22. Дәстүрлі бағалау мен бағалаудың жаңы түрлерінің айырмашылығын сипаттаңыз.
Дәстүрлі (нормативтік) бағалау мен өлшемдік бағалаудың арасындағы айырма салыстыруда болып табылады. Дәстүрлі бағалауда оқу жетістіктері оқушылардың басым көпшілігі жете алатын, орташа статистикалық нормамен, өлшемдік бағалауда бағалау өлшемдері түрінде берілген, белгілі бір эталонмен (оқу мақсатымен) салыстырылады.
Оқушының өз оқу іс-әрекетінің жеке ерекшеліктері туралы рефлексия мен өзіндік бағалау арқылы сезінуі оның ойлауы мен шығармашылығының дамуының маңызды құралы болып табылады. Өлшемдік бағалауды қолдану бағалау үдерісіне өзіндік бағалау жасау арқылы оқушының өзін тартуға жағдай жасайды. Жалпы алғанда, тек рефлексия ғана оқушыға өз оқу іс-әрекетінен тәжірибе жинақтауға, қойылған мәселені шешу үшін ішкі мүмкіндіктерін жұмылдыруға, өзін-өзі жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Өз жетістіктері мен кемшіліктерін талдай отырып, оқушылар оларды жою жолдарын табады, өз жұмыстарының күшті және әлсіз жақтарын көре отырып, өзін-өзі бағалауға үйренеді, осы нәтижелерді пайымдау арқылы өзінің ары қарай алдағы уақытта жасайтын жұмыстарының бағдарламасын жасай алады.
Дұрыс ұйымдастырылған рефлексия тапсырманы табысты орындауға ықпал ететін оң ахуал тудырады. Дәстүрлі оқытуда көп кикілжің тудыратын баға ештеңені де өлшемейді, ол оқушылардың оқудағы тәртібін түзеу үшін ғана жиірек пайдаланылады, сондықтан көп оқушылар тек баға үшін оқиды. Бағалаудағы зерттеушілік амал өлшемдік бағалауды ұсына отырып, бағаның мадақтау мен жазалу құралы ретіндегі рөлін жояды. Нақты қойылған бағалау өлшемдері өзара келісілген «ойын ережесі» сияқты белгілі бір шарттарды сақтай отырып, жұмыс нәтижелерін бағалауға қажетті белгілерді дұрыс анықтауға ықпал етеді. Жақсы жасалған бағалау өлшемдері ғана оқушыларды айқын қойылған мақсаттарға жетуге, өз іс-әрекетіне баға беруге және оны түзетіп отыруға ынталандырады, сол арқылы оқытуда стресті болдырмауға жағдай жасайды. Бағалаудың екі жүйесіндегі тұжырымдамалық ерекшеліктер:
Өлшемдік бағалау: жоспарлау, оқыту және бағалау біртұтас үдеріс; бағалаудың теңгермелі стратегияларының жүйелі тізбегі пайдаланылады; өзін-өзі және өзара бағалауға оқушылар тартылады; оқушылардың оқу нәтижелерін есепке алу мен есеп берудің теңгермелі тәсілдері қолданылады; оқушылардың жауаптары бойынша оның сол сәттегі түсіну деңгейі бағаланады; тақырыппен жұмыстың өн бойында оқушылармен тұрақты және дер кезінде кері байланыс жасалады; оқушыларға бағалауды оқу нәтижелерін сипаттау мен жақсарту тәсілі ретінде қабылдауға ықпал етеді; тақырыпты оқып-үйренер алдында оқушылардың ағымдық білімі мен оқу тәжірибесін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
|
Дәстүрлі бағалау: жоспарлау, оқыту және бағалау бір-бірінен бөлек үдерістер; бағалаудың бір ғана құралы немесе стратегиясы пайдаланылады; бағалау тек мұғалімнің билігінде; оқушылардың оқу нәтижелерін есепке алу мен есеп берудің бір ғана тәсілі қолданылады; оқушылардың жауаптары дұрыс жауаппен салыстырылады (біледі-білмейді); тақырыппен жұмыс біткен кезде ғана тексеру жүргізіледі; бағалаудың жалғыз мақсаты – қойылатын бағаны анықтау; оқушылардың ағымдық білімі мен оқу тәжірибесін бағалау тақырыппен жұмыс біткен кезде ғана жүргізіледі.
|
Достарыңызбен бөлісу: |