10.2. Факторингтік операциялар
Факторинг (ағылшыншадан аударғанда – агент, делдал дегенді білдіреді) клиенттің айналым капиталына несие берумен үйлесетін сауда-делдалдық (комиссиялық) операциялардың бір түрі болып саналады. Факторинг кез келген өзінің формасында тауарлар мен қызметтерді өткізу процесінде, яғни клиенттің дебиторлық берешегіне инкасса қою кезіндегі өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы туындайтын төленбеген есеп айырысу құжаттарымен (шот-фактуралармен) байланысты болады.
Банктің жабдықтаушыдан тиеп жөнелтілген есеп-құжаттарын (шот-фактурасын) сатып алуды және жабдықтаушының өнімдерді сатып алушыдан төлемдерді талап ету құқығын банкке беруі факторингтік (факторлық) операциялардың негізіне жатады. Сондықтан да факторингтік операцияларды сондай-ақ жабдықтаушылардың сатуына несие беру немесе жабдықтаушыға факторингтік несие беру деп атайды.
Факторинг алғашқы бетте мамандандырылған сауда делдалдарының операциясы ретінде пайда болып, одан кейінірек – сауда банктерінің операциясын білдіретін болды. Ол сондай-ақ XVI-XVII ғасырлардың өзінде-ақ белгілі болған еді. Бірақ, өткен жүз жылдықтың 60-шы жылдары ғана факторлық операциялар коммерциялық несиені вексель формасына ауыстырды және өнімдерді өткізу процесінде қызмет көрсету үшін кең түрде қолданыла бастады. Бұл инфляциялық процестердің күшеюімен және бірсыпыра елдер экономикасының тұрақсыздығымен байланысты туындады. Мұндай жағдай өнімдерді неғұрлым тез өткізуді, яғни капиталды тауар формасынан ақшаға ауыстыруды талап етті.
Банктер олармен тығыз байланысты корпорациялар мен фирмаларға олардың контрагенттерінің несие төлеу қабілеттелігі туралы деректерді береді, есептерді (счеттарды) тездетіп төлеуге әсерін тигізеді, берешектерді өтеуге кепілдік береді, «банкпен достықтағы фирмалардың» арасындағы дауларда олардың талаптарын орындау үшін клиенттерге қысым көрсетеді. Соңғы екі он жылдықта кең даму алған факторинг немесе факторлық несие коммерциялық несиенің қазіргі заман талаптарына бейімделген өзіндік үлгідегі түріне айналды. Тауар сатушы үшін коммерциялық несиенің факторлық несиеден өзгешелігі, сатқан тауары үшін оның төлемді қол ақшалай түрде, ал сатушы несиеге сату кезінде тек вексель ғана алынатындығынан тұрады.
Коммерциялық банктер факторлық несиені дамыта отырып, өзінің операцияларын кеңейтуге, пайда көлемін ұлғайтуға және клиенттермен байланысты күшейтуге қосымша мүмкіндіктер алады.
Факторингтің екі түрі өмір сүреді: конвенциялық (ашық) және конфиденциалдық (жабық).
Конвенциялық факторинг кезінде жабдықтаушы өзінің шоттарында (счетында) талаптың (требование) фактор фирмаға сатылғандығын көрсетеді. Конфиденциалдық факторинг кезінде жыбдықтаушы контрагенттердің ешқайсысы факторлық компания арқылы сатуға оған несие беру туралы хабардар етілмеген. Сондықтан да факторингтің конфиденциалдық операцияларының құны конвенциалыққа қарағанда жоғары және басқа банктік несиелерден маңызды түрде қымбат.
Факторлық операциялар өнімдерді экспорттау кезінде кең дамуға ие болды. Экспорттық факторинг жағдайында клиент өзінің есептері (счеттары) бойынша барлық төлемдерді алуға 100% кепілдікті пайдаланады.
Нарықтық экономикалы елдерде факторингтік операциялармен, негізінен, банктермен тығыз байланысты немесе олардың еншілес филиалдары болып саналатын арнайы факторлық компаниялар айналысады.
Батыс еуропа елдерінде жүзеге асырылатын классикалық факторинг, жеткізілген өнімдер үшін төлемдерді (30-дан 90 күнге дейін) кейінге шегеру түріндегі коммерциялық несиеге немесе ашық есеп (счет) ретінде сатушы мен сатып алушы арасындағы несие-есеп айырысу қатынастарының формасын қолдануға негізделеді. Мұндай жағдайда жабдықтаушы оның мекен-жайына реттеуші құжаттарды жөнелте отырып, өнімдерді сатып алушыға тиеп жөнелтеді, ал берешек сомасын сатып алушы атына ашылған дебет есепке (счетқа) апарады. Ашық есеп (счет) бойынша сатып алушы шартта белгіленген мерзімде (ай сайын, тоқсанына бір рет немесе жарты жылда) өзінің берешегін өтейді.
Сатып алушының ашық есеп (счет) бойынша жабдықтаушыға несие беруі және ашық есеп (счет) формасын да есеп айырысуларды жүргізу, жабдықтаушыға ешқандай борыштық міндеттемелер бермеген кездегі тауар құжаттарын алу кезінде өнімдерге уақытылы төлем жүргізбеумен немесе төлем жасамау тәуекелімен байланысты болады. Мұндай жағдайларда контрагенттер арасындағы қатынас бір жақ немесе екі жақ үшінде тәуекелге бару болып саналады. Бұл тәуекелді факторинг компания (фактор-компания) өзіне алады. Факторингтік қызмет көрсету берешектерге уақытылы инкасса қоюға және төлемдерді кешіктіруден болатын шығындарды азайтуға көмегін тигізеді; күдікті берешектердің пайда болуын жояды; несиені басқаруда кәсіпорындарға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді; кәсіпорынның айналым жасауына және пайда табуына қол жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қызметтің табысты болуы үшін қолайлы жағдай туғызады. Факторингтік компания төленбеген талаптардың меншік иесіне айнала отырып, оларды төлемеу тәуекелін өзіне алады. Жабдықтаушы фактор фирмадан төлемді белгіленген мерзімде ала отырып, соңғыдан оған белгілі бір мерзімде есепті (счета) төлеу кезінде жеңілдік (шегерім) алу арқылы, өзінің кредиторларымен есеп айырысуларды жоспарлауы мүмкін. Есеп (по счету) бойынша тез арада төлем жасағаны үшін (немесе «сконто») жеңілдік батыс елдерінің көпшілігінде 3%-ды құрайды.
Факторингті қолдану төлемдер жасауды жеделдетеді, берешектерді өтеуге кепілдік береді, шоттарды (счеттарды) жүргізу шығындарын төмендетеді және сатып алушыда уақытша қаржылық қиындықтар болған кезінде, төлемдердің жабдықтаушыларға уақытылы түсуін қамтамасыз етеді.
Біздің еліміздегі коммерциялық банктердің факторлық қызмет көрсетуі мынадай: факторинг бөліміне қажетті ресурстар меншікті және қарызға алған (заемдық) қаржылардан құрылуы мүмкін. Олардың арасындағы арақатынасты банк басқармасы белгілейді. Факторинг бөлімі меншікті қаржыны өзінің банкінен алады және алдағы уақыттағы оның өсімі жүргізілетін операциялардан алынатын пайдалар есебінен болады. Қарыз (заемдық) қаржылар кәсіпорындардың қаржыларын тарту жолымен, басқа банктердің депозиттерінен және өз банкісінің несиелерінен қалыптасады.
Клиенттерге факторлық қызмет көрсету шарттық бастаулар негізінде жүзеге асырылады. Факторлық бөлім шарт жасағанға дейін жабдықтаушының несие төлеу қабілеттілігіне талдау жасайды, оның алдында берешектердің қаржылық жағдайы туралы ақпараттар жинап, оны зерттейді. Жабдықтаушы факторлық бөлімнің позициясы тұрғысынан факторингтік операциялар бойынша тәуекелдерді азайту мақсатында келесі талаптарға жауап беруі тиіс:
сұраныспен және жоғары сапамен пайдаланылатын өнімдер мен қызметтерді өндіру;
өндірістің тұрақты өсу қарқынына ие болу;
өндірілетін өнімдерді сатудың белгіленген тұрақты жағдайын қолдану.
Факторлық бөлім сондай-ақ жабдықтаушының борыштық талаптарының сапасы туралы ақпараттарды да зерттеуі тиіс. Осы мақсатпен акцептен бас тарту жағдайлары (өткізілетін өнімдердің жалпы көлемінің сомасы, жиілігі, себептері); факторлық бөлімге жол бере алмайтын талаптардың бөлігі; өткізу көлеміндегі маусымдық ауытқулар; соның негізінде талаптар (требования) жазылатын құжаттар талданады. Факторлық бөлім үшін қойылған тауарларды нақты тиеп жөнелту алдында қойылған талаптар көбірек тәуекел етуді білдіреді. Сондықтан да факторлық бөлім талаптардың өнімдерді тиеп жөнелтіп болғаннан кейін немесе қызметтер көрсетіліп болған соң жазылуын қатаң қадағалауы тиіс.
Жабдықтаушы факторингтік қызмет көрсетуге шарт жасау үшін факторлық бөлімге беретін төлем талаптары туралы ақпараттарды жөнелтуі қажет. Олар:
әрбір төлем жасаушының аты мен мекен-жайы және оларға өнімді сатудың жағдайы;
барлық жол беретін талаптардың жоспарланатын сомасы;
осыған дейін әрбір төлемшіде болған сомасы және олардың шоттарын (счеттарын) тексеру туралы деректер;
берешектерді өндіру бойынша сатып алушылар арасындағы есеп айырысулардың жағдайына баға беру үшін қажетті өзге де ақпараттар.
Факторингтік бөлім бұл ақпараттарға талдау жасап болғаннан кейін, төлем жасаушыларға, жабдықтаушылармен факторингтік шарт жасағандығы туралы хабардар ететін арнайы хат жібереді немесе егер, шарт толық қызмет көрсетуді қарамайтын болса, осындай хабарлама жасау туралы жабдықтаушы өтініш жасайды.
Факторингтік қызмет көрсету туралы шарттың мазмұны. Факторинг бойынша көрсетілетін қызметтердің көлеміне қатысты факторингтік шарттың екі түрі жасалады:
толық қызмет көрсету туралы шарт;
талаптарды күн ілгері төлеу туралы шарт.
Факторлық бөлімнің жабдықтаушылармен жасаған шартында мыналар көрсетіледі:
сомасының 80%-ынан аспайды));
несие үшін пайыздық ставка;
шот-фактураны өндегені үшін делдалдық
(комиссиялық) алым пайызы;
егер талап одан аз сомаға түссе, делдалдық
(комиссиялық) алымның ең төменгі сомасы және
басқалар.
Жабдықтаушы аталмыш факторлық бөлімнің келісімінсіз басқа банктің факторлық бөлімімен шарт жасау құқығы жоқ екендігі айрықша ескертіледі.
Толық факторлық қызмет көрсету туралы шарт әдетте жабдықтаушы мен факторлық бөлім арасындағы тұрақты және ұзақ контрактылар кезінде жасалады.
Әлемдік банк тәжірибесінде әдетте факторинг бойынша шекті соманы белгілеудің үш әдісі пайдаланылады.
Әрбір төлемшіге несие берудің мерзімі қалпына келтірілетін лимиті белгіленеді. Мұндай жағдайда факторингтік бөлім оның шегінде ғана жауапкершілік көтереді. Егер төлемшінің берешек сомасы белгіленген лимит сомасынан асып кететін болса, онда факторингтік шартқа сәйкес, төлемші төлем қабілетсіз деп хабарланған кезде, жабдықтаушының берешегін өтеуге түсетін барлық төлемдер бірінші кезекте, оған жабдықтаушы аударған соманы толық қайтарғанға дейін факторингтік бөлімге түсетін болады.
Жабдықтаушыға, бір ай ішінде (жүктерді тиеудің ай сайынғы лимиті) бір сатып алушыға тиеп жөнелтетін жүктердің шекті сомасы белгіленеді. Мұндай шара, клиент берешегінің түпкілікті сомасына қатыссыз түрде, жабдықтаушыны күдікті дебиторлық берешектердің пайда болу тәуекелінен сақтандыруға мүмкіндік береді. Лимит ай сайын беріледі.
Егер жабдықтаушының өндірістік қызметінің ерекшелігі ірі сомаларға бірқатар жеке келісімдерді болжайтын болса, жекелеген келісімдер бойынша сақтандыру әдісі қолданылады. Мұндай жағдайда, белгілі бір кезең ішіндегі тауарларды жеткізуге арналған тапсырыстың бүкіл сомасы шекті сома саналады.
Факторингтік бөлімнің делдалдық (комиссиялық) сый ақысы екі элементтен қалыптасады:
1. Берілген несие үшін ақы. Оның көлемі факторлық бөлімнен төлем алу мен факторингтік бөлімдегі жабдықтаушының есебі (счеты) бойынша күн сайынғы дебет қалдығы (сальдосы) негізінде төлемшіден түсетін төлемнің түсу күні арасындағы кезеңмен анықталады.
2. Көтерілген қызмет үшін ақы. Ол, әдетте, шот-фактура сомасынан пайыз ретінде есептеліп шығарылады. Оның көлемі өндірістік қызметтің көлемі мен құрылымына және оның сатып алушыларының несие төлеу қабілеттілігіне, факторлық бөлімнің орындалатын жұмыстардың көп жұмысты қажет етушілігі мен тәуекелді бағалауына қатысты болады. Регресс құқығы болған кезде 0,2-0,5 пунктке жеңілдік жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |