаттамасы жасалады. Қабылдау хаттамасына лизинг операцияларына қатысушылардың барлығы қол қояды және лизинг беруші жабдықтаушыға келісім объектісінің құнын төлейді.
Келесі құжаттар лизинг келісімінің негізі болады:
Лизинг шарты.
Сатып алу-сату шарты немесе келісім объектісін жеткізуге берілген құжат.
Келісім объектісін қабылдау хаттамасы.
Достарыңызбен бөлісу: |