Бағдарламасы бойынша басылып шығарылды «Торғай кітапханасы»



бет5/19
Дата11.01.2017
өлшемі4,14 Mb.
#6804
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Өнерлі уәзір
Бар ма өнер, Сейдахмет, сені табар,

Соңғыға бұрынғыдан бұл бір хабар.

Кешікпей бір хикаят сөйлеп қара,

Келерде елу төртке жала жабар.


Сөйле деп «Тотынама» мақұлдап тұр,

«Мені айт!» - деп бір уәзір қақылдап тұр.

Кешікпей бір хикаят сөйлеп қара,

Дігерлеп елу төртің жақындап тұр.


Бар екен Шын шаһарда бір падиша,

Ол – Бағфор, салтанаты тым тамаша.

Бар екен бір уәзірі сонша ерікті,

Рұқсатсыз жүруші еді болса оңаша.


Болса да ұйқылы – ояу ықтиярлы,

Ешкімнен сұрамайды жолығарды.

Қанша жан, қанша ренжу болса – дағы

Өзінің шаһабазынша шамалайды.


Данышпан, өзі ақылгөй, кеңеседі,

Басқа адам ондай еркін емес еді.

Мұрсатсыз қалауынша келер – кетер,

Падиша оған «Мұның не?» демес еді.


Мән бермей бұрынғыдай бұл ісіне,

Уәзір кіріп келді түн ішінде.

Ұйқыдан оятқанға қатты ашулы,

Патшасын көрген емес бұл пішінде.


Қолына шабайын деп қылыш алды,

Патшаһи суық жүзбен назар салды.

Жалынып падишаға үй деп, бүй деп,

Жығылып аяғына әзер қалды.


-Бұл сізде не замандар болмаған іс,

Болмаса не ғажайып көрдің бе түс?

Өзіңіз рақым етіп шешпесеңіз,

Бимағлұм бізге болды шамадан тыс.


-Түсімде қызын көрдім падишаның,

Көркіне ғашық болдым көріп оның.

Елестеп көз алдыма көрінгендей,

Жүзінде болар ма екен дүнияның?


Пері ме, хор қызы ма, адамзат па,

Оқа емес қапалықтан өлсем хақта.

Аз уақыт жүзін көріп тоя алмадым,

Айырылып ақыл – естен бір сағатта.


Дыбысың сенің келген ұйқымды ашты,

Мәлике түсте көрген менен қашты.

Көзде жоқ, көңілімде дап – дайын тұр,

Ғажап па ашуменен кессем басты?


Мен төздім сен болған соң, жаның қалды,

Жалғанда жоқ жамалы құтымды алды.

Аз уақыт жүзін көріп тоя алмадым,

Ішіме ғашықтықтың отын салды.


-Алдияр, - уәзір айтты, сөзіме ерсең,

Рақым ғып өз жаныма рұқсат берсең,

Түсіңде көрген қызды айтуменен

Не болар тәуекел деп жазып көрсем?


Уәзір суретке өнерпаз – ды,

Бейнелеп патша айтады, уәзір жазды.

Патшаның сарай толған салтанаты,

Жазылмай осылардан қалғаны аз – ды.


Қараңыз зейінменен ұсталыққа,

Баһамы қалай жеткен нұсқалыққа?

Түсінде падишаның көруімен,

Құйғандай болып шықты бір қалыпқа.


Патшаның айтуымен істер байқап,

Қаламын Хақ тағала келтірді тап.

-Түсіңде сен де қызды көріп пе ең? – деп,

Падиша таңғалады басын шайқап.


Уәзір суретін алып кетті,

Шаһарға, керуен келер барды шетке.

Әйбаттап, бұрынғыдан ажарлы ғып,

Суретін іліп, биік мұнара етті.

Жай алды осы арадан тағамын деп,

Адамнан туған болса табамын деп.

Осыны падишаға тауып берсем,

Артылып бұрынғыдан жағамын деп.


Шаһардан керуен көшіп, шұбырып тұр,

Уәзір жан танымай түңіліп тұр.

Бір жігіт керуеннен бұрылып кеп,

Таңырқап суретіне үңіліп тұр.


Уәзір ол жігітті жанап өтті,

Суретті таныды деп үміт етті.

-Ей, жігіт, көшің кетті, адасарсың,

Не жұмысың бар еді бұл суретте?!


Ол айтты:

-Тұрғаныма қылма айып,

Бұл жерге сурет емес бек лайық.

Ұрым патшаның қызы еді бұл Мәлике,

Мен соны танып тұрмын, о, ғажайып!
Патшаның қызы еді бұл, тұрмын танып,

Мұнша әшкере болмаған ешкімге анық.

Күн көрген терезеден ханша еді,

Суреті келді мұнда қайдан ғайып?!


Уәзір таныды деп болады шат,

Иншалла, қиялыммен таптым мұрат.

Сұрайды ол жігіттен ахуалын:

-Баянда, есітейін, бұл нешік зат?


-Ол қыздың, - жігіт айтты, - кеңесі көп,

Әр патша хабар салған аламын деп.

Еркектен бір себептен көңілі қайтып,

Бұл күнде отыр ерге тимеймін деп.


Бір күн қыз бақшасында сайран еткен,

Қасында кәнизактар оны күткен.

Ерлі – жұпты екі тауық баққа кірді,

Қасында балапаны соңынан ерткен.


Сол кезде бір от түсіп, бақша жанды,

Шошынып екі тауық шығып қалды.

Шыққасын балапаны еске түсіп,

Анасы от ішіне қайтып барды.


Анасы күйіп кетті жанын қиып,

Еркегі сыртта қалды мойнын иіп.

Қыз сонда еркектерде опа жоқ деп,

Балапанға тұрады іші күйіп.


Еркектер опасыз деп қайтты тауы,

Көзінде, көңілінде еркек болды жауы.

Аң демей, адам демей, хайуан демей,

Еркектің тегіс күйді ауру – сауы.


Әр патша хабар салған ғапыл қалмай,

Сөздерін ешбірінің қабыл алмай,

Ер құлқы рақымсыз болады деп,

Қыз отыр сол себепті ерге бармай.


Алдына патшасының келді уәзір:

-Сүйінші, тақсыр! Қызды таптым ақыр.

Қызы Ұрым патшаның бұл Мәлике,

Бұл хабар бір саяқтан болды мәзір.


Патшаға естіп келіп айтты бәрін,

Себебін ерден тоқтап тұрғанының.

Есітіп қыздың ісін, күдер үзіп,

Падиша тағы тартты ғашық зарын.


-Алдияр, - уәзір айтты, - мен барайын,

Баһам ғып оның көңілін аңғарайын.

Әйел боп адамзаттан туған болса,

Хайламен оның көңілін аударайын.


Уәзір падишадан рұқсат алды,

Жолдас боп айтқан жігіт бірге барды.

Шаһарын хастан тана сайран етіп,

Бір жерден пәтер жалдап, орын алды.


Патшаның үй бақшасын алып келді,

Қойнына тәсуірін салып келді.

Екеуі айырылмастан бірдей шығып,

Сол қыздың осы екенін анық білді.


Табылып іздегені көңілі тынды,

Сурет жасап сатуды кәсіп қылды.

Асырып бұл шаһардың ұстасынан,

Бағасын қымбат пұлдап алып тұрды.


Іс істеп, екі бағаға беріп тұрды,

Алушы алдын босатпай келіп тұрды.

Бұл істеген суретке қолы жеткен,

Бұрынғы ескісінен жеріп тұрды.


Ұстасын бұл шаһардың басып тұрды,

Өнері күннен – күнге асып тұрды.

Алғандар әм көргендер бара қалып,

Хабарын әр тарапқа шашып тұрды.


Ұрым патша көріп қалды таңғажайып,

-Ұста екен бұл шаһарға бек лайық. –

Қызына бұл падиша ақылдасты:

-Істетіп тәсуірден біз де алайық.


-Ғажайып ондай шебер ұста болса,

Ол ұста тереземе тұстас қонса,

Әр ісін қолға ұстамай, көзбен көріп,

Қаншасын біз де алармыз көңіл толса.


Нақ шебер ұста болса сонша жетік,

Алыстан отырайын тамаша етіп.

Сыйменен өзі келсе ықтияры,

Зорлықпен әкелмеңіз ренжітіп.


Мәлике тарапынан хабар берді,

Уәзір бек шаттанып мұнда келді.

Ханшаның қақпасына қарама – қарсы,

Көшенің бір шетінен мекен қылды.


Нақыштан неше түрлі сурет жасап,

Түсірмей қолдан – қолға алып тұрды.

«Көрмеген нақыш, наздар бар екен», - деп,

Ханшаңыз көргеннен соң қайран қалды.


Істеуге бір бақшаны етті талап,

Істейді күндіз – түні оңашалап.

Жемістен неше түрлі миуасы бар,

Қасында балқашы бар ағар бұлақ.


Дарақтың ортасында гауһар тақыт,

Тізілмес сан алтыннан өңкей жақұт.

Қияштай жаңа шыққан жас падиша

Отырды тақ үстінде сол уақыт.


Қасында теңізі бар тасып жатқан,

Сеңдері кемерінен асып жатқан.

Теңізге екі лағы түсіп кетіп,

Текесі соны ала алмай сасып жатқан.


Лағы текесі мен болды ғаріп,

Оттап тұр ешкі маңырап қашып барып.

Мұғайым осылардың бәрін жасап,

Көшеге жайдырады ертең алып.


Түседі бұл тәсуірге қыздың көзі,

Қайран боп білмей тұрды өзіне – өзі.

Мәлике уәзірді шақырып алып:

-Баяндап, тындыр, - деді, - көңілімізді.


Білуге мұның бәрін болдым асық,

Үш киік суда, бірі кетті қашып.

Патша кім, басқалар кім, баяндашы,

Білуге мұның бәрін болдым асық.


-Бұл – Бағфор, Шын шаһардың падишасы,

Асып тұр салтанаты, даражасы.

Айтуға айыбырақ бір ісі бар,

Өзінің қатыны мен жоқ баласы.


-Алмаған, - қыз айтады, - не үшін қатын,

Қалмасын дей ме артымда жұрағатым?

Еркекке жарсыз тұрған бола ма екен,

Баянда, есітейін асыл датын.


-Бір күні патша отырған тамашада,

Төрт киік ойнап жүрді оңашада.

Теңізге екі лағы түсіп кетіп,

Текеге рақым салған жаппар құда.


Текесі лағымен суға кетті,

Лағын ала алмастан қаза жетті.

Енесі қашып барып оттап тұрып,

Ешбірін қайғы тұтып елемепті.


Падиша құлай жаздап сонда тақтан,

Көз көрді әйел халықтан опа жоқтан.

Әйелдің мекері мен опасызын

Падиша көреді екен тауарихтан.


Киіктің опасызын көрді көзі,

Сонан соң әйел заттан күдер үзді.

Кесіліп сол себептен мұхаббаты,

Падиша жалғыздыққа шыдап, төзді.


Нешелер уәзірлер кеңес қылған:

-Келген жан дүнияға қатын алған. –

Не түрлі көкейкесті сөз айтады:

-Кім мінер тағыңызға сізден қалған?


Айтысқан не жақсылар бір – бір келіп,

Көнбеген ешбіріне көңіл бөліп.

-Әйелді опасы жоқ маған ал деп,

Қасқырды қоймаңыздар қойға теліп.


Мәлике уәзірден мұны есітті,

Маған ұқсас екен деп кеуілі кетті.

«Опасыз ер құлқында болар десем,

Бар екен әйелде де мұндай», - депті.


Мәлике әкесіне хат жазады,

Маған ұқсас екен деп көңілі азады.

«Бір еркек маған ұқсас бар екен», - деп,

Қыз ерге тиюіне болды разы.


Елшіден Ұрым патша жазыпты хат,

Құрметтеп, тарту сыйлап көп асыл зат:

«Бар еді жалғыз қызым хор сипатты,

Разы сіз алсаңыз кеуілі жат.


Тұрған жоқ ерге тимей қызым жастан, -

Хал – ахуалын баяндады әуел бастан. –

Қызымның сізді сүйген себебі сол,

Екеуіңіз бір болдыңыз ықыластан».


Уәзір бірге келіп айтты жайын,

Өнермен бәрін айтты еткен дайын.

«Ұрым патшаның көңілі үшін аламын», - деп,

Азырақ ойға шомып, қылды уайым.


«Аялға опасыз деп қатқан едім,

Қалса да, тоқтатайын, қанша көңілім.

Менікі жөніменен болмаса да,

Қабыл еттім Ұрым патшаның құрметі үшін».


Елшісі Ұрым патшаның қайтып кетті,

Бағфордың айтқан сөзін айтып кепті.

Той қылып неше күндей елін жинап,

Қызының ұзатылуын талап етті.


Той қылып неше күндей жиғызды ел,

Қазына – пұлға ауыр, сөзге жеңіл.

«Қызымды күйеуіне қосып кел», - деп,

Не жақсы қосып берді ақыл кемел.


Келеді қазынаны жолай шашып,

Жол жүріп кеміген жоқ арып – ашып.

Бағфор да хабарменен қарсы шығып,

Қосылды ай мен күндей екі ғашық.


Өнері кей адамның іште болар,

Кейі – қолда, кейісі күште болар.

Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,

Кейінгі келешекке нұсқа болар.


Үшеулеп өтіріктеп бір қыз алдық,

Келген жан дүнияға бір – ақ жандық.

Не түрлі кеңес сөзді есітесің,

Дүнияны, Сейдахмет, жүрсең заңғып.


Жігіт пен әйелі
Ғапылдық, Сейдахмет, түпке жетер,

Тағы да бір хикая айтсаң не етер?

Ағылы – Бүгілімен ертеде өткен,

Зілзала болған емес мұнан өтер.


Жарандар, осылай дүр жазған хатым,

Жел сөзбен көтерейін көңіл шатын.

Халайық, құлақ салып, құп тыңдасаң,

Айтайын бір мырзаның хикаятын.


Бұл дүние, ойлап тұрсам, жалған екен,

Ішінде пітнасы көп арман екен.

Әкесі шешесімен жастай өліп,

Бір жігіт жетім болып қалған екен.

Дәулет – бақ бір өзінде болғаннан соң,

Бір сұлу елден таңдап алған екен.


Жүріпті қызмет етіп күндіз – түні,

Болмапты күн көруге ешбір міні.

Артықша байын күткен себебінен

Халыққа мағлұм болды қатын сыры.


Халыққа бұл қатынын жүрді мақтап,

Ұсынып мақсұт еді жарын таппақ.

Қосылып байыменен бірге отырып,

Қатынға болды харам тағам татпақ.


Қатынға байы айтады:

-Қалай мұның?

Халыққа мағлұм болды барлық сырың.

Қосылып бізбен бірге ас ішпейсің,

Жүзіңнің кетірерсің барлық нұрын.
Сөйлейді сонда қатын тілін жанып:

-Отырған құзырыңда біз бір ғаріп.

Болады бейәдептік, артық ұят,

Отырсам сізбен бірге тағам алып.


Сарп еткен бұған беріп дүние – малды,

Сөзіне мынау айтқан қайран қалды.

«Не қорек бұл қатыным етеді?» - деп,

Қатынын аңдымаққа ойына алды.


Аңдиды бұл қатынын күндіз – түні,

Пенденің Аллаға аян барлық сыры.

Өтірік ұйықтаған боп жатыр еді,

Қатыны төсегінен түрегелді.


Төсектен түнде шығып жүре берді,

Соңынан ғаріп басып ере берді.

Шаһардан сол уақытта сыртқа шығып,

Ішіне көп бейіттің кіре берді.


Ол кетті көп бейіттің ішін кезіп,

Әуелде құтым қашты, жаным безіп.

Жаңа өлген бір өлікті жей бастады,

Жанында тұрар емес адам төзіп.


Төсекке жата қалдым келе сала,

Себебін құтылудың ойыма ала.

Сол уақ таңға жақын уақыт екен,

Артымнан ол да келді іле – шала.


Таң атты сол уақытта болып жарық,

Оқыдым таң намазын мешіт барып.

Келген соң аспазшыма бұйрық еттім,

Келтір деп неше түрлі тағам алып.


Пісіріп, неше түрлі келді тағам,

Жалындым тағам же деп тағы да оған.

Тағамнан қанша айтсам да бір татпайды,

Шынымен ашуландым енді бұған.


Шынымен ашуландым қаһарланып,

Еркексіп, қамшыменен қалдым салып.

-Бұл тағам кісі етінен харам ба еді,

Жегенде жиіркенбейсің көрден алып?!


Қатыным ашуланды есі кетіп,

Киімнен түгі тұтам тесіп өтіп.

Аузынан көбік ағып бұрқырайды,

Қу жаным қалар ма деп үміт етіп.


Толтырып бір кесе су құйып алды,

Бойына бар қайратын жиып алы.

Қолына бір солқылдақ шыбық алып,

Келді де: «Ит болғыр» - деп салып қалды.


Ит болып түрегелдім орынымнан,

Айырылдым бұрынғы адам порымымнан.

Қатыным ал, қамшының астына алды,

Құтылмақ қиын болды енді мұнан.


Болмайды бөтен түрлі ой ойлауға,

Ақырсам даусым жетпес ойбайлауға.

-Бұралқы мынау итті тез өлтір! – деп,

Бұйырды даладағы малайларға.


Әп – сәтте кетті мені қайғы басып,

Көзімнен қанды жасым араласып.

Құтырған өңшең малай аясын ба,

Ал ұрды ортаға алып қамаласып.


Тағы да қақпаны ашты кішкентайлап,

Сонда да алмақ, сірә, мені байлап.

Бұлардың бұлай қылған қиялына

Түсініп біліп тұрмын мен де абайлап.


Мен тұрмын қысылғаннан көзім жайнап,

Қақпадан атып кеттім я, Құдайлап.

Үзіліп құйрық қалды, өзім аман,

Ал қуды шаһар иті тамаша – айлап.


Жасымнан жетім болдым жаным күйіп,

Жалғызға қажет емес дүние жиып.

Қыдырып бірнеше күн кезіп жүріп,

Ит болдым бір наншының соңына еріп.


Ол наншы нан сатады әр базарда,

Бірталай зейін керек сөз жазарға.

Екінді мен ақшамның арасында

Қожама біреу келді нан аларға.


Қожама пұлын беріп нанын алды,

Ал қожам берген пұлын алып қалды.

Пұлының жартысы адал, жартысы арам,

Қу екен бұл да құртқан талайларды.


Ал қожам нан бермеді иесіне,

Ақшасыз нанды берсін ол несіне?

Мен – дағы ит болсам да біліп тұрмын,

Шарам не, көнбеймін бе Алла ісіне?


Көп салды бұлар жанжал ұзақ тұрып,

Мен тұрмын сөйлер тіл жоқ, құлақ тұнып.

-Осыны адам түгіл ит білер, - деп,

Жіберді қожам маған лақтырып.


Көп салды бұлар жанжал ерегесіп,

Екеуін екі аяқпен алдым қысып.

Палшыны бір уақытта лақтырдым,

Көрінбей көк жүзіне болды ғайып.


Көп екен келген халық бұл жанжалға,

Қарамсыз садақа бер жиған малға.

«Бір ит бар пәленшеде, таниды ақша», -

Деген сөз жайылды енді алты алашқа.


Енді елім шын құрмет етті маған,

Жаққан соң қиянатсыз ісім оған.

Қожам жоқ, нан қасында жатыр едім,

Бір кемпір келді жетіп сонда маған.


Шақырды зәлім кемпір мені «кә!» деп,

Барайын ол кемпірге нағып еріп.

Шақырды қайта – қайта мені қоймай,

Келемін мен кемпірдің соңына еріп.


Мен жүрдім бұл кемпірдің соңына еріп,

Қорқақтап, жан – жағыма көз жіберіп.

Үйіне кіріп келсем бір қыз отыр,

Жоқ екен мен қорқардай бөтен серік.


Қорыққаннан қатын жайлы көп ойладым,

Пайдасын өз басымның жеп ойладым.

Үйіне алып барып сиқырменен

Тағы да өлтіре ме деп ойладым.


Қатынның көрдім қанша қиянатын,

Қызына сөз айтады мына қатын.

-Ақшаны танитұғын осы ит, балам,

Білуге болмас па екен мұның затын?


Қыз айтты: «Білмек болсаң, анам, - дейді, -

Білуге келер ме екен шамам, - дейді. –

Бар еді бір шаһарда бір имансыз,

Бір болса бұған зиян содан, - дейді. –


Екеуміз оқып едік бір орында,

Дұғамен болушы едік әр порымда.

Әр уақыт сайран етіп жүрген шақта

Жеуші еді адам етін әр қорымда».


Бұл – дағы бір кесе су құйып алды,

Қасына иттің жеке жетіп барды.

«Әуелде қандай болсаң, сондай бол!» - деп,

Келді де көк шыбықпен салып қалды.


Әуелгі түстім адам қалыбыма,

Бұл сөздің түсінерсің анығына.

Ал мені адам қылып болғаннан соң,

Барады кітап қарап сандығына.


Қатынның кітап ашып білді сырын,

Бұл күнде моншада екен қатын зәлім.

Қолыма бір кесе су, шыбық берді:

«Үстіне шаш мұны, - деп, - одан бұрын».


Құдайдың кім таласар берген баққа,

Дұғаны қыз үйретті біз бейбаққа:

«Су шашып, шыбықпенен бір салып қал,

«Не болсаң, сол бол!» дерсің сол уақытта».


Сол жерде қатынды іздеп кеттім жүріп,

Қиянат бұрын қылған ойға кіріп.

Жақындап мен моншаға келгенімде,

Жүгіріп шыға келді мені біліп.


Су шашып: «Байтал бол!» - деп қалдым салып,

Торыша байтал болды өзі арық.

Сол жерде ауыздықтап, жүген тағып,

Мен тарттым қыз үйіне міне салып.


Мен келдім қыз үйіне мінуменен,

Аяңдап, жортып әрі желуменен.

Байталды алып келген көргеннен соң,

Болыпты кемпір мен қыз күлуменен.


Бар малым, мал – мүлкімді алдым өзім,

Падиша, ойланыңыз үшбу сөзім.

Жарымын сол малымның бөліп беріп,

Айырып тағы да алдым кемпір қызын.


Жігітке падиша айтады: «Сен бір ерсің,

Бақытты әр пендеге Тәңірім берсін.

Қоя бер ғазабынан құтқар – дағы,

Жайылып баянында күнін көрсін».


Жібердім падишамның тілін алып,

Сол байтал өз бетімен кеткен шауып.

Сүйікті падишама уәзір болып,

Бақытты өмір сүрдім, мұрат тауып.


Әйел хикаясы
Сөз сөйле, Сейдахмет, қалам алсаң,

Дүние өтірік, жалған маған нансаң.

Бір түрлі әйелдердің мекерінен

Айтайын аз әңгіме құлақ салсаң.


Болыпты ертеректе момын адам,

Өзінің ақылы бар, емес надан.

Бар екен бір қатыны зор тақуа,

Көрініп намұқырамға баспас қадам.


Жүз ашып ешбір жанға көрінбейді,

Күн – түні тағат қылуға ерінбейді.

Үйінің айналасын бекіттіріп:

«Көрмесін ешкім мені, ерім», - дейді.


Бұл қатын сол ғадетті қылды қалып,

Болады ері риза бұған нанып.

Көңілі қатын киіп, сүйінсін деп,

Дүкеннен бір шапанды береді алып.


Жаман сөз жаратпайды есіткенді,

Не салса Хақ тағала несіпті енді.

Бір күні қатын сыртқа шыға сала,

Шапанның бір етегін кесіп келді.


Өзіне қатын келді беріп азар:

«Жас адам көрсе мені көңілі бұзылар.

Мен кестім етегімді сенің үшін,

Бір бейбақ етегіме салды назар».


Ері айтады: «Бөтен жанға өзің бақпа,

Сен мұндай заһит болдың, шүкір Хаққа.

Кестім деп етегіңді ренжіме,

Ертең алып беремін, пұлым жоқ па?!»


Дүкенге ертең тұрып барады енді,

Шапанның матасынан алады енді.

Етегін кескен жерін жамай салып,

Үстіне қатын киіп алады енді.


Етегін екі – үш күнде бір кеседі,

Байының кескен сайын көңілі өседі.

Алады күнде жамау бір матадан,

Саудагер бұған түк те демес еді.


Бір күні ойға қалып, момынменен

Оңаша отырып бір кеңеседі:

«Аласың күнде жамау, әр киім бе?

Болмаса кеңімейтін тар киім бе?»
Айтады сонда жігіт қатын жайын,

Етегін кесетінін күн – күн сайын:

«Намұқырам алады деп күнде кесті,

Күнде жамау қыламын соған дайын».


Саудагер айтты: «Менің мұнымды аңла,

Бұл менің насихатым, ғпыл қалма.

Жудырып кір – қоңыңды, азық алып,

Болып кет баратұғын алыс жолға.


Үйреткен саған менің бұл ақылым,

Болмасын басқа іспен еш дақылың.

Білдірмей ел жатқан соң үйіңе кел,

Сонан соң білсең керек іс ақырын».


Ақылын саудагердің жігіт алды,

Үйіне жол жүрем деп қайтып бардым.

Жудырып киімдерін, азық алып,

Шаһардан ерте шығып кетіп қалды.


Аяғын түнде келді бір – бір басып,

Білдірмей кіріп келді есік ашып.

Қатыны жатыр екен төсегінде

Бір сұлу жігітпенен құшақтасып.


Көзіне жан көрінбей қылыш алды.

Екеуін қылышпенен бір – бір салды.

Өлтіріп екеуінің басын кесіп,

Падишаға ертең тұрып алып барды.


Мәнісін баяндайды мұның ханға,

Падиша естіп мұны қалды таңға.

«Шаһарсыз билігіңмен іс қылдың», - деп,

Салдыртты бишараны зынданына.


Зынданда ол бишара зарланады,

Нақақтан кемшілікке арланады.

Ауыз айтып бағаға күші жетпес,

Жүзігі падишаның жоғалады.


Падиша жүзігіне қайғырады,

Хабармен жұртын жиып алдырады.

«Кім тапқанға өз құнын беремін», - деп,

Хабарды тұс – тұсынан салдырады.


Падиша бұл хабарды қылды жары,

Жиылды бірі қалмай жұрттың бәрі.

Мықты, осал, момын, зәлім – бірі қалмай,

Жиналды қожа, молда, ишандары.


Бір ишан келе жатыр зікір салып,

Жылайды бір Құдайға қатты налып.

Ишанның алдын сыпырып келе жатыр,

Құлдары сыпырғышын қолына алып.


Баяғы зындандағы бишара адам,

Ишанға келді басып бері таман:

-Сыпыртқан жолыңызды себебі не?

Түсінсін баянына бізде надан.


-Бұл жолда үлкен – кіші жануар бар,

Өлтірсем бірін басып күйдірер нар.

Өлтірсем бірін басып бұл дүниеде,

Болғанда мақшар күні боламын хар.


Падишаға келді момын бір – бір басып,

Падишаның құлы отырды судай тасып.

-Жүзігіңіз осы ишанда болса керек,

Біздерге құрметіңіз болса нәсіп.


Мұны айтты падишаға момын батыр,

Кідірмей жақсы – жаман келіп жатыр.

Тілімен момын айтқан тінтіп еді,

Ишаннан жол сыпыртқан табылды ақыр.


Жүзігі падишаның табылады,

Жазамен зынданға ишан жабылады.

Момыннан осы жерде сол падиша:

-Ишаннан қалай білдің? – деп сұрады.


-Ишанның заһидлігі шамадан тыс,

Шамасыз іс ірия шығады – мыс.

Бар еді бір қатыным зор тақуа,

Аңғардым, содан шықты осындай іс.


Етегін сол қатыным күнде кесті,

Сұрасам: «Намұқырамның көзі түсті».

Ойнасын бірге жатқан тауып алып,

Өткіздім екеуінен бір қылышты.


Әділдік сұрайын деп сізге бардым,

Ақыры пәлесіне өзім қалдым.

Осындай тақуалық зор бұзық деп,

Көзім жеткен нәрседен ғибрат алдым.


Падиша ұялғаннан қонақ етті,

Өзіне неше түрлі құрмет етті.

Падиша өз бойындай алтын беріп,

Сүйікті қыз әперіп енғам етті.


Адал бол, арың сақта, ғапыл болма,

Ойланып көзіңді сал оң мен солға.

Ор қазсаң жазығы жоқ біреулерге

Құларсың өзің барып құзар жарға.


Мұжық
Ойыңды айт, Сейдахмет, не білесің?

Саралап айтып берем сөз жүйесін.

Халайық құлақ салып, құп тыңдаса,

Айтайын бір мұжықтың әңгімесін.


Бір мұжық егеді екен әр жыл егін,

Астыққа пұл шығармас, ішер тегін.

Өзінің бала жастан баққаны сол,

Сегіз пар өгізі бар, бәрі жегін.


Мұжықтар мінеді екен арбасына,

Тырманың өгіз жегер бір басына.

Егінге күнде барып шаршаған соң,

Ұрсады кешке келіп маржасына.


-Жүремін ертеңді – кеш етіп михнат,

Жарылып беті – қолым, көп жарақат.

Дұрыстап тым болмаса ас бермейсің,

Көресің үйде отырып сен рахат.


-Қожайын, олай болса тыңда сөзді,

Кигенім көйлегіме шүршіт бөзі.

Михнатың сенің менен артық емес,

Көп болса жел жарған да жүзіңізді.


Егінге қиын болса мен барайын,

Аспапты неше түрлі даярлайын.

Келгенше мен егіннен дұрыстап қой,

Айтайын түсіндіріп үйдің жайын.


Істейтін әуел бастан ісің мынау,

Көретін әйел – сордың ісі зор – ау.

Қарақұс балапанды жеп кетпесін,

Және де жамырамасын үш – төрт бұзау.


Бір күршек қаймақ бар – ды май қылатын,

Қатық қып бір шара сүт ұйытқайсың,

Егер де менің ісім оңай болса,

Бұларды, айтқаным сол, бұлжытпайсың.


Сонан соң нанды пісір пешке салып,

Жүрмеңіз шай қайнатпай кешке қалып.

Біреуі айтқанымның болмай қалса,

Сөгермін, ренжіме, келе салып.


-Орныңнан, кәне, жылдам түрегелші,

Егінге көп кешікпей жүре берші.

Айтқаның сенің мынау боқтан оңай,

Соқа ұстап, өгіз айдап, кәне, көрші!


Маржасы жөнеледі арбасымен,

Өлгенше пенде жүрер жармасумен.

Әуелде ақыр қанша бақастық бар,

Өткізген ғұмыр жасты арбасумен.


Үйіне кірді мұжық айтқанынша,

Тоқтамас көңіл шіркін қайтқанынша.

Ойлады түске дейін бітірем деп,

Қалдырмай мұның бәрін күн батқанша.


Қамады үш бұзауды шарбағына,

Ешқайда болды күмән бармағына.

Томпаңдап әр сарайда жүгіріп жүр,

Сыйынып илат – милат аруағына.


Бұл байғұс осылайша ойлады ойды,

Ойлаумен басындағы миды жойды.

Бар еді қырық балапан тауығынан,

Бір жіпке бәрін тізіп байлап қойды.

Байлады белге күршек май болсын деп,

Көңілі қатынымның жай болсын деп.

Тоңқаңдап нанды илеп екі қолмен,

Іс етпек қиялында осы жолмен.

Аңғармай тарсылдатып жатқанында

Шыңғырған дауыс шықты бір порыммен.

Далаға дауысты естіп жүгіреді,

Келгенін бір қарақұс көзі көрді.

Қолға алып қара балта қуған шақта,

Бүріп ап балапанды жөнеледі.


Соңынан қарақұстың қуып кетті,

Балапан матастырған бәрі кетті.

Жүргенде асып – сасып сорлы байғұс

Бұзаулар қақпа ашылып, шығып кетті.


Бар еді бір қара су, қашты соған,

Біреуі екі сөздің: «Ойбай, аман!»

Лақтырды қара балта қарақұсқа

Жақындап келгенінде суға таман.


Балтасы жоғалады суға батып,

Қызыққа естігендер қылсын батып:

Өзінің лақтырған екпінімен

Құлайды тіке жардан омақасып.


Күршегі беліндегі қалды қирап,

Төгіліп қаймақ кетті үстін былғап.

Балтамды не болса да аламын деп,

Жөнелді шешіп киім суға қарап.


Қарап жүр табанымен суды шашып,

Қарамас жан – жағына көзін ашып.

Төгілген қаймақ – майдың исіменен

Киімін бір ит кетті алып қашып.


Балтаны көп қарады, таба алмады,

Етерін нешік лаж біле алмады.

Қараса судан шығып, киімі жоқ,

Үйіне күн батқанша бара алмады.


Жүгірді күн батқан соң үйге таман,

Қалмады еш нәрсесі үстінде аман.

Қатынға не деп жауап беремін деп,

Жылайды шашын жұлып онан жаман.


Бірге жүр бұзаулары енесімен,

Жалаңаш үйге кірді денесімен.

Бар еді құсжүн салған кебежесі,

Ішіне кіріп жатты келісімен.


Сөйлейді сонда мұжық өзді – өзіне:

«Құлақ сал, бозбалалар, сөздеріме.

Қатыным егінінен келе салып,

Ойласам еш күмән жоқ іздеріне.


Япырмай, сонда неғып көрінемін,

Орнымнан тұрсам егер сүрінемін.

Балапан, балта, қаймақ – бәрі кетті,

Істеуге қатық нанша ерінемін.


Және де бұзауларым кетті еміп,

Қоймадым нан пісіріп ұнды сеуіп.

Қатыным келе сала шай ішпесе,

Бұл үйден шығарады мені қуып.


Қой енді мен қатынға жалынайын,

Ісінен не десе де табылайын». –

Даладан біреу келіп есік ашты,

Бұл байғұс отыр еді айтып жайын.


Қарады мойнын созып есік жаққа,

Болмайды айтып үгіт ақымаққа:

Кебеже құсжүн салған құлап кетіп,

Бұрқырап құс жүнінен кетті тақта.


Бұрқырап шашылды жүн ысыраппен,

«Құдайға жақпады ісім не себептен?»

Өз қатыны дегені басқа біреу,

Маржа екен есік ашып есі кеткен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет