Оқыған мақаланың мазмұнын айтып беру
"Мәнерлеп оқу„
Оқушының сөздік сапасын молайту жұмысы оқу сабақтарында, сурет бойынша әңгіме айту, грамматика және мазмұндама жазу сабағының барлығында да жүргізіліп отырылады.
Қиыстырып сөйлем құрап үйрену, сөйлемнің, сөздің
байланысын табу, суретке қарап байланыстырып әңгіме айту
грамматика сабағы мен сурет сабағында көбірек жүргізіліп
отырылады.
Көркемдеп, мәнерлеп оқуға жаттықтыру жұмысы өлендер жаттау және оқу сабақтарында көп қолданылады.
Б. Байтоғаев.
«Халық мұғалімі» журналы (1939 жыл)
ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Н.Ж.Құрманова
Тіл дамыту әдістемесінің психологиялық ерекшеліктері дегенде, біздің ойымызша, алдымен «тіл» және «сөйлеу» (язык и речь) дихотомиясына соқпай өте алмайтын сияқтымыз. Қай ғылымда болсын, ең бірінші өзінің объектісінің сипатын санамалап, дифференциялық белгілерін танып алудан бастайтыны белгілі.
Біз тіл дамыту деп айтқанымызбен, бұл жердегі мақсат орысша «речь» дегенмен тікелей байланысты. Сондықтан да, тіл-зандылықтары белгілі бір дәрежеде реттелген, тәртіпке келтірілген жүйе деп танимыз. Ал сөйлеуді (речь) заңдылықтары жете танылмай, көптеген құбылыстары әлі де болса ғылыми түрғыда дәлелдеуді қажет етіп отырған құбылыс деп санаймыз. Әрине, бұл жерде тілмен бірге сөйлеудің де адамға ғана тән керемет құбылыс екендігі, тіл мен сөйлеу, түптеп келгенде, бір құбылыстың айрылмас екі жағы екендігі де есте. Бірақ, айдың арғы жағы адам үшін әлі де құпиясы мол тылсым нәрсе болса, тілдің де «жанды күйі» адам үшін көп ретте сыры тұнық, тұңғиық болып отырғанын жасырмау керек.
Бірақ психология мен лингвистика салаларының осы кезге дейінгі жеткен ғылыми нәтижелерін біз тіл дамыту әдістемесіне негіз етіп ала аламыз.
Адамның «қалай сөйлесуге болады» және «қалай сөйлеуге болмайды» дегенді ажырата алатын ішкі «реттеуші» күші бар болатыны белгілі. Сол «реттеушіні» ғалымдар «тілдік сезім» (языковое чутье) деп атайды. М.Львов өзінің әдістемелік-анықтағыш сөздігінде тілдік сезімге мынадай анықтама береді: «Тілдік сезім - тіл жүйесінің заңдылықтарын санасыз түрде игеру, оның ішінде, ең алдымен, грамматиканың заңдарын игеруі. Тілдік сезім - өте жас, сәби кезден бастап дамиды, ол даму - сөйлеуді қабылдау мен айту (говорение) барысында қалыптаса бастайды. Ана тілін оқыту барысында тілдік сезімге сүйену - басты принциптердің бірі болып саналады».
Адамның өміріндегі тілдің, сөйлеудің атқаратын қызметіне қандайлықты дәрежедегі жоғары баға берсек те, шын мәніне жете алмаймыз. Тіл - адамға ғана берілген керемет құбылыс бола отырып, адамға ғана тәуелді және адам тілге тәуелді болатын өзара тығыз тәуелділік пен бірін-бірі дамытушылық, байланыстылық орнатады.
Тіл - адам танымының, ішкі дүниесінің қалыптасуының басты құралы. Сонымен бірге, тіл - адамның іштегі өрнектелген ойының сыртқа шығуының да құралы. Соның барлығында күрделі психикалық процестер жүріп жатады. Осындай ойлар тіл мен психологияның терең байланыстылығын дәлелдейді.
Ана тілінде сөйлеп тұрған адам өз ойын сыртқа шығару барысында қандай түбір, қандай жұрнақ, қандай сөз тіркесі, саны қанша дегенді санасыз түрде-ақ ойланбай жұмсай беретін сияқты. Шындығында дәл осындай болуы мүмкін емес. Бұлардың барлығын іштей реттеп, қалыпқа салып, лексикалық қабығы мен синтаксистік қаңқасын тәртіптеп жіберіп тұратын психикалық процестер өмір сүріп, солардың механизмдерінің үйлесімді, гармониялы жұмыс
істеуінің арқасында ғана біз тілді сөйлеу барысында орын-орнымен қолдана аламыз. «Өз-өзінен» болып жатқан сияқты болып көрінетін осы жұмыстың күші де, жылдамдығы да, атқарып тұрған жүгінің ауырлығы да тым-тым күрделі болады. Осындай проблемалар ғалымдардың алдына сөйлеудің тууын зерттеу қажеттігін қойған болатын. Сөйлеудің тууын психофизиологиялық тұрғыдан (Б.Г.Ананьев, П.К.Анофин, А.Р.Лурия т.б.), психологиялық тұрғыдан (Л.С. Выготский, А. Н. Леонтьев, Н. И. Жинкин т. б.), психолингвистикалық түрғыдан (А. А. Леонтьев, И:,А. Зимняя, С. Д. Кацнельсон т.б.), кибернетикалық түрғыдан қарастыру бар. Біз бұл жерде сөйлеудің психологиялық аспектілерін сөз етіп отырмыз.
Сөйлеуде біз әңгімені негізгі желісінен ұзап кетпей, тындаушыға ойымызды түрлі формада (хабарлау, сұрау, өтіну, қуану т. б.) білдіре отырып, осы жағдайға, мақсатымызға сәйкес келетін сөздерді тандап аламыз. Тілдің біз таныған зандылықтары біздің саналы түрде іріктеп қолдануымызды күтпей-ақ, белгілі бір үйреншікті тәртіппен келіп, оған қоса сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, екпін тақырып пен сөйлеудің көзделіп отырған мақсатына жету үшін өзгеріп, түрленіп отырады. Сөйтіп сөйлеп отырған мазмұнымыздың өзіміздің көңіл-күйімізбен сәйкес келуін де көздеп отырады екенбіз. Тіл дамыту әдістемесінде мұндайларды білудің маңызы мұғалім үшін үлкен болмақ. Оқушының тілін дамытуды көздегенде, тек қана лексикалық қорды көбейтумен шектелмей, әрбір сыртқа шыққан ой тілдік қабыққа оранып, оған түрлі көмекші құралдар араласып шығарылғанда ғана ой түсінікті айқын, бедерлі, түсінікті болатыны сөзсіз.
Қазақ психолог ғалымдарының ішінде біз М.М. Мұқановтың осы бағыттағы терең еңбектерін бағалап айта аламыз. Тіл мен сөйлеудің ара байланысып тануды, тіл мен психологияның байланыстарын танумен біріктіре отырып, әрқайсысының өзіндік жеке көздейтін, шешуге тиіс мақсаты болатынын да айтып кеткен.
Сөйлеуде адам монолог түрін де, диолог түрін де, полилог түрін де қолданады. Психологтар олардың әрқайсысының өзіндік жеке ерекшеліктері бар дегенді айтады. Н. И. Жинкин осымен байланысты және сөйлеудің ауызша және жазбаша түрлерінің ерекшеліктерімен байланысты «О кодовых переродах внутренней речи» еңбегінде қызықты пікірлер айтады. «Ойлау тек сөйлеу қозғалыстарының кодтарының арқасында ғана жүзеге аса ма, не болмаса, натуралды тілдің түрлерімен байланысты емес басқа да кодтар өмір сүре ме»,-деген сұрақ түрғысынан қарай келе ғалым сол «басқа код» деп адамның «ішкі сөйлеу тілін» алады. «Ішкі сөйлеу тілі» Н.И.Жинкиннің айтуынша, универсалды код болып келеді. Ол кодты ғылым мен интеллектінің, ауызша және жазбаша тілдің, сонымен бірге ұлттық тілдердің де арасындағы жалғауыш (посредник) деп санайды. Осы ретте біз ана тілін оқытудың этнопсихологиялық негіздерінің «мен мұндалап» түрғанын аңғара аламыз. Қазақ тілін ана тілім деп танушы оқушы тек оның тылсым құбылыс ретіндегі теориялық мәліметтерін жалаң жаттап қоймай, саналы түрде меңгеріп, оны өмірінде, сөйлеуі барысының әрбір сәтінде қолдана
білуін ұлттық өрнекпен игерту, әрине, қызықты да, күрделі мақсатқа жеткендік болар еді.
«Сөйлеудің механизмдерін іске қосу - сөз бен буынның бейнесін қайта санасында жаңғыртудан басталады», - дейді Н. Жинкин. Осылай басталған процесс сыртқы тілдің біртіндеп ішке қарай өтуі, сөйтіп санада толық орын алуын қамтиды. Әрине, біз Н. И. Жинкин зерттеп отырған бұл процестің өту барысы бірден-бір ғана осылай деуден аулақпыз. Бірақ сөйлеудің тууын алғаш зерттеген ғалымдардың бірі ретінде Н. И. Жинкин көптеген мәселелердің басын қозғағанып айтамыз. Адамның сөйлеуінің туып келе жатқан сәтін зерттеуде орыс ғалымдары Е. С. Кубрякова, А.М. Шахнарович, Л. В. Сахарный т.б. еңбектері құнды деп бағалай аламыз.
Қазақстан тілші-ғалымдарының ішінде біз М.М. Копыленконың сөйлеудің психологиялық аспектілерін қарастырып жүрген зерттеулерін білеміз.
Осындай еңбектер қазақ тілін оқыту әдістемесінің психологиялық негіздері болып, оның иірімдерін тануға жетекші бола алады.
Сөйлеудің ерекшелікгерін психологиялық түрғыдан танудың маңызы тек тілді оқыту үшін ғана емес, лингвистиканың барлық қолданбалы саласына да аса қажет болып табылады. Осы ретте біз тілді аудару, тілдің адам мінез-құлқымен байланыстылығы, тіпті ұлттың ерекшелігін оның психологиясы мен тілінің байланысын зерттей отырып тану т.б. салалардағы психологияның мәліметтерінің құндылығын аңғарамыз.
Әдіскерлер үшін оқытумен байланысты, адам танымына байланысты ғылымдардың мәліметтерін дер кезінде, қажетті мөлшерде, орынды қолдана білу - шеберлік пен білімділікті аса қажет ететін жол білу маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: |