Б. Ж. Абжаппарова


ҚАЗАҚСТАН ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ КӘСІБИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИХНАМАСЫ



бет13/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
түріМонография
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

5 ҚАЗАҚСТАН ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ КӘСІБИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИХНАМАСЫ
5.1 Инженер-техникалық интеллигенцияның кәсіби және қоғамдық - саяси қызметінің тарихнамасы

Инженер-техникалық интеллигенцияның қоғамдық-саяси, кәсіби тарихы халықтың рухани байлығын жинақтаушы алдыңғы қатарлы ойдың, мәдениеттің алдағы міндеттерін орындауға, сақтауға, гуманистік бастамаларды таратуға, жалпы адамзат құндылықтарын сақтап, таратуға бағытталды. Үгіт-насихат халықтың санасына 1920-1930 жылдары «таптық мүдделер идеясын» құйды. «Жұмысшы табын қанаушыларға өлім!», «Халық жауларына қарсы белсенді еңбекпен!» идеологиялық ұрандарды ұстанды. Сондықтан тақырыпты ашуда Қазақстан, РК(б)П, БК(б)П, КОКП съездерінің, пленумдарының, идеологиялық мәселелер жөніндегі материалдары, құжаттары пайдаланылды. Алғашқы кеңестік онжылдықта әсіресе 1920-шы жылдардың басында шығармашылық, әдебиет, өнер, ғылым үдерістеріне лениндік ыңғай танытылды. 1919 жылғы 18-23 наурызда өткен РКП(б) сегізінші съезінде «Курстар оқу үшін және халық үйлерінің ісіне көмек көрсету үшін түрлі мамандардың және тегі, білімі бар адамдардың күшін барлық жерде пайдалануға жол бере отырып және соны қолдай отырып, Коммунистік партия сонымен бірге жалпы оқу-білім аппаратын Совет өкіметіне қас элеметтердің пайдаланып кетпеуін және әдебиетті, ғылым мен өнерді бетке ұстап, қалай болғанда да коммунистік насихаттың күш-қуатын әлсірететін қоғамға зиянды, контреволюциялық тенденцияларды жүргізбеуін бақылап отыруға тиістігі атап көрсетілді [419, 84 б.]. Большевиктер «еңбекке коммунистік қатынас» пайда болады деген идеяға сенді.

1920 жылғы 29 наурыз бен 5 сәуір РКП(б) тоғызыншы съезінің партия қарарларында «Өнеркәсіптегі мамандарға» байланысты шаралалар көрсетілді:

Өндірісті ғылыми жолмен ұйымдастырмайынша, еңбек міндеттілігін барынша кең қолдану мен жұмысшы табының аса зор еңбек қаһармандығы құдіретті социалистік шаруашылық орнатуды қамтамасыз етпейтіні былай тұрсын, тіпті елдің жоқшылық тырнағынан босануына мүмкіндік бермейтінін еске ала келіп, съезд шаруашылықтың әртүрлі салалары жөніндегі барлық жұмысқа жарамды мамандарды есепке алу және оларды өндірісті ұйымдастыру ісінде барынша пайдалану қажет деп санайды.

Өз қызмет орнын социалистік шаруашылық режиміне зиян келтіру мақсатына пайдалануға тырысатын барлық контреволюцияшыл элементтерді келешекте бақылап, қатал жазалаудың қажеттігін күшінде қалдыра отырып, съезд сонымен бірге мамандарды Совет республикасының өндіріс мүдделері сферасына идеялық жағынан тарту міндеті туралы партияның барлық мүшелеріне ең тұжырымды түрде ескертеді және біздің программаның рухы мен әрпіне мүлтіксіз сәйкес, жұмысшылар мен пролетарлық режимге буржуазиялық құрылыстан қалған маман-техниктердің арасында жолдастық ынтымақ атмоферасын орнатуға ұмтылуды партия қызметкерлерінің міндетіне жатқызады....

Еңбек өнімділігінің жеке есебі мен жеке сыйлық беру тиісті формада әкімшілік-техникалық персоналға қолданылуға тиіс. Таңдаулы әкімдер, инженерлер, техниктер өз күштерін социалистік шаруашылық мүдделеріне толық жұмсау үшін, неғұрлым жайлы жағдайға қойылуға тиіс.

Атап айтқанда, жұмысшылардың келешекте дербес әкімшілік қызметтерде істеуі үшін қажетті стажды айтарлықтай табыспен өтуіне басшылық еткен мамандарға жоғары сыйлық берілуге тиіс.

Кәсіпорындар мен мекемелердің жоғары техникалық одақтарға кіруіне қарсы соқыр сенім біржолата жойылуға тиіс. Инженерлерді, дәрігерлерді, агрономдарды, тағы сондайларды өз одақтарына енгізе отырып, кәсіподақтар бұл элементтерге, ұйымдасқан пролетариатпен жолдастық ынтымақтастық тәжірибесінде, совет құрылысының қызу жұмысына төселуге көмектеседі және одақтарға арнаулы ғылыми білімдері мен тәжірибесі бар, ең қажетті қызметкерлер тауып береді [419, 164-165 б.]. Бұл РКП(б) Орталық Комитетінің қарарлары инженер-техникалық қызметкерлерді кәсіподақтарға тарта отырып, кеңес құрылысына жұмылдыруға әрекет жасаған соңғы құжаттардың бірі. Жеке меншік жойылып, өндіріс құрал-жабдықтарының барлығы халықтың қолына көшіп, ол қанаушылар үшін емес өздеріне қызмет етеді деген түсінік қалыптасты.

Осы кезеңде Ленин «Ұлы бастама» [420], «Жарысты қалай ұйымдастыру керек» [421] т.б. еңбектерінде еңбектің коммунистік бастамасы деген коммунистік еңбек құрылымын енгізуді талап етті. В.И. Ленин алғашқы коммунистік сенбіліктер тәжірибесіне сүйенді.

1923 жылғы 17-25 сәуірде өткен РКП(б) он екінші съезінде «шаруашылық қызметкерлері, олардың жағдайы мен міндеттері, техниктер мен шаруашылық қызметкерлерінің жаңа буындарын тәрбиелеу» жөніндегі қаулысында...

Басшы шаруашылық қызметкерлерінің (цех мастерлерінің, завод пен фабрика директорларының, трест басқармасының председательдері мен мүшелерінің және т.с.с.) міндеті өндіріс шығындарын төмендету және пайда түсіру болғандықтан олардың жұмысы дау-жанжалдарға, орнынан түсіруге, басқа орынға ауыстыруға жиі әкеп соқтыратын төтенше қиыншылықтарға кездесіп отырады. Шаруашылық қызметкері әруақытта мынадай екі қауіптің: а) өзінің жоғары талап қоюымен кәсіпорын жұмысшыларын және олардың өкілдік органдарын немесе жергілікті партия және совет мекемелерін өзіне қарсы қою қаупінің; б) еңбек өнімділігі, жалақы және сондай мәселелерде жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүріп, осы арқылы кәсіпорынның пайдалылығынан, демек, оның келешегінен бас тарту қаупінің алдында тұрады. Әлбетте, совет фабрикасының директоры жұмысшылардың материалдық және рухани мүдделеріне, олардың сезімдері мен көңіл күйлеріне аса зор назар салып қарауға тиіс. Ал сонымен бірге ол еңбек өнімділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету, жұмысшы мемлекетінің билігіндегі материалдық игіліктердің мөлшерін көбейту өзінің тұтас алғанда жұмысшы табы жөніндегі ең жоғарғы міндеті болып табылатынын ешуақытта естен шығармауға тиіс. Партия және кәсіподақ қызметкерлері совет директорына осы жолда барынша жәрдем етуге міндетті. Ұқыптылық, табандылық, үнемшілдік совет шаруашылық қызметкерінің қажетті сапалары болып табылады.

Партия мен кәсіподақтар заводтар мен фабрикаларды қызыл директорлардың тиісті кадрларымен қамтамасыз етуді өзіне кезек күттірмейтін міндет ете қоя отырып, шаруашылық басшылықтың барлық сатыларындағы өнеркәсіпті басқару органдарында жұмысшы-шаруашылық қызметкерлерінің кадрларын, әсіресе коммунистерді көбейту ісіне аса ерекше көңіл аударуы тиіс.

Бұған Т. Рысқұловтың «Новый Восток» журналының 1926 жылғы №12 номерінде қазақ интеллигенциясының басым бөлігін партияда жоқтар құрайтындығын, сондықтан Қазақстандағы идеологиялық майдандағы күресте коммунистік ықпалды нығайту басты міндеттердің бірі екендігін жайлы айтып мәселе көтеруі дәлел бола алады. Кеңес тұсында идеология жайлы салиқалы пікір айтуы, Т. Рысқұловтың концепциялық тұжырымын айқындайды.

Жаңа буындар үшін техниканы үйрену ісі тек мамандық алу мәселесі ғана емес, сонымен қатар революциялық борыш ісі болуға тиіс. Бұрын жұмысшы жастардың революциялық – саяси күреске жұмсалған ынта-жігерінің бәрі жұмысшы мемлекеті жағдайында ғылым мен техниканы меңгеруге бағытталуға тиіс [419, 452-453 б.]. Қазіргі кезеңдегі зерттеушілер 20-шы жылдарды 1929 жылды есептемегенде экономикалық даму кезеңі деп атайды. Әрі жаңа экономикалық саясат та өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының дамуына үлкен ықпал етті. Ел де жаңарды, елдегі жақсы өзгерістерді адамдар да сезіне бастады.

«Мамандарды өндіріске тарту» жөніндегі қарарларда «Өнеркәсіпті тиісті дәрежеге қою ісі өндірісте техникалық күштерді нығайтуды талап етеді. Жетіспей жатқан техникалық күштерді техниктер мен инженерлердің жаңа кадрларымен толықтыру ісі әлі де сөзсіз баяу жүргізілетін болады. Сондықтан елімізде бар техникалық күштерді жақсы пайдалану және қайта бөлу қажет» деп негізделгендігі айқындалды. ЖЭС дәуірі кезеңінде өндірісте, фабрикалар мен заводтарда жұмыс істеген ірі мамандардың бірталайы өндірісттегі, мекемелердегі, басқармалардағы, кеңселердегі қызметтерін тастап жайлы сауда жұмысына, комиссионерлік жұмыстарға кетіп қалғандықтан, бүгінгі күннің ұраны: «Өндіріске, фабрикаға және заводқа қайтыңдар!» деген ұран болу керектігі айтылды. Мамандарды моральдық, материалдық жағынан қанағаттандыра алатындай етіп кәсіпорындарда жұмыстың қалыпты жағдайын жасау қажетігіне мән берілді. Ұзақ уақыт бойы өздерін пайдалы және инициативалы жұмыс арқылы таныта білген администраторлар мен техниктерді партия, совет ұйымдары және кәсіподақтар өте бағалы қызметкерлер ретінде атап көрсетуге тиіс, Қызыл Армия қатарында ойдағыдай қызмет атқарып жүрген мамандарға көрсетілетін қоғамдық құрмет оларға да көрсетілуге тиіс [419, 453-454 б.]. Партия қарарлары біз қарастырып отырған мәселе төңірегіндегі бірден-бір дерек көзі болғандықтан, біраз мәлімет береді.

1929 жылғы желтоқсандағы екпінділер съезінде «Бесжылдық жоспарды төрт жылда орындаймыз!» деген ұранды басшылыққа ала отырып жұмысшылар, шаруалар, интеллигенцияның санасын улады. Миллиондаған халық егер де тап жаулары, зиянкестер болмаса, бұл іс одан әрі алға жылжитын еді деген түсінікте болды.

Оның айғағы ретінде 1932 жылғы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ІІІ кеңейтілген пленумының қарарлары мен қаулыларында «Өлкелік комитеттің пленумы Қарағандының барлық жұмысшыларына, инженер-техник қызметкерлеріне үндеу тастап, өздерінің барлық күшін, күллі творчестволық жігер – қайратын жұмылдырып, қолда бар ішкі ресурстардың бәрін 1932 жылы Қарағандының алдында тұрған тапсырмаларды орындауға пайдалануға шақырады [422, 157-158 б.]. Сталиннің бюрократиялық қарарларын орындау әр республика инженер-техник қызметкерлерінің міндетіне айналды.

Инженер-техникалық қызметкерлердің кәсіби қызметін, белсенділігін арттыру мақсатында «...инженер-техник қызметкерлерді тікелей өндіріске (цехтарға, учаскелерге, лаваларға, және т.б.) араластыру, жалақыны қайта қарау, теңгермешілікті жою, барлық кәсіпорындарға кесімді ақы төлеуді енгізу және жұмысшылар арасындағы социалистік жарыс пен екпінділікті кең өрістету» 1934 жылғы 8-16 қаңтардағы ВКП (б) Қазақстан Өлкелік сегізінші конференциясында өнеркәсіптегі міндеттірдің бірі деп атап өтілді [422, 230 б.].

Өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын моральдық жағынан ынталандырып отыру үшін әртүрлі идеологиялық-насихат құралдарын қолданып отырды. Мақтау қағаздары, ауыспалы жалаулар, ордендер, медалдар, «құрметті стахановшы», «коммунистік еңбектің екпіндісі» атақтарымен алдады.

Кеңестік тарихнамада «саналы коммунистік еңбек» нормасы болу керектігін дәлелдеуге тырысқанымен, ол барлық кезеңдерде бірдей қарқында атқарылды деп айта алмаймыз.

1935 жылғы 16-20 наурызда өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің пленумындағы қарарларында «Жергілікті өнеркәсіп халық комиссариатының, трестер мен облыстық басқармалардың басшыларынан нақты өндірістік кемістіктерді, олқылықтарды жергілікті жерде жоюға және кәсіпорындардың жұмысын жолға қоюға көмектесу үшін басшы және инженер-техник қызметкерлердің кәсіпорындарға жиі-жиі және ұзақ мерзімге баруын қамтамасыз етуді талап етеді.

Жергілікті өнеркәсіптің кәсіпорындарына техникалық басшылықты күшейту айрықша маңыз алады. Жергілікті өнеркәсіп халық комиссариаты инженерлер мен техниктерді тікелей кәсіпорындарға жіберу мақсатында облыстық басқармалар мен трестердің аппараттарын қайта қарауға, бұл ретте аса маңызды учаскелерді (Қазақ руда көмір тресі, Шу цемент заводы, құрылыс материалдары кәсіпорындары және басқалары) нығайтуға айрықша назар аударуға міндетті екендігі белгіленді» [422, 300 б.]. Қарарлардан басшылықта кәсіби жағынан шыңдалған инженер-техниктерді пайдалануға ерекше көңіл бөліне бастағандығы айрықша байқалады.

Пленумда сонымен қатар «жергілікті өнеркәсіптің өндіріс техникасын меңгерген, өндірістік программаны орындап, өнім сапасын арттырған таңдаулы қызметкерлеріне партия және шаруашылық ұйымдары тиісінше сыйлық беріп, жұмыс бабында дәйекті түрде жоғарылатып отыруға тиіс.

Жергілікті өнеркәсіп орындарындағы партия және кәсіподақ ұйымдарының аса маңызды міндеті – кең көлемді бұқаралық түсінік, ұйымдастырушылық және саяси жұмысты өрістету негізінде социалистік жарыс пен екпінділікке барлық жұмысшылар мен қызметшілерді, ең алдымен коммунистер мен комсомолдарды толық қамтуға жету, белгіленген жұмыс нормалары мен тапсырмаларды барша жұрттың орындауын және асыра орындауын қамтамасыз ету» міндеттері қабылданды [422, 302-303 б.]. Елде, идеологияда, саясатта сталиндік қасаң бір авторитет бекіді. Басқаша, альтернативті ойлау мүмкін емес еді. Сталинизмнің басты факторларының бірі барлық деңгейдегі аппарат қызметкерлеріне керек болды. Олар қоғамдағы ендеген мансапқорлыққа, билікке ұмтылды. Мұндай адамдардың тарих сахнасына келуі ескі интеллигенцияның өкілдерін қатты қайран қалдырды. Келесі факторларының бірі – халықтың жұмысқа құлқы жоқ бөлігіне қажет болды. Сондықтан қабылданған мемлекеттік міндеттемелер, партия қарарлары бір тапсырылған шаблон негізінде жүріп, рухсыздық, бірыңғай ойлау ғана тоқтаусыз артты. Бұл қоғамның ғылыми-мәдени потенциалының белгісі болып саналатын адамгершілік, гуманистік үдерістердің төмендеуіне әкелді.

Екінші бесжылдық жылдары «Кадрлар барлығын шешеді!» коммунистік партияның ұраны тек бір іздегі коммунистік рухта тәрбиелеу мен дайындауға бағыттады.

1935 жылғы 5-9 шілдеде өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің Пленумының қарарларында да «Балқаш Құрылыс басқармасына Орталық Комитеттің қаулысына және халық комиссариатының нұсқауларына сәйкес жұмыс нормаларын біраз арттыру жағына қарай қайта қарауға кірісу, бұл жұмысты стахановшылардың, инженер-техник қызметкерлер мен цех бастықтарының қатысуымен жүргізіп, халық комиссариаты белгілеген мерзімде аяқтау тапсырылсын. ...

9. Риддердегі бірқатар инженерлер мен техниктердің стахановшылар қозғалысына жеткілікті дәрежеде басшылық етпейтінін, ал кейде тіпті оған бөгет жасайтынын атап көрсете келіп, пленум стахановтық бригадаларға, учаскелерге, цехтарға ұдайы көмек ұйымдастыруды және бүкіл жұмысқа бастады түбегейлі түрде жақсартуды комбинаттың техникалық басшылығы алдына аса маңызды міндет ретінде қояды.

10. Комбинат дирекциясы қорғасын заводының жұмысын жақсартуға, барлық агрегаттағы техникалық басшылықты күшейтуге, инженер-техник кадрларымен толықтыруға, еңбек жағдайларын (желдету, арнаулы шаралар және басқалары) сауықтыру жолында батыл күрес жүргізуге баса назар аударуға міндеттесін.

11. Комбинат дирекциясына Орталық Комитеттің қаулысына және халық комиссариатының нұсқауларына сәйкес жұмыс нормаларын біраз арттыру жағына қарай-қайта қарауға кірісуді, бұл жұмысты стахановшылардың, инженер-техник қызметкерлердің, цех бастықтарының қатысуымен жүргізіп, оны халық комиссариаты белгілеген мерзімде аяқтау тапсырылсын.

Қарағанды бойынша.

10. Трест дирекциясына Орталық Комитеттің қаулысына және халық ағарту комиссариатының нұсқауларына сәйкес жұмыс нормаларын біраз арттыру жағына қарай қайта қарауға кірісті бұл жұмысты стаханошылардың, инженер-техник қызметкерлері мен цех бастықтарының қатысуымен жүргізу тапсырылсын деп қарастырылды [422, 326, 328, 330 б.]. Осындай қабылданған партия қарарларынан инженер-техник қызметкерлердің кәсіби қызметін шыңдау, қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға нұсқау беріп, барлығын теңестіруге тырысқан көзқарас байқалады.

Осындай мемлекеттің 1930-шы жылдары жүргізген саясатының бірі стахановтық қозғалысты өрістету болса, 1936 жылы 26-30 қаңтарда өткен ВКП(Б) Қазақ Өлкелік Комитетінің пленумы қараларында «...кейбір шаруашылық басшылары мен инженер-техник қызметкерлерінің стахановшылар қозғалысының өте-мөте зор маңызын осы уақытқа дейін түсінбегенін және собатаждық жасау фактілеріне тиісті тойтарыс бермей, оған қарсы іс-қимыл жасамай отырғанын көрсетеді.

Пленум барлық шаруашылық басшылары мен инженер-техник қызметкерлеріне, партия және кәсіподақ ұйымдарының басшыларына мынаны ескертеді: «ең алдымен, өнеркәсіп пен транспорттың барлық тарауларының шаруашылық және инженер-техникалық қызметкерлерінің кертартпа бөлегінің тарапынан стахановтық қозғалысқа жасалып отырған қарсылықты жою қажет және екіншіден – стахановтық қозғалысты қарсы алатын, бірақ оған әлі басшылық ете білмеген шаруашылық қызметкерлерінің, инженерлер мен техниктердің бұл қозғалысқа басшы болуына барынша көмектесу қажет» деп [422, 323 б.] көрсетті. Ал 1936 жылғы 21-25 маусымда өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің Пленумында «Қазақстан темір жолдарының құрылысында стахановшылар қозғалысы жете өрістетілмей отыр деп есептейді. Әрбір құрылыста жүздеген стахановшылар болғандығына қарамастан құрылыстардың басшылары, инженер-техник қызметкерлер (прорабтар, техниктер мен десятниктер), партия және кәсіподақ ұйымдары озат жұмысшылардың тәжірибесін артта қалушыларға үйретуді ұйымдастырмады, бірқатар учаскелерде стахановшыларша жұмыс істеу үшін жағдай әлі жасалмай отыр», - деп сынға алынды [422, 353 б.].

Алайда партияның қарарлары билік басындағыларға бірыңғай ізбен жүру партиялық өмірдегі үлгіге айналды. Басқаша альтернативті ойлауға жол берілмеді, мүмкін де емес еді.

1920-1930-шы жылдары инженер-техникалық интеллигенцияның кәсіби, қоғамдық-саяси қызметін зерттеу кең көлемде жүргізілген жоқ. Алғашқы жарияланған авторлардың мақалалары тар көлемдегі мәселелерді қарастырып, алдарына инженер-техник кадрлардың кәсіби, қоғамдық-саяси қызметін зерттеуді мақсат етіп қойған жоқ. 1930-шы жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалаларда партияның саясаты мен идеологиясын жан-жақты насихаттауға тиіс болды. Сондықтан ол халықты алдап ұстайтын коммунистік тәрбие құралына айналды. Кеңес мемлекетінің басты атқаратын міндеті Сталин және оны қолдаушы теоретиктермен бұзылды. Сталин кезеңінде жаппай қарақшылық шаралары революцияны қорғау үшін емес, халыққа қарсы қолданылды. Бұл коммунизмге жету жолында Сталиннің ойлап тапқан жалған тап күресінің шиеленісуі деп аталатын ойлары еді.

Соғыс жылдарында баспасөзде жарияланған мақалалар партия ұйымдарының бар күшін Қызыл әскерді қолдауға, фашистерді жеңуге жұмылдыруы қажет болды. «Барлығы жауды жеңу үшін!» «Барлығы соғыс үшін!» идеологиялық ұрандармен халықты жігерлендіруге тырысты. 1944 жылы 5-9 сәуір аралығында өткен Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің Пленумында өнеркәсіп жөнінде қаулы қабылдап, төмендегідей негізгі міндеттерді шешуді қамтамасыз етуге міндеттеді:

Ү. Өндіріс жөнінде

...Кәсіпорындарда, жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің өндірістік кеңестері ұдайы өткізілсін, оларда өндірістік жоспарлардың орындалуы талқыланып, алдыңғы қатарлы стахановшы-жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің тәжірибе алмасуы ұйымдастырылсын, озық жұмыс әдістері өндіріске кеңінен енгізілсін - деп атап көрсетілді. Сталинннің партиялық басшылығы кезеңіндегі құжаттар, өндірістік кеңестер өткізіп, инженер-техниктердің озық жұмыс әдістерін өндіріске кеңінен енгізу тәсілдері қолданылғандығын растайды [423, 348-350 б.]. Соғыстан кейінгі жылдары қабылданған партия құжаттарында, атап айтқанда Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің 1948 жылғы 9-11 наурыз аралығында өткен Пленумында Қазақстан партия ұйымындағы идеологиялық жұмыстың жайы туралы қаулы қабылданды.

Онда коммунистердің тіпті басшы партия, совет кадрларының бір бөлегі өздерінің идеялық-саяси білім дәрежесін арттыру ісімен күнбе-күн және терең шұғылданып отыру республика партия ұйымының бүкіл саяси-шаруашылық қызметі үшін орасан зор маңызы бар екенін әлі түсінбей келді. Сондықтан коммунистердің едәуірі маркстік-лениндік оқуға тартылмаған, ал партия тарихы мен теориясын өздігінен оқып-үйренушілер арасында оқудың бұл түрін бетке ұстап іс жүзінде өздерінің теориялық білімін арттырумен шұғылданбай жүрген коммунистер аз емес екендігі сынға алынды.

«12. Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің Бюросына, облыстық, қалалық және аудандық комитеттеріне, интеллигенция арасындағы идеялық-саяси жұмыстың дәрежесін мықтап арттыру міндеттелсін, бұл жұмысты интелллигенцияның әр топтарының – инженер-техник қызметкерлердің ... және тағы басқа топтардың ерекшеліктерін ескере отырып, әр топтың тілегіне сәйкес ұйымдастыру міндеттелсін.

Интеллигенция арасындағы саяси-тәрбие жұмысын ұйымдастырғанда буржуазитялық мәдениет, ғылым мен техника алдында бас июшіліктің қандай да болсын көріністеріне қарсы жүргізуге ерекше көңіл бөлу керек, интеллигенция бұқарасы арасында советтік ұлттық мақтаныш пен патриотизмнің жоғары сезімін барынша күшейтік, интеллигенцияның бойында ғылымның, техника мен өнердің барлық салаларында жаңа белеске шығу талабын дамыту керек.

17 Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің Бюросына облыстық және қалалық комитеттеріне, сондай ақ республикалық саяси және ғылыми білім тарату жөніндегі Қоғамның басқармасына қоғамның барлық жұмысын өрістету жүктелсін. Республиканың барлық облыстары мен ірі қалаларында қоғамның филиалдары ұйымдастырылсын, ... инженер-техник қызметкерлері ... тағы басқалары қоғамның мүшелігіне тартылсын»деген қарарлар қабылданып, олардың село халқы арасында саяси және ғылыми білімдер таратуына ерекше көңіл бөлінді. [423, 473-475].

Соғыстан кейінгі партияның ХІХ пленумының қарарларда « ... инженер-техник қызметкерлер мен қызметшілер арасында еңбек және өндіріс тәртібін батыл нығайтып, жұмысқа шықпай қалуы тоқтатылсын.

...Инженер-техник қызметкерлерге қалыпты өндірістік, материалдық-тұрмыстық және тұрғын-үй жағдайларын жасау, кәсіпорындарда жұмыс күшінің тұрақтамауын жою жөнінде шаралар қолдану талап етілсін [423, 481-482 б.].

Бірақ қаулылар бұйрықтар, нұсқаулар түрінде шығып, оны орындау міндеттілікке айналды. Ұрандар коммунистік партияның саясаты мен идеологиясын насихаттау әдісіне айналды. Алайда кеңестік тарихнамада тек партияның әділ саясаты ғана көрсетіліп, келеңсіздіктер, жіберіліп жатқан кемшіліктер көрсетілмеді.

Соғыстан кейін идеологиялық жұмыс тіптем жандана түсті. Ғалым Г.Ф. Дахшлейгер 1950-ші жылдары жарық көрген еңбегінде 1930-шы жылдардағы ірі құрылыстардың бірі Түрксіб теміржолының құрылысы болса, онда да жаңа өндіріс тәсілдері мен механизациялауды, өнертапқыштық, рационализаторлық ұсыныстарды ендіруге инженерлер мен техниктердің атсалысқаны жайлы жазады. Автор 1930 жылдың сәуірінде бір топ инженерлер мен техниктердің ұсынысы бойынша техминимум апталығы өткізіліп, жұмысшылардың техникалық сауаттылығы деңгейін арттыруға арналған дәрістер, әңгімелер, тәжірибелік сабақтар өткізілгендігін саралаған [323, 84 б.]. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РФСКР Халық Комиссариаты Кеңесі 1930 жылы 1 мамырда «Түркістан-Сібір темір жолының ашылуы» жөнінде арнайы қаулы қабылдап, онда Үлкен қиындықтарға қарамастан, Түрксіб алып жаңа құрлыстардың бірі ретінде аяқталып жатыр деп баяндалып, Түрксіб құрылысының жетістігі жұмысшылар мен инженер-техникалық күштердің жігерлігі мен шығармашылық энергиясының арқасында жүзеге асқандығы атап көрсетілді. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РФСКР Халық Комиссарлар Кеңесі қаулы шығарып, Түрксіб құрылысында көрсеткен ерекше күш-жігері ескеріліп, барлық жұмысшылар мен инженер-техникалық күштердің құрылыс ұжымын Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтағандығы да еңбекте атап көрсетілген [323, 91 б.].

Қазақстанның соғыс жылдарындағы тарихын зерттеген Ғ. Әбішев инженерлер, техниктер, конструкторлар, мастерлер, өндіріс жаңашылдарының мыңдаған рационализаторлық ұсыныстар енгізіп, еңбекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін тауып, станоктар мен өндіріс құрал-жабдықтарын қолдануды жетілдіргендігін жазады. Демек, автордың көзқарасы бойынша рационализаторлық пен өнертапқыштық түсті металлургиядағы технологиялық үдерістерді жақсартып және жетілдіруде үлкен маңызға ие болып, өнім шығаруды ұлғайтуға және миллиондаған сомды үнемдеуге мүмкіндік берген. Соғыс жылдарында Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясы көптеген қызықты және өзіндік ерекшеліктері бар өнертапқыштық ұсыныстар жасаған [267. 96-97 б.].

Қазақстан ғылыми-техникалық интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі – М.М. Меңдіқұлов Қазақстанда тұңғыш рет сәулет өнері тарихы, оны дамытудағы техникалық интеллигенцияның рөлі, кәсіби қызметі жайлы «Архитектура Казахстана» деп аталатын ғылыми еңбегінде жан-жақты ашып көрсетеді (Алматы, 1959).

1960-шы жылдан бастап тарихшылар зерттеп отырған мәселе төңірегінде тек табыстар, екпінділер жайлы баяндап, теориялық-методологиялық жағынан алып қарағанда философтар мен әлеуметтанушы ғалымдар «инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік мәнін» ашып көрсетуге тырысты [424].

Ж. Қарағұсов Қазақстан интеллигенциясы жаңа құнды рационализаторлық ұсыныстарды өндіріске ендіру, өнеркәсіп өндірісінің технологиялық үдерістерін жетілдіру нәтижесінде, өндіріс күшін тиімді пайдалана отырып, жіберілген шығындарды үнемдеп, еңбек өнімділігін арттыруға үлкен үлес қосты деп қорытындылайды [3, 110-111 б.].

Автор жұмысшылардың біліктілігінің үздіксіз артуы, білімдік деңгейінің өсуі, еңбек өнімдімділігін арттырып, өндіріс мәдениетін арттыруға, жұмысшы мен инженер-техникалық қызметкерлер, ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы айырмашылықтарды жойып жақындастыра түсті деп саралайды [3, 112 б.].

Осы жылдары М. Малыбаев еңбегінде кең көлемдегі фактілік материалдарды пайдалана отырып, Қазақстан партия ұйымдарының ауыр өндірістің негізгі салаларының бірі болып есептелетін – көмір өнеркәсібіндегі өндірістік-техникалық кадрларды қалыптастырудағы қызметіне тоқталады. Ресми методология тұрғысында жазылғандықтан, Коммунистік партияның қамқорлығы арқасында қазақ инженер-техникалық интеллигенциясының кадр мәселесі шешілді деген пікір білдіреді.

1932 жылғы 6 тамыздағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің ІІІ сессиясының қаулысында республикадағы социалистік құрылысқа қорытынды жасай отырып, Украинаның туысқандық көмегіне де жоғары баға берілгендігін атап өтеді, онда «Қазақ ССРі мен Кеңестік Украинаның туысқандың мәдени байланыстарының дамуы мен нығаюының маңызды мәдени-саяси мәні бар, оң тәжірибе», - деп көрсетілгендігін жазады. Қарағанды көмір бассейнінде жұмысшылар мен инженерлердің бригадаларын тәжірибе алмасуға жіберіп отыру жүзеге асып отырғандығын да саралаған [133, 125 б.].

Еңбекте сонымен қатар Ленинградтың партия және кеңес ұйымдарының да Қазақстанда ерікті түрде тұрақты және уақытша жұмыс істеу үшін көптеген маманданған өнеркәсіп кадрларын ұйымдастырғаны жайлы да мәлімет бар.

Қазақстандағы кәсіподақтардың кеңестік дәуірдегі тарихын зерттеген ғалымдар А. Ахметов пен М Кузьмин-Закс, А. Рахимовтар иделогияланған, ішкі қайшылықтарға толы кәсіподақтардың қызметін көрсеткенімен, инженер-техникалық қызметкерлердің кәсіподақтардағы белсенділігін арттыруды әлеуметтік факторлармен байланыстырды. Мұнай өндіріс орындарында ұжымдық келісімдермен қатар пәтермен, ауыз сумен қамтамассыз етудің 1920-1921 жылдары біраз қалыпқа келгендігін жазады [425, 32-33 б.]. Авторлардың еңбегінде, 1920-шы жылдардың басында Риддердің жұмысшылары мен инженер-техникалық қызметкерлері Риддердегі жұмыстарды қалыпқа келтіріп, 1922 жылы КСРО-ғы бірінші тәжірибелік электролиттік қондырғыны орнатып, электролиттік цинк алып, құрамында алтыны бар кварциттерден алтын өндіруді бастап, одан 80 пайыздан артық алтын өндіргендігі көрсетілген [425, 38-39 б.]. Авторлардың пікірі бойынша кәсіподақ ұйымдары өнеркәсіптегі еңбекшілердің саяси және еңбек белсенділіктерін арттыру мақсатында үгіт-насихат, дәрістер оқу, үндеулер тарату мен сенбіліктерге қатысу жұмыстарын ұйымдастырған. Ерен еңбектері үшін еңбек ері атақтарын берумен қатар, грамоталармен, сыйлықтармен ынталандыру түрлері болғандығын атап көрсетеді.

Ғалымдардың пікіріне жүгінсек, жұмысшыларға техниканы игеруде инженерлер мен техниктер үлкен көмек көрсеткен. 1931 жылы Қазсовпроф жанындағы инженер-техникалық қызметкерлердің одақаралық бюросы шартты түрдегі «техникалық оқу заемын» шығарған. Онда оқуға кететін жұмыс сағаттарының шығыны көрсетілген. Осы заемға жазылуда республикадағы әрбір маман жұмысшыларды оқытуда 200 сағаттан кем емес көлемде жүргізуге міндеттеме қабылдады. Инженер-техникалық қызметкерлер өндіріс үдерісі барысында жұмысшыларға күнделікті көмек көрсетіп, рационализаторлық шараларды жасап, оларды ендіруге басшылық танытқан [425, 56-57 б.].

Авторлардың келесі пікірлерінің бірі «1930-шы жылдары техниканы игеру мен шаруашылық есепті ендіру социалистік жарыс пен екпінділікті жаңа сатыға көтеруінде деп есептеп, басқа да зерттеушілер сияқты жарыстың жаңа түрлерінің бірі – шаруашылық есептегі бригадалардың құрылуында екендігін, Қазақстанда бірінші болып шаруашылық есепке Жезқазғанның, Қазақ теміржол құрылысы бригадалары мен Алматы мен басқа қалалардың екпінді бригадалары қатысып, кәсіподақ ұйымдары тұрақты көмек көрсету үшін, арнайы экономистерді оларға көмекке бөліп отырды деген ойын білдіреді [425, 66-67 б.]. Еңбек маркстік рухта жазылғандықтан, «стахановтық жаңашылдық қозғалыстың» пайда болуын социализм жеңісімен, еңбекшілерді қанаудан азат етілуімен байланыстырады. 1935 жылдың қарашасынан бастап, Казсовпрофтың республиканың әр облыстарына кәсіпорындар мен құрылыста стахановтық қозғалысты таратуда көмек көрсету үшін басқарушы қызметкерлердің бригадаларын жібергендігін жазады [425, 77-78 б.].

Зерттеушілер ұзаққа созылған ауыр соғыс халық шаруашылығының барлық салаларына үлкен қиындықтар әкелді. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын басшылары, жұмысшылар, инженер-техникалық қызметкерлер мемлекеттік тапсырмаларды артығымен орындады. 1942 жылғы наурызда Құлсары мұнай кәсібіндегі мұнай өндіруден мемлекеттік жоспарды орындамағандар арасында кәсіподақтың жұмысшылар болса, ал инженер-техникалық қызметкерлер социалистік жарысты іскерлікпен жүзеге асырғандығын жазады. Авторлар бұқаралық-саяси жұмыстардың күшеюі нәтижесінде инженерлер мен техниктердің және жұмысшылардың мұнай өндірудегі мемлекеттік тапсырмаларды орындау жауапкершілігінің артқандығын саралайды. «Жаңа құбырлар береміз!», «Мұнай өндіруді арттырамыз!» ұрандарымен ұжымдардағы социалистік жарыс өрістеді [425, 104-105 б.].

1942 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің Қазақ ССР Түсті Металлургия кәсіпорындарында рационализаторлық пен өнертапқыштық қозғалысты дамыту туралы қаулысында өндірістің стахановшы-жаңашылдары, Қазақстан түсті металлургиясының рационализаторлары мен өнертапқыштары соғыс басталғаннан бергі кезеңде технологиялық процесті жақсарту мен жетілдіру жөнінде зор жұмыстар жүргізгенін, көптеген бағалы ұсыныстар енгізгенін, соның нәтижесінде өнім шығару едәуір ұлғайғанын және мемлекетке миллиондаған сом үнем жасалғанын атап көрсетеді.

Авторлар соғыстан кейінгі уақытта өнеркәсіпті қалыпқа келтіріп және дамытуда кәсіподақтардың маңызды орын алатындығын, 1946 жылы жұмысшылар мен қызметкерлердің 700 мыңы кәсіподақ қатарында болғандығын дәлелдейді [425, 121 б.].

Зерттеушілер соғыстан кейінгі жылдары инженер-техникалық интеллигенцияның идеялық-саяси жұмыстарының тарихнамасында Қазақстанда өнеркәсіп, көлік және құрылыста жұмысшылар, инженер-техникалық қызметкерлер арасында социалистік жарыстың мамандықтар арасында жүргізілуі кең қолдау тапқандығын айтады [425 128-129 б.]. Қазақстан кәсіподақ ұйымдары ұжымдық келісімдер жасауға арналған жиналыстарға жүз мыңдаған жұмысшылар мен инженерлер, техниктер, қызметкерлер қатысқандығын айта келіп, 1949 жылы Ақтөбе облысы бойынша екі айдың ішінде мыңдаған ұсыныстар енгізіліп, олардың көпшілігі еңбек ұйымдастыруды жақсарту, ауыр еңбекті механизациялау, технологиялық үдерістерді жетілдіру, техникалық қауіпсіздікті жақсартуға негізделгендігін жазады.

Ғалымдар Х. Бисенов пен Р.Б.Сулейменовтар кешегі шахтерлер Қылышев, Абсолямов, Күзембаев, Дарібеков, Рақышев, Кирбасов т.б. бұрынғы сауатсыз малшы-көшпелілер, кеңестік кезеңде сауатсыздықты жою мектептерінде, тау-кен шеберлерін даярлайтын курстарда білім алып, білікті қызметкерлер, бригада мен учаске басшыларына айналды. Ерен еңбектері үшін ордендермен марапатталып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болып сайланды деген деректерді келтіреді [5, 196-197 б.].

Маулетов кейін Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы, забойда жұмыс істеп, 1939 жылы Донецк тау-кен институтын аяқтайды. Осындай жолды Ф. Серғазиннің де жүріп өткендігін, 1936 жылы Москва тау-кен институтын аяқтағандығын жазады. Авторлар соғыстан кейінгі жылдары ол көмір өнеркәсібі Академиясының тыңдаушысы, «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы қоғамдық қызметтерін атқарғандығын саралайды [5, 197 б.].

1960-шы жылдардың соңында Қазақстандағы социалистік құрылысқа белсенді түрде қатысушылардың естеліктері жарық көрді [426]. Еңбекте республиканы индустриализациялауға қатысқан бір топ жұмысшылар, инженер-техникалық қызметкерлердің: Қарсақпай мыс қорыту заводының бірінші директоры И.В. Деевтың, Түрксіб құрылысына қатысқан Д.О. Омаров, В.С. Шатов, М. Қазыбековтың, атақты шахтерлер Т. Күзембаев, Балқаш тау-кен комбинатының құрылысына қатысқан инженерлер М.К. Бегалиева, Қ. Қадыржанов, мұнайшылар К.Б. Бегалиев, С. Өтебаевтың, Риддер полиметалл комбинатының директоры Ю.Н. Свядощ, т.б. естеліктері берілді. Тарихнамада бұл естеліктерден инженер-техникалық қызметкерлердің түрлі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді түрде қатысуы, науқаншылдық сипат алғандығы байқалады.

1972-ші жылы жарық көрген еңбектерінің бірінде ғалым М. Арғынбаев соғыстан кейінгі бесжылдықтарда «Правда» газеті Қазан төңкерісінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында республикамыздың әртүрлі аймақтарында жылдық жоспарды мезгілінен бұрын орындау жөнінде міндеттеме қабылдап, белсенділік танытқандығын жиі жариялап отырғандығын жазады. Мысалы Матай станциясындағы депоның аға машинисі Мұхтар Қаптағаев Түрксібтің үздік механигі ретінде өз бригасымен алған міндеттемесін 7 қазанға дейін орындау жөнінде уәде бергендігін айтады. 1970-ші жылдары түрлі айтулы даталардың қарсаңында міндеттемелер қабылдап, бастама көтеру әдетке айналды. Оны әр мекеме, кәсіпорын еңбеккерлерінің қолдау көрсетуі міндетті болғандығын байқаймыз[427, 113 б.].

Ғалым Б.Н. Әбішева инженер-техникалық интеллигенцияның 1965 жылы экономикалық білім беруді насихаттаудың бұқаралық кеңінен дамыған халық университеттері, семинарлар, курстар, шеберлер мектебі, экономикалық талдау мектептері жұмыстарына араласқандығын зерделеген. Мысалы, Қарағанды металлургиялық заводында цех пен бөлім басшыларына арналған нақты экономиканы оқып үйрену үйірмесі құрылып, экономистер, жоспарлаушылар, бухгалтерлер, еңбек пен жалақы бөлімдері қызметкерлері мен инженер-техниктер үшін экономикалық семинарлар өткізілгендігі жайлы жазады.

Ал, Жезқазған тау-кен комбинаты кәсіпорындарында техникалық прогрестің екі университеті құрылып, өндіріс экономикасы бойынша тұрақты семинарлар өткізіліп, алдыңғы қатарлы еңбек әдістерінің ондаған мектептері құрылып оған мыңнан астам инженерлер, техниктер, экономистер, бухгалтерлер, шеберлер мен жұмысшылар қамтылғандығы ашып көрсетілген [275, 182-183 б.]. Автор өнеркәсіп орындарында экономикалық конференциялар мен экономикалық білім берудің халық университеттері кеңінен дамығандығын айтады. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай өнеркәсіп орындарының шахталары, құрылыстарының орта буын қызметкерлері үшін НТО-ның облыстық кеңесінің техниктер үйінде экономикалық білім берудің екі жылдық халық университеттері ұйымдастырылғандығын да жазады. Оның үш факультетінде 300 учаске басшылары, шахталардың инженерлері, прорабтар, экономика саласы қызметкерлері оқығандығы жөнінде мәлімет береді [275, 184 б.].

Көмір өнеркәсібі мен құрылыстың басшыларының біліктілігін арттыру үшін Политехникалық институт жанынан экономикалық курстар ашылып, онда 1965 жылы 140 басқарушылар мен бөлім, трест басшылары, шахталардың бас инженерлері мен экономистері және құрылыс басқармасының 60 басшылары, бас инженерлері, экономистері оқығандығы жайлы мәліметтерді келтіреді. Зерттеуші мамандарың экономикалық оқуларға деген ынталығы кәсіпорындардың жоспарлау мен экономикалық ынталандырдың жаңа жүйесіне көшуімен байланысты деп түсіндірді [275, 184 б.].

Еңбекшілердің саяси саналылығын арттырып, ғылыми-техникалық және экономикалық білімін тереңдетуде үгіт-насихат жұмыстарының дәрістер, кеңестер, сұрақ жауап кештері түрлері кеңінен қолдау тауып отырғандығы баяндалады [275, 186-187 б.].

Автор инженер-техникалық интеллигенцияның бұқаралық-саяси жұмыстарының басқа да түрлері қарастырылғанын, құрылыста қоғамдық байқаулар мен еңбекті ұйымдастыруды тексеру рейдтері, социалистік меншікті сақтау, техниканы пайдалану, социалистік міндеттемені орындау, жаңашылдардың тәжірибесін жинақтап және ендіру, жастар кештері өткізіліп, ұжымдық жорықтар, экскурсиялар өткізу әдетке айналғандығын саралайды. Шымкент қорғасын заводы үгітұжымының құрамында 200 адамнан тұратын өндіріс озаттары, инженер-техникалық қызметкерлер, қоғамдық белсенділер болғандығын айтады. Инженер-техникалық қызметкерлердің идеологиялық жұмыстары коммунистік құрылыс барысында жүргізілу керектігі жайындағы көзқарас айдан анық. Автордың көзқарасынан істеліп жатқан саяси шаралардың барлығы коммунистік сананы қалыптастыруға, еңбекке коммунистік қатынасты бекітуге бағытталғандығын аңғаруға болады [275, 190-191 б.]. Еңбектің ресми методологияда жазылғандығына қарамастан, сол кезеңдегі ғалым тарихшылардың көзқарастарымен үйлесіп, жарқын болашақты коммунизм орнатудан көріп, барлық күш жігерді соған қарай бағыттады.

Рационализаторлар мен өнертапқыштар көзғалысы инженер-техникалық интеллигенцияның да техникалық шығармашылығының дамуының, техникалық прогрестің жеделдеуіне, еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етті. Мемлекет кемелденген социализм жағдайында өнертапқыштар мен рационализаторлардың Бүкілодақтық қоғамын (ӨРБҚ) құрды. Осы мәселе Б.Н. Әбішева еңбегінде жан-жақты қарастырылған. Автордың пайымдауынша, өнертапқыштар мен рационализаторлардың қозғалысының маңыздылығы сонда, бұл коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасаудағы жетістік. Әрбір инженер-техникалық интеллигенцияның шығармашылық жұмыспен айналысуна жағдай жасалғанымен, шын мәніне келгенде оның жүзеге асуы көптеген сатылардан өтуі тиіс болғандықтан оңай болған жоқ. Бұл мәселе автор еңбегінде назардан тыс қалған. Тек табыстан-табысқа жету жағы көрсетілді [275, 226-227 б.]. Инженер-техникалық қызметкерлердің жетіжылдық жылдарында техникалық шығармашылығының ерекшелігі оның ұжымдық сипатта болуында. Ғалым Б.Н. Әбішева еңбегінде осы мәселеге қатысты, ұжымдық еңбектің кеңінен тараған түрі шығармашылық ынтымақтастықтың кешенді бригадалары болғандығы көрсетілген. Автор олардың пайда болуы өндірісті рационализациялаудың күрделі мәселелерін шешуде әртүрлі мамандықтағы жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлердің қатысуымен тығыз байланысты екендігін пайымдайды. Олар кешенді жоспарларды жүзеге асырып, нақты міндеттемелер қабылдап, өндірістік мәселелерді ұжымдық түрде шешкендігі де сараланған.

Республикада қоғамдық конструкторлық бюролар, экономикалық талдау бюросы, қоғамдық негіздегі экспериментальды лабораториялар, ғылыми-техникалық қоғамдар (ҒТҚ) да кеңінен дамып, оның жұмысына инженер-техникалық қызметкерлердің атсалысқаны зерделенген [275, 232-234 б.].

1970-1980 жылдары Қазақстан Компартиясы өзекті мәселелеріне арналған бірнеше монографиялар баспадан шықты [428]. Бұл еңбектерде біз қарастырып отырған мәселелер қарапайым ғана орын алған. Классиктердің еңбектері мен партия құжаттарына сілтемелер беріліп, тарихнамада олардан ерекше айтарлықтай жаңалықты күту қиын еді. Зерттеулер партияның рөлін көрсетіп, коммунистік идеологияны насихаттауға бағытталды.

1970-ші жылдары Н.Р. Жағыпаровтың, А. Абдакимовтың диссертациялары өндірістік-техникалық интеллигенцияны Қазақстанда дайындау мен тәрбиелеуде Коммунистік партияның қызметі мен басшылық рөліне арналды [141]. Партияның мамандарды даярлауда тәжірибесі мол, әсіресе ұлттық республикаларда үлкен маңызға ие болды. Н.Р. Жағыпаров одақтас республикаларда өндірістік-техникалық интеллигенцияның пайда болуы лениндік ұлт саясатының нәтижесінде іске асып отыр деп атап көрсетеді [141]. Еңбек партия тарихына арналғандықтан, идеологияланып, жан-жақты ғылыми талдау бере алмады.

Ш. Құсанова социалистік жарыс, міндеттеме қабылдау, еңбек өнімділігін арттыру барысында «Бесжылдықтың шешуші жылында бағдарламаны орындауды қамтамасыз етеміз!», «Барлық ішкі мүмкіндіктеріміз бен ресурстарымызды пайдаланамыз!» т.б. сияқты ұрандар акциялар өткізу әдетке айналғандығын айтады. Әсіресе өнертапқаш инженер-механик А. Капранов есімі респуликадан тыс жерлерде белгілі болғандығын мақтанышпен еске алады [357, 116-117 б.].

Тарихнамада Т. Ибраев. [429], А.Ержанов [282], К.Е. Темірғалиев [430] т.б. ғалымдардың еңбектерінде инженер-техникалық интеллигенцияның партиялық саяси-ағарту жүйесінің ең жоғарғы басқышы - кешкі марксизм-ленинизм университеттерінде марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері, партия тарихы, философия, саяси экономия пәндерінен дәрістер тыңдап, теориялық дайындықтардан өтіп, насихат жұмысын жүргізе алу деңгейіне жеткендігі сараланған. Инженер-техникалық интеллигенция өкілдерінің әлеуметтік белсенділігінің артуы партиялық басшылыққа байланысты деп дәріптейді. Еңбектерде идеологиядан тысқары ештеме жазылмады.

М. Құнантаев еңбегі ресми методология тұрғысында жазылғандықтан, партия қатарына инженер-техник қызметкерлерді алуда тек өндіріс озаттары болуы керектігі талаптары қойылғандығын ажыратып көрсетеді. Мысалы Шымкент қорғасын заводында 398 коммунистердің 209- жұмысшылар және 97 – инженер-техникалық қызметкерлер екендігі жөніндегі фактілер келтіреді [431, 41 б.].

1950-ші жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша комсомолдың құрамында сапалық өзгерістердің болғандығын жазады. Республика өнеркәсібінің одан дамуы комсомол ұйымының құрамына әсер етті дей келе, комсомол инженерлер мен техниктердің саны үш есе артқандығын атап өтеді [431, 43 б.].

1977 жылы жарық көрген Р.Кенбаевтың «Люди медного гиганта» еңбегі де сол кезеңдегі саяси идеологиялық талаптарға сәйкес, Балқаш комбинатындағы инженер-техникалық қызметкерлердің міндетті түрде партия қызметкері болуына талап қойылғандығы сараланған [432, 15 б.].

Энергетика, құрылыс индустриясы, тау-кен өндірісі, жеңіл, тамақ, көмір, химия, мұнай өнеркәсіптері мен қара және түсті металлургия саласындағы партиялық басшылық пен өндірістік-техникалық интеллигенцияның атқарған қызметі С.Атауов [433], Ю.А Романов [337], А.В. Соловьев [434], К.Е. Теміргалиев [430], В.Г. Толкачев [43], Д.А. Шаймұханов [334], С.Б. Нұрмухамедов , Н.Г. Пан [358] т.б. кітаптарымен шықты. Зерттеулердің арнайы тарихнамалық деректік маңызы болып, партиялық принципке мән бергендігіне, мәселені зерттеуде пікірталастардың жоқтығына қарамастан, өндірістік-техникалық интеллигенцияға мемлекет тарапынан жасалған партиялық басшылық жайлы көлемді мәліметтер алуға болады. Зерттеуші С. Атауов КОКП Орталық Комитеті заводтардың цехтық партия ұйымдарын басқару үшін 12 жұмыстан босатылған секретарды жібергендігін, 20 жоғары маманданған инженерлер мен техниктерді басшылық қызметтерге жібергендігін жазады [433, 50 б.].

Қазақстандағы электрификациялау тарихын зерттеген ғалым Ю.И. Романов монографиялық зерттеу еңбегінде жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер соғыс жылдары агрегаттардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне өнертапқыштық, тапқырлық танытуы үлкен табыс әкелді деп есептейді. Жұмысшылар мен инженерлер рационализаторлық және өнертапқыштық қызметі отын-электр энергиясын үнемдеуге еңбек шығынын азайтып, оның өнімділігін арттыруға, өте қажет таптырмайтын материалдарды жергілікті ресурстармен алмастырып, құралдардың тиімділігі мен үнемділігін арттыруға бағытталды деп пайымдайды зерттеуші Ю.И. Романов. Автор осы мәселелерді шешуге шығармашылықпен қараған жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер соғыс жылдары жүздеген рационализаторлық ұсыныстар жасап, электростанциялардың жұмыс мазмұнына жаңалықтарды енгізгендігін де пайымдайды. Зерттеуші Балқаш Жылу электр орталығының инженерлері 1942 жылдың басында шаң көмір қондырғыларын қалыпқа келтіріп, атмосфераға шығатын көмір шаңдарын шығаруды азайтып, кәсіпорын үшін жыл сайын 15 мың тонна көмір немесе 1 млн. сом үнемдегендігі жайлы деректерді келтіреді [337, 202-203 б.].

Лениногор қорғасын заводының бас инженері Симаков жолдастың инициативасы бойынша металдық сурьма мен жоғары маркалы кадмий алу игерілгендігі сараланды. Ю.И. Романов «тарихнамада, деректануда мемлекет тарапынын Қазақстанның түсті металлургия кәсіпорындарында қорғаныс қажетіне түсті және сирек металдарды өндіруді ұлғайту үшін заводтардағы, фабрикалар мен кеніштердегі күллі резервтер мен мүмкіндіктерді барынша жұмылдыруға бағытталған рационализаторлық пен өнертапқыштықты кеңінен енгізуге ерекше саяси-шаруашылық маңыз берілді»,- дейді. Соған байланысты Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті қаулы етеді:

2. Социалистік жарысты кең өрістету, рационализаторлық пен өнертапқыштықты жаппай енгізу – аса маңызды міндеттердің бірі ретінде партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының, кеншілердің, байытушылардың, металлургтердің, жаңашыл-стахановшылардың, рационализаторлардың, өнертапқыштардың, республика түсті металлургиясының барлық жұмысшыларының, инженер-техник қызметшілерінің алдына қойылсын.

3. Жаңа техникаға немқұрайдылықпен қарауға қарсы батыл күрес жүргізілсін. Таңдаулы рационализаторлар мен өнертапқыштардың тәжірибесін жүйелі түрде көпшілікке жария ете отырып, осы мәні терең патриоттық қозғалысқа инженер-техник қызметкерлердің, озат маман жұмысшылардың басым бөлегінің қатысуына қол жеткізілсін.

5. ...Түсті металлургияның кәсіпорындары мен ғылыми мекемелерінің директорларына, бас инженерлеріне, техникалық басшыларына кәсіпорындардың жұмыс ерекшелігі мен жағдайына қарай рационализаторлар мен өнертапқыштардың жұмыс істеуі үшін нақты тақырыптарды анықтау ұсынылсын.

6. Қазақстан түсті металлургиясы кәсіпорындарындағы жұмыс тәжірибесін алмасу және ондағы рационализаторлар мен өнертапқыштардың қатарын одан әрі көбейту мақсатымен 1942 жылдың июль айында Алматы қаласында рационализаторлар мен өнертапқыштардың Қазақстан түсті металлургия кәсіпорындарының бас инженерлерімен бірлескен кеңесі өткізілсін», - деген қарарлардың негізге алынғандығына тоқталады [337, 262-264 б.].

Байқап отырғанымыздай, рационализаторлық, өнертапқыштық жұмыстарды ұйымдастырып, оны өндіріске кеңінен енгізуде инженер-техникалық қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктелген.

Инженер-техникалық қызметкерлердің қоғамдық саяси қызметтерінің бір бағыты партия ұйымдарына өту қызметіне байланысты болды. Оны 1942 жылы Қазақстан партия ұйымдары партия мүшелігіне кандидаттыққа 296 инженер және техник бар екендігі, және оларды партияға алуға ерекше көңіл бөліну қажеттігі тапсырылды [337, 287-289 б.].

Партияның ғылым мен техникалық үдерістің жетістіктерін өндіріске енгізуге ықпалы, ғылыми, инженерлік жен жұмысшы кадрларын дайындаудағы, еңбекшілердің өндірістегі белсенділігін арттырудағы рөлі Н.Р. Күнхожаевтың монографиясында зерделенген [436].

Республикамыздағы жекелеген аймақтарда өнеркәсіптің дамуы, кадр мәселесінің шешілуі, инженер-техник қызметкерлер жайлы кейбір деректер мен тарихи фактілер Н.Н. Дауылбаев [278], Т.Т. Мұстафин [356] Н.Р. Күнхожаев [436] пен, К.М. Тұманшин [437] еңбектерінде атап өтіледі. Н.Н. Дауылбаев мұрағат құжаттарын кеңінен пайдалана отырып, 1932 жылы Қарағандыға донбасстықтардың алғашқы сыйлықтары салынған алғашқы эшелондардың келгендігіне көңіл бөлген. Бәрінен де бағалысы бірінші эшелонмен 400 маманданған жұмысшылар, техниктер және инженерлер келгендігін қуанышпен мәлімдейді.

Ғалым ІІІ өлкелік комитетінің пленумында, Донбасстықтардың пролетарлық көмегін қуанышпен атап көрсете отырып, эшелондармен шахта жабдықтарымен қоса инженер-техникалық қызметкерлердің келгендігіне дән ризашылығын білдіріп, лениндік ұлт саясатының жүзеге асып отырғандығының куәсі ретінде, ескі таскөмір бассейндерінің партия ұйымдарына үндеу тастап, Қарағандыға пролетарлық көмекті күшейту керек деген талап-тілектерін қойып отырғандығын жазған. Зерттеуші Қарағанды көмір бассейніні құрылысында Қазақстанның өнеркәсіп орталықтарының жұмысшылары мен қызметкерлері де атсалысып отырғандығын талдайды. Республиканың кәсіпорындары мен мекемелері ұжымдарының кәсіподақ ұйымдарының белсенділігімен Қарағанды көмір бассейніне көмек көрсету жөнінде нақты міндеттемелер қабылданғандығын көрсетеді [278, 112-113 б.]. Еңбек ресми методология тұрғысында жазылғандығына, идеологиялық ұстанымына қарамастан, тарихнамада өзіндік ерекшелігі бар еңбектің бір тарауы Қарағандыдағы жұмысшы табы мен техникалық интеллигенция кадрларын даярлауға арналған.

А.Г. Сармурзиннің республика индустриясының дамуындағы партиялық басшылыққа көңіл бөле отырып, автор сол кезеңдегі қалыптасқан тарихи-партиялық дәстүрлерге сәйкес тұжырым жасағанымен, нақты тарихи материалдарды қорытындылауымен маңызды болып есептеледі. Кадр мәселесін шешуде Қазақстанда Коммунистік партияның басшылығымен ғылыми-техникалық үдерістің қарқынды дамығандығы, ғалымдар мен инженерлердің барлық күші ғылым мен техниканың басты бағыттарын шешуге жұмылдандырылғанын қарастырады. Еңбекте партия ұйымдарындағы мен инженер-техник қызметкерлер арасындағы байланыс кеңінен ашылған [277, 21-27 б.].

1980-ші жылы жарық көрген «Коммунистические субботники в Казахстане» еңбегінде ғалым Л.М. Пахмурный еңбегінде «Бүкілодақтық коммунистік сенбіліктердің коммунистік еңбек қозғалысында алатын орнын, оған жұмысшылар, инженер-техникалық қызметкерлердің қатысуы 1960-шы жылдардың соңында кең сипат алғандығы ашып көрсетілген [438, 144-145 б.].

1980-ші жылдары ғалым Л.Я. Гуревичтің кандидаттық диссертациясында интеллигенцияны дайындау мен тәрбиелеу мәселесінде, оның әлеуметтік жағынан дамуы мен шығармашылық белсенділігінің артуында КПСС-тің теориясы мен практикасы маңызды орын алатындығын көрсетіп, сол кезеңдегі идеологиялық талапты көрсетеді [141, 1 б.]. Еңбек сол кезеңдегі үстемдік етуші идеологияға сәйкес келсе де, бүгінгі уақыт талабына сай емес екендігі анық.

Зерттеуші Л.Я. Гуревичтің кандидаттық диссертациясы «Қазақстан Компартиясының инженер-техникалық интеллигенцияны тәрбиелеудегі қызметіне (1971-1975 жж)» арналып, қасаң коммунистік идеология талаптарына бейімделіп жазылғандықтан, шынайы тарихи мәселелерді айналып өтіп, қолында билігі бар партияның іс-әрекетін мақтап-мадақтап көрсету әкімшіл-әміршіл жүйенің ғылыми-зерттеу заңдылығынан шыға алмаған. Ол «инженер-техникалық қызметкерлер жұмысшылар мен колхозшылармен бірге коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасаушылар. Сондықтан олар техникалық прогресс жолындағы күресте алдыңғы сапта тұрады. Жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлердің арасындағы қатынастан олардың арасында одақтың берік орныққандығын аңғарамыз.

Инженер-техникалық қызметкерлер еңбек жағдайы мен психологиясы бойынша, интеллигенцияның басқа топтарына қарағанда, жұмысшы табына жақын, сондықтан оларға күнделікті саяси, идеологиялық, моральдық жағынан ықпал етіп отырады. Сонымен бірге инженерлер мен техниктер жұмысшылардың мәдени-техникалық және идеялық-саяси деңгейінің артуына ықпал етіп, еңбек ұжымдарының ұйымдастырушысы және тәрбиелеушісі ретінде әрекет ететіндігін айтады [141, 1-2 б.]. Л.Я. Гуревичтің кандидаттық диссертациясы партия тарихына арналғандықтан, сол кезең талабына сай жазылған. Кейін докторлық диссертациясында интеллигенцияға байланысты көптеген ой-тұжырымдарына сыни тұрғыда қарап, жаңаша ой қорытады.

С.С. Әбубәкіров монографиясының бір тарауы инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік белсенділігіне арналып, олардың қоғамдық-саяси, өндіріс саласындағы қызметі сараланған. Жұмыс теориялық-методологиялық жағынан ресми методология тұрғысында жазылғанына қарамастан, идеологиялық жұмыстың соғыстан кейінгі мазмұны, формалары, әдістеріне тоқталып, мол мұрағат фактілерін ұсынады. Автор «инженер-техникалық қызметкерлердің қоғамдық-саяси қызметі барлық коллективтерде де жұртшылықтың саяси және еңбек белсенділігінің өсуіне оңды ықпал етті. Бұл бір жағынан олардың өз қабілеттерін толық ашуына, совет мамандарына қажетті қасиеттерді бойларына дарытуларына жәрдемдесті. Екіншіден, ой еңбегі мен дене еңбегінің жақындасу процесі үрдіс қарқын алып, үзіліссіз жүргізілді», - деп қорытындылайды [17, 99 б.].

Алайда 1980-1990 жылдар Қазақстан тарихнамасында жаңа серпін пайда болды. Коммунизмнің, КОКП-ның адамзат тарихында алатын орны, билік жүйесі, саяси режим мен оның құрбандарының рөлі жаңаша зерделене бастады. Бұл біз зерттеп отырған мәселеге ықпалын тигізді. Түбегейлі саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, қазіргі заман тарихындағы ғаламдық оқиғалар: Коммунизмнің әлеуметтік жүйе ретінде күйреуі, КСРО-ның құлауы, жаңа мемлекеттердің пайда болуы, идеялық парадигмалардың ауысуы тарихнамаға әсерін тигізді. Методологиялық дағдарыс жағдайында, жаңа қазақстандық тарихнама қалыптаса бастады.

Кеңестік тарихнаманың әлемдік зерттеулерден оңашалануы, өкімет тарапынан бақылаудың орнауы, белгілі схемамен жазылған еңбектердің пайда болуына әкелді.

1990-шы жылдардың басында мемлекет, қоғам қайраткері Д.А. Қонаев 1936 жылы Москва түсті металлдар мен алтын институтының тау-кен факультетін аяқтаған соң, Қоңырат-Балқаш құрылысына жолдама алғандығын естеліктерінде жазады. Комбинат құрылысы барлық партия мен халықтың негізгі ісіне айналғандығын еске алады. Құрылыс Наркоматтың ерекше бақылауына ғана алынып қойылмай, КСРО Ғылым Академиясы еліміздің барлық ғылыми-техникалық қызметкерлеріне үндеу тастап, өздерінің жеке қатысуларымен құрылысқа қатысуға шақырады. Газеттерде «Индустриализация үшін», «Балқаш үшін күрес!» деген үндеулермен мақалалар жиі жарық көргендігі естелікте келтірілген [439, 19 б.]. Қоңыратқа келгенде, Д.А. Қонаев жобалау бөлімінің аға инженері қызметін ұсынғанда, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап көрген дұрыс болар деп ұсыныс білдіргендігін жазады. Қазіргі жастар кеңсе қызметкері болуға асығатындығын, күнделікті жұмысшылар мен инженер әріптестеріңмен арадағы қарым-қатынас, пікірлесу өзіңді шыңдайтындығын, сөйтіп инженердің кәсіби шеберлігінің бірте-бірте қалыптастығын да ескертеді.

1937 жылғы 5 ақпандағы «Балхашский рабочий» газетінде «...Тау-кен цехындағы қазақтар арасында техникалық оқуды инженер Қонаев жүргізіп жүр. Қонаев жолдас техникалық оқуға дайындықпен келіп, қарапайым тілмен түсіндіреді... Мысалы жұмыс орнында машинаның әртүрлі бөлшектерін көрсетеді. Өзі техникамен қалай жұмыс істеу керектігін, қосып, ажырату механизмдердің жұмысын тоқтатуды үйретеді.Жаңа техниканы игеруде басқа да күрделі қиындықтарды шешуге көмектеседі. Инженер Қонаевтың жұмыс тәжірибесінен үлгі алу керек» басылғандығынан мысал келтіреді. Ал 1937 жылғы 27 ақпандағы «Балхаш жұмысшысы» газетінде Қазақ Өлкелік Комитеті мен ауыр өнеркәсіп Наркоматының Ауыспалы қызыл туы жолындағы күресте Д. Қонаев басшылығымен бұрғылау цехы жеңіске жеткендігі жазылды. Қонаев учаскесі 10 күндік норманы 122 пайызға орындап, Қызыл туды өз учаскесінде қалдыру үшін күресуде деп баяндалады. Газеттерде кадрлардың жақсы даярлығы мен техникалық оқуды ұйымдастыру жайлы жазылды[439, 26-27 б.]. Біз естеліктен инженер-техникалық интеллигенцияның өндірісті ұйымдастыруға қатысқандығы, техникалық оқуларды ұйымдастырғандығы жайлы мәліметтерді аламыз. Жас жұмысшыларды кәсіби жағынан даярлаумен, техникалық оқуларды өткізумен қатар, насихатшылардың білім деңгейін арттыруға үлес қосып, жұмыстан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарды орындауға атсалысқанын да еске түсіреді [438, 33 б.].

Біз белгілі мемлекет қайраткері Д.А. Қонаев естеліктерінен соғыс қарсаңында бас инженер Д. Вербицкиймен бірге «Бұрғылаушыларды стахановтық еңбек тәсіліне өткізу» деген тақырыпта Риддер жұмысшысы» газетінде мақала жазып, үндеу тастағандықтары жайлы да еске алады. Мақала көпшіліктің кең қолдауын тауып, «Алтайполиметаллдың» барлық кеніштерінде талқыланғандығын жазады. Сонымен қатар соғыс жылдары екіжүздікшілдер, үшжүздікшілердің патриоттық қозғалыстары жалпыхалықтық қолдау тауып, оған жұмысшылар мен инженерлердің еңбек сіңіргендігін саралайды[439, 54-55 б.].

Қоңырат, Лениногор, Ащысай кеніштерінің коллективтері ерекше қажетті материалдарды дайындауды игергендігі қарастырылған. Лениногор кенішінің бұрынғы директоры Сиразутдинов ұсынған кен жынысын қазудың жаңа тәсілі бұрғышылардың еңбек өнімділігін екі еседен аса арттырып, өнімнің өзіндік құнын 35 процентке кеміткендігі қаулыда қаралды.

Республика ғалымдары инженер-техникалық қызметкерлер мен жұмысшы рационализаторлар мен ынтымақтастықта соғыстың бір жылының өзінде өндіріске қорғаныстық және халықшаруашылық маңызы бар 85 практикалық ұсыныстар енгендігін де жазады.

Инженер-техникалық интеллигенцияның қоғамдық-саяси қызметінің әр алуандығы, қоғам дамуының барлық саласын қамтитындығы, олардың кеңестік кезеңдегі адам тәрбиелеуге, жұмысшылар мен шаруалардың мәдениетін көтеруге, мемлекет пен қоғамды басқаруға белсене қатысқандығы жайлы соғыстан кейінгі уақытта жазылған әдебиетте, еңбектерде кеңінен орын алды.

Тоталитарлық басқару саясаты кезеңінде коммунистік партия мамандарды идеялық-саяси жағынан тәрбиелеуге мән беріп, шығарған қаулылары мен қарарлары деректік маңызы зор мәліметтер береді. Сондықтан оларға сыни талдау жасай отырып, құжаттардағы мәліметтердің өндірістік-техникалық интеллигенция тарихын зерттеуде ғылыми құндылығы зор. Тарихи зерттеу еңбектерін маркстік методология негізінде жазу 1990-шы жылдардың басына дейін орын алды.

1990-шы жылдардың басынан бастап отандық тарихнамада теориялық-методологиялық бағытта өзгеріс пайда болды. Маркстік методологиядан бас тартып, танымдық плюрализмге бетбұрыс жасалды. Зерттеушілер бұрын біз қарастырып отырған мәселеге формациялық көзқараспен қараса, енді 1990-шы жылдардан бастап өркениетті көзқарас тұрғысында баға бере бастады.

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның идеялық қызметінің тарихнамасында А.Ш. Алтаевтың монографиялық еңбегінің алатын орны өзгеше. Автор Қарағанды көмір бассейніндегі жұмысшы табының әлеуметтік дамуын зерттегенімен соғыс жылдарының қарсаңында, жылдарында, кейінгі жылдары кең қанат жайғандығын қарастырады.

1950-ші жылдардың екінші жартысындағы жарыстарда іске шығармашылықпен қарау, еңбек өнімділігін арттыру жолдарын іздестіру кең қолдау тапқандығын айтады. Осы кезеңде «Еңбекке коммунистік қатынас» патриоттық қозғалысының өріс алғандығын саралайды.

1960-шы жылдардың екінші жартысынан бастап социалистік жарыс мынадай негізгі факторлармен анықталғандығын: біріншіден, кәсіпорындардың техникалық жағынан қайта жарақтануы, алдыңғы қатарлы технологияны ендіруге байланысты шахтерлердің еңбегінде сапалық өзгерістер пайда болып, өнімдірек бола түсті; екіншіден, кеншілердің білімдік, кәсіби-біліктілігі артып, жоғары еңбек өнімділігін көрсетуге қабілеттілігі артты. Осыған сәйкес жарыстың әлеуметтік функциялары өзгерді деп пайымдайды.

Зерттеу кезеңінде Қарағанды бассейнінде «Еңбекке коммунистік қатынас» қозғалысының кеңінен дамып, жарыстың экономикалық, әлеуметтік-саяси және идеялық-тәрбие функцияларының үйлесімділік тапқандығын зерделейді. Ал қазіргі кезеңде «Еңбекке коммунистік қатынас» жарысының өзектілігінің жоғалғандығын айтады [440, 86-87 б.].

Аталған тақырыпты зерттеуші ғалымның кандидаттық диссертациясының бір бөлімі 1961-1970 жылдардағы инженер-техникалық интеллигенцияның қоғамдық-саяси қызметіне арналған [441]. Автор мәселені қарастыруда батыл жаңаша ғылыми пайымдаулар жасап, теориялық-методологиялық жағынан сыни көзқарасын білдіреді. Қоғамдық саяси жұмыстың көп жағдайда формалды түрде жүргізіліп, сөз бен істің арасында алшақтықтың болғандығын ашып көрсетеді [441, 25 б.].

Тәуелсіз қазақстан тарихы кезеңіндегі зерттеушілердің жаңа легі жаңа деректік біліммен толығып, кең көлемдегі, жан-жақты мәліметтермен толығып, теориялық-концептуальдық жағынан берік тұжырымдар қалыптасу үстінде.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет