әрекетшіл
болуы керек екендігін көреміз – бұл оның логикалық негізділігі
мен шынайылығына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Көзқарастар пайда
әкелуден қалған тұста өзгеріске түседі; кей кезде, тіпті, кісі танымастай
құбылады. Бұрынғы заманның діндар адамдарының басым бөлігі бұған аса
қобалжымайтын, өйткені олар Құдай туралы түсініктің мәңгі қастерленетін
дүние емес, уақытша шарттылық екендігін өте жақсы білген. Адамдар ойлап
тапқан рәміздер олардың тасасында бүркемеленген, сипаттауға сөз жетпейтін
Ақиқаттың дәл өзі емес. Кейбір ойшылдар бұл айырманы мейлінше қатты
әжуә сөздермен атап көрсетіп отырған, тіпті, бір ортағасырлық мистиктің
14
тереңдеп кеткені соншалық, қателескендіктен «Құдай деп атайтын Шексіз
Ақиқат турасында Інжілде мүлде ештеңе айтылмаған» деуге дейін барған.
Адамдар өз тарихының өн бойында мына дүниеден тысқары жатқан әлдебір
рухани өлшем барын сезген. Санадан сыртқары дүние туралы ой толғау –
шын мәнінде ақылдың ғажайып қасиеттерінің бірі. Қалай пайымдасаңыз
да, адамның бұл трансценденттілік тәжірибесі – бұлтартпайтын айғақ.
Айта кетерлігі, одан жұрттың барлығы бірдей Құдайлық болмысты көре
бермейді. Мәселен, буддистер рухани көріністер мен нұрланулар адам
табиғатына тән құбылыс және оларда табиғаттан тыс тылсым бастау
жоқ деп сенеді. Дегенмен, барлық ірі діндердің тұжырымы бір нәрседе
тоғысады: Трансценденттілік немесе Тысқары Әлем әдеттегі сөздермен және
ұғымдармен суреттеуге келмейді. Бірқұдайшылдық жақтастары осы жоғары
ақиқатты «Құдай» деп атайды және онымен қарым-қатынасқа белгілі бір
шектеулер қояды. Мәселен, иудаистерге Құдайдың қастерлі Атын атауға, ал
мұсылмандарға Құдайды заттай бейнелеуге тыйым салынған. Мұндай қатаң
шектеулер «Құдай» деп аталатын ақиқаттың оны адамдардың кез келген
сипаттау әрекеттерінен жоғары тұратындығын еске салады.
Бұл кітаптың мазмұны – үйреншікті мағынадағы тарих емес, себебі
Құдай идеясы бір бағытта дамыған жоқ. Ақырына дейін пісіп-жетілген
көзқарастарға алып келетін не нақты бастауы, не өсу үдерісі болмады.
Ғылыми идеялар осылай дамуы мүмкін, бірақ өнер мен дін бұл қатарға
жатпайды. Махаббат лирикасы сюжеттердің мейлінше жұтаң жиынтығына
сүйенеді деген пікір қалыптасқан; Құдай турасында да әлем халықтары әр
заманда қайта-қайта бір-ақ нәрсені айтып келді. Әрі қарай біз яхудилердің,
христиандар мен мұсылмандардың Құдай туралы түсініктерінен көптеген
ғажап ұқсастықтарды байқаймыз. Атап айтқанда, Үштік пен Адамиландыру
(Құдайдың адам кейпіне енуі) доктриналарына еврейлер мен мұсылмандар
күпірлік деп қарайды, бірақ олардың бұл қарама-қайшы діни тұжырымдарға
қатысты өзіндік түсіндірме нұсқалары бар. Дегенмен, мұндай жалпылама
доктриналарды ұғындыру тәсілдері қашанда әр түрлі болады, сөйтіп,
бұл, «Құдай» түсінігін беруге тырысқан адам қиялының тапқырлығы мен
өзгешелігін танытады.
15
Бұл тақырып шамадан тыс кең болғандықтан, мен саналы түрде яхудилер,
христиандар мен мұсылмандар сенетін Бір Құдаймен шектелдім; дегенмен,
арагідік бірқұдайшылдық позициясын айқынырақ суреттеуге көмек беретін
пұтқа табынушылардың, индуистер мен буддистердің Шексіз Ақиқат
концепцияларына да орын бердім. Бір ғажабы, бірқұдайшылдық идеясы
іс жүзінде бір-бірінен тәуелсіз дамыған басқа діндердегі түсініктермен
ұқсас. «Құдай» туралы ең ақырында қандай қорытындыға келсек те, осы
идея тарихының өзі бізге адам ақылының қасиеттері мен оның асқақ
ұмтылыстары туралы өте маңызды мәліметтер береді. Батыс қоғамының
басым бөлігінің өмір салты дінмен онша байланысты болмаса да, Құдай
идеясы миллиондаған адамдардың санасына бұрынғыдай ықпал етіп отыр.
Жақын арада жасалған сауалнамалар көрсеткендей, америкалықтардың
тоқсан тоғыз пайызы Құдайға сенетіндігін мойындаған. Енді солардың
әрқайсысы сенетін «Құдай» қандай, соны анықтау ғана қалып тұр.
Құдайтану ілімін көбіне іш пыстырарлық және дерексіз сипатта дейді,
бірақ Құдайтану тарихы шиеленіс пен құштарлыққа толы. Шексіз Ақиқаттың
кейбір концепцияларынан айырмашылығы сонда, ол әуел бастан азап пен
қақтығысқа толы күреспен қат-қабат жүрді. Құдайдың алдында израилдық
пайғамбарлар кісі шыдамас дертке душар болып, он екі мүшесі қыл бұрауға
түсті, ал жансарайлары сұрапыл сезімдер мен таңданыстарға толды.
«Құдай» аталған нәрсе бірқұдайшылдықты жақтайтындарға көбіне тосын
жағдайларда көрініп отырған: ол туралы хикаяларда әдетте «тау шыңдары»
және «қараңғы түндер», үмітсіздік шыңырауы, азап пен шырғалаң алма-
кезек кездесіп отырады. Батыс жұртының әсерлері тіптен қорқынышты
көрінеді. Осы бір өзгермейтін күйзеліс қайдан шығады? Басқа жағдайда
– Жарық және Жаңару. Мұндай көріністерді бастан кешіргендер сөзбен
жеткізіп болмайтын Ақиқатты мейлінше өткір бейнелі теңеулерге жүгіну
арқылы суреттеп, ортодоксалды дін ғылымы шегінен әбден ұзап шығып
кетеді. Кейінгі уақытта пайда болған мифологияға деген қызығушылық
діни ақиқаттарды айқын сипаттаудың жаңа, мейлінше әсерлі тәсілдерін
іздестіруді қажетсінуі мүмкін. Жалпыадамзаттық мифологияны зерттеп,
көне мифтерді бүгінгімен байланыстырған америкалық ғалым Джозеф
16
Кэмпбеллдің еңбектері айрықша танымал болып отыр. Көпшілікке
бірқұдайшылдықтың үш дінінде мифтік сарындар мен поэтикалық
символика жоқ секілді көрінеді. Шындығында, монотеистер, ең алдымен,
пұтперестердің (пұтқа табынушылардың) мифтерін өздерінің діндерінен
алып тастады. Алайда, олар әр-әр жерден қайтадан қылаң беріп қалады.
Мәселен, мистиктер Құдайды әйел бейнесінде жиі көреді; басқа біреулер
Құдайдың жыныстық табиғаты болғандығына ықылас танытады және оны
әйелдік болмыспен толықтырады.
Бұл менің алдымда көптеген қиыншылықтар туғызды. Өйткені Құдай
ерте кездерде таза еркектік болмыстан тұрды, сенушілер Оны атағанда
еркек сипатында елестетті, соңғы кездері бұл жағдай феминист әйелдердің
наразылығына кезікті. Бірақ мен Құдайды еркек ретінде сипаттаған
халықтардың ойлары мен көзқарастарын баяндағым келеді. Сондықтан
еркек тегіндегі дәстүрлі нұсқаларды ұстанатын боламын (тек орта текке
жүгіну ақылға сыйымды болатын жерлерден басқа жағдайларда). Бірақ
Құдайға байланысты лексикондағы ер тегі барлық тілдерге тән емес екендігін
айта кеткен жөн. Көне еврей, араб және француз тілдерінде грамматикалық
тек категориясымен берілген діни пайымдардағы түрлі тектік бастаулардың
контрапункті мен теңдігінің диалектикасы ағылшын тілінде жоқ. Мәселен,
араб тіліндегі
Аллах
(Құдайдың жоғарғы аты) грамматикалық тұрғыда ер
тегіне жатса, басқа
алдхат
ұғымы Құдайдың Құдайлық және танылмайтын
болмысын білдіре отырып, әйел тегіне жатқызылады.
Құдай туралы кез келген пайым ара-тұра едәуір қиыншылықтар
туындатады. Бірқұдайшылдық жақтастары қашанда Шексіз Ақиқатты сөзбен
түсіндіруге болатындығын жоққа шығарып келді, алайда дәл осы мақсат үшін
тілдің барлық бейнелеу байлығын қолданды. Яхудилердің, христиандардың
және мұсылмандардың Құдайы – «сөйлейтін» Құдай, Оның Сөзі барлық үш
дінде де маңызды.
Құдай Сөзі
бүкіл біздің мәдениетіміздің тарихын анықтап
берді; ендігі ретте біз үшін «Құдай» сөзінің мәні қаншалықты сақталғанын
айқындау қалды.
|