Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет6/59
Дата26.01.2018
өлшемі11 Mb.
#34026
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59

Ескерту: Осы Ыбырайымның ұлы Смағұлдың 12 баласынан өскен ұрпақтары өздері мекендеген жерлеріне қарай он екі елдің көсемдері болған. Осы Смағұл ұрпақтарынан Араб халқы шыққан, ал Араб халқының өзі тиісінше бірнеше мемлекеттерде таралып өскен. Солардың біреуі – Сауд Арабиясы. Осы Сауд Арабиясында арабтардың көптеген тайпалары бұтақ жайып, өсіп мекендеген екен (хашия, құрайыш т.т ). Ал Мұхаммед (с.ғ.с) болса, осы атақты құрайыш тайпасынан шыққан (Киелі кітаптың Таурат бөлімінен).

ІІ бөлім

Ислам

Саясат күнде өзгереді,

ал дін – мәңгілік.
Ислам және оның бағыттары.
Ислам – араб тілінде «берілу, өзін бағыштау, еркімен бас ию, мойынсұну» деген мағынада, ал бұл діндегілерді мұсылман деп атайды. Қазір жер шарында ислам діні 120 мемлекеттерде ұсталады, ал оның 30-шақтысында ресми дін болып есептеледі, жалпы мұсылмандардың саны – 2 млрд адам деген деректер бар. Исламның қасиетті кітабы – Құран Кәрім.

Аллаға берілу, Аллаға құлшылық ету мағынасындағы ислам дүниеге кең тарады. Орта ғасырда бүкіл Таяу Шығыс елдеріне, соның ішінде қазақ жеріне де үлкен өзгерістер алып келді. Таза діндік жағынан алып қарағанда өзіне дейінгі байырғы діндерден еркіндеу және сол тұстағы халықтардың сана-сезімінде ислам бірте-бірте діни парыз бен рәсім ретінде қалыптасып қана қоймай, өзінің өзгелерден мүлде айырмашылығы барлығын көпке айқын сезіндірді. Исламның орнығып дамуына Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сіңірген қызметі өлшеусіз болды. Көпшілікке ислам қасиеттерін бүкіл ой, сезім-санасына жететіндей етіп түсіндіре білді. Ол хабарлағанның бәріне сену (әл-иман), өнегелі, рақымшыл болу (әл-ихсан) парыз саналды. Бұл – мұсылман дін ғылымы өкілдерінде әрқилы түсіндірілді.

Исламның 73 ағымға бөлінетінін, соның ішінде біреуінің ғана жол-ұстанымы дұрыс болатынын пайғамбардың өзі де айтқан. Жалпы догмаларының, діни жол-жоралғыларының әр түрлілігі, қоғамдық, азаматтық құқықтану мәселелерінің алуандығы ерекшелендіреді. Мысалы, Құранның бір аятының өзі «О, халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жетесің» дейді. Суннилер тобы өздерін «Аһли шариар» дейді. Сонда Құранның қосымша ережелері хадис, иджма, қияс болса, олар осында айтылған талаптарын орындауды парыз санайды. Бұлардан төрт халифтың Құранды түсіндіріп, әрі соған сүйене отырып азаматтық және діни тұрғыдан шығарған қағида-ережелерін жасағандығы көрінеді.

Суннилер мен шииттердің арасындағы айырмашылықты және мыналардан көруге болады. Әлиден кейінгі әулеттеріне имамдықтың берілуін суннилер қолдамады. Өйткені, суннилер тек алғашқы төрт халифты ғана имам деп таныды да, тұқым қуалап имам болу дәстүрін мақұл көрмеді. Олар көпшілік жамағаттың имамды өздері сайлауы керектігін дұрыс деп білді. Шииттер болса, тек Әли тұқымынан сайлануы тиіс, алғашқы үш халифа, кейінгі Аббастықтар билікті Әли ұрпақтарынан тартып алды деп есептейді. Осындай ұстанымдағы шииттер егер бастарына күн туса, онда өз дінінен бас тартуына рұқсат етіледі. Тағдыр жөнінде де олардың көзқарастарында айырмашылықтар бар. Суннилер тағдырды Алла тағала белгілейді, адамның болашағын өзі шешетіндей ерік берілмейді, шииттер адам ерікті, сондықтан ол жамандық-жақсылықты істеуге хақылы дейді. Намаз жоралғылары мен жуыну, пәктенуде де, қажылық, азаматтық некеде, мұрагерлікте, басқа да толып жатқан іс-әрекеттерде де айтарлықтай айырмашылықтары бар. Ислам діні бойынша адамның өзіне, ата-анасына махаббаты, туған-туыс, діндестері мен жалпы адам баласына деген махаббаты болмағы керек. «Исра» сүресінің – 23 – 25, «Анкабут» сүресінің – 8, «Лұқман» сүресінің – 14 – 15 аяттарында діндестер сыйластығына айрықша орын беріледі. «Біреуге жаман көзбен қарама», «Адамды қорлағанды Алла қорлайды» дегендер де осында айтылады. Жалпы ислам адамды қорлауды, күң етуді қолдамайды. Құранда да пайғамбардың хадистерінде де отбасын құруды мұсылмандық міндеттің жартысы, ал екінші жартысына өзінің ар-ұжданы мен имандылығынан тұратын Аллаға құлшылығын жатқызады.



Ислам араб өнеріне, жалпы дүние жүзінің мәдениет, ғылым саласына көп ғасырлар бойында жемісті табыстар сыйлады, одан бері Еуропа, ояну дәуірі олардың жеткен табыстарын қайталады. Кейінгі заманға Сократ, Платон, Аристотель мирастары солар арқылы жетті. Осындай ойлардың бір тұсында «Хақиқат әр түрлі. Ислам діні өз хақиқатын бар мұсылман айтатын «иман» ішінде келтіреді».

Ислам негізгі 5 тұғырдан тұрады:

  1. Алланың барлығына, жаратушының жалғыздығына сену және Мұхаммед (с.ғ.с.) оның жердегі жалғыз елшісі екендігіне сену. Арабша: «Ла илаһа иллалаһ Мұхамедур Расулуллаһ» деп тіліңді келтіру.

  2. Діннің негізгі діңгегі – намаз, күніне бес уақыт намаз оқу.

  3. Аллаһтың ризалығы үшін зекет беру.

  4. Жылына бір рет 30 күн ораза ұстау.

  5. Мүмкіншілігі (мал-мүлкі, денсаулығы) болса қажылыққа бару.

Исламның екі бағыты бар: Суннит және Шиит. Сунна (ғұрып, үлгі) – Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінен алынған мысалдар, іс-әрекетінен алынған өнегелер. Шииттер (жақтаушылар) – билікті пайғамбарымыздың немере інісі әрі күйеу баласы Хазірет Әлиге беруді қолдаушылардың діни саяси тобы. Бұл ағым әсіресе Әлидің ұлы Хусейіннің 680 ж. Кербала жерінде жауыздықпен өлтірілуінен кейін күшейіп, саяси сипат алды. Бірақта, бұлар да Суннаны мұсылман дін ілімінің екінші көзі, бастауы деп мойындайды. Әлидің жерленген жері - Неджеф қаласы, Хусейіннің көмілген жері Кербаладағы (Ирак) мешіт-шииттердің киелі санап, қажылық жасайтын орны.

Шииттер өз ішінде көптеген секталарға бөлініп кеткен. Солардың ішіндегі ең ірілері: кайсаниттер, зейдиттер, имамиттер, «шеткі» шинттер және исмаилиттер. Бұлардың ішіндегіден саны жағынан ең көбі әрі байыптысы – имамиттер – Әли әулетінен шыққан 12 имамды мойындап жақтайды. Шииттер әлемдік көлемде мұсылман қауымының он пайыздайын құрайды. Бұл бағытты Иранның түгелге жуығы, Ирактың – төрттен үш бөлігі, Әзірбайжан, Ливан, Йемен, Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады.

Сүнниттер – Құран Кәрімді және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерін (ақиқаттарын), сонымен бірге пайғамбардың сахабаларының дін, сенім мәселесіндегі ұстанымдарын ұстайтын, басшылыққа алатын бағыт. Сүннет - арабшадан аударғанда: «тура, дұрыс жол, үлгі алатын іс-әрекет» - деген мағынаны береді, яғни Мұхаммед пайғамбардың айтқан сөздері (хадис) мен өмір салтын қамтитын іс-әрекеттерінің жиынтығы болып табылады. Алғашқы кездерде мұсылмандар біртұтас қауым болатын. Кейіннен ішкі және сыртқы әртүрлі әсерлерден бірнеше ағымдар пайда болды. Мысалы: харижиттер, шииттер, мутазилиттер, муржия, кадирия, жабрия, т.т. Сунниттер қазіргі кезде бүкіл әлемдегі мұсылмандардың шамамен 90% құрайды. Сунниттік төрт құқықтық мектептер бар: маликиттік, шафииттік, ханафиттік, ханбалиттік.

  1. Малики мәзһабаның негізін қалаушы – Малик ибн Анас әл-Асбахий, 713 жылы Мединеде туып, сол жерде 795 ж. қайтыс болған

  2. Шафийлер сунниттік құқықтық мектебінің негізін қалаушы Мұхаммед ибн-Идрис аш-Шафий (767-821 ж.ж.) Газада туған, Мысырда қайтыс болған.

  3. Ханбали мәзһабы-негізін салушы – Ахмад ибн Ханбал (778-855 ж.ж.) Бағдатта туып, сонда қайтыс болған.

  4. Ханафи мәзһаб мектебін құрушы имам Ағзам Әбу Ханифа Нұгман ибн Сәбит. (699 ж. Куфа – 767 ж. Бағдат).

Біз Қазақстан және Орта Азия мұсылмандары осы Ханафи мәзһабындамыз. Имам Ағзам деген есімі – «имамдардың ұлысы, үлкен» деген, ал ӘбуХанифа – «хақ жолды бастаушы» деген мағына береді. Ол соған лайық адам болғаны ғой. Біз осы Ханафи бағытын ұстанатын болғандықтан толығырақ тоқталамын.

Әбу Ханифа мәзхабы.
Қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көзі – Ислам діні. Біздің елде мұсылманшылық ертеден қалыптасты. Ислам таңы атқан беті, яғни мұсылмандардың 2-ші халифасы Омар ибн Хаттабтың (р.а.) (VII-ғ) тұсында-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары Орта Азияға Ислам құндылықтарынан дән себе бастады. Біздің жерлерімізге асыл дініміздің қылыштың жүзімен таралмағаны баршаға мәлім. Өйткені, мұсылмандар белгілі бір елді басып алу үшін емес, қараңғылық түнегінде мүлгіген бүкіл әлемге жарық сәулесін түсірген Ислам нұрына бөленуге шақырып, Жаратушы мен пенделердің арасындағы соңғы Жолдаманы, ақиқатты жеткізу мақсатында жорыққа шыққан. Сол кезде біздің дана ата-бабаларымыз Исламның хақ дін екендігін жете түсініп, оны ерікті түрде қабылдаған.

Қараханидтер (IX-X ғ.) кезінде Ислам мемлекеті ретінде танылғанымызға Қытай хандарымен жүргізілген келіссөздерге қойылған мөр дәлел. Қараханидтер мемлекетінің негізін құрушы - Қарахан, б.д. 960-шы жылы қайтыс болғаннан кейін оның баласы Мұса Ислам дінін мемлекеттік деп жариялағаны белгілі. Мұның бәрі, қазақ халқының оған дейінгі отқа, айға, күнге, пұтқа табыну сияқты, т.б. қараңғылық нышандарынан арылып, мұсылманшылықты берік ұстанып, ондағы барлық құндылықтарды қадірлеп қанына, санасына сіңіргендігіне дәлел болады. Яғни, біздің ел – қазақ болып танылғалы мәдениетінің негізі мұсылманшылықтан басталып, ондағы құндылықтарды бойына сіңірген.

Исламның қазақ даласына енген алғашқы әрі одан кейінгі кезеңдерінде дүниетанымдық көпқырлылығы, әсіресе, адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, дана ойшылдарының философиялық тұжырымдарында да көрініс тапты. Исламның ерекше мәдени жетістігін және оның диалог пен түсіністікке негізделген әлем мәдениетінің айнасы екендігін атақты жерлес бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, одан кейін оның ізбасары, энциклопедиялық білімдар және де ғылым қақпасын ашқан Ибн Сина, өзінің «Тауил» теориясы арқылы Қазақстанға Матрудилік мектептің кең таралуына жол ашқан, бүкіл түркілердің осы таным арқылы Ислам дінін қабылдауына әсер еткен – Халлаж Мансұр. Қазақ даласының данагөйі, барша түркі елінің тәлімгері, әрі ұстазы Қожа Ахмет Йассауи, ұлы ойшыл және әлем мәдениетінің данышпаны Абай мен оның ізбасары, ойшыл Шәкәрім шығармаларына жүгіну арқылы ашуға болады. Абайдың қара сөздерінің түпкі желісінде Йассауидің шығармалары жатыр.

Осылайша, қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке негізделген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы сенім мектебінен сусындаған.

«Мәзхаб» тілдік мағынасы – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғы мағынасы арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран және Пайғамбар сүннетінен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын білдіреді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа көрнекті ғалым. Ол сүнниттердің ішінде сенімге (әрі қарай – ақида) байланысты саласында алғаш зерттеу жүргізгендердің бірі.

Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) Ханафи мәзһабын ұстанады. Ал ханафирлердің басым көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған. Бұл жүйе түркі халықтары арасында көбірек қолданылғандықтан, қазақ даласындағы мұсылмандардың дәстүрлі сара жолы болып қалыптасқан.

Десек те, Имам Ағзам уақытының көп бөлігін «фиқһ» ғылымын – шариғат заңын зерттеп, оны бір жүйеге келтіріп, шәкірттер тәрбиелеуге арнады. Соның нәтижесінде, оның «мәзһабы» - құқықтық мектебі құрылды. Ал, ақида саласында Құран мен сүннетке сүйенген негізгі жүйені түзіп, өзінің шәкірттеріне, ізбасарларына жол көрсетіп кетті. Олардың ішінде әйгілісі Әбу Ханифаның (р.а.) еңбектерін жалғастырушы Имам Матуриди болды.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған Абай атамыз да:

- Әмәнту айтпаған кісі бар ма,

Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма? – деп дұрыс сенімнің маңыздылығы жайлы ой қозғаған. Бұл жерде Ұлы Абайдың көздеген «әмәнту» сөзі «Мен Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтың жаратуымен болатындығына иман еттім. Аллаһтан басқа ешбір тәңірі жоқ, Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһтың құлы және елшісі екендігіне куәлік етемін» дегенді меңзеген.

Қазақтың кемеңгері Абай Құнанбаев ақын ғана емес ол исламды терең түсінген теолог болған. Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани құндылықтарды сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра етіп қалдырған халықтың ғана өркениетті ел ретінде жарқын болашағы бар. Бүгінгі аға буынның міндеті – әр түрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі Ислами құндылықты қаз-қалпында келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру болып табылады.

Бүгін қоғамымызда мұсылман қауымы арасында салафшілдік, уақабшылық, құраншылық сияқты т.б. неше түрлі ағымдарға бөліну белең алып отыр. Таза исламды ұстануды ту еткен аталмыш ағымдар көне заманнан қазақ даласын мекендеген мұсылмандардың ұстанып келген сара жолы – Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Хакім Абай, Шәкәрім Құдайберділер ұстанып, бізге мирас етіп кеткен дәстүрлі Исламды, атап айтқанда, Ханафи мәзхабын мойындамай, таза Исламның көрінісіне кір келтіріп, белгілі фобиялар тудыруда. Оның соңы экстремистік, ақыры аяғында террористік әрекеттерге ұласып та жатыр.

Мысалы, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген исламы, яғни Имам Ағзам Әбу Ханафи мазһабы дұрыс емес, салт-дәстүрді ұстануға болмайды, ата-бабаға құран бағыштау және шелпек тарату дұрыс емес, тек Құран мен сүннетті ғана ұстану керек деп, Құран мен сүннет түгілі, таяқты «әлиф» деп танымайтын қарапайым жастарға болмысы бұлыңғыр, мазмұны маргиналды жол меңзейді.

Ең қауіптісі, деструктивті діни ағымдар осы әдісті қолдану арқылы жастарды экстремизмге алып барады. Олар жастар арасында өзі ұстанған жолдағылардан басқа мұсылмандармен, туған-туыстарымен, тіпті, әке-шешесімен араласпауға, қарым-қатынастарын үзуге дейін алып бару тәсілін де қолданады. Нәтижесінде әке-шешесінен, туған-туысынан, достарынан қол үзіп қалған жастар оңай басқарылып, экстремистік мақсатта қолданылатын дайын тірі өнімге, құралға айналады. Демек, ата-бабамыз ұстанып келген сара жолдың тағылымымен көрінісін өзгерту, оның дұрыстығына күмән тудыру экстремизмге шақырудың алғы шарты ретінде қолданылып отыр.

Ата-бабамыздың ықылым заманнан бері ұстанып келген сара жолы – 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесінде атап көрсетілгендей исламның Ханафи бағыты. Әлем мұсылмандары шариғат заңын ұстануда Ханафи, Шафи′и, Ханбали, Малики болып бөлінсе, сенім мәселесін Матуриди және Әшғари мектептерінің қағидалары арқылы таниды. Бұл екі мектептің қағидалары мен ұстанымы – классикалық дәстүрлі ислам. Яғни, екеуі де Құран Кәрім мен Мұхаммед Пайғамбардың сүннет жолына негізделген.

Ал, Әбу Ханифа мәзхабы – біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, үндесіп жатыр. Бұл діни мектеп біздің болмысымызда тамыры тереңге кетіп, ұлттық мәдениетімізбен сабақтасып кеткен. Бір сөзбен айтқанда Әбу Ханифа мәзхабы – қазақ мұсылмандығының алтын діңгегі. Қазіргі таңда дінге бет бұру артып келе жатқан, кептелісі көп өмір жолында қазақ жастары үшін Әбу Ханифа мәзхабы – «жол бағытын реттеуші бағдаршам іспетті».

Алланың аяты мен Пайғамбар хадисіне терең бойлаған көреген көшбасшымыз – Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» - деп, тегіннен-тегін айтпаса керек.



Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)
Мұхаммед (с.ғ.с.) – жұмыр жерде мекен еткен адамзат тарихындағы арғы-бергі уақыттардағы әлемге әйгілілердің ең ұлығы. Бұл пікірді айтуыма негіз болған арқа сүйер тіректерім:

  1. Американ қаламгері Майкл Харттың «Тарихтағы ең ықпалды 100 адамның тізімі» - атты кітабы.

  2. Мәскеудің «Вече» баспасынан жарық көрген «100 великих...» сериясының кітаптарындағы танымдық дүниелер.

  3. Әртүрлі баспадан шыққан әлденеше жылдарда жарық көрген кітаптар, газет-журналдарда жарияланған мақалалар мен материалдар.

Майкл Харттың еңбегінің алғашқы басылымы 1978 жылы шыққан. Бұл кітап осыған дейін дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған. Харттың әлем тарихындағы айтулы тұлғаларды олардың адамзат әлемінің дамуына жасаған әсер-ықпалы бойынша жіпке тізгендей нөмірлеп, классификацияға түсірген. Оның бұл еңбегі өзінің әділдігімен мойындалып келеді. Бір кереметі: «100 ұлы тұлға» кітабының қай жылғы басылымында да бірінші орындағы адам болып – қасиетті Мұхаммед пайғамбар танылыпты.

Тарихқа аса күшті ықпал жасаған арғы-бергідегі тұлғалардың арасында дін саласында да, Зайырлы өмірде де мұншама аса табысты болған адам осы Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігі анық. Ол ең ұлы әлемдік діндердің бірінің (Исламның) негізін қалады, әрі таңданарлықтай табыстарға қол жеткізген саяси көсем де бола білді. Бүгінгі таңда да, қайтыс болғанына он төрт ғасырға жуық уақыт өтсе де оның ғаламат істерінің әлемге әсер-ықпалы аса қуатты күйінде тұр.

Мысалы, Мұхаммед Пайғамбарымыздың ұлылығын мойындаған кейбір әлемнің атақты адамдарының пікірлеріне зер салсақ:


  1. Гете: «Біздер, Европа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес».

  2. Ламартин: «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе онымен өлшенсін, бірақ Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) ұлылығынан ұлы әлемде пенде жоқ».

  3. А.Бесант: «Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол – Мұхаммед (с.ғ.с). Ол өзін ешқашан асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да, оның ұлылығына бас иері сөзсіз».

Мұхаммед араб тілінен аударғанда «қалаулы, мақтаулы, таңдаулы» деген ұғымды береді. Әкесі – Абдуллаһ Мекке қаласының тұрғыны. Арабтың Құрайыш тайпасынан, оның ішінде Хашим руынан. Анасы – Әмина Уаһабқызы, Зуһра әулетінен, Құрайыш руынан. Әмина – қазақша «махаббатқа адал» деген сөз. Әкесі – Абдуллаһ сауданы кәсіп ететін. Ол туғанда әкесі қазіргі Сирия мемлекеті жерінде сауда сапарында екен. Содан Меккеге қайтып келе жатқан жолда қайтыс болғандықтан, ұлының туғанын көре алмай кетті. Мысырлық астроном Махмұд ел-Фелекінің есебі бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) 571 жылы сәуірдің 20-сында Аравия жарты аралында, Меккенің қарапайым отбасында, дүйсенбі күні таңға жақын дүниеге келді. Кейбір деректерде 570 жылы туып, 632 жылы қайтыс болған. Түндердің ең ұлығы – Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған түні Мәуліт түні осыдан бері аталып келеді. Атын атасы Абдул-Мутталиб «Мұхаммед» («мақтаулы») деп қояды. Мекке ақсүйектерінде сол кездегі дәстүрі бойынша балаларын қала сыртындағы тайпаларының әйелдеріне еміздіріп бақтыратын. Себебі, Меккенің ауасы өте ыстық, кішкене сәбиге ауыр тиетін. Сағд тайпасынан Халима атты әйел емізу үшін Мұхаммедті алуға келгенде, оның жетім екенін біліп, екі ойлы болып қалады, бірақ алғаннан кейін артынан қуанады. Халима оны өз баласындай жақсы көрді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үш жасқа дейін осы сүт анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Мұхаммед (с.ғ.с) алты жасқа келгенде өз анасымен бірге Мединеге барып, әкесінің басына зиярат етіп қайтіп келе жатқанда анасы Әмина қайтыс болады. Жетім қалған Мұхаммедті атасы Абд-әл-Муталиб өз тәрбиесіне алады. Алайда, атасы да дүниеден өтіп, немере ағасы Әбуталибтің қолында ер жетті. Оны ағасы сауда ісіне баулиды, содан ол он үш жасқа келгенде Меккелік дәулетті әйел Хадиша бинт Хуаймедтің сауда ісін жүргізеді. Мұхаммед (с.ғ.с) жас кезінен әділдігімен, әдептілігімен, көркем мінезімен ерекшеленеді. Оның өз атынан басқа Ахмет, Махмұт, Мұстафа, т.б. қасиетті есімдері болды.

Жасы жиырма беске келгенде Пайғамбар қырық жастағы Хадиша анамызға үйленді. Хадиша өз өмірінде өмір бақи адал жар, сүйеніш-қамқоршысы бола білді. Ислам дінін алғашқылардың бірі болып қабылдады. Әркезде де оның материалдық жағынан қамқоршысы, рухани тұрғыдан қолдаушысы, өмірде сүйікті сыңары, балаларының анасы болды.


Мұхаммедтің (с.ғ.с) түр-сипаты, мінезі
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) жаратылысы мен мінезі жөнінен адамдардың ең кәмілі еді. Орта бойлы, екі жауырынының (екі иығының) арасы кең еді. Басы үлкен, денесі семіз де, арық та емес, орташа еді. Көздері қара, кірпіктері өте ұзын еді. Бір жағына бұрылса, бүкіл денесімен бұрылатын, тек мойнын ғана бұрмайтын. Саусақтары да ұзын еді. Екі алақаны етті, ірі сүйекті, ірі кеуделі, күшті, қуатты еді. Терісі жібектен де жұмсақ еді. Қастары иілген жаңа туған айдай, қалың, бір-біріне қосылмайтын. Екі қасының ортасында бір тамыры болатын, ашуланғанда қозғалып тұрар еді. Қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын.

Екі жауырынының ортасында мухри нубууат, яғни пайғамбарлық мөрі бар еді, өзі де пайғамбарлардың ең соңы еді. Мүбәрәк тістері маржандай тізілген, аппақ болып жалтырап тұратын, сөйлегенде алдыңғы тістерінен нұр шашылатын. Денесі тап-таза хош иісті еді. Бір кісімен қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбәрәк қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Туылғанда денесі майланған таза, сүндеттелген және кіндігі кесіліп туылған еді. Өте сезімтал, алыстағыны еститін еді, адамның көзі жетпейтін жердегіні көретін көреген еді.

Жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жай жүріп бара жатқан сияқты болып көрінетін, бірақ жанында бара жатқандар тез жүрсе де артта қалып қоятын. Бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Сөйлескенде әркімнің ақылы мен қабілетіне қарай сөйлесетін еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөйлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін.

Жұмсақ мінезді, әрі кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиып күлетін. Қарағанда көз қырымен қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім болса да бірінші болып сәлем беретін.

Ұлық кісілерге дәрежелеріне қарай құрмет көрсететін. Туған-туыстарын қатты құрмет тұтатын, үй-іші, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Басқа адамдарға жұмсақтық көрсететін. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, қызметкерлеріне де соны ішкізетін және кидіретін.

Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді еді. Уәдесіне берік, сөзінде тұратын. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де көркем жібектей еді, адамдардың ең кәмілі болатын.


Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың әйелдері:

Жалпы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) ертелі-кеш 13 рет үйленген екен. Талдап айтсақ:



  1. Бірінші әйелі – Хадиша Мекке қаласынан, саудамен айналысатын, бай әйел еді, Құрайыш тайпасынан. Бұрын екі рет тұрмыста болған. Бұлар үйленгенде – Пайғамбар 25 жаста, ал Хадиша 40 жаста екен. Хадиша анамыз 65жыл өмір сүріпті.

  2. Екінші әйелі – Сәуда Зәманың қызы, бұрын тұрмыста болған, күйеуі Сәкран ибн Амр еді. Сәкр қайтыс болғаннан кейін және Хадиша о дүниелік болғаннан соң пайғамбар екеуі тұрмыс құрады. Сәуданың бұрынғы күйеуінен 5 баласы бар болатын. Сәуда Хазіреті Омар халифа болып тұрғанда дүниеден қайтты.

  3. Үшінші әйелі - Айша-Әбу Бәкір әс-Сыдықтың қызы Пайғамбардың қыздай алған жалғыз әйелі. Хижраның 56 жылы Мәдинеде 67 жаста қайтыс болған.

  4. Төртінші әйелі – Хафса – Хазірет Омардың қызы Пайғамбарлық келерден бес жыл бұрын туған, 63 жасқа келгенде дүние салды.

  5. Бесінші әйелі – Зайнаб бинт Хузайма еді, Пайғамбармен некеде 2-3 ай тұрып дүние салды, жасы 30-дан аспаған. Өте жомарт жан болыпты.

  6. Алтыншы әйелі – Умму Салама, құрайыштың ақсүйек, абыройлы қызы еді. Шын аты Хинд, Махзум тайпасынан. Күйеуі Абдуллаһ ибн Абдул Әсәд қайтыс болғаннан соң 5-6 баласымен жесір қалып, кейіннен пайғамбарға күйеуге шыққан кезде жасы 44-те екен, 84 жасында қайтыс болыпты. 400-ге жуық Хадистерді өзгелерге жеткізген.

  7. Жетінші әйелі - Зайнаб бинту Жағшта, құрайыш ақсүйек жерден шыққан, алдымен Пайғамбардың құлдықтан босатқан өкіл ұлы Заидтың әйелі болып, ажырасқан соң Пайғамбарға тұрмысқа шыққан. Хижраның 21 жылында 53 жасында қайтыс болды.

  8. Сегізінші әйелі – Жуайрия (Жубайра). Күйеуі Пайғамбарымыздың қас жауы Мусафи ибн Сафуян шайқаста мерт болады да, жесір әйел тұтқында қалады. Пайғамбар оған құда түсіп үйленеді. Сөйтіп бұл бірден үш бақытқа ие болады. Біріншіден – күңдіктен құтылады, екіншіден – бүкіл руын күңдіктен құтқарады, үшіншіден – Пайғамбарымызбен некеге отырады. Бұдан кейін бүкіл руы мұсылмандықты қабылдапты. Жасы 70-ке келгенде қайтыс болыпты.

  9. Тоғызыншы әйелі – Райхана иахудилердің бастығы Иазидтың қызы. Бұларда қолға түскен тұтқындар екен. Мұсылмандықты ерікті қабылдаған соң пайғамбар әйелдікке алған.

  10. Оныншы әйелі – Рәмлә немесе Умму Хабиба, Меккелік кәпірлер мен мүшіріктерінің көсемінің сұлу қызы еді. Күйеуі – Убайдуллаһ ибн Жахш екеуі Эфиопияда тұрыпты, күйеуі христиандықты қабылдаған, айырылысып мұсылмандықты қабылдап Пайғамбарға тұрмысқа шыққан. Әкесі Әбу Суфианның да мұсылмандықты қабылдауына ықпал еткен. Хижраның 44-жылы Мәдинеде қайтыс болды.

  11. Он бірінші әйелі – Сафиа бинту Хаидың. Әкесі Бани Назир - Иахуди тайпасының басшысы. Бұл кісі де соғыста тұтқын болып қолға түскен. Өте ақылды адам болыпты. Хижраның 52 жылы Мәдинеде қайтыс болған.

  12. Он екінші әйелі – София. Әкесі де, күйеуі де яхуди басшылары әрі Ислам дұшпандары екен, сатқындықтары үшін өлтірілген. София өле-өлгенше Пайғамбарға адал, опалы болыпты.

  13. Он үшінші әйелі – Мәймуна. Зәйнәб бинт Хузайма мен Меймунаның шешесі бір сіңлісі екен. Зәйнәб Пайғамбардың бесінші әйелі болған. Күйеуі Әбу Рихм өліп, 26 жасында жесір қалады. Көңіл білдіргендерге қарсы болып күйеуге шықпапты. Кейін Пайғамбарға өзі қалап тұрмысқа шығады. Хижраның 51 жылы 80 жасында дүниеден өткен. Пайғамбар дүниеден өткенде 50 жаста болыпты.

Пайғамбарымыздың бірнеше күңдері болған:

  1. Мария - Мысыр патшасы Мұқауқыс Пайғамбарымызға сыйлыққа жіберген екен. Мариядан Ибраһим деген ұл болған, бірақ ол жас кезінде қайтыс болыпты.

  2. Екінші күңнің аты тарихта қалмаған.

  3. Үшіншісі – Зулейха. Бани Күрейза деген иахуди тайпасының қызы. Бұл да соғыстан күң болып түскен екен.

Пайғамбарымыз неге көп әйел алған?

  1. Ислам дінінің өркендеп қанат жаюына жоғарыда аттары аталған аналарымыздың еңбектері ерекше. Әсіресе, хадистер мен аяттар Пайғамбарымыздың әйелдері арқылы да қауымға жеткен.

  2. Белгілі бір қауымның не тайпаның басшысының қызымен некелесу арқылы өзге дін өкілдерін немесе дінсіздерді исламға тартуды мұрат еткен. Осылайша, олардың Исламға, мұсылмандарға деген қастықтарын жойып не жұмсартып, ал егер бұрыннан дос болса, арақатынасты одан да нығайта түсуді көздеген.

  3. Ислам жолында шейіт болған сахабаларының қорғансыз қалған әйел, бала-шағаларын мүшіріктерге қорлатпау үшін оларға иелік ету мақсатымен некелескен.

  4. Жақын жолдастарымен туыстық қатынас орнату арқылы арадағы рухани жақындықты күшейткен.

Ойланар болсақ, осындай себептермен Пайғамбарымыздың көп әйелге үйленуінің өзінің ар жағында үлкен мән жатқанын байқаймыз. Демек, ол әйелқұмарлығынан емес, ұлы мақсатқа жетуі үшін жасалынған амалдарының бірі деп түсінгеніміз жөн. Бұдан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аса білімді, стратег, тактик, психолог, ғұлама-философ, данышпан екендігін аңғарамыз.

Яһудилер мен Христиандардың қыбласы Құдыс-Шәриф болса, Хазірет Ибраһим құрған ұлы Қағба жер жүзіндегі Аллаға сенуші – мұсылмандардың қыбласы, ол Мекке қаласында тұр.

Мұсылмандар Меккеден Мединеге алғаш рет 622 жылы қоныс аудара бастаса керек.

Ұлы көштің екінші жылында Хазірет Фатима мен Хазірет Али үйленген, Фатима Пайғамбарымыздың кіші қызы, ол кезде 18 жаста, ал Хазіреті Али 21 жаста еді. Бұл шамасы 623 жыл болуы керек.

Көштің төртінші жылы, яғни 625 жылы Хазірет Али мен Фатиманың ұлдары, Пайғамбарымыздың сүйікті жиендері Хазірет Хасан мен Хазіреті Хұсайын дүниеге келді.

Көштің 8-жылы, яғни 630 жылы Мекке қаласы толықтай мұсылмандарға берілді.

Арабтар ескіден бері көп әйел алуға дағдыланған, бұл оғаш саналмайтын. Көп әйел алу дағдысын Ислам әкелмеген, қайта оны өзгертіп шектеген, яғни төрт әйелден артық әйел алуға Ислам діні рұқсат етпейді.
Хазірет Мұхаммедтің балалары
Хазірет Мұхаммедтің үш ұлы, төрт қызы болған. Бұның ішінде Ибраһимнан басқалары Хадишадан туған.

Ер балалары: Қасым, Абдуллаһ, Ибраһим. Қыз балалары: Зейнеп, Руқия, Үммігүлсім, Фатима.

Қасым мен Абдуллаһ пайғамбарлықтан бұрын бала кездерінде қайтыс болған. Пайғамбар қыздарын ер жеткізіп, бәрін өз қолынан ұзатқан, барлығын да теңіне берген.

Үлкен қызы Зейнепті Абіл Ас б.Рабия Әбди Шәміске берген. Ол мүшріктердің атқан оғынан жараланып, кейін содан өлген. Қызының өліміне Мұхаммед (с.ғ.с) қатты қайғырған.

Руқия мен Үммігүлсімді немере ағалары Әбдулахабтың ұлдары – Ұтба мен Ұтайбайға берген. Әбдулахаб исламға қарсы болып, ұлдарын әйелдерінен айырып алған екен. Кейін Руқия мен Үммігүлсім екеуі де Хазірет Османмен некеленген. Сол себепті де Хазірет Осман екі нұр иесі атанған.

Хазірет Пайғамбардың кіші қызы Хазірет Фатима Исламға дейін кішкене еді де, Исламнан кейін Хазірет Әлимен тұрмыстанған. Пайғамбар қызы Фатиманы ерекше жақсы көрген және оның күллі ұрпағы осы Фатимадан тарайды. Хазірет Пайғамбардың Фатимадан басқа балаларының барлығы пәни дүниеге өзінен бұрын аттанған.

Хазірет Пайғамбар баланы жақсы көргендіктен Заид Харісті жұбайы Хадишаға сатып алғызып, оны азат етіп, өзі бала қылып алған екен.

Хадиша Мұхаммедтің ең бірінші әйелі еді. Олар үйленгенде Мұхаммед жиырма бес жаста болса, Хадишаның жасы қырыққа жақын еді.

Алғашқы мұсылмандар: Хазірет Хадиша, одан кейін Хазірет Али, Азат құлы (кейіннен ұлы болған) – Заид, жан досы Хазірет Әбубәкір.

Мұхаммедтің пайғамбарлығына да алдымен сенген адам, ардақты әйелі – Хазіреті Хадиша еді.

Мұхаммед өмірінде ешкімді ондай сүймеген, ол Хадишаны жанындай жақсы көрген.

Мұхаммедке пайғамбарлық 40-жасында келген екен, ал оның пайғамбарлығына он жыл толғанда Хазірет Хадиша мен оның ең сенімді қамқор-қорғаушысы Әбу-тәліб қайтыс болады. Бұл қазалар пайғамбар өміріндегі ең ауыр қайғылы жылдар еді.

Мысыр билеушісі Мұқауқыс Хазірет пайғамбарға екі күң сыйлаған – Мария мен Шырын. Пайғамбар Шырынды ақын Хасан б.Сәбитке сыйлап, Марияға өзі үйленген. Осы Мариядан туған ұл – Ибраһим (Хазірет Пайғамбар ұлына Ибраһим атын беруді бұрынғы ИбраҺим пайғамбардың құрметіне қойған). Ол Ибраһим – Аллаға сенгендердің атасы, Хазірет Ибраһим еді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың осы Ибраһим ұлы да жастай, екі жасқа жетер-жетпесте қайтыс болады. Оның өліміне Мұхаммед (с.ғ.с) қатты қайғырыпты.

Бұдан кейін Мұхаммедте тек жалғыз қызы – Фатима ғана қалады.

Хазірет Айшаға Пайғамбарлықтың оныншы жылы Меккеде құда түскен де, көштен кейін 7-8 ай өткенде Мединеде үйленген. Айша Хазірет Әбубәкірдің қызы болатын.

Хазірет Айша Пайғамбармен тоғыз жыл тұрған, және ол Ислам әйелдерінің өнегесі саналады, мұсылмандардың анасы Хазірет Айша атымен аталады. Көп хадис білетін жеті адамның бірі. 2210 хадисті жатқа айта алатын ол Сахабалардың ұстазы болатын.


Мұхаммед (с.ғ.с)
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарлығының алдында арабтардың әр руының өз құдайы, өз ғибадатханалары болған. Ондай ғибадатханалардың саны 360 болған екен. Халықтың көп бөлігі пұтқа табынатын, көпдінділік те етек алды. Мемлекеті де әлсіз болғандықтан Иран, Византия сияқты мемлекеттердің отарына айналу қаупі туындаған жағдай қалыптасыпты.

Мұхаммед (с.ғ.с) осы мәселелерді шешу жолын қарастырады. Оған көмекке балдызы Варака, ниеттес жақындары келіп, ақылдасып, арабтың тайпалық 360 құдайын құртып, елді бір ғана құдайға бағындыруымыз керек деп санайды. Біртұтас араб империясын құруды мақсат етіп қояды (З.Мейірманов, «Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен таңдамалы хадистері», Алматы, 1991 жыл, 5-бет). Бұл ұлы екі мақсатты орындау үшін халықты бір мақсатқа топтастыру қажет еді. Ондай құрал Құран болды. Сонымен, құранның негізгі жүйесін салған алғашқы авторы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар. Оның алғашқы және негізгі сүресі: «Ла илаһа иллал лаһ Мұхамедұр-Расулул-лаһ». Аудармасы: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» - деп Жаратушының жалғыздығына қалтқысыз сенуге, құлшылық етуге лайықты тек Алла ғана деп түсіндірілген. Сонымен бірге, Алла тағалаға серік қосу ең ауыр, кешірілмейтін күнә делінген. Бұдан ары құранның сүрелері мен аяттары толықтырылып отырған. Құранның толық түрі сегізінші ғасырда хатқа тұскен. Оның көлемі 500 беттен астам кітап, 114 сүреге бөлініп, 6628 аяттан тұрады.

Дүниеден озарының алдында, 632 жылы Мұхаммед бүкіл Оңтүстік Арабияның әміршісіне айналды. Оған Меккедегі қағбаның абыздары, өсімқорлардың қанауынан құтылуды мақсат тұтқан көптеген қарапайым бәдәуилер қолдау көрсеткен.

Пайғамбардың сөзінен, қасиетті Құраннан қуат алған арабтар жерінің бір шеті Үндістаннан басталып, бір шеті Атлант мұхитына дейінгі аралықтағы империяны құрды. Сол заманда аумағы жағынан мұндай үлкен империя болмайтын. Бұл жерде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сахабаларының, жолын қуушылардың, шәкірттерінің атқарған істері орасан зор.

Араб тілінде хатқа түскен Құранның ислам үшін айрықша маңыздылығы сонда, ол бұл тілді әртүрлі диалектілерге бөлініп кетуден сақтады. Сонымен, арабтардың VII-ғасырдағы еңбектерінің салдары бүгінгі заманда да адамзат өміріне елеулі ықпал жасап келеді. Міне, діни және зайырлы өмірдегі әсер-ықпалдың осыншама қуатпен бас біріктіруі Мұхаммедті әлем тарихындағы ең ерен тұлға ретінде айрықша бөле атауға мүмкіндік береді.

Көштің оныншы жылы Желтоқсан Жаңа эраның 632-жылы, Ақпан. Көштен кейінгі оныншы жылдың Қараша айында Хазірет Пайғамбардың Қажыға баратындығы жарияланды. 25-қараша, сенбі күні Хазірет Пайғамбар тазаланып, Ихрамға оранып, бесін намазын оқығаннан кейін, айбынды қосынмен бірге, барлық әйелін қасына алып Мединеден шығып, Меккеге бет алды.

Харам Шарифке жақындағанда төңіректің төрт бұрышынан қажыға келгендерден жер қайысады. Арафат тауында Пайғамбарымыз Қасуда атты түйесінің үстінде тұрып, адам теңізі ішінде Қағбаға келгендерге әйгілі Құтпасын баяндады.

Бұл қажылыққа 120 мың қажы келген екен. Осы күні ол алып қосынға бағыттап, діни нұсқаулар берді. Бұл күн Исламның бүтін салтанатымен жалпақ әлемге танылған күні болған екен.



Әйгілі Құтпасы – «Қоштасу құтпасы» - деген атпен белгілі болған Ислам тарихындағы Пайғамбардың ғибратты өсиеттері.

Сонымен пайғамбарымыз:

Ей, адамдар!

Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкім биылдан соң сендермен бұл жерде қайтара жүздеспейтін шығармын.

Халайық!

Бүгінгі күн, осы ай, мына қала (Мекке) қаншалықты қасиетті болса, мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалық қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған.

Уа, сахабаларым!

Раббыларыңмен қауышатындықтарың хақ және осы дүниедегі бүкіл амал-әрекеттерің үшін жауап беретіндеріңді де біліңдер. Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырып, бір-біріңнің қандарыңды жүктеуші болмаңдар. Осы өсиетімді естігендер естімегендерге жеткізсін. Бәлкім естімеген адам бұл жерде менің осы сөздеріме куә болып, естіген адамнан да жақсы түсініп, жадында сақтауы мүмкін.

Уа, сахабаларым!

Қолдарыңда әлдебіреудің аманаты болса, қылдай қиянат жасамай, басы бүтін иесіне табыстасын. Пайыздық өсімнің барлық түріне тыйым салынды. Тек нақты қарызды қайтарған жағдайда басқаға зұлымдық жасамайсыңдар, әрі өздерің де зұлымдық көрмейсіңдер. Алланың әмірімен бұдан бұлай өсіммен пайда табуға тыйым салынды. Надандық жайлаған қараңғы кезеңнен қалған бұл әдет бұдан былай жойылуы тиіс. Алғашқы болып өзімнің көкем Аббастың өсімінің жойылғанын мәлім етем.

Уа, халқым!

Қараңғылық кезеңінен қалған қан дауына да осы жерде нүкте қойылды. Бірінші болып атам Әбдімүтәліптің немересі, немере ағайыным Рәбианың қан дауын жойдым.

Уа, жарандар!

Шайтан сендерге қайтадан әсер ету және өзіне бағындыру күшінен мәңгілікке айрылды. Бірақ менің тыйған нәрселерімнен тыс өздеріңнің болмашы деп санаған нәрселерің деп оған ерсеңдер, мұның өзі оны қуантады. Діндеріңді қорғау үшін бұлардан да сақ болыңдар.

Уа, адамдар!

Әйелдердің ақысын аяқасты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Әйелдеріңді Алланың аманаты ретінде, әрі нәзік жаратылыс иесінің ар-намысын қорғауға Алла атымен сөз беріп, адал жар ретінде алдыңдар. Сендер әйелдерің алдында, әйелдеріңнің де сендердің алдарыңда хақысы бар. Сендер одан жар төсегін былғамауды талап етуге құқылысыңдар. Сендердің қаламаған адамдарыңды үйлеріңе кіргізсе, әйелдеріңді шектен шықпай жөнге сала аласыңдар. Әйелдің ақысын өтеуге міндеттісіңдер. Яғни, олардың ішіп-жемін, киім-кешегін қамтамасыз ету сендердің міндеттерің.

Уа, мұсылмандар!

Сендерге киелі аманат қалдырып барамын, соны толық ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар.

Ол АЛЛАНЫҢ КІТАБЫ – ҚҰРАН.

Уа, мұсылмандар!

Сөзіме құлақ қойып, зерделеңдер! Мұсылман мұсылманға бауыр. Олай болса барлық мұсылмандар бір-бірінің (діндес) бауырлары. Діндес бауырларыңның разы болмаған жағдайда ақысын жемеңдер.

Уа, сахабаларым!

Тіпті өз-өздеріңе де зұлымдық жасамаңдар, оның да сұрауы болады.

Уа, адамдар!

Алла жалғыз, бәріміз Адам атаның ұрпағымыз, ал Адам топырақтан жаратылған. Алла назарында құрметке лайық жан – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады.

Уа, жамағат!

Мен туралы сауалға қалай жауап бересіңдер? – деді.

Барша жиналғандар бір ауыздан: «Сен Алланың елшісісің, бізге өсиет-насихат айттың, міндетіңді адал атқарғандығыңа куәміз» - деді.

Пайғамбарымыз оң қолының мүбәрәк сұқ саусағымен жамағатты нұсқап:

«Куә бол, уа, Раббым! Куә бол, уа, Раббым! Куә бол, уа, Раббым!» - деді.

Бұл құтба адамзаттың асыл тәжі болған сүйікті Пайғамбарымыздың арада қанша ғасыр өтсе де, бейне бір өз аузынан төгіліп жатқандай, барша адамзатқа үлкен әсер беретін асыл сөздері.
Хазірет Пайғамбардың сырқаттануы
Ол көштің 6-жылы, өмірінде тұңғыш рет сырқаттанған, тек елемегендіктен бұл ауру саналмайтын. Көштің 7-ші жылында Яһуди әйелдің қой етіне қосып берген уына уланған. Енді науқастанғанда сол кездегі у денесін тұқырта бастаған. Хазірет Пайғамбар науқастанғанда Хазірет Айшаның үйінде жатты. Тірі қалған жалғыз қызы Хазірет Фатима әр күні келіп, әкесінің көңілін сұрайтын. Ол сырқаттанып жүрсе де тәрбие беру міндетін еш ақсатпаған. Мысалы: «Әй, жамағат, мынаны біліп қойыңыз, бұл дүниеден көшетін заманымның келгендігі жайлы маған хабар берілді. Аллаға, қауышатыным үшін қуаныштымын. Үмбетімнен (халқымнан) айрылатыным үшін де қайғылымын» - деген көптеген маңызды, мағыналы өсиеттер қалдырған. Олар: ауру кезіндегі құтпалары, қоштасу құтпасы, соңғы құтпасы, тағы басқалары.

Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар 632 жылы 63 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды. Мұхаммед (с.ғ.с) өлгенімен, еңбегі мәңгілік. Оның рухы биіктерге, Жәннаттың Заңғар қабаттарына, Қасиетті Әлемге, Жұмаққа ұшып кетті.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз өз хадисінде: «Әрбір менің үмбетім – әділет жолын ұстаңдар, еңбек, сабыр, қанағат, жұмсақ мінезді, кішіпейіл, қайырымды, жомарт, шын сөйлейтін, уағдаға берік, көркем мінезді бойларыңа сіңіріңдер» - деген екен.

Егерде қазіргі кезеңде осы өсиетке лайықты тәрбие берілсе, қазіргі кездесетін келеңсіздіктер болмаған болар еді. Сондықтан, басқа ғылымдарды үйренумен бірге діни ғылымдарымызды да ұмытпауымыз қажет, қайта оның шарттары мен талаптарын естен шығармай орындауымыз қажет-ақ.



Құрайыштардың генеологиялық тізбегін тарихи деректерге сай көрсеткенде шежіресі төмендегіше (қолымда бар деректер бойынша):

Әзірет Әлі туралы «Сал-Сал», «Зарқұм» дастандары бар. Ұрпақтарының біразы Мекке, Мединаны мекендеген, көпшілігі Орта Азия, Қазақстанда, т.б. жерлерде Ислам дінін таратушылар болған. Жалпы Әзірет Әлінің 18 ұлы болған, оның барлығы да ілімдар, сауатты, батыр, балуан болғаны тарихта белгілі. Осының Үсен ұлының ұрпағына Майлықожа ақын жатады.




Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет