Бағдарламасы бойынша басылып шығарылды «Торғай кітапханасы»



бет4/19
Дата11.01.2017
өлшемі4,14 Mb.
#6804
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Кедейлік туралы
Дегесін әй, кедейлік, әй, кедейлік,

Көңілі мені көрсе жай кедейлік.

Дүниеде төрт кедейлік бар деуші еді,

Құдай – ау, мендегісі қай кедейлік?!


Бірінші кедейлігің – бас болады,

Екінші – ішетұғын ас болады.

Үшінші – қатын менен қара қазан,

Төртінші – мінетұғын ат болады.


Кедейлік, менде нең бар, көзімді ашпай,

Көрсеттің жексұрын ғып қарындасқа.

Қасымнан қысы – жазы бір қалмайсың,

Көзтаныс таппадың ба менен басқа?!


Ал, енді, Сейдахмет, қалам ұста!
Ал енді, Сейдахмет, қалам ұста,

Шырақ шырын тәніңнің сөзін баста.

Бұл дүние желіп, жортып өте шығар,

Кейінгі келешекке қамын нұсқа.

Жетіп тұр 49 – ға менің жасым,

Түзелмей фитнәдән ығласым.

Жаратқан әуел баста ғазиз етіп,

Шірисің тар миғнатта ғазиз басым.

Бір аз күн дүиеден һәмдән болып,

Жан, тәннен айырыларсың, аһ, жолдасым.

Естіген түрлі сөзді сен, құлағым,

Әр неден ғибрат алып ашқан бағын.

Ғибрат сенен қанша алсам – дағы,

Мысалы, ол бір ұқсас көрген сағым.

Шірисің ләхәт шыра ғаріп болып,

Дариға, жүрегімде қалды дағың.

Раушан шамшырағым – екі көзім,

Қараңғы сен болмасаң басқан ізім.

Дүниеде қанша жүрсем жол табушы ем,

Боларсың ләхәт шыра нешік көзім?

Нәрсеге жақсы – жаман қызықтырып,

Дүниенің білдірмедің опасызын.

Шығарған қажетімді екі қолым,

Бір ишан сен болмасаң сауда солым.

Дүниеде ең қажетім, керегім сен,

Бет алсам қай тарапқа ашық жолым.

Халық алса таусылмайтын кен секілді

Серіктес ғұмырымда, сауда белім.

Буыны мың теңгелік он саусағым,

Сенімен неше түрлі мінген тағым.

Кірген соң тар ләхәтқа ғаріп болып,

Сыйыңды, аһ, дариға, бұлданбағын.

Өмірің неше жылдай қырдан асып,

Бұл күнде бұрынғыдан бағаң қашып.

Іздеген талабыма жүрсем жеткен,

Залалкер залым көрсем қашып кеткен.

Тәнімнің бар қуаты екі аяғым,

Дариға, айырыларсыз қан мен еттен.

Аифаслу екі тесік ғазиз мұрын,

Хош иіс нұр һауасан тартар шырын.

Жақында тәнге зарар иіс болса,

Тезлікпен білдіруші ең оның сырын...


Қыз сипаты
...Сипатың перизаттың баласындай,

Көп ойлап зарланамын шарасыздай.

Өзіңмен қатар қызға көзім салсам,

Араңыз жер мен көктің арасындай.

Мақтауым жазғанменен таусылмайды,

Өлкейек, Қабырғаның саласындай.

Өзгеден бір омыртқаң артық екен

Сыдыратіл, Мұңдағанның ағашындай.


Өсиет
...Адамның алда тұрған болашағын

Болжайтын әрі соған жол ашатын –

Ар, иман, тілім, дінім, салтым ғана,

Байлық та онан асар жоқ аса тым.


Ісіне ағайын – жұрт, қайран қалам,

Тірліктің жолын дұрыс айыра алмаған.

Жер – Ана дән сепкенге нан береді,

Нан – иман деп айтты ғой қайран бабам.


Өмір жоқ нан жоқ жерде, көрді көзім,

Басуың қиын нансыз төрді де өзің.

Ел болып отырықшы, егін екші,

Осы айтар өсиетім – мөрлі сөзім.




Тағы да кедейлік туралы
Бес ешкі біздің үйден лақтайды,

Лақты қонақ келсе шыдатпайды.

Бұл күнде лақ түгіл шұнақ та жоқ,

Қонақты қатын – бала ұнатпайды.


Меймандар, соғым арық, қар кесек,

Шошала ұнатпайды бара берсек.

Аспаннан жауған қар да таусылады,

Бір жерден күнде көсіп ала берсек.



Хат жаздым хатта Қорған (Каттақорған?) қаласына

Хат жаздым хатта Қорған қаласына,

Данышпан ақылыңның данасына.

Хат жазып 5 – 6 ауыз жіберейін,

Жәкеңнің Қоныс атты баласына.
Әкеңнен 7 жаста жетім қалдың,

Келгенде 8 жасқа мектеп бардың.

Бақытың күннен – күнге өрлей – өрлей,

Түркістан уезінен пенсия алдың.


Шет жерде хакім болып жүремісің?

Бедеу ат кекілік қылып мінемісің?

Бұл жақта Арғын – Қыпшақ көп жұртың бар,

Қоныс – ай, кім екеніңді білемісің?


Ғазизім, жаным төзбей жаздым хатты,

Кетірер залым дүние инабатты.

Күндіз ойда, ұйықтасам түсімдесің,

Түсінбей қылығыңа басым қатты.


Дегенде дұшпан төбем шымырлайды:

«Ғазизің елін – жұртын пұлға сатты».

Ғашықтық Жүсіп – Сыздық 40 жыл күйіп,

Жанына Зылиханың қанша батты?


Одан да кем демеңіз біздің ғашық,

Кездесер күн болар ма мауқым басып?

Егер де дертің болып дауа десе,

Қанымды қияр едім бірер қасық.

Көңілім қасіреті кетер сонда,

Отырсаң жүз көрісіп амандасып.


Ғазизім, хат жазамын сағынғасын,

Ғашықтық өкпемді алып қабынғасын.

Сыңары егізімнің екі – ау көзім,

Қарары көңілімнің алынғасын.

Көре алмай рахымыңды аһ ұрамын,

Рахаты құмарымның тарылғасын.

50 – ге машақатпен жетті жасым,

Ішінде бақыт, дәулет сенің басың.

Бақытың басыңда бір тұрған шақта

Шақырар дос – дұшпанды піскен асың.

Бас ауырып, балтырларың сыздаған күн

Жаны ашып басың сүйер кім жолдасың?


Бақытың баста барда дұшпан да дос,

Жем берген көп қарғаға бір қыран құс.

Көпшілік хабарыңды күзетіп тұр,

Көп емес басқа ағайын көңілден тыс.

Етемін жоқты уайым, қайғырамын,

Ажалға Хақ сұбықан берген тыныс.

Ер көрмей тапты бала Мария анаң,

Туғызған тастан түйе Хақ тағалам,

Мал жимай Ғазірет Ғалы қалай өтті,

Бар болса санаңызда ойлап қара.


Сүлейменді ол кісі қылды ғой дос,

Көкке ұшты пері мініп миялы құс.

Нақа сұлу тарихи күн туғанда,

Алтын деген шынында болады мыс.

Жүзігін Сүлейменнің пері әкетіп,

40 күн патшалықтан қалдырды бос.

Патшаның талай пері қызын құшты,

Нәсілі зат топырақ болғаннан соң,

Көкті мекен ете алмай жерге түсті.

Айтайын бұрынғыдан өткен істі,

Азырақ қылып болжау көрген түсті.

Мертігіп бір жолбарыс жатыр еді,

Түлкімен шағыл келіп көзге түсті...

Нұртазаға хат
Нұртаза, сәлем жаздым інімізге,

Қате айтсам, айып етпе мінімізге.

Ертерек өлең – жырда кез болмадың,

Ту алып тұлпа мінген кезімізде.


Мың тоғыз жүз алтыншы – алпыс төртте,

Кез болдым ауырмай – ақ ауыр дертке.

Бұрынғы біздің заман хош ауа еді,

Кез болдым қар менен мұз жанған өртке.

Жарқыным, әуес еттің қандай кеңес,

Бұл заман біздің көрген заман емес.

Айырылдық бұрынғының әммесінен,

Болғасын ақыл аума, көздер көмес.

Жас ұзын, ақыл – қайрат төмен кетіп,

Жүретін дәуір қайда көлеңдетіп?

Бәйгеден келіп жүрген кәрі тарландай,

Біреу жазса қаламыз елең етіп.


Дұғай сәлем жазамын, Нұртаза ерім,

Беймаза жасыңнан жоқ қылған жерің.

Таранып түс қайтқанша, тойдан қалып,

Болдым ба алпыс бесте жұмыскерің?


Дұғай сәлем жазамын Нұртазаға,

Айтқан сөзге нанудан құр тазаға.

Айтылған рас сөзге нана қойса,

Бұрынғы қалыбынан жұрт аза ма?


Таранып сен отырсың тойдан қалып,

Найзаны жау қайтқасын қолыңа алып.

Алдымда бір шылапшын, қолда шыбық,

Отырмын бұрынғының әнін салып.


Нансаңыз менің жасым алпыс бесте,

Жастығының бәрі жоқ, келмейді еске.

Бұл жерге келіп кетуге алыссынсаң,

Ала бер Асан жанын қиып кешке.


Ауылы Жалдаманың басында отыр.

Көңілі потребке тасында отыр.

Бір сөздің нанымына жарайтұғын

Өзі бір партияның басында отыр.


Қалды ма Асан байғұс жанын сатып,

Бір сөзге нандыра алмай қара басып.

Тағышының иті еді үріп шығар,

Енді кімге нанасың онан асып?


Асанның иманына нанбадыңыз,

Тышқақ лақ есебіне алмадыңыз.

Кеншімбай, Кеңесбаймен бірі даяр,

Келіп антын алуға қамданыңыз.


Кеңесбай байлау аттай арындаған,

Иттігі тәуір жігіт арылмаған.

Сұрасаң Кеншімбайдың сөз мақамын,

Сиырдың сідігіндей сарылдаған.


Осының үшеуінің біріне нан,

Алмаған үштің бірін не деген заң?

Алмасаң үштің бірін инабатқа,

Өз қамын да ойлар – ау өлмеген жан.


Қыпшақтың жұмыс қыл деп көксау шалын,

Сөз шығар ашулансам оттай жалын.

Міндет қып осыншама қоймайтұғын,

Бар ма еді бес қой, киім, берген малың?


Десеңші бір сөзіңе нанайын да,

Көксауды жастай болған тонайын ба?

Басына бір жұмыстың мінгеннен соң,

Істемес екі жұмыс малайың да.


Нанбайсың айтқан сөзге үйде жатып,

Той тарқап, қалған етті шиден татып.

Нанбасаң Кеңесбайдың иманына,

Алармын егініңе бір аунатып.


Бойында Жалдаманың Асан жатыр,

Хақысын пақырлардың асап жатыр.

Одан да қанағаты болмаған соң,

Сулардан шабақ аулап қасапта тұр.


Айна
Бейшара Сейдахмет, сөзге жазған,

Болар ма арық өзен қолмен қазған?

Балпылдап қартайғанша сөз сөйлейсің,

Көріксің сен бір ескі, көні тозған.

Бұл заман қайсы заман, көзіңді сал,

Бәйге аттан ерен жүйрік байтал озған.

Егер де махаббатың түссе күңге,

Біреудің қарт қатыны артық қыздан.

Қарасаң бұл дүниенің пендесіне,

Мал тәтті, туысқаның ащы тұздан.

Бәрі де жақсылардың өре қолдап,

Қараға көп ант берді ақылсыздан.

Он тиынға он кісі куә сайлап,

Ант оңай солды өзенде қатқан мұздан.

Қараға ант бермеген жан қалмады,

Құпия еш қалмады сырымыздан.

Би, болыс, ауылнаймен өзі қолдап,

Кедейді арзандатты, байды бұлдап.

Көрінбей мың қарасы ұрлық қылып,

Байлар да боғын езді – ау екі қолдап.

Ұрылар алты қара ұрлап келсе,

Береді әкімдерге бірін сомдап.

Егер де ұрлап келген малы шықса,

Келеді мал иесі әңгіме арнап.

Ұрыдан малымды әпер деп отырса,

Ұрыны қашырады өздері ымдап.

Ұрыға қас боп біреу хабар берсе:

«Мықтармын, бәлем сені! – дейді екен, - қап!»

Бәрі де жақсылардың отыр қолдап,

Байдан қайыр, билерден кетті нысап.

Бетін басып «тап» деген балаларша

Біреуді біреу отыр көзбен алдап.

Деп ойла жауға ұмсынсаң өлім жақын,

Аз ғой деп дау қомсынсаң кетер хақың.

Байлардан бір семізді міне шабар,

Сайлауға мен секілді әр құ тақым.

Біреуі оған, біреуі бұған тартып,

Айырылды қожайыннан бала – қатын.

Қалады ауыл айнала ойбай салып,

Қожайын ұстай алмай жамағатын.

Біреуін ағайынның біреуі жеп,

Дүниенің жұрт көрмеді рахатын.

Ант пен ұрлық жайылып, күн қарайып,

Пайғамбар көрсең еді жарақатын.

Халық дұрыстығымен сайлады деп,

Түсініп, ойлап жатыр жоғарғы әкім.

Егескен партия мен белтеропке,

Қазаққа бермесе екен мәслихатын.

Мал бітсе бір адамға көре алмадым,

Жұт болып, мұқтаж болса бере алмадым.

Бір күні тойсам маған кім жолар деп,

Ойыма кедейлікті бір алмадым.

Біреудің бойындағы мінін көрмей,

Өзімді жаман қылып жүре алмадым.

Өз ойым биік таудан асқым келді,

Тау түгіл белеске де шыға алмадым.

Меңзедім қайратымды арыстанға,

Белдесіп көбелекті жыға алмадым.

Теруге жамандықты мен бір тауық,

Екі адам араз болса, қылдым сауық.

Жамандық бейне мисал ешкі қотыр,

Тұрамын қасып – қасып, ауық – ауық.

Іс келсе көңіліме бір жамандық

Айтамын сөз қылғанға шыға шауып.

Бір адам жамандықты таста десе,

Тұрамын шабаланып, иттей қауып.

Екі адам тату болды деп естісем,

Қалады көшім тоқтап, жүгім ауып.

Мүштерек көпке бірдей осы екен деп,

Иесі меншіктеген алар тауып.

Бұл мінез бар сенде де, Сейдахмет,

Кетпесін әркім талап, жала жауып.

Атамыз Тілеуліге харам жаққан,

Көбісі әулетінің соны баққан.

Солардан қақтықтырып алып шығып,

Бір қалың кедейлікке қуып тыққан.

Не түрлі күшім келген еттім талап,

Белгі жоқ етегіме бірі жұққан.

Адамға шайтан – лақпа таласы бар,

Егер де сақтамаса бәлесі бар.

Сақтауға Хақ тағалам әмір етсе,

Қалса да тау астында қаласы бар.

Кім ойлар қалайын деп қатарынан,

Құдайдың өлшеп берген шамасы бар.

Кей адам үйде орнығып отыра алмас,

Артында сөз тиеген шанасы бар.

Кей жігіт құйып берер шалабы жоқ,

Аузында арақ құйған сабасы бар.

Терісі кей адамның тесілмейді,

Ішінде қылыш, найза пәлесі бар.

Сырты бар кейбіреудің айдан аппақ,

Ішінде сауысқанның аласы бар.

Дүниеде Тақ Сүлеймен мұңсыз десең,

Оның да перзент үшін санасы бар.

Ас таппай қазанына тас қайнатқан,

Ғали атты Әбу Тәліп баласы бар.

Азбаған ел адамы жалғыз – жарым,

Үй басы азған елдің ағасы бар.

Біреудің ғашық болған мағашоқы,

Біреудің сол секілді қумасы бар.

Байдан қайыр, бақырдан нысап кетіп,

Әншейін мұсылмандық жорасы бар.

Мұсаніп тәсініптей болмағанмен,

Сөзінің Сейдахмет расы бар.

Надан дос тамақ тойса бері беттер,

Ортайса аз тамағы әрі беттер.

Бар болса бар қадірсіз, жоғы пұлсыз,

Пырылдап үйден – үйге ұшар кептер.

Достар бар сол секілді құр қарақшы,

Күнің жоқ олай болса аулақ кет дер.

Жар тартып ішке достар жақындаса,

Жамандар жұла қашып төңіректер.

Ішің түтін, сыртыңнан бүтін болып,

Кететін дұшпаныңа талай кектер.

Кетер ме дүниеде көңіліңнен

Көзің көріп, көңілің білген шектер.

Дүниеде күншіл адам жынсыз бақсы,

Мал қаппас құтырған ит онан жақсы.

Ойлама мал біткенді керемет деп,

Қайтеді ит мойнына гауһар тақса?

Ойлаңыз керемет деп мына құлықты,

Бақыр мен ғаріп, міскін, жетім бақса.

Ізгілік Тәңірі нәсіп етпегендер,

Бақырып оңалар ма қолмен қақса?

Қалмады жөндер адам былай жүр деп,

Адасып қонар жерден көбі лақса.

Ойлап ем халықтың сырын бастағалы,

Сөз емес біреуге арнап тастағалы.

Айтуға пәленге деп мүмкін емес,

Соқырды ұрып, сауларды жасқағалы.

Байлар, хакім, ұрымен бәрі жолдас,

Сондай дерт пайда болды ұстамалы.

Баласы пәленшенің осындай деп,

Жамандық баласына нұсқағалы.

Көңілі халайықтың екі қабат,

Сырты ақ, іші қара тыстамалы.

Әкімге мал тимесе мағлұм етер.

Қонары әкімдердің болмаған соң,

Ұры мен мал иесі өзі бітер.

Әділдік тура тартып бермеген соң,

Сайлайды біздің қазақ биді бекер.

Сүтін де анасының ақтай алмас,

Олардың партиямен есі кетер.

Адамы бұл заманның сөйтіп азды,

Өзіне жын – шайтанды қылып нөкер.

Байлар да мақтанады ақшасына,

Мастанар бәйбішелер боқшасына.

Құдасы бұл заманның баймен болды,

Өзінің қарамайды тұстасына.

Азырақ беті сұлу, қызыл болса

Мастанар қыз – келіншек нұсқасына.

Аузына салып құмар насыбайды,

О – дағы мақтанады шақшасына.

Өнер деп пышақ, шақпақ соққандар да

От шашқан мақтанбай ма ұстасына.

Бұл заман шыныңды айтсаң бір нанбайды,

Біреудің тым – ақ нанғыш қоспасына.

Бұ – дағы бір күн дұшпан болар – ау деп,

Айтпайды ішкі сырын достасына.

Біреуге біреу нақақ пәле салып,

Өмірдің қарамайды қысқасына.

Амалдап мал жарлысы күн көреді,

Бір бейнет ақыл жарлысы өңгереді.

Басына бір тиындай пайдасы жоқ,

Біреуге мағынасыз тіл береді.

Біреудің ұлы да жоқ, қызы да жоқ,

Біреуге берекесіз құл береді.

Кей байлық қызғалдақтың өміріндей,

Біреудің өміріне шын береді.

Нәрсенің Құдай берген қызығын көр,

Бір кетсек бұл дүниеге кім келеді?

Нашардың биік адам ақысын жеп,

Дейтұғын бас адам жоқ теңгереді.

Бейшара ақысына қолы жетпей,

Кісідей әкесі өлген күңіренеді.

Денсаулық, Сейдахмет, қадірін біл,

Кей адам көңілі биік, есі жеңіл.

Күші бар кей адамның асқар белден,

Солардың әр мінезі кішіпейіл.

Кейбіреу ұрлық қылып мал төлейді,

Пайдасы біреудікі, сонан түңіл.

Кейбіреу мастанады ұры атына,

Дауға жоқ бір – екі ауыз өзіңде тіл.

Билік жоқ бұл заманның адамында,

Секілді әйелінің бәрі де тұл.

Пара жеп қорғаламақ болған хакім,

Сөз айтпас жүйрік аттай бір қарашыл.

Көңілі бар кей адамның қатқан мұздай,

Тілі бар кей адамның ащы тұздай.

Хақ берген кей адамның мінезі бар,

Жаңадан келіншек боп түскен қыздай.

Сайлауда екі жағы партия боп,

Бейшара шаруаны қылды созбай.

Қаралап бірін – бірі қағаздасып,

Бірімен – бірі талас, біреуі озбай.

Екі нар арасында шыбын өлген,

Секілді нашар жүрер жылап, боздай.

Бәрі де тірі жанның антқор болып,

Қалмады бір тілекте адам азбай.

Көрісіп үй басына жүретұғын

Баяғы күнің қайда мамыр қаздай?

Ағайын – туған азды, көріс қалды.

Бәленше, бәрекелді, мықты – ақ десең,

Ұмытты бұзықтыққа тырысқанды.

Көп қуып қорқақтарды батыр қылды,

Қылды ғой киік жолдас арыстанды.

Басы адам ағайынды шағыстырып,

Барымта, қызық көрді алысқанды.

Заманның бас адамы болып қаннас,

Таптырды туысқаннан бар дұшпанды.

Қызылға үймелейді сауысқан да,

Дәм берсең келіп жейді сырт дұшпан да.

Егер де мінсе шайтан көңіліңе,

Бір дұшпан болса керек туысқанда.

Біреуі өлер десең ұрысқанда,

Мәслихат таң қаласың құрысқанда.

Өлімге бірін – бірі қиып салып,

Өтірік жыласады табысқанда.

Күні ертең бір – біріне пәле салып,

Дуанға жол тартады жарысқанда.

Нақақтан бір – біріне пәле салып,

Қияды бірін – бірі арыстанға.

Он тиынға он кісі куә салып,

Сонан соң мырза болып келер жанға.

Ант соғып бұл заманның адамдарын

Қалмады ұқсас жері, сірә адамға.

Бұл заман болмай кетті мақтауыма,

Қоймады іште шыбын сақтауыма.

Адамы бұл заманның болды бұзық,

Болмаса Құдай себеп тоқтауына.

Біреуге екі даугер қамшы тастап,

Арам сөз қоспас еді ақ дауына.

Ол сонда көппен тұра берер еді,

Бұл күнде солар сыйды мақтауыма.

Адамның ұрлық қылған бәрі жарлы,

Салмады ешбір көзін жоқ – барына.

Бас қосса жиылған көп ыбыр – жыбыр,

Ауызы екі – екіден қыбыр – қыбыр.

Байқасаң осыларды әбден тыңдап,

Бірі де таспық емес, сыбыр – сыбыр.

Қызығы күннен – күнге сәулеттеніп

Жолынан партияның болмайды ығыр.

Хабары ал сайлаудың болар десе,

Асындай әкесінің ұлы дүбір.

Сырты бар халайықтың сүттен аппақ,

Қарасаң іші, сірә, қара көмір.

Болғанда келін айғыр, кемпір саяқ,

Нашардың ақысын жеп соққан таяқ.

Айнадай жердің жүзін бүтін көрген,

Білгіші халықтың көңілін сұрамай – ақ.

Баяғы айран ішіп күн көретін

Шай – шай деп аңқып отыр шыдамай – ақ.

Бұл заман іші түтін, сырты бүтін,

Халайық жүрер өзін – өзі бояп.

Пұл болса әркім бақпас жолдасына,

Алданар арам дүние олжасына.

Біреудің ұры, залым малын ұрлап,

Сұраса пәле салар өз басына.

Қарсы дау біреу айтса соны тыңдап,

Басы адам көзім жетті оңбасына.

Парқы жоқ бұл заманның адамының,

Бірінің – бірі нанбас олласына.

Байлардың бала оқытқан түрін қара,

Зекетін саудалайды молдасына.

Пақырды, міскінменен партия ғып,

Береді садақасын қолқасына.

Бұл сөзі Сейдахмет өтірік пе,

Рас па, салдым көптің ортасына.

Сыпайы бойын тартар мақтанғаннан,

Тапты екен қанша залал сақтанғаннан?

Қашанда жақсылардан ит қалмайды,

Абалап жан – жағынан қапталдаған.

Жігітке таза жолдас табу қиын,

Сыйласып, бірін – бірі бағу қиын.

Күніне жүз жақсылық қылса – дағы,

Жаманға көрінбейді жалғыз бұйым.

Иірімді әр уақытта көл азбайды,

Қалынған қариядан жол азбайды.

Айтысқан бір – бірінің назын күтіп,

Шығысқан жолдасымен ер азбайды.

Дос емес дос сыртынан жамандаса,

Несі дос бір қатені жаба алмаса?

Тұлпарға топтан озған мәстек әуес,

Қан түсіп аяғына шабандаса.

Бай, шешен, батыр мықты уақытында,

Тоқталып дәуірінен қамалмаса.

«Жарайды, мырза, мырза, бәлі!» дерсің,

Нысана атқан оғы жоғалмаса.

Қыран құс қар үстінен ілмек қиын,

Қайырылып тұғырына қона алмаса.

Дегенмен құр қазанат жұрт мақтамас,

Аяғын түзу басып жүре алмаса.

Ер – тоқым қымтағанмен жасырынбас,

Үлгілі шеберлермен қыналмаса.

Дегенмен хан баласы жұрт мақтамас,

Қайырылып бұқараға қарамаса,

Кейбіреу бар досынан айырылады,

Айырып ер қадірін біле алмаса.

Солардан дұшпан түгіл дос та кетер,

Кілт ашып, көңіл кірін жуа алмаса.

Көңіліне бекзадалар қапа кірген,

Қадырлас ағайыны жұбанбаса.

Белгілі, қулар көлден кету қиын,

Бұлағы таудан аққан суалмаса.

Қайырылып құс қонады қонақтауға,

Бұтақтап бала қайың жуандаса.

Дегенмен құр құмарлан түлкі шалмас,

Құмайдан әуел баста туа алмаса.

Адасып жаман бала қалар жолда,

Атаның тура жолын қуа алмаса.

Қараны көрінбеген болжау қиын,

Белеске биіктегі шыға алмаса.

Екінші ерге жолдас болу қиын,

Жеріңде уәделі тұра алмаса.

Айтады ер деп халық оның несін,

Жаяуға аттың басын бұра алмаса?

Орнымен олжа салған қырандар бар,

Жарасар қанша оны тұмарласа.

Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды,

Шын болат илегенмен саз болмайды.

Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Сары алтын қалыбынан қозғалмайды.

Айтпайды от басында кімдер билік,

Асқан соң босағадан кез болмайды.

Пиғылы жамандардың қараңғылық,

Тұрса да шілде түсіп жаз болмайды.

Тар жерде қолдап алып шығу түгіл,

Жамандар басын күтсе аз болмайды.

Құс ұшар жүйесімен аспандағы,

Түріліп Хақ жаратып қосқандағы.

Таласқан кез келгенде дұшпан жақсы,

Опасыз нағыз жаман достан – дағы.

Жақсының несібесін жаман күндер,

Жақ өлшеп әуел баста шашқандағы.

Бар болса сол секілді жаман ағаң,

О – дағы бір белгілі дұшпан – дағы.

Жақсы мен жайшылықта жаман бірдей,

Мағлұмы таразыны басқандағы.

Кейбіреу жүретұғын жөнін білмес,

Саудасыз оны жақсы көзіне ілмес.

Өтірік, ғайбат болса құрастырып,

Халқы сол қатын өсек қарап жүрмес.

Жақсының аты қашан сүрінед деп,

Құдайдан тілегі сол ұйқы көрмес.

Кей сабаз от басында сөз сөйлейді,

Ол күні еш адам жоқ оған теңдес.

Құр кеуде көтергенмен ұзамайды,

Үйдегі түздегімен тура келмес.

Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,

Етегін ер жаңылып басқан жерде.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Қабысып қалады екен аспан жерге.

Тар жерде қолдың ұшын берген ерді айт,

Екінің бірі мырза тасқан жерде.

Шапса да қанша бедеу, келер жүйрік,

Болмайды кім дәмелі қосқан жерде?

Ілдірмес сегіз қырлы ерлер келер,

Қамалап қанша дұшпан тосқан жерде.

Жамандар көре алмаған қылар өсек,

Лайық заманында асқан ерге.

Жаманның мыңы тұрмас қара пұлға,

Жақсының бірі болар елге тұлға.

Бағасы мың теңгелік асыл заттар,

Барады арзан болып жылдан – жылға.

Қалып тұр болыскейден күміс, алтын,

Жіп базары қызып тұр жібек салқын.

Жаманға дәулет бітсе «би» болады,

Сөз білмей отырса да жалғыз тартым.

Осыны әдет етсең жақындадың,

Кетуге азып – тозып, қайран халқым.

Он жабу жапсаң жетпес бір тұлпарға,

Мың қарға залал етпес бір сұңқарға.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Жарамас ашылғаның бір жымтарға.

Шықпайды қиқу салсаң қыр басына,

Қоя бер от басында жүз жыртарға.

Тең болған осы күнде ат пен есек,

Наданның ғибадаты өтірік – өсек.

Жаманның құтыратын күні туды,

Аюдай күркірейді сенсің десек.

Патшадан солар үшін тәртіп келсе,

Жиылып атар едік сансыз кесек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет